ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістанда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының «Ясауи білім тарату орталығы» ашылды. Бұл орталық облыстың 5 жылдығына арналған «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында ашылып отыр. Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, еліміздің және Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан мен Пәкістан елдерінің белгілі ғалымдары қатысты.
Дөңгелек үстелде осы саладағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов өз сөзінде академияның бүгінгі мақсаты ғылыми бағыттағы әлеуетті біріктіріп, оны қолдау және координациялау арқылы озық отандық инновацияларды өндіріске енгізіп, АӨК тиімділігін арттыру, кәсіпкерлердің біліктілігі мен технологиялық мүмкіндіктерін дамыту жолдарын жеткізді.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ университет ректоры Жанар Темірбекова оқу ордасының жұмысымен таныстырды.
Осы жаңадан ашылған орталықтың директоры қызметіне Битөре Жұмақанов тағайындалды. Орталықтың лентасын облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова қиды. Білім тарату орталығының басты мақсаты – жетекші әлем елдерінің тәжірибесін ескере отырып, отандық озық білім мен технологиялардың өндіріске жедел жетуіне ықпал жасау мақсатында қажетті ғылыми жаңалықтарды көпшілікке жеткізіп, ауыл шаруашылығы саласындығы ақпараттарды дер кезінде насихаттап отыру.
Конференция қонақтары Түркістанның «Жасыл белдеу» нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Олар Түркістанды жасыл желекке орау бойынша қажырлы еңбекке оң бағаларын беріп, еңбекті дамыту үшін өзара тәжірибе алмасып, ой-пікірлерімен бөлісті. Климаты құрғақ Түркістанда жасыл желекті жетілдірудің аса қиындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ конференция қонақтары жаңарған шаһардың көрікті жерлерін тамашалап, алған әсерімен бөлісті.
Ертең тәжірибелі ғалымдар Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен өтетін «Облыстағы экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, баяндама жасайтын болады.
Айта кетейік, 2021 жылы ғалымдардың бас қосуымен өткен халықаралық конференцияда Түркістан облысының аймағында құрылып жатқан «Жасыл белдеуге» «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАҚ) «Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» (әрі қарай-ҚазОШАОМҒЗИ) ЖШС-нің Алматы филиалы мамандарымен табиғи климаттық жағдайына талдау жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде Түркістан облысы аумағындағы орман дақылдарының нормалық жерсіну және сақталу көрсеткіші 75 пайыздан 50 пайызға төмендетілген.
ҚазОШАОМҒЗИ мамандарының қорытындысына сәйкес, Түркістан қаласының қатаң континентальды климаты, желдің бағыттары мен соғу мерзімдері ескеріліп, қала айналасынан құрылып жатқан «Жасыл белдеуге» егілген орман екпелерінің нормалық жерсіну және сақталу көрсеткіші (көнімділігі) 50 пайызды құрайтыны анықталып, дәлелденді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒАЛЫМДАР КӨГАЛДАНДЫРУ ЖАЙЫН ТАЛҚЫЛАЙДЫ

Бұл туралы  Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының Ясауи білім тарату орталығының директоры Битөре Жұмақанов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, Түркістан облысының жасыл желегін дамыту мақсатында 3-4 тамыз күндері Түркістан облысының 5 жылдығына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясы орталығының ашылуына арналған «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Ғылыми конференцияда шетелдік ғалымдар өңірдегі жасыл желек және көгалдандыру жұмыстарына баса назар аудармақ.

 

—Соңғы бес жылда Түркістан облысы көптеген игі жобаларды, бастамаларды іске асырып келеді. Осы орайда өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, халқы мен ауылшаруашылық егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан Жасыл желегінің орны мен рөлі ерекше. Түркістан облысы көпсалалы ауыл шаруашылығымен айналысатын өңір болғандықтан, ең күрделі шешімін таппай жатқан мәселелерде осы өңірде деуге болады. Нақтырақ айтсақ, су тапшылығы, топырақтың құнарсыздануы, өнім сапасының төмендеуі және тағы басқа қордаланған мәселелер аз емес. Осы мақсатта Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының орталығы ашылғалы отыр, сондай-ақ осы мәселерлердің алдын алу және облыстағы жасыл белдеу мен көгалдандыруды дамыту үшін халықаралық ұйымдармен шетелдік ғалымдарды шақырып отырмыз. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында топырақтың құнарлылығы мен өнім сапасын жоғарылатуға бағытталған «гумус», «биогумус», «органикалық тыңайтқыш» деген жаңа ұғымдар келіп қосылды. Осы орайда облыста мақсат тек жоғарғы өнім өндіру ғана емес, жетілдірілген сапалы өнім халықымыздың игілігіне жарату болып саналады, — деді Битөре Молдатөреұлы.
Брифингте сөз алған Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев орман шаруашылығы қағидаларында көрсетілгендей қураған ағаштарды қайта жаңғырту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу және екпелерді құру процесінің кезекті тармағы болып есептелетіндігін айтты. Осы ретте жасыл желектерді күтіп баптау мерзімі 5 жылға созылғандығын мәлімдеді.
—Облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу жоспарланып, бүгінгі таңда 15 009 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Түркістан қаласы мен облыстың бірқатар аудандарында климаты күрт континетальды болуына орай, егілген орман ағаштарының 1-2 жылдары 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы, табиғи заңды құбылыс.
Сонымен қатар, Түркістан облысындағы мәдени орман алқаптарының жерсіну мен сақталу көрсеткіші 50 пайызға белгіленді. Түркістан қаласы экологиялық аймаққа енгізілгенімен, күзгі түгендеу қортындыларына сәйкес, қазіргі таңда қала айналасындағы жасыл екпелердің көнімділігі 60-65 %-ды құрап отыр. Бұдан бөлек, Арал теңізінің тартылуы, түбінің тұздануы, оған жақын орналасқан көрші мемлекеттер мен еліміздің бірнеше облыстары, оның ішінде Түркістан облысындағы бірқатар аудан, елді мекендерге де табиғи кері әсерін тигізуде. Тұздың Аралдан ұшпауына тосқауыл болатын жалғыз жол – Арал ұлтанына өсімдіктер егу және сексеуіл алқабын отырғызу болып саналады, — деді Қайрат Аманкелдіұлы.

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ОТАНДЫҚ ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Оңтүстік өңірінің кино қоржыны тағы бір жаңа туындымен толықты.
«Khanshaiym Plaza» ойын-сауық орталығындағы Kinoparkте «Шала бандиттер» шытырман оқиғалы фильмнің көрсетілімі өтті. Тұсаукесер алдында өткен баспасөз жиынында актерлік құрам мен түсірілім тобы бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа туынды жайлы баяндады.
– Түркістан қаласына 37 жылдан кейін келіп тұрмын. Қала мүлдем өзгеріп кеткен деуге болады. Зәулім әрі заманауи ғимараттар мен мәдени орталықтар мұнда құрылыстың қарқынды жүргенін көрсетеді. Нағыз туристік қалаға айналып келеді. Жаңа киноның алғашқы көрсетілімі де дәл осы жерден басталғанына қуаныштымын. Себебі бұл Түркістанның рухани-мәдени саласындағы басты жаңалық болады деп ойлаймын , – деді басты рөлді сомдаған Жан Байжанбаев.
«САҚ» киностудиясы түсірген фильмде Жан Байжанбаев, Ілияс Көпжасаров, Әшім Ахметов, Мәлік Абдраманов сынды танымал актерлар басты рөлді сомдаған. Фильм режиссері – Фурхат Саипов, сценарий авторы – Бақытжан Құлжабай, продюсері – Нұриддин Паттеев, көркемдік жетекші – Батырхан Дәуренбеков.
Фильм желісі Серік атты дәрігердің отбасымен байланысты өрбиді. Бір күні күтпеген жерден Серіктің үйіне «маска» киген бандиттер басып кіріп, отбасы мүшелерін тұтқынға алады. Бас кейіпкер оларға бар ақшасын ұсынады. Бірақ олар ақшадан бас тартады. Бұл әрекеттеріне Серіктің отбасы мүшелері таң қалады. Сонда олар не үшін келді? Әрине, бұл сұрақтың жауабы тереңде жатыр еді.
«Маска» кигендер ақшадан бас тартқанымен әсте де «Шала бандиттер» емес! Олардың не үшін келгені, қандай құпияны жасырғаны фильмнің соңында белгілі болады. Фильм комедиялық жанрға бағытталғанымен, ондағы оқиғалар желісі жақсы мен жаманның, адалдық пен арамдықтың, махаббат пен жалған сезімнің ара жігін ажыратады. Ақиқат пен жұмбақтың күресі арқылы көрерменге ой салады.
Айта кетейік, көрерменге жол тартқан «Шала бандиттер» комедиялық мелодрамасы еліміздің барлық өңіріндегі кинозалдарда көрсетіледі.

«AMANAT» Түркістан облысында 92 пайыз тозығы жеткен орталық қазандықтарына қайта жаңғырту жұмыстары жасалуда

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Түркістан облысы Кентау қаласында орналасқан № 5 жылу энергия (ТЭЦ) орталығына барды. Қайта құру жұмыстары жасалып жатқан қазандықтардың жұмысымен танысты. 92 пайызға тозығы жеткен сервис орталығында бүгінгі таңда, 4 қазандыққа ағымдағы жөндеу және 4 қазандыққа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 80 жылдық тарихы бар жылу мекемесі Кентау қаласындағы қуаттылығы 100 Гкал/сағ. жоғары жалғыз орталық болып саналады.

 

Осыған дейін орталықтың тозуына байланысты, қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстарын жасау жоспарланған болатын. Сметалық құны 13,7 млрд. млн.теңгені құрайды. Мекеме жұмыстарымен танысқан партия төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлына, құрылыс – монтаж жұмыстарын жасап жатқан мердігер мекеме «ЭМ-Холдинг» серіктестік басшысы атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Айтуынша жұмыс өз деңгейінде жасалуда әрі белгіленген уақытта аяқталатынын атап өтті.

 

Сонымен қатар мекеме басшысы,

– 8,9,10,11 қазандықтардың қайта құру жұмыстары 30 қазан аяқталады. Станцияның тозу дәрежесі жоғары болғандықтан, авариялық келеңсіз жағдай тудыруы мүмкін. Жылу орталығының қайта құру жұмыстары аяқталғаннан кейін қала тұтынушыларын сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз ету арта түспек,- деді Серік Симтиков.

 

Айта кетейік, нысан 2024 жылға өтпелі. Қазіргі таңда қазандықтардың демонтаж жұмыстары орындалуда. Дайындық жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Одан бөлек, жылыту маусымына 6,6 шақырым магистралды жылу желілері мен 4 насостық станцияны қайта жаңғырту үшін ағымдағы жылға 3,8 млрд. теңге бөлінген.
№ 5 жылу энергия (ТЭЦ) орталығына партиялық бақылау бекеті орнатылған. Жауапты депутат бекітілген. Мәселе тұрақты бақылауда