ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДАҒЫ ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ МУЗЕЙІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

1963 жылы кірпіші қаланған Тұрар Рысқұлов атындағы Түлкібас аудандық тарихи-өлкетану музейі қайта жаңғырды. Соңғы рет 2004 жылы Тұрар Рысқұловтың 110 жылдық мерейтойына байланысты күрделі жөндеуден өткен болатын. Жиырма жылға жуық уақыт жөндеу көрмеген ғимарат бүгінде толығымен рестоврациядан өтіп, іші жаңа жәдігерлермен толықты. Экспонаттар саны — 6692 бірлікке жетіп отыр.
    
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы саналатын аталған музейдің жаңа экспозияциясының ашылу салтанатты өтті. Жиынға Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі әрі ғалым Алаярбек Айдосов, аудан әкімі Нұрлан Байғұт, зиялы қауым өкілдері мен облыстық музей қызметкерлері қатысты. Жиылған қауым аудан жұртшылығын музейдің жаңа экспозициясының ашылуымен құттықтады.
— Былтыр музейге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаржы бөлінді. Осы экспозицияны жасауға бел буып, кіріскен едік. Нәтижесі бүгін көз алдарыңызда. Еңбек адамын бағалайтын қазіргі заманда музей қызметкерлері де ескеріліп, құрметтелуі керек. Мұражай тек мәдени нысан ғана емес, Италия еліндегі секілді білім алушылардың ошағы ретінде де қызмет атқаратын болса одан сайын жандана түспек, — деді басқарма басшысы Әзімхан Серікұлы.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен ұласып, қайта жаңғырған мұражайға экскурсия ұйымдастырылды. Музейде мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың әр салада атқарған қызметтері, еңбектері жайлы деректермен қамтитын шығармалар бар.
Тарихи-өлкетану музейі М.В.Симченко, Д.Сәлібеков, П.Н.Левченко, Н.Сарыбеков сынды азаматтардың бастамасымен ашылған. Мұражай 1976 жылы мемлекеттік мекеме мәртебесіне ие болды. Ал, 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұрайжайының бөлімшесі ретінде саналады.
Атап өтерлік, қазіргі таңда облыстағы 24 музейде жыл сайын орта есеппен 5 мыңнан аса жаңа жәдігерлер жинақталып, жалпы қоры 165 мың данадан асты. Соңғы жылдары Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай, «Шәмші» музей үйі мен Сайрам ауданында «Ардақты Ана» музейі ашылды. Сонымен қатар, Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілген болатын.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынады. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ.
Осы саладағы өзекті мәселелер өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер — Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен мақта зауыттарының басшылары мен шаруалардың кездесуінде талқыланды.
Тараптар талап-тілегін ортаға салды. Шаруалар мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру мәселесін көтерді. Мақта өсіріп, оны терең қайта өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалады.
  
— Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынуы — заңдылық. Бұл тұста Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды, — деді ҚР Премьер — Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
— Біздің өңірімізде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы индустриалды аймақта мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді. Өңірлік бағдарлама қабылданып, осы бағыттағы жұмыстарға күш саламыз. Өйткені жеңіл өнеркәсіпті арттыру жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік береді. Мақта кластерін дамыту бойынша да жұмыс атқарылады, — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді. Елде мақта талшығын терең өңдейтін тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондықтан облыста өндірілген мақта талшығының небәрі 15 % ғана қайта өңделеді.
Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін алдағы 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикаларын ашу көзделуде. Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады.
Қазіргі таңда, жалпы құны 22 млрд. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаларды мемлекеттік жылдық
4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде ҚР АШМ ұсыныс енгізілді.
Арнайы делегация Мақтаарал индустриалды аймағында орналасқан «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты өткен жылы іске қосылған. Жоба құны — 2,5 млрд теңге. Жылына 65 мың тонна мақтаны қайта өңдеуге қауқарлы. Мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Түркістан облысында 126,3 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, 360 мың тоннадан астам шитті мақта жиналды.
ҚР Премьер — Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған делегацияға Түркістан облысында жүзеге асатын бірнеше ірі жобалар таныстырылды.
Түркістан облысында тәулігіне 2500 тонна томат өндіретін кәсіпорын және сағатына 10 мың шикізат шығаратын мұздатылған кептіру қондырғысы бар зауыт пен жеміс — көкөніс комбинатын салу жұмыстары қолға алынды. Жоба құны 25,5 млрд. теңге тұратын алып өндіріс кешені Шардара ауданында орналасады. 2027 жылы құрылысы аяқталатын тамақ өнеркәсібінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін мата фабрикасы салынады. 10 мың гектарға өзбекстандық жоғары сапалы мақта сорты өсіріліп, жыл сайын ауқымы арттырылады. Мақтааралдағы индустриялды аймақта сондай-ақ,
тәулігіне 32 мың шұлық, 500 костюм тігілетін өндіріс орны ашылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ШАРУАЛАР ҚҰЛПЫНАЙ ӨСІРУДЕН ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ РЕКОРДЫН ЖАҢАРТТЫ

Келестік шаруалар құлпынай егіп, мол пайдаға кенелуде. Бірлесу ауылдық округіндегі «Бекзат» шаруа қожалығы 1,8 гектар аумақтағы ашық алқапқа былтыр құлпынай көшетін еккен. Биыл сәуір айында өнім алуды жоспарлаған шаруалар былтыр өнім алудан Оңтүстік Корея мемлекетінің рекордын жаңартқан.
 
— Екі жылдан бері құлпынай егумен айналасып келеміз. Жеріміздің құнарлылығы мен ағын суымыздың сапалылығы осы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді. Құлпынай егуді Сарыағаш ауданындағы азаматтардың қолдауымен бастадық. Ондағы агромамандар 10 жылдан астам уақыттан бері осы құлпынай өсірудің қыр-сырын жетік меңгеріп келеді. Олардың айтуынша, былтыр еккен құлпынайымыздан алынған өнім Оңтүстік Корея мемлекетінің өнімділігінен асып жығылған, — дейді «Бекзат» шаруа қожалығының төрағасы Марат Оралов.
Былтыр қожалық 1 гектардан 25 тонна өнім алған. Құлпынайдың әр келісін 1 700 теңгеден саудалап, 15 млн. теңге таза табыс тапқан.
Қазіргі таңда еліміздің ірі қалалалары және өзіміздің облыс аумағындағы аудандардан өнімге сұраныс түсіп жатыр.

ТҮЛКІБАСТА АСЫҚ АТУ ЖӘНЕ БЕС АСЫҚТАН ЧЕМПИОНАТ БАСТАЛДЫ

Түлкібас ауданында асық ату және бес асықтан жастар мен жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты басталды. Сайысқа 9 ауданнан 100-ден аса спортшы қатысты.
Түркістан облысының асық ату федерациясының президенті және облыстың аға бапкері Оралхан Айдарханұлының айтуынша, спорттық жарыс сәуір айында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысатын спортшыларды іріктеп, облыс құрамасын жасақтау мақсатында ұйымдастырылды.
 
«Қазір өңірімізде асық ату спортын жандандыру мақсатында бірқатар игілікті істер атқарылып жатыр. Десек те, атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл спорт жастар арасында ұмыт бола бастағаны рас. Бұрынғыдай ауылда балалар асық ойнамайды. Осы ретте, спорт мамандары көне спортымызды қайта өркендету үшін жаңаша бағытта жұмыс атқарып келеді», деді спорттық сайыстың бас хатшысы Фариза Мамихова.
Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы тағайындалған медальдар және грамоталармен марапатталады.

100 млн теңгеден аса ақша жымқырған полицейлер сотталды

Ақмола облысында полиция қызметкерлері жанар-жағармай талондарын ұрлағаны үшін 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Тaq.kz тілшісі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Антикордың мәліметінше, Целиноград аудандық сотының үкімімен Ақмола облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі, полиция подполковнигі Талғат Ерденов пен патрульдік полиция ротасының аға инженері, полиция капитаны Махсат Жаманбаев орташа қауіпсіздік түзеу мекемесінде жазасын өтеуге 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Тергеу барысында Ерденов пен Жаманбаевтың алдын ала сөз байласу арқылы жалпы сомасы 100 миллион теңгеден аса көлемде жанар-жағармай талондарын жымқыру жолымен ұрлағаны дәлелденді.

Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

«ТӨСЕКТЕРІ ҚИРАП, КЕРЕУЕТТЕР САСЫП ЖАТАДЫ»

Әлеуметтік желіде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкері Екібастұз 1 станциясы бойынша локомотив бригадасы демалыс үйінің жағдайына байланысты шағымын айтты, — деп хабарлайды Таq.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.                                                                   Қызметкердің айтуынша, ол жерге бірнеше компания қызметкерлері демалса да басшылар ғимараттың нашар күйіне алаңдаушылық білдірмейтін көрінеді.

«Машинист, машинист көмекшісі сапардан кейін осы ғимаратқа демалуға келеді. Онда тағы бірнеше компанияның қызметкерлері демалады. Барлығы ғимараттың жағдайы нашар екенін біле тұра үндемейді. Өйткені олар бұл туралы айтудың пайдасы жоқ және мағынасыз деп ойлайды.

Басшылар да бәріне көз жұмып қарайды. Жыл сайын сол компания тендерді жеңіп алады. Жыл сайын ештеңе өзгермейді.

Жазда жағдай мүлде жаман. Бүкіл ғимаратта өрмекші торы бар, төсектер қирап, кереуеттер сасып жатады. Өтінемін назар аударыңыздар», — дейді қызметкер.

Осы жағдайға баланысты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі жауап берді.

“2019 жылы жұмыскерлердің еңбек және демалыс жағдайларын жақсарту мақсатында Екібастұз станциясының локомотив бригадасының демалыс үйін басқару жеке компанияға аутсорсингке берілді.

Шартқа сәйкес, компания локомотив бригадаларына сапалы тұру және демалыс қызметтерін ұсынуы, үй-жайларды жөндеуі керек еді. Алайда міндеттемелер орындалмады, соның негізінде шарт бұзылды. Осы жылы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС демалыс үйінің ішкі үй-жайларына жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр”, – делінген хабарламада.

18 секундта 761 қазақстандық өтінім беріп үлгерді

4 пайыздық автонесие өтінімін қабылдауға арналған autonesie.kz сайтына бір минутта 125 мың адам кірген. Бұл туралы  «Өнеркәсіпті дамыту қорының» баспасөз қызметі хабарлады.
«Платформа іске қосылған алғашқы минуттың ішінде autonesie.kz сайтына 125 мың адам кірді», — деп жазылған мәліметте.
Бұған дейін жеңілдетілген автонесиеге өтінім қабылдаудың алғашқы легінде 761 адам өтініш бере алатыны айтылған болатын.
«761 қазақстандық өз өтінімдерін платформа жұмысын бастаған алғашқы 18 секундтың ішінде беріп үлгерді. Өтінім қабылдау сағат 10.00-де басталса, алғашқы минуттың шішінде 125 мың адам кірді», — делінген баспасөз хабарламада.
«Autonesie.kz жүктемені еңсеріп, өтінімдер пулының қалыптасуын қамтамасыз етті. Лимитке жеткеннен кейін өтінімдерді қабылдау автоматты түрде аяқталып, «өтініш беру» функциясы тоқтатылды.
Өтініш беру процесінде кейбір пайдаланушылар автомобиль өндірушісін таңдай алма» жатты. Бұл сонымен қатар өтінім лимитіне қол жеткізумен байланысты», — деп жазылған ресми мәліметте.
Келесі өтінімдерді қабылдау қазақстандықтарға наурыз айында, одан әрі – ай сайын қолжетімді болады.
Еске салсақ, жеңілдетілген несие бойынша көлік алу бағдарламасы бойынша өтінімдерді Autonesie.kz сайты арқылы қабылдау бүгін сағат 10.00-де басталған болатын.