ЕЛІМІЗДЕ 3 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ КИІК МЕКЕН ЕТЕДІ

Бүгінде елімізде 2 833 600 бас киік мекен етеді. 2016 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 48 пайызға артқан. Жалпы ел аумағында мекен ететін киіктер Орал, Үстірт және Бетпақдала деп аталатын үш популяцияға бөлінген. Бұл жайында «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Расул Маханов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Биыл Қызылорда облысының солтүстік-шығыс беткейіндегі аумақтарында 15-20 мың басқа жуық, Түркістан облысы Созақ ауданының аумағында 1500-2000 басқа жуық, сондай-ақ, Ұлытау облысы аумағында 70-80 мың бас шамасында киік қоныс аударғандығы тіркелді. Жалпы филиалда 54 инспектордан құрылған 8 мобильді топ жұмыс істейді. Олар Түркістан облысының 3,5 млн гектар, Қызылорда облысының 17,7 млн гектар және Ұлытау облысының 21,4 млн гектар далалық жерінде бақылау жүргізеді»- деді Расул Қарақалпақұлы.

Сонымен қатар, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Бақыт Мұсалиев бүгінгі таңда ел аумағында «Киік» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы өтіп жатқанын жеткізді. Акция аясында 2024 жылдың желтоқсан айының 1-і мен 2025 жылдың 15-і қаңтары аралықтарында киіктің күйек мерзімін ескере отырып, браконьерлік жасаудың және сатудың алдын алу жұмыстары қолға алынбақ.

ТҮРКІСТАН: «TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА ҚҰНЫ 550 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 140-ҒА ЖУЫҚ ӨНДІРІС ОРНЫ ОРНАЛАСАДЫ

Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше өнеркәсіп орындары өз жұмысын бастады. Дәл осындай жобалардың бірқатары бүгін БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған пресс-тур аясында таныстырылды. Бүгінде арнайы аймақта инвестициялық құны 550 млрд теңгені құрайтын 137 жоба бар. Нәтижесінде 5000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тарқата айтсақ, «PSI Mineral Technologies» ЖШС – тау-кен-металлургия кешеніне арналған жабдықтар өндіретін зауыт жұмысы таныстырылды. Бұл жобаның жалпы құны — 8,33 млрд теңге. Жоба толық іске қосылғанда 200 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, аймақта құны 6,7 млрд теңге болатын «Алтын дала мақта» ЖШС – ПВХ құбырларын өндіру зауыты және құны 147 млрд теңгені құрайтын «Түркістан мақта-агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ң мақта кластерін құру бойынша жобалары таныстырылды.

Жалпы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырады. Сондай-ақ, жобалар ел экономикасын әртараптандыру және инвестиция тарту бағытындағы тиімді қадам болып есептеледі. «TURAN» АЭА жалпы аумағы — 3 987 гектар. Жоспарланған жобалардың іске қосылуы арқылы аймақ Қазақстанның инновациялық және өндірістік хабына айналмақ.

ЖОЛДАУ: ТҮЛКІБАСТЫҚ БАҒБАНДАР 30 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ АЛМА ЖИНАДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі ауылшаруашылық саласына баса назар аударылуы қажеттігі тілге тиек етілген болатын. Аталған сала бойынша Түркістан облысы көш басындағы өңірлердің қатарында.

Тамаша табиғатымен ерекшеленетін Түлкібас ауданының бағбандары 30 мың тонна алма жинап үлгерген. Жалпы Түлкібас ауданында өнім беріп тұрған 3 062 гектар алма бағы болса, соның 700 гектарын қарқынды алма баулары құрайды. Бүгінде ауданда қарқынды бау көлемін ұлғайту мақсатында ауданда жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде аймақта қарқынды бау көлемі 55 гектарға ұлғайып отыр. Атап айтсақ, «Алмалы сай» АӨК 25 гектар жерге, «КенТау» ЖШС 30 гектар жерге тамшылатып суғару әдісімен алманың нарықтағы сұранысы жоғары голден және ред делишес сорттарын отырғызған.

Қарқынды алма бауларының бұрынғы дәстүрлі алма бауларынан артықшылығы өнімді 3-4 есе мол береді. Өйткені дәстүрлі алма баулардың түріне қарай 1 гектарға 500-1000 дана көшет отырғызылса, қарқынды алма бауында 1 гектарға 2000 дана көшеттен кем егілмейді. Сондай-ақ, қосымша тіреуіш бағаналар, тамшылатып суғару технологиясы орнатылады. Дәстүрлі алма бау гектарына 10-15 тонна өнім берсе, қарқынды алма бауы 30-40 тоннаға дейін өнім береді.

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТУ

Түркістан облысы мәслихатының депутаты Мағауия Тұрысбеков туған жерге қамқорлығын білдіріп, Созақ ауданына 5 арнайы техниканы тарту етті.

Бұл техникалар көше тазалығымен коммуналдық қызметтердің сапасын арттырудағы мүмкіндік береді. Тракторлар арнайы қоқыс тасымалдауға арналған жетек, көше сыпыру және қар тазалауға қажетті жабдықтармен толықтырылған.

Осындай игі іске аудан тұрғындары мен ақсақалдары алғысын білдіріп, Мағауия Сексенбайұлының демеушілігімен жүзеге асырылған жұмыстарды жоғары бағалады. Енді жаңа техникалар ауданның әл-ауқатын жақсартуға қызмет етпек.

Облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков өз сөзінде: «Бұл бастама – тек аудан үшін ғана емес, бүкіл еліміздегі экологиялық тазалықты жақсартуға бағытталған үлкен жобаның бір бөлігі. Бұған дейін ауданда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасы аясында сенбілік жұмыстарына атсалысып, тал егу жұмыстарын жүргіздік. Сол сәтте ауданымыздағы техникалық құралдардың жетіспеушілігі байқалды. Осы мәселені шешу үшін тазалыққа қажетті техникалар жеткізуді көздеп, бүгінгі күнге сәті түсті. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деп атап өтті.

Айта кетейік халық қалаулысы бұған дейін көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға баспана сыйлаған болатын. Сондай-ақ, Жыныс ата ауылына мешіт салып берді. Жалпы Мағауия Сексенбайұлы көптеген қайырымды істерді атқарып, жақсы істерге демеу болып жүретін азамат.