Сауран: Кәсіпкерлерге арнайы жер беріліп, келіссөздер жасалды.

Сауран ауданы көлемінде кәсіпкерлер санының артуына бірден-бір себеп — жылдан-жылға кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолайлы бағдарламалар ұсынылып, қолдаулар көрсетілуде. Осы ретте аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Иассы ауылдық округінде кәсіпкерлермен кездесіп, шағын кәсіпкерлікті қолдау үшін арнайы 9 гектар жерге қазықтары тағылып, орындары белгіленді. Кәсіпкерлер түрлі бағытта шағын және орта бизнесін дамыту үшін алдағы уақытта жұмыстарын жалғастыратын болады.

Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлерге барлық бағыт бойынша қолдау көрсететіндігін жеткізді. Аталмыш индустриалды аймақта кәсіпкерлер өздері тарапынан атқаратын жұмыстарын айтып, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтымақ. Бұл бастама ауданның көркеюі мен дамуы тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына, жұмыс күшінің артуына сеп болмақ. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің өркендеуіне оң серпін бермек.

Иассы ауылдық округіндегі индустриалды аймаққа өз кәсіптерін бастауға ниетті азаматтардың жұмыстарына тоқталып өтсек. Жеке кәсіпкер Фархад Абишев 15 соттық жерге бурчатка шығаратын цехты іске қоспақ. Ал, жеке кәсіпкер Қанат Қыдырбек 15, Рустем Худайбергенов 60, Худратулла Мамадалиев 15 соттық жерге жиһаз өндірісін ашқалы отыр. Сонымен қатар, Данияр Қасымов 15 соттық жерге пенопласт, клей, Зафар Зайров 30 соттық жерге пенопласт, Жеңіс Тойбеков шеге, темір бұйымдарынан және метал өнімдерінен құрылыс заттарын шығаратын цехтарды ашуды көздеп отыр.

Жиында аумақты бөліске алған кәсіпкерлерге индустриалды аймақтың құжаттарын дайындауға көмек көрсетіледі. Қажетті электр жарығы мен су тағы басқа көптеген мәселелер ауылдық округ әкімдігі тарапынан жүзеге асырылады. Шара соңында Иассы ауылдық округінің әкімі Сыздық Пірметов пен кәсіпкерлер арасында екі жақты меморандум жасалды.

Сауран ауданында 165 адамды жұмыспен қамтитын жаңа жобалар жүзеге асады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге инвестиция тарту – ең маңызды міндеттердің бірі екенін айтып келеді. Бұл аймақтардың әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Президент еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыруды да тапсырған болатын. Бұл бағытта өңірлерге жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі екенін де атап өтті.

«Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет. Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады», деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шет елге барған әрбір басшысының сапары оң нәтиже беру керектігін де атап өткен болатын.

«Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деді Президент.

Бұл бағытта Түркістан облысында нақты жобалар қолға алынып, инвесторлар тарту шаралары қарқынды түрде орындалуда. Облыс әкімі өндіріс орнын ашып, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгіземін дейтін азаматтарға да ерекше қолдау білдіріп келеді. Осындай ауқымды жобаларды Сауран ауданында «Жаңа Жібек жолы» ЖШС жүзеге асырмақ. Компания құрылтайшысы Нұртай Шайакыметпен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвестициялық жобаларға қашанда қолдау көрсетілетінін айтып, қабылдауға келген шетелдік инвесторлармен де келіссөз жүргізді.

– Түркістан өңіріне қош келіпсіздер. Түркістан – елімізде мақта өсірілетін жалғыз облыс. Сондықтан осы саланы мейлінше дамытып, мақта кластерін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Осы бағытта жұмыстар жүруде. Біз мақта сұрыбын жақсартып, мақтаны терең өңдейтін зауыттар ашамыз. Сіздер ұсынған жобаларды қарастырып, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

 

«Жаңа Жібек жолы» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұртай Шайакымет Сауран ауданында мақта шаруашылығын дамыту бағытында жүзеге асырғалы жатқан жобаларын таныстырды. Біріншісі – Сауран ауданы, Үшқайық ауылдық округінде су үнемдеу техногияларын пайдалана отырып жоғарғы сортты мақта дақылын өндіру көзделген. Жоба құны – 1,5 млрд. тенге. Жер көлемі – 1000 га, іске асыру кезеңі – 2024-2025 жылдар аралығы, 30 адам жұмыспен қамтылады. Екінші жоба – Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінде су үнемдеу техногияларын пайдалана отырып, ауыл шаруашылық өнімдерін дамыту. Жоба құны – 500 млн тенге, жер көлемі – 518 га. Мұнда 200 га жерге тұқымдық мақта, 200 га жерге тәтті жүгері және 118 га жерге ащы бұрыш егу көзделген. 2024-2025 жылдары жүзеге асатын жоба арқылы 15 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен бірге Ескі Иқан ауылдық округінде замануи технологиялар қолданылған мақта өңдеу зауытын салу көзделген. Жоба жүзеге асса, 120 адам жұмыспен қамтылады. Бұл жобалардың бастамашысы – «Жаңа Жібек жолы» ЖШС.

Жалпы, Түркістан облысында инвестиция тартуға басым бағыт берілген. Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестормен жеке кездесіп, қолдап, әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылайды. Барлық аудан, қала әкіміне нақты индикаторлар бекітілген. Аудан, қала басшылары жергілікті кәсіпкерлермен бірге Түркия, Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапарларда болды. Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралап, алпауыт компаниялармен келісімдер жасалды. Озық шетел тәжірибесі кеңінен қолдану мақсатында атқарылған тиісті жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде. 6 жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция 3 есеге артып, 2023 жылы 972 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Оның ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамытуға басымдық берілді. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд. теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән берілген. Ең алдымен, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Екіншіден, өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 млрд теңге болатын 10 жоба жоспарланса, соның жетеуі (24,2 млрд теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесін шығаратын «BNK group» компаниялары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 млрд теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасымен осындай парктерді аудандарда да салынады. Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы да айрықша назарда. 2024-2027 жылдар аралығында 2,1 трлн теңгеге 145 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беріліп, осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрақты түрде Өңірлік инвестициялық штаб отырыстарына төрағалық етіп, осы саладағы мәселелерді бақылауда ұстап отыр. Сонымен бірге шет мемлекеттердің инвесторларымен тұрақты түрде келіссөз жүруде. Нәтижесінде инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарынан табылып жүр.

Ал, жыл басынан бері Түркістан облысының негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 420,8 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге артқан. Оның ішінде, 344,3 млрд теңге немесе 80%-дан астамы – жеке инвестиция құрайды. Өңір капиталына салынған инвестициялардың басым үлесі Түркістан қаласы (35,2%) және Созақ (15,4%), Сайрам (6%), Сарыағаш (5,5%) аудандарына тиесілі. Пайдалану бағыты бойынша негізгі 29% үлесі өнеркәсіп арқылы үйлестірілген. Ол 123,9 млрд теңгені құрайды, Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіне 64,1 млрд теңге бағытталса, өңдеу өнеркәсібіне 25,3 млрд теңге тартылған. Ауыл шаруашылығының үлесі 28%-ды құрап, 116,4 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде, егін шаруашылығы – 31 млрд теңге, ал мал шаруашылығы – 21,4 млрд теңге.

Кездесу барысында өңір басшысы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен  жауапты басқарма басшыларына инвесторға сүймелдеу жұмыстарын жүргізуді, инфрақұрылым бойынша көмектесуді тапсырды.

Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы

Түркістан облысының әжелері “Даналық мектебінің клубы” сабақтарын өткізу бойынша, «Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы» тақырыбында бесікке салу салт-дәстүрін орындады. Аталған мәдени-рухани шаралар өңірдің білім беру мекемелерінде ұйымдастырылып келеді. Басты мақсат, қазақтың салт-дәстүрін насихаттау, «Салт-дәстүр», «Әдеп –ғұрып» ұғымдарының мәнін ашу және оларды сақтап, құрметпен қарау, сондай-ақ өркениетке барар ұлт болашағын айқындайтын факторлардың бірі екендігін ұғындыру.

 

«Қазақ халқы бесікті тәлім – тәрбиенің қайнар көзі, бабамыздан  қалған  киелі  мүлік,  қой үстінен бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршіліктің белгісі деп есептеген. Бесікті қатты қадірлейтіндігі  соншалықты, қазақ атасы жатқан бесікке бала, немере, шөбере, шөпшек, тіпті туажатына  дейін  бөлеген екен. Яғни, ол сан ғасырлардан бері құндылығын жоғалтпаған ұлттың алтын ұясы. Баланы бесікке бөлеу — қазақ халқына тән ұлттық қасиет. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш болады, бойы жылы және тәні таза болады. Жас сәбиді бесікке бөлеу халқымыз үшін елеулі дәстүрлердің бірі болған. Бесікке салу жолы көпті көрген ақжаулықты аналарымызға, елдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне тапсырылған. Әжелеріміз бесікті отпен аластап, «тыштырма» жасап, баланы бесікке бөлейді. Дәстүрге сәйкес бесіктің үстіне жеті түрлі қадірлі, қасиетті таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар» кәде сыйы да беріліп, бөлеген сәбиді тербетіп отырып аналарымыз бар мейірімін төгіп, бесік жырын айтқан. Бесік – сәбидің алтын ұясы, «Ел іші алтын – алтын бесік» деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді.  Бесік жырының басты қызметі —тербелісіне ыңғайлас сазды әуен және ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, сәдидің жан дүниесі мен оның санасына  ұлттық  тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Қазақ  халқының  бесік  жыры  «Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!» деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын, ана арманы қиялға ұштасып, баланың болашағына жол сілтейтін шумақтарға ұласып отырған. Бұл дана халқымыздың ұрпағына және оның тәрбиесіне деген басты назары, мейірімі мен құндылығы деуге болады.  Қазіргі таңда кейбір әжелеріміз немерелері мен шөберелеріне ертегі, жыр айтпақ түгілі ұрпағының денсаулығына да алаңдамайтын секілді. Бірақ бұл дұрыс емес. Ал, кейбір дәрігерлер баланы бесікке бөлемеуге кеңес береді. Баланы бесікке салу зиян, шүмектерінің тазалық тұрғыдан талапқа сай емес деген секілді пікірлерді ұстанып жүргені баршамызға аян. Бірақ, данышпан халқымыз «тәрбие – тал  бесіктен», «есік  көргенді  алма, бесік  көргенді ал», деп ұрпағының тәлім –тәрбиесіне баса назар аударғанын ұмытпағанымыз абзал. Себебі, ата-бабамыздан қалған құнды мұра бесіктен қазақтың атақты ұл -қыздары еш кедергісіз өсіп-дамып, еліміздің талай батыл азаматтары шыңдалғандарын атап өткім келеді.» — дейді Арыс қалалық әжелер құрамының төрайымы Айымхан Тәшімбетова

Расында, Айымхан апамыздың айтқанын орынды пікір деп қабылдауға болады. Бесік жырын естіп, ұғынып өскен ұлы даланың талай дана азаматтары дүниежүзіне танымал тұлғалар атанды. Бесіктің және бесік жырының пайдасын атақты академик, ғалымдар да дәлелдеп берген екен. Мысалы, кейбір деректерге сүйенсек 1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаған академик Владимир Бехтерев «Балалардағы невроз ауруының алдын-алу үшін, бесік жырын тыңдату керек» деген тұжырым айтқан екен. Ал, психолог Виталий Леутиннің бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртыстарындағы нейрондардың дұрыс дамуына түрткі болады деп атап өтіпті. Ал, Америкалық психолог, медицина ғылымдарының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Гроф өзінің ғылыми кітабында бесік жыры баланың психотерапевтік аурудан жазылуына бірден-бір себеп бола алатынын мәлімдеген екен. Жалпы бесік жырының ерекше маңызы туралы сөз қозғаған беделді ғалымдар аз емес және олар бұл бағытта нақты зерттеулер жүргізіп, бесік жырының сәбидің дамуына оң әсер ететінін айтып кеткен.

Сондықтанда, өңірдегі білім ордаларында ұйымдастырылып жатқан игі шаралардың кейінгі ұрпаққа берер тәлім — тәрбиесі ерекше. Себебі асыл аналарымыз жас өркендерге қазақ халқының өркениеті мен руханиятын насихаттап, оларға үлгі — өнеге көрсетіп жүр. Ананың балаға берер тәрбиесі, мейірімі дәл осы бесік жырымен үндеседі.

« Баланың  психологиясына әсер етіп, өмірге деген сүйіспешілігін оятуға әсер ететін алғашқы қадамдардың бірі — аналардың бесік жыры. Ал, әрбір баланың алғашқы ұстазы, ол – ана. Ешбір ана баласының жаман болғанын қаламайды. Баланың жақсы болуы аналардың қолында, сондықтан ғасырлар бойы жалғастығы үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлерді санадан шығармай, баламыздың бойына дарытуға көңіл бөліп, білмегенімізді ізденіп  тауып, тәрбиеге аса көңіл бөлетін жағдайға жетіп отырмыз. Айтпағым, бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Қазіргі таңда көп ата-ана баласының бойында ашушаңдық, мейірімсіздік бар екенін байқап, оның қайдан пайда болғанына таң қалып жатады. Бұл сізбен біз берген бастапқы тәрбиеден. Интернет және жат қылықтар баланың даму жүйесіне осылай әсер етеді. Бұл мәселе турасында, қазір ғана емес, әр кездері үлкен мінберлерде айтылып келеді. Ал, біз осындай игі істермен жастарымызға ой сала отырып, халқымыздың салт-дәстүрлері мен шешендік сөз өнері маңыздылығын жеткізуге тырысып келеміз. Себебі, жастарға біліммен қатар дұрыс тәрбие беру де маңызды. Білім мен тәрбие қатар берілсе ғана жастардың бойына адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, елдік сана мен ұлттық рухты, халқымыздың мәңгілік ұлттық идеясын қалыптастыра аламыз. Ал оның таусылмас қоры ұлттық тәрбие, ұлттық санада екені анық. Ұлттық тәрбиеден нәр алып, санасына сіңірген адам жалпы адамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бағалап, кемел адам сатысына көтеріле беретіні сөзсіз» — дейді әжелер құрамының мүшесі Исаева Несібелі

 

«Бесік жыры – бар тәлімнің бастауы», деген әжелеріміз бесікке бөлеудің пайдасы ерекше екенін айтады.Біріншіден, қолы мен аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды,  жиі шошынады. Ол сәбидің жүйке жүйесінің дұрыс жетілмеуіне әсерін тигізеді. Сонымен қатар, ұйқысы қанбаған  баланың санасы мен ой зердесі өз уақытында толық  жетілмейді. Екіншіден, баланың мазасыздығы ананың психологиясына да әсер етедi. Ал, мұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі.

Сондықтан бесікке жатпаған  бала  болашақта  сабырсыз, мейірімсіз болуына себеп болуы мүмкін. Керісінше бесікке бөленген сәбиді бесiктен шешкен кезде, сәбидің керiлiп, созылып рахаттануы, денесінің әр түрлі күйде болуы оған ерекше демалыс сыйлайды емес пе?! Бесікте жатқан баланың тұла бойы  таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Сәбидің денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Бесікке бөлеу әдісі құрғақ табиғи таза мақтадан жасалған жұмсақ дәке, шыт сияқты материалдарды пайдалану арқылы жүзеге асатындықтан бала денсаулығына да зияны болмайды. Сондықтан бесікке бөлеу — мықты денсаулық  кепілі деп айтуға негіз бар. Себебі қазіргі қолданыстағы памперстер, тек химиялық жолмен алынған заттар, оның бала денсаулығына тигізер зияны туралы туралы айтпаса да түсінікті. Негізі бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңсе,оның бойында қайырымды мінез қалыптасады,  бесік  жырын  тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Бесік жырының баланың көкірек көзін ашып, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді.  Жалпы бесік жырында қазақ халқының төл тарихы, мәдениеті мен дәстүрі, наным-сенім мен дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын халқымыз ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Тіпті ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендерде құлағын салып тыңдап отыратын. Яғни, ананың балаға деген мейірі, махаббаты, ой-арманы, ізгі ниеті, халықтың ақыл өсиеттері бесік жырында айқын керінеді.