ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАҚЫЛДАРЫ 919 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРГЕ ЕГІЛЕДІ

Биыл Түркістан ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артып, жалпы 919 мың гектарды құрайды. Оның ішінде жаздық дақылдар – 536 мың гектар, күздік егіс – 208 мың гектар, ескі жоңышқа – 175 мың гектар. Көктемгі дала жұмыстарын сапалы атқару мәселесі Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақтылы үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, биыл егіс құрылымын қалыптастыру барысында рентабельділігі жоғары әрі құрғақшылыққа төзімді дақылдарға басымдық берілген. Атап айтқанда, мақта егісі 18 мың гектарға ұлғайып, 162 мың гектарды, жүгері 16 мың гектарға артып, 55,2 мың гектарды, мақсары 14 мың гектарға көбейіп, 85,5 мың гектарды құрайды. Ал бидай алқабы 24 мың гектарға қысқартылып, 216,3 мың гектарға егілмек.

Жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі жол картасы аясында облыста күріш дақылын 3,5 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Өткен жылы трансшекаралық өзендердегі су тапшылығы туындауына байланысты, биыл күріш тек Шардара ауданында ғана егіледі.

Жүгері дақылының егіс көлемін арттыру мақсатында мемлекеттік қолдау тетіктері күшейтілді. «Басым дақылдардың өндірісін дамытуды субсидиялау» бағдарламасы аясында жүгеріні субсидиялау нормативі тоннасына 10 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ мақсары дақылына берілетін субсидия көлемі 10 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін артты.

Қазіргі таңда жер жырту жұмыстары 49 пайызға, ал сор шаю жұмыстары 2 пайызға орындалды. Агротехникалық талаптарға сәйкес, жер жырту жұмыстары наурыз айында, ал сор шаю 20 ақпанға дейін аяқталуы тиіс. Осыған байланысты аудан, қала әкімдіктеріне жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.

2026 жылғы дала жұмыстарына арналған жеңілдетілген жанар-жағармай бойынша өтінімдер 1-30 желтоқсан аралығында қабылданып, жалпы қажеттілік 106,3 мың тонна деп анықталды. Босату жұмыстары ақпан айынан басталады. Минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаржы қарастырылып, 134 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін облыста 203,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіледі. Бүгінгі таңда қоймаларда 25 мың тонна тыңайтқыш қоры бар.

Дала жұмыстарына облыс бойынша 25,4 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Оның ішінде 15 мың трактор, 2 мың комбайн және 9 мың агрегат бар. Техникалардың 98 пайызы көктемгі жұмыстарға дайын. Биыл техника паркін жаңарту мақсатында 2 мыңнан аса техника сатып алу жоспарланып, бұл бағытқа 16 млрд теңге қаржы бөлінді. Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру бағытында өткен жылы 2 333 жобаға 26,4 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткішті 34,7 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда 180 жоба бойынша 3,8 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 101 жоба 1,8 млрд теңгеге қаржыландырылды.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдіктеріне бекітілген егіс құрылымын қатаң сақтау, агротехникалық шараларды мерзімінде аяқтау, дизель отынын тұрақты жеткізу, техника жаңартуды 8 пайызға жеткізу, тыңайтқыштарды ғылыми негізде енгізу және шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 2 СУ ҚОЙМА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңірді ағын сумен қамтамасыз ету мен су ресурстарын қорғау және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

– Вегетациялық маусым басталғанға дейін тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, су қоймаларға су көлемін толық жинауды, арық-атыздар мен каналдарды тазалау, дренаждарды жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауды тапсырамын. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, бекітілген егіс құрылымы бойынша шаруалармен ағын су бөлу келісім-шарттарға тұруды тапсырамын. Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жандандыру керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, Облыста суармалы жердің жалпы көлемі – 575 мың гектар. 2025 жылға облысқа 4,6 млн м³ ағын су лимиті бекітілген. Алайда су көлемінің аз келу болжамына байланысты биылға лимит 3,8 млн м³ болып қайта қаралды. Өткен жылы нақты алынған су көлемі 3,5 млн текше метрді құрап, бекітілген лимиттің 76 пайызы орындалды.

Облыстың жылдық су пайдалану лимитінің 63 пайызы көрші мемлекеттердің аумағынан келетін трансшекаралық өзендерге тиесілі. Жаһандық жылынудың әсерінен трансшекаралық өзендерден келетін су көлемі жыл сайын азайып келеді. Өткен жылы бекітілген 3,2 млрд м³ лимиттің 2,8 млрд текше метрі немесе 88 пайызы ғана нақты босатылған. Қазіргі таңда облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды. Су қоймаларындағы су көлемі – 4,0 млрд м³ немесе 47 пайыз деңгейінде. Атап айтқанда, Шардара су қоймасына 3,3 млрд м³, Көксарай су реттегішіне 567 млн м³, Бөген су қоймасына 169 млн м³ су жиналған.

Су тапшылығының алдын алу мақсатында жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы 75 пайызға аяқталып, нысанды осы жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде келер жылғы вегетациялық маусымда 9,7 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі. Сонымен қатар Төлеби ауданындағы «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы биыл аяқталып, 350 гектар жер сумен қамтамасыз етіледі.

Алдағы жылдары Ордабасы және Сауран аудандарында «Боралдай» және «Иқан су» су қоймаларын салу көзделген. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда Бөген су қоймасына қосымша 120 млн м³ ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағындағы су мәселесін шешуге мүмкіндік туады. Биыл Ислам даму банкінің қаржысы есебінен су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталады. Бірінші кезеңде «Қазсушар» арқылы 63,2 млрд теңгеге 11 жоба, «Тұран су» кәсіпорны арқылы 73,6 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 296 шақырым канал бетонмен қапталып, 63 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілген. Жыл сайын 50 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 2030 жылға қарай 622,8 млн м³ су үнемдеуге қол жеткізу көзделіп отыр. Биыл Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарында 24 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарлануда. Қазіргі таңда 10,6 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша тауар өндірушілерден ұсыныстар түскен.

САЛЫҚ ТҮСІМІ – 1 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ: ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ БЕТБҰРЫСЫ

2025 жылғы салық түсімдері Түркістан облысының экономикалық моделіндегі сапалық өзгерісті айқын көрсетті. Өңір алғаш рет 1 триллион теңгеден астам салық түсімін жинады. Бұл көрсеткіш – жүйелі әрі ұзақмерзімді экономикалық саясаттың нақты жемісі. Осы арқылы өңір экономикасы көлеңкелі айналымнан нақты есепке, ашықтық пен институционалдық тұрақтылыққа бет бұрды. Соңғы жылдары іске қосылған жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар облыста тұрақты салық базасын қалыптастыра бастады. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар инвестициялық кезеңнен өтіп, нақты қаржылық қайтарым беретін фазаға көшті. Бұл Түркістан облысы үшін жүйелі реформалармен, өлшенетін нәтижелермен және айқын экономикалық серпінмен сипатталатын жаңа даму кезеңінің басталғанын білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылға арналған Жолдауында айқындалған басымдықтар өңір дамуының негізгі өзегіне айналып, нақты істермен бекітілді.
Президент тапсырмасына сәйкес облыста экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және адами капиталды күшейту бағытында кешенді жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде Түркістан облысы индустриялық даму кезеңіне нық қадам басты. Салық түсімдерінің құрылымында өнеркәсіп пен өңдеу секторлары үлесінің артуы экономиканы әртараптандыру саясатының тиімді іске асқанын көрсетеді. Инвестициялық жобалар нәтижесінде тұрақты жұмыс орындары құрылып, жергілікті бюджет кірістері ұлғайды. Бұл өңірдің дотациялық тәуелділігін кезең-кезеңімен төмендетуге мүмкіндік берді.
Отандық өндірісті кеңейту мақсатында облыстың барлық аудандарында «Шағын өндірістік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аталған жобалардың іске асу барысын тұрақты бақылауда ұстап, жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстарды үйлестіріп келеді. Осы мақсатта бүгін ол ауқымды жұмыстардың барысын пысықтап, іске қосылатын жаңа зауыттардың жұмыстарын бақылады.
Облыс аумағында жалпы көлемі 238 гектарды құрайтын 21 шағын өндірістік алаң құрылды. Жоба аясында 248 өндірістік ғимарат салу жоспарланған, нәтижесінде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы инвестиция көлемі 213 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 40 ғимараттың құрылысы аяқталып, 32 жоба іске қосылды. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды, тартылған инвестиция көлемі 136 млрд теңгеге жетті. Өндірістік парктер аумағында жиһаз, жаңбырлатып суару жүйелері, мұздатқыш жабдықтар және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істей бастады. Алдағы кезеңде бейнебақылау камералары, медициналық жиһаз және тұрмыстық химия өнімдерін өндіру жолға қойылып, ішкі нарықты қамту және экспортқа шығару көзделіп отыр.
2025 жылы облыста бірқатар заманауи өндіріс орындары іске қосылып, индустрия өңір экономикасының нақты драйверіне айналды. Бір ғана желтоқсан айында 7 зауыт пайдалануға беріліп, 2 өндіріс орны мен 1 электр станциясының құрылысы басталды. Жалпы алғанда, өңірде индустриялық аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы аясында ондаған жоба жүзеге асырылуда. Индустриялық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 223 млрд теңгені құрайтын 20 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
11 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Нәтижесінде шамамен 146 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл – инвестицияның нақты экономикаға, тұрақты табыс пен салық базасына айналғанын айқын көрсететін басты индикатор.

СОЗАҚ АУДАНЫНДА «ЖАСЫЛ МЕКТЕП» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛУДА

Түркістан облысында іске қосылып отырған «Жасыл мектеп» экологиялық бағдарламасы – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл жоба тек табиғатты қорғауға ғана емес, оқушылардың саналы ойлауына, жауапкершілік сезімін арттыруға және тұрақты даму қағидаттарын өмірде қолдануға үйретеді. Ең алдымен, «Жасыл мектеп» бағдарламасының басты пайдасы – экологиялық білімді ерте жастан қалыптастыру. Оқушылар қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, суды және электр энергиясын үнемдеу сияқты қарапайым, бірақ маңызды дағдыларды меңгереді. Бұл дағдылар баланың мектеп қабырғасымен шектелмей, отбасында және күнделікті өмірінде де қолданылуына ықпал етеді.

Бағдарлама аясында мектептерде қалдықтарды бөлек жинау мәдениеті енгізіледі. Пластик, қағаз және басқа да қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды сұрыптау арқылы оқушылар табиғи ресурстарды үнемдеудің нақты жолын көреді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаның ластануын азайтуға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл бағытта Созақ ауданындағы бірқатар білім беру ұйымдарында «Жасыл мектеп» экологиялық бағдарламасы іске қосылуда. Бағдарлама ECO Network жобасы арқылы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобаға ауданның 5 жалпы білім беретін мектебі қатысады. Жобаны іске асыруға «КАТКО» бірлескен кәсіпорны ЖШС демеушілік көрсетіп отыр. «Жасыл мектеп» бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық білімін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапты көзқарасты дамыту.

Аталған жоба аясында Асқар Сүлейменов, І. Кеңесбаев және Сүгір Әліұлы атындағы жалпы білім беретін мектептерде экология, қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және тұрақты даму қағидаттары бойынша ақпараттық-таныстыру шаралары өткізілді. Ал, 14 қаңтар күні бағдарлама Абай және Ж. Қалымбаев атындағы жалпы білім беретін мектептерде жалғасын табады. Жоба аясында әр мектепте ECO Network компаниясының эко-тренерлерінің сүйемелдеуімен барлық модульдерді іске асыратын «Эко-рейнджерлер» клубтары құрылады.

Бағдарламаның бірінші жылының қорытындысы бойынша мектептерде, сондай-ақ оқушылардың бастамасымен олардың отбасыларында қалдықтарды бөлек жинаудың тұрақты тәжірибесін қалыптастыру көзделіп отыр. Оқушылар жинаған сұрыпталған қалдықтардан түрлі бұйымдар дайындалып, қатысушыларға сыйлық ретінде табысталатын болады. Атап айтқанда, брелоктар мен телефонға арналған тұғырлар және шахмат тахтасы сынды заттар жасалады.

Сонымен қатар, «Жасыл мектеп» жобасы оқушылардың шығармашылық және практикалық қабілеттерін дамытуға жол ашады. Қайта өңделетін материалдардан экобұйымдар жасау арқылы балалар еңбекке баулынып, экологияның тек теория емес, нақты іс екенін түсінеді. Мұндай жұмыстар ұжымдық әрекетке, бір-біріне қолдау көрсетуге тәрбиелейді.

Бағдарламаның тағы бір маңызды пайдасы – мектеп пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуы. Ата-аналар, мұғалімдер және оқушылар бірлесіп экологиялық іс-шараларға қатысады. Бұл ортақ жауапкершілікті күшейтіп, қоғамда экологиялық сана қалыптастыруға ықпал етеді.

Жалпы, «Жасыл мектеп» экологиялық бағдарламасы Түркістан облысы үшін үлкен маңызға ие. Ол жас ұрпақты табиғатты аялауға тәрбиелеп қана қоймай, болашақта экологиялық тұрғыдан жауапты, саналы азаматтарды қалыптастыруға негіз қалайды. Мұндай бастамалар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және еліміздің тұрақты дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз.

БАСПАНА – ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

«AMANAT» партиясы үшін тұрғын үй саясаты – әлеуметтік жауапкершіліктің өзегі болып табылады. Партиямыз азаматтардың тұрғын үй мәселесін әлеуметтік әділеттілік пен халықтың нақты сұранысына негіздей отырып қарастырады. Партияның Сайлауалды бағдарламасында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту, әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жататын азаматтардың баспаналы болуына жағдай жасау, жас отбасыларды қолдау міндеттемелері белгіленіп, олар ретімен жүйелі шешімдерін тауып келеді.

Партиямыз басымдық ретінде белгілеген тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелер Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевтің Шардара ауданына жасаған жұмыс сапары аясында қарастырылды. Азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартуды көздейтін тұрғын үй саясатының нақты орындалуын үйлестірген кездесуге партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов қатысты.

Мәжіліс депутаты мен партия өкілдері осы жұмыс сапары аясында Шардара қаласының 4-ші шағын ауданы аумағында салынып жатқан бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңына барып, атқарылған жұмыстармен танысты. Құрылыс жұмыстары аяқталу сатысына жақындаған нысанда жылыту жүйелерін орналастыру, ауланы тегістеп, алаңшалар мен аяқжолдардың орнын белгілеу, абаттандыруға дайындау шаралары қарқын алған.

Тұрғын үйдің дайындық деңгейі жөнінде Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев мағлұмат берді. Аудан басшысы берген ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда Шардара ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 1747 адамды құрайды. Оның ішінде 1451 азамат – әлеуметтік тұрғыда осал топтарға және көпбалалы отбасыларға жатады. Аудан әкімі осы санаттағы азаматтарды баспанамен қамтуда 2023-2025 жылдар аралығында барлығы 236 пәтер сатып алынып, олар азаматтарға кезек ретімен берілгенін айтты. 2026 жылы осы мақсатта 60 пәтер сатып алынатын болады. Тұрғын үй биылғы мамыр айында пайдалануға беріледі.

Құрылыс алаңында сала жетекшілерімен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесу барысында Қайрат Рахымұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Парламент Мәжілісі тұрғын үй саласын заңнамалық тұрғыда жетілдіруге басымдық беріп отырғанын айтты. Оның ішінде ипотекалық бағдарламалардың қолжетімділігін арттыруға, жалдамалы тұрғын үй қорын кеңейтуге, апатты және тозған үйлерді жаңғырту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінгенін жеткізді.

«- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды әлеуметтік саясаттың басты басымдығы ретінде айқындап отыр. Осы тапсырмаға сәйкес, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының фракциясы тұрғын үй құрылысын күшейтіп, халықтың нақты қажеттілігіне сай шешімдердің қабылдануына ықпал ететін заң шығару ісін жалғастыра береді», – деді Қайрат Рахымұлы.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Сайлауалды бағдарламада көзделген тұрғын үй құрылысы міндеттерінің уақтылы және сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бағытындағы үйлестіру жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізе береді.