Биоыдырайтын ыдыстар – экологияны сақтаудағы тиімді шешімдерінің бірі.

Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бір рет қолданатын биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама өндіретін заманауи зауыттың іргетасы қаланды. Жобаны «PULPSTYLE» ЖШС іске асырмақ.

Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау – әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе. Әсіресе, тұрмыста көп қолданылатын пластик қалдықтарының табиғатқа тигізетін зияны жылдан-жылға артып келеді. Осындай жағдайда бір рет қолданылатын биоыдырайтын ыдыстар экологияны сақтаудың тиімді шешімдерінің бірі ретінде маңызды рөл атқарып отыр. Олар табиғи материалдардан жасалып, қысқа мерзім ішінде ыдырап, топыраққа зиян келтірмейді.

Дүниежүзінде пластик қалдықтардың көп бөлігі тұрмыстық ыдыстардан шығады. Олар жүздеген жылдар бойы табиғатта шірімей жатады. Ал биоыдырайтын ыдыстар осындай ұзақ мерзімді ластанудың алдын алып, қоқыс көлемін азайтады. Пластик ыдыстар ыдырау кезінде уытты заттар бөліп, топырақты улайды, суға түсіп, теңіз-көл экожүйесіне зиян келтіреді. Биоыдырайтын өнімдер мұндай зат бөлмейді, керісінше табиғи циклге қауіпсіз түрде қосылады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа кәсіпорынның капсуласын салу рәсіміне қатысып, жобаның сәтті жүзеге асуына тілек білдірді.

– Облысымыз үшін әрбір инвестициялық жобаның стратегиялық маңызы зор. Өйткені жаңа зауыт дегеніміз – жаңа жұмыс орындары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап, нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте, біз экономиканы әртараптандыру жұмысын қарқынды түрде бастап кеттік. Инвесторлармен келісіп, импорт алмастыратын тауарларды шығаруға басымдық берудеміз. Сол жобалардың бірі – бүгін іргетасы қаланған «PULPSTYLE» компаниясының бір рет қолданылатын ыдыстар мен қаптама жасау кәсіпорны, экологияға пайдалы биодырайтын өнімдер шығарады. Бұл – біздің облысымыздың жаңа өндірістік әлеуетін көрсететін нақты қадам. Осы бастаманы қолға алған инвесторға алғысымды білдіремін. Менің басты мақсатым әрі арманым – Түркістан облысын дотациялық аймақтан шығарып, өзін толық қамтитын өңірге айналдыру. Ел бірлігі мен ортақ жұмысымыз арқылы бұл дәрежеге жетеміз деп ойлаймын. Себебі Түркістан өңірінің ең басты байлығы – адами капитал мен жұмыс күші жеткілікті. Жаңа кәсіпорын уақтылы ашылып, халықты отандық өніммен қамти берсін! – деген Нұралхан Оралбайұлы.

Аталған кәсіпорынды ашу бойынша 2025 жылдың қыркүйек айында инвестормен келіссөздер жүргізілген болатын. Бір рет қолдануға арналған биоыдырайтын ыдыстар мен қаптама жасау жобасының құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Жоба арқылы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Бүгінде құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткізілген. Нысан инфрақұрылым желілерімен толық қамтылған. Өндіріс орнын 2026 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарлануда.

Жалпы, бір рет қолданылатын биоыдырайтын ыдыстар – тек ыңғайлы тұрмыстық бұйым ғана емес, табиғатты қорғауға қосылған үлкен үлес. Олар пластик қалдықтарының азаюына, топырақ пен судың тазалығын сақтауға, жасыл экономиканың дамуына жол ашады.

Қазіргі таңда Түркістанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриалды аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд теңге инвестиция тартылды. 50 жоба іске қосылып, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылуда. Одан бөлек жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін шағын өндірістік парктер іске қосылды. Бұл аймақтарда кәсіп ашуға барлық қолайлы жағдай қарастырылған және мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*