ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева ашып, жастардың қоғам өміріндегі белсенді рөлін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесінің өзектілігіне ерекше тоқталды.

Кеңес отырысын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы, кеңес төрағасының орынбасары Еркебұлан Мадиярұлы жүргізді. Күн тәртібінде Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қатысты индикаторлардың орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ, «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңестің келесі жылға арналған жылдық жоспарын бекіту мәселесі талқыланды.

Жиында Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айдынбек Махашов баяндама жасап, Жол картасында басқармаға бекітілген 7 тармақтың орындалу барысы туралы ақпарат берді. Ол Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуді дамыту, көгалдандыру аумағын 5 400 гектарға дейін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Сонымен қатар, 2021–2025 жылдар аралығында облыстың мемлекеттік орман қоры жерлерінде 110 мың гектар аумаққа 170 миллион көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітілгені айтылды. Бұл жоспар Түркістан облысы бойынша 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасымен үйлестіріліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Жиын барысында экологиялық мәдениетті нығайту бағытындағы жұмыстар да кеңінен талқыланды. 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі облыстық жоспар қабылданып, жүйелі түрде орындалып жатқаны айтылды. Осы тұста қоршаған ортаны қорғау, экологиялық білім беру, түрлі экологиялық акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Білім басқармасының бастамасымен «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің форумы өткізіліп, еріктілердің қатысуымен бірқатар экологиялық акциялар ұйымдастырылған.

Бүгінгі таңда экология мәселесі тек мамандардың ғана емес, әрбір адамның өміріне тікелей қатысты тақырыпқа айналды. Ауа ластануы, судың азаюы, табиғаттың тозуы – мұның бәрі біздің денсаулығымызға, өмір сапамызға және болашақ ұрпақтың тағдырына әсер етеді. Сондықтан экологиялық мәдениетті дамыту – заман талабы. Экологиялық мәдениет – бұл адамның табиғатқа жауапкершілікпен қарауы, қоршаған ортаны қорғауға саналы түрде үлес қосуы. Яғни қоқысты тастамау, суды үнемдеу, жасыл алаңды қорғау, ағаш отырғызу,табиғатқа зиян келтірмеу сияқты қарапайым әрекеттерден басталады.

« – Неліктен экологиялық мәдениет маңызды? Біріншіден – денсаулық үшін. Таза ауа, таза су, жасыл табиғат – адамның ең басты қажеттілігі. Егер табиғат ластанса, адамдарда тыныс жолы аурулары, аллергия, түрлі созылмалы дерттер көбейеді. Ал экологиялық мәдениеті жоғары қоғамда мұндай проблемалар азаяды. Сонымен қатар болашақ ұрпақ үшін маңызды.  Бүгін біз табиғатты қалай сақтасақ, ертең балаларымыз соны көреді. Табиғатты аялау – болашаққа қалдырған ең үлкен аманат. Табиғаты таза өңірге турист көп келеді, ауыл шаруашылығы дамиды, өмір сүру сапасы артады. Экологиясы нашар жерлерде керісінше шығын көбейеді. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау – азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Экологиялық мәдениетті қоғам – тәртіпті, саналы, өркениетті қоғам. Экологиялық мәдениет – тек табиғатты қорғау емес, ол адамның өзіне, өз денсаулығына, өз еліне деген құрметі. Табиғат – біздің ортақ байлығымыз, ортақ үйіміз. Сондықтан әрбіріміз табиғатқа жанашыр болсақ, таза әрі жайлы өмір сүруге мүмкіндік жасаймыз. Экологиялық мәдениетті дамыту – бүгінгі күннің ғана емес, келешектің де кепілі.» – деді Қалыйма Жантөреқызы.

Ал, Айдынбек Үсенұлының айтуынша, облыс аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жоспарланған 7 263 тазалық іс-шарасы толық жүзеге асырылған. Жыл басынан бері бұл іс-шараларға 1 миллионнан астам тұрғын қатысып, 6 998 арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде көшелерде, қоғамдық орындарда, аулалар мен саябақтарда ауқымды тазалау жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға оң әсерін тигізуде.

Кеңес мүшелері баяндамашыға бірқатар сауалдар қойып, ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық жұмыстарының форматын жетілдіру, бұл бастаманы тек аумақты тазалау емес, экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған тұрақты дағдыға айналдыру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, экологиялық бағыттағы жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуы ескертіліп, алдағы кезеңге арналған нақты ұсыныстар енгізілді.

Кеңес отырысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында болады. Жол картасында көзделген міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуы, сондай-ақ экологиялық мәдениетті қоғамның күнделікті өміріне енгізу бағытындағы жұмыстар партия тарапынан жүйелі түрде қадағаланып, алдағы уақытта да нақты нәтижелерге қол жеткізуге басымдық берілмек.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*