Бүгін Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи-ағартушылық «Бір ел» жастар жобасы аясында ауқымды іс-шара өтті. Жиынға «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Нұрлан Шубаев модераторлық етті.
Алқалы басқосуға ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігінің, этномәдени бірлестіктердің, «Ассамблея жастары» РҚБ республикалық жастар ұйымдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, блогерлер, еріктілер, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын әр түрлі санаттағы жастар қатысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы жобаның жастарды ұлттық құндылықтармен тәрбиелеуге зор септігін тигізетінін атап өтті.
– Шамшырағы қайта жанған қастерлі Түркістан шаһарына қош келдіңіздер! Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде тұратын этностарды біртұтас ұлтқа топтастыру мен мәдениетаралық диалогты дамытуды мұрат еткен «Бір ел» жастар жобасы екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Аталған жоба өткен жылы ұлт ұясы Ұлытау төрінен бастау алса, биыл бұл жоба тарихымыздың талай сындарлы сәттерінде халқымызды бірлік пен берекеге ұйыстырған киелі Түркістан облысында жалғасып жатыр. Елге, Отанға деген сүйіспеншілік төл тарихымызды тереңнен танудан басталады. Бұл орайда, күні кеше жобаға қатысушы жастар үшін өңіріміздегі Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Гауһар ана кесенелері және т.б. тарихи жерлерге көшпелі экспедиция ұйымдастырылды. Жалпы, бұл жобаның жастарға берері мол. Іс-шара аясында өтетін пленарлық отырыстар, пікірталастар, интеллектуалды ойындар еліміздің әр өңірінен келген жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, патриоттық рухтарын нығайтуға зор үлес қосады, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Аталған шараға еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық жас қатысты. Жоба аясында арнайы шақырылған танымал тұлғалар мен сарапшылар жиналған жастарға еліміздің рухани және ұлттық құндылықтарын, бай тарихи және мәдени мұрасын, этносаралық татулықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіретін арнайы дәріс өткізді.
Келелі жиында Мәжіліс депутаты, ҚХА мүшесі Наталья Дементьева «Отаны бірдің – тілі бір! Тілі бірдің – тілегі бір!» тақырыбында, Сенат депутаты, ҚХА мүшесі Геннадий Шиповских «Тарихты білу – ұрпағымыздың міндеті» тақырыбында, Сенат депутаты, ҚХА мүшесі Алишер Сатвалдиев «Елге қызмет ету – әр азаматтың парызы» тақырыбында, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев «Жастар – еліміздің үкілеген үміті» тақырыбында мазмұнды ойларымен, пайдалы тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, жиында өз ойын білдірген белгілі блогер, «Алға Петербург» жобасының авторы Иван Червинский қазақ тілін меңгеруге деген талпынысты әрдайым қолдап, барша жерде ынталандыру керектігін жеткізді.
Еске сала кетсек, «Бір ел» жастар жобасы ертең де жалғасады. Жоба аясында жастардың қатысуымен Түркістан облысының тарихи орындарына көшпелі экспедициялар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, іс-шара барысында Қазақстан халқының бірлігін бейнелейтін «Шаңырақ» киіз үйі тігіледі.
Төлеби ауданында елдің ынтымағы мен бірлігіне, тұрақтылығына бағытталған маңызды іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Осындай игі істердің жоғарғы деңгейде өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелері де атсалысып жүр. Ақ жаулықты аналар әрқашанда аудан аумағындағы түрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізуде. Бұл бағытта Төлеби аудандық аналар кеңесі қандай маңызды міндеттерді атқарады? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жыл басынан бері асыл аналардың қатысуымен қанша іс-шара өткізілді? Осы және өзге де өзекті сауалдармен Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Айдаркүл Рахишоваға хабарласып, арнайы сұхбат жүргіздік. Маңызды ақпарат, мол деректер айтылған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
— Айдаркүл Айтбайқызы біздің ұсынысымызды қабылдап, қажетті ақпараттармен бөлісуге келісім бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Сұхбаттың алғашқы сұрағын Аналар кеңесінің негізгі міндеттерімен таныстырып өтуден бастасақ?
-«Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі болып табылады. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап, әрбір шағын елді мекендерінде де жүзеге асырады. Кеңестердің құрамында көп балалы аналар, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар да бар. Бүгінде еліміздегі Аналар кеңестері біздің ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, жас ұрпаққа тәрбие беретін өзіндік мектепке айналды деуге болады. Сондықтан аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін жобаларына қуана қатысып келеді. Мүшелікке кіргісі келетін аналардың да саны артып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие. Келешек ұрпақты басқа мәдениеттерге, басқа тілдерге құрметпен қарауға, өркениетті елдің талаптарын орындайтын азамат ретінде тәрбиелеуге тиіспіз. Әрбір азаматтың бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін қалай отырып, біз толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеміз. Сондықтан Ассамблея жанынан құрылған әр түрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар өз алдына бір төбе деп айтуға болады.»
-Енді, Төлеби ауданы бойынша айтып өтсеңіз. Аналар кеңесі биылғы қызметін неден бастады? Негізі бағыт пен жоспарларды бекіту мәселесі қалай болды?
«Төлеби ауданында Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастық жасап отыр. Біз жыл басында, 2023 жылғы жұмыс жоспарын талқылау, бекіту бойынша дөңгелек үстел өткіздік. Ол отырыстың мақсаты былтырғы жылғы атқарылған жұмыстарды саралап, биылғы жылдың жұмыс жоспарын нақтылап, алдағы мақсат – міндеттерді айқындау болды. Отырыстың күн тәртібінде жылдық жоспарды талқылап және мүшелерін жаңарту мәселелерін қарадық, сонымен қатар жиынға қатысушылардың ұсыныс – пікірлерін де тыңдадық. Осылайша жаңа бастамалар мен алдағы атқарылатын жұмыстарды нақтылап алдық.
— «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, ең алдымен аналардың келешек үшін, саналы ұрпақ қалыптастыру жолында атқарған қызметтеріне тоқталуды жөн деп отырмыз?
— Өте дұрыс айтасыз, Отанды сүю отбасыдан. Бұл тұста бірінші ата-ананың, екінші саналы ұрпақ болып қалыптасу үшін білім ордалары мен оқу орындарының беретін тәрбиесі маңызды. Аудандық аналар кеңесінің мүшелері де негізгі басымдылықты осындай мекемелермен тығыз байланыс орнатуға арнап келеді. Мысалы, жыл басында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі және Көксәйек елді мекеніне қарасты Төлеби жалпы орта мектебінің ұйымдастыруымен, жастар мен жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыспен, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жоғарғы сынып оқушыларымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кездесудің негізгі мақсаты — жастарды теріс діни ағымдардан, зорлық –зомбылықтың, ерте жүктіліктен, нашақорлық пен ішімдіктен және де қылмыс пен құқықбұзушылықтан бойларын аулақ ұстауға, сондай-ақ жастарды имандылыққа тәрбиелеу болды.
Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Ленгір қаласы №8 кәсіптік-техникалық колледжінің студенттерімен «Тәрбие тал бесіктен басталады» атты семинар-тренинг өтті. Іс-шараға Төлеби АПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция капитаны А.Боташева, Ленгір қаласы емханасының психолог маманы З.Кульжанова және А.Шертаева, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызыметкерлері қатысты. Іс-шара барысында мамандар студент қыздарымыздың болашақ ана болу, тәлім тәрбиелік ұғым, адамгершілік, сыпайлық, зиянды әрекеттерден аулақ болу жайында толыққанды айтып өтіп, көңіл сергітетін ойындар ойнатты.
Одан бөлек Аналар кеңесі мен Ленгір қаласы №8 кәсіптік-техникалық колледжінің бірлесе ұйымдастыруымен, жылдық жоспарға сәйкес студенттер арасында «Отбасы-аялы алақан мекені» атты тәрбие сағаты болып өтті. Шараға Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелері мен колледж студент жастары, оқытушылары қатысты. Ондағы басты мақсат отбасы құндылықтарын, дәстүрлерін жаңарту ата-ана мен бала арасындағы және отбасы мүшелерінің бір-біріне жақсы қарым-қатынастарын орнату, қамқоршыларға құрмет әрі қолдау көрсету,адамгершілік қасиеттер қалыптастыру болды. Бұл тәрбие сағаты жастарды өз ұлтының әдеп-ғұрыптарын,салт-дәстүрлерін қастерлейтін, өз ойын ашық жеткізетін, өзіндік пікірін білдіре алатын, ата-ананы,отбасын,өмір құндылықтарын құрметтейтін тұлға болуға үндеді.
Дәл осы бағытта Ленгір қаласындағы №9 Түркістан көпсалалы техникалық колледжінің бірлесіп ұйымдастыруымен, жылдық жопарға сәйкес студенттер арасында «Мейірімділік-анадан, әдептілік-данадан » атты тәрбие сағатты да болып өтті. Тиісінше, шараның мақсаты — тәрбиеленушілерді адамгершілікке, қарапайымдылыққа әдептілікке,кішіпейілділікке, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу. Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды ажырата отырып, әдептілік әліппесін бойына дарыту. Тіл байлығын дамыту, таным белсенділігін арттыру болды. Тәрбие сағатында жастарға үлгі өнеге көрсетерлік ғибратты сөздер айтылып, аталған тақырыптар бойынша пікірлер ортаға салынды.
Қазақ халқы қашанда қыз тәрбиесіне аса мән беріп келген. Оған, «Қызға қырық үйден тыйым салу» мәтелінің түсінігі дәлел. Міне осыны ескере отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі мен Тасарық ауылдық округі, «Т.Тоғызбаев» атындағы жалпы орта мектебінің бірлесіп ұйымдастыруымен, жылдық жоспардан тыс оқушылар арасында «Қыздың ары – ұлттың ары» атты тәрбие сағатын өткіздік. Тәрбие сағатында қазақ халқының ұлттық болмысын сақтай отырып, қыздарға жат қылықтарды ажырата білуге, олардың денсаулығына, ұлт болашағына, рухани байлығына, тәрбиесіне келтіретін зияны туралы түсінік берілді. Сонымен қатар, қыздарды ішкі және сыртқы жан дүниесімен әдемі де, арлы болуына шақырдық.
Бүгінгі таңда, жастар мен жасөспірімдердің санасына ұлттық салт-дәстүрді сіңіре білуде өте маңызды істердің бірі. Бұл бағытта біз жылдық жоспардан тыс Зертас елді мекеніне қарасты, Қ.Мамытов атындағы жалпы орта мектебімен бірлесе, оқушылар арасында «Салт- дәстүрім- таусылмайтын байлығым» атты тәрбие сағатын ұйымдастырдық. Шараға Төлеби аудандық Аналар кеңесі мүшелері мен мектеп оқушылары және оқытушылары қатысты. Ақ жаулықты аналарымыз оқушыларға қазақ халқының салт — дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, баланың бойына адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, халық өнегесін үлгі етуді насихаттады.
Өздеріңіз білетіндей Төлеби ауданында түрлі этнос өкілдері тұрады. Десекте, олардың қазақ халқына деген құрметі, сыйластығы ерекше. Тиісінше әр ұлттың дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне біз де құрметпен қараймыз. Осындай мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі және Көксәйек елді мекеніне қарасты Төлеби жалпы орта мектебінің бірлесе ұйымдастыруымен, бекітілген кестеге сәйкес оқушылар арасында сынып аралық «Достық күні» атты ұлттардың салт дәстүрін дәріптеу мақсатында іс – шара өткіздік. Халқымыз достық, ынтымақтастыққа әрқашан ерекше мән берген ғой. «Қырғыз, қазақ-бір туған», «Өзбек-өз ағам», «Түбі бірге түрікмен» деп қырғыз, өзбек, түрікмен және өзге де ұлттарды ынтымақтастыққа үндедік. Бірлік – халық салты. Халқымыздың бірлік салты отбасынан басталып, бүкіл елдің, барлық адам баласының бірлігімен ұласады деген ұғымы осы шарада кеңінен айтылды.
Сөзімнің басында атап өткенімдей, Отанға деген сүйіспеншілік отбасыдан басталады. Жанұяда берген тәрбиенің орны бөлек. Сондықтан оны ұғындыра білу де маңызды екенін айттым. Мысалы, Сұлтан рабат жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылар арасында «Отбасы – бақыт мекені!» тақырыбында іс-шара өткіздік. Іс-шараның негізгі мақсаты: бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру; бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отбасындағы ата — ана тәрбиесі, өнегесі және ата — ана баланың бас ұстазы екенін түсіндіру. Отбасы мүшелерінің арсындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым- қатынасты қалыптастыру болды.
Сондай-ақ 4 маусым–Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, «Мемлекеттік рәміздер–қасиетті құндылығымыз!» атты тақырыппен Аналар кеңесінің жылдық жоспарына сәйкес, түрлі этнос жастары арасында дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті. Шараға ақ жаулықты аналарымыз, колледж ұстаздары және студенттер қатысты. Жастарды Қазақстан Республикасының Рәміздерін құрметтеуге, патриоттық рухта тәрбие сіңіруге, отанымызға сүйіспеншілікпен қарауға шақырдық. Бұл да еліміздің ынтымағы мен бірлігінің бекем болуына мол септігін тигізетін шаралардың бірі болды деуге болады.
Осындай патриоттыққа тәрбиелейтін іс-шараның тағы бірі Төлеби ауданы Леңгір қаласына қарасты, «Lenger Polytechnic» колледжі және Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының ұйымдастыруымен өтті. Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай «Тіл – ең асыл қазына» тақырыбында іс-шара болып, жас ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуге үндедік. Бұл кездесудің де мақсаты азаматтарға ана тілін сүюге, ана тілін ардақтай білуге тәрбиелеу болатын.
— Ұлттың ұлы тұлғаларын дәріптеу, олардың өмір жолы мен еңбегін насихаттау бойынша да аналар кеңесі бірқатар шараларды ұйымдастырыпты. Жас өрендерге өнеге болған шараларды атап өтсеңіз?
— Жыл басында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен бастау алған шаралардың бірі, ол — Ленгір қаласына қарасты №2 Ш.Уалиханов жалпы орта білім беретін мектепте өткен «Классика жауһарлары» тақырыбында керемет кездесу болды. Жоғарғы сынып оқушылары қатысқан іс-шарада Мұхтар Әуезовтың өмір жолымен жазушылық қызметінен, шығармашылығынан мағлұмат берілді. Жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы оқушылардың білімдерін жүйелеу. Оқушылардың өзіндік ізденіс жұмыстарына баулу, ой-өрісін, рухани жан дүниесін байыту. Ойын ашық білдіру, еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіру сынды маңызды тәсілдер осы кездесуде жүзеге асты. Оқушылар Мұхтар Әуезовтың шағармашылығымен жақынырақ танысты.
Сондай-ақ, Орталықтандырылған №1 Қалалық кітапханасымен бірге «Бір ел –бір кітап 2023» акциясы аясында, «Жазушы Төлен Әбдіктің кітаптарын оқимыз» атты тақырыпта кездесу болып өтті. Аталған кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелері және №2 Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушылыры мен оқытушылары қатысты. Кездесудің мақсаты ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау, сондай — ақ жастарға рухани — адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталды.
Төлеби ауданына қарасты, Алшалы елді-мекенінде орналасқан Ә. Молдағұлова атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебінде, биылғы бекітілген жылдық жоспарға сәйкес, 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» тақырыбындағы іс-шара ұйымдастырдық. Жиынға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиал басшысы Е. Айтжанов, Аналар кеңесінің мүшелері, мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Олардың ерлігін қазіргі жастардың санасына сіңіру, егемендікті қадірлеуге шақыру сынды жақсы пікірлер айтылды жиында. Өткеннен сабақ алу, арыстармыздың өмірі мен жасаған ерен істерін білу әрбір азаматтың борышы деп білемін. Одан бөлек, Леңгір қаласына қарасты, «Lenger Polytechnic» колледжінің ұйымдастыруымен, Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай мемлекеттік тілде жалпы қазақстандық ашық диктант жазу шарасы өтті. Шараның мақсаты жыр пырағы — Мағжан Жұмабаев туралы деректерді оқу, шығармалары арқылы түсініктерін кеңейту және білімдерін одан әрі қалыптастыру. Зейінін, ойлау жылдамдығын, есте сақтау қабілетін дамыту. Елін, жерін сүюге тәрбиелеу болды.
— Қашанда қайырымды істердің ортасынан табылатын ақжаулықты аналамыздың қамқорлығына Төлебиліктердің алғысы қандай?
— «Ана деген бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Расында ақжаулықты, жүректері мейірімге толы жандар, яғни аналарымыз әрқашан демеуді қажет ететін адамдарға,оның ішінде қыз-келіншектерімізге қамқорлығын аяған емес. Кез келген уақытта оларға қолдау білдіріп, түрлі іс-шараларда, мерекелерде құрметтеп, игілікті тірліктеріне қолдау білдіріп жүреміз. Мысалы біздің кеңестің жылдық жоспарына сәйкес, кәсіпкер аналардың қатысуымен «Әйел — ана, әйел — кәсіпкер, әйел — басшы» үй шаруасындағы әйелдер тақырыбында семинар-тренинг өткіздік.
Семинарға ауданымызға танымал жас кәсіпкер Есеналиева Жанеркені шақырдық. Ол көпшілікке өз кәсібі туралы айтып берді.Тәжірбиесімен бөлісті. Отбасының ұйытқысы және табысты әйел бола білуде бақыт қой. Аналар кеңесінің төрайымы ретінде кәсіпкер ананың жұмысымен танысып, ақ батамды бердім.
Ал, еліміздегі өте маңызды мерекелердің бірі, алғыс айту күніне орай, ардақты аналарымыз, яғни кеңес мүшелерімен бірге Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық елді мекенінің тұрғындарына, жалғыз басты зейнеткер кісілерге күнделікті тұрмысқа қажетті азық — түлік заттарын алып бердік. Зейнеткер апаларымыздың иығына орамал жауып тәттілер ұсындық. Апаларымыз ақ батасын беріп, шексіз алғысын білдірді.
Сондай-ақ, дәл осы Алғыс айту күні мерекесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Киелітас ауылдық округі, Достық елдімекеніне қарасты «Рауан» балабақшасында «Туған жерге мың алғыс» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Аталған іс-шара барысында басты құндылығымыз ел тыныштығы мен қазақстандықтардың ауызбіршілігі сақталуына еңбек етіп жүрген азаматтар мен барша округ тұрғындарына алғысымызды жеткіздік. Оларда құрмет көрсетіп, осындай бейбіт елде өмір сүріп жатқандарына шексіз алғыстарын білдірді. «Рауан» балабақшасының бүлдіршіндері өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, ауданымыздың белсенді этнос өкілдері халық арасында ән шырқап, аудан тұрғындарына тәттілер ұсынды. Міне, бұлда біздегі ауызбіршіліктің нағыз үлгісін көрсетеді.
Менің де бұл күні қуанышқа кенелген сәтім болды. Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалы мен аудандық мәдениет үйі және этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен «1 наурыз — Алғыс айту күні» мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде арнайы мерекелік іс-шара өтті. Ауданның қоғамдық саяси өміріне белсене қатысып, өңіріміздің әлеуметтік – экономикалық дамуы жолындағы қажырлы еңбегімді бағалап, Аналар кеңесінің төрайымы ретінде мені және түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі К.Рустемовті алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар мерекеде ауданымыздың белсенді этнос жастары халық әнін шырқап, концерттік қойылымдарын көрсетті.
Ал, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесінде Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының ұжымы аудандық Аналар кеңесінің мүшелерін, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, этносаясатты жүзеге асыру бағытында беделді жұмыс атқарып жүрген бірқатар азаматшаларды атаулы мерекесімен құттықтап, сыйлықтарын табыс етті. Бәріміз керемет қуанышқа кенелдік.
Ұлыстың ұлы күнінде Киелітас ауылдық округі, Жыланбұзған елді мекенінде Төлеби аудандық өзбек және күрді этномәдени бірлестіктерінің ұйымдастыруымен, ауқымды мерекелік іс-шара өткізілді. Аталған іс-шараға Төлеби ауданының белсенді, беделді азаматтары мен ақсақалдары және Жыланбұзған елді мекенінің тұрғындары қатысты. Өзбек және күрді драма театрының өнерпаздары бұл күні әннен шашу шашып, көпшілікті билетіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Көптен бері осындай тартымды шараға шөліркеп қалған тұрғындар серпіліп, жақсы көңіл күймен тарқасты. Сондай-ақ, бізде наурыз мерекесін «ETNO – AYYL» саябағында кең көлемде, жоғары деңгейде атап өттік. Келген қонақтарға ақ батамызды бердік. Ұлыстың ұлы күнінде аналарымыз әсем әуен орындап,барша қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты неке және отбасы деп тани отырып, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Неке — ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ. Жаңадан отау құрған отбасыларға Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындыра білу, және де отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында Адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметті» секторымен бірге «Отбасындағы зорлық – зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында жас отбасылармен кездесу өткізіліп, жаңа өмірге қол ұстасып қадам басқан 5 жұпқа салтанатты түрде неке қию туралы куәліктері табыстадық. Бұл қайырымды шара, жаңа өмірге қадам басқан жас отбасылар үшін үлгі, өнеге болды. Жақсы пікірлер айттық. Оларда ризашылықтарын білдірді.
Төлеби аудандық «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірге, Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мекемесінің тәрбиеленушілеріне тәттілер мен балмұздақ үйлестіріп, қайырымдылық іс-шарасын өткіздік. Аталған іс-шара барысында Аналар кеңесінің мүшелері өздерінің ыстық ықыластары мен алғыстарын білдіріп бата берді. Сонымен қатар, «1 маусым — балаларды қорғау күні» мерекесіне орай, Ленгір қаласына қарасты «Алина» бөбекжайында «Бар мейіріміміз балада» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Аталған іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева және Аналар кеңесі мен ата-аналар қатысты. Іс-шарада «Алина» бөбекжайының бүлдіршіндері өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік қойылымдарын көрсетті.
Сондай-ақ, Төлеби ауданының орталық «Нұр» мешіті және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі «Мектепке жол» Республикалық қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларында тәрбиеленіп отырған 60 оқушыны мектепке қажетті оқу құрал жабдықтарымен қамтамасыз етті. Акцияның мақсаты–аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсету болды. Достық елді мекеніне қарасты, №16 Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебімен бірге, дәл осы бағыттағы «Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы 11 отбасыны мектепке қажетті оқу құрал жабдықтарымен қамтамасыз еттік.
Қарияларымыз біздің қазынамыз ғой. Оларға қандай құрмет көрсетсекте жарасады. 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай, қарттарды ұлықтау мақсатында үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата — бабамыздан келе жатқан салтымыз бағытында «Қоғамдық келісім» мекемесінің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаевамен, кеңес мүшесі Сыздық Сәуле апамызбен бірге ұйымдастырып, Қалалық әжелер алқасының төрайымы Есенова Гүлбазар апамызға және қала аумағындағы бірқатар қарияларға барып, сый сияпатын көрсетіп мерекемен құттықтадық. Асыл аналарымызға көңіл бөлсек, одан асқан бақыт жоқ. Ауданның азаматтары да ақжаулықты аналарды бағалай біледі. Әрқашанда елеп ескеріп, құрметтейді. Мен аналар кеңесінің атынан бірлігі жарасқан Төлебиліктерге алғыс айтамын.
— Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі қоғамдық тұрақтылықты сақтауда жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен ерлі — зайыптылардың ажырасуының алдын – алу және отбасылық құндылықтарды сақтау, аудандағы түрлі этностардың бейбіт өмір сүруі бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді екен. Бұл бізді де өте қуантады. Асыл, ақжаулықты аналарымыздың осындай игі істері елдің ынтымағы мен берекесін арттырып отыр. Оған өзіңіз айтқан осындай ауқымды шаралар дәлел. Сондықтан, аналар кеңесінің барлық мүшесіне тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Төлебидің төрінде ауызбіршіліктің символы болып, аман-есен жүре беріңіздердер деп тілейміз.
Түркістан облыстық Дін Басқармасының тапсырысымен дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатымен Сайрам, Сарыағаш, Келес аудандарында «Әйел әдемі әдебімен» атты 100 кездесу өтті. Оған 10 мыңға мыңға жуық мектеп оқушылары, колледж студенттері мен мешіт шәкірттері қатысты.
Діни сауаттылық пен тұрақтылық мемлекет үшін маңызды мәселе болып тұр. Өкінішке қарай біздің қоғамда деструктивті ағымдарға өкілдері жоқ емес. Мұның бәрі азаматтардың діни сауатты ресми оқу орындарынан ашып алмай, әлеуметтік желі арқылы белгісіз біреулерден үйренуі себеп. Жат ағымдардың жетегінде жүрген адамдар діни білім беретін ресми оқу орындарын місе тұтпай, ілім іздеп шетке шығып кетеді. Оның соңы жиһадшы мен террористік топтарға қосылумен аяқталған жағдайлары бар.
Мектеп оқушылары арасында діни насихат тыңдайтындары баршылық екен. Оларға ҚМДБ имамдары мен РАНТ мүшелерінің, теологтардың уағыздарын тыңдауға, діни білімді тек ресми оқу орындарынан алуға шақырылды.
Бұдан бөлек, қыз тәрбиесі, ерте жүктіліктен, есірткіге еліруден, суицидтен сақтану жолдары айтылды. Жан-жақты білімді әрі еңбекқор болу, уақытты тиімді өткізу сөз болды. Сондай-ақ, мектеп формасы мен әдебін сақтау әрбір оқушының міндеті екені ескертілді.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында өңір аумағында фармацевтика саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бойынша келелі кездесу өтті. Басқосуға ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті, «ОҚО Даму медициналық және фармацевтикалық ұйымдарының қауымдастығы ЗТБ», Түркістан қаласының прокуратурасының өкілдері қатысты.
«ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2023 жылғы 3 сәуірдегі №55 бұйрығымен ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 4 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығымен бекітілген тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тиісті дәріханалық практика стандарты (GPP) егжей-тегжей пысықталып, редакциялық түзетулер енгізілді. Сондай-ақ, қайталанатын талаптары бар тармақтар алынып тасталды», — деді «ОҚО Даму медициналық және фармацевтикалық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ директоры Хадиша Әлжанова.
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы стандарттарға өзгерістер енгізуге байланысты «ОҚО Медициналық және фармацевтикалық даму ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп аудандарда облыс дәріханаларының қызметіне өзгерістер енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шаралардың мақсаты – кәсіпкерлерге мораторий мерзімі аяқталған соң оларға айыппұл салуды болдырмау үшін өзгерістер туралы хабарлау.
2023 жылы қазан айының 14 жұлдызы күні сағат 11.30-дар шамасында М.Әуезов атындағы мектептің 9 «А» сынып оқушысы Мейірбек Ален мен ағасы Құрмет екеуі Машат өзенінде ағып бара жатқан адамды байқап қалады. Суға бір батып, бір шығып бара жатқан адамды құтқару үшін ағайындылар өзенге жан ұшыра түсіп, ептілік пен ағып бара жатқан 78 жастағы әжейді көтеріп, судан шығарып алады. Сөйтіп, бірден «Жедел жәрдем» шақырып, әжейдің отбасына хабар береді. Анықтағандай үйінен 600 метрдей қашықтықта ағып бара жатқан әжей Орынкүл Жаңабаева есімді зейнеткер-ұстаз болып шықты. Қазіргі таңда әжейдің жағдайы жақсы. Қарағылық танытып, ержүректілікпен батырлық танытқан ағайынды Құрмет, Ален Мейірбектерге ауыл тұрғындарымен мектеп ұжымы алғыстарын білдіруде.Бұл ағайынды азаматтарды нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Б. Азимбаев қызметкерлермен бірге Түлкібас ауданы,Машат ауылы М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Мейрібек Ален Ғалымұлымен кездесуге барған.
Мейірбек Ален Ғалымұлы алғашында ағып келе жатқан басқа зат па деп ойлаған.Жақындаған сайын тірі әйел адамы екенін байқаған соң ағасын айқайлап көмекке шақырып ағысы қатты Машат өзеніне секіріп суға тұншыққан қарт ананы аман-есен судан құтқарып алған. Жедел-жәрдем бригадасы келгенше өздері бірінші алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Ален батырымыз өз өмірінің қауіпсіздігіне қарамай қауіп қатерге барған. Ағасы екеуі қарт ананы аман-есен құтқарды. Қазіргі таңда қарт ана Түлкібас орталық ауруханасында ем қабылдауда.Жағдайы тұрақты екен. Өлім мен өмір арасында қас қағым сәттегі іс-әрекет адам өмірін сақтап қалды. Түлкібас ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Б. Азимбаев жас батырларға мектеп ұжымына ата-аналарына ыстық ықласын жеткізді.
25 қазан республика күніне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелері аудандағы №2 Ш. Уалиханов атындағы жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушылыры және оқытушыларымен кездесіп, Республика күнінің маңыздылығын насихаттады. «Менің елім, менің Казақстаным» атты тақырыптағы тәрибиелік маңызы айрықша іс-шара
№1 Қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – Қазақстан елінің жері, рәміздері, тіл саясаты, тәуелсіздік жолындағы белестерге тоқталып оқушылырдың туған елге деген сүйіспеншілігін арттыру. Сондай — ақ жастарға рухани — адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
Айта кетейік, 2022 жылдың шілде айында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндердің тізіміне бірқатар өзгерістер енгізудің уақыты келгенін мәлімдеген болатын. Президент ел тарихындағы маңызды басқосуда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні еліміздің мемлекеттілікке батыл қадам жасауының символына айналуы тиіс екенін де атап өтті.
«Жалпы өткен тарихқа шегініс жасап, айтар болсақ 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Декларацияға сәйкес, Республика маңызды мәселелерде – әлеуметтік, экономикалық, мәдени, ұлттық құрылыста шексіз егемендікке ие болды. Республиканың барлық байлығы, оның ішінде жер асты байлығы Қазақ КСР-нің айрықша меншігі болып жарияланды. Осыдан-ақ, бұл күннің еліміз үшін маңыздылығын бағамдай беруге болады. Бұл Декларацияның құндылығы — тәуелсіздік қарсаңында қабылданған тарихи құжат. Бұл құжаттың негізінде қазақтың тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізі бекітілген. Құжатта алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған құл сұғылмайтындығы, Қазақстанда тұрып жатқан этнос өкілдерінің, халқымыздың төл мәдениетін, дәстүрін, тілін сақтау және дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты ережелер бекітілді. Бұл құжатта саяси-экономикалық және әлеуметік мәселелерді өз бетінше шешу қағидасы жарияланды. Міне осындай қадамдар халыққа ерекше серпіліс берді», — деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова.
Ия,расында Декларация Қазақстанның әлемнің басқа мемлекеттерімен экономикалық, саяси және мәдени қатынастарды дербес дамытуға құқығы бар екенін жариялады.Яғни, «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы нақты және нық қадам болды деп толық есептеуге болады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарындағы алғашқы тарихи орын алған датаны атап өту, оны жастарға барынша насихаттау және тарихи оқиғаларды жан-жақты дәріптеу өте маңызды.
«Ұлттық мерекелер қатарына ҚР алғашқы декларациясының қабылданғанын 25 қазанда атап өту Президенттің қолдауымен қайта жаңғыртып отыр. Біздің ата-бабаларымыз сонау ғасырлар бойы осы тәуесіздік үшін күрескен. Біздің елімізде мерекелер үш топқа бөлінеді: ұлттық, мемлекеттік және кәсіби. Жалғыз ұлттық мереке – Республика күні. Бұл күн — Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ерекше тарихи маңызы бар оқиға. Бұл тәуелсіздік туралы алғашқы құжат болғандықтан, оны барынша кеңінен насихаттау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Қазақстан өз егемендігін алғаннан бастап үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Әлемдік қауымдастық ортасынан ойып тұрып орын алдық. Нарықтық экномиканы қалыптастырып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Орталық Азия, ТМД елдерінің арасында көш бастап келеміз. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауға, нығайтуға барлық Қазақстан азаматтары атсалысып, бірлігі бекем ел болуымыз керек. Жастарға атаулы датаның маңыздылығын, Республика күнін басқа мемлекеттерде қалай тойлайтынын, сондай-ақ егемендіктің басты құндылығын айтып, олардың санасына сіңіру бойынша маңызды кездесулерді өткізіп келеміз», — деді кеңес мүшелері.
Айта кетейік, Қазақстаннан бөлек көптеген елдер де өздерінің Республика күнін атап өтеді. Мысалы, Қытайда бұл күн бес күн бойы ұлттық мереке ретінде тойланады. Ресейде Республика күні 12 маусым күні мерекеленеді екен.
Астана қаласындағы «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық Кеңесінің отырыс соңы, Астана қалалық мәслихатының жұмыс тәжірибесімен танысып, бірнеше нысандарды аралауға ұласты.
Алдымен қаладағы 700 орынға шақталған оқушылар сарайына бас сұқты. Заманауи үлгіде бой көтерген ғимарат оқушылар үшін толыққанды жағдаймен қамтылған. Мәслихат төрағалары ғимарат ішін аралап, соңғы үлгідегі озық жабдықтар таныстырылды. Осыдан кейін, Астана қалалық «iKOMEK109» орталығының жұмысын көріп, мәслихат жұмысымен танысты.
Айта кетейік, бұл өз кезегінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ мен Астана қаласы мәслихатының бірлесіп ұйымдастырған кезекті іс-шарасы. Келер жылдың наурызында елімізде жергілікті өкілді органдар ретінде мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толады. Тараптар осы бағытта да қала аумағында бірқатар жобаларды қолға алуды жоспарлап, тарқасты.
Бүгін Мәслихаттар және жалпы депутаттарға арналған тұңғыш кәсіби кітаптың тұсауы кесілді.
Елордадағы Достық үйінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев пен мәдениеттанушы-философ, политтехнолог Абылайхан Қалназаровтың бірлескен авторлығымен шыққан «Мәслихат депутаты қандай болуы керек?» атты салалық тұңғыш кәсіби кітаптың тұсауы кесілді. Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Н.Әбішов Астанда өткен кәсіби кітаптың тұсау кесу шарасына арнайы шақыртумен қатысты.
Кітап қоғам өмірінің өзекті мәселелері мен теріс құбылыстарын еңсеруде барлық деңгейдегі мәслихаттарға бағыт-бағдар беруге арнап жазылған саяси трактат. Жергілікті өзін-өзі басқарудың теориялық және әлеуметтік қатпарларын зерттеп зерделей отырып авторлар мемлекеттегі әкімшілік-аумақтық бөлік тұрғындарының және оның сайланбалы органдарының жергілікті істерді басқару жөніндегі дербес қызметін жан-жақты сипаттайды.
Бұл кітапта бай өмірлік және кәсіби тәжірибемен ұшқыр да заманауи саяси-теориялық білім шебер ұштасты» деп атап өтті жиында.
Өз кезегінде А. Қалназаровтың қазіргі таңда үш бағыттағы тұңғыш кітаптардың авторы болып отырғанын да айта кету керек.
Айта кетейік, бұл іс-шара «Астана қаласы мәслихатының жұмысын ұйымдастыру және жергілікті өкілді органдардың қызметін жетілдіру тәжірибесі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында реформаларды іске асыру жөніндегі заңнама мәселесі» тақырыбы бойынша өткізілген «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық Кеңесінің отырысы аясында жасалды.
Биыл, қазақтың қоғам қайраткері, шешен, үш жүздің төбе биі Төле Әлібекұлының туғанына 360 жыл толды. Айтулы датаға орай Түркістан облысының әр аудан-қалаларында елді бірлік пен бейбітшілікке, жастарды адамгершілікке және парасаттылыққа тәрбиелейтін және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үндейтін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осындай игі шаралардың бірі Төлеби ауданында өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «Төле бабамыздың өмір жолы мен шешендік сөздері» атты тақырыпта өткен интелектуалды сайысқа түрлі этнос өкілдерінің жастары қатысты. Басты мақсат аудан аумағындағы түрлі этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, құрметтеу, сондай-ақ, қазақ әдебиетіндегі түрлі ақын-жазушылардың Тәуелсіздік жайында жырлаған шығармалары арқылы өскелең ұрпақ бойына дұрыс тәлім-тәрбие беріп, жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке баулу, болашақ ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей отырып жастардың сөз шеберліктерін шыңдау және олардың арасынан талантты, дарынды жастарды анықтау. Сондай-ақ Қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, «Жеті жарғы» авторларының бірі, шешен Төле Әлібекұлының өмірін келешек ұрпаққа насихаттау болып табылады.
Осы тұрғыда, Төлеби бабамыздың өмір жолы мен қазақ халқының ауызбіршілігін нығайтуға қосқан үлесі жайында айтылған тарихи деректерге тоқталсақ.
Төле Әлібекұлы бала күнінен әкесіне еріп жүріп, ел көрген, жұрт таныған, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған, ерек ұл болып өседі. Әкесі Әлібек ортасына сыйлы шешен би болған деседі. Бала Төле он бес жасқа толғанда, анасы дүниеден озыпты. Сол шақтан бастап ол билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен елге танылады. Туралықты тұғыр еткен Төле биді халық арасында «Қарлығаш әулие» деп те атап кеткен екен. Аңыз бойынша Төле орта бойлы, сымбатты, нұрлы кісі болған.
Төле Әлібекұлы Ұлы жүздің бас биі болған. Қазыбек би, Әйтеке бидің қолдауымен үш жүзге төбе би болып сайланып, ел ішілік, ел аралық дауларды шешкен. Қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері. Сондай-ақ ол Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығаруға зор еңбек сіңірген ұлы тұлға. Әйгілі Абылай ханның ел тізгінін ұстайтын тұлға болып қалыптасуында да Төле бидің рөлі ерекше болған.
Тәуке ханның тұсында Төле би «Билер кеңесінің» мүшесі ретінде елдік мүдедегі істердің оң шешілуіне айтарлықтай үлес қосып, жыл сайын өтетін бүкілхалықтық жиынды ұйымдастырушылардың бірі болған. Ол Орта жүздің төбе биі Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Әйтекемен бірге Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене қатысқан.
Тарихи деректерге сүйенсек, Ордабасы жиыны кезінде Төле би басшылық жасап, жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйытқы болып, шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясат жүргізген. Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің еңбегі орасан.
1742 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда, оны тұтқыннан босатуда Төле би белсенділік танытты. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Әбілқайыр хан мен Төле бидің Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатуға ықпал жасауын өтінгені айтылады. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастаған 90 адам елші боп барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады.
Төле би ішкі және сыртқы саясатта сара бағыт ұстанды. Хандық пен мемлекет тұтастығын, тәуелсіздігін діттеп, жаугершілікте дұшпан қолында қалған қалалар мен жерлерді қайтаруға күш салды. Ресей мен Қазақ хандығы арасында байланыс орнатып, қарым-қатынасты дамытуға да үлес қосты.
Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығарушылардың бірі де — Төле би. Он жетінші ғасырда Қазақ хандығына ыдырау қаупі төніп, Тәуке хан елдің ауызбіршілігін нығайту үшін жаңа шараларды қолға алады. Қазақ қоғамына мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ететін жаңа заңдар жүйесі қажет еді. Тәуке хан үш жүздің игі жақсыларын жинап, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген заңдар жинағын қабылдайды. Олардың арасында атақты Төле би де болған. «Жеті жарғы» бойынша ел ішінде көтеріліс жасап, бүлік шығарғандар мен түркі халқының мүддесін сатып, елге опасыздық жасағандарға қатаң жаза қолданылып, біртұтас, бірлігі бекем мемлекетті сақтауға септігін тигізген.
Міне, дәл осындай қазақтың қоғам қайраткерін насихаттай отырып, түрлі этнос өкілдерінің ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруды мақсат еткен интелектуалды сайысқа аудан аумағынан 5 білім ордасының шәкірттері сынға түсіп, бар өнерлерін ортаға сала білді. Ал, сайыстың нәтижесі бойынша Әл-Фараби атындағы жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары жүлделі І-орынды иеленді.
Ал ІІ-орынға Сұлтан-Рабат жалпы орта мектебінің оқушылары лайық деп танылса, №16 Ш.Уалиханов ЖОББМ-нің оқушылары ІІІ-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, IV орынды Жеңіс ЖОББМ-нің оқушылары, V орынды М.Х.Дулати ЖОББМ-нің оқушылары иемденіп, сайысқа қатысушы жеңімпаздар арнайы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Сонымен қатар, іс-шараға оқушыларды дайындаған мектептің жетекші мұғалімдері аудандық мәслихаттың төрағасы Н.Қойбағаров пен аудан әкімінің орынбасары С.Дүйсебаевтың арнайы алғыс хаттары табысталды.