Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі — арнайы экономикалық аймақтар . Солардың бірі — «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жоба және инвестициялық әлеуеті мен өндірістік драйвері. Бұл аймақ өңірдің өндірістік, логистикалық және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға ықпал етеді.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағы 2018 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №693 қаулысы негізінде құрылды. Бұл аймақ Түркістан облысының аумағында орналасып, бастапқыда 3 987,39 гектарды қамтыған. 2025 жылы Үкіметтің жаңа қаулысы бойынша аймақтың аумағы 4 414,39 гектарға дейін кеңейтілген және 9 қосалқы субаймақтан тұратын болды. Аймақтың басты мақсаттары: Түркістанды іскерлік-өндірістік орталыққа айналдыру; Тұрақты және жоғары технологиялы өндірістерді тарту; Экспорттық әлеуетті арттыру және халықаралық серіктестікті кеңейту.
Инвестициялық режим және қолдау шараларын да айта кетсем, «TURAN» АЭА инвесторларға тартымды құқықтық және экономикалық режим ұсынады, оның ішінде: 2043 жылға дейін жер учаскесін тегін пайдалану және кейін сатып алу құқығы, жер және мүлік салығынан босату, импортталатын шикізатқа қатысты кедендік және корпоративтік салықтық жеңілдіктер. 2024 жылы аймақта экономикалық қызмет түрлерінің басым бағыттарының саны 19-дан 35-ке дейін кеңейтілді, бұл өңдеу өнеркәсібіндегі 408 өнеркәсіптік нысандарға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда инвестициялар мен нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. «TURAN» АЭА-ның инвестициялық портфелі 530-550 млрд теңгеден асады және 130-дан астам жоба жүзеге асырылуда немесе іске қосылған. Олардың ішінде нақты жобалар: PSI Mineral Technologies LLP – тау-кен металлургиясы жабдықтарын шығаратын зауыт, инвестиция көлемі 8,33 млрд теңге, жоспар бойынша 200 жаңа жұмыс орны болады. Orzax Nutraceutical Manufacturing Plant – биологиялық белсенді қоспалар шығаратын өндіріс жоспары, 500-ден астам жұмыс орнын құруы күтулі. CCGT Turkistan LLP – аймақта энергия секторында 1000 МВт-тық газ-турбиналық станция жобасы, бұл өндірістік инфрақұрылымды толықтыруға септігін тигізеді.
Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақта PVC, тамшылатып суару жүйелерін өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу сияқты жобаларға бағытталған инвестициялар жоспарланған. Бұл бизнес-аймақпен шекаралас жерде «Central Asia» халықаралық өндірістік ынтымақтастық орталығы құрылуда, оған 185,1 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
«TURAN» АЭА өнімдері іске қосылған жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған. Болжам бойынша, аймақта іске қосылатын жобалар мыңдаған жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Инженерлік жүйелер, жолдар, теміржол желілері, су және кәріз жүйелері салынуда. Сондықтан «TURAN» аймағының толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі нәтижесінде 50-ден астам кәсіпорынның жұмыс істеуіне мүмкіндік туады деп күтілуде.
«TURAN» АЭА өңірлік инвестициялық серіктестік пен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері аймақты дамыту жоспарымен танысып, серіктестік мүмкіндіктерін талқылады. Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан сияқты елдердің инвесторлары да бұл аймақта өндіріс пен экспортты дамытуға қызығушылық танытуда.Болашақта аймақтың даму стратегиясы экспортты 30%-ға арттыру, өндірістік кластерлер құру және логистикалық хаб ретінде халықаралық деңгейде танылуға бағытталуда.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағы — Түркістан облысының экономикалық дамуындағы стратегиялық маңызды бастама. Қазіргі таңда аймаққа тартылған инвестиция көлемі, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен халықаралық ынтымақтастық оны өндірістік, экспорттық және инновациялық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның халықаралық инвестициялық тартымдылығын арттыруға үлес қосуда.
Қарапайым тілмен айтқанда, «TURAN» арнайы экономикалық аймағы – Түркістан облысының жаңа экономикалық жүрегі. Бұл жоба жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартып, өңірді дамытады. Тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де тиімді.
Қанат Шонбасов – Түркістан облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
