«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: ЭТНОАУЫЛДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды насихаттау кеңінен қолға алынды. Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді.

Қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі асық ату көпшілікке көңіл күй сыйлады. Себебі бұл қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Оны көшпелі этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.

«- Асық ойынының түрлері өте көп. Ол әр өлкеде әртүрлі атауларға ие және ойнау әдіс-тәсілдері-де өзгеше. Сөйте тұра аталмыш ойын түрі осы барлық ерекшеліктерін сақтай отырып дамыған. Осының барлығын салыстыра отырып аталмыш ойын түрін — «үй ішілік» және «далалық» деп екіге бөліп жіктеуге болады. «Үй ішілік» — ойын түрі қазіргі заманауи жағдайға икемделіп — «тақта ойыны» деп аталса, ал, «далалық» түрі — «алаң ойыны» делініп жүр. Мысалы бес табан ойыны үшін көбіне тегіс жерді таңдайды. Ортасына түзу сызық сызады. Оған жағалай асық тізеді. Ойынды бастаушы асық тізілген жерден бес табанға тең аралықты белгілеп алып, шеңбер тартады. Ойыншылар шеңберге кірмей ортадағы асықты атады. Сақа тиген асық міндетті түрде шеңберден шығуы керек. Кім көп асықты атып шеңберден шығарса сол ұтады. Асық қаршуды екі немесе одан да көп бала ойнайды. Қаршуға ықшам асықтар таңдап алынады. Ойыншылар асықтарын иіріп кімнің асығы көп алшы түссе сол ойынды бастайды. Бес асықты жерге тастап, бірін жоғары лақтырып, жердегі асықтың бірін іліп алып, жоғарыдағы асықты қағып үлгереді. Осылай бір-бірден, одан кейін екі-екіден, соңында жердегі төрт асықты бірдей сыпырып алу керек. Келесі кезекте «көпірден өткізу» түріне ауысады. Соңында асықтарды қолдың сыртымен қағып, қол сыртына түскен асықтарды қаршиды. Осылай күрделенген түрде жалғаса береді. Сондай-ақ тақта деген болады. Ол дөңгелек немесе 4–6 қырлы болады. Ойыншылардың қимылына кедергі келтіретіндей үлкен болмауы шарт. Тақта ойыншылардың қалауына немесе ұйымдастырушылардың ұсынысына қарай отырып болмаса түрегеп тұрып ойын жүргізуге қолайлы болу керек. Ал, асық иіруде ойыншы асықты иіргенде көп асық қолына сыймайтын болса екі-үш бөліп иіруіне болады. Иіріп тасталған асық көн киіздің сыртына шашырап кетпеуі қажет. Ондай жағдайда көннен тыс жатқан асық ойыннан да тыс қалады. Былайша айтқанда ойыншы өз мүмкіндігіне толық ие бола алмайды.» — дейді «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетов

Осылайша бұл күні асық атудан ІІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бастар Мұхаммеджан, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Айкен Абдулла, І орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетовтер өзара бөліссе, арқан тартудан ІІІ орын Жетісай ауданының №2 БЖСМ, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының және І орынды Отырар ауданының командалары иеленді.

Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шет елдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді.

Түркістан, Кентау қалаларымен қатар Отырар, Бәйдібек, Жетісай, Сайрам, Абай, Шәуілдір, Созақ аудандарының тұрғындары қатысқан спорттық ойындарда қазақ күресінен де жарыс ұйымдастырылды. Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен ұштасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойларда дәл осы ұлттық спортсыз өтпейді деуге болады. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандарды халық құрметтеп, лайықты марапатын берген.

«-Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақ күрес күш жетілдіретін спорттың түрі. Қазақ күресінде адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Балуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.» -дейді түркістандық палуан Хамза Дидар.

Айта кетейік, бұл күні 20 палуанның ішінде ІІІ орын алған кентаулық палуан Жамалхан Нұрхан 100 мың теңгеге, Il орынға табан тіреген түркістандық Әбдіғаи Бейбарыс 200 мың теңгеге, ал, І орынды иеленіп, «Түйе палуан» атанған түркістандық палуан Хамза Дидар 300 мың теңгеге ие болса, 72 келілік қошқарды белгіленген 3 минутта 52 рет көтерген Оралхан Дербес жеңімпаз атанып, жүлдесіне қошқарды ұтып алды. Гір тасын көтеруде ІІІ орын түркістандық Ж.Маратұлының, ІІ орын жетісайлық А.Пошаевтың, І орын созақтық Б.Жаңабаевтың еншілеріне бұйырса, Садақ атудан түркістандық Рамазан Батыржан, Отырарлық Бауыржан Сейтжаппаров және жетісайлық Марат Абуов өзара жүлделерді бөлісті.

Сонымен қатар, мерейлі мерекелік шараға қатысушылар арқан тартысты қыздыра түсті. Арқан тартыс ойыны- қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынға ұзындығы 10 метрдей жуан кендір арқан керек. Ол арқанның тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды, белгінің екі жағынан бір жарым-екі метрдей жерден тағы да жоғарыдағы тәртіппен белгілейді. Ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді. Олардың саны 10 және 12 адам болуы мүмкін, ойыншылар бойларына қарай қатар түзеп тұрады. Ойын басқарушының берген командасы бойынша қатар түзеп сапта тұрған ойыншылар оң жақ шетінен бастап қатар санын «бір, екі, үш»… деп сол жақ шетіне дейін санап шығады. Сөйтіп тақ жағы бір бөлек, жұп жағы бір бөлек бөлініп шығады. Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына арқандағы үш белгінің екі шеткісін дәл келтіріп керіп тұрады да, арқанның шеткі белгісінен бастап ұшына дейін ойыншылар қос қолдап ұстап тартып тұрады. Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі. Ойыншылардың мақсаты — тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өткізіп әкетсе, сол жағы ұтқан болады, жеңген жағы бәйгесін алады. Ойынды осы жоғарыдағы тәртіппен жүргізе беруге болады. Ойын қимыл бірлігін қалыптастырып, коллективтік іс-әрекетке тәрбиелейді.

Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, ұлттық ойындар кеңінен насихатталған облыстық «Өнерлі өлке» фестивалінде спорттың қол күрес түрінен +70 келі салмақта Шәуілдір, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының, 65 келі салмақта жетісайлық жігіттердің мерейі үстем болды. Қазақ халқын өзге жұрттан ерекшелеп тұратын ең басты артықшылығы ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрі, ұлттық ойындары екені анық. Бұл ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық ойындарымыз ғасырдан ғасырға жалғасып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Ата-бабаларымыздың осындай аманатын кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынның міндеті. Жыл сайын дәстүрге айналған «Өнерлі өлке» облыстық фестивалінің мақсаты да ұлттық мұраларымызды дәріптей отырып, халықтың әдет-ғұрыптарын ұрпақтың тәлім-тәрбие жұмысына пайдалана отырып, атадан балаға жалғасып келе жатқан салт- дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлей білу және әр баланың санасына сәби кезінен қалыптастыру болып табылады.

ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ 6 АЙДА 1000-НАН АСТАМ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев мәлімдеді.

«Әділет департаменті 2024 жылдың І жарты жылдығында азаматтарға 1 048 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Одан бөлек, облыс көлемінде жалпы 576 заңды тұлғалар бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілген. Алты айда департаментке нотариустардың іс-әрекеттеріне қатысты 54 арыз-шағым түсіп, 2 нотариустың қызметі мен 1 адвокаттың лицензиясы тоқтаған. Бұдан бөлек, департамент тарапынан 4 жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылып, 2 жеке сот орындаушының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, 3 487 азаматқа тегін құқықтыұ көмеккөрсетілген. Бүгінгі таңда сот шешімі бойынша ата-анадан кәмелетке толмаған балалардың пайдасына алимент өндіру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жалпы, 2024 жылдың 6 айында алиментті өндіріп алу туралы атқару құжаттары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған борышкерлер саны – 84. Ал, жеке сот орындаушыларымен қылмыстық қудалау органына 7 ұсыныс жолданған. Сондай-ақ, борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында «Бос орындар» жәрмеңкесі өтіп, борышкердің 43-і жұмысқа орналастырылды»,- деді департамент басшысы.

Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалымен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша жалпы 80 809 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Одан бөлек, 36 802 азаматтық хал актілері тіркелген. Оның ішінде, тууды тіркеу – 26 743, қайтыс болу – 4 821, некеге тұруды тіркеу – 4 927, некенің бұзылуын тіркеу – 311 болған.

Білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды

Түркістан облыстық  мәслихатында өңірдегі білім беру  мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде арнайы отырыс өтті. Жиынды Түркістан облыстық  мәслихатының төрағасы Н.Әбішов жүргізіп отырды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев, тиісті басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары М.Тұрысбеков, А.Салимов, Б.Байғараев, Ғ.Елшібай, Т.Қаржауов, И.Намазбаева, Ғ.Райымбеков, Б.Серманизов, Ж.Сүлейменов, Х.Әшірбеков, БАҚ өкілдері қатысты.

Мақсат – білім беру мекемелерінің жаңа  оқу жылына дайындығы мен осы саладағы өзекті мәселелердің орындалуын пысықтап, тиісті жұмыстарды ұйымдастыру. Сондай-ақ, атқарушы органдар мен мәслихат арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, ел игілігіне бағытталған жұмыстарды бірлесе атқару болып табылады. Сонымен қатар, мәслихаттың құзыретіне кіретін мәслихат шешімімен бекітілген жергілікті бюджеттің тиімді жұмсалуына бақылау жасауды іске асыру.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық білім, құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармаларының басшылары баяндама жасады.

Түркістан облыстық  білім басқармасы басшының міндетін атқарушы Ж.Маханбетов өз баяндамасында жаңа оқу жылына арналған жұмыстар легін таныстырып өтті. Ол облыста мемлекеттік 265 балабақша, 910 мектеп және 25 колледж жұмыс жасайтындығын, облыстағы мемлекеттік 910 мектептің 753-і типтік ғимаратта, 157-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқандығын және бүгінде өңірімізде 4 апатты және 5 үш ауысымды мектеп тіркелгендігін айта келе, осы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына  шолу жасады.

Жалпы, баяндамашыларға депутаттар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын енгізді. Өз кезегінде, жиынды қорытындылаған мәслихат төрағасы Н.Әбішов депутаттар  тарапынан айтылған барлық ұсыныстар хаттамаға енгізілетіндігін және олардың орындалуын қадағалау өз салалары бойынша облыстық мәслихаттың 3 тұрақты комиссиясына жүктелетіндігін айтты. Сонымен қатар, жиында айтылған мәселелерді бірлесе ауызбіршілікпен жұмыс жасауға шақырды.

ДЕПУТАТТАРДЫҢ ИГІ ІСІ

«Қайырлы істің қайырымы мол» демекші, бүгін облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішовтың бастамасымен мәслихат депутаттары Отырар ауданында тұратын көп балалы Әлімбековтар отбасына 4 бөлмелі үйді сатып алып берді. Үйді арнайы табыстауға облыстық мәслихат депутаттары А.Салимов, Е.Хандиллаев және Отырар ауданының әкімі Қ.Жолдыбай келіп, кілтті табыстады.

​Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты А.Салимов сөз сөйлеп, үйлі болу – әр отбасы үшін үлкен мереке екендігін айта келе, үй иелерін жаңа қонысымен құттықтады.
Айта кетсек, үйді алған Әлімбеков Ардақ Ермаханұлы жұбайымен 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Осы күнге дейін бұл отбасы туысының үйінде тұрған. Отағасы Ардақ Ермаханұлы сирек кездесетін дертпен ауырады. Ол облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының жеке қабылдауында болып, денсаулығына байланысты шетелде емделуге квота беру және тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы өтінішін білдірген болатын.

​Ардақ Ермаханұлының тілегін халық қалаулылары бірауыздан қабыл етіп, бір отбасыны қуантты. Әсіресе, бұл үй балалар үшін айрықша тарту болды.
​Өз кезегінде үй иелері халық қалаулыларына алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін білдірді.

«КЕНТАУ-СЕРВИС» ЖЫЛУ ЭНЕРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ ТОЛЫҚ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР

Кентау қаласында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Шара аясында журналистер 90 жылдық тарихы бар «Кентау-сервис» Жылу энергия орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Кәсіпорын 1934 жылы құрылып, қондырғылар 1952 жылы орнатылған. Жалпы орталықта 8 қазандық бар. Қазіргі таңда оның алтауы – күрделі жөндеуден, екеуі – ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Биыл жылыту маусымында 4 қазандық толық іске қосылса, ал қалған 4 қазандық резервтік күйде болады. Бұл туралы орталықтың бас инженері Мұхтар Мұхитдинов мәлімдеді.

Сондай-ақ, Кентау қаласындағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелері мен 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, жылу орталығын басқару станциясы заманауи технологиялармен толық автоматтандырылып жатыр. Жалпы жөндеу жұмыстарына 220 адам жұмылдырылған.

Айта кетсек, қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне 14 мыңға жуық абонент қосылған. Оның ішінде, бюджеттік мекемелер саны — 108, жеке секторлы тұрғын үйлер саны – 2 295, көпқабатты тұрғын үйлер саны — 347, коммерциялық нысандар саны — 441.