ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МАҚСАТЫНДА АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Төлеби ауданында теолог мамандары жасөспірімдер мен жастар арасында теріс ағымдар ықпалының алдын- алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мамандар тура жолдан түңілмей, түрлі теріс ағымдардан алшақ болу — елдің бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз етуге, келешек ұрпақтың өркендеуіне, саналы ұрпақтың қалыптасуына мол мүмкіндіктер беретінін айтып, жастардың санасына сіңіруде.

Айта кетейік аталған іс-шаралар ағымдағы жылы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен бекітілген дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Яғни, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы А.Тағай және Төлеби ауданы ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Д.Турта білім ордалары мен оқу орындарында арнайы кездесулер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кезекті жиын Төлеби ауданына қарасты, Көксәйек ауылдық округі Туркістан көпсалалы техникалық колледжінің студентерімен өтті. Жалпы жиынға 200 ге жуық оқу ордасының шәкірттері қатысып, қазіргі дүниежүзінде орын алып жатқан келеңсіз оқиғалар мен теріс ағымдардың қоғамға жасап жатқан зардаптары, ел ішіне бүлік салып, тұрақтылықты және тыныштықты бұзу жағдайлары, сондай-ақ олардың түрлі әдіс-тәсілдермен тура жолдан адастыратыны бойынша баяндамаларды тыңдады.

 

Қазіргі таңда, тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына  және дамыған елдердің қатырында болуына елдегі діни ахуалдың тұрақты болуы тікелей әсер етеді. Сондықтан,  дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір сан алуан пікірлер мен ұстанымдардан аулақ болу қажет. Сондықтан, Төлеби ауданында  өткен кездеуде мамандар еліміздің жарқын болашағын қалаушы – жас ұрпақтың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсетіп, олардың негізгі мақсаттарын атап өтті.

«Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың, топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратады. Бүгінде, асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз өз жақындарынан, достарынан теріс айналып жатқаны баршаға мәлім. Мұндай түрлі жат ағымдардың жетегіне ерген жас азаматтарымыз балаларына тиісті медициналық екпе ектіруден бас тартып, мектептегі сабақтарын тастап, мектеп жасындағы ұл-қыздардың музыка тыңдауына – қарсылық білдіріп, мемлекеттік әнұранды тыңдауды және туға құрмет көрсетуді харам дейтіндер де бар. Осындай бір ағымдардың теріс пиғылды уағыздарының салдарынан еліміздегі кейбір ұл-қыздарымыз отбасы мүшелерінен, үй-меншіктерінен айырылып, түрлі психикалық ауруларға шалдығып, өз-өзіне қол салып, әр түрлі жағымсыз жағдайларға тап болып жатқандарын да жоққа шығаруға болмайды», — дейді теолог мамандар.

 

 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда нақты мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз екенін айтқан болатын. Яғни,  ең бастысы әр азаматтың сана-сезімін жаңғырту маңызды. Бұл тұрғыда  халықтың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Президент айтқандай пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді.

«Біз қазір халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленіскеніне куә болып отырмыз. Кейбір ірі елдер өзіне қажетті күн тәртібін басқаларға таңуға, оларды өз талабына икемдеуге тырысуда. Бір-біріне мүлдем қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды. Бұл қақтығыс геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті, мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда, идеология саласын да шарпуда. Мұның бәрі тұтас мемлекеттердің және халықтардың қауіпсіздігіне кесірін тигізуі мүмкін. Халықаралық ахуалдың беталысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Қазақстан Республикасы бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болуы керек. Бүгінгі таңда елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз. Өміршең, келешегі зор идеологиялар мемлекет пен қоғамның ортақ ізденісінің арқасында ғана пайда болады. Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек.», — деді Президент.

 

 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын айтқан болатын. Яғни, елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет екенін мәлімдеген. Төлеби ауданында өткен кездесуде де мамандар жастарға осы бағытқа бейімделіп, өмірдің жарқын жолынан адастыратын деструктивті ағымдардан аулақ болуға шақырды.

Қазіргі таңда, елімізде уәкілетті мемлекеттік органдардың деструктивті ағымдарға қарсы белсенді күрестері мен алдын алу шаралары нәтижесінде көптеген радикалды сайттарға тосқауыл қойылып жатыр, сондай-ақ еліміздің түрлі оқу орындарында жасөспірімдердің діни сауатын арттыратын арнайы ақпараттық-насихаттау жұмыстары мен оқу-ағартушылық сабақтары да өткізілуде. Әр қилы деструктивтік ағымдардың салт-дәстүрімізге, дінімізге және бейбітшілігімізге тигізетін зардаптары жайлы тиісті органдар мен дін өкілдерінің қатысуымен республикалық және аймақтық деңгейдегі іс-шараларда қолға алынған.

 

 

Ақпараттық-түсіндіру тобының мақсаты да жастардың бойына ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру. Сондай-ақ саналы ұрпақ тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады дейді мамандар. Демек,  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы балабақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғарғы оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйрету маңызды. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтап, бейбіт өмір сүру — ең үлкен бақыт деген теолог мамандары  кездесу соңында жастар тарапынан қойылған сұрақтарға да  жауап берді.

Түрлі этнос өкілдерінің жастары арасында «Ұлттық тағам-қазақ дастарханы» атты байқауы өтті

Төлеби ауданында түрлі этнос өкілдерінің жастары арасында «Ұлттық тағам — қазақ дастарханы» атты байқауы өтіп, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар насихатталды.  Аталған іс-шара аудандық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «BAGLAN GROUP» қоғамдық қорының  ұйымдастыруымен өткізілді. Өткізілген іс-шараның басты мақсаты Төлеби ауданы аумағындағы түрлі этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, құрметтеу, сондай-ақ, қазақ халқының ұлттық тағамдарын дәріптеу, өскелең ұрпақ бойына дұрыс тәлім-тәрбие беріп, жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке баулу, болашақ ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу болып табылады.
Қазақ дастарханы — бірліктің дәнекері деген нақыл сөз бар. Бұл тұрғыда байқауға қатысқан жастарда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің айнымас бөлігі болып қана қоймай, көшпелі мәдениет пен қазақи қонақжайлылықтың керемет көрінісі болып табылатын ұлтық дастарханын дәріптей білді.
Жалпы, терең тарихқа үңілсек көшпелі тіршіліктің бар бейнеті мен зейнеті осы тамақтану үрдісіне тікелей ықпал еткен. Көшпенділер аз ғана өнім түрінен сан-алуан тағамдар дайындап, олардың сапасын, пайдалы қасиеттерін, дәмін сақтай отырып өңдеуді шебер меңгерген. Мұның барлығы жинақталып халқымыздың айтарлықтай бай, үйлесімді, берекелі ұлттық асханасын құрайды. Сондай-ақ, қазақ дастарханындағы әрбір ұлттық тағамдардың өз тарихы бар. Кез келген ас мәнді де, мағыналы әдет -ғұрыпты қалыптастырған.
Қазақ халқының қонақжайлылығы ұлттық қасиеті екенін ескерсек, ұлт тұрмысында қонақ түскен үйдің дастарханы әрдайым мол, берекелі болуы керек деген үрдіс пайда болған. Ата-бабамыз,  “Қонақ алдымен қабағыңа қарайды, содан кейін табағыңа қарайды”- деп бекер айтпаса керек.  Үй иесі ауқатты болмаса да, қонақ келгенде, оған деген құрмет пен ілтипаттың белгісі ретінде қорадағы ең ірі қойды сойып, тәтті-дәмдінің барлығы мейманның алдына қойған. Ұлттық дәстүрімізде тағамның қонаққа ұсынылуы тәртібі де өзіндік мол мәнге ие.  Ең алдымен сыйлы қонақтың алдына, асқа бата беретін көпті көрген ақсақалдар мен қадірлі қарияларға, қазақ қойдың басын ұсынған. Бас тартылған адам әуелі бастың оң жақ езуіндегі жұмсақ еттен өзі дәм татып, қалғанын белгілі бір реттілікті сақтай отырып, жиылған қонақтарға бөліп беріп шыққан. Яғни, қазақ елінің мұндай қасиеті қонағымен тату болуға, ауызбіршілік пен бірлікті бекем сақтауға, өзі мен өзгені құрметтеуге үндейді.
Төлеби ауданында өткен игі іс-шараның маңызы да дәл осы мақсатқа бағытталып, түрлі этнос өкілдері ет, сүт, нан өнімдерінің адам денсаулығына пайдасы мен оның жасалу тәртібін түсіндірді. Айта кетейік, қазақ халқы өмір салтына байланысты көпке дейін сақталатын тағамдарды жасай білген. Яғни, ұзақ сапарға шыққанда ыстық пен суықтан бүлінбейтін тағамдарды алып жүру қажеттілігі туындаған шақта сүрлеу, кептіру, тұздау әдістерін қолдану арқылы жартылай дайын өнімдерді жасауды жақсы дамытқан.
Мысалы, ұзақ уақытқа жақындарымен айырылысатын кезде үйде жілік дайындалған. Оны кептіріп, ұн толтырылған терең ыдысқа салған. Осы күйде жілік бір-екі жылға дейін сақталған. Айырылысқан адам қайтып оралған күні сол жіліктен мерекелік ас дайындалған. Бұл қазақ халқындағы бауырмалдылықты дәріптейтін дәстүрдің бір көрінісі. Міне, осындай берекелі дастахнанның өзіннен бірлік пен татулықтың, бейбітшіліктің белгісін көруге болады.
 

 

Қазақ ұлттық асханасының бүгінгі күнге жеткен мызғымас бір тұғыры – сүт тағамдары деп те айтуға болады.  Сүт тағамдарының пайдасы айтпаса да түсінікті. Ол, адамның ас қорыту жүйесіне өз пайдасын тигізіп, орасан зор күш берген. Ұлттық дастарханда сүттен жасалатын өнімдердің түрлері,   сиырдың сүтінен – айран,  түйенің сүтінен – шұбат,  биенің сүтінен – қымыз, одан басқа құрт, ірімшік, ақлақ, қатық, сүзбе тағы басқасы бар. Сүтті сусындар шөлді басып, сергітіп, аштық сезімін жойып, тіпті кейбір айықпас  дерттерге таптырмас шипа болған. Қымыздың емдік қасиетін бүгінде дүниежүзі  мойындап отыр.

 

Ал құрт  ұлы даланың мұңы мен зарын көрген, қуанышы мен жұбанышы болған ерекше тағам. Халқымызды кесапат жұттан құтқарған, көшіп-қонғанда азық болған, той-томалақта дастарханнан үзілмейтін әр қазақтың сүйікті дәмі деуге болады. Майдың түр-түрі, қаймақ, ірімшік те ерекше құндылыққа ие. Бұрындары сүт, қаймақ, май, жұмыртқа, ашытқы қосылып пісірілген нан тағамдары тез тойдырып, қазақ халқы үшін даланың қатал жағдайында уақыт пен күш үнемдеуге мүмкіндік берген. Таба-нан, бауырсақ, шелпек, құймақ, қазанжаппай сияқты тағамдар қашан да қазақ дастарханына ажар сыйлап, ырыс-несібесін еселеп тұрған. Жүздеген жылдар бұрын дана да дара халқымыз біліп қолданған тамақтанудағы әдіс-тәсілдердің дұрыстығы қазіргі таңда ғылыммен дәлелденіп жатыр. Көшпелі мәдениет үш негізгі өнімді өңдеуден пайда болған. Яғни,  көптеген тағамдардан құралған ұлттық мәзіріміздің құндылығы қашанда өз маңызын жоғалтпайды.

 

 

Қазанның орнына қойдың асқазанын қолданып, ет қуырғанда майды қаймақпен алмастырып, сүтті сұйық күйде де, қатты күйде де қолдана алған қазақ халқының ұлттық аспаздық дәстүрлері , еркіндіктің, табиғатпен үндестіктің, рух пен қуаттың бірлескен көрінісі іспеттес. Осы орайда даланың ыстық суығына бірдей төзіп, оның тылсымын, құпия-сырын, құбылысын терең түсініп меңгерген қазақ баласының тамақты қазансыз-ақ істеп ішудің де түрлі жолдарын асқан шеберлікпен ойлап тапқанын айта кету керек. Жайлауда ат үстінде жүрген қойшылар дәмді етті аңсаған кезде бір марқаны сойып қазан ошақсыз-ақ пісіріп жеген екен. Мұндай тәсілді қазақта «көмбе» деп атаған.  Жерді қазып, оған от жағып, астын екі бүйірінен әбден қыздырып, осын оның күлін алып тастайды да сойылған малдың етін өз қарнына салып қарынның аузына қамыстан ұзын түтік жасап, ет толтырылған қарынды әлгі қазылған ыстық жерге салады. Одан соң оны ыстық топырақпен қайта көміп, топырақ үстінен ағаш, тал, көкпек сияқты қызуы мол от жағады. Бірер сағат өткен соң жер астындағы қарыннан түтік арқылы бу шығып қайнай бастайды. Бұдан кейін үстінен от жағу тоқтатылады да ет топырақ қызуымен одан әрі өздігінен қайнап піседі. Екі үш сағат өткеннен кейін ет дайын болып, қарын үстіндегі топырақты еппен ала бастайды. Одан әрі қарынға жеткен соң оның үстіңгі жағын ойып жібереді де ішіндегі етті алады. Мұндай буға піскен ет ерекше дәмді болған. Мұның бәрі дала табиғатына әбден бейімделген, онымен біте қайнап өскен халқымыздың тапқырлығы деуге болады. Мұндай тәсілді түркі тілдес, көшпелі халықтар да қолданған деседі. Жалпы қазақ халқының  тағам дайындаудағы осындай тапқырлықтары кейінгі ұрпаққа өнеге, үлгі болып қалыптасуы керек.

 

 

«Ыдысын көріп – асын іш, шешесін көріп – қызын ал» деген қазақ қағидасында өте зор пәлсапалық, тәрбиелік және әлеуметтік терең ой жатыр. Демек ұлтымыз күнделікті өмір салтында ас сақталатын ыдыс-аяқтарға да ерекше көңіл бөлген. Тіпті әр тамақтың қасиетіне, ерекшелігіне орай арнайы ұлттық ыдыс-аяқ та жасаған. Олардың барынша қауіпсіз болуына назар аударған. Сондықтан халқымыз асқа пайдаланатын ыдысты тек таза заттардан, яғни емен, қайың, арша, тағы басқа берік ағаштардан, жылқы, ешкі терілерінен, шойын, болат, алтын, күміс сияқты таза металдардан ғана жасаған. Соның арқасында ұлттық тағамдарымыз бұзылмай, тағамдық қасиетін өз бабында ұзақ уақыт сақтап  отырған. Бұған қарап ата-бабаларымыздың ұлттық тағамдарға ғана емес, оны құятын ыдыс-аяқтарға да ерекше мән бергенін айтуға болады.

 

 

Төлеби ауданында өткізілген «Ұлттық тағам-қазақ дастарханы» шарасы да  ұлттар арасында салт-дәстүрді дәріптеп, ауызбіршілікті насихаттауға бағытталды. Жалпы аталған байқауда аудан аумағынан 5 білім ордасының ұжымы сынға түсіп, бар өнерлерін ортаға сала білді. Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Жеңіс жалпы орта мектебінің оқушылары иемденсе, екінші орынға М.Х.Дулати жалпы орта мектебінің оқушылары лайық деп танылды. Ал, байқаудың қорытындысы бойынша үшінші орынды аудандағы №16 Ш.Уалиханов жалпы орта мектебінің оқушылары жеңіп алды. Сондай-ақ, Әл-Фараби жалпы орта мектебінің оқушылары төртінші орынды, Сұлтан-Рабат жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары бесінші орынды иемденіп, сайысқа қатысушы жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен дипломдармен марапатталды.

 

Сонымен қатар, іс-шараға оқушыларды дайындаған мектептің жетекші мұғалімдері аудандық мәслихаттың төрағасы Н.Қойбағаров пен аудан әкімінің орынбасары С.Дүйсебаевтың арнайы алғыс хаттары табысталды.

«Берекелі Қырман» атты семинар кеңес өтті

Бүгін Жетісайда А.Қалыбеков ауыл округінде орналасқан «Али» шаруа қожалығының егістік алқабында Түркия мемлекетінен келген тұқымдық шиттердің өнімділігін таныстыру мақсатында, «Берекелі Қырман» атты семинар кеңес болып өтті.
Семинар кеңеске, Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Н.Әбішов, Жетісай ауданының әкімі С.Мамытов, Жетісай ауданының мәслихат төрағасы М.Касымов, Мақтаарал, Жетісай ауданының мақта өңдеу зауыттарының басшылары мен мақта дақылын өсурші агро құрылым басшылары қатысты.
Семинарда «Мақталы Агро» ЖШС жыл басында Түркия мемлекетінің мақта тұқымын дайындаушы «ProGen Tohum» компаниясының жоғары өнім беретін және тұздылығы жоғары егістік жерлерге төзімді (мақта сорттары ВА1010, Лазер, Эдесса, Каризма, Лима) тұқымдық шиттерін алып келіп, мақта дақылын өсіруші шаруаларға ұсынылған болатын.
Аталған тұқымдық шитті «Али» шаруа қожалығы басшысы Әшимов Талғат өзінің 40 гектар егістік алқабына Түріктің ВА1010 сортын егіп, бүгінгі таңда 1 гектар егістік алқабынан 38-40 ц/га өнім алып жатқандығын айтып, шаруаларға келер жылы осы сортты егуге кеңес берді.
Облысы мәслихат төрағасы Н.Әбішов қазіргі таңда облысымызда мақта дақылының бірнеше сорттары егілуде. Бұл дегеніміз мақта өнімділігінің өсуіне кері әсерін тигізуде. Осыған орай сіздер мақта дақылының сапалы өнім беретін тұқымдық шиттерін таңдап, бізге ұсыныңздар, біздер сол тұқымдық шиттерді мемлекет тарапынан қаржыландыруға ықпал жасайтындығын айтып өтті.
«Мақталы Агро» ЖШС мақта өңдеу зауытының басшысы Тастанбеков Сержан, бүгінгі таңда Түркия мемлекетінен келген осы тұқымдық шиттерді сатып алған шарулардың өнімін, біздің зауытқа өткізген жағдайда, нарықтық бағадан 20-25 теңге көлемінде жоғары қабылдап жатқандығын айтты.
Сонымен қатар, отандық және шеттелдік тұқымдарға мемлекет тарапынан қолдаулар қарастырылғандығы жөнінде сала мамандары тарапынан түсіндірілді.
Жиын соңында шаруалар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, сала басшылары тарапынан сұрақтарға жауап берілді.