Атом электр станциясы-бұл таза, қауіпсіз және қолжетімді энергия

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы елдің энергетикасын дамытудың жаңа дәуірін ашады, оны неғұрлым тәуелсіз, экологиялық және прогрессивті етеді. Біріншіден, АЭС өнеркәсіптің негізгі салаларының экономикалық өсуі мен дамуын қолдауға қабілетті тұрақты және үздіксіз энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Электр энергиясына деген сұраныстың артуы жағдайында атом энергетикасы көмір мен табиғи газ сияқты дәстүрлі көздерге сенімді балама болып, қоршаған ортаға зиянды әсерді едәуір азайтады.

Екіншіден, АЭС Қазақстанның экологиялық трансформациясының қуатты қозғалтқышына айналады. Парниктік газдар мен зиянды заттардың минималды шығарындылары елге климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күш-жігерді қолдай отырып, “жасыл” болашаққа маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, атом электр станциясын салу және пайдалану айтарлықтай экономикалық пайда әкеледі: бұл мыңдаған жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылымды дамыту және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан әлемдегі ең ірі Уран өндірушілердің бірі ретінде өзінің энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық аренадағы өз орнын нығайта алады.

Атом электр станциясы-бұл таза, қауіпсіз және қолжетімді энергия елдің тұрақты дамуы мен оның азаматтарының әл-ауқатының негізі болатын болашаққа жасалған қадам.

Халила Тимур Қанатұлы — ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік департаменті радиациялық қауіпсіздік бөлімінің ССР-Қ зерттеу реакторы кешенінің радиациялық қауіпсіздік Қызметінің техник-дозиметристі

Түркістанда «Бір ауыл — бір өнім» өңірлік көрме-жәрмеңкесі өтті

Этно ауыл кешеніне қойылған көрмеде 40-қа жуық кәсіпкер өз өнімін ұсынып, көпшілік назарына ұсынды. Басты талап — өнім жергілікті шикізаттан өндірілуі және де сақтау мерзімі 5 күннен кем болмауы тиіс.

Көрмеде қолөнер шеберлерінің өнімдері, бал, құрт, кептірілген жеміс-жидектер, сүт пен кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, сабын және тағы басқа тауарлар қойылды. Арнайы құрылған комиссия мүшелері отандық тауар өндіруші кәсіпкерлердің өнімдерін бағалап, үздіктер анықталды.

«Көрме-жәрмеңке «Мен Кәсіпкер» кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылуда. Іс-шара мақсаты — қарапайым азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, кәсіпкерлерге өз өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейтуге, әрі қарай экспортқа шығуға жәрдемдесу. Биыл да ең мықты 3 кәсіп иесі республикалық көрмеге қатысуға мүмкіндік алады», — деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков.

Жалпы былтыр елімізде алғаш рет «Бір ауыл — бір өнім» жобасы жүзеге асырылып өңірлік көрме-жәрмеңкеге облысымыздағы 60-тан астам кәсіпкер қатысты. Өнімдерді бағалау барысында жұмысшы топ 10 көрме үздігін анықтап, 3 кәсіпкердің өнімі «Түркістан облысының үздік тауары» деп танылды.

Үздік ондықтың қатарындағы жеңімпаздар:

1) Бабахан Танакөз Айдарқызы — бал өнімі, ЖК Бабахан, Арыс қаласы;

2) Пазылбекова Жанат Полатханқызы — жүннен жасалған өнімдер, ЖК Рамаз, Түркістан қаласы;

3) Мұсаева Сәуле Әжіханқызы — табиғы косметика, ЖК Мусаева, Түркістан қаласы;

4) Тутаева Гульмира Көпбайқызы — кәдесый өнімі, Тутаева ЖК, Сайрам ауданы;

5) Шынбергенов Амантай Ерманұлы — қымыз, Аманбол и К ЖШС, Бәйдібек ауданы;

6) Ахметов Біржан Анарбайұлы — ағаштан астау, домбыра, Отырар ауданы;

7) Байзакова Раушан Әмірбекқызы — ағаш ыдыстар, ЖК Дильназ, Арыс ауданы;

⁠8) Еримбетов Жанзак Алзақұлы — саздан құмыра, Отырар ауданы;

9) Омарова Нұрбибі Жарқынқызы — жүннен жасалған өнімдер, ЖК Омарова, Мақтаарал ауданы;

10) Маханов Бауыржан — сабын, ЖК Alinur Grup, Жетісай ауданы.

Рухани астанада ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп келеді

Еліміздің мәдени-рухани астанасы Түркістан қаласында қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері насихатталып, мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Руханияттың ордасы атанған шахардың тұрғындары да ұлттық құндылықтарды ұрпаққа дәріптеп жүр. Солардың ішінде көп дәріптелетіні – «Тұсау кесер» рәсімі. Көбіне азаматтар өз баласының тұсауын елге сыйлы, құрметті, танымал адамдарға кесітіреді. Ырым бойынша өз ұрпағы да сондай тұлғалардың тура жолымен жүріп, халқына абыройлы азамат болсын деген ниетпен осындай шешім қабылдайды. Бала – адамның бауыр еті. Оның дүниеге келгені, езу тартып күлгені, бауырын көтеріп еңбектегені, төсекке, жүкке сүйеніп қаз тұруы, қалбалақтай адымдауы – ата-ана үмітінің жанған оты. Ата-ана перзентінің әрбір елеулі қимылын жіті қадағалап, қылығына сүйсіне қарап, жаратқанға шүкіршілік жасайды. Осындай жанға шуақ, жүрекке шабыт сыйлайтын сәттің, қазақы дәстүрдің әдемісі – «тұсаукесер» рәсімі екені белгілі. Осы тұста «Өнерлі өлке» мәдени іс-шарасында, талай жыл ұстаздық еткен Мариям әжей «тұсау кесер» дәстүрінің маңыздылығын айтып берді.

«Тұсау кесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала өмірде сүріншек болады деп, тұсауын елге сыйлы, ортада өзіндік орны бар абыройлы кісіге кестірген. Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кескен. Сәби 5-6 айдан соң талпынып, еңбектеуге бейімделеді. Бала осы еңбектеуден толық өтуі тиіс. Бұл қимыл баланың қол-аяғын, арқасын, бұлшық етін шыңдап, шынықтырады. Сәби еңбектеу арқылы төңірегін таниды. Осы кезде «балам тез еңбектеп кетсін» деген ниетпен анасы көрші-қолаңын жинап, «бауырынан табақ алу» ырымын жасайды. Ауылдың сыйлы адамдарының бірі құрт-ірімшік, бауырсақ, тәттілер салынған табақты баланың бауырынан оңнан солға, солдан оңға қарай «тез еңбектесін» деп жеті рет өткізеді.Бұл мәреден өткен нәресте 9-12 айлығында қаз тұрып жүруге талап қылады. Сәби «тәй-тәйлап» жүре бастаған кезде ата-ана «баламның жүрісі ширасын» деп тұсаукесер тойын жасайды. Халықтың түсінігі бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Тұсаукесер де ел ішіндегі дәстүрлі қуаныш. Оған арнайы әзірлік жасалады. Қонақтарға табақ тартылып, сый-сияпат әзірленеді. Нәрестеге ізгі тілектер айтылады. Ас мәзірінен соң тұсаукесердің рәсімі басталады. Сәбидің ата-анасы көңілі түскен адамға баланың тұсауын кескізеді. «Шынында өмір есігін жаңа ашқан періштенің өмір жолында ұлттық салт-дәстүрдің сан түрі бар. Тұсау кесу – соның ішіндегі ең керемет жоралғының бірі. Бұл рәсімді адал, мейірімді, елгезек, зиялы, ақылды, көптің көңілінен шыққан ұлықты кісілерге жасатады. Сол қасиет жас балаға дарысын, өмірі өнеге мен жақсылыққа толы болып басталсын, жолында кедергі болмасын деген тілек-батамен астасады. Қазақтың қай ырымын алсақ та, мәні терең, ойы салмақты ұғымға бағытталған. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазекең үнемі жақсылық пен ізгіліктің жаршысы болып жүреді емес пе? Қай ата-ана бауыр еті баласының немесе балдан тәтті немересінің көрнекті, көргенді азамат болып өскенін қаламайды дейсіз. Қазақ халқы тұсауды кез келген кісіге кескізбеген. Дімкәс, аурушаң адам, қимыл-қозғалысы ауырлап қалған қарт кісі, «жолы әлі ашылмаған» деп үйленбеген жігіт, тұрмысқа шықпаған қыз бұл рәсімді орындамаған.» — дейді ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған ана.

Тұсау кесер сәті алдында жиналғандар кең дала, таза ауаға шығып, үсті түрлі тәтті дәмге толы бала-шағаға арналған дастарқан маңына, қызық тамашаға жиналады. Дастарқан жанына қазық қағып, аяғы тұсалғанбаланы арқандап қояды.Тойдың негізгі жанкүйерлері – балалар алыстан жаяу жарысқа жіберіледі, озып келгені арқанды қиып, дастарқандағы бар дәмге ие болады, оған арнайы сыйлық беріледі.

Бұдан соң, «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» т.б. тілектерді айта отырып, екі қолынан екі адам жетектеген баланың тұсауын таңдалып алынған адам кесіп жібереді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығады да, тез-тез жүгіреді. Осы кезде«Тұсаукесер» жыры шырқалады:

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз болам.

Қаз-қаз, балам, қаз балам.

Тақымыңды жаз балам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін,

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық,

Қаз-қаз, балам, жүре ғой…

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

Міне, осыдан бастап шынашақтай қазақтың өмір жолының алғашқы ізі жер бетін шимақтайды, қиындығы мен қызығы мол жаңа өмірі басталады. «Тұсаукесер» – баланың осы өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы, Құдайға деген құлшылығы. Ұлтымыздың ұлылығы, халқымыздың даналығы осынау салт-дәстүрден көрініс табатынына бек сүйсінетініміз рас.

Этносаралық келісім мен ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты нығайту және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында кездесу өтті

Бірінші Мамыр елді мекенінде аудан аумағындағы этносаралық келісім мен ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты нығайту және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында кездесу өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жұман Абдиевтің төрағалығымен өткен жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бұқар Оралбеков, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени орталық төрағалары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес аудандық «Қоғамдың келісім» КММ-нің басшысы Есімхан Айтжанов этносаралық келісім тақырыбында баяндама жасады. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Раимбеков ауылшаруашылық саласындағы мемлекеттік қолдаулар туралы айтып өтті. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Батырхан Сахов бөлім тарапынан көрсетілетін қызметтер жөнінде хабарлады.
«Төлеби аудандық мансап орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Хайырғали Әміртаев қысқа мерзімді кәсіптік оқу, әлеуметтік жұмыс орны, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, мемлекеттік грант бағдарламалары бойынша түсіндірді. Сондай-ақ аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығы КММ-нің басшысы Ақнұр Жакупова аудандағы жарнама, көрнекі ақпараттың жай-күйі жайында баяндады. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Беглан Мақұлбек жастарды жұмыспен қамту, оқу гранттары, жаңа бизнес идеялар туралы хабарландыру жасады. Еркін форматта өткен кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, сұрақтарын қойды.

Сауран: «Самғау» оңалту орталығы 150-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынбақ.

Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бой көтерді. Оңалту орталығы 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетуге бағытталған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс алаңында болып, жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді. Орталықтың техникалық базасына басты назар аударып, сапалы жиһаздармен жабдықтауды тапсырды. Кешеннің жайлы болуына барынша күш салуды, көгалдандыруды жүктеді.  Сауықтыру орталығы бір мезетте 200 адамға медициналық, педагогикалық еңбекке баулу бағыттарында қызмет көрсетуге қауқарлы.

Ғимараттың жалпы көлемі — 12,8 мың м2 , 3 қабатты ғимараттың материалдық-техникалық базасы толық жабдықталады. Әлеуметтік орталық қазан айынан бастап штаттық режимде жұмысын бастайды деп жоспарлануда. Қазіргі таңда оңалту орталығы түркістандықтар мен Сауран ауданының тұрғындарын жұмысқа шақыруда. Бұл туралы Сауран аудандық Мансап орталығы жариялады.

« — Құрметті Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының тұрғындары! Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Самғау» оңалту орталығының ашылуына байланысты облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен 2024 жылғы 21 тамыз күні сағат 10.00-де өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне шақырамыз. «Самғау» оңалту орталығына жұмысқа қабылдау үшін медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық қызмет көрсету персоналдарына 150-ден астам бос жұмыс орындар ұсынылады. Жәрмеңке Түркістан облысы,  Сауран ауданы,  Оранғай елді мекені,  Бейбітшілік көшесі, 56 «А» мекен-жайында,  һ«Самғау» оңалту орталығы ғимаратында өтеді.» —  делінген хабарламада.