ТҮРКІСТАНДА «KONE TURKI DASTURI» АТТЫ ЭТНОФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

Түркістанда «Kone turki dasturi» этнофестивалі мен «Бір ауыл – бір өнім» атты өңірлік көрме өтті. Көрмеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қоғам қайраткері Әлихан Байменов, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нұрлан Қоянбаев бастаған өнер адамдары қатысты.

Көне салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарды дамыту және ұлттық ойындарды жаңғырту, өңірдің туризм саласын мақсатында өткен іс-шарада қолөнер шеберлерінің туындылары қойылып, шеберлік сабақтары да өтті. Түркістан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Open Turkistan» туристік ақпарат орталығы бірлесе ұйымдастырған іс-шарада өңір кәсіпкерлерінің өнімдері де ұсынылды. Атап айтқанда, қолөнер шеберлерінің өнімдері, бал, құрт, кептірілген жеміс-жидектер, сүт пен кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, сабын және тағы басқа тауарлар қойылды.

– Бұл шараның өңірдегі шағын кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жергілікті шеберлердің бірегей дәстүрлерін, мәдени мұрасын және шеберлігін көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл ұлттық қазақстандық бірегейлікті әлемдік деңгейде сақтауға және ілгерілетуге ықпал етеді деп сенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Аслан Ибадуллаевтың айтуынша отандық өнімдер одан әрі маркетингтік қолдауға ие болып, брендтеліп, сертификатталады. Бұл жергілікті тауарларға деген сұранысты арттырып, оларды экспортқа шығаруға мүмкіндік бермек.

Іс-шара барысында отандық тауар өндіруші кәсіпкерлердің өнімдері бағаланып, үздіктер анықталды. Қатысқан қолөнершілерге алғыс хаттар берілді. Одан өзге, ұлттық ойындарды ұмыт қалдырмау мақсатында қол күрес, гір көтеру, арқан тартыс және қой көтеруден жарыстар өтіп, жеңімпаздар түрлі сыйлықтарға ие болды.

Тарихи нысандарды жаңғырту және елдің мәдени мұрасын сақтау басты назарда

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің маңызды мәдени мұра нысандарындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында Аида Балаева «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Қылует жерасты мешітіне және Яссы-Күлтөбе ортағасырлық қалашығына барды. Министр «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлттық» мәртебе беру оның Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау үшін маңыздылығын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы — археологиялық және сәулет ескерткіштерінің бірегей кешені, мұнда халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар 45 нысан бар. Жыл сайын 350 мыңнан астам адам келетін жер Қазақстанның ең қастерлі мекендерінің бірі», — деп атап өтті министр.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған кезде оны сақтаудың нақты шаралары талқыланды. Министр 2023 жылы жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде кесене құрылымын нығайту бойынша шұғыл іс-қимылдардың қажеттігі анықтағанын атап өтті. Ол кесене айналасындағы жасыл желектерді шамадан тыс суару нысанға теріс әсер еткенін, нәтижесінде жасыл желектердің бір бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл процесс қазірдің өзінде автоматтандырылған бақылау жүйесі арқылы бақыланады. Құрылымның одан әрі тозуына жол бермеу үшін 100 тоннадан астам қоқыс пен топырақ шығарылған.

Аида Балаева Қылует жерасты мешітіне ерекше назар аударып, 2021 жылы Түрік Республикасының «TIKA» ұйымы арқылы осы нысанды музей ретінде жаңғыртуды ұсынғанын атап өтті. Дегенмен, Қылуеттің тарихи келбетін сақтау үшін Түрік шеберлерінің жұмысын сүйемелдейтін топ құру туралы шешім қабылданды, бұл шынайылық пен тарихи мұраны құрметтеуді қамтамасыз етеді. Министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы қайта құрылған ғимараттардың бірінде ұйымдастырылған мониторинг орталығы жұмысының маңыздылығына да назар аударды. Орталық жұмысы аясында температура мен ылғал режимін, қабырғалардың түзулігін және басқаларын үздіксіз режимде бақылайтын 100-ден астам қондырғысы бар автоматтандырылған мониторинг жүйесі қойылды.

«2023 жылдың желтоқсан айынан бастап автоматты мониторинг жүйесі ескерткіштің сақталуына әсер ететін әртүрлі процестерді, соның ішінде микроклиматты үздіксіз қадағалап отырады. Атап айтқанда, жүйе жасыл желектерді жақында алып тастауға байланысты өзгерістерді тіркейді, бұл кез келген жойылу қаупіне жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Мониторинг-орталық сонымен қатар кесененің жай-күйін зерделейтін және оны сақтау шараларын әзірлейтін отандық және шетелдік сарапшыларды қабылдайтын негізгі пункт болып табылады. Мұнда барлық ғылыми-зерттеу және техникалық деректерді жинау, талдау жүзеге асырылады. Бұл ЮНЕСКО-ның осы маңызды Дүниежүзілік мұра нысанын тиімді басқаруға мүмкіндік береді», — деп толықтырды министр.

Сонымен қатар, Аида Балаева Яссы-Күлтөбе ортағасырлық қалашығында болып, бірегей тарихи ескерткішті сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған археологиялық қазбалармен және қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі әрбір маңызды нысандарға қажетінше қолдау мен назар аударуды қамтамасыз ете отырып, елдің мәдени мұрасын сақтау бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі — ұлттық құндылықтарға толы

Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Келес ауданының мәдени күндері өтті. Екі күнге жоспарланған бағдарлама ұлттық құндылықтарға толы болды. Мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қоғам қайраткері Әлихан Байменов, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нұрлан Қоянбаев бастаған өнер адамдары қатысып, тамашалады.

Іс-шара Этноауыл кешенінен бастау алды. Алдымен мұнда келушілерге ұлттық сусындар ұсынылды. Қонақтар Келес ауданының қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүрлер көрінісін саханалады. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында қылқалам шеберлері мен кітап көрмесі де жасақталды. Ауданда өндірілетін тауарлар көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданның әлеуетін көрсетті. Салтанатты шара барысында көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылып, қонақтар берекелі дастарханнан дәм татты. Сонымен қатар Келес ауданы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы сахналанып, айтыс, жыр-терме, дәстүрлі әндер шырқалды. Сондай-ақ, Келес ауданының мәдени күндері шарасында этноауылда ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды және қазақтың көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары насихатталды. Соның ішінде ауданның әжелері киіз басу және жүн тұту өнерін дәріптеп, келуші қонақтарды тәнті етті. Ақ жаулықты аналарымыздан ерекше қолөнердің қыр-сырын сұрап көрдік.

« — Киіз басу – ықылым заманнан келе жатқан халқымыздың көркемдік құндылығы ерекше қолөнерінің бірі. Он саусағынан өнер тамған әжелеріміздің қолынан туған бұл дүние шеберліктің биік үлгісі деп айтуға болады. Оны ешкімде жоққа шығара алмайды.Көздің жауын алатын қызылды-жасылды оюлар қараған жанарды бір мезетке еріксіз тоқтатып, әсемдік әлемін паш ете түсетіні анық. Сондықтан да болар, көшпелі қазақтың күмбезді шаңырағының көркі болған киіз халық арасында қашанда өз маңызын жоймаған. Енді қазіргі таңда ұлттық дәстүрді ауызша айтып, ұрпаққа мұра, аманат ете алмайсың. Оны өзің бастап істеп, бала-шағаңа үйретіп,  қолмен ұстатып көрсетуің керек. Олай болмаса, дәстүрді дамытамын деу – ыдыстың ернеуінен сыртқа төгілген сумен тең. Еңбегің еш кетеді деген сөз.»

— Апа, қазір бұл өнерді насихаттау, дәріптеу қандай деңгейде деп ойлайсыз? Қазіргі жастар бұл салтымызды қаншалықты біледі?

« — Бүгінде  киіз басу өнері – мүлдем жоқ деуден аулақпыз. Мектептердегі технология пәні мұғалімдерінде киіз басу өнерінде ізденушілік бар. Ал, ертеректегі екі үйдің бірінде білекті түріп, әлгі текемет әнін салып жіберетін күннің бізден алыстағаны қашан. Ауылдың түтіні қашан да түзу ұшқан. Адамы кең пейіл, мінезі дархан. Әр үйінде, қымыз-қымыран, айран-ашытпасы дайын. Жазда ауылдың үлкен анасы бас­тап, оны қыз-келіншектер қолдап, бір күнде бірнеше киізді басып тастайтын. Тай қазандағы қайнап жатқан ыстық суды киізге бүркіп, шынтағы күйіп бара жатса да шыдайтын еді жарықтықтар. Қыздар жиденің шыбығымен жүн сабаса, келіншектер иі қанған киізге түр салуға кірісетін. Кеш қараймай тұрып киіз де басылатын, ән де айтылатын. Қазақтың бас тағамы – ет те желінетін, қымыз да ішілетін. Жалпы «Киіз басу» ауыл қазақтары үшін кәдімгі тойдан кем түспейтін үлкен рәсім және ерекше дайындықпен өтеді. Мосқал тартқан кейуаналардан бастап бұрымы желбіреген он жасар қызға дейін бұл қауырт істен шеткері қалмай, бір адамдай атсалысқан. Мұның негізгі астарында қыздарды кішкентайынан қолөнерге баулуға бағытталған тәрбие жатса керек.

Киіз басуға қолы іс білетін де, білмейтін де әйелдер түгел жиналған. Киіз басудың кәнігі шебері болып алған апалар басты жауапкершілікті өздеріне алса, бұл өнермен енді-енді танысып жүрген жас келіншектер су ысытып, қажетті құралдарды дайындап, сол қызу тірліктің басы-қасында жүреді. Екі-үш жылдан кейін олар да киіз басуға әжептәуір жаттығып алады. Ең әуелі киіз басу үшін жүнді жақсылап сабау керек. Оған ірі қара малдың жақсылап керіп кептірген тері-тулағы және жас талдан қиып, арнайы көлеңкеде кептірген сабау-таяқша қолданылады. Киіз басуға іріктеліп алынған жүнді тулақтың үстіне тастайды да, 4-5 адам айнала отырып сабау-таяқпен ұрғылап, көпсітеді. Жүн сабалып біткен соң киіз басу үшін жүнді шиге салып, екі қабаттап тартады. Сонда астына салынатын жүнді тым қатты сабамай-ақ, тек көпсітіп қана сабайды. Ал, бетіне тартылатын жүнді әдемілеп, жұмсақ етіп сабайды. Үстіңгі қабаты тартылып біткен соң, шөмішпен жүннің үстіне қайнаған суды себезгілеп құяды. Сөйтіп, оны орай бастайды. Аз дегенде 5 адам шиге салынған жүнді 30-40 минут білекпен аунатып, салмақ сала домалатады. Межелі уақыт аяқталған соң, шиден шығарғанда жүннің киіз болып біріккенін байқауға болады. Әйелдер дайын текеметтің бетіне қошқармүйізден ою-өрнек салып әспеттейді. Қызылды-жасылды қою түсті мақпалдардан әдемі ою салып, жиек жіппен көктеп шығады. Сөйтіп, текеметке жүнді созып сан түрлі ою-өрнек салғанда, киіздің көркі ашыла түседі. Осылайша көп қолымен бітетін керемет қолөнер туындысын халқымыз құтты қонағына сый ретінде ұсынып немесе қыз жасауына негізгі дүние ретінде апарған. Ендеше, қазақтың аталмыш бұл қолөнері кейінгі ұрпаққа үлкендердің тек естелігімен ғана айтылып, көне жәдігерлер мекенінен іздеп жүріп көретін сирек қолданыстағы өнерге айналып кетпесе екен дейміз.» — дейді Келестік әжелер.

Салтанатты шарада одан бөлек халқымыздың өмір-тіршілігінде кеңінен таралған ағаштан жасалатын бұйымдар көпшіліктің назарына ұсынылды.Айта кетейік, ертеде қазақтың баспанасы киіз үйден бастап, қарапайым қасығына дейін ағаштан жасалып отырған. Неге десеңіз, ағаш бұйымдар ыңғайлы, пайдалануға тиімді, сонымен бірге ол тұрмыстық зат есебінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткен. Ерте қазақ халқы мұндай өнердің иесін ұста, он саусағынан өнер тамған шебер деп сыйлай білген,  құрмет көрсеткен. Қазіргі күні бұл кәсіп қолданбалы сәндік өнер деп айтылады. Қазақтың ет тартатын астау-табағы, құрт езетін астауы, сүт, қымыз құятын шарасы, шөміш, саптыаяқ секілді барлық ыдыс-аяғы ағаштан жасалған. Оның ішінде сыйлы, қадірлі қонағына ұсынатын ыдыс-аяқтың жөні тіптен бөлек. Кейінгі кездері ел ішінде осы дәстүрді ұстанатын отбасылардың қатары көбейіп, ағаш бұйымдарды күнделікті тұрмысына қолдана бастады. Қазір қазақтың өз өнерін, байлығын өзіне көрсететін заман. Дегенмен, ағаш бұйымдары табиғи зат болғаннан кейін таза ұстап, орнымен қолдансаңыз ұзақ жылға шыдас береді.

« — Әсілі, бағзы заманда темір ыдыстардың қат кезінде даладағы малшы алдындағы қойын сауып жіберіп, отқа тасты қыздырып, ағаш тостағандағы сүтке қызып тұрған тасты салып жіберіп пісіреді екен. Ата-бабаларымыз ағаштың түрін, жай-күйін өте жақсы білген. Сондықтан, ыдыс-аяқты көбінесе ағаштың безінен, қатты жерінен жасап отырған. Ағаш ыдыс жарылып кетпеуі үшін оны майлап, май сіңіру керек. Сонда оның ішіне су сіңбейді. Екінші әдіс – оны құрсаулау. Күбінің, үлкен шара ыдыстың сыртын темірмен құрсаулап тастайды. Бұл да жарылып кетпеуден сақтайды және ыдыстың сырты, түбі әр затқа соғылып мүжіліп кетпесін дегеннен туған. Ағаш ұсталарының өздерінің арнайы құрал-сайманы бар. Олар ағаш шабатын шот, қашаудың түр-түрі, ыңғыру, үскі секілді құралдар. Бұрынғы уақытта ағашты иіу, жұмсартудың тәсілдері болған. Әкемнен естуімше, ертеде ағашты малдың қиымен араластырып, су құйып жерге көміп тастайды екен. Сол кезде ол қызады да, белгілі бір күйге жеткенде ағаш жұмсарады. Дәл осы сәтте қазып алып, тезге салып, өзіне қажетті қалыпқа иіп жасап алады. Міне, осындай күрделі әдіс-тәсілдердің арқасында бүгінгі күні адам баласының ойы жетпейтін дүниелерді жарыққа шығарып отырған.» — дейді Келестік Лесбек қария

Міне осындай құндылықтарға толы мерекелік жиында Келес ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Сариев сөз сөйлеп, фестивальдің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, аудан жетістігіне тоқталып, келген көрерменге келестіктердің атынан алғысын жеткізді. Шара барысында Сержанәлі, Әділет Жауғашар және Серік Ибрагимов пен Әбіджаппар Әлқожа сынды эстрада жұлдыздарының және аудан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнер сүйер қауым қосыла ән шырқап, әсем биімен кештің сәнін кіргізді.

«Вирустық гепатит жайында не білген жөн?» Түлкібастық дәрігерлер қауіпті дерттің алдын алуды талқылады

Түлкібас ауданында орналасқан “Мед Алатау” медициналық орталығының медицина қызметкерлері арасында адам папилома вирусына қарсы екпе жұмыстары, вакцинация маңыздылығы, вирусты гепатит ауруларының алдын алу және атқарылатын іс-шаралар туралы бірлескен бұйрық негізінде семинар сабақтар ұйымдастырылып өткізілді. Семинарда айтылған аурушаңдықтар бойынша ақпараттандырылып сұрақтар бойынша жауаптар беріліп, аталған аурулардың алдын алу шаралары түсіндірілді. Дәрігерлер күн тәртібіндегі өзекті мәселе вирустық гепатит аурулары бойынша мәліметтер ұсынып, аталған дертпен күресудің жолдарын ұсынды. Вирустық гепатит жайында не білген жөн? Аталған дерттің қаупі жайында Түлкібастық ақ халатты абзал жандар айтып берді.

« — Вирусты гепатиттер – кеңінен таралған және қауіпті жұқпалы ауру. Вирусты гепатиттер дүниежүзі бойы кеңінен тарлаған. Бүгінгі таңда вирусты гептіттің бірнеше түрі белгілі: А,В,С,D(делтьа), Е, G, TTV, SEN. Олар ағзаға түскенде бауырды зақымдайды. Сонымен қоса бауырдың функциясын реттеп тұратын барлық зат алмасу процессін бұзады. Улы заттарды залалсыздандыру қабілетін жоғалтып, дәрумендік теңгерімі бұзылады. Вирусты гепатиттерді жұқтыру көздері – ауру адам немесе жұқпаны таратушы. Ең көп қауіпі жеңіл немесе ауруы жасырын формаларымен, сары ауруысыз жүретін науқастарда. А және Е вирусты гепатиттер ішек жұқпалары сияқты – жуылмаған жеміс-жидектер немесе кір сумен, жуылмаған қолдан жұғады да, олар созылмалы түріне өршімейді. А және Е вирусты гепатит науқастың ағзасынан дәреті арқылы анықталады. Үлкен дәрет сұйық су түрінде шығады. Бұл вирустар кіршең адамның қолынан, басқада тұрмыстағы заттарда, тағамдарда қалып, басқа адамға жұғады. Бұл гепатиттің түрімен көп жағдайда балалар, жасөспірімдер мен 30 жасқа дейінгі (кей жағдайда 30 жастан асқан) тұлғаларда кездеседі. Сонымен қатар мезгілдік аурулар анықталуда – жаз аяғы мен күз уақытында. В,С,D, және G, TTV вирустары адамның ағзаның ішек жолдары арқылы анықталмайды да, ауру кезінде қанға түсіп, айналады, ал гепатитпен ауыратындарда вирус өмір бойы ағзада қалады. Оларға созылмалы түрі тән.

Сол себептен В гепатитін жұқтыру көзі тек өткір формасын жұқтырған аурулар ғана емес, осы аурумен ауырғандар, сонымен қатар дені сау вирустасымалдаушыларда жұқтыруы әбден мүмкін. В гипатитін екінші рет қолданылып отырған инемен (көп жағдайда нашақорлар) жұғып, ауру адаммен сексуалды қатынасқа түскен, науқастың немесе вирустасымалдаушының жеке заттарымен (қайшы, ұстара және т.б.) қолданған кезде, тіпті анасынан баласына жұғады, егер анасы ауырса жұғады. В гепатитімен барлық жастағылар ауырады, бірақ көбі жасөспірімдер мен жас балалар. Гипатитпен ауру алдында 1-2 жұма сары ауру алдындағы кезеңінен басталады. Оның белгілері әр түрлі: тамаққа зауқы болмай, жүрегі айнып, тәбет төмендейді, тері бөртеді. Буыны сырқырап, ыстығы көтеріліп, жөтел пайда болып, мұрынынан су ағады. Несеп қарайып(қою қара шәйдің түсіндей), ал нәжіс түссізденеді (түсі ақ немесе сұр сазға айналады). Келесі кезең – сары ауру кезеңі (2-4 апта созылады): шел сарғайып, содан соң тері жамылғысы сарғаяды. Сарғаю процессі болмауыда мүмкін. Мұны вирусты гепатиттің сарғаюсыз формасы дейді. Ауру басында жеңіл болғанымен, кейін ауыр түріне ауысып, тіпті адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қоса, науқас қоршаған ортаға қауіпті. Аурудың белгілері пайда болғаннан соң тез арада дәрігерге қаралу керек.

А гепатитінің алдын алуы: әжетханаға барғаннан кейін, тамақтың алдында қолыңызды дұрыстып жуыңыз; – ашық су қоймасынан (өзен, көл, тоғаннан) алынған қайнамаған су ішпеңіз; – ашық су қоймасында жеміс-жидектерді жумаңыз; – су қоймасын ластамаңыз; – тұрғын үй мен баршамызға ортақ жерлерді – көшелер, аула, пәтерлерді ластамау, олардың қоқыс тастайтын жәшіктері, арнайы қоқыс тастайтын орындар, ауладағы қоқыс тастайтын жерлерді уақытылы таза болуын қадағалау. А гепатитінен ерікті ауыз суы мен азық-түліктер – ауруды төмендету кілті. Алайда гепатитті жұқтыру жолдары көп жағдайда белгісіз қалады. Өзіңізден күдіктенбеу үшін – алдын ала екпе жасауға болады. Бүгінгі күні А гепатитіне қарсы екпені ауруды жұқтырып алу қауіпі жоғары адамдарға (мысалы, ауру көп таралған мемлекеттерге саяхаттанушыларға, сонымен бірге медициналық қызметкерлер, бауырдың және қанның созылмалы түрімен ауыратындар). Екпе ең алдымен балаларға қойылуы керек, себебі көп жағдайда А гепатитін балалар жұқтырады. Екпе 94-98 % дейін ауруға төтеп бере алады.

В гепатитін жұқтырып алмау жолдары: – ауру адаммен жыныстық қатынасқа түспеңіз және есірткі заттар қолданбаңыз; – егер сіз немесе сіздің серіктесіңіз жұқтырған болса, онда мүшеқап қолданыңыз; – бөтен адамның маникюрге арналған қайшысымен, ұстармен, тарақпен, тіс щеткасымен қолданбаңыз; – егер сіз немесе балаңызға татуировка салдырғыңыз келсе, онда арнайы салондарға барыңыз. Есіңізде болсын, бір реттік шприцтар гепатиттің жұқпауына кепілдік береді. Донорлардан алынатын барлық қан ең алдымен В гепатитіне тексеріледі.

Қазіргі таңда В гепатитінен қорғану жолдары пайда болды – бұл спецификалық түрде екпе арқылы гепатиттің алдын алуы. Екпені HBsAg таратушы анадан жаңа туған балаға, сонымен қатар ауруды жұқтырып алу қауіпі жоғары топтағы адамдарға (медициналық қызметкерлерге, созылмалы қан тазарту бөлімшесіндегі науқастарға, донорлық қан алушылар, нашақорлар және т.б.) егеді. Гепатитке қарсы 3 реттік егілген (1 және 6 ай аралықпен) екпе алушыларда жаңа антидененің пайда болуын тоқтатып, аурудан қорғайды. С гепатитін жұқтырған науқастарға А және В гепатиттеріне қарсы егілу қажет, себебі бұл аурудың ары қарай өршуін тоқтатады.» -дейі дәрігерлер.

Заманауи медицинаның ең бір өршіп тұрған проблемаласы – вирусты гепатит, оның шешімі барлық адамзат үшін маңызы зор. Ақырғы 10-15 жылдың проблемаларының ішіндегі етек жайып отырған парентералды гепатит В және С, вирустардың ең бірніші рет нашақорлардың арасында таралып, олардан басқа адамдарға жұғуы. Өйткені өткір В және С гепатиттері сары аурусыз болып, көп жағдада дәрігерлердің көзіне көрінбейді. Қазіргі уақытта созылмалы гепатиттің негізгі маңызды проблемалары: бауыр циррозы мен бауырдың қатерлі ісігі. В гепатиті кезінде өткір формасының 10% созылмалыға айналады, ал гепатит С кезінде – 60 % өседі! 10-20% созылмалы формаларымен ауыратын науқастарда одан әрі бауыр циррозы мен алғашқы бауыр қатерлі ісігіне дамиды. Қазіргі кезде В вирусты гепатитін 300 млн. адам таратушы болса, ал С вирусты гепатитін таратушылар 500 млн. адамды құрайды. Дүниежүзінде бауыр циррозы мен бауырдың қатерлі ісігінен жыл сайын 1 млн. адам көз жұмуда.

Сондықтан вирусты гепатитке немқұрайлы қарап, өз денсаулығыңызды нашарлатып алмаңыздар,  дейді Түлкібастық дәрігерлер.

Инфекциялық аурулардың алдын алу маңызды

Статистика көрсеткендей, Қазақстанда жыл сайын дерлік жануарлар мен адамдарда сібір жарасы тіркеледі екен. Сондықтан, адам өмірін сақтап қалу үшін және ең басты байлық денсаулығын басты назарда ұстау үшін аса қауіпті жұқпалы инфекциялардың алдын алу өте маңызды. Осы мақсатта “Түлкібас аудандық орталық ауруханасының” аудандық емханасының медициналық қызметкерлерімен “Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Іс-шарада дәрігерлермен  “Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, құтыру, сондай-ақ Сібір жарасы ауруларының профилактикасы” туралы бірлескен бұйрық негізінде семинар сабақ ұйымдастырылды.

Негізінен сібір жарасы ауруы адамда 90-95%  дейін терілік формада болады. Терілік форма 80% жағдайда жеңіл түрде, 20%  ауыр түрде өтеді екен. Егер дер кезінде емделмеген немесе  кеш емделген терілік түрде өлім 5% дейін жетеді дейді мамандар. Ішектік формада ауру уланумен, геморрагиялық энтероколитпен көрініс береді, үрдіс аз уақытта сепсиске ұласады. Өкпелік түрінде ауыр геморрагиялық плевропневмония дамиды. Өкпелік-ішектік формаларында өлім 80-100% дейін жетеді. Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіліп медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.

 

« — Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы — жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинаны егу үй жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасында Сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Сонымен қатар осы аурудың жұқтырушы көзі ретінде үй жануарларды да бақылауда ұстау қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау — дерттің кең етек жайюына себепші болып, мұның салдарынан адамдар Сібір жарасына шалдығатынын естерінен шығармаса игі болар еді. Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды. Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындар – мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады. Аурудан сақтану мен оның белгілерін байқаған жағдайдағы әрекеттермен таныстыру мақсатында әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биофизика және биомедицина кафедрасының қабырғасынан құрылған хронобиология және хрономедицина орталығы студенттерінің ортасында арнайы ақпараттандыру шаралары үнемі жүргізіп, баспа сөз беттеріне зерттеу мақалаларын беріп халыққа ескерту жасап отырады.

Аурудың қоздырушысы – таяқша пішінді, қозғалмайтын аэробты бактерия. Бұл бактериялар адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар физикалық-химиялық әсерлерге өте төзімділік танытып, қоршаған ортада ондаған жылдарға дейін сақталады.
Сібір жарасын адамға жұқтырушы көз  – үй жануарлары (ірі қара мал,  қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбінесі жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде)  және бактерияның спораларымен ластанған  тағамдар мен ауыз суын ішп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін.  Ал ауру адамнан адамға жұқпайды. Сібір жарасының белгілері мен аурудың ағымы. Ауру көбінесі тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Дененің ашық жерлері зақымдалады.» — дейді дәрігерлер.

Мамандардың айтуынша қоздырғыш енген жерде алдыменен диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады екен. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атаймыз. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа  айналады. Осы қабыршақ айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көміртәрізді көрінеді. Сондықтан оның аты грек тілінен аударғанда «anthax – көмір» деген мағынаны білдіреді. Оның айналасында сезімдалдық мүлде болмайды. Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртықанады. Карбункулдың ең көп ораналсатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы субфебрильдіден, 39-40ºС дейін көтеріледі. Үрдістің сепсиске ұласуы қоздырғыштың тыныс алу, асқазан ішек жолдары арқылы енген жағдайында дамиды. Терілік формада оның сепсиске ұласуы сирек кездеседі.

Жалпы инфекциялық ауруларға әрбір адам баласы бейжай қарамауы тиіс. Себебі, олардың асқынған түрлері өлімге соқтыруы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу, індеттен сақтану күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болғаны абзал. Бір – бірімен тәжірбие алмасып, сабақтардан нақты іс-әрекеттерді үйренген дәрігерлер семинар соңында сұрақтарын қойып, өз біліктіліктерін арттыруға да мүмкіндік алды. Түлкібас аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен бірге ұйымдастырылған семинарлар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Түлкібас: Сібір жарасынан сақтану бойынша дәрігерлер тәжірбие алмасты

“Түлкібас аудандық орталық ауруханасының” Жаскешу дәрігерлік амбулаториясының медициналық қызметкерлері арасында “Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” ҚР ДСМ 2021 жылғы 12 қарашадағы № ҚР ДСМ-114 бұйрығы бойынша “Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, құтыру, сібір жарасы ауруларының профилактикасы” туралы бірлескен бұйрық негізінде семинар сабақ жүргізілді. Дәрігерлер аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша сібір жарасына да ерекше тоқталып өтті.

Сібір жарасы – бұл өте қауіпті инфекция, теріде және шырышты қабаттарда ерекше көршиқандардың пайда болуымен немесе ішек пен өкпеде қабыну-геморрагиялық өзгерістердің дамуымен сипатталады, ауыр интоксикация құбылыстарымен жүреді. Сібір жарасы инфекциясының көзі – ауыл шаруашылық жануарлары. Адамдардың инфекция жұқтыруының себептері – ауру жануарлармен байланыста болу, өте сирек жағдайда – ластанған топыраққа жанасу кезінде болады. Адамнан адамға сібір жарасы ауруы берілмейді. Адам негізінен байланыста болу жолымен жұқтырады, қоздырғыш зақымдалған тері арқылы ағзаға еніп, ауру жануарларға күтім жасау, оларды сою, тұтас етін бөлу, етті аспаздық өңдеу, жануарлар шикізатымен жұмыс істеу кезінде шырышты қабықтың микрожарақаттары арқылы жұғады дейді мамандар.

« — Сібір жарасы- бұл қоздырғышы Bacillus anthracis спора түзуші бактериясы болып табылатын жануарлар мен адамның жіті жұқпалы ауруы. Сібір жарасының үш түрі бар:

-Терілік;

— Өпкелік ;

— Ішекті;

Терілік түрі басым, сирек — сепсис құбылыстары (шіруі) бар өкпе және ішек түрі. Бұл ауру адамға ауру жұқтырылған жануардың терісімен және жүнімен жанасудан немесе залалданған етті тұтынудан жұғуы мүмкін.

Сібір жарасын адамға жұқтырушы ол– үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбінесі жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Ал ауру адамнан адамға жұқпайды.

Инфекцияның жұғу жолдары:

Байланысты — ауру жануарларға күтім жасау кезінде зақымдалған тері немесе шырышты қабықтар арқылы:

-ұшаны өңдеу, терісін алу және өлген жануарлардың өлекселерін көму кезінде;

-сібір жарасы даулары бар топырақпен жұмыс істеген кезде;

Алиентарлы — ауру малдардан алынған ет тағамдарын дайындау және тұтыну жолы арқылы.

Аэрогенді (ауа — шаң) — спорды ингаляциялау жолымен.

Трансмиссивті-жәндіктердің шағуы (соқыр, шыбын, масалар) арқылы.

Сібір жарасының белгілері:

Аурудың инкубациялық кезеңінің орташа ұзақтығы 2-3 күнді құрайды,бірнеше сағаттан 8-14 тәулікке дейін ауытқуы мүмкін.

Ауру тез басталады: алғашқы сағатта — дене температурасы 38-40 градусқа дейін күрт жоғарылайды және әлсіздік пайда болады. Қан (сепсис) жұқтырудың кез келген әдісі нәтижесінде дамиды.

Симптомдары:

— қатты бас ауруы;

— жоғары дене қызуы;

— жалпы әлсіздік;

— ісіну мен қышудың тез өсуімен карбункул (тері зақымданғанда);

— кеуде ауыруы (өкпе түрі жағдайында);

— тұншығу (өкпе түрінде);

— қан қоспасы бар диарея (ішек түрі жағдайында);

— іштің түйілу аурулары (ішек жағдайында);

— қан қоспасы бар құсу (ішек түрі жағдайында).

Егер емдеу уақытында басталса, науқастар сауығады. Сирек жағдайларда ауру ағымы ішек, өкпе немесе септикалық түрлермен асқынады. Аурудың ауыр ағымы бар және ол науқастың өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан сібір жарасына күдікті болса, дереу дәрігерге хабарласыңыз. Емдеу тек стационар жағдайында жүргізіледі. Дәрігерлер антибиотиктерді немесе басқа да препараттарды дәрігердің кеңесуінсіз өз бетімен емдеу немесе алдын алу үшін қолданбауды ұсынады. Жұқтырудың кез келген түріне күдік болғанда дереу ауруханаға жатқызу керек.

Дәрігерлер Сібір жарасы инфекциясынан қалай сақтануға болатыны жайында да түсіндіріп өтті.

« — Ет пен ет өнімдерін тек өнімдердің сапасын бақылайтын жерлерде ғана сатып алу; Ет, ет өнімдерін немесе кез келген мал шаруашылығы шикізатын өңдейтін және сататын адамдар өздерін және басқаларды қауіпсіздендіру үшін гигиеналық нормаларды ұстануға міндетті. Жануарларды күту кезінде ветеринарлық-санитарлық ережелерді орындау. Үй малын сою тек қана мал мамандарының рұқсатымен жүргізу. Жануарлардың өлекселерін ретімен көму. Үлбір және былғары шикізаттарын ветеринариялық бақылау. Жануарлардың ауруын бақылау. Залалданған жануарлардың өлекселерін жою. Жануарларды сібір жарасына қарсы екпе егу қажет.» — дейді ақ халаттылар.

Сібір жарасының алдын алудың негізгі қағидалары:

  1. Сібір жарасының топырақ ошақтарында мал жаюға тыйым салу, ауру жануарларды жасырын союға және олардың өнімдерін сатуға тыйым салынады. Мал сою тек ветеринар дәрігердің рұқсатымен жүргізілуі тиіс.
  2. Мал өнімдерін тек ветеринарлық тексеруден өтетін мамандандырылған базарлардан немесе дүкендерден сатып алыңыз.
  3. Сүт және ет өнімдерін белгісіз сауда орындарынан немесе кездейсоқ адамдардан сатып алуға болмайды.
  4. Малмен жұмыс істеу кезінде гигиена қағидаларын сақтап, арнайы киім мен қорғаныс құралдарын қолдану.
  5. Егер алғашқы күдікті белгілер пайда болса, дереу дәрігерге жүгіну.
  6. Жануарларға және халықтың тәуекел тобындағы адамдарға профилактикалық вакцинация жүргізу.

Семинар соңында мамандар өзара тәжірбие алмасып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауаптарын алды. Жалпы аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша көптеген мәліметтер айтылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Семинар сабағын ұйымдастырған Түлкібас аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары ең бастысы нақты талаптар мен ережелерді орындау басты міндет екенін атап өтті.

Балықты БМСҚКО-ның медицина қызметкерлеріне семинар сабағы өткізілді

Түркістан облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының таралуына қолайлы өңір. Өйткені өңір климаты ыстық болғандықтан өзге аймақтарға қарағанда көктемнің ерте келуімен жәндіктер де жер бетіне ерте шығады. Сонымен қатар, облыста мал шаруашылығы дамыған. Өткен жылы Түркістан облысында кене шағудың 1 623 жағдайы тіркеліп, 13 адамның ауруы зертханалық расталған. Оның ішінде 1 науқас көрсетілген ем-шараларға қарамастан қайтыс болған болатын. Кене шаққан науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, өлім жағдайына әкелуі мүмкін. Сондықтан, аталған аурудың алдын алу және сақтанудың негізгі шарттарын білу өте маңызды. Осы мақсатта,  Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу бойынша, Түлкібас аудандық орталық ауруханасына қарасы Балықты БМСҚКО-ның медицина қызметкерлері арасында, аудандық орталық ауруханасы мен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бірлескен бұйрығы негізінде семинар сабағы ұйымдастырылып өткізілді. Семинарда жауапты медицина қызметкерлеріне КҚГҚ ауруының алдын алу, жұғу жолдары, ауруды ерте анықтау, дұрыс ем-шара жүргізу бойынша қайта пысықтау жұмыстары жүргізілді.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алудың негізгі мақсаттары адамдарды кене шағуынан сақтануы болып табылады. Ауылшаруашылық  малдарын  және үй жануарларын қырқу  барысында,  кенелерді  үстінен  жинағанда,  далалық  және саяжай учаскелерінде жұмыс жасағанда кене шағуы мүмкін.

​« — Кенелердің үлкен қауіптілігі – олар киімнің астына кіріп, адам терісіне  байқатпай  және ауыртпалықсыз жабысады. Адамға жабысқан кене бірден денеге қадалмайды, сондықтан дер кезінде оны алып тастаған жағдайда аурудың жұқтыруын алдын алуға болады. Кенелерді жалаң қолмен алып тастауға немесе жаншуға болмайтынын білу маңызды. Себебі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышы шырышты қабаттар немесе терідегі зақымданулар арқылы енуі мүмкін. Денеге қадалған кенені мұқият алып тастау керек. Кенені  пинцет қолдана отырып,    теріге қадалған тұмсығын қалдырмауға тырысып, сағат тілімен ақырын шығарып  алу қажет.  Бұл  қолға қолғаптар кию арқылы жүргізілуі тиіс. Кенені алып шыққан соң қолды сабындап жуып, ал шаққан жерді йодпен залалсыздандырады.  Кенеге керосин, май, ацетон немесе басқа да сұйық құюға, сондай-ақ оны теріден бөлу үшін кенені қыздыруға болмайды. Қауіпсіздік мақсатында медициналық мекемеге жүгінген дұрыс. Кене шаққан адамдарға Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының бастапқы белгілерінің мүмкіндігін анықтау үшін 14 күн бойы күнделікті екі рет  қызуын өлшеу арқылы медициналық бақылау орнатылады.» — дейді мамандар.

Түркістан облысы бойынша наурыз-сәуір айларынан бастап кенелерге қарсы дәрілеу шаралары басталған болатын. Өңірдегі 2 қала, 14 аудандағы 108 елдімекен аумағында кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарын жүргізу жүзеге асырылуда. Өңдеу жұмыстарының жалпы көлемі — 7 730,48 гектарды құрайды. Кенеге қарсы залалсыздандыру іс-шараларына 9 автокөлік, 22 моторлы шашыратқыш аппарат, 16 дезбригада жұмылдырылған екен. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығының басшысы мәлімдеген болатын.

« — Жалпы табиғи ошақтар аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен үй жайларының аумағын кенеге қарсы өңдеу, залалсыздандыру өте маңызды. Ауылшаруашылық малдарды бағып-күту және қырқым кезінде кенелердің шабуылынан және кене қанымен жанасуды болдырмау мақсатында тұрғындар жеке қорғаныс үшін арнайы киім киюлері қажет. Олар:қалпақты комбинезон, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу, жақсы қорғалған аяқ және бас киім, резеңке колғап.Табиғатқа демалысқа шыққанда да кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті жақсы қорғалған резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию керек. Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңіз және өзіңізге байқалмайтын орындарды, я,ни мойын, бастың шаш бөлігі, дененің артқы жақтарын қасыңыздағы адамдарға айтып, үстеріңізді мұқият қарап отыру қажет. Дененің ашық жерлеріне және киімге кенелердің шабуылынан қорғайтын, кенелерді үркітетін сақтану құралдарын қолдануға кеңес береміз. Кене шаққан немесе кенемен жанасу болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.Сонымен қатар аудан тұрғындары елді мекен аймағында, үй ауласында, мал қораларда күл-қоқыс, қи-көңнен тазарту жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертеміз.» — деді Түлкібас аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары.

Айта кетейік, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Аурудың қауіптілігі сол – медициналық көмекке кеш жүгінген жағдайда өлімге әкеліп соғу ықтималдылығы жоғары. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруын негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасмалдаушы ол — кенелер. Ауру сәуiр-қазан айлары аралығында жиі тіркеледі. Kенелер басым көпшілігінде далалық жерден ауылшаруашылық малдар арқылы үй ауласына кіреді. Кенелер үйге гүл шоғымен де, иттiң жүнiне iлесiп те келуі мүмкін. Олар адамның киiмiнiң астарына байқатпай кiрiп, денесiне қадалып алып сорғанда мүлде ауырмайды. Көп жағдайда адам кененi келесi күнi немесе тiптi одан да кеш байқауы мүмкін.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық белгілері мынадай. Аурудың алғашқы белгілері: науқастың дене қызуының кенеттен 39-40С дейін көтерілуі, басының қатты ауыруы, көздің қызаруы және мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуімен басталады. Ауру одан әрі дамыған жағдайда бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қан кернеуімен,денеде бөртпелердің пайда болуы, мұрыннан, қызыл иектен, асқазаннан, жатырдан қан кету белгілері,ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады. Науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда өлім жағдайына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.