Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері қылқан жапырақты ағаштардың жас өскіндерін қорғау мақсатында «Арша қорғау» атты рейдтік жұмыстарын жүргізді.
Қылқан жапырақты ағаштардың жас өскіндерін қорғау – болашақ орманның кепілі. Қылқан жапырақты ағаштар табиғаттың жасыл белбеуі ғана емес, экожүйенің тұрақтылығын сақтайтын, ауаны тазартып, жердің бедерін қорғап, климатты реттейтін ерекше байлық. Сондықтан олардың жас өскіндерін қорғау – табиғатты сақтаудың ең маңызды бағыттарының бірі. Себебі бүгін отырғызылған немесе табиғи жолмен шыққан әрбір жас өскін – ертеңгі орман, келешек ұрпақтың аманаты.
Қылқан жапырақты ағаштардың, әсіресе арша, шырша, қарағай, самырсын сияқты түрлерінің өсуі баяу жүреді. Кішкентай көшет үлкен ағашқа айналуы үшін ондаған жыл қажет. Осы ұзақ мерзім ішінде олар табиғи факторлар мен адам әрекетінен қауіп көреді. Егер бүгін өскін сақталмаса, ертең орман жаңармайды. Ал, жас өскіндерді қорғау арқылы орман қоры сақталады, табиғи тепе-теңдік бұзылмайды, одан бөлек топырақ құнарсыздануының алдын алуға сеп болады. Олар арқылы ауа сапасы жақсарып, оттегі қоры көбейеді, жануарлар мен құстардың тіршілік ортасы сақталады.
« – Қылқанды ормандардың жас ағаштары көбіне мына жағдайлардан зардап шегеді. Олар заңсыз ағаш кесу, өрт қауіпі және адамдардың немқұрайлығы және мал таптау, жайылымның бақылаусыз пайдаланылуы, сонымен қатар қоқыс тастау, топырақты ластау, құрылыс, инертті материал өндіру сияқты заңсыз жер пайдалану және табиғи апаттар мен қолайсыз климаттық жағдайлар әсер етеді. Осының бәрі жас ағаштардың өсіп-жетілуіне зиян келтіріп, орманның жаңару процесін тежейді. Сондықтан жас өскіндерді қорғау – тек орман қызметкерлерінің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қазіргі таңда бұл бағытта бірнеше маңызды шараны жүзеге асыру қажет деп есептейміз. Яғни, заң талаптарын сақтау және бақылауды күшейту және заңсыз кесу, рұқсатсыз жер пайдалану, инертті материал өндіру сияқты әрекеттерге жол бермеу керек. Орманда от жақпау, темекі тастамау, қоқыс қалдырмау – әр азаматтың жауапкершілігі. Мектеп оқушыларына, жастарға, ауыл тұрғындарына да табиғат қорғаудың маңызын түсіндіру – болашақ үшін қажет. Көшет отырғызу, орманды қалпына келтіру акцияларына белсенді қатысу табиғатқа нақты көмек. Жергілікті тұрғындар табиғатқа зиян келтірген жағдайды дер кезінде хабарлап, жауапкершілік танытса – үлкен үлес болар еді. Себебі қылқан жапырақты жас ағаштарды қорғау тек экология үшін ғана емес, адами тұрғыдан да маңызды. Орман – халықтың тыныс алатын кеңістігі, денсаулыққа пайдалы табиғи ресурс, рухани демалыс орны. Әрі бұл – елдің табиғи байлығы, ұлттық қазынасы. Жас өскін – ертеңгі жасыл орман, ал жасыл орман – елдің болашағы. Сондықтан оны қорғау – табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің белгісі Қылқан жапырақты ағаштардың жас өскіндерін қорғау – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Табиғатты аялау, жас көшеттерді сақтау – тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақ алдындағы борыш. Әр адам табиғатқа жанашырлық танытып, жас өскіндерді қорғауға үлес қосса, ертең еліміз жасыл ормандары жайқалған, экологиясы таза, өмір сапасы жоғары өңірге айналары анық.» – дейді қорықтың қызметкерлері.
Сондай-ақ, Ақсу-Жабағылы қорығының қызметкерлері ауыл тұрғындарымен кездесіп, 2025 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес сирек кездесетін ҚР Қызыл кітабына енген “Тянь-Шань арқарын сақтайық” атты далалық түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, үнпарақтар таратты.
Тянь-Шань арқары – Қазақстан табиғатының мақтанышы, таулы өңірдің сәні, экожүйенің маңызды бөлігі. Бір кездері саны мол болған бұл сирек жануар бүгінде жойылып кету қаупі бар түрлер қатарына жақындап отыр. Сондықтан табиғатты қорғау ұйымдары мен орман шаруашылығы қызметкерлері, жергілікті билік және қоғам өкілдері де «Тянь-Шань арқарын сақтайық!» атты далалық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып тұрады. Бұл шараның мақсаты – халықтың экологиялық санасын арттыру, арқарды қорғаудың маңызын түсіндіру және браконьерлікке қарсы күресті күшейту.
Тянь-Шань арқары – биік таулар мен қия жартастарды мекен ететін, ерекше бейімделгіш жануар. Өкінішке қарай, соңғы жылдары табиғи ортаға адам қолының араласуы, заңсыз аңшылық, жаю аймақтарының кеңеюі және климаттық өзгерістер арқалардың санына кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан бұл бағытта ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Одан бөлек мектеп оқушылары мен жастарға да табиғатқа жауапкершілікпен қарау, сирек жануарларды қорғау туралы сабақтар мен кездесулер ұйымдастырылуда.
«- Арқарды сақтау – тек бір жануарды қорғау емес, бүкіл таулы экожүйені қорғау деген сөз. Егер арқар жойылса табиғи тепе-теңдік бұзылады, басқа жануарлар мен өсімдіктер әлеміне әсер етеді және табиғаттың тарихи-мәдени құндылығы жоғалады.Сондықтан әрбір азамат бұл мәселеге бейжай қарамауы қажет. Тянь-Шань арқарын қорғау – тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс. «Тянь-Шань арқарын сақтайық!» атты далалық түсіндіру жұмыстары табиғатты қорғауға деген көзқарасты өзгертудің, экологиялық жауапкершілікті арттырудың маңызды қадамы болып отыр. Бұл тек бүгінгі күннің мәселесі емес – болашақ ұрпақ алдындағы борыш. Егер бәріміз бірлесіп әрекет етсек, Тянь-Шаньның қия жартастарын дүбірлеткен арқар үйірі ертең де еркін жүретін болады. Табиғатты аялау – өз болашағымызды қорғау!» – дейді мамандар.
