Бүгін сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырмасыншы сессиясына қатыстым. Сессия жұмысына облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, аудандық және қалалық мәслихаттардың төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессияны облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін 18 мәселе қаралды. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары мен салалық басқарма басшыларының есептері тыңдалып, депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен нақты тапсырмалар берілді. Сонымен бірге кадрлық өзгерістерге байланысты облыс әкімдігі жанындағы комиссиялар құрамына тиісті түзетулер енгізілді.
Сессия барысында алдағы жылдарға арналған облыстық бюджет пен өңірдің Даму жоспары бекітілді. Бұл құжаттар өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер болып табылады. Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы сөз сөйлеп, өңір экономикасының оң өсім көрсеткіштеріне тоқталды.
Алдымен баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі мәслихат сессиясында маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Алдағы жылдарға арналған облыстық бюджет және Даму жоспары бекітілді. Бұл шешімдер облыстың дамуына оң әсерін береді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыруды және бюджет қаражатын үнемдеп, елге қажет нақты жобаларға жұмсау керектігін ескертті. Жоспарға сәйкес 2026 жылға облыстық бюджет көлемі 1,3 трлн теңгені құрап отыр. Бюджет шығыстарын қалыптастыру барысында бірінші кезекте міндетті әлеуметтік төлемдерді толық қарастырып отырмыз. Сондай-ақ құрылысы басталған нысандардың мерзімдерінің созылып кетпеуіне және бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында осы жобаларды аяқтауға басымдық бердік. Мемлекет басшысы биыл экономиканың өсімін 7 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл бағытта облыста атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңірдің экономикалық өсімі 114,8 пайызды құрап, республикада жоғары көрсеткішке ие болып отырмыз. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі қалыптасты. Экономикаға 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Жұмыс орындары, зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға түсті. Бұл жетістіктерге өздеріңізбен бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде қол жеткіздік деп санаймын. Өңіріміздің дамуы үшін әкімдік пен мәслихат ынтымақпен жұмыс істеуі тиіс. Бірлік болса, тірлік берекелі болады. Сондықтан халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жолында жоспарланған жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын. Ел мүддесі жолындағы бастамаларымыз сәтті болып, өңіріміз дами берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Өңір әкімі бүгінде Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ әкімдік пен мәслихаттың өзара ынтымақтастығы өңірдің тұрақты дамуының негізгі кепілі екеніне ерекше назар аударды.
Сессия аясында қоғам дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар депутаттар мен еңбек ардагерлеріне ҚР Парламенті Сенаты төрағасының алғысхаттары табысталды. Алдағы кезеңде мәслихат депутаттары облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, экономиканың өсуін қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталған жұмыстарды бірлесе жалғастыра беретін болады.
Алтынсары Үмбетәлиев – «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.
