МАМАНДАР ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН САҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының жоспарын бекіткен болатын. Соған орай 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» іс-шарасы өтті. Шараның мақсаты — жылу беру маусымы басталар алдында адам өмірі мен денсаулығын, мүлік пен қоршаған ортаны өрттен қорғау, тұрғын үйлерде өрттің туындау және табиғи газдан улану тәуекелдерін төмендету. Бұл жайында департаменттің басқарма басшысы Мұхан Байымбетов брифингте мәлімдеді.
— Қазіргі таңда әлеуметтік жағдайы төмен осал топтағы отбасылардың тұрғын үйлеріне 200 дана газосигнализатор құрылғысы орнатылды. Биыл жылыту маусымы басталғалы улы газдан улану жағдайы орын алмады. Алайда өткен жылыту маусымында улы газбен уланудың 7 жағдайы тіркеліп, салдарынан 5 адам қайтыс болды. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үйлерде қазіргі кезге дейін 20 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 2 адам жарақат алса, қаза тапқандар жоқ, — деді спикер.

ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН ГАЛЕРЕЯ

Түркістан облысы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті еліміздің мақтанышы болған педагогтердің есімін ұлықтап, олардың еңбегін ерекше атап өту мақсатында арнайы стенд әзірледі.

Бұл стендте «Қазақстанның Еңбек Ері» және «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленген ұстаздардың суреттері мен есімдері көрнекі түрде көрсетілген. Аталған бастама білім саласындағы майталман мамандардың еңбегін бағалап, жас буынға үлгі етуге бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім саласына сіңірген елеулі еңбектері үшін осы ұстаздарды арнайы марапаттаған болатын. Бұл – олардың ұлт болашағы үшін атқарған еңбектерін мойындап, оларға көрсетілген құрметтің белгісі. Осындай ерекше марапат алған педагогтер елдің ең бағалы қазыналарының бірі және олардың еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Ұлт келбеті – ұстаз. Бес жылдың берекелі белестері» атты мақаласында белгілі ұстаздар Аягүл Миразова мен Алина Соловьевадан кейін семейлік мұғалім Алма Шүкежановаға өткен жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуі отандық педагогтер қауымына көрсетілген үлкен құрметтің тағы бір белгісі болғанын атап өтті. «Мемлекет тарапынан жасалған бұл қадамдар ұлт келбеті болар мұғалімге көрсетілген ерекше қамқорлық екенін педагогтер қауымы сезініп, жылы қабылдады», — деді министр Ғ.Бейсембаев.

Бұл галерея ұстаздарды ғана емес, жалпы педагог мәртебесін асқақтатуға арналған. Түркістан облысы ұстаздарының жетістіктерін насихаттай отырып, жас ұрпақты білім мен тәрбие жолында үлгі тұтуға бағыттайды.

Барлықтарыңызды осындай ұлағатты ұстаз болуға шақырамыз.

Кентаулық ұстаз оқушыларға тарихтың тың деректерін дәріптеп жүр

Тарих — ұлттың жады. Танымды тарихы жадында жатталған халық қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезесі тең өмір сүре алады. Тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды. Демек, танымды тарих -ұлт тəуелсіздігінің, ұрпақ тəуелсіздігінің кепілі. Дәл осы мақсатта шәкірттеріне сапалы білім мен қазақ тарихын оқушылардың санасына сіңіріп, патриотизмге тәрбиелеп жүрген ұстаздың бірі — Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Бүрлібаева Гүлнар Нұрлыбекқызы.

Білікті ұстаз қазақ хандарының өмір жолымен, ел басқарудағы саяси құрылымдарын оқушыларға таныстыру, үлкенді сыйлау және ана тілді құрметтеу, салт-дәстүрді сақтауға тәрбиелеу мақсатында «Рухы жоғары халықтың тарихы мәңгілік» атты апталықтың іс-шарасын өткізді. Аталған тағылымды шараға 9 «ә» сыныбының оқушылары қатысып, ән,би , қара сөздермен өздерінің өнерлерін көрсетті.

«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін — білім» деп М. Әуезов атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты.

Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұғалім түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы сияқты талаптарды орындайды.

Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – екінің біріне бұйыра бермейтін жауапкершілігі зор мамандық. Кентау қаласында терең білімімен, жайдары мінезімен шәкірт жүрегіне жол салған мұғалімдер аз емес. Солардың бірі – Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Бүрлібаева Гүлнар Нұрлыбекқызы деп айтуға болады.

Мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру туралы

БАҚ тарапынан мемлекеттік қызметшілерге сыйақыны беруге байланысты жағдайды түсіндіру бойынша өтініштердің келіп түсуіне орай келесіні хабарлаймыз.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылдың 29 тамызындағы №1127 қаулысына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу бюджет қаражатын үнемдеу есебінен ғана жүзеге асырылады.
Осы қаулы арқылы шығыс баптарының нақты тізбесі айқындалған. Олардың есебінен үнемдеу қалыптасқан жағдайда ғана сыйақы төленуі мүмкін (іссапарларға, коммуналды және көлік қызметтеріне, байланыс қызметтеріне, үй-жайларды жалға алуға және т.б. шығыстар бойынша үнемдеу).
Бүгінде аталған қаулыға, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен мемлекеттік қызметшілерге сыйақыларды беруге тыйым салатындай негіз жоқ.
Қаржы министрлігінің осыған дейінгі хабарламасында Үкімет қаулысының нормаларын бұлжытпай ұстану қажеттігі және бағдарлама әкімшілерінің қызметкерлерді тізбеде көрсетілгендерден бөлек бюджеттік баптардан қаражатты сыйақыға пайдалануға жол бермеу туралы айтылған болатын.
Инвестициялық жобаларды іске асырудан және/немесе мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін материалдық активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс.

ҚР Қаржы министрлігі

ТҮРКІСТАН: ТӨРЕХАН САБЫРХАН – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ!

Черногория Республикасы, Будва қаласында 21 қазан мен 3 қараша күндері бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Жаһандық бокс бәсекесіне 73 мемлекеттен 598 спортшы қатысып, шаршы алаң төрінде тартысты жекпе-жектер өткізді.
Ұлттық құрама сапында түркістандық 5 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 қола медаль қанжығалады.
Осындай аламанда жүлде салған Түркістан облысының былғары қолғап шеберлері қатарында 67 келіде қолғап түйістірген талантты боксшы Төрехан Сабырхан ринг төрінде атой салып, барлық қарсыласын тізе бүктіріп, алтын медальді мойынында жарқыратты.
 
Ал қыздар арасындағы жекпе-жекте үш бірдей жерлесіміз қола медаль иегері атанды. Атап айтсақ, 52 келіде Бағжан Отынбай, 63 келіде Аружан Жаңабаева және Шұғыла Нәлібайлар қола медальді қанағат етті.
Әлем чемпионатының жеңімпазы Сабырхан Төрехан мен қола жүлдегерлер – Бағжан Отынбай, Шұғыла Нәлібай Түркістан облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері болса, Аружан Жаңабаева «Түркістан» кәсіби бокс клубының шәкірті.

«Балалар кітапханасы» жобасының маңызы ерекше

Кітап-асыл қазына. Ал, кітапхана-ғасырлар бойы кележатқан шырағы биік парасат пен білімнің киелі шаңырағы. Бүгінде мектеп жасындағы балалардың кітап оқуға деген құштарлығын оятумен қатар, олардың танымдық деңгейін өсіруге жетелейтін “Балалар кітапханасы” жобасының маңызы зор болып отыр.

Балаларды жас кезінен кітап оқуға қызықтырып, отбасылық оқу дағдыларына бейімдеу, көркем әдебиетті қызыға оқитын оқырмандарды көбейту, кітапхана мен отбасы арасындағы тұрақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында Кентау қалалық білім бөліміне қарасты М. Қашғари атындағы мектеп -лицей кітапханасында “Балалар кітапханасы” жобасы бойынша “Бір отбасы-бір кітап” тақырыбында челлендж ұйымдастырылды. Челленджде оқушылар өздері сүйіп оқыған кітаптарын отбасымен бірге оқып, оны талқылап, челленджді әрі қарай басқа отбасыға жолдады.

Сонымен қатар, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты «Қарнақ» жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Балалар кітапханасы » жобасын іске асыру негізінде күзгі демалыс кезінде «Күзгі демалыста кітап оқимыз » атты іс- шарасы ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада 2 — сынып оқушылары арасында өлеңдерді мәнерлеп оқу сайысы өтті.

Мақсаты: оқушылардың екпінді дұрыс қоя білу , оқу мәнерін меңгеру, дауысты өлеңнің ой-мазмұнына сай баяу,жігерлі оқу немесе тілек ,сұрақ, көңіл күйді көтеріңкі үнде оқи білу машықтарын байқау,бағалау. Сондай-ақ, балалардың дүниетанымын дамыту , өлең сөзге деген қызығушылықтарын арттыру . Сайысқа мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нафиса Парпиева , кітапханашылар , бастауыш сынып бойынша бірлестік жетекшісі ,сынып жетекшілері қатысып,өз пікірлерін айтты. Ал, оқушылар сайысқа белсенді қатысып марапатталды .

Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады. Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Кітап оқу — білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының  үлесі маңызды болып отыр.

Міне дәл осы бағытта Кентау қалалық білім бөліміне қарасты «Қарнақ» жалпы білім беретін мектеп кітапханасында «Оқуға құштар мектеп » жобасы аясында күзгі демалыс кезінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жыл толуына байланысты іс- шара ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада 5-сынып оқушыларымен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым- Қожа» повесты туралы викториналық сұрақтар сайысы өткізілді.

Мақсаты: Оқушыларға жазушы өмірі мен шығармашылығымен таныстыра отырып, әлемге танылған әйгілі шығармасы туралы білімдерін толықтыру; Оқушылардың ой — өрісін, қызығушылығын ояту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта білім ордасының оқушылары сайысқа қатысып белсенділік танытқаны үшін сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, «Балалар кітапханасы» жобасын іске асыру мақсатында Кентау қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы N19 ақпараттық технологиялар мектеп лицейі кітапханасы оқушылардың күзгі демалысын тиімді пайдалануы үшін оқушыларға үйге ертегі кітаптар оқуға берді. «Күзгі демалыста кітап оқимыз» тақырыбындағы кітап оқу іс-шарасына отбасыларымен белсенділік танытуда. Бастауыш сынып оқушылары үйлерінде ата-аналарымен ертегілер оқуда.

Ал, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Ш.Қанайұлы атындағы 2-ші жалпы білім беретін мектеп кітапханасында бастауыш сынып оқушыларының «Балалар кітапханасы» жобасы аясында күзгі демалыста белсене кітап оқу, түсінік айту, талқылау, уақытқа мәнерлеп оқып жарысу шаралары өтті. Оқушыларға демеу жасап, қолдап, бағыт-бағдар беріп жүрген мектеп кітапханашысы, сынып жетекшілері және ата-аналары. Бұл өнегеге толы үрдіс алдағы уақытта жақсы дәстүрге айналмақ.

Кел оқырман демалыста кітап оқимыз. Осындай ұранмен Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп- гимназиясы да, «Балалар кітапханасы» жобасы аясында игі іс-шараны қолға алды. Яғни, «Демалыста кітап оқиық » тақырыбында оқушылар өздерінің ұнатқан кітаптарын алып, білімдерін шыңдады. Мақсаты: кітап оку арқылы оқушылардың бойына ұлтжандылық пен мейірімділікті дамыту, оқырман кызығушылығын арттыру. Осы мақсатта білім ордасының оқушылары күзгі демалыстарын кітап оқып, тиімді өткізуде. Танымның бар тамашасы — кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпау керек дейді, мамандар.

Айта кетейік, «Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту. Айта кетейік, қазіргі күні мектептердегі балалар әдеибетінің қоры 40 миллионға жуық. Электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізілген.

Кентау: Білім ордасының өнерлі және талантты ұстаздары

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты — бәсекеге қабілетті маман даярлау. Мектеп ұрпаққа білім беріп, білмегенін үйрететін орта десек, оның жүрегі – мұғалім екені анық. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұсы, оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білу. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арыңдай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы десекте болады. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам болса, ұстаздың ұлы қасиеті де осы болмақ.

Міне осындай қасиеттерді дәріптейтін байқаудың бірі «Дарынды бала — талантты ұстаз» байқауы десек болады. 1 қараша күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде жалпы білім мекемелеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің арасында «Дарынды бала-талантты ұстаз» байқауының қалалық кезеңі өтті. Байқауға еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педагогтер қатысты. Ал, Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің атынан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы қатысып, өз бағын сынады. Байқау 3 шарт бойынша өтті. Яғни біріншісі ұстаз кез келген форматта өзін-өзі таныстырады, сондай-ақ тыңдалым, яғни мәтінмен жұмыс. Ал ең маңыздысы мультимедиялық жоба. Яғни, үш минуттай жаңа технологияларды қолдану арқылы панорамалық сабақтан үзінді көрсетеді.

» — Қазіргі технология заманы оқытудың жаңа тәсілдері мен әдістерін қажет етеді.  Қазіргі кезде әрбір оқушылар телефон, планшет, ноутбук секілді гаджеттерді мобильді құрылғыларды қолданады. Сондықтан мұғалім осы құрылғыларды оқытуда тиімді пайдалана отырып, сол арқылы оқу процесін жан-жақты тиімді әрі әсерлі етіп өткізе алады. Оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану білім сапасын жақсартуға көмектеседі. Сонымен бірге кейде қол жетпейтін көрнекіліктерді пайдалануға, білім мен мəліметтерді əр түрлі формада ұйымдастыруға, қажетті модульге тез арада қол жеткізуге көмектесе алады. Қазіргі ғылым мен техниканың шарықтаған шағында көрнекіліктердің қай түрі болсын молынан пайдалануға мүмкіндік бар. Мектепте жаңа технологиялармен жұмыс істеу өте пайдалы. Өйткені нашар оқитын оқушының өзін онымен жұмыс істеуге қызықтыруға болады. Себебі балаға бұл әдіс арқылы білмеген жерін көрсетуге, көмек беруге болады. Заман талабына сай техникалық құралдарды сабақта қолдану — мұғалім жетістігіне апаратын тиімді жол. Компьютер, ноутбук арқылы оқушылардың пəнге деген танымдық қызығуын арттырып, тиянақты білім алуына жағдай туғызуға болады. Сабақ үстінде өз бетінше берілген тапсырмаларды орындау барысында оқушының оған қызығуы арта түседі. Сабақ барысында компьютерді қолданудың жақсы жақтары: түрлі-түсті иллюстрациялар, аннимациялар есте сақтау процесі үшін тиімді.» — дейді Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің атынан орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы

Сабақ оқытудың жаңа компьютерлік жүйесін пайдаланудың мынадай ұтымды жақтарын атап көрсетуге болады: оқушылардың ойлану дəрежесіне қарай , материалдық қабылдау ерекшелігіне байланысты əрбір оқушы үшін жеке-жеке компьютерда бағдарлама құрып, оқушылармен дербес жұмыс жасауға болады; компьютер арқылы нашар оқитын оқушылардың өзінің пәнге деген қызығушылығы артады; компьютерді сабақта пайдалану уақытты үнемдейді.

Міне осындай жаңашылдықтарды қамтыған байқауда, жаңа технологияларды қолданудың тәсілдерін айтып, өз тәжірбиесін көрсете білген Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Ташполатова Сагдиана Султанқызы жүлделі ІІ орынды иеленді. Сагдиана Султанқызының мерейлі жеңісіне мектеп ұжымы да ізгі тілектерін жеткізді.

Жалпы өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі — педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға болуы керек.  Мұғалімі – өзінің табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дами түседі. Қазіргі таңда мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру саласының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі десек, осындай құндылықтарды арттыра түсетін іс-шараның бірі — «Өнерлі ұстаз» байқауы.

Айта кетейік, 2024 жылғы 29 қазан күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде қалалық «Өнерлі ұстаз-2024» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты: ұстаздың тарихи танымдығын, педагогикалық-психологиялық сауаттылығын, шығармашылық талантын анықтау, тәрбие жүйесінде ұстаздардың жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөлу, жаңартылған білімдегі тәжірибесімен өзара бөлісу. Осындай маңыздылығы айқындалған байқауға Ә.Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі Балтабаева Шохида Шухратқызы да  қатысып, өз бағын сынаған. Байқау 3 шарт бойынша өткен. Яғни,  өзін-өзі таныстыру кезеңі, «Дублер күні» кезеңі, «Өнер» кезеңі. Байқаудың қорытындысы бойынша Балтабаева Шохида Шухратқызы жүлделі І орынды иеленіп, білім ордасының абыройын көтерді. Білім ордасының өнерлі және талантты ұстаздары саналы ұрпақ тәрибиелеп, сапалы білім беру жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Жалпы білім мен тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл шәкірттерді тәрбиелеу маңызды. Бұл мақсатта өнегелі, өнерлі және талантты ұстаздардың қызметі орасан.

Кентау: Бір мектептің талантты ұстаздары

Кентау қаласының білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептер арасында «Өнерлі ұстаз -2024» байқауы облыстық байқауының қалалық кезеңі өткізілді. Басты мақсат: ұстаздың тарихи танымдығын, педагогикалық–психологиялық сауаттылығын, шығармашылық талантын анықтау және жас ұрпақты өнерге баулу бойынша тәжірибесін арттыру. Сонымен қатар, байқау шарттарында тәрбие жүйесінде ұстаздардың жаңа технологиялардың дамуы кезеңінде болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына ерекше көңіл бөлуі, жаңартылған білімдегі тәжірибесімен өзара бөлісуі маңызды болды.

Байқаудың қалалық кезеңде ұлттық және жалпыадамзаттық тәжірибені іске асырудың феноменальды құралы ретінде ән шығармашылығын өзектендіруге де баса назар аударылды. Яғни, ән шығармашылығының зерделеу және насихаттау арқылы олардың музыкалық-теориялық пәнге деген қызығушылығын арттыру маңызды қадамдардың бірі. Байқауға А.С.Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әбдіжалал Нұрай қатысып, жүлделі 1 орынды иеленген. Тиісінше, Кентау қаласының өнерлі және талантты ұстазы облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Осылайша кенді қаладан үздік шыққан мұғалім, байқаудың облыстық кезеңінде де топ жарды. Кентаулық Әбдіжалал Нұрай үздік өнерімен танылып облыстық байқауда жүлделі 2 орынды иеленді. Жетістікке жеткен ұстазды білім ордасының ұжымы да шын жүректен құттықтап, мектеп мақтанышына құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, 2024 жылы 1 қараша күні Кентау қаласының білім бөлімінің бұйрығы негізінде жалпы білім мекемелеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің арасында қалалық «Дарынды бала-талантты ұстаз» байқауы өткен болатын. Байқауға еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педагогтер қатысқан. Ал, бұл конкурсқа А.С.Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытжанқызы Перина қатысып, өз бағын сынады.

Байқау 3 шарт бойынша өтті. Олар өзін-өзі таныстыру (кез келген форматта), мультимедиялық жоба (жаңа технологияларды қолдану арқылы панорамалық сабақтан үзінді-3 минут), тыңдалым (мәтінмен жұмыс). Байқаудың қорытындысы бойынша Бақытжанқызы Перина жүлделі І орынды иеленді.Міне осылайша бір мектептің ұстаздары толағай табыстарға жетіп, өздері қызмет атқарып жүрген білім ордасының мақтанышына айналып отыр.

Кентаулық жас ұстаз республикалық байқаулар мен олимпиадаларды бағындырып жүр

Кентау қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №19 IT мектеп-лицейдің химия пәнінің мұғалімі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің химия пәні бойынша магистранты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экология пәні бойынша PhD Әбсейт Алтынбек Серікбайұлы “Үздік педагог” конкурсының республикалық кезеңінде топ жарып, жеңімпаз атанды. Марапатты ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үздіктерге салтанатты түрде тапсырды.

Алтынбек Серікбайұлы қала, облыс, республикалық байқаулар мен сайыстарда жүлделі орын иеленіп жүрген білікті ұстаз. Оқушысы Кенжебекова Жанатты ғылыми жобаға дайындап, республикалық кезеңде жүлделі орындар иеленген. Педагогикалық жұмыстағы жетістіктері үшін қала, облыс, республикалық Құрмет грамотасы мен мадақтамалармен, Алғыс хаттармен марапатталған ұлағатты ұстаз! Алтынбектің өзінің Авторлық бағдарламасы мен ғылыми мақалалары — жас мамандарға көмекші құрал болады. Озат іс-тәжірибесі Кентау қаласы көлемінде таратылған тәжірибелі, ізденімпаз мұғалім.

Айта кетейік, Кентау қаласы Ә.Молдағұлова атындағы №19 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Әбсейт Алтынбек Серикбайұлы жас маман болса да 2 жылдың көлемінде жетістіктерімен облыс, республикалық байқаулар мен олимпиадаларды бағындырып жүр. Алтынбек Серикбайұлы креативті, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз. Сабақ барысында түрлі лайфхактар, жаңа техникалар мен инсайттарын көрсету арқылы оқушыларды білімге ынтасын арттыруда. Қазіргі кезде Қазақ Ұлттың Университетінің PhD докторанты. Алтынбек Серикбайұлының оқушылары азғантай уақыт аралығында түрлі олимпиадалардан топ жарып жүр. Атап айтқанда, 2022-2023 оқу жылдарында Камшат Бимолдаева ғылыми жұмыс бойынша облыстан жүлделі І орынды иеленсе, Жанат Кенжебекова республикадан «Алтын медаль» иеленді. Одан бөлек, 10 сынып оқушысы Жанат Кенжебекова облыс көлемінде, облыс әкімінің «Үздік жас ғалым» номинациясын қанжығасына байлады. Жас ұстаз өз пәнінен тек үздіктерді тәрбиелеуді мақсат етіп отыр. Осы бағытта әлі де көптеген жеңімпаздар болатынына сенімді.

Түркістан облысы әкімдігінің «Білім саласын дамытуда қол жеткен табыстары және оған қосқан үлесі үшін» және Кентау қаласы әкімдігінің «Қаланың білім беру саласының дамуына қосқан үлесіңіз үшін» марапаттарының иесі. Республикалық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы «Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазын дайындағаныңыз үшін» алғыс хатымен, ҚР оқу-ағарту министрлігі «ЖАҢА-МЕКТЕПКЕ ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ» жас педагогтердің VI Республикалық байқауына қатысып, кәсіби шеберлігін көрсеткені үшін І дәрежелі дипломмен және де осы секілді бірнеше марапаттармен наградталған.

Сонымен қатар, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасында Түркістан облысынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған 8 жас маман ұсынылса, оның ішінде 5 педагог топ жарып, жүлделі орындарға ие болған болатын. Бұл республикалық байқауда да Әбсейт Алтынбек Серикбайұлы 1-орынды жеңіп алған еді.

Тарихи деректер: Ұлы жібек жолындағы Сайрам — Қазақ хандығының маңызды тірегі болған

Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолы төмендегідей қалалар мен қоныстар арқылы өтті. Оңтүстік Қазақстан, Талас пен Шу өзендері аралығындағы қалалар. Шаштан (Ташкент) шыққан жол Тұрбат асуы арқылы Испиджабқа келді. Испиджаб-Сайрам – Оңтүстік Қазақстанның ең ірі қалаларының бірі – Сырдарияның сыртындағы отырықшы-егінші аймақтың орталығы болған. Қала жазба дереккөздерінде VІІ ғасыр бас кезінен бастап белгілі болады. Сюань-Цзянь жылнамасында «Ақ өзендегі қала» атымен аталған. ХІ ғасырға жататын Махмұд Қашқари хабарламасында: «Сайрам – «Ақ қаланың» аты, ол Испиджаб деп аталады» деп көрсетілген. Х ғасыр географы Ибн Хаукал былай деп жазды:

«Испиджаб – шамамен Бинкеттің үштен бір бөлігіндей қала. Ол мединадан, цитадельден және рабаттан тұрады, цитадель қираған, ал медина мен рабадта адамдар өмір сүріп жатыр, медина дуалмен қоршалған, рабадты та бір фарсах шамасындағы дуал қоршап тұр. Рабадта бау-бақшалары мен сулары бар. Құрылыстары саз балшықпен тұрғызылған… Мединаның төрт қақпасы бар, соның ішінде Нуджакет, Фархан, Савакрарабад, Бұхара қақпалары…».

Испиджаб ірі әкімшілік орталық қана емес, транзиттік сауда пункті ретінде де белгілі болды. Қаладағы рабадта сауда қатарлары мен керуен-сарайлар көп болған еді. Бұлардың бірқатарына Нахшеба, Бұхара, Самарқанд саудагерлері иелік етті. Испиджабтан басқа жерлерге бөз мата, қару-жарақ, семсер, мыс пен темір жеткізілді. Қала бүкіл Шығысқа құл саудасының орталығы ретінде де танылды, онда соғыс пен шапқыншылық кезінде қолға тҥскен тұтқындар сатылды. Испиджаб округына бірқатар қалалар мен қоныстар қарады, олардың арасында Сырдария алқабындағы Фараб пен Шауғар, Сауран мен Шағылжан, Жент пен Жанкент; Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі Баладж; Талас алқабындағы Тараз, Сұс, Жікіл, Атлах пен Жамуқат; Шу аңғарындағы Құлан, Мерке, Невакет, Баласағұн және тағы басқалары болған еді.

Испиджаб өз округімен және жақын жатқан қалаларымен бірге адам тығыз қоныстанған аудандардың бірі болды, қаланың өзі мен оның маңайында ХІ-ХІІ ғасырларда археологтар есептеуінше 40 мыңдай адам қоныстанды. Адам санын арттырып тұрған түркілер еді. Мұны ортағасырлық авторлар да растайды. Мәселен, Махмұд Қашқари мұнда VІ-VІІІ ғасырларда қоныстанған соғдылықтар ХІ ғасырда түркіленіп кетті деп жазады: «Баласағұн тұрғындары, Тараз бен Ақ қала (Әл-Мединат әл-Байда) халқы секілді соғды және түркі тілдерінде сөйлейді». Испиджабтың өрлеуі ХІІ ғасыр орта тұсына дейін жалғасты, бұдан кейін жергілікті түркі халқы, қарақытайлар, наймандар мен Хорезм арасындағы қырқыстар басталып кетті. Хорезмшах пен қарақытайлар, одан кейін хорезмшах пен наймандар арасындағы күрес хорезмшах Мұхаммедтің Жетісу мен Оңтҥстік Қазақстан қалаларын қарсыластарға кетіп қалмас үшін 315 қиратуға бұйрық беруіне алып келді. Сол кездері мұны көзімен көрген «Мұджам әл-бұлдан» географиялық сөздігінің авторы Якут әл-Хамауи Испиджаб, Тараз, Сауран, Усбаникет пен Фараб қалаларындағы оқиғаларды толымды сипаттап берген. Ол хорезмшах Мұхаммед ибн Текештің біршама қалаларды күйреткендігін, басып алған қалаларды қашық болғандықтан игере алмағандығын, ондағы шекаралық бекеттерді қиратып, талап алуға әскерлеріне бергендігін, халықтың жосып кеткендігін, кейіннен 1218-1220 жылдары моңғол-татарлардың басып кіргендігін, одан соң қираған үйінділер қалғандығын тәппіштеп жазып кеткен.

Алайда қаланың қирағанына қарамастан моңғол шапқыншылығы қарсаңында қалада тіршілік қалыпты жағдайда болғандығын топшылауға болады. Өйткені дереккөздерінде моңғолдар «Сайланды (Сайрамды) қоршаған кезде катапульта қолданды» делінген. Демек қаланың қорғануға шамасы болған. Бірақ қала моңғолдарға бағынады. Сірә, олар қаланы мүлдем қиратып жібермесе керек. Себебі 1221 жылы Сайрамнан өткен даос монахы Чань Чунь қаланың жағдайы жақсы екендігін айтады және шәкірттерімен бірге мұнда бірнеше күн тынығады. Отанына қайтар жолында Чань Чунь 1223 жылы тағы да қалаға соғады, бұдан кейін мәтіндерінде автор оны «үлкен қала» деп атайды. Сайрам, кейінгі орта ғасырларда да Үндістан, Иран, Араб Шығысы, Орта Азиядан Орталыққа Қазақстандағы Ақ Ордаға, шығыста Моғолстанға, Хорезм арқылы батысқа, одан Оралға, Еділге және Еуропа мен Алтын Ордаға, Русь пен Византияға баратын жолдың түйіні болып қала берді. Өз заманы үшін қала мықты бекініс болған еді. Сайрам оқиғаларын сипаттаған Хафиз-и Таныш шығармасында да айтылады. Қазақтар иемденген соң, қала Қазақ хандығының маңызды тірегіне айналды. 1681 жылы және 1683 жылы Сайрамға жоңғарлар жақындап келді, ал 1684 жылы қаланы олар басып алып, қиратты. Сайрам қаласының «қала» деп аталатын қалдықтары Сайрам ауылының орталығында сақталынған. Қазіргі таңда ол тікбұрышты төбешік. Биіктігі 6,5- 11 м аралығында және ауданы солтүстіктен оңтүстікке қарай 500 м, ал шығыстан батысқа қарай 550 м. Оны бойлай жал, яғни бұрынғы қамал қалдығы орналасқан. Қабырғаның қалдықтары ХІХ-ХХ ғасыр бас кезіне дейін сақталған. Цитадель шығыс бұрышта орналасқан. Соңғы уақыттарға дейін Қала ортағасырлық шығыс қалаларына тән жоспарын сақтап қалған. Қаланың бір-біріне қарама-қарсы орналасқан төрт қақпасы болды, олар кесіп өтетін магистраль көшелермен жалғанып жатты. Қала топографиясы кейінгі орта ғасырларда қалыптасты, дегенмен ол ерте уақыттардағы кескін-келбетін сақтап қалса керек. Ежелгі және орта ғасырлардағы Сайрамның қазіргі күнгі құрылыс астында қалуы оны археологиялық тұрғыдан зерделеуді едәуір қиындатады. Көне замандардағы мәдени қабаттарды аршуға кейінгі орта ғасырлар стратиграфиясы да елеулі кедергі келтіреді. Алайда кездейсоқ жиналған және археологиялық барлау нәтижесінде алынған материалдар қаланың қалыптасуы біздің заманымыздың бас кезінде 316 орын алған деп түйіндеуге мҥмкіндік береді. Оның қараханидтер тұсында да өркендеп тұрғандығын топшылауға болады.

Сайрам қаласында атқарылатын кең ауқымды археологиялық жұмыстар әлі алда. Оны алғашқылардың бірі болып М.Е.Массон зерттеді. Бұл ғалым екі қатар «ұзын қабырғаны» сипаттап өтті. Ол екінші қабырғаны ІХ ғасырда саманидтік Нұқ бұйрығымен көшпенділер шапқыншылығынан егістік пен жүзімдікті қорғау мақсатында тұрғызылған деп пайымдау жасады. Бұл әбден мүмкін, себебі қала сыртындағы бұл аумақ диаметрі 18 км шамасында. Мұнда орналасқан ірі ескерткіштердің қатарына Ұлықтөбе мен Мәртөбе қалалары, сондай-ақ өзен террасасында орналасқан көптеген қорымдар жатады. Сайрамсу мен Бадам аңғарларында Испиджаб жазирасына кіретін ондаған қоныстар мен қалалар бар. Сайрам орталығынан шығысқа қарай 5 км жерде жатқан Мәртөбе қаласында қазба жұмыстары жүргізілген. Қала қатты қираған, қазір тек орталық төбешіктің бір бөлігі ғана сақталған, оның табанындағы ауданы 20х30 м, биіктігі 10 м, қасында оған ауданы 60х20 м, биіктігі 4 м жалпақ төбешік жалғасқан. Орталық төбешік кесіндісінің негізінде қала стратиграфиясы анық көрінеді. Одан екі мәдени қабат байқалады. Мәдени қабаттардан шикі кірпіштен тұрғызылған қабырға қалдықтары, отырған күмбездер мен құрылыстар іздері нақты көрінеді. Отырар-қаратау мәдениетіне жататын олжалардың, соның ішінде ең алдымен керамиканың шығуы, Мәртөбені біздің заманымыздың І мыңжылдығының алғашқы жартысымен мерзімдеуге жетелейді, бұл мағлұматтар аталмыш көгалды аймақта урбанизация б.з.б. Імыңжылдық соңы мен б.з. І-мыңжылдығының бас кезінде басталғандығын нақты аңғартады. Куфи жазулы тас колонна, түргештік, қараханидтік және кейінгі ортағасырлық монеталар, Х-ХІІ ғасырлардың суармалы керамикасы мен шынылары, қола келі секілді кездейсоқ табылған олжалар Испиджаб-Сайрам сынды астаналық қаланың мәдениетінен молынан хабардар етеді.

Ортағасырлық Манкет қаласының атауы қазіргі күні Манкент елді мекенінің атауында сақталған. Оның қасында ХV-ХІІ ғасырларға жататын Бұлақ-қуал қаласы бар, ол Манкет қаласы болуы мүмкін. Испиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Таразға барған. Жолда керуендер Шараб, Будухкет, Тамтадж, Абардадж қалаларына соққан. Шараб қаласының атауы – түрік тілінде Қарасу деген мағынаны білдіретін Шаваб атуының қолжазбаларды жазу кезінде бұрмаланған есімі болуы керек. Испиджаб пен Шавабтың аралығы 4 фарсах, немесе 24-28 шақырымды құраған. Шаваб қала-жұрты қазіргі Қарабұлақ ауылының маңында орналасқан. Оның бірі VІІІ-ХІІІ ғасырларды, екіншісі — ХІІІ-ХVІ ғасырлар аралығын қамтиды. Будухкет қаласы Испиджабтан шығысқа қарай 9 фарсах жерде, Ұлы Жібек жолының бойында орналасты. ІХ ғасырда қалада теңге сарайы жұмыс  істеген. Оңтүстік Қазақстандағы ірі қалалардың бірі болған Будухкет, Төрткүл, Балықшы жұртымен салыстырылады. Тамтадж бен Абарджадж қалалары Будухкеттен 5 және 9 фарсах жерде орналасқан. Х ғасырда Кудама былай деп жазып қалдырған:  «Абарджадж маңындағы жотада мың бұлақтың суы жиналып, шығысқа әрі өрге қарай ағып, Баркуаб өзені деп аталады. Аудармасы – «теріс аққан» дегенді білдіреді». Тамтаджд қазіргі Т.Рысқұлов ауылы маңындағы VІІІ-ХІІ ғасырларға жататын қала-жұртта болған. Абарджадж – Высокое ауылының маңында, ал, Баркуаб қазіргі Бауыржан Момышұлы маңындаңы Терісаққан өзені болса керек. Испиджабқа жақын жерде Хурлуг пен Джумишлагу қалалары ораласты. Зерттеушілер Хурлугты қазіргі Шымкент қаласының орталығында орналасқан, ал, Джумишлагу Құмыш (Күміс) өзенінің Арысқа құяр сағасындағы Төрткөл қала-жұрты деген пікірді ұстанады.

Таймағамбетов Жәкен Қожахметұлы – ғалым-археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор