САЙРАМ АУДАНЫНДА ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР-КЕҢЕСІ ӨТТІ

Бүгін Сайрам аудандық мәдениет үйінде «Қазақтың дәстүрлі өнері, жыр термесі» тақырыбында облыстық семинар-кеңесі өтті. Шараны Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Алипов және Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан ашып беріп, семинар-кеңестің маңыздылығына тоқталды.

Ұлттық шығармашылықты дамытуға бағытталған шараға облыстың аудандық, қалалық және ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың дәстүрлі ән өнері үйірмелерінің жетекшілері қатысты. Олар алдымен Сайрам ауданының қолөнер шеберлерінің туындыларынан жасақталған көрмені аралап, аудандағы дәстүрлі әншілердің концерттік бағдарламасын тамашалады. Содан соң дәріске ұласты. Шарада Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан модераторлық етті.

Семинар-кеңесті ҚР Мәдениет қайраткері, Астана қаласынан келген дәстүрлі өнер майталманы Светлана Мырзабаева бастап, «Домбырамен ән айтудағы шеберлік және орындаушылықты меңгеру» тәсілдерімен бөлісті. Тақырып аясын кеңінен аша түсті.

 

« – Халық әндерін аспаппен сүйемелдеу ежелден келе жатқан өнер, ертеде түркі серілері әнді барабан, сыбызғы, домбыра (танбура, танбур, дутар, шертер, рубаб, қомуз т.б шертпелі-шекті аспаптар), қобыз, жай, ғиджак (немесе гыпжак төркіні қыпшақ деген сөз), жетіген (ятган, чаткан), шаңқобыз (варган) аспаптарының көмегімен шырқағаны тарихтан белгілі. Кейіннен қобыз бен домбыра аспабындағы үрдіс кең тарады, қалғандары қолданыстан шыға бастады, яғни, осы аспаптармен айту дағдысы мейлінше дамып, қалғандарын ығыстыра бастады. ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде татар (қазан) сырнайының қазақ даласында пайда болуы қобызбен айту дәстүрін кейін шегерді, ең соңғы қобызбен жырлаған адам ретінде тарихта Жанақ ақынның аты аталады, басқалай мәдени дерек жоқ. Сырнайдың келуі ән сахнасына Майра, Шашубай, Тайжан, Нартай, Құтбай сияқты тарландарды әкелді, олардың сырнаймен толғаған әндері cахарада жаңаша мәнермен шырқалды.Домбырамен ән салу сәттілігінің елу пайызы аспапқа байланысты. Әнші күйшіге барабар өнерпаз болуы шарт. Ертеде әншілер халық дамылдауы үшін күй тартып сейілтіп отырғаны белгілі. Жүсіпбектің Тәттімбет күйлерін сұңғыла шерткені, Манарбектің артында ондаған күйі қалғаны осыған куә. Қазіргі кезде домбыраны оқыту біржақты жүргізілетін сияқты. Себебі, белгілі ән мектебінің өкіліне өз аймағына тән күйлерді оқыту біздің пайымымыз бен тәжірибеміз көрсетіп отырғандай үлкен нәтиже бермек. Арқа әншісі шертпе күйші, Батыс Қазақстан әншісі төкпе күйші болуы керек. Алайда жаппай төкпеге тәрбиеленген Арқа мектебінің шәкірті аспапты әнге ылайық жатықтықпен ешқашан тарта алмайды, немесе керісінше. Жалпы арнайы домбырадан дәріс беруші мамандар халық әнінің білгірі болғаны дұрыс. Бұл талап домбырашылар үшін қиын болмаса керек-ті, себебі күй мен ән егіз өнер екені бесенеден белгілі. Аспап меңгеру – дәстүрлі әншінің алатын алғашқы асуы. Сондықтан мамандықтан сабақ беретін оқытушы бұған аса мұқият болғаны абзал. ХVII ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасырдың басында Арқа елінде ертеден дәстүрге айналып, кейінірек әртүрлі себептермен бәсеңдеп қалған сал-серілік өнері ХIХ ға-сырда қайта жаңғырып, дами бастады. Сал-серілер өз жанынан өлең, ән-күй шығарып, ел аралап, сауық құрып, ойын-тойлардың ұйтқысы, құрметті қонағы болған. Сал-серілік өнерді жоғары дәрежеге көтерген әнші, күйші, суырып салма ақындар серілік үрдісті қатаң сақтап, нағыз бесаспап өнер иесі бола білген. Сонымен қатар олар атақты мерген, сұңқар, лашын ұстаған құсбегі, аттың ең жүйрігін таңдап міне алатын атбегі, он саусағынан өнері тамған теңдессіз шебер, керемет зергер де бола білген.Сал-серілерді халық әрқашан ардақ тұтып, оларды қайда болса да қуанышпен қарсы алып, өнерін аңыз етіп, мақтан тұтқан.

Қазақ ұлтының мәдениеті тарихындағы ХІХ ғасыр – ақын-әнші, сазгерлердің өзін-дік «алтын ғасырына» айналып, қазақтың кәсіби өнері – әдебиетінің, поэзиясының, музыкасының шыңына кезеңіне шыққан кезі болды. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысы – қазақтың ақындық өнерінің барынша өркендеген кезеңі болды. Осы кезде ақындық өнерге тән тұрақты жанрлар да қалыптасты. Солардың ішінде әсіресе ақындардың өзін-өзі бейнелеуге арналған әндерін келтіруге болады. Оған мысал ретінде «Біржан сал», «Ақан», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Әсет», «Майра», «Ағаш аяқ», «Нартай», «Мұхит», «Сары» әндерін атауға болады. Олар бұндай әндерінде әр ақын, бір жағынан өзін тыңдаушыларына таныстырып өтсе, екіншіден туған ел өмірі мен мәдениетінде алып отырған өз орнын жақсы түсініп соны әнге қосады. Бұл әндерде ақынның өзіне тән музыкалық мәнерлі ерекшеліктері шоғырланған. Әр әнші-ақынның өзіндік шығармашылық өнері дербес қалыптасқан. Мысалы, әрбір ақындағы шешендіктің, суырып-салма өнердің, театралдық, актерлік элементтердің болуы, тіпті киген киімі, жүріс-тұрысы, өнерге деген көзқарасы әнші, сал-серілерге ортақ нәрсе болды. Мұхтар Әуезов ақынның осындай орындаушылық өнерлерін сипаттай келіп, оны «жалғыз актердің театры» деп айтқаны кездейсоқтық емес.

Біржан, Абай, Ақан сері, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаевтармен бірге сал-серілік өнерді, дәстүрді әрі қарай жалғастырып, өз үлесін қосқан басқа да әйгілі ақын-сазгерлер, солардың бірі көпке танымал «Ғалия» әнінің авторы Балуан Шолақ Шаймұрзаұлы мен Құлтума ақын. Бұлардың екеуі де Біржан салдың шәкірті болып қасына еріп тәлім алғандар; Біржан дәстүрін ХІХ ғасырдың орта кезінде халыққа кең таратқан, «Гәкку», «Қарақат көз», «Сүйгенім», «Қараторғай» әндерін шығарған Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы; «Әсет», «Гауһар қыз», «Кіші Ардақ», «Қоғыр қаз», «Қысмет» әндерінің авторы Әсет Найманбаев; «Қорлан», «Жайқоңыр», «Еркем», «Қаракөзді»шығарған Естай Беркімбайұлы; «Мәди», «Үш қара», «Қарқаралы», «Қаракесек» сияқты әндер шығарып, ірі әнші ақындар қатарындда тұрған Мәди Бәпиұлы Арқаның ән ақындық дәстүрінің көрнекті өкілдері болып, Біржан салдың шәкірттері аталса, Қазақстанның Шығыс өңірлерінде Ноғайбай ақын мен Құдайберген Әлсеитовтың аты шықты. Батыс жақта Мұхит Мерәлиевтың «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние», «Паңкөйлек», «Алуаш», «Бала-Ораз», «Иіс» сияқты әндері халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді, ал Жетісу өңірінің ән дәстүрі Сүйімбай, Жамбыл, Кенен тәрізді ақындардың есімімен тығыз байланысты аталады.» – деді ҚР Мәдениет қайраткері, Астана қаласынан келген дәстүрлі өнер майталманы Светлана Мырзабаева

Ал ҚР Білім беру саласының үздігі, Шымкент қалалық Саз колледжінің ұстазы Әлімжан Серікбаев «Арқа, Жетісу, Оңтүстік мектептерінің ән салу ерекшеліктері» жөнінде өз тәжірибелерін көрсетті. Бұдан бөлек, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Ұлттық шығармашылық және жанрлар жөніндегі» маманы Аяз Рүстемов «Дәстүрлі ән, терме, жыр орындаушылықты жас буынға үйрету тәсілдері» жөнінде баяндама жасады.

 

« – Халықтың әнші сазгерлерінің тағдырындағы шиеленісті оқиғалар олардың көзқарасына, дүниені танып-білу қабілеттіне, көркемдік шеберліктеріне ықпал етпей қалмағандығын атап айтуға тұрарлық. Сондықтан да олар шығарған өлең-жырлардың көпшілігінде азаматтық әуен кеңірек сипатталады. Мәселен, Біржанның «Жанбота», «Көлбай,Жанбай», «Адасқақ»,Жаяу Мұсаның «Ақсиса», «Хаулау», «Бұзау зары», Кененнің «Бозторғай»,Ақан серінің «Құлагер» әндерінде, басқа да авторлардың шығармаларында әлеуметтік теңсіздік, еркіндік, өмір шындығы айқын көрініс тапқан. Қазақтың ұлы ақын-композиторларының барлығы да дауыс реңіне аса бай, диапазоны кең дауыстың иесі болған, өз әуендерінде осы ерекшеліктерді ескеріп, өзіндік копозиторлық, вокалдық мүмкіндіктер тудырған. Ақынның күшті дауысы мен сұлу тембрі, жүйеленген ән айту үрдісі мен мәнерлі орындаушылығы, кең тынысты вокалдық каденцияларды айтудағы жоғары техникалық шеберлігі – қазақ даласында қалыптасқан жоғарғы кәсіби әншілік мектептің болғанын дәлелдей түседі. ХІХ ғасырда барынша гүлденген бұл үрдіс Біржан, Ақан, Әсет, Балуан Шолақ, Естай, Майра, Мәди, Мұхит сияқты әнші-ақындардың шығармашылығында көрініс тапқан. Атап айтқанда ХІХ ғасырдағы қазақтың бір туар сал серілері Біржан, Ақан, Естай, Мәди, Мұхит, Балуан Шолақ, Майралардың өнерінде орын алған қаздай дауысының күші мен реңінің сұлулығы, жылдар бойы қалыптасқан орындаушылық жеке мәнері жүйеленген ән айту үрдісі мен мәнерлі орындаушылығы, өзінің құрылымдық сапа-сына, әншілік параметрлеріне сай алатын орны мен мағыналылығына, тарихи құндылығына эмоция мен драматизмге толы дамыған терме мен желдірмелер, ұзақ кан-тиленалар, нәзік фиоритуралар, каденциялар және жалпы орындаушылықтың өте жоғары деңгейі – осының бәрі қазақ даласындағы жоғарғы кәсіби ән мектебінің қалыптасуының айғағы.» – деді ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Ұлттық шығармашылық және жанрлар жөніндегі» маманы Аяз Рүстемов

Айта кетейік, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен семинар-кеңестің мақсаты дәстүрлі ән өнерін дамыту мен насихаттауға бағытталған.

Тарихи деректер: Кесене тарихы

Қожа Ахмет Ясауи қабірінің үстіне Әмір Темір тарапынан тұрғызылған теңдесіз ғимарат БАҚ-тарда, оқулықтарда және де ғылыми әдебиеттерде де осы күні кесене атауымен беріліп жүр. Бірақ бұл шартты атау ғана екендігін ескеру қажет.

Жалпы қабір үстіне зиярат үшін тұрғызылған құрылыс “кесене” деп аталады, ал батыс терминологиясында бұл ұғым “мавзолей” деген атаумен беріледі. Бауырлас түрік халқы “түрбе” деп атайды. Қазақтың да кей жыр-дастандарында “дүрбе” деп келеді. Этимологиясына тоқталсақ, кесене – парсының “кашане” сөзінен шығып, зәулім сарай деген мағына береді. Қабір үстіне тұрғызылған құрылысты қазақтар “бейіт” деп те атайды. Арап тіліндегі “бәйт” сөзі үй мағынасын береді. Еліміздің кей аймақтарында қабір үстіндегі құрылыстар “там” деп те аталады. Қазақ халқының мазар үстіне түрғызылған ескерткішті үй мағынасын білдіретін “там”, “кесене”, “бейіт” сөздерімен атауы қызық құбылыс. Қабырғалары мен шатыры болғандығы үшін ғана осылай атады ма, әлде басқа да себептер бар ма, бұл әрине басқа зерттеу жұмысының тақырыбы.

Қызығы жергілікті тұрғындар аталмыш таңғажайып тарихи ескеркішті көбіне “мешіт”деп атайды. Түркістан жұрты «мешіт» дегенде бірден Ясауи кесенесін меңзеп тұрғандығын біле қоясыз. Қарапайым халық діни құрылыстың бәрін жалпылама мешіт деп атай берген секілді (мысалы, сопылық құрылым саналатын қылуетханалардың жер асты мешіті деп аталуы. Ал қылуетхана мен мешіт мүлдем екі бөлек нәрсе). Осыған сүйенген болса керек, көптеген зерттеушілер мен саяхатшылар да жазбаларында аталмыш кешенді “мешіт” деп береді. Мысалы, Ж.Аймауытов «Әзірет Сұлтан» мақаласында Ясауи кесенесін “мешіт” деп атаған, А.Л.Кун «Түркістан альбомында» Ясауи кесенесін – “мечеть Азрета Яссави” деп белгілеген (сондай-ақ Ахмеров П. “Надписи мечети Ахмеда Ясави”, Бекчурин М. “Описание мечети Азрета”). Хазрат Султан емес, қазақшаланған нұсқасы бойынша “Әзірет Сұлтан” (“Азрет Султан”) деп берілуі сол кезде де қалада басым ұлттың кім болғандығын айғақтайды.

Асылында Ясауи кесенесін мешіт деуге келмейді. Кесене атауы да функцияналдық қырын толық аша алмайды. Бұл тұрғыдан Көреген Темірден алдын Қарахандықтар тұсында Әзірет қабіріне тұрғызылған құрылысты нақты кесене деп есептеуге келеді. Әмір Темірден мирас қалған бұл теңдесіз ескеркеткіш кесене, мешіт (намазхана), кітапхана, жамағатхана мен бірнеше құжыраны қамтиды. Мұсылман елдерінде бұл тип құрылыстар “куллия” деп аталады. Бұл атау XIX ғ. Османлыда қолданысқа енген. Батыс терминологиясындағы баламасы “комплекс”, қазақшаласақ “кешен” болады. Кейбір куллиялардың хамамы мен базары қоса болған. Бірақ куллия негізінен жекелеген ғимараттардан құралады. Ал Ясауи кесенесінде мұның барлығы бір шатырдың астына жинақталумен ерекшеленеді.

Көреген Темір тарапынан кесенеге сыйға берілген тудың лаухасында, мұның Ясауи ханакасына сыйға берілгендігі жайында жазу бар. Демек бұл құрылыс әу баста ханака ретінде салынғандығын айғақтайды. Ханака – сопылық құрылым (ханакалардың қалыптасуы мен дамуы, Түркістан мен Хорасан аймағы ханакаларының ерекшелігі өз алдына бөлек тақырып). Бірақ белгілі бір кезең ғана ханака қызметін атқарып, әр кезеңде тарихи себептерге байланысты функциясы ауысып отырған.

Кейінірек Әзірет Сұлтанның жанына қожалар мен діни тұлғалар, қазақтың ел билеген хандары мен сұлтандар, билер, ел қорғаған батырлар жерленіп, кесене іші мен айналасы үлкен мазарға айналды. Бұл тұрғыдан кесене ұлттық пантеонға айналды десе де болады. Дегенмен кесене орны Ясауи бабамыз жерленбей тұрып-ақ мазар орны болғандығы зерттеулер мен қазба жұмыстарынан белгілі. Әмір Темірдің Ясауиден алдын өмір сүрген Ілияс хан, Қоқырас хан, Шорнағат хан, Жолбарыс хан (Сағд әулие) рухтарына құрмет білдіріп, кесене құрылысында олардың мазарлары орнына арнайы ойық-ниша қалдыруы да соның айғағы.

Кесененің бір кезеңдері қазақ хандарының резиденциясы қызметін атқарғандығы турасында тезис тағы бар. Десе де бұған қатысты тарихи деректер бұлыңғыр, іргелі зерттеуді қажет етеді. Хан Ордасы Жеті Ата магистралі бойында болғандығы қазба жұмыстарынан мәлім. Дегенмен кесененің үлкен және кіші ақсарай бөлмелерінің қазақ хандарына қатыстылығын мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Пайымдауымызша мұнда хандарымыз белгілі бір рәсімдер өткізіп тұрған болса керек.

Әулиелердің Сұлтаны болған Ахмет Ясауи бабамызға құрмет ретінде салынған бұл ғимаратты қалай атасақ та әлемде теңдесі жоқ, бірегей, уникалды тарихи ескерткіш болғандығымен ерекшеленеді.

Шыңғыс Жүнісбаев, «Әзірет Сұлтан»

музей-қорығы экскурсоводы.

Кейінгі ортағасыр қалаларының ескерткіштері

Алдыңғы жазбаларымызда Түркістан шұратындағы археологиялық ескерткіштерді (ескі қала қоныс орындары) хронология бойынша кезеңдерге бөліп қарастырып бастаған болатынбыз. Келесі кезекте Түркістан оазизіндегі кейінгі ортағасыр (ХҮ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.) ескерткіштері туралы баяндамақпыз.

Аталмыш кезеңнің қалалары (кейінгі ортағасыр) Түркістан маңындағы қала мәдениетінің ерекше даму және құлдырау кезеңдерінің жүруімен ерекшеленеді. Бұл қалалар Қазақ хандығының құрылуы, одан кейін бұл қалалар үшін болған қазақ және шайбан хандарының арасындағы соғыс, қазақ-жоңғар соғыстары, қоқандық шабуылдар, кейін орыс отарлау әскерінің шабуылдары сияқты үлкен тарихи оқиғаларға куә болған. Археологтар бұл кезеңге жататын 13 қала, 1 қалашық, 5 қонысты зерттеген.

Кейінгі ортағасыр қалаларының ескерткіштері: Көне Түркістан қаласы (ХІҮ-ХІХ ғғ.), Сауран қаласы (ХІІІ-ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Иқан қаласы (ІХ-Х-ХҮІІІ ғғ.), Төрткөл-Құшата қаласы (ҮІІІ-ХҮІІІ ғғ.), Шаға-І қаласы (ІҮ-Ү-ХҮІІІ ғғ.), Жүйнек қаласы (ҮІ-ХҮІІІ ғғ.), Әбдімәлі (Ташнақ) қаласы (ХІІІ-ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Қосқорған қаласы (ХІІІ-ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Оғызтау-І қалашығы (ХҮ-ХҮІ ғғ.), Сауқым ата қаласы (ХІҮ-ХҮІІІ ғғ.), Күлтөбе (Ораңғай) қаласы (ХҮ-ХҮІ-ХҮІІІ ғғ.), Төрткөлтөбе-Бабайқорған қаласы (ХІҮ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Қарнақ-Ішкент қаласы (ХІҮ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Төрткүлтөбе-ІІ (Қарашық) қаласы (ҮІІ-ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Міртөбе қоныстары (ХҮ-ХҮІІІ ғғ.), Күншағыр қонысы (ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ.), Қостөбе (Нұртас) қонысы (ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ.), Жоғарғы Ташнақ қонысы (ХҮІІІ-ХІХ ғғ.), Жаңа Сауран қонысы (ХІХ-ХХ ғғ.).

Бұл қалалар мен қоныстар туралы зерттеулер өз бастауын ХІХ ғасырдан алады. Ең алғаш 1867 жылы И.П. Лерх Міртөбе қоныстары мен Сауран қаласы туралы өз зерттеулерінде деректер келтірсе, ХХ ғасырдың басында М.Е.Массон, 2-ші дүниежүзілік соғыс жылдарынан соң А.Н.Бернштам басшылығындағы археологиялық экспедиция зерттеу жүргізген. Кейін өңірдегі кейінгі ортағасырлық археологиялық ескерткіштерді яғни, қала, қоныстарды К.А.Ақышев, К.М.Байпақов, Т.Н.Сенигова, Н.Б.Немцова, Б.Әділгереев, Ә.Итенов, Е.Смағұлов, М.Тұяқбаев, М.Елеуов сияқты археологтар зерттеген.

Қазіргі таңда бұл кезеңнің ескерткіштерінің ішінде туристік маршруттарға енгізілгені бұл – көне Түркістан және Сауран қалалары. Көне Түркістан қаласының орнынан Хан Ордасы, Хан мешіті, магистралды көше мен қоғамдық құрылыстардың орны анықталып, оларға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қайта қалпына келтіруден өткен. Шахристан қақпалары анықталып, реставрацияланған. Ал Сауран қаласында ортағасырлық мешіт пен медресе және ханака орны анықталған. Тас төселген орталық магистралды көшесі аршылып, қамал қақпасы қайта қалпына келтірілген.

Ағаділ Тұрсынов,

музей-қорықтың инспекторы.

Тарихи деректер: 14 археологиялық ескерткіштер тізімделген

2016 жылы жарық көрген «Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер» еңбегінде Түркістан оазисінде Ү-ХҮ ғғ. ерте және дамыған ортағасырлық кезеңге жататын 14 археологиялық ескерткіштер тізімделген. Аталмыш кезеңге жататын археологиялық ескерткіштерге қысқаша ақпарат беріп өтсек.

Түркістан өңіріндегі бұл кезеңге тиесілі археологиялық ескерткіштер: Күлтөбе-Ясы қаласы (ІІ-ХІҮ-ХҮІІ-ХІХ ғғ.), Төрткүл-І (Қарашық) қаласы (ҮІ-ХІҮ-ХҮ ғғ.), Бұзауқорған қонысы (ХІІІ-ХІҮ ғғ.), Ғартөбе (Қарнақ) қаласы (ҮІІ-ҮІІІ-ХІҮ ғғ.), Қаратөбе (Сауран) қаласы (ІҮ-Ү-ХІҮ ғғ.), Төрткүл-Қаратөбе қаласы (ҮІІ-ҮІІІ-ХІІІ-ХІҮ ғғ.), Шойтөбе-І қонысы (ІХ-Х-ХІҮ-ХҮ ғғ.), Шойтөбе-ІІ қонысы (ХІІ-ХІҮғғ.), Төрткүл-Қаражон қонысы (ХІІІ-ХІҮ ғғ.), Айнакөл-Бабайқорған қаласы (ІХ-Х-ХҮ ғғ.), Шауғар-Шойтөбе қаласы (ІІ-ІІІ-ХІІІ ғғ.), Тағайын ата қаласы (ХІІ- ХҮІ ғғ.), Жүсіп ата қонысы (ХІІ-ХІІІ-ХІХ ғғ.), Көксарай-ІІ қонысы (ХІІІ-ХІҮ ғғ.).

Кеңес дәуірінде 1972-1974 жж. Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды Күлтөбе қаласына алғашқы зерттеулер жүргізіп, ортағасырлық қыш ыдыстар туралы ақпараттар ұсынды. Ал 1981-1984 жж. Түркістан археологиялық отряды (Е.Смағұлов) қазба жұмыстарын жүргізген. Ғылыми айналымда Күлтөбе қаласы Жібек жолымен қатар (б.з.д. ІІғ.) қалыптасқан деген пікір бар.

Қаратөбе (Сауран) қаласы бұл кезеңнің негізгі қалаларының бірі саналады. Ғалымдар Сауран кіші оазисіне енетін Қаратөбе қаласын Сауран қаласының алғашқы орны деп есептейді. Ортағасыр саяхатшыларының жазба деректерінде кездесетін осы Сауран қаласы.

Бұл қалаға алғашқы зерттеулерді 1947 ж А.Н.Бернштам бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жасаған. 1986 жылы К.М.Байпақов Сауран қаласы мен қатар осы Қаратөбе қалашығына да зерттеулер жүргізеді. Қаланы 2003 жылы, кейін 2005-2008 жылдары М.Тұяқбаев бастаған Түркістан археологиялық экспедициясының отряды зерттейді.

Шауғар-Шойтөбе қаласы қазіргі ғалымдардың зерттеуінде ертеортағасырлық Шауғар өлкесінің астанасы болған қала орны. Бұл қалаға К.Ақышев, К.Байпақов, Л.Б.Ерзакович, ал тәуелсіздік жылдарында Е.Смағұлов, М.Тұяқбаевтар бастаған әр кезеңдегі экспедициялар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Түркістан оазисінде ертеортағасырда үлкен қала деңгейіне көтерілмесе де, кішігірім Бұзауқорған, Шойтөбе-І, Шойтөбе-ІІ, Төрткүл-Қаражон, Жүсіп ата, Көксарай-ІІ қоныстары болды. Бұл еркерткіштер негізінен ІХ-ХІІ-ХІІІ ғасырларда пайда болған. Аталмыш қоныстарға алғаш болып Ерболат Смағұлов, кейіннен Марат Тұяқбаев бастаған экспедициялар зерттеу жүргізген.

Ағаділ Тұрсынов, музей-қорық инспекторы.

Кентаулық оқушыларға тіл мен тарих құндылықтары дәріптелді.

Кентау қаласында орналасқан Абай атындағы №5 жалпы білім беретін мектебінде қазақ халқының тарихы мен тілін құрметтеу және ұлттық құндылықтарды насихаттау бойынша кездесу өтті. Яғни, білім ордасының оқушыларына отанға деген сүйіспеншілік елдің мәдениетін, әдебиетін, тілі мен тарихын және дінді құрметтеуден басталатыны айтылды.

Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» десе, «Қанша тіл білсең – сонша рет сен адамсың», – деп А.П. Чехов бекер айтпаса керек. Тіл білген адам қор болмайды.  Ел мен елді, халық пен халықты байланыстыратын көпірдің бірі де осы  – тіл. «Дана халқымыз «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп бекер айтпаған. Көп тілді білу – заман талабы. Сол көпірді сақтап қалу үшін бір-бірінің тілін меңгеруі керек. Сөз соңында айтарымыз, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Біз, жастар, болашақ ұрпақ өзге тілді білу арқылы өз тілімізді әлемдік аренаға шығаруымыз керек. Яғни,  қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында тіл білудің артықтығы жоқ. Күннен күнге қарыштап жатқан жаңа технологияларды игерудің ең бірінші жолы – тілді меңгеру.» – деді “Кентау қалалық Руханият орталығы” КММ-нің басшысы Қ.Бекметов

Мемлекеттің басты міндеті мен мақсаты да осы дәстүрлі құндылықтарымызды, тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүр, мәдениет, тарихымызды сақтап, өскелең ұрпаққа ізгілік жолын дəріптеу.

«Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің түп тамыры, қатынас құралы. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше екені бесенеден белгілі. Міне, осы орайда ана тілімізді қастерлеу әрқайсымыз үшін парыз. ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата- -бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Қазақ тілі – халқымыздың тарихы, шежіресі, арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні. Қазақ тілі – халқымыздың өткен ұрпағын тарихи біртұтастық, ажырамас бірлік жағдайда мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Бұл – аз уақыттың аясында тындырып тастайтын іс емес.Алайда осындай дәрістерді оқушылар да ерекше көңіл күймен тыңдап, жақсы әсер алып жатыр. Бектілген жоспар бойынша ұстаздар да қызықты іс-шаралар мен түрлі сыныптан тыс сабақтар өтіп, оқушылардың тілге деген құрметін одан әрі дамытып, өз үлестерін қосып келеді. Бұл қуантарлық жаңдай. Біз Тәуелсіз Қазақстанда, құқықтық мемлекетте өмір сүріп келеміз. Өз кең байтақ жеріміз, мемлекеттік тіл статусына ие ана тіліміз бар. Бұл – ел ынтымағы пен бірлігінің үлкен жемісі. Ендеше, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген халқымыздың даналық сөзі. Тіл – жас ұрпақтың қолында. Тілді сүю – Отанды сүю болып табылады» – деді “Кентау қалалық Руханият орталығы” КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай қатысты.

Сондай-ақ, кездесуде мамандар дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу және өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарау мәселелері де түсіндіріліп, жастарды білім, ғылым игеруге шақырды. Ұлттық құндылықтар – олардың тарихи өзіндік ерекшелігі, отан, тіл, тарих, өнер, әдебиет және тағы басқа тақырыптар да талқыға түсті. Оқушылар өз пікірлерін айтып, көкейінде жүрген сауалдарға жауаптарын алды. Дәстүрлі, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, ұрпаққа дәріптеу басты мақсат екені айтылды. Түркістан облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген қазақ халқының діни ұстанымдарындағы басты құндылықтарды атап өтті.

«Ислам қазақ даласына келгенде діндегі толеранттылық пен төзімділік те ұлтымыздың бойындағы айрықша ізгі қасиетке айналды. Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өлеңі жолдары, тіпті күні кешегі Қадыр ақынның «Өзге тілдің бәрін біл» деуі де қазақтың мұсылманды өзге дін мен ұлт өкілінен бөле-жара қарамай, дініне, ұлтына, нәсіліне қарамастан барлық адамзат баласын тең көргенін аңғаруға болады. Қазіргі уақытта халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын елімізде христиан және басқа дін өкілдері ешбір қысым көрместен, мұсылмандармен бейбіт қарым-қатынаста араласып, ымыраластықта өмір сүруде. Еліміздің әр қаласында олар өздерінің діни бірлестіктерін құрып, құлшылық үйлерін тұрғызып, ешқандай кедергісіз ғибадаттарын жасап жатыр. Осындай кезде өзін мұсылманмын деп есептейтін адамды бес уақыт намаз оқымағаны үшін ғана кәпір деп айыптап, мал-мүлкін өзіне адал қылған жат діни ағым ұстанушыларының әрекеті ислам дінімен еш байланыспайтынын ескерте кеткен орынды. Адами құндылықтары жоғалған және өздерін ғана ақиқатты ұстанушылар ретінде есептейтін олар нағыз исламның өзге дін өкілі болса да адам өміріне құрметпен қарайтынын білмесі анық. Біздің елімізде әрбiр адамның наным-сенім бостандығына, азаматтардың діни сеніміне деген құрмет ерекше. Еліміздің кез келген азаматы дiндердiң мәдени және тарихи құндылығы мен конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiк пен азаматтардың дiни нанымдарын шын құрметтейді. Елімізде белгілі бір міндетті немесе ресми діннің болмауы – азаматтардың діни сенім еркіндігін қамтамасыз етеді. Яғни, республиканың әрбір азаматы өз бетінше әрі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз қай дінді болса да таңдау еркіндігіне ие деген сөз. Біздің мемлекетіміз әлем елдері арасында діни толеранттылық идеясын таратып, халықтар мен діндер арасындағы келісім мен түсіністікке толық қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Ислам барша адамзатқа әділдікті үлгі, зұлымдықты харам етеді. Өзара жәрдем беру, мейірімді де рахымды, бауырмашыл болу – оның ұлық тәлімдерінен. Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Адамды бір ғана сенімге арқандап, оған қатаң көзқарастарды таңбайды, оған ешкімді мәжбүрлемейді. Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» делінген. Бұл – дініміздің ұстанымы, адамзатқа көрсеткен жолы, Алла Тағаланың нығметін қадірлеу, салиқалы мақсат қоюына көмектесу деп бағамдаймыз. Жаратушы Иеміз әлемдегі барлық іс-шаралардың ақ-қарасын ажыратып бергеннен кейін адам баласының қай жолды таңдауын өз еркіне салады. Бүгінде қазақ қоғамы осы дін талаптарының үдесінен шығып, дін өкілдері арасындағы достық пен ынтымақтың үлгісін паш етіп отыр. Дінаралық диалог пен конфессияаралық келісімнің отаны – Қазақстан деп ауыз толтырып айтуға негіз бар. Оның жарқын бір үлгісі – мемлекет тарапынан дін саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар. Қай ұлттың немесе діннің өкілі болса да ешкімнің заң бұзуына, заңнан аттауына тыйым салынады. Қазақстандық заңнама аясында қай дінге сенемін, қай сенімді ұстанамын десе өз еркі. Бұл ашық та толерантты қоғамның айқын белгісі.Алайда керіағар ағымдардан бойымызды аулақ ұстайық» – деді Түркістан облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген

Оқушылармен болған кездесуде мамандар жас ұрпақты саналы білім алуға және ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосатынын жеткізді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ ҮШІН КАДРЛАР ДАЯРЛАЙТЫН ЖАЛҒЫЗ БЕЙІНДІ ОҚУ ОРНЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА

Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті – туризм және қонақжайлылық индустриясы үшін кадрлар даярлайтын Қазақстандағы жалғыз бейінді жоғары оқу орны. Университет оқу көлемінің 60%-ын – өндірісте, 40%-ын оқу орнында өткізеді. Бұл туралы брифингте аталған университет ректоры Әлібек Шоқпаров мәлімдеді.

«Университетте қызмет көрсету саласындағы халықаралық ұйымдардың топ-менеджерлерінің қатарына кіретін оқытушы профессорлар сабақ береді. 2024 жылдан бастап 3 жылдық оқыту жүйесі іске асырылуда. Сабақтың тәжірибелік бөлігі туризм саласындағы мекемелер, қонақүйлер, туристік фирмалар, мұражайлар, әуежайлар және мейрамханалар базасында ұйымдастырылады. Осы бойынша дуальды оқыту жүйесі іске асырылуда. Биыл университетті алғашқы 460 түлек бітіріп, олардың 57%-ы үш ай ішінде жұмысқа орналасты. 2022 жылы оқу орны жанынан Ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Оның негізгі міндеттерінің бірі – ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу және іске асыру. Ал, 2023 жылы универиситет қабырғасында әскери кафедра ашылды. Ол жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруда және олардың ұлттық бірегейлігін нығайтуда маңызды рөл ойнайды», – деді университет ректоры.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 100 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ ӨНДІРІЛГЕН

Түркістан облысында 2024 жылдың 9 айында облыс бойынша 5 кәсіпорында 402 жұмыскер алдында 204,1 млн.теңге жалақы қарызының орын алғаны анықталды. Жұмыс берушілерге орындалуы міндетті нұсқамалар беру арқылы 102,9 млн. теңгесі өндіріліп, 358 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған. Бұл туралы облыстың бас еңбек инспекторы Берік Ибадуллаев БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде баяндады.

– Жыл басынан бері облыс көлемінде 1 039 азаматтың арыз-шағымдары қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Осы арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 151 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 262 заң бұзушылық анықтадық. Анықталған заң тәртібіне бағынбаушылық негізінде 122 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 25,5 млн. теңге көлемінде 798 хаттама толтырылып айыппұл салынды, – деді Берік Серікбайұлы.

Одан бөлек, спикер 2024 жылдың 9 айында өңірде еңбек жанжалы орын алмағанын жеткізді. Әлеуметтік шиеленістің туындау тәуекелі бар 157 кәсіпорын анықталып, олармен еңбек заңнамасының сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, биыл жыл басынан өңірде 29 өндірістік жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан 37 адам зардап шегіп, 6 адам қайтыс болған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 700 МЫҢНАН АСТАМ ҚОНАҚ КЕЛГЕН

Түркістан облысына 2024 жылдың 9 айында 700 мыңнан астам қонақ келген. Бұл жайында Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

– Өңірге келетін туристер санын ұлғайту және туристерге қолайлы жағдай жасау үшін әлі де біршама жұмыстар жүргізілуі керек. Осыған орай биыл 26 тамызда облыс әкімінің төрағалығымен өңірдің туризмін дамыту бойынша мәжіліс өтіп, саланы өркендетуге арналған жол картасы бекітілді. Онда туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, аудан-қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған. Жол картасының нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, ал шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, сондай-ақ туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде,- деді спикер.

Сондай-ақ, басқарма басшысы «GET LOST WIZZ AIR» жобасына тоқталды.
– Жоба 180 саяхаттаушы-блогердің жасырын қалаларды аралаумен өтеді. Жасырын қаланың аты ұшақ қонғанда ғана хабарланады. Бұл жоба басқа елдерде сәтті жүзеге асырылуда. Мысалы, «Wizz AIR» әуекомпаниясы Бішкекке саяхат жобасын жүзеге асырды. Қазіргі таңда «Wizz AIR» компаниясымен алдын ала кесіссөздер жүргізілді. Ұшу шығындарын әуе компаниясы толықтай өзі көтермек, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, спикер 2024 жылдың 8 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 43,6 млрд. теңгені құрағанын жеткізді. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 49,3 млрд. теңгеге жетпек.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызмет

Кентауда 100-ден аса білім қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі қашанда қошемет пен құрметке лайықты. Мұғалімдер күні қарсаңында қаладағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінде «Ұстаз – ұлы тұлға» атты мерекелік кеш өтті.
Мерекелік шараға Кентау қаласы әкімінің әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, қалалық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Құдайбергенов және қала және ауыл аймақтарынан 500-ге жуық ардагер ұстаздар, кәсіподақ төрағалары, педагогтар мен жас мамандар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылған шараны қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова ашып, бірқатар білім саласында табанды еңбек еткен ұстаздарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен қала әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
«Мемлекетіміздің сындарлы саясатының, тікелей қамқорлығының арқасында білім саласы жылдан жылға жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Кентау қаласының ұстаздары білім мен тәрбие беруде көптеген табыстарға жетіп келеді. Өткен оқу жылында білім сапасы, ҰБТ-ның қортындысы бойынша облыс көлемінде жақсы көрсеткішке қолжеткізілді. Бұның бәрі Сіздердің арқаларыңыз», деді Ақнұр Нұралықызы.
Одан бөлек түрлі деңгейде марапаттар ұйымдастырылып, 100-ден аса білім қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төс белгілері мен алғыс хаттары, облыстық білім басқармасының құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табысталды.
Бүгінде бүтіндей бір ұрпақты білім нәрімен сусындап, ел үшін адал қызмет ету жолында аянбай еңбек ететін мұғалімдердің адал қызметі назардан тыс қалмай жоғары бағаланып келеді.
Ұстаз болу – ұлы міндет, ауыр жүк, бірақ сонымен қатар ең мәртебелі мамандық. Салтанатты шара қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ОБЛЫСТЫҚ ФЕСТИВАЛІН ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ӨНЕРПАЗДАРЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Түркістанда биылғы «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі Отырар ауданының мәдениет күндерімен қорытындыланды. Көше театры үлгісінде Этноауылда «Ми палау» сахналық қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Мәдениет күндері аясында ұлттық ойындар да насихатталды. «Ұлттық ойын –ұлттың игілігі» атауымен арқан тарту, асық ату, қошқар көтеру, садақ ату және қазақша күрес, тағы басқа түрлерінен сайыс ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылып, арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар халық фольклорынан Таусоғар, Алдар көсе, Қожанасыр және Желаяқ пен Мешкейлер де қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұлттық тағам түрлерінің дайындалу жолы көрсетілді.

Алғашқы күні «Киелі Отырардан – қасиетті Түркістанға» атты рухани керуен көші келіп, ауданның тумасы, әлем ақыны, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов арнайы қонақ болды. Суретші Әділхан Мәліктің туындыларынан көркемсурет көрмесі және ауданның жетістіктері мен кітап көрмесі жасақталды. Отырарлық қолөнер шеберлерінің, ағаш ұсталарының және құмыра жасаушылардың көрмесі аясында шеберлік сағаттары өткізілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі жәрмеңкеге ұласып, «Ұлы дала дәстүрі» айдарымен киіз үйлерде халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетілді. Көпшілікке бие, түйе сауып көрсетілді. «Ботаны қырқынан шығару», киіз басу, құрт жаю мен май пісу, тағы басқа ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтар ұлықталды. «Алтыбақан» жастар ойын-сауығы өтті.

Ал кешкісін «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен гала-концертте ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен күмбірлеген күй, мың бұралған би де көрініс тапты. Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов сөз алып, қасиетті қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтады. Кеш барысында сатира сардарлары Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков пен айтыс ақтаңгері Анар Жаппарқұлова және ән өнерінің жұлдыздары Хадиша Шалабаева, Берік Сексенбек, Ермахан Әшіров арнайы қонақ болып, «Бақыт айдынында» бишілері, «Бастау» тобы мен «Қыздар» триосы және тағы басқа аудан өнерпаздарымен бірге өнер көрсетті. Кешті белгілі журналист Қайырхан Мәулен мен Гүлімқұлжа Сейтқазы жүргізді.

Айта кетейік, Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай өткізілген өнер фестивалі маусым айында басталған болатын. Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастырған фестивалдің басты мақсаты – мәдениет пен өнерімізді дамыту және жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеп, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Алғаш болып фестиваль шымылдығын күндері Сайрам ауданының көркемөнерпаздары ашып, 17 аудан, қала өнерпаздары бекітілген кестеге сәйкес екі күн бойы өнер көрсетті. Жеңімпаздар алдағы уақытта марапатталатын болады.