Түркістан: 700-ден астам мектеп директоры басқару құзыреттіліктерін арттырады

Түркістан облысының 700-ден астам мектеп директоры министрлік мониторингінің қорытындысы негізінде басқару құзыреттіліктерін арттырады
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өткен жылдың қараша айындағы білім беру ұйымдарының қызметін кешенді талдау және бағалау қорытындысы бойынша Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандарының, сондай-ақ Арыс және Түркістан қалаларының мектептерінде бұзушылықтарды жою және білім беру сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Түркістан облысында жүргізілген кешенді мониторинг сегіз негізгі критерийді қамтыды, оның ішінде білім ұйымдарының кадрлық құрамы да бар. Қазіргі уақытта «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы халықаралық сарапшыларды тарта отырып, өңірлерден 767 басшының біліктілігін арттыру және басқару құзыреттерін дамыту бойынша жұмыс жүргізуде.
«Бұл шара білім беру ұйымдары басшыларының басқарушылық құзыреттерін арттыруға мүмкіндік береді және білім беру процесінің сапасын жоғарылатуға ықпал етеді. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 1000-нан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны жаңарту мен қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Сапалы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру үшін міндетті нормативтік тізбе тиісті сәйкестікке келтірілді», – деді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Эльмира Кадимова.
Сонымен қатар, педагогикалық құрамның сапасын арттыру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен ынтымақтастық орнатылды. Комитет өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар оқушылардың академиялық көрсеткіштерін арттыруға, білім ұйымдарындағы жалпы ахуалдың жақсаруына және мектеп, ата-ана мен қоғам арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

«Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты әдеби кеш өтті

Кентау қалалық орталық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Сәкен Сейфуллин көшесінде, Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғ.Тойшиев, қаламыздың жергілікті ақын- жазушылары М.Махажов пен Ж.Бекшораева, Әл – Фараби атындағы №14 мектебінің оқушылары мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның қоғамдық тарихында абыройлы орын алатын, революционер – коммунист, қазақтың белгілі жазушысы, ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дала дауылпазы, атақты ақын, жазушы, драматург, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай «Кентау көшелері» жобасы аясында «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты әдеби кеш өтті. Әдеби кеште ұлы тұлғаның кітаптары қойылған көрме жасақталып, оны жастарға дәріптеу шаралары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ақынның өмір жолы, қазақ еліне сіңірген еңбегі де айтылды.

«Қазақстанның қоғамдық тарихында абыройлы орын алатын, революционер – коммунист, қазақтың белгілі жазушысы, ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің 130 жыл толуына орай «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары атты» әдеби кешке қош келдіңіздер.Тарихта қалған тарландар өмірі біз үшін үлгі. Қазақтың қазыналы тілінің бір пұшпағын илеген талай ақын – жазушыларымыз сөз маржанының қандай болатынын қарға тамырлы қазаққа дәлелдеп айтып кетті. Өмір атты теңізде қолдарына қалам алып дүние сырына тоймай тамсана жазған талай дана адамдар болды. Өмірге жұлдыз болып келетін, халықтың еркесі, халық жүгін көтеретін дара адамдар, дарынды жандар аз – ақ. Бірақ қазақ әдебиеті поэзия әлемінде әлемдік деңгеймен салыстырғанда 20 – сыншы ғасырда кенже қалған емес. Керісінше өзінше жаңа қырымен дами бастады. Қандай марғасқа, жаны жайсаң адамдар өмір сүрді сол кезеңде. Әр адамның өз келбеті, өз жан – дүниесі болады. Егер ақынға сезім мен сұлулықты, қосып берген жағдайда одан нағыз шедевр дүниелерді күтуге болады. Қазақтың маңдайына біткен Сәкен Сейфуллин дәл сондай сері адам болатын. Қазақ халқы келбетті ер адамдарды көргенде сері деген. Дәл сол сері Сәкен ақынның сұлу жанынан өріліп, талай дүниелер дүниеге келді. Соғыстың да ащы дәмін татып, бала оқытуды да меңгерген ірі ұстаз өмірінің соңғы кезіне дейін құдіретті ақындық өнердің жүректе жатқан шырағын сөндірген емес. Жаңалыққа толы қым – қуыт жиырмасыншы ғасыр өмір майданына, өмір жағалауына таңдаулыларды өзі шығарып тастап отырды. Жазушы туралы қанша айтса да жарасады. Дәл осы уақытта біздің арамызда жүрмесе де, мектебіміздің Сәкен есімімен аталуының өзі, шығармалары, өлеңдері бізбен бірге. Сәкен – қазақ кеңес әдебиетінің қарыштап дамуында үлкен роль атқарған жаңашыл ақын. Өзінің бар өнерін халық мақсатына, туған елінің жарқын болашағына арнап, жаңа заманның дауылпазы болды. Абайдан кейін қазақ поэзиясына жаңалық қосқандардың ішінде оның орны бөлек. Сәкен Сейфуллин 1894 жылы қазан айының 15 – інде Ақмола уезіне қарасты Нілді болысында (қазіргі Жезқазған облысы Ағадыр ауданы) көшпелі кедей шаруасының семьясында туған. Сәкен Сейфуллин – қазақ Кеңес әдебиетінің негізін салушы, көрнекті ақын, қоғам қайраткері. Оның есімі халық арасына революция жылдары және одан кейінгі кезеңде кеңінен тарады. Ол қазақ ақындарының ішінде бірінші болып революцияны жырлады, Совет өкіметі үшін күреске белсене қатысты.Табиғаттың дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қыр мұрынды, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Сәдуақас деген есімінің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен. 1937 – 1938 жылдарда қара дауылдай соғып тұрған сталиндік репрессия қазақ халқының ең білімді, ең саналы зиялыларын баудай түсірді: қазақ әдебиетінің негізін қалауға ат салысқан С. Сейфуллин нақақ жаланың құрбаны болды. Жалған айып тағылып, өлім жазасына ұшыраған көрнекті ақын, жазушылардың қырқылып кетуі қазақ мәдениетін орны толмас шығынға душар етті. Дәл осы кезде де өз басына қауіп – қатер төніп тұрғанына қарамастан, азаматтық келбетін жоғалтпай, адал бағытынан таймағандардың бірі – осы Сәкен Сейфуллин еді. Сейфуллинді НКВД 1937 жылғы қыркүйектің 24 – інде тұтқынға алып, 1938 жылғы ақпанның 25 – інде атып тастады.» – деді Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғ.Тойшиев

 

Сәкен Сейфуллин – қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған. Қазақстанның қоғамдық тарихында абыройлы орын алатын, революционер – коммунист, қазақтың белгілі жазушысы, ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі.

Іс-шараның мақсаты жас ұрпақты еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күрескен, Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармаларын оқып білуге баулу, ақынның өз заманындағы саяси – қоғамдық көзқарасын таныту, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Сәкен Сейфуллин жайлы мәлімет бере отырып, өмірі мен еңбектерімен таныстыру, туған жеріне деген сүйіспеншілікке, патриотизмге тәрбиелеу, қазақ елінің тарихын, мәдениетін құрметтеуге баулу.

«ТҮРКІСТАН-АНТИТЕРРОР-2024» ЖЕДЕЛ-ТАКТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТІП ЖАТЫР

Бүгін Шымкент қаласындағы «Ақтас» оқу-дала орталығында терроризмге қарсы күрес жөніндегі Түркістан облыстық жедел штабымен «Түркістан-Антитеррор-2024» жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтіп жатыр.

Іс-шараның барысында ескерту жүйелерін жетілдіру, штабтың лаңкестік сипаттағы қауіптерге жауап беруге дайындығы, лаңкестік салдарын барынша азайту мен жою мәселелері пысықталады. Жедел топтар қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды, шартты түрде сотталған лаңкестермен келіссөздер ұйымдастыру, сондай-ақ кепілге алынғандарды босату бойынша және лаңкестерді залалсыздандыру операциясын жүргізеді.
Осыған байланысты облыс және қала тұрғындары мен қонақтары жүргізіліп жатқан оқу іс-шараларына, автокөлік пен халық қозғалысының ықтимал уақытша шектеулеріне түсіністікпен қарап, қауіпсіздік шараларын сақтауға және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырады.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «Алтын күз» мерекесі өтті

Аудан орталығы «Даңқ» саяжолында «Алтын күз» ауыл шаруашылығы саласын қорытындылаған жиыны ұйымдастырылды. Оның аясында арзан бағада азық түлік өнімдерінің жәрмеңкесі, асыл тұқымды мал басының көрмесі, ауылшаруашылық техникаларының көрмесі, асыл тұқымды қошқардың салмақ өлшеу рәсімі өтті. Үздік өнім алған шаруа қожалықтарымен ауыл окуг әкімдіктері, үздік ауыл шаруашылық мамандары марапатталды. Аудан тұрғындарына шаруалар арзандатылған бағадағы өз өнімдерін ұсынды. Мерекелік шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков барша аудан тұрғындарын берекелі де, мерекелі «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, үздік ауыл округтерімен, шаруа қожалықтарын марапаттады. «Дана халқымызда «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген тағылымды сөз бар. Өндіріспен қатар ауыл шаруашылығы саласы қашанда аудандағы ең маңызды сала болып қала бермек. Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы биылғы жолдауында «Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін», -деп ауылшаруашылық саласы еңбеккерлеріне үлкен бағасын берді. Ауыл шаруашылық саласы қашанда үкіметтің басты назарында. Мәселен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы жүзеге асты. 2023 жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. «Ауыл аманаты» жобасына 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 млрд. 169 млн. 410 мың теңгеге несие алды»,- деді аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы.

Ауыл шаруашылығы бойынша табысты көрсеткішке қол жеткізген Қарақұр ауыл округ әкімдігі (ауыл әкімі Ғалым Бимендиев) Сызған ауыл округ әкімдігі (ауыл әкімі Қайырқұл Нұртан) 3 орын, Құмкент ауыл округ әкімдігі (ауыл әкімі Ерзат Балықбаев) 2 орынмен, 1 орын алған Жартытөбе ауыл округ әкімдігі (ауыл әкімі Данияр Жүсіпов) аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Асыл тұқымды қошқардың салмақ өлшеу рәсімінен 141 келі шыққан сызғандық «Аманат» шаруа қожалығының төрағасы Ысқақов Жандос алды. Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген озат шаруалар да аудан әкімінің алғыс хатының иегері болып, сый -сияпат табысталды.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттының депутаты Бағлан Сүгірбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтарға алғыс хат табыс етті. Жалпы теріскейлік шаруалар жиын терім маусымын жоғары дәрежеде аяқтады. Көршілес Ресей мемлекетіне қауын қарбыз экспорттады. «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2024 жылы Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылып, қатысқалы отыр. Бүгінгі таңға Қарақұр ауыл округінен «Ran Agro», Сызған ауыл округінен «Қайнар 1», Шолаққорған ауыл округінен «Игібай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері ашылды.

Несие қаржы алуға Сызған ауыл округінен «Қайнар 1» АӨК құжаттары «ЫРЫС» МҚҰ» ЖШС-не құжаттары өтті. Қарақұр ауыл округінен «Ran Agro» АӨК-і құжаттары әзірленуде. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2024 жылдың 8 айында 8 млрд. 992 млн.теңгені құрады. Егістік жер көлемі 14 638 гектарға игерілді. Сондай-ақ 20 жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жаңбырлатып суару әдісі 201 гектар жерге енгізілді. Созақ ауданы бойынша 18 асыл тұқымды қой шаруашылығы тіркелген. Осы шаруашылықтарды 14 059 бас асыл тұқымды қойлар өсірілуде. Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты.

АБАЙ АУЫЛЫНДА ҚУАТТЫЛЫҒЫ 1600 КВТ ҚҰРАЙТЫН ҚОСАЛҚЫ ПОДСТАНЦИЯ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Абай ауылында 35/10 кВ «Төртши» деп аталатын қосалқы подстанция іске қосылып, ауыл тұрғындары көптен көтеріп жүрген түйткілді мәселенің түйіні шешілді. Жаңа станцияны іске қосу рәсіміне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Жаңа подстанцияны іске қосу арқылы Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің де электр энергиясы қуатын арттыру көзделгенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта ауданда халық сұранысына орай атқарылатын өзге де жобаларға жеке-жеке тоқталып, жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде сөз алған «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС техникалық қауіпсіздік қызметінің басшысы Мерей Төленбекұлы жаңа станцияның қуаттылығымен таныстырды.
Ауыл қариясы Өтелбай Шардарбеков
-«Біздің бірнеше жылдан бергі көтеріп келген мәселесіміз оңынан шешілді. Тұрғындардың уәжін тыңдап, халықпен етене жұмыс істейтін ашық үкімет осындай болар. Биылғы жылдың мамыр айында жаңадан қосалқы подстанция салу ісі қолға алынды дегенде қуанып едік. Міне енді қыс мезгілінің алдында қуанышымыз еселеніп, сапалы электр энергиясын тұтынатын болдық”,-деп өз қуанышын жеткізді.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қаңтар айында Абай ауылына келетін 10 кВ құрайтын әуе желісі желдің өтіне қолайсыз орналасқанның салдарынан 13 шақырымдағы 200-ге жуық бағана құлап, тұрғындар бірнеше күн әуре-сарсаңға түсті. Орын алған жайттан соң тұрғындар электр желісін қолайлы бағытқа алмастыру жөнінде бірнеше рет мәселе көтерді. Бұған қоса Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде электр энергиясы қуатының жетіспеуі сынды мәселелер де айтылып келді. Бұл бойынша аудан басшысы құзырлы мекеме басшыларымен өзара келіссөздер жүргізді.
Нәтижесінде Абай ауылы Шолаққорған-Созақ бағытындағы 35 кВ жоғарғы кернеулі әуе желісіне қосылды. 9,5 шақырымды құрайтын қашықтыққа 84 дана СВ164 маркалы бағаналар тұрғызылды. Ауыл маңынан қуаттылығы 1600 кВА сыртқы үлгідегі қосалқы подстанция салынып, іске қосылды. Тұрғындар жаңа станцияны «Төртши» деп атау жөнінде де бірауыздан ұсыныс берген.

СОЗАҚТА 6 ЖЫЛДА 38 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫП, 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасуда. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков өңір әкіміне ауданның 2024-2030 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Негізгі индикаторлар мен экономиканы алға сүйрейтін салалар сарапталып, терең талданды. Облыс әкімі тарапынан даму жоспарын толықтыру туралы тапсырма беріліп, сала басшыларының ұсыныстары тыңдалды.
– Бекітілген даму жоспарын орындау бойынша Жол картасы бекітіліп, ол тиянақты әрі сапалы орындалуы тиіс. Созақ ауданында өндірісті дамыту маңызды. Тау-кен саласында мүмкіндік мол. Туризмді дамытуға да күш салған жөн. Аудан әкімдігі мен басқармалар бірлесе жұмыс атқаруы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Аудан әкімінің айтуынша, Созақ ауданы бойынша 2024-2030 жылдарға жалпы құны 640 млрд. 757 млн. теңгеге 38 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ашылатын жұмыс орындары – 2 989 адам. Салықтық түсімдер 1 млрд 987 млн. теңге болады деп болжанып отыр. Өнеркәсіп саласында жалпы құны 636,2 млрд. теңгеге 15 жоба жүзеге асып, 2 803 адам жұмыспен қамтылады. Салықтық түсімдер 1 млрд. 850 млн. теңге болады деп күтілуде.
Агроөнеркәсіп кешені саласында 19 жоба жүзеге асады. Жалпы құны 3,7 млрд. теңге, жұмыс орны – 151 адам. Туризм саласында жалпы құны 810 млн. теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылып, 35 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Барлық салада жұмыс күшейтіліп, нақты жоспарлар қойылады.
Іске асырылатын инвестициялық жобалардың нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемін жыл сайын 6,8 пайызға өсіру арқылы 6 жылда 1,5 есеге арттыру көзделген. Оның ішінде өнеркәсіп саласы бойынша 2030 жылға дейін жыл сайын 6,5 пайыз өсім беріп, 1,5 есеге арттыру, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайынғы өсімді 12,5 пайызға, яғни 2 есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл жоспардың орындалуы облыс әкімінің бақылауында болады.

ЫНТЫМАҒЫ АРТЫП, КӨРКЕЙГЕН КЕЛБЕТІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНГЕН ЖАРТЫТӨБЕ АУЫЛЫ “ҮЛГІЛІ АУЫЛ” АТАНДЫ

«Үлгілі ауыл» конкурсының аудандық деңгейінің жеңімпазы анықталды. Конкурсқа әрбір ауылдық округтен бір елді мекеннен қатысып, жасыл желекпен көмкерілген Жартытөбе ауылы үздік деп танылды.

Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілді. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы ендігі кезекте облыстық деңгейде бақ сынайды.

Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылында стандартқа сай жабдықталған білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының сұранысына орай да тиісті жұмыстар атқарылып келеді.

Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальт және 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылды. Бұған қоса толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.

Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке орауда. Сәні мен салтанаты келіскен ауылдың ажарлана түсуіне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасының да серпін бергені анық.

Сонымен қатар, денсаулыққа зиянды өнімнің бірі болып саналатын алькогольді ішімдікті сатудан бас тартып, өскелең ұрпақты салауатты өмірге қалыптастыруды жөн санаған ауылда 69 алтын құрсақты батыр аналар тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар.

Сондай-ақ Округ бойынша 28 азамат “Ауыл аманаты” жобасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылдан өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.

СОЗАҚ АУДАНЫНДАҒЫ «ҮЛГІЛІ АУЫЛ» АТАНҒАН ЖАРТЫТӨБЕ ЕЛДІМЕКЕНІНДЕ СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДА МҮЛДЕМ ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛМЕГЕН

Созақ ауданында «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы ретінде Жартытөбе ауылы үздік деп танылды. Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілген. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы ендігі кезекте облыстық деңгейде бақ сынайды.
Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылы білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальтталып, көше жарықшамдарымен қамтылған. Бұған қоса, толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.
Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке айналдырған.
Сонымен қатар, ауылда 69 алтын құрсақты батыр ана тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар. Сондай-ақ, округ бойынша 28 азамат «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылда өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПОДАҚ ТАРАПЫНАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛУДА

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Бахыт Еркінбек мәлімдеді.

“Облыстық кәсіподақ комитеті мүшелерінің хаттары мен арыз-шағымдарын қарауға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы бес жылдағы атқарылған жұмыстар нәтижесінде 111 қызметкер жұмысқа қайта алынған. Сонымен қатар, 94 қызметкердің заңсыз жұмыстан босатылуына жол берілмеді. Сотта 58 рет өз мүшелеріне өкілдік етсе, 9 686 құқықтық кеңес берілген. Осы ретте биылғы жылғы қаңтар-қыркүйек айларында түскен 275 арыз-шағым бойынша да тиісті жұмыстар атқарылды. Бүгінде педагог қызметкерлерге коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін жергілікті бюджеттен өтемақының берілуі кәсіподақ комитеттерінің бақылауында. Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасы тарапынан медициналық сақтандыру жарнасының аударылуына өз ықпалын жасады. Кәсіподақ тарапынан өз мүшелерін сауықтыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, 5 жыл ішінде 24 682 адамға сауықтыру орындарына жолдамалар берілсе, оның 4 353-і балалар. Сондай-ақ, кәсіподақ комитеттері жыл сайын республикалық «Мектепке жол» акциясына белсенді түрде қатысып келеді. Соңғы 5 жылда көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасында өмір сүретін 15 мың балаға көмек көрсетілді. 2024 жылы 2400-ден астам балаға 18 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, оқу құралдары мен мектеп формасы сатып алынды”,- деді спикер.

Бахыт Сейітжаппарұлының сөзінше, өңірдегі аудандық, қалалық және облыстық кәсіподақ ұйымдары тарапынан Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендерге 14,2 млн.теңге көмек көрсетілген. Одан бөлек, Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 13 млн.теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданында апаттан зардап шеккен мектептерге 100 ноутбук пен сауықтыру орындарына 100 жолдама берілген.

Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Түркістан қаласында Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы ұйымдастырылды.
Оған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Бибігүл Ағыбаева, орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.

Форумның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын және Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін жетілдіру мәселелерін талқылау.
Іс-шараның ашылуында МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай биылғы форумның Түркістан жерінде өтуінің өзіндік символдық мазмұны бар екеніне тоқталды. Себебі Мемлекет басшысы осы киелі мекенде өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады» деген болатын. Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын Адал азамат идеалдарына сай ілгерілету Агенттіктің үнемі назарында.
Агенттік төрағасы форум аясында келесі мәселелерге баса назар аударудың маңыздылығын айтты. Біріншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіру жұмыстарын жалғастыру. Бұл жай ғана ресми стандарттар емес – халыққа қызмет ету идеясына негізделген философия болуы тиіс. Оның мақсаты – қоғамға үлгі бола алатын тиімді мемлекеттік аппаратты құру.

Екіншіден, антқа адалдықтың маңыздылығын басты назарда ұстау. Әрбір мемлекеттік қызметші ант қабылдағанда адал, әділ және өз міндеттерін мінсіз орындауға уәде береді. Ант қоғамға адал қызмет ету, ел мүддесін қорғау және жоғары моральдық құндылыққа сәйкес әрекет ету міндетін жүктейді.
Үшіншіден, халық сеніміне ие болу, заң үстемдігін орнықтыру. Әділдік, ашықтық және әдептілік қағидаттарына сай қызмет ету қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін орнықтырады. Мемлекеттік қызметшілер барлық азаматтың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етіп, объективті шешімдер қабылдауға тиіс.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын жетілдірудің жаңа тәсілдері мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тауып отыр. Оларды жүзеге асыруда Әдеп жөніндегі уәкілдер институтына маңызды міндет жүктеледі.
Қатысушылар әдеп жөніндегі уәкілдердің дербестігін күшейтуге және оларды бағалау мен бақылаудың неғұрлым тиімді тетіктерін енгізуге қатысты ойларын да ортаға салды.
Дархан Жазықбайдың айтуынша, Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметтік әдеп стандарттарының сақталуының кепілі болуға, өздері үлгі көрсетуге және мемлекеттік органдарда ұжымдық мәдениеттің нығаюына ықпал етуі тиіс.
Агенттік мемлекеттік қызмет саласындағы анықталған бұзушылықтарды зерделеп, олардың себептерін талдау және алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Өткен жылдың өзінде Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын ілгерілетуге ықпал ететін 30 мыңға жуық түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырды.
Атап өту керек, бүгінде республика бойынша мемлекеттік органдарда 713 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады.