ТҮРКІСТАНДЫҚ 10 ОҚУШЫ ДӘУЛЕТ СЕРІКБАЕВ АТЫНДАҒЫ ШҚТУ РЕКТОРЫНЫҢ БІЛІМ ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ректорының гранты үшін «EKTU QUIZ» зияткерлік сайысы өтті.

Аталған шараның мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың білім деңгейін көтеру және жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру.

Жарысқа Түркістан облысына қарасты 330 мектептен 1650 оқушы қатысып, 17 аудан мен қалада іріктеу кезеңдері өткізілді. Қатысушылар бірнеше кезеңнен өтіп, финалдық ойындарға жолдама алды.

Шараның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, жас қатысушыларға сәттілік тілеп, жастарға артылатын үміттің зор екенін атап өтті. Сонымен қатар осындай мүмкіндік ұсынған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Сайыс қорытындысы бойынша Созақ ауданынан келген «Алгоритм» командасындағы 5 оқушы грантқа ие болып, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ бес команданың оқушысына ШҚТУ ректорының гранттары табысталды. Атап айтсақ, «IQ Energy» (Түркібасы ауданы), «125» командасы (Түркістан қаласы), О. Есімов атындағы мектеп (Келес ауданы), «Сайрам» командасы (Сайрам ауданы), «Қанат» командасының (Мақтаарал ауданы) қатысушылары жеңіске жетті.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Өскемен қаласының Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина құттықтау сөз сөйлеп, 10 оқушыға ШҚТУ ректорының грант сертификаттарын табыстады.

Біліктілікті анықтайтын сайыс соңында барлық қатысушы командаларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІНІҢ ЖАҢА ДӘУІРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА

Түркістан облысында 2025–2026 жылдары толық циклді мақта-тоқыма кластері құрылады. Қазақстанда теңдесі жоқ инвестициялық жоба аясында 4 мақта өңдеу зауыты мен толыққанды тоқыма кешені іске қосылады. Атап айтқанда, егіс алқабынан бастап иіру өндірісі, мата шығару мен бояу, өңдеу және дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

30 000 гектардан астам алқапта заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, мақта өсіріледі. Бұл ірі жоба – тоқыма саласындағы тәуелсіздікке, экономикалық тұрақтылық пен технологияда көшбасшылыққа жетелейтін маңызды стратегиялық қадам. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен қатар,ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына мол үлес қосады. Экологиялық бағытта да тиімді тәсіл саналады.

«Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ (SPK Turkistan) және «Алтын дала мақта» ЖШС 2024 жылы Отырар ауданында толыққанды тоқыма кешенін салуды қолға алды. Қазіргі таңда жеке шикізат базасын, ұлттық тоқыма өнеркәсібінқалыптастыруда. Жобаның артықшылығы – шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық берілуінде.Салаға қажет технологиялар, оның ішінде тамшылатып суару жүйелері импортқа тәуелді болмай аталған кешенде өндіріледі.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі — 140 миллиард теңгеден асады. 4 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобаның өндірістік қуаттылығы:
Мақта өңдеу – жылына 180 000 тонна;
Мата – 45 миллион погон метр;
Үйге арналған тоқыма бұйымдары – 7 миллион дана.

Бастамаға кеңесші ретінде қытайлық «Lihua Spinning Technology Co., Ltd» ЖШС тартылған.Компания тоқыма және тігін өнеркәсібі секторы бойынша нарықта 20 жылдық тәжірибесі бар Қытайдағы ірі кәсіпорын. Әлемге танымал брендтермен тікелей жұмыс істейді. Бүгіндеөндіріс орнының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар тамшылатып суару жүйелері орнатылып, біршама аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымы себілді.


Кластерлік тәсіл – барлық өндірістік тізбекті бір алаңда біріктіретін тиімді модель.Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және технологияның бірлігінен туындайтын синергия. Шығындарды азайту, сапаны жақсарту мен жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында екі зауыт салынады.

Түркістан облысы – елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Аграрлық әлеуетті ілгерілетуге бағытталған мұндай баламасы жоқ жобалар тұтас ел экономикасына әсер етіп, жаңа даму нүктесіне айналдырады.

 

ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖАҢА ШАҒЫНАУДАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылында жаңа шағынауданның капсуласын салу рәсімі өтті. Жалпы аумағы 60 гектарға жететін жаңа қалашықта жалпы 2300-ге жуық пәтерлі 47 көпқабатты тұрғын үй салынып, 12 мыңдай ауыл халқы қоныстанады. Құрылыс жоспарымен танысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тарихи сәттің куәгері болған жергілікті тұрғындармен кездесті.


– Бүгін біз Сайрам ауданының дамуы жолындағы аса маңызды бастаманың куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында баспанамен қамту мәселесіне тоқталып өткен болатын. Осы тапсырма аясында облысымызда халықты баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылуда. Сайрам ауданында 63 мыңнан астам азамат жер телімі, ал 4 мыңнан аса адам баспана кезегінде тұр. Бүгін Қарасу ауылында 57 гектар жерге жаңа тұрғын ауданның құрылысы басталуда. Бұл – тұрғын үй тапшылығын шешуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жоба. Ауыл тұрғындарының үйлі болуына, аймақтың дамуына мүмкіндік беретін жаңа шағынауданда көптеген әлеуметтік нысандар бой көтереді. Халықтың тұрмыс сапасын танытатын маңызды көрсеткіш – баспана. Мұқтаж жандарды баспанамен қамту, олардың тұрмысын түзету, әлеуметтің әлеуетін арттыруға мұрындық болу – әр әкімнің міндеті. Сондықтан осы жұмыстарға бар күшімізді салуымыз керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Жаңа шағынауданда әкімшілік ғимараты, 600 орындық заманауи жаңа мектеп, 280 орындық балабақша, тәулігіне 250 адам қабылдайтын жаңа емхана және Мәдениет үйі мен жастар сарайы бой көтереді. Сайрам аудандағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде 4 206 азамат тіркелген.
Қазақтың құтты мекені саналатын ауылға жасалатын жағдайға қуанған тұрғындар өңір басшылығына алғыс айтты. Облыс әкімі өңірдің дамуына күш салынатынын жеткізіп, азаматтарды тазалықты сақтауға және көгалдандыруға үлес қосуға шақырды. Тазалықты сақтау мекемесінің қызметкерлеріне алғыс білдірді.


Айта кетейік, Сайрам ауданында жергілікті бюджет есебінен 455 млн теңге қаржы бөлініп, 20-дан астам арнайы техника сатып алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Облыстық бюджеттен техника жаңартуға 175 млн теңге қаралған. «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс жалғасады.

ТҮРКІСТАН: 109 ӨКІЛДЕРІ АСТАНАДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысының «Цифрлық даму орталығы» КММ-де 109 бірыңғай байланыс бөлімі тәулік бойы тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдайды.

Call-орталықтың жұмысын жандандыру мақсатында мекеме басшысы Арман Асхатұлы Астана қаласына арнайы іссапармен барып, iKomek109-дың жұмысымен танысты. Ондағы мамандармен тәжірибе алмасып алдағы жоспарларды талқылады.

– 2025 жылдың басынан бері 40 874 өтінім түсіп, 40 583-і дер кезінде жабылды. Ал 391-і орындалу барысында тұр. Облыс әкімінің хаттамасы негізінде «109 мониторинг» тобы өтініштердің сапалы орындалуын қадағалау үшін шалғай елді мекендерге барып, тұрғындармен кездесу өткізуде. Сондай-ақ насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта iKOMEK орталығымен бірлесе атқаратын жұмыстар ауқымды болмақ, – деді мекеме басшысы.

Өтініштер 109 номерінен бөлек, Байланыс орталық turkistan_oblysy.109 инстаграм желісі, +7 701 13 13 109 whatsapp номері және «aikey-109» мобильді қосымшасы арқылы қабылданады.