МАҚТААРАЛДА БИЫЛ «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 1500 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Мақтаарал ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тілшілер қосыны әуелі Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер елді мекенінде болып, газ беру жұмыстарымен танысты. Аудан бойынша 5 елді мекен газға қосылып, ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышына куә болды. Оның ішінде Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ырысты, Қарақыр, Өнімкер елді мекендері және Жаңажол ауылдық округіне қарасты Арайлы, Достық елді мекендері бар.

Соңғы жылдары өңірде жаңа мәдениет үйлері мен кітапханалар бой көтеріп, тұрғындардың рухани-мәдени сұранысын қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, биылдың өзінде ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2 мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы жүріп жатыр. БАҚ өкілдері аталған жұмыстармен танысу үшін Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ынталы елді мекенінде болды.

Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Ынталы елді мекенінде орналасқан мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы 2025 жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде. Құрылысқа бөлінген жалпы қаржы көлемі – 794 млн теңге.

Журналистер сапар аясында Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Игілік елдімекенінде орналасқан «Агрогруз» ЖШС-ң жұмысымен танысты. Ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асып жатқан бұл инвестициялық жоба бүгінде құрылыстың аяқталу кезеңінде тұр. Нысан қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіліп, заманауи технологиялармен жабдықталған. Жалпы құны 150 миллион теңге көлеміндегі инвестиция тартылған бұл жоба шетел нарығына бақша өнімдерін экспорттауға бағытталған. Жоспар бойынша серіктестік жылына 6 мың тоннаға дейін қауын-қарбыз және өзге де бақша өнімдерін экспортқа шығаруға қауқарлы.

Аудан аумағында егін шаруашылығында еңбек өнімділігін 2-3 есеге арттыру мақсатында заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тілшілер аталған жұмыстармен танысу мақсатында Мақтаарал ауылдық округі Өркениет елді мекенінде болды. 2025 жылы 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілсе, бүгінгі таңда 182 жоба іске асырылып, 3,4 мың гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген. Оның ішінде 988,7 гектар – мақта дақылы, 1 800 гектар – бақша дақылдары, 520 гектар – қырыққабат, 35 гектар – күріш дақылы бар.

Сонымен қатар, БАҚ өкілдері Атакент кентінде құрылысы жүріп жатқан 1500 орындық мектептің жұмысымен танысты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысы 2023 жылы басталған, биыл жаңа оқу жылында пайдалануға беру көзделуде. 4 гектар аумақты алып жатқан мектеп ғимаратының жалпы көлемі – 14 710 шаршы метр. Нысанның инженерлік инфрақұрылымы толығымен жүргізілген. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін, қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін барлық жағдай қарастырылған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ САЛАСЫНА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДА

Түркістан облысы мен ҚХР-ң Туризм қауымдастығы туризмді дамыту бағытында өзара тиімді серіктестік орнатуға ниетті. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай делегациясы арасында өткен ресми кездесуде айтылды. Облыс басшысы Beijing Zhongxing Huizhi International Culture & Tourism Development Co., Ltd., Басқарушы директоры Сюнь Шаньхуамен кездесіп, екіжақты әріптестіктің келешегіне кеңінен тоқталды. Басқосу барысында тараптар өңірдің туристік әлеуетін көтеру, инвестициялық жобаларды іске асыру және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту мәселелерін талқылады.

Қытай делегациясы сапар барысында өңірдегі тарихи кешендері мен заманауи туристік нысандарды аралап, өңірдің инфрақұрылымдық даму деңгейіне оң пікір білдірді. Түркістан өңірінің тарихи-мәдени құндылықтарына жоғары баға беріп, серіктестікке қызығушылық танытты.

Қазіргі таңда Түркістан облысы Қазақстандағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретінде танылып келеді. Өңірге келген туристер саны жыл санап артып, бір күндік келушілер саны 1 миллионға жуықтады. Мұндай көрсеткіштер туризмді облыс экономикасының жаңа драйверіне айналдыру мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені анық. Тараптар кездесудің қорытындысы бойынша ынтымақтастықты тереңдету жөнінде келісімге келіп, алдағы уақытта нақты жобалар бойынша жұмыс істеуге уағдаласты.

ҚАЗЫҒҰРТТА БИЫЛ 60 ГЕКТАР АУМАҚҚА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРЫЛАДЫ

Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнім көлемін арттыру мақсатында «Тұрбат» агроиндустриалды аймағын құру жоспарлануда. 60 гектар аумақта 3,8 млрд теңгеге жылыжайлар бой көтеріп, 416 адам жұмыспен қамтылмақ. Жоба арқасында аудан шаруаларына жылыжай бизнесін дамытуға үлкен серпін беріледі деп күтілуде. Бұл жайында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов брифингте мәлімдеді.

«Жалпы ауданға тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы құны 21,5 млрд теңге болатын 24 жобаны іске асырып, 749 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өңір экономикасына айтарлықтай әсер етуі тиіс жобалардың басым бөлігі ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Мәселен, өңірде балық және құс шаруашылығымен айналысушылар саны артып келеді. Сонымен қатар, егін шаруашылығында тамшылатып суғару технологиясына баса мән беріп жатқан шаруалар да жетерлік» – деген аудан әкімі бірқатар ірі жобаларды БАҚ өкілдеріне таныстырды.

Аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі биыл бес айда 42,3 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 134,4 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, өңірдегі инфрақұрылым саласында да бірқатар оң өзгерістер орын алуда. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының 98,3%-ы тұрақты ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткішті биыл жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал, табиғи газбен қамту көрсеткіші 90,1%-ға жетсе, электр жарығымен қамту көрсеткіші 98,4%-ды құраған.

Сонымен қатар, аудандағы интернет сапасын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда инвестор «Сomdata» ЖШС тарапынан Қазығұрт, Қызылқия, Рабат елді мекендерінде талшықтық-оптика байланыс желісін жүргізу жоспарланған. Биыл Қызылқия елді мекенінен 745 абонентке, Рабат елді мекенінен 840 абонентке желі тарту жоспарлануда.

Өңірдегі білім және медицина саласында да жақсы жаңалықтар жетерлік. 2024 жылы 4 жаңа мектеп пайдалунға берілсе, биылғы оқу жылында да тағы 3 білім нысаны бой көтеруде. Сонымен қатар, өткен жылы 5 медициналық нысан құрылысы аяқталып, қолданысқа ұсынылса, 2025 жылдың қорытындысымен 4 нысан ем алушыларды қабылдауға дайын болмақ.

ОТЫРАР АУДАНЫНДА ТӘУЛІГІНЕ 120 ТОННА МАҚТА ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Отырар ауданында биыл жалпы құны 37 млрд 400 млн теңгені құрайтын ірі және шағын жобалардың құрылысы басталды. Жоба аясында маусымдық жұмыспен – 102 адам қамтылса, оның 67-сі тұрақты қызметке орналасты. Сондай-ақ, өңірдегі индустриалды аймаққа 2025-2026 жылдары жергілікті және шет елдік инвесторларды тарта отырып, түрлі салаларды қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп саласы бойынша қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Бұл жайында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Ауданымыздағы индустриалды аймақта тәулігіне 120 тонна мақта өңдеуге қауқарлы «Otyrar Cotton» ЖШС жұмысын бастамақ. Жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылады. Биылғы жылдың мамыр айында құрылысы басталған нысан қазан айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, қуаттылығы күніне 10 тоннаға жететін күріш өңдеу зауыты мен тәулігіне 200 тонна мақта майын өндіретін зауыт құрылыстары да жүргізілмек» – деді спикер.

2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында жалпы өңірде өндірілген өнім көлемі 25,2 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,1 млрд теңгеге артық орындалған. Сондай-ақ, биыл 54 100 гектарға егіс егу жоспарланып, жоспар 54 796 гектарға орындалған. Яғни егіс көлемі 19 795 гектарға артты.

Ауданда жыл басынан бері 7 387 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 116,5% – ға орындалған. Өңір тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер орын алуда. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 98,6%-ы тұрақты ауыз сумен қамтылса, табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 71,4%-ға жеткен.

ТҮРКІСТАНДА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛІ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Заң мен тәртіп – мемлекет кепілі» атты форум өтті. Форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық прокуратура, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, полиция департаменті мен ҚР-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшылары, сондай-ақ жастар мен жергілікті тұрғындары қатысты. Форумда заң үстемдігі, отбасылық құндылықтар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық, жалған ақпарат пен халықтың бұқаралық санасын манипуляцияға қарсы іс-қимылды болдырмау жайында тақырыптар талқыланып, нақты іс-шаралар пысықталды.

«-Қылмыспен кү­ресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңыз­ды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үл­кен жұмыс. Ең алдымен, мемлекетте заң т­а­лап­тары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұз­ған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деген болатын Пре­­зидент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идео­логиялық және саяси темірқазығына ай­налуға тиіс екенін атап өтті. Өйткені құқықтық сауаттың тө­мен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуы­на әкеп соқтырады. Көшедегі мәде­ниет­сіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі  құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұру, келеңсіздіктермен қоғам болып күресу өте маңызды. «Заң мен тәртіп» қағидаты Мемлекет бас­шы­сының тікелей бақылауында. Елімізде кең таралған тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқ­ты құқықбұзушылық әрекеттерге мүлде төз­бейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қа­лып­тастыру қажет. Өйткені азаматтардың тәр­тіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне ке­піл болмақ. Азаматтарымыз заңдылықты ны­­ғайту жолында жұдырықтай жұмылса ға­на қоғамда әділдік орнайтынын уақыттың өзі дәлелдеді.

Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров қоғамда заң үстемдігін орнатуға үлес қосу баршаның ортақ міндеті екенін атап өтіп, қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстарды бірлесе жүргізуге шақырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру маңызды міндет екенін атап өтті. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің кепілі – бұл заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуы. Заң – бұл тек қана жазалау құралы емес. Ол қоғам өмірін реттейтін, әрбір азаматтың құқықтарын қорғауға бағытталған жүйе. Осыған орай, облысымызда «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» тақырыбында ауқымды іс-шаралар бастау алды. Бұл іс-шара бір күндік емес, тұрақты түрде іске асырылады. Қауіпсіз ортаны қалыптастыру мақсатында биыл құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 24,2 млрд.теңге қаралды. Аудан, қала әкімдері жергілікті полиция департаментімен бірлесіп, заң мен тәртіптің сақталуы бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет. Біз үшін адам өмірі – ең басты құндылық. Сондықтан, жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жұмыстарды күшейту керек. Есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде атқару қажет. Азаматтардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру мақсатында жаңа бағытта оқыту жұмыстарын жүргізу керек. Облыста ішімдік сатудан бас тартқан 75 елді мекенде қылмыстар саны күрт төмендеген. Осы форумды пайдалана отырып, барлық елді мекендерді аталған акцияға қосылуға шақырамын! Заң мен тәртіп идиологиясын орнықтыру – ортақ жауапкершілік, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Осы жылдың 5 айында 163 дерек анықталып, 199 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 336 дерек анықталған. Интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу бағытында 405 ақпараттық сайт анықталып, бұғатталды. Сондай-ақ, тұрғындардың қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан осы жылдың 5 айында облыста алаяқтық қылмыстар 33 пайызға, интернет алаяқтық қылмыстар 102 пайызға өскен. Азаматтардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру мақсатында оқыту және түсіндіру жұмыстары күшейтілетін болады. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың мәселесі ерекше бақылауда. Бұл азаматтарға биыл 194 квота белгіленді. Жұмыспен қамту шаралары жалғасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаның ауыр түрі қабылданды. Нәтижесінде, қылмыс деңгейі 32 пайызға төмендеген. Президент тапсырмасына сәйкес, облыс аумағындағы барлық аудан, қалаларда «Отбасын қолдау орталықтары» ашылды. Орталықтар арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қажетті көмек көрсетіледі.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА 1 ОРЫНҒА ШЫҚТЫ

Жыл басынан бері Түркістан облысының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімді экономикалық өсім 120,4%-ды құрады. Осылайша, 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша Түркістан өңірі қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткішімен ел бойынша көш бастады. Өңір экономикасының өсімі, негізінен, тау-кен, өңдеу, уран өндірістері, құрылыс индустриясы мен ауыл шаруашылығы саласындағы ілгерілеу есебінен орын алды. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 15,2%, өңдеу өнеркәсібінде – 14,1%, электр энергиясымен, газбен жабдықтау – 17% өсті. 2025 жылғы қаңтар-мамырда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 192085,6 млн. теңгені немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 106,4% құрады.Қаңтар-мамырда жүк айналымының көлемі 11703,5 млн. ткм-ді құрады, немесе 2024 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 123% құрады. 5 ай көлемінде Түркістан облысындағы өнеркәсіп өнім көлемі 593,0 млрд. теңгені құрап, 14,8%-ға артты. Бекітілген жоспар 105,5%-ға орындалды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің үлесінде – 280,4 млрд. теңге болса, тау-кен өнеркәсібіндегі өндірілген өнім көлемі 259,6 млрд. теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығындағы өндірілген өнім бойынша облыс республикада жоғарғы көрсеткішке ие. Бұл салада өндірілген өнім көлемі 194,3 млрд. теңгені құрап, өсім 6,3%-ға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 117,4 млрд. теңгені құрап, өсім 1,4 есе артты. Жыл басынан пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 306,1 мың шаршы метрге жетіп, жоспар 125,5%-ға орындалды. Сауда көлемі 269,7 млрд. теңгені құрап, жоспар 1,6 есе артығымен орындалды. Көлік және қоймалау қызметінің көлемі 209,3 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға артқан. Байланыс қызметінің көлемі 4,9 млрд. теңгені құрап, 15,2%-ға артты.

Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың мәліметінше, облыс бойынша осы жылдың 5 айында жергілікті бюджетке 114,3 млрд.теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 114,7%-ға орындалған. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістердің орындалуы бойынша өсім 16%-ға арқан. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы аймақ басшысының тұрақты бақылауында. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмыстар жалғасатын болады.

Айта кетейік, облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 2443,2 гектарды құрайтын 19 индустриалды аймақ және 580 гектар аумақта орналасқан 3 өнеркәсіптік аймақ пен арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 42,4 млрд. теңгеге 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында. Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд.теңге инвестиция тарту және 5 840 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде, 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды. Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік парктің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Жаңа өндіріс орындарын ашуға қажетті энергетикамен қамтамасыз ету мәселесін жалпы қуаты 2,4 ГВт құрайтын 6 ірі жобаны іске асыру арқылы шешу көзделуде. Бұл жобалар жеке инвесторлар есебінен жүргізілмек. Нақтырақ айтқанда, Сайрам ауданында қуаты 1 000 МВт дейін болатын бу-газ станциясының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Түлкібас ауданында – 320 МВт-тық бу-газ, Кентау қаласында – 240 МВт-тық газ турбина, Бәйдібек ауданында – 350 МВт-тық жел электр станциялары салынады. Одан бөлек, Сауран ауданында қуаты 300 МВт және 185 МВт болатын екі күн электр станциясын салу жоспарлануда. Жалпы өңірдің әлеуетті жыл санап артып келеді. Шет елдік инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, жаңа жобалар да жүзеге асырылуда. Түркістан облысы – тұрақты даму жолындағы мүмкіндігі мол аймақ. Жоспарланған межеге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар жалғасын табады.

ЖЕТІСАЙДА КОНСУЛЬТАТИВТІК-КЕҢЕСШІ ОРГАНЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазовтың қатысуымен аудан әкімдігі жанындағы қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ, қылмыстық жазасын өтеген азаматтарға әлеуметтік және өзге де көмектерді ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысы өтті.

Жиынның негізгі мақсаты құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді арттыру, қоғамды кез келген заң және тәртіп бұзушылыққа қарсы қалыптастыру болып табылады. Басқосудың күн тәртібінде пробация қызметінің есебінде тұрған, пробациялық бақылау қойылған сотталғандарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен атқарылатын әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің мәселелерін қарастыру туралы Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Нартай Сабаев пен аудандық «Мансап орталығы» филиалы директорының міндетін уақытша атқарушы Ердәулет Түймебаевтың баяндамалары тыңдалып, жоспарлары талқыланды. Ұсыныс-пікірлер айтылды.

Сала мамандарының мәліметінше Түркістан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №274 қаулысына сәйкес биылғы жылға пробация қызметінің есебінде тұратын адамдары жұмысқа орналастыру үшін Жетісай ауданында 7 мекемеге 19 орын қаралса, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 1 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған.

Жалпы пробация қызметінің қоғамға тиімділігі өте жоғары. Себебі адамдардың қылмыстық құқық  бұзушылықтар жасауының алдын алуға, «Қауіпсіз қоғам» жобасын жүзеге асыруға, құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді арттыруға, қоғамды кез келген заң және тәртіп бұзушылыққа қарсы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Яғни сотты болған адамдардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі тиімді болғаны абзал.

« – Азаматтардың  әртүрлі  жағдайлармен  қателікке  жол  беріп, қылмыстық жауапкершілікке тарталғаннан кейін адам психологиялық  дағдарыстарға  ұшырайды. Яғни олар қоршаған ортадағылармен  және  өздері  де қоғамнан  моральдық  жағынан  да  іштей   болсын  шеттетіледі. Осы  кезде  ондай   тұлғаларды  қоғамнан шектемей, оларды  барынша  қоғамға  қайта  бейімдеуге  оңды  ықпал  ету  мақсатында  оларға әлеуметтік-құқықтық  көмек көрсету, психологиялық, денсаулық  жағдайына   қарай  медициналық, құжаттарын  алу  бойынша  қысқа  мерзімдік оқуға   жолдау, тұрақты  немесе   мерзімдік  жұмысқа  орналастыру, бір  реттік  ақшалай   әлеуметтік  көмек   көрсетуге  ықпал жасау  бойынша  жүзеге   асырылатын  іс-шаралар  мен  жұмыстар  жиыны,  сондай-ақ,  адам  мен  азаматтың  құқықтарын,  бостандықтарын  және  заңды  мүдделерін  сақтау, заңдылық, ізгілік, сотталғандарға қатысты  әлеуметтік-құқықтық  көмек  көлемін айқындау  және   жүзеге  асыру  кезінде   сараланған  және   қоғамға  пайдалы белесенді   мінез-құлқын  қалыптастыру қызметі  маңызды болып есептеледі.Біз  өз  тәжірибемізді   тереңірек  зерделеп, заңдылықты  түзетіп, ой-санамызды,  құқықтық  мәдениетімізді,  мемлекеттік   және  әлеуметтік   құрылымымыздыескере  отырып, үздік  әлемдік  үлгілерді  енгізуге  ұмтылып келеміз. Қазіргі  таңда   пробация   қызметкерлері  сотты  болған  адамды  отбасынан, туыстарынан  ажыратпай, оның  бойына  қоғамды сыйлауға, заңға бағынуға, заңның үстемдігін түсінуге бағыттап, одан бөлек тағы жақсы  мінез- құлықты  қалыптастыру,  қайта  бейімдеу бойынша  жұмыстарын   жүргізіп келеді. Мұның  азаматқа, жалпы  келер  ұрпаққа  тиер  пайдасы  мол. Қазақстан Республикасының  заңнамасында  белгіленген  жеңілдіктер мен  әлеуметтік   төлемдерді  алу, яғни  ол  мыналар  әлеуметтік-психологиялық  және  психологиялық  консультация   беру, тараптардың өзара  келісуі  жағдайында  отбасылық   және  өзге  де  әлеуметтік  байланыстарды  қолдау жүйесін  қалпына  келтіру және қалыптастыру, оңалту іс-шараларын  ұйымдастыру  мәдени  іс-шараларға   қатысуға  тартуда, әлеуметтік-құқықтық  мәселелер   бойынша  консультациялар  ұсынуды қамтитын  әлеуметтік-тұрмыстық  бейімдеу  арқылы  қамтамасыз  ету. Осы  кезекте  азаматтар, қоғамдық  бірлестіктер  және  өзге  де  заңды  тұлғалардың  пробацияны  жүзеге   асыруға  мүмкіндіктері  бар  екенін  баса  айтқан  жөн. Олар  пробация  қолданылатын  адамдарға   әлеуметтік-құқықтық  көмекті  ұсынуға  ерікті  түрде жәрдемдесу  арқылы  мынадай   нысандарды  іске  асыра  алады: пробация қызметінің  есебінде  тұратын  адамдарға  әлеуметтік-құқықтық  көмекті жетілдіруге   бағытталған  бағдарламалар  мен  жобаларды  әзірлеп  және  іске  асыру, социологиялық  және  өзге  де мониторингтер  жүргізу, пробациян  реттейтін  нормативтік  құқықтық актілердің  жобарын  әзірлеу  барысында  қоғамдқ  талқылауға  қатысу, пробация  мәселелері  бойынша  консультативтік-кеңесші  және  сарапшы органдардың  жұмысына   қатысу, Қазақстан  Республикасының  заңнамасына  қайшы   келмейтін  нысандарда   өзге  де  жәрдем  көрсету  мүмкіндіктеріне  ие.» – деп атап өтті Жетісай ауданы прокурорының орынбасары Ырысбек Намазов.

Жыл басынан Жетісай аудандық «Мансап» орталығына жүгінген пробация есебінде тұратын 55 азаматтың 3-і ақылы қоғадық жұмысқа, 3-і деректер қорындағы бос жұмыс орындарына, ал, 18-і белгіленген квота бойынша 7 мекемеге бос жұмыс орындарына жолданған. Қалған 31 тұлға кәсіптерінің болуына, денсаулығының нашарлығына және бала күтіміне байланысты бағдарламаға қатысудан жазбаша түрде бас тартқан. 3 адам өз кәсіптерін бастау үшін мемлекеттер қайтарымсыз грант алса, тағы 2 адамның бизнес-жобасы қаржыландыруды күтуде.

« – Бұл жұмыстар ауданымызда еңбек өнімділігінің артуына, кедейлік деңгейін едәуір төмендетуге, пробация есебіндегі түзету мекемесінен босаған адамдарды қоғамдық ортаға бейімдеуге үлкен мүмкіндік береді. Біз жұмысымызды одан әрі жандандырып, шалыс басқан азаматтардың қайта қылмыс жасамаулары үшін бар мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек», – деген Серік Пірімбеков жауапты сала мамандарына жұмысты әлі де болса жандандыруды тапсырды.

ТҮРКІСТАН – ЖЫЛЫЖАЙ АГРОБАЗАСЫНЫҢ ЖАҢА ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАДЫ

Түркістан облысында заманауи кешенді жылыжай жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Жоба аясында аграрлық өндіріс, білім, туризм және ғылым тоғысқан көпфункциялы база құрылады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен ҚХР-ң мемлекеттік компаниясының Қазақстандағы филиалының бас директоры Янь Цзе мырзаның кездесуі аясында ауыл шаруашылығындағы стратегиялық ынтымақтастық, инновациялық жылыжай өндірісін дамыту және өңірлік инвестициялық серіктестік мәселелері талқыланды. Инновациялық жылыжай моделі – агроэкономиканың жаңа кезеңі. Жоба негізінде Түркістан облысында жылыжай кешені, агротехникалық өндіріс және ғылыми-тәжірибелік алаң құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, индустриялық аймақта болат құрылымдарын өндіретін зауыт, бірнеше автоматтандырылған жылыжай кешені, сапалы көкөніс өсіру алаңы және агротуризм бағыты қатар дамиды.

Бұған қоса, жергілікті білім ордаларымен бірлескен ғылыми-тәжірибелік орталық ашу жоспарланған. Мұнда студенттер мен ғалымдар жылыжай жағдайында зерттеулер жүргізіп, өнім сапасын арттыруға арналған жаңа әдістерді сынақтан өткізеді. Ғылыми нәтижелер негізінде жеке қосалқы шаруашылықтарға бейімделген технологиялар дайындалып, жергілікті тұрғындарға қосымша табыс көзі ретінде ұсынылады. Ал агротуризм бағыты аясында келушілерге өз қолымен көкөніс теріп, ұлттық тағамдар әзірленетін ашық алаңда уақыт өткізу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл бағыт Түркістанның туристік әлеуетін агроөнеркәсіппен ұштастыратын жаңа формат ретінде бағалануда.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кездесуде өңірдің инвестициялық артықшылықтарын ерекше атап өтті. Түркістанда дайын инфрақұрылымы бар индустриялық аймақтар мен «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді.

– Осыған дейін Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Чжан Цисян мырза бастаған делегацияның Түркістан облысына сапары барысында өзіңізбен кездескен болатынбыз. Бүгінгі кездесуіміз нақты жоспарлар бойынша пікір алмасу үшін тиімді алаң деп білемін. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде жылыжайда көкөніс өсіру бағыттары елімізде жетекші орын алады. Ауар-райы қолайлы, еңбекқор халқымызбен мақнатамыз. Біз өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, өнімнің сапасын жетілдіруге және технологиялық даму деңгейін арттыруға баса мән беріп отырмыз. Осы мақсатта заманауи агротехнологияларды енгізу, тамшылатып суару жүйелерін кеңінен қолдану, жылыжайларды автоматтандыру, сондай-ақ логистика мен экспорттық әлеуетті дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Біздің облыста бірлескен жобаларды әзірлеу үшін үлкен әлеует бар, оларды іске асыруға қазақстандық және қытайлық компаниялар тартылуы мүмкін. Өз тарапымыздан толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысында жүзеге асырылатын кешенді жылыжай жобасы – тек ауыл шаруашылығы емес, ғылым, білім, туризм және кәсіпкерлік бағыттарын біріктіретін ауқымды бастама. Бұл өңірдің экономикалық әртараптануына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, ал отандық агросектордың технологиялық жаңғыруына серпін бермек. Түркістан облысы өз тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын. Қазіргі таңда Түркістан облысы республика бойынша жылыжай өндірісінің көшбасшысы саналады. Еліміздегі жылыжайлардың басым бөлігі осы өңірде шоғырланған. 1 289 жылыжайдың жалпы көлемі – 713 гектар, олардың басым бөлігі көкөніс өсіруге бағытталған. Былтыр облыста 83 931 тонна көкөніс өндірілді.