Жетісу облысында ТЖМ қызметкерлері Алакөл көлінде 25 балықшыны құтқарды. Олар сынған мұздың үстінде қалған. Адамдар жағаға жеткізілді, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
Алакөл көлінде Ақши ауылы мен Көктұма ауылы арасында мұз жарылып, 25 балықшы жағаға жете алмаған. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар қайықпен оларды жағаға жеткізді. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмаған. «ТЖМ қатпаған мұзға шығудан бас тартуды ұсынады және қауіпті әрекеттерден сақтануға кеңес береді. Балық аулау сенің өміріннен қымбат емес», — делінген хабарламада.
Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері жедел жәрдем көлігіне кілем тиеп жатқанын көрсететін видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Видео Telegram-дағы «Жалобы Астана» арнасында жарияланды. Кадрда екі ер адамның жедел жәрдем көлігіне кілем тиеп жатқаны көрсетілген. Видео сипаттамада кадрлар Астананың орталық базарында түсірілгені жазылған. «Міне, халқым, біз күтетін жедел жәрдем қайда жүргенін қараңыздар. Бұл енді сұмдық», — делінген жазбада. Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері KAZ.NUR.KZ тілшісіне болған жайтқа қатысты түсініктеме берді. Ведомство өкілдері видеоға түсірілген көлік «Қалалық психикалық денсаулық орталығындағы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының балансында екенін айтты. «Жүргізуші шаруашылық басқармасы басшысының тапсырмасымен Орталық базар аумағына бұрын балалар бөліміне сатып алынған тұрмыстық заттарды (кілемдерді) тиеу үшін барды», — деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оның барысында қызметтік көліктерді пайдалануға жол берілмейтіні анықталды. «Жүргізуші мен шаруашылық басқармасы басшысы қатаң сөгіс беріліп, тәртіптік шаралар қолданылып, профилактикалық әңгімелер де жүргізілді», — деді ведомстводағылар.
«2024 жылдың 24 желтоқсанында Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ҚР ІІМ Әскери тергеу басқармасының қызметкерлерін ұстады. Ұсталғандардың арасында ІІМ Батыс өңірлік Әскери тергеу басқармасының басшысы да бар», — делінген желіде тараған хабарламада. Бұл ақпаратқа қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері пікір білдірді. «Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабы (Пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процесуалдық кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды», — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысының полициясы «трамадол» психотроптық затын тасымалдаған күдіктіні ұстады. Ордабасы ауданында полиция қызметкерлері Арыс ауданы тұрғынының басқаруындағы «Тойота Камри» маркалы автокөлікті тоқтатты. Тінту кезінде жедел уәкілдер автомобиль салонынан 120 «Трамадол» таблеткасы бар 4 полиэтилен пакетін тәркіледі.
Сонымен қатар күдіктінің тұрғылықты жерінен психотроптық зат таблеткалары бар тағы 1 пакет табылды. Алынған препараттың жалпы саны 2416 «Трамадол» таблеткасын құрады. Белгілі болғандай, Арыс ауданындағы медицина мекемелерінің бірінде қарауыл болып жұмыс істеп, «дәрігер беретін рецептінің» таза бланкілерін пайдаланып, «трамадолды» сатып алу үшін Шымкент қаласына барған. Одан заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және барлық мән-жай анықталуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.
– Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген жеделхатта.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы басталған болатын. 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап ҚР Ұлттық қорынан алғашқы қаражат есептеліп, барлық балаларға алғашқы қаржы аударылды. Жалпы еліміз бойынша бағдарламаға 6 919 131 бала қатысушы ретінде тіркелген. Олардың барлығына бірдей 100 АҚШ доллары 52 центі мөлшеріндегі сома аударылды. Ал Түркістан облысы бойынша 922 841 балаға қаржы аударылған болатын.
Енді жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғайып отырады. Сондай-ақ, есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында одан әрі инвестициялануын жалғастырады. Ол бағдарламаға қатысушы балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс алып келмек.
Атап кету керек, бағдарлама іске қосылған алғашқы 10 күн ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін нысаналы жинақ төлемін алуға берілген 41 өтінім, ал білім беру ақысын төлеу мақсатында 42 өтінім түсіп, БЖЗҚ уәкілетті операторға өтінім берген азаматтардың банктік шотына аудару үшін төлем жүргізген.