Все записи автора Admin

Саурандық кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты екенін атап өткен болатын. Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу тура­лы тапсырма беріп, оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс екенін де мәлімдеген еді. Сондай-ақ халықты, жас­тарды жұмыспен қамту Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін, әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баян­дап тұруы керек екенін де ескертті. Яғни, елімізде  жұмыс істеймін деген аза­мат­­тарға әрқашан жан-жақты қолдау көрсетіледі және өз кәсібін ашып, өркендетемін деген азаматтарға мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қарастырылған.

-«Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 млрд теңге бөлінді. Осы қаржы арқылы, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде де нақты тапсырма берген болатын. Осы орайда, Түркістан облысында халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде, әр аудандарда бағдарлама аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Жалпы бұл жоба еңбек етіп, табысын арттырып, кәсібін өркендеткісі  келетін жандарға ауылда да, қала­да да жұмыс табылатынын және әр істің берекесі болатынын дәлелдеді деуге болады. Осы орайда мемлекеттік қолдау тарық­қанға балық емес, қармақ беру екенін үйретіп, азаматтарды табандылық танытып еңбек етуге, несібесін молайтып, әр шаңырақтың әлеуетін көтеруге үндеді. Тиісінше мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын сезінген кәсіпкерлер жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, өз кәсібін де дамытып отыр.

Мысалы, Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылдық округінің кәсіпкері Альберт Муслимов «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 7 млн теңге несие алып, өзінің кәсібін бастаған. Бүгінде кәсіпорын иесі өзінің шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін шығаруда. Кәсіпкер тәтті нандарды пісіруге арналған технологияны Ираннан арнайы алдыртқан. Тіпті бизнесін өркендету үшін кондитер пісірушінің өзін жол шығындарын көтере отырып, сол Иран елінен шақырған екен. Ол ең бірінші кезекте 10 күннен аса уақыт ауыл азаматшаларына тәтті пісірудің түрлі тәсілдерін үйретіп, өзінің тәжірбиесімен бөліскен. Әрине, игі істі бастауда нағыз маманның керегін түсінген Ескі Иқан ауылдық округінің кәсіпкері Альберт Муслимов қызметкерлерінің де білікті болуына мүмкіндік жасапты.

Қазіргі таңда аталған цехта жергілікті 10 тұрғын тұрақты түрде жұмыс істейді. Тәтті нандарды пісіруге ең қажет шикізаттың бірі – сүт болғандықтан, кәсіп иесі оны ауыл ішіндегі сүтті бағытпен айналысатын отбасылардан сатып алып отыр. Оның өзі ауылдағы шаруалардың өнімін өткізіп, табысын еселеуге септігін тигізуде. Кондитер иесі енді цехты кеңейтіп, жұмысшы санын 20-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда аталған кәсіпорынның өнімін тұтынушылардың саны да арта түскен. Ауылдағы жанұялар да, түрлі мекемелер де жергілікті өнімге сұранысты көбейткен екен.

-Бұл жобаның бастау алып, ауыл тұрғындарына жаңа серпіліс сыйлағанына қуаныштымын. «Ауыл аманаты» жобасы біз секілді адамдарға, жалпы барлық азаматтарға үлкен мүмкіндік беріп отыр деуге болады. Жолдасым екеуміз  «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының 6-шы бағыты арқылы 7 миллион теңге алып, наубайхана жұмысын бастадық. Жалпы өз кәсібін ашамын деген азаматтарға бұл таптырмас мүмкіндік. Қазіргі таңда отбасымызбен нан жауып, халыққа қызмет жасап келеміз. Наубайханада күніне 1600 дана бөлке нан шығарылып, оны ауылдағы дүкендерге өткіземіз. Кондитерлік өнімдердің он түрін шығарып жатырмыз және жергілікті он тұрғынды жұмысқа алып, ауызбіршілікте қызмет атқарып жатырмыз. Тәтті нандарымызды пісіруге ең қажет шикізаттың бірі сүт болғандықтан, оны күнделікті ауыл ішіндегі сүт сауып отырған, мал шаруашылығымен айналысатын отбасылардан сатып алып жүрміз. Алға қайған мақсаттар көп. Бастысы осы цехтың жұмысын одан әрі өркендетіп, тағы да ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, табысымызды еселегеміз келеді. Ерінбей еңбек етсек оғанда жететін күн алыс емес деп есептеймін. Мемлекеттік қолдауға мың алғысымды айтамын.»-  дейді цех басшысы Альберт Муслимов жұбайы.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасының 50 пайыз­дан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға да берілген. Бұл бағытта Жаңа Иқан ауылдық округі, Ибата елді мекенінің тұрғыны Жасур Муминов 240 шаршы метр жерге балық өсіріп отыр. Кәсіпкер өз кәсібін, яғни «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша балық шаруашылығын өткен жылдың қыркүйек айында. Кәсіпкер 2,5 пайызбен 8,5 миллион теңге алған. Бүгінде балықтың «форель» түрін өсіріп жатыр. Жасур Муминов төрт бассейінде балық өсіріп, 6 айда 2 тонна, жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Өзімен бірге жергілікті ауылдың 4 азаматтын тұрақты жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар, кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік екенін айтып, бұйыртса алдағы уақытта кәсібін үлкейтіп, бірнеше азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

-Форель – лосось тұқымдас,  еті ақ, қызыл, сарғылт түстес, адам ағзасына өте пайдалы балықтың түрі. Көбіне теңіздер мен өзен-көлдерде өсетін, қымбат дәмханалар мен мейрамханаларда пайланылатын балық. Бұған дейін Сауран ауданында форель балығын өсірумен ешкім  шұғылданбаған болуы керек. Форельге сұраныс үлкен, себебі, балықтың бұл түрінде адам ағзасына аса пайдалы А,В,С дәрумендері өте көп болады. Форельді суға пісіріп немесе қуырып жеуге де болады, дәмі тіл үйіреді. Балық шаруашылығы – қазіргі таңда ауыл шаруашылығының маңызды саласы деуге болады. Балықтың етіне қазіргі таңда сұраныс та артып келеді. Балық өсірудің негізі көптеген әдіс-тәсілі бар. Шабақ өсіріп, уылдырық алу, балықты сату, тұздау деген секілді. Форель өсіру экономикалық тұрғыдан тиімді әрі сұранысқа ие. Бұл балықты тоғандарға жіберуге немесе тікелей нарыққа шығаруға болады.  Мен 2,5 пайызбен 8,5 миллион теңге алып, төрт бассейінде балық өсіріп отырмын. Жоспарым жарты жылда 2 тонна, жылына 4 тонна балық алу. Кәсібімді өркендету үшін, әрі жұмысты жүргізу үшін ауылдың төрт азаматын тұрақты жұмысқа алдым. Бүгінде олардың да қызығушылығы артып келеді. Осылай әрбір тұрғын әрекет жасаса, кәсібінің берекесін көрері сөзсіз. Балық өсіру ісінде өзге де шаруалармен тәжірбие алмасып жүрміз. Мұндай қадамдар шаруамыздың одан әрі дамуына септігін тигізеді.» — дейді Жасур Муминов.

«Ауыл аманаты» пилоттық жобасына қатысушы ретінде Сауран ауданына қарасты 4 ауылдық округ таңдалғанын айта кету керек. Атап айтқанда: Оранғай, Қарашық, Майдантал, Ескі Иқан ауылдық округтері. Ал, жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде. Жалпы,  Сауран ауданында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жоба арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендердің қатары да күн санап артып келеді. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі несиені мал шаруашылығына алған.

Солардың бірі — жылқы бордақылау ісін қолға алған Оранғай ауылының тұрғыны Е.Досжанов. Ол алдымен «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы қаржылық сауаттылығын арттырып, бизнесті қалай жүргізу керек және кәсіпті бастаудағы ұтымды әдіс-тәсілдердің қыр-сырын үйреніпті. Кейіннен «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға өтінім беріп, 7 миллион теңге көлемінде несие алған. Аталған сомаға Батыс Қазақстан облысынан 20 бас қарабайыр жылқы алып, мал бордақылауға кіріскен.

Сондай-ақ, Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінің тұрғыны Алиасқар Шойбеков етті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысады. Шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5%-бен 7 млн.теңге несие алған. Қаржыға 20 бас жылқы сатып алған.
«Ауыл тұрғындарының көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Мен де бұл жобаны тиімді пайдала отырып, кәсібімді бастадым. Бұл бағдарлама — кәсіппен айналысамын деген азаматтарға үлкен көмек. Жоба — ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеріп, кәсіп бастауына септігін тигізіп жатыр», — дейді шаруа.

Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама аясында 7 миллион теңге қаражат алып, өз кәсібін жандандырып отырған жеке кәсіпкердің тағы бірі —  Бахадир Исрайлов. Оның «Рустамбек» шаруа қожалығы аталмыш жоба аясында 3 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, егін шаруашылығымен айналысуда. Онда жылына 120 тонна бидай мен 100 тонна бақша өнімдерін өндіріледі. Сонымен қатар, ауылдық округте жер жырту мен дәрілеу қызметтерін қатар атқарады. «Рустамбек» шаруа қожалығы аталмыш жоба аясында 3 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, егін шаруашылығымен айналысуда. Онда жылына 120 тонна бидай мен 100 тонна бақша өнімдерін өндіреді. Сонымен қатар, ауылдық округте жер жырту мен дәрілеу қызметтерін қатар атқарады. Кәсіпкердің ірі қара мал бордақылау алаңына өз жұмысын атқарып жатыр. Бахадир Исрайлов шаруа қожалығының жұмысына өз отбасысынан бөлек, ауыл азаматтарын жұмысқа алып отыр.

Ал, Оранғай ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Нигора Сейтходжаева 0,80 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешенінің жұмысын бастаған.  «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 5 миллион теңге несие алған кәсіпкер, қазіргі таңда жылына 4 тонна қияр өнімін алады. Жылыжай кешені толықтай тамшылатып суару жүйесі арқылы жабдықталған.

-«Жылыжайымның жұмысы жанданып келеді. Еңбек ең басты ұстаным болуы керек екен. Жылыжайдағы қиярдың күтімі, оның ішінде жұмыс жасау оңай деп айта алмаймын. Алайда барлық жетістік маңдай тердің арқасында келеді. Ал, мемлекеттік бағдарламалардың біз секілді шаруаларға берері өте көп, себебі осындай қолдаулардың арқасында өнімдерімізді еселеуге мүмкіндік алдық. Жаныма әр маусымда көмекші ретінде ауылдың тартып отырамын. Қазір, жұмыс жасаймын деген адамға бәрі қарастырылған ғой. Әлбетте, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік көмектер қарастырылған. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек мәселені толық шешпейді деп ойлаймын. Адам өзі жұмыс істеп, кәсіппен шұғылданбай, іс өнбейтіні анық. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасының берері көп деуге болады.» — дейді жеке кәсіпкер Нигора Сейтходжаева.

Сондай-ақ, ауылдық округтің тұрғыны Бабыр Насыров 5 миллион теңге қаражат алып, дәнекерлеу цехын ашқан азаматтың бірі. Бүгінде өндіріс орны кеңейтіліп, цехтың аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 3000-нан астам темір есік және үстел шығаруға қауқарлы. Кәсіпкер бүгінде 12 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 250-300 мың теңге.  Тиісінше,  «Абдусардар» жиһазының өнімдері сұранысқа ие екен.Шығарылған өнімдер қазіргі таңда Түркістан қаласы мен Сауран ауданына өткізіледі. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор екенін айттып отыр. Бабыр Насыров Негізгі арнайы жабдықтарды Өзбекстаннан алдыртатынын атап өтті. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып келеді екен.

– «Жиһаз өндіру саласы қарқынды дамып, кәсіп жасаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау тауып келеді. Отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан-жылға елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады. Осылайша біздің өнімдер сұранысқа ие болып, өз кәсібіміздің кеңейуіне жол ашылуда. Жиһаз жасаудың да өзіндік қиындықтары бар. Оны сапалы етіп жасау тұтынушылардың сенімін ақтаумен тең. Сондықтан, цехтағы мамандар да өз ісін жақсы білетін азаматтар деп айта аламын. Алға қойған мақсаттар көп негізі. Оған жету үшін тынбай еңбектену қажет.»– дейді жеке кәсіпкер.

Оранғай ауылдық округіндегі оңды істерден кейін, Қарашық ауыл округіндегі қарқынды істерді де атап өткіміз келеді. Ауыл халқының негізгі күнкөрісі — мал мен егін шаруашылығы. Ауылдық округте «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген несие алуға 40 тан аса азамат өтінім білдіріп,  нәтижесінде олардың көпшілігі мақұлданған. Оларға тиісінше өз кәсіптерін өркендету үшін қаражат бөлінген. Солардың бірі – Құмтүйін ауылының тұрғыны Нұрлан Адырбекұлы. Ол аталған жоба аясында жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, 3 млн теңгеге 8 бас жылқы сатып алған.

 

«Жылқыны Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Үшінші интернационал ауылының мал базарына барып, халықпен кездесіп, үйден барып алдық. Әкелдік, алғаныма айдан асты. Содан жайлап бордақыға қойдық. Енді халыққа қызмет қыламыз»,- дейді кәсіпкер.

 

Ауыл халқының әлеуетін аттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Сауран ауданында Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауыл округтерінен 1 млрд. 267 млн. теңгені құрайтын 191 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 3 172 бас ірі қара мал сатып алынған, 1,7 гектар жерге жылыжай салынып,  2 кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуды қолға алған.  Ал, өндірістік кооперативтерде – 3 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Сондай-ақ, өз кәсібін ашу бағытында — 10 жоба қаржыланып, 190 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ағымдағы жылы жоба аясында Үшқайық, Иассы, Жаңа Иқан, Шаға ауыл округтерінен 280 шаруа несие алуға ниет білдіріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Жалпы аудандардың экономикалық дамуын анықтайтын басты сала, ол — ауыл шаруашылығы саласы. Бұл бағытта Сауран ауданында өткен жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 112,1 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Ал, 5 айда нақты 9,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліпті. Ағымдағы жылы аудан бойынша 43 396 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген, ал мал саны – 682,7 мың басты құрайды. Сауранда есепті кезеңде етті және сүтті бағыттағы ауыл шаруашылығы жануарларынан 3 780 тонна ет және 14 696 тонна сүт өндірілген. Құс басы саны – 147,9 мың басты құрайды. Есепті кезеңде құстардан 2,9 млн-нан астам жұмыртқа алынды. Ал, бүгінгі таңда жер аманаты бағдарламасы аясында 104 мың гектар ортақ жайылым қайтарылса, жыл соңына дейін  6 мың гектар жерді қайтаратын боламыз. Ауданның жалпы аумағы 646 мың гектар болса, оның ішінде суармалы жерлер – 56 мың гектар және жайылым жерлер – 248 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, 44 082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 2022 жылмен салыстырғанда 1 945 гектарға артқан. Бұдан бөлек, 14 830 тонна ет, 55 506 тонна сүт, 9 млн. 128 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жалпы өнім көлемі – 30,5 млрд. теңгеге жеткен.

Ал енді, аталған тақырыпқа өзек болған «Ауыл аманаты» жобасы туралы оқырмандарға бірқатар ақпараттарды айта кетсек. Жалпы бұл пилоттық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың 26 қарашасында бекіткен №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне өтінім берілген.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген болжам бар. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ.

Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.

Негізі мамандар несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береді. Себебі, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы өте көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен  кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады, дейді мамандар. Аталған жоба арқылы Түркістан облысында 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған.

Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар әлі де жалғасын тауып келеді.

Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған дейтін сауалға жауап беретін болсақ, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. – несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; – несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; – номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Тиісінше мамандар ауыл тұрғындарына барлық ақпараттар бойынша көмектесіп келеді. Мысалы, жобаның ең бірінші жүзеге асқан Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шыққан екен. Көпшілігі атаулы әлеуметтік көмек алуды емес, осы бағдарлама арқылы өз кәсібін ашып, табысын еселеуді таңдаған. Бұл бағытта кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері де көмектесіп жатыр. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізген. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдіріпті.

Орайы келгенде ерекше айта кеткен жөн, Түркістан облысында да «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асқалы, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары азайып келеді. Бұл дегеніміз, халықтың кәсіп ашуға деген қызығушылығы мен өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтылып жатқандығын аңғартады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізіліп, жаңа жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды екені дәлелденіп отыр. «Ауыл аманатын» іске асыру ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты да ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысып, есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатына айналмақ.

«Жастарға жұмыс» жобасы жұмыс табуды қолжетімді етеді

Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті мемлекет, Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» Қазақстан халқына жолдауында жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу мәселелеріне басты зейін қойды.  Осыған орай, Сауран аудандық «Мансап» орталығы және «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Жастарға жұмыс» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің басты мақсаты – азаматтардың жұмысқа орналасуына, бос жұмыс орындар туралы хабардар болуына, еңбек нарығындағы мәселелер туралы мәлімет алуына мүмкіндік беріп,  жастар арасында жұмыссыздықты азайта отырып, олардың тұрақты жұмысқа тұруына жаңдай жасау болып саналады.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білімге деген ұмтылыс, адал еңбек пен отансүйгіштік» деп жастар үшін маңызды үш басымдықты атап өткен болатын. Осыған орай еңбекке деген басымдықты іске асыру мақсатында «AMANAT» партиясы 2023 жылдың қаңтар айынан бастап «Жастарға жұмыс!» жобасын қолға алған еді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп іске қосылған жобаның басты бағыты  жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Жобаның басты мақсаты да жастар арасында жұмыссыздықты азайта отырып, олардың тұрақты жұмысқа тұруына мүмкіндік жасау болып табылады. Соның арқасында жастар маман ретінде біліктілігін арттырып, кәсібилігін шыңдай түсетіні анық.  Бұл қадам жастар арасында кәсіби маман ретінде өзін тауып қана қоймай, кәсібін ашып, табыс табуына мүмкіндік туғызады және елдің болашағы ретінде мемлекетіміздің әлеуетін арттыруға өз үлестерін қосады. Бұл бағытта партиямыздың  төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов жастардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету негізгі мәселелердің бірі екендігін айтқан болатын.

«Жастардың қалауы мен әлеуетіне сай келетін лайықты жұмыс табу өте маңызды. Бұл олардың өз қабілет-қарымын шыңдаудың, отбасы мен елдің игілігі үшін адал еңбек етудің алғышарты. «Жастарға жұмыс» жобасы, міне осыған бағытталған. Бұл бастама жастардың жұмыс табуын қолжетімді, ашық әрі ыңғайлы етеді», – деді партия Төрағасы. Ерлан Жақанұлы партия жанындағы Жастар қанатының басты мақсаты – мемлекет ұсынатын мүмкіндіктерді қалай пайдалануға болатынын жастарға түсінікті тілде сауатты әрі жан-жақты түсіндіру екенін де атап өтті. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Жоспар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып, облыстағы жұмыс беруші мекемелермен кәсіпорындарды тарту көзделген. Тиісінше кәсіпорындар бос жұмыс орны болған уақытта хабардар етіп отырады. Біз өз тарапымыздан жұмыс іздеген жастарға ақпарат таратып, жұмысқа тұруға ықпал жасаймыз.» — дейд» «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы С.Асылбеков

 

Жалпы «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Онда ізденуші бос жұмыс орындарының бар-жоғын біліп қана қоймай, сол жерде қажетті мәлімет алып, жұмыс жағдайын нақтылай алады. Сауран ауданында өткен жәрмеңкеде жұмысқа орналастырудан бөлек, жастарды әлеуметтік қолдауға қатысты мемлекеттік барлық бағдарлама бойынша кеңестер де  берілді. Яғни, мамандар тарапынан баспана алудан бастап, емделуге, жеке кәсіп бастауға және білім алуға қатысты бағыт-бағдар ұсынылып, жоба аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несиелендіру, егер кәсібі бар азаматтар болса бос жұмыс орындарын ашу , жас мамандарды IT дағдысына үйрету секілді және тағы басқа бастамалар қарастырылды.

-«Жастарға жұмыс» жобасы 2023 жылдың қаңтарында бастау алса, осы уақыт аралығында жалпы ел аумағында 150 — ден астам бос жұмыс орын жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 100 мыңнан астам азаматтар қатысыпты. Деректерге сүйенсек оның ішінде, 20 мыңға жуық жастар жұмысқа орналасуға жолдама алып үлгерген екен. Бұл бағдарлама аясында еліміздегі үш мыңнан астам ірі және шағын кәсіпорындармен жастарды жұмысқа орналастыру жөнінде келісімдер жасалған. Бұл үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Қазіргі таңда еңбек етемін деген азаматтарға мемлекет тарапынан барынша қолдаулар көрсетіліп келеді. Тиісінше, жастардың да ынтасы мен қызығушылығы арта түсуде. Биыл, Сауран ауданының құрылғанына үш жыл толып отыр. Осы қысқа уақыттың өзінде ауданда 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар, 9 жиһаз цехтар өз жұмысын бастады. Одан бөлек трансформатор құрастыру, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында өнеркәсіптер,  жаңбырлату қондырғыларын өндіру, тері өңдейтін, мақта және мақта шитін өңдейтін, жылыжай жабдықтарын өндіретін, сондай-ақ, өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылмақ. Бұл нысандардың барлығы жаңа жас мамандарды қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан, алдағы уақытта жастарды мемлекеттік бағдарламалар аясында қызметпен қамту ісі жалғасын табады.

Мысалы түлектерге алған кәсібі, яғни мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін мансап орталықтары жұмыспен қамтуға 12 айға дейінгі мерзімге жастар практикасын өтуге жәрдемдесу шарасын ұйымдастырады. Жастар практикасын өту үшін жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне, яғни мамандығына сәйкес болуы тиіс. Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Жастар практикасына қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтінішпен жүгіну тиіс.

Сонымен қатар, жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында еңбек мобильділігі орталықтары жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады. Бүгінгі таңда еліміз бойынша  «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан облысында тіркеліп отыр екен. Бұл қуантарлық ақпарат, әрине. Айта кетейік, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы еңбек жолын енді бастағалы жүрген жұмыссыз жастарға арналған. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет. Жобаға жалақысы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам жұмыс істейтін салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды үнемі аударатын барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс беруші ретінде қатыса алады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайды, бұл кезең азаматтың еңбек өтіліне есептеледі. Жобаға қатысушының жалақы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банктік қызметтерді ескере отырып, айына кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Яғни ол 2023 жылы 103 500 теңге болса, ал 2024 жылы оның көлемі 110 760 теңгені құрап отыр. Бұл жобаның тиімділігі жас маман қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін, жұмыс беруші қатысушыны кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналастыруға міндетті.» — дейді Сауран аудандық Мансап орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы А.Молдалиев.

 

Оның айтуынша, жастарға арналған тағы бір жоба бар.  Ол – «Ұрпақтар келісімі» жобасы. Яғни, жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды, оның ішінде білім беру ұйымдарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша қосымша шараларды іске асыру шеңберінде, еңбек мобильділігі орталықтары жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша қатысушыларды зейнеткерлік жасқа жеткен белсенді жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады екен. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша жұмыс беруші еңбек мобильділігі орталығымен шарт негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 6 ай мерзімге жұмысқа алады. Ал, жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтінішпен жүгінуі керек дейді мамандар.

Жалпы жастар практикасына, «Брінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысу үшін «электрондық үкімет» веб-портал және www.enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы мансап орталықтарына жүгінбей-ақ өтінім беруге де болады.

Сауран ауданында өткен жәрмеңкеде осындай мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі және бағыт-бағдары кеңінен түсіндіріліп, жұмыс іздеген жастарға арнайы жолдама беру мәселелері де қаралды. Айта кетейік жалпы аудан бойынша биыл  6241 азаматты жұмыс орнымен қамту жоспарланған екен. Ал, жыл басынан бері  3557 азамат жұмыс орындарымен қамтылыпты. Оның ішінде 1625 тұрақты және 1932 уақытша жұмыс орындары болып табылады. Жәрмеңкеде 46 мекемеден 68 тұрақты жұмыс орны және 60 мекемеден 331 уақытша жұмыс орындары ұсынылды.

М.Таңғатаров: Сауранда 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының жарлығымен Түркістан облысында Сауран ауданы құрылған болатын. Кезінде ірі сауда орталығы атанып, соның негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы терең Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жүзеге асып,  қалың елді қуантқан ерекше оқиға болған еді. Жаңа ауданның әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болып, ал Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтті.  Міне, сол уақыттан бастап Сауран ауданы өзінің жаңа келбетін қалыптастырып үлгерді деуге болады. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім байқалады. Жаңа өндіріс орындары ашылып,  ауыл шаруашылығы бағытында да көрсеткіштер артып келеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта жаңа жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары да ашылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының  басты тапсырмаларының бірі де әр аймақта жергілікті халықтың өмір сүру әлеуетін көтеру және тың идеяларды қолға алып, тұрғындарды еңбекке тартуды іске асыру болып отыр. Бұл бағытта құрылғанына үш жыл толып отырған Сауранда қандай жұмыстар атқарылып жатыр және алдағы жоспарлар жайында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровпен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

-Президент өз жолдауларында елімізді өркендету үшін ең бастысы халықтың әлеуетін арттыру керек екенін айтып келеді. Ол үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, инвестицияны ұлғайту маңызды екенін мәлімдеген болатын. Бұл ауыл-аймақтардың да дамуына оң серпін берері сөзсіз. Мақсат Асылбекұлы бұл бағытта Сауран ауданында қандай жобалар жүзеге асырылуда?  Ең бірінші осы бағыттағы жұмыстарды атап өтсеңіз?

 

-Ия,расында Мемлекет басшысы айтқандай халықтың жағдайы жақсы болса, әрбір азамат жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлер кәсібін дамытса, онда ол елдің әлеуеті арта береді. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдұлының тасырмасына сәйкес Сауран ауданында нақты жоспарларды орындап келеміз. Құрылғанына үш жылдың көлемі болса да ауданның экономикалық – әлеуметтік көрсеткіштері жақсаруда. Мысалы 2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4млрд теңгені құраған болса, ағымдағы жылы 132,4 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал, бүгінгі таңда бес айдың көрсеткішімен 13,6 млрд теңгенің  өнімі өндірілді. Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағытының 84 пайызы ауыл шаруашылығына, 9,2 пайызы өнеркәсіп саласына және 4,7 пайызы құрылыс жұмыстарының, 1,4 пайызы тауар айналымының үлесінде.

Енді инвестиция бойынша айтатын болсақ, 2023 жылы ауданға 34,6 млрд теңге инвестиция тартылған, ал ағымдағы жылы 42 млрд теңгеге дейін арттыруды жоспарланып отырмыз. Жалпы бес ай көлемінде 9,8 млрд теңге көлемінде ауданға инвестиция тартылды. Олардың ішінде жеке инвестициялар 6,8 млрд теңге, бюджеттік инвестициялар 2,9 млрд теңгені құрайды.

Жалпы біз Сауран ауданы бойынша 2024-2025  жылдар аралығында жалпы құны – 61,4 млрд теңгені құрайтын 102 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба. Олар:

Жиһаз жасау бағытында 12 цехті іске қосуды жоспарласақ, бүгінгі таңға 9 цех іске қосылды. Ал, 3 цех жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін 1 цех, Трансформатор құрастыру және жөндейтін 1 цех; Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында – 2 цех;  Жаңбырлату қондырғыларын өндіретін 1  цех іске қосылды. Одан бөлек,тері өңдейтін 1 цехты, мақта және мақта шитін өңдейтін 2 цехты,  жылыжай жабдықтарын өндіретін 1 цехты және  2 тігін цехы жұмысын бастап отыр. Сондай-ақ, өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін 1 кәсіпорын  алдағы уақытта іске қосылады.

Демалыс аймағы және қоғамдық қызмет көрсету бойынша – 22 нысан жоспарланып, 2 нысан іске қосылды. Қалған 20 нысан 2025 жылы  іске қосатын боламыз;

Әлеуметтік салада кәсіпкерлер есебінен – 15  нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде;

Ауыл шаруашылығы саласында — 41 жоба жоспарланып отыр.

Сy ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында 1051 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару құрал-жабдығын орнату бойынша 5 жоба жоспарланып, орнатылды. Тамақ өнімдері бойынша — 3 жоба. Сүт тауарлы фермасы бойынша — 3 жоба. Мал бордақылау және мал сою алаңдары бойынша — 18 жоба. Құс фермасын салу бойынша — 3 жоба. Балық шаруашылығы бойынша — 5 жоба. Мал азығын дайындайтын комбикорм цехы және 4 гектарға өнеркәсіптік жылыжай және 1,7 гектерға фермерлік жылыжай салуды жоспарлап отырмыз.  Жалпы қазіргі қазіргі таңда осы аталған жобалар бойынша барлығы 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл өз кезегінде, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мол мүмкіндіктер беріп отыр. Жалпы ауданда экономикалық белсенді  халық саны 39 903 құрайды. Ал, жұмыссыздар саны 1974 адам. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Жұмыссыздық пен кедейлікті төмендету мақсатында ағымдағы жылы 6 840 тұрғынды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, 5 айда 2 654 азамат жұмыспен қамтылды. Бүгінде жоспардың орындалуы 40 пайызға жетіп отыр.

 

 

— Сауран ауданында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Оранғай ауылдық округінен «Turan» арнайы экономикалық аймағы және  Шаға ауылдық округінен 30 гектар жерге өндірістік парк құрылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өндірістік паркті индустриалды аймаққа айналдыру үшін қосымша 70 гектар жер бөлінінен хабардармыз. Қазіргі таңда бұл орындарда қандай жобалар жүзеге асырылуда?

 

-Шаға ауылдық округіндегі өндірістік паркінде бүгінгі таңда құны 2 млрд теңгені құрайтын және 250 адамды жұмыспен қамтитын тоңазытқыш жабдықтарын өндіру және машина жасау өндірісі қолға алынуда. Оны «UBC Group» ЖШС жүзеге асырады. Одан бөлек, «BNK Group Ltd»  ЖШС — Жаңбырлату қондырғыларын өндіру. Жоба құны — 5,0 млрд.теңге. Бұл кәсіпорында 80 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, «World Medicine İlaç Sanayi ve Ticaret Anonim Şirketi»  ЖШС — Фармацевтикалық өндіріс 50 жұмыс орындарын ашады. Жоба құны — 5,0 млрд. теңгені құрайды. Ал, «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» Қоғамдық Ұйымы  Металл және мектеп жиһаздарын өндіру ісін жүзеге асырады. Жоба құны — 2,3 млрд.теңге болса, жаңа 70 жұмыс орындарын ұсынады. Өндірістік паркінде дәрі өндіру жобасы да бар. Мердігер «Жаңа Арна Құрылыс» ЖШС. Жобаның құны – 3,0 млрд.теңге шамасында. Ол жерде де 80 азамат тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болады. Жоғарыда атап өткенімдей, жылыжай жабдықтарын өндіру жобасы да еніп отыр. «GEN GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС –гі жобамен 2,4 млрд.теңгеге жүзеге асырады және 70 адамды жұмыспен қамтитын болады.Тағы да жоба құны 2,5 млрд теңге болатын «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» Қоғамдық Ұйымы әскери шатыр өндірісін іске қосады. Ол жерде 100 адамға еңбек орны қамтамасыз етіледі. Және де дәл осы ұйым корпустық, жұмсақ және медициналық жиһаз шығарумен айналысады. Жобаның құны – 3,5 млрд.теңгені құрайды және ол жерде де 100 жаңа жұмыс орындары пайда болады.

Аталған жобалардан бөлек, Қарашық ауылдық округінен 10 гектар жер телімі бөлініп, 21 цехты салуды жоспарлап отырмыз. Дәл осы бағытта Иассы  ауылдық округінен 8 гектар, Оранғай ауылдық округінен 13 гектар жер бөліп кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Бұдан  бөлек, Шорнақ  ауылынан жеке кәсіпкер Абишов Ықпал меншігіндегі 8 гектар жерден өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысын бастады, қалған жерлерге инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

 

-Өзіңіз атап өткендей, Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағытының 84 пайызын ауыл шаруашылығы құрайды. Шаруларға тиісті жағдайлар жасау, суармалы және жайылым жерлермен қамтамасыз ету және төрт-түлікті өсіруге қолайлы жағдай жасау мәселелері, Ауыл аманаты жобасы қалай жүзеге асырылуда? Сауран ауданы ауданы облыс орталығы мен бірқатар аудан-қалаларды азық-түлікпен қамтитын аймақтардың бірі болып саналады. Былтырғы өніммен, биылғы көрсеткіштеріңіз қандай деңгейде? Бұл салада  қандай жобалар бар?

-Ауданның экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – ауыл шаруашылығында 2023 жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 112,1 млрд. теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. 5 айда нақты 9,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ағымдағы жылы аудан бойынша 43 396 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда мал басы саны – 682,7 мың басты құрайды. Есепті кезеңде етті және сүтті бағыттағы ауыл шаруашылығы жануарларынан 3 780 тонна ет және 14 696 тонна сүт өндірілді. Құс басы саны – 147,9 мың басты құрайды. Есепті кезеңде құстардан 2,9 млн-нан астам жұмыртқа алынды.

Ауыл халқының әлеуетін аттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атап өтетін болсақ, 2023 жылы пилоттық жобасы аясында Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауыл округтерінен 1 млрд. 267 млн. теңгені құрайтын 191 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 3 172 бас ірі қара мал сатып алынды, 1,7 гектар жерге жылыжай салынды, 2 кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуды қолға алса, өндірістік кооперативтерде – 3 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Сондай-ақ, өз кәсібін ашу бағытында — 10 жоба қаржыланып, 190 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ағымдағы жылы жоба аясында Үшқайық, Иассы, Жаңа Иқан, Шаға ауыл округтерінен 280 шаруа несие алуға ниет білдіріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Ал, бүгінгі таңда жер аманаты бағдарламасы аясында 104 мың гектар ортақ жайылым қайтарылса, жыл соңына дейін  6 мың гектар жерді қайтаратын боламыз. Ауданның жалпы аумағы 646 мың гектар болса, оның ішінде суармалы жерлер – 56 мың гектар және жайылым жерлер – 248 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, 44 082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 2022 жылмен салыстырғанда 1 945 гектарға артқан. Бұдан бөлек, 14 830 тонна ет, 55 506 тонна сүт, 9 млн. 128 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жалпы өнім көлемі – 30,5 млрд. теңгеге жеткен.

 

-Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері тұрақты жалғасын тауып келеді. Сауран ауданы бойынша ағымдағы жылдың 5 айында қанша кездесулер болып, халықтың тарапынан қандай сауалдар қойылды? Тұрғындардың талап-тілегі қалай орындалып жатыр?

-Өткен жылы облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының қатысуымен  өткізілген 2 кездесу барысында 29 мәселе көтерілген болатын. Бүгінгі таңда сол мәселелердің 22 –сі өз шешімін тапты. Ал жетеуі орындалу үстінде. Одан бөлек халықпен кездесулерде басым көпшілігі ауыз су, электр жүйсеімен қамту, көгілдір отынның жағдайын сұрайды. Бұл бағытты айтып өтетін болсақ, Аудан бойынша 1 елді мекен ауыз су жүйесімен қамтылмаған және 12 елді мекенде ауыз су кестемен берілуде. Аталған елді мекендерге 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету  12 елді мекеннің ауыз жүйелерін жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде. Жалпы жобаның құны 400 млн теңге, бүгінгі таңда бөлінгені 148 млн теңге болып отыр. Қаражатты толықтай бөлу басты назарда. Бұл жұмыстар Қазақстанның 30 жылдығы, А.Үсенов, Жүйнек, Қарашық, Шаға, Нұртас, Шойтөбе, Бершінтөбе, Достық, Қаражон, Құмтиын, Қосқорған ауылдарында жүзеге асырылады.

Ал,жаңадан қоныстанған 5 елді мекеннің аумағына  ауыз су жүйесі тартылмаған. Олар: Шорнақ, Қосмезгіл, Ескі Иқан, Еңбекші Дихан, С.Қожанов. Қазіргі таңда жоба әзірленіп жатыр, жобаның құны — 8,6 млрд. теңгені құрайды.

Электрмен қамту жұмыстарына келетін болсақ, жасыратыны жоқ аудандағы елді мекендердегі электр желілері мен бағаналарының тозығы жеткен. Қазіргі таңда, осы мақсатта 36 жоба әзірленіп, 27 жобаның сараптама қорытындысы алынды,  жоба құны 12 млрд. теңгені құрап отыр.Елді мекендердегі электр жарықтарының қуаттылығын арттырып, қысымын реттеу бағытында аудан тарапынан 53 дана трансформатор орнатылды.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында, ағымдағы жылы 102 дана электр бағанасы ауыстырылып, 17 шақырым электр желілеріне қайта құру жұмыстары жүргізіледі. 4 елді мекенге жаңа трансформатор орнатылады.

Ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43 пайызды құрады. Ағымдағы жылы Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржысы мақұлданып, құрылысы басталатын болады. Ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 10 жоба әзірленді, жоба құны – 21 млрд. теңгені құрап отыр.Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне баратын магистральды газ құбыры және Қосқорған, Бостандық, Еңбекші Дихан елді мекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылысына жоба әзірлеудеміз.

 

-Облыс әкімінің қатысуымен өткен халықпен кездесудегі баяндамаңызда 2024 жылға Сауран ауданының бюджетінің шығыс бөлігі 10,5 млрд.теңгені құрап отырғанын атап өткен болатынсыз. Ал, кіріс бөлігіне 2 млрд. 822 млн. теңге түсімдер жоспарланғанын мәлімдедіңіз. Биыл аудан бюджетінің кірістер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 378 млн. теңгеге ұлғайтылыпты. Бұл көрсеткіштердің артып келе жатқандығын аңғартады. Одан бөлек, құрылыс, коммуналдық сала,  әлеуметтік бағыттарда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Атап өтсеңіз.

 

-Құрылыс саласына тоқталар болсақ, Сауран ауданының әкімшілік іскерлік орталығына 38 гектар жер бөлінген. Қазіргі таңда әкімшілік пен прокуратура,  полиция бөлімінің ғимараттары пайдалануға берілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және аумақтық органдар ғимараттарының құрылыстары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Халықтың ең көп сұранысы тұрғын үй бойынша айтатын болсам, бірінші маусымға тұрғын үй кезегіне 1 379 адам тіркелген. Әкімшілік іскерлік орталығынан 24 пәтерлі, 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Алдағы уақытта қосымша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізетін боламыз. Сонымен қатар, аудан орталығынан 1 гектар жерге рәміздер алаңын, 2,1 гектар жерге орталық балалар саябағын салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда  белгіленген аумақтың 1-ші кезеңінде 25 мың көшет егілді. 2-ші кезең құрылысы 2025 жылы аяқталатын болады.

Білім беру саласы бойынша Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс жасайды. Оның 12 сі жекеменшік мектептер. Білім беру мекемелерінде оқушылар саны 25 519 оқушыны құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданымызда  5 мектеп жоспарланып, қазіргі таңда 3 мектептің құрылыс жұмыстары  жүргізілуде. Атап айтқанда: С.Қожанов елді мекенінде 300 орындық  мектеп; Еңбекші дихан елді мекенінде 600 орындық мектеп; Аша елді мекенінде 600 орындық мектеп;

Сонымен қатар, Ынталы және Құмтүйін елді мекендеріндегі  600 орындық мектеп құрылысы және облыстық бюджет есебінен Абай елді мекеніндегі 300 орындық мектеп құрылысы ағымдағы жылы басталатын болады. Биыл, Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды, жаңа оқу жылына ашуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.

Олар:  «M-School» Шаға ауылдық округінде орналасқан, 400 оқушыға арналған мектеп; «Гимназия Иқан» мектебі, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан, 380 оқушыға арналған; Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан 580 орындық білім ордасы; «Заңғар-М» 2 мектебі, Жүйнек ауылдық округінде салынып жатыр. 700 оқушыға арналған; «Жалил Абдуллаев зияткерлік мектебі» Жүйнек ауылдық округінде орналасқан 500 орындық мектеп.

Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, Ағымдағы жылы әкімшілік іскерлік орталықтан 500 адамға қызмет көрсететін емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, 3 медициналық  фельдшерлік акушерлік бекеттің құрылыс жұмыстары басталады. Олар: «Шаға», «Құсшы ата» фельдшерлік акушерлік бекеттері және «Жалантөс» медициналық бекеті.

Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен «Ойық» медициналық бекеті және «Шекербұлақ» фельдшерлік-акушерлік бекеті құрылысы жүргізілуде.

Ауданда мәдениет және спорт саласында да қуантарлық жаңалықтар бар.  «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында Бабайқорған ауылында 120 орындық клуб және кітапхана ғимаратының құрылысы басталды.  Ал, Ескі Иқан ауылындағы мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Аудан орталығынан 500 орындық Мәдениет үйі мен Жастар орталығын салу үшін жобалық сметалық құжаттар әзірленіп республикалық бюджетке өтінім жолданды. Жобаның құны – 1,9 млрд. теңге.

Бабайқорған ауылындағы спорт зал ғимаратының құрылысы аяқталса, аудан орталығынан жаңа үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Ибата, Теке, Ынталы, Абай ауылынан спорт кешенінің жобалық сметалық құжаттары дайын, «Орталық стадион»-ның  жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, кәсіпкерлер есебінен 4 елді мекенде спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде (Жаңа Иқан, Иассы, Шаға, Оранғай).

Балаларды спортқа баулу мақсатында 5 елді мекенде спорт алаңшасы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілсе, қосымша жыл соңына дейін 3 елді мекенде балалар ойын алаңшасы салынады.

Коммуналдық сала бойынша автомобиль жолдарына тоқталсам, Аудан бойынша аудандық маңызы бар жолдар 119,3 шақырымды және елді мекен көшелері  731,9 шақырымды құрайды.  2024 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 39,7 шақырымды құрайтын 29 ішкі көшелерге және облыстық бюджет есебінен 9 шақырымдық «Бабайқорған – Абай» жолына, 15 шақырымды құрайтын «Шорнақ – Ескі Сауран» жолына және 9 көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталғанда, елді мекен жолдарының жақсы және қанағатты жағдайы 5,4% жақсарып, жалпы көрсеткіш 70 % жетеді.

Цифрландыру бойынша ағымдағы жылы  «Кар-Тел» ЖШС-гі мен «Кселл» АҚ-ы операторлары тарапынан келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 8 елді мекенге,яғни Бабайқорған, Ынталы, Аша, Шорнақ, Ибата, Ескі Иқан, Жүйнек, Қарашық  жаңа базалық станцияларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта қосымша 5 елді мекенде жүргізетін болады.

 

-Сауран ауданың туристік ауданға, туризм орталығына айналдырудағы мақсат — туристік нысандарды көбейту, туризмнің даму деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу, туристік саладан түскен табысты көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Сондықтан, бұл мәселе күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Сол мақсаттарға жету үшін туризммен байланысты салаларды және инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет саласын жақсарту, туризм саласындағы білімді жетілдіру міндеттері қойылып отыр. Түркістан облысының әкімі Сауран ауданына жасаған сапарының бірінде осылай деп мәлімдеген болатын. Расында,  Сауран – өз заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһардың бірі. 2021 жылы наурыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырды деуге болады. Енді Сауран ауданында  туризм саласын дамыту және оның әлеуетін арттыру, әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан ауданының әлеуеті өте жоғары екені анық. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған деп атап өттіңіз. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр екен. Бұл қуантарлық жағдай. Жалпы туризм саласында қандай жаңалықтарыңыз бар? 

— Ауданда 56 тарихи-мәдени нысан бар. Олардың ішінде туристер қызығушылық танытып, жиі келетін Ескі Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата кесенелері бар. Тарихи-мәдени нысандарына өткен жылы 85 579 турист келген. Тарихи нысандарға келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Сауран қалашығынан «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған. Биыл құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып пайдалануға беріледі. Айта кетейік, демеушілер есебінен 97 млн.теңгеге Жүсіп ата кесенесінің айналасына абаттандыру құрылыс жұмыстары жүргізілді.

 

-Қазіргі таңда, Мемлекет басшысының бастамасымен Таза Қазақстан акциясы іске асырылуда. Бұл тұрғындарды тазалық мәдениетіне үйретіп, қоршаған ортаны таза ұстауға үндеп отыр. Аталған игі шараға атсалысып жатқан адамдар да жетерлік. Сауран ауданында бұл акцияның қарқыны қандай?

 

-«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында, аудан бойынша 53 ауқымды іс-шара жүргізілді. Оған 8 мыңға жуық адам қатысты.  Нәтижесінде 32 мың дана көшет, 12 мыңнан астам гүл егілді. 50 мыңға жуық ағаштар бұталанып, 48 аялдамалар мен басты көшелер бойында тозығы жеткен 450 үйдің қоршаулары мен қасбеттері  ретке келтірілді, 7,5 шақырымды құрайтын  иригация жүйелері тазаланып, 1 084 тонна қоқыс шығарылды. Полиция тарапынан Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-505 бабтарына сәйкес  364 хаттама толтырылып, 3 млн. 636 мың теңге айыппұл салынды. Тазалық барлық игі істің бастауы деуге болады. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасын Саурандықтар қашанда қолдай біледі. Өз аула, көшелерін қоқыстардан тазартуға атсалысып жүр. Үлкендер кішілерге насихаттап, өздері де әр апта сайын өткізілетін шараға қатысып келеді. Бұл тазалық акциясы үрдіске айналды деуге болады. Қазіргі таңда барлық аудан-қалаларда мемлекеттік қызметкерлерден бастап, үкіметтік емес ұйымның өкілдері де, тұрғындарда тазалыққа барынша үлестерін қосуда. Сауран ауданы да аталған игі істерді жалғастырып, тазалықты басты назарда ұстайтын болады.

 

Сауран ауданын дамыту бағытында ауқымды жоспарлар бар екен. Өзіңіз атап өткендей, басты міндет аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында кешенді жұмыстарды жалғасын тауып келеді. Өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы салаларын әрі қарай тұрақты дамыту бағытында қарқынды жұмыстар атқарылатынына сеніммен қараймыз. Бізге Сауран ауданындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларыңызбен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Тұрғындар үшін жасалып жатқан жаңа бастамалар өз жемісін бере берсін!

Сауран ауданында жұмыссыздар саны азайып, жұмыс көзі ашылуда.

Сауран ауданында жұмыссыздар саны азайып, жұмыс орындарының қатары артып келеді. Бұл бағытта аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тағы да 21 цехты іске қосу бойынша кәсіпкерлермен кездесті.  Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту — бүгінгі күннің басты талабы.

«– Шағын және орта бизнес нарықты экономиканың басты қозғаушы күші болып табылады және бүгінгі күні мемлекеттің алдында тұрған бірқатар әлеуметтік, экономикалық міндеттерді шешуге лайықты үлес қоса алады. Оның барлық салаларды қалыптастыруда айрықша басымдықтарға ие екенін бүгінгі күні біз нық сеніммен айта аламыз. Ол — біріншіден, шағын және орта бизнестің жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтудағы орны ерекше. Қазірдің өзінде Сауран ауданының даму мен өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкерлер, азаматтарды еңбекке тартып, оларға жұмыс беріп, отбасылардың жағдайын жақсартуға, тіпті ауыл-аймақтардың әлеуетін арттыруға үлесін қосып отыр. Бұған қолда бар мәліметтердің өзі дәлел деп айта аламын. Сол үшін кәсіпкерлерге, бизнес өкілдеріне алғысымды жеткізгім келеді. Жалпы соңғы жылда Сауран ауданы бойынша шағын және орта бизнес саласында жұмыс жасаушылардың саны едәуір өскенін байқауға болады. Соның нәтижесінде жұмыссыздардың да саны азайып келеді. Президентіміздің тапсырмасы да, облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасы да осы өзіміз әңгімелеп отырған шағын және орта бизнестің дамуын, қол жеткен көрсеткіштерді сақтап қалу және бұл басты мақсаттардың бірі. Шағын және орта бизнеске қаржылық қолдау көрсетуге, кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету тоқтаған емес. Ауыл бизнесіне нақты қолдау көрсету мақсатында бюджеттік және бюджеттік емес қаржы көздерінен қаржы бөлу арқылы, шағын несие беру ұйымдарының қызметін арқылы бірқатар кәсіпорындар жанданып келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан қолдаулар да көп. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін деген азаматтарға мол мүмкіндіктер берілуде. Осындай мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысып, шағын бизнесін шарықтатып отырған аудан кәсіпкерлерінің саны да күн санап көбеюде. Бұл қуанарлық жағдай. Себебі, жұмыссыздар саны азайып, жұмыс көзі ашылуда. Осыған дейін қарашықтық жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге арнайы 10 гектар жер берілгендігі жөнінде айтқан болатынбыз. Түрлі бағытты қолға алған кәсіпкерлер өздерінің үйіргелік жерлерінде өз жұмыстарын жасап келген. Ендігі кезекте олар Қарашық ауылдық округінен берілген индустриалды аймақта цехтарының құрылысын бастайтын болды.»- деді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров.

Елімізде әлеуметтік және инженерлік сапалы инфрақұрылымдарды қамтамасыз ету , жаңа жұмыс орындарын ашу – жергілікті адамдарды тұрақ­тандырудың негізгі шаралары болып табылады. Тағы бір басты өзекті мәселе елді мекендерде ауыл шаруа­шылығы мен кәсіпкерлікті жандандыру, соның ішінде өнім өндіруші, өңдеуші шағын және ірі  шаруашылықтар санын арттыру да маңызды. Сонда ғана тұрақты жұмыс орындары құрылып, мемлекеттік  бюджет толығып, елдің еңсесі көтеріліп, әр отбасының табысы арта түсетіні анық. Елімізде кәсіпкерлікті дамы­ту мақсатындағы «Бизнестің жол кар­та­сы», «Бастау Бизнес» жобасы, 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы секілді бірнеше бағдарламалар бар. Осы бағдарламалардың нәтижесінде, мемлекетімізде шағын және орта кәсіпкерлікпен айна­лысатын азаматтардың саны да бірнеше миллионға жет­іп отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының төмендігі бойынша бірқатар проблемаларға тоқталып, Үкіметке Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Тиісінше, осы тапсырманы орындау мақсатында министрлік мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және сарапшылық қауымдастықпен бірлесіп, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізіп, Бағдарлама жобасын әзірлеген болатын. Осылайша 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасында 10 басымдық белгіленді. Олар:

 

  • Ел дамуының негізі – жұмысшы жастар;
  • Халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастырудың жаңа мүмкіндіктері
  • Бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы;
  • Еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою;
  • Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды арттыру;
  • Туризмдегі жұмыспен қамтуды арттыру;
  • Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде жаппай жұмыспен қамту;
  • Өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды дамытуды ынталандыру;
  • Халықтың табысын арттыру факторы ретінде кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру;
  • Табыстың сатып алу қабілетін қорғау.

 

Жалпы, бұл бағдарлама ұлттық жобалармен өзара тығыз байланысты деуге болады. Олай дейтініміз бағдарламадағы шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау және қайта даярлау, өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бағдарлама 80 шарадан тұрады, олар мынадай негізгі бағыттарға бөлінген:

  • халықтың еңбек табысының артуы;
  • кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру;
  • сатып алу қабілетін қорғау.

Бағдарламаны іске асыру лайықты еңбек пен масылдықтан бас тарту идеяларын ілгерілету жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысымен қатар жүретін болады. Ал, еңбек табысын арттыру бағыты аясында 22 шара іске асырылуда. Оның ішінде ең басым бағыттардың бірі еңбек өнімділігін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын жаңғыртуды ынталандыру бойынша шаралардың жүзеге асырылуы болып табылады. Сондай-ақ, өндірістік дағдыларды дамыту бойынша 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы  шеңберінде «Өмір жолдамасы» кадрларды алдын ала даярлау жобасын өңірлік деңгейде іске асыру сияқты іс-шаралар көзделген.

Тиісінше, Сауран ауданында жүзеге асып жатқан жобалар мен жаңадан ашылған  кәсіпорындарда керекті мамандарды оқыту және оларды даярлау шаралары да қолға алынуда. Жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған іс-шаралар жастарды жұмысқа орналастыру бойынша «Алғашқы жұмыс орны», «Түлектерге арналған жастар практикасы» жобаларын, сондай-ақ осал топқа жататын жекелеген адамдарды жұмысқа орналастыру тетігін іске асыруды да қамтиды.

Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру шағын және орта бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде кредиттер, микронесиелер бойынша жергілікті бюджеттерден субсидиялар беру, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде жеңілдікпен микрокредит беруді және жаңа кепілдік беру құралын енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады.

Кездесуде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров 21 кәсіпкерге арнайы орындарын белгілеп, цехтарының құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берді. Индустриалды аймаққа мемлекет тарапынан қажетті жұмыстар су, электр энергия тағы басқа шаруалар жүргізілетін болады. Аудан әкімі кәсіпкерлердің өнімдерінің сапасының жоғары екенін айтып, кәсіпті дамыту үшін қолдау көрсетілетінін жеткізді.

ҚОЛЖАЗБАЛАР ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Ежелгі шығыс елдерінде кітапты қолжазба түрінде көшіріп тарату дәстүр саналған. Бұрынғы өткен бабаларымыз мыңдаған мұраларды былғарыға, бұзау терісіне, қайыңның қабығына, алуан түрлі қағаздарға жазып, сақтап келгені тарихтан белгілі. Бұл жазбалар баспа ісі дамымай тұрған кезде ел-елге таратылып, халықтың сауатын ашуға, өткенінен мәліметтер алынуына септігін тигізген.

Сондай-ақ, қазақ халқында да өзінің жазба мәдениетінің қолжазба-мұраларын зерттеушілер, жинаушылар көп болған. Егер олар осы мұраларды дер кезінде жинамағанда, көптеген ойшылдардың еңбегі жоғалып кетуі де мүмкін еді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кітапханасында бірнеше ғасырлық жазба мұралар сақталған деген деректер бар. Алайда Кеңестік дәуірде тамыры дінмен байланысқан орындарды қараусыз қалған кезде немесе қасақана құрту кезінде мұндағы бай мұрамыз басқа орындарға көшіріліп, өртеліп, жоғалып, ұстағанның қолында кетті. Осындай кемшіліктің орнын халқымыздың ардақты ұлы Өзбекәлі Жәнібеков орнына қайта келтірді десек болады. Себебі, Өзбекәлі Жәнібековтің жанкешті еңбегінің арқасында 1978 жылы бабамыздың қасиетті кесенесі «Әзірет Сұлтан» музейі болып құрылды. Сол уақытта халықтың қолында сақталған барлық көне мұралармен қатар, жазба ескерткіштерді де жәдігер ретінде қайта жинақтау басталды. Халықтың қолдауымен 1977-78 ж.ж. көптеген жазба ескерткіштер жинақталды. Көпшілік ол кезде заттарды музейге сатпастан, шын ықыласпен, сый ретінде әкеліп тапсыратын.

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қор сақтау бөлімінің жазба ескерткіштері мен жәдігерлері бірнеше топқа бөлінеді. Соның ішінде құндысы, ең маңыздысы – қолжазбалар. Қолжазбалар саны — 158 дана. Бұл жазбаларға Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабын, ол кісінің ізбасары болған Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің 18 ғасырда жазылған «Бустан уль-Мухиббин» (Аллаға ғашықтардың бақшасы) кітабы, Фарид ад-Дин Мухаммад ибн Ибрахим Аттардың «Тазкиратуль аулия» (Әулиелердің жолы) кітабы және орама қағазға оралған насабнамалар, яғни қожалар әулетінің шежірелерін айтсақ болады. Қордағы қолжазбалардың көбісі — араб, парсы, шағатай (түркі) тілдерінде жазылған. Олардың бірі кітап түрінде жазылған, түптелген, мұқабалары бар. Ал кейбірі қалың дәптерге көшірілген. Ал енді бірі қойын дәптеріне (блокнот) жазылған. Қолжазбалардың сақталуына қарап, олардың қаншалықты көп қолданылғанын көруге болады. Бұл қолжазбалардың тақырыптары әртүрлі. Сақталулары да әр деңгейде.

Кітап қоймаларын сақтау, жоғалған қолжазбаларды, мұраларды табу өткен тарихымызды байыта түсетін кәделі де, қадірлі істің бірі екені анық. Ел арасында ондай мұралар әлі де көп, сандықтар түбінде ата мұрасы болып сақталып жатыр. Ата-бабаларымыз қолжазбаларды оқтауға немесе ақ матаға орап сандықта сақтап келген. Ұзақ жылдар бойы өз еңбектерін, насихаттарын, киелі істерін келесі ұрпаққа осылай жеткізген. Ондағы мақсат қолжазбаны шірітпей, сөздерін өшірмей, тоздырмай ұрпаққа жеткізу еді…

Сондай-ақ,  «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы қор бөлімінің жазба ескерткіштер тобында КК2322 номерлі «Жауапнама» сақталған. Бұл жәдігерді музей қорына 2003 жылы Түркістан қаласы, Сұлтанов көшесі, 215 үйдің тұрғыны К.Керімбеков өткізген.

Бұл жауапнама араб және түркі тілінде жазылған. Авторы белгісіз. Мұндай «Жауапнамалар» қайтыс болған адамның кебініне «О дүниедегі» сұралатын сұрақ-жауабы жеңіл болсын деген мақсатта кебініне орап көмілетін болған. Аталған «Жауапнамада» «Қабірде Мүңкір мен Нәкір (сұрақ-жауап алатын періштелер) сұрақ сұрағанда осы дұғалардың көмегі тиеді, кебінінің астына немесе көкірегінің үстіне қойса, қабір азабын көрмейді» деп жазылған.

«Жауапнаманың» жоғары жағына Кәлимаи шәһәдат, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у) салауат, қиямет күнінің күмәнсіз келетіндігі жөнінде аят, содай-ақ Раббым — Алла, дінім — Ислам, Пайғамбарымыз — Мұхаммед (с.а.у), момындар — бауырымыз, Құранның рахмет, нұр және жетекші, Меккенің — құбыла болғанына разымын, Мүңкір-Нәкір сұрағы, Сырат көпірі, есеп алу, мизан таразысы, Кітап, қиямет күні хақ» деп жазылған.

Оң жақтағы жоғарғы шеңберде пайғамбардан кейінгі алғашқы екі халифа — Әбубәкір Сыддық (р.а) және Омар ибн аль-Хаттабтың (р.а), ал төменгі шеңберде пайғамбардың немерелері Хасан және Хусейннің есімдері жазылған.

Ортадағы үлкен шеңберде Муһри шәриф (қасиетті шәриф) деп жазылған. Айналдыра «Лә хаулә уа ля қууата иллә биллахил ғалиил ғазим» (Мағынасы Алладан басқа қуатты және күшті болған Жаратушы жоқ) дұғасы, ішкі кіші шеңбердің жоғарғы бөлігінде — Бисмиллях Я Хаким (Дана, данышпан), Я Алла, Я Алла, Я Қадим, Я Алла, Я Саттар, Я Алла, Я Субхан түріндегі Алланың көркем есімдерінің бірнешеуі берілген.

Сол жақтағы жоғары шеңберде Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыздан кейін халифалық еткен 3-ші және 4-ші халифалар — Осман (р.а) және Әли (р.а) есімдері, төменгі шеңберде Мұхаммед пайғамбардың анасы Әмина мен қызы Фатиманың есімдері жазылған.

«Лә хәулә уа лә қууатә иллә билләхиль ғалииль ғазим» (Мағынасы Алладан басқа қуатты және күшті болған жаратушы жоқ) «Я Уалиию Я Аллаһ, Я Уакилу Я Аллаһ, Я Жалилу Я Алла» дұғаларының жазбалары қағаз бетіне бірнеше жерге түсірілген. «Жауапнаманың» төменгі жағында әдетте тұмарларда өте көп жазылатын Қалам сүресінің 51 аяты жазылған.

Жанат Майлыбаева, қор сақтаушы.

Тарихи деректер: Абылай ханды тұтқыннан босатқан батыр Түркістанда жерленген

Абылай хан дәуірі адамзат тарихында Қазақ хандығы деген атаумен қалған қуатты мемлекеттің соңғы рет дәуірлеп толысқан шағы болып қала бермек.  Ш. Уәлиханов атағы алты алашқа мәшһүр болған атасы Абылайдың дәуірін «ерлік ғасырына» теңеді. Ақын-жыраулардың шығармаларында қазақтың абыройы аспандаған,  ұлыс ретінде толысқан, жан-жақтан жау анталаған заманда іргесін алдырмаған қуатты, бірлігі жарасқан ел ретінде жырланды.

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай. Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам, Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай! Көмекей әулие атанған, Бұқар жыраудың осы толғауы Абылай ханның халық үшін қаншалықты қымбат болғандығын айғақтап отыр. Ал ғалымдардың зерттеу еңбектерінде бұл дәуір қазақ тарихының бетбұрысты кезеңі, қуаныш пен қайғы кезек алмасып отырған, қайшылыққа толы заман ретінде суреттелді. Атақты ханның тұлғалық қасиетін, қайраткерлік өмір жолын жан-жақты қырынан аша түсу мақсатын көздеген зерттеушілер оның жанында жүрген батырлары, билері мен ақыл-кеңесшілері жайлы, халықаралық саясаттағы дипломатиясына,  шығу тегі мен жерленген жеріне, ел билеу дәстүріне қатысты мәселелерді көтеріп, жекелеген монографиялар арнады.

Абылай ханның жанында бірге болған батырлар мен билер, жыршылар туралы зерттеу еңбектерінде жиі айтылады. Себебі халық аңыз-әңгімелерінде, тарихи жырларда, орыс, қытай деректерінде олар жайлы деректер, мәліметтер көп кездеседі. Сондықтан зерттеушілердің назарына тез ілігіп, өздері зерттеп жүрген мәселеге қатысты кеңінен тарқатып жазуға  септігін тигізеді. Бұл зерттеулердің барлығы Абылай ханның тұлғалық қасиетін әртүрлі қырынан аша түскені анық. Қазақ хандығының қуатты дәуірін қалыптастырған Абылаймен қатар, тарихта талай батырлардың есімі мен ерлігі де аталады. Олардың қатарында Алтай Нияз батырдың есімі белгілі. Ол туралы деректер де аз емес. Оның Абылайды тұтқынан босатқаны туралы да мәліметтер бар. Бұл тарихи оқиға бойынша  тарихшылар мен ғалымдар мынадай пікірлер айтады. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кіші ғылыми қызметкер, Мәдениет саласының үздігі Т.Оразов бұл кезеңді былай деп баяндайды.

« — 1742 жылы қазақ пен қалмақ арасында болған соғыста Абылай хан Қалдан Сереннің баласы Шарышты өлтіреді. Баласының өліміне жаны күйген Қалдан Серен сол жылы аң аулап жүрген Абылайды қолға түсіріп, бір жыл бойы тұтқын етіп, қамап ұстайды Ал Абылайдың тұтқынан қалай босатылғаны жөнінде әр түрлі пікір айтылады?

1743 жылы Қалдан Серенге қазақ елшілігі барады. Барған күні түс ауа Қалдан Серен өзінің атақты бір батырын қара арғымаққа мінгізіп, «осы батырымды жекпе-жекте жеңетін батырларың болса, сонда ғана бітімге келемін» дейді. Қара арғымаққа мінген шомбал қара батырға қазақтан алғашында ешкім шыға қоймайды. Сонда Алтай Нияз батыр өзінің жекпе-жекке шығатынын айтады. Әуелде қарсы келген қалмақ өз кезегінде найза сілтеп, Нияз батырдың денесіне дарыта алмайды. Ал Нияз батыр өз кезегінде ептілікпен, найза ұшымен қалмақ батырын киімінен іліп, аттан түсіріп, жерге жығып тастаған екен.

Сонымен қазақ елшісінің мерейі үстем болып, Қалдан Серен бітімнің келесі күні болатынын айтып, қазақтарды жатын жайға жайғастырады. Келесі күні қалмақ ханы Нияз батырға тағы да мынандай шарт қояды: «Мен бірдей киіндіріп, жүз қара арғымаққа жүз батырды мінгізіп, сапқа қоямын. Соның ішінен кешегі өзің түсірген батырды тапсаң бітімге келеміз» дейді. Сонда Нияз сапта тұрған жүз батырды жағалап шығып, кері жүргенде тап басып өзі түсірген батырды тауып береді. Қайран қалған Қалдан Серен: «Бірі-біріне аумайтын жүз адамның ішінен өзің түсірген батырды қалай таптың» деп сұрайды.

-Мен бір жағалап өткенде, батырларыңның көзіне тесіле тік қарап өттім. Сонда мен түсірген батыр көзіме тік қарай алмай, төменшіктей берді,- деп жауап берген екен Нияз батыр.

 

 

Деректерге сүйенсек, ХVІІ ғасырдың соңы ХVІІІ ғасырдың басы қазақ жерінде мамыржай тіршілік болмағанға ұқсайды. Бұл заман Еуразияның кең байтақ далалық өңірін мекендеген көшпелі ұлыстардың апшысын қуырылып, өрісінің қысқарған кезеңі. Батыстан жауар бұлттай түнеріп Ресей империясы төнсе, Шығыстан Мəнжүр əулетіне бағынышты қара
құрттай Қытай қаптап келді. Қазақтың ежелден келе жатқан ескі жауы қалмақ болса, өзінің ата қонысынан батысқа қарай лықсып, Сарыарқа мен Жетісуға ендеп енді.
Ел басына осындай күн түсіп, ат ауыздықпен су ішіп, ер азамат қан кешкен заманда қазақ ынтымағын ойлап, мемлекеттігін жаңғыртуды көксеген асыл азаматтардың бірі Нияз батыр еді. Барқыұлы Нияз батыр – Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың аталығы және Түркістанды хан дәргейінде ұстаған аса ірі саяси тұлға. Ресей елшілік құжаттарында Нияз батыр Әбілмәмбет ханды таққа отырғызған, Сәмеке ханнан кейін Түркістанды билеген және Тәшкеннен салық жинап тұрған деген мәліметтер бар. Сонымен қатар, орыс құжаттарында 1742-1744 жылдары Нияз батыр жоңғар қонтайшысы Қалдан Цереннің қолына тұтқынға түскен Абылайды босатуға Әбілмәмбет ханның баласы Әбілпейіз сұлтанды аманатқа алып барған деген деректерде кездеседі. Нияз батыр 1785 жылы жүз жастан асқан шағында қайтыс болған екен. Батырдың сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне жерленген. Жазушы А.Сатаев «Халық кеңесі» газетінде Нияз батыр туралы хикаят жазды. 2012 жылы ғылым докторы, тарихшы Ж.Артықбаевтың Нияз батыр туралы «Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Ал, профессор Зарқын Тайшыбай батырдың ерлігі бойынша мынадай жазба қалдырған екен.

 

« — Қазақ хандығының іш­кі және сыртқы жағдайлары мейлінше шиеленісті, біртұтас ел ретінде қалыптаспай, ұлт­тың келешегі айқындалмай тұрған шақ еді. Осылайша, қалың тұманнан жол таппай тұрғанда, ел мен жер тағдырын Ресеймен байланыстырған Әбілқайыр ханның таңдауы қате болмағанын кейінгі оқиғалар мен қоғамдық-саяси құбылыстар дәлелдеп шықты. Қанша қиын болғанымен, бұл таңдаудың қазақ халқы үшін қажеттігін, қазақ билеушілерінің арасында алғашқылардың бірі болып 27 жастағы Абылай сұлтан түсінді. Әбілмәмбет ханның көмекшісі Абылай, бас уәзірі Нияз батыр, үштің бірі болып, 1740 жылы тамыз айының 28-жұлдызында Ресей императрицасына адалдық шартына қол қойды.  Ресей империясымен әскери одақ құру да оңайға түскен жоқ. Көшпелі қауымның келе­шегіне сенбеген Ресей әкімшілігі бодандық шартын сақтамай, сыртқы саясатта босаңдық танытты. Осыны пайдаланған Қалдан Серен, бір жылға жетпей-ақ, жер қайысқан қалың қолмен Қазақстанның оңтүстігі мен шығысынан, екі бағыттан басып кіріп, қазақ ауылдарын қанға бөктірді, бір ұрыста Абылай сұлтан қамауда қалып, қолға түсті.

Мына жағдайда, одақтас екендігін қағаз жүзінде ғана танытып қойған Ресейден көмек алмаған Орта жүз жалғыз қалды, бақайшағына дейін қаруланып, тастүйін ұйымдасқан, бүкіл шаруашылығы мен тұрмысын соғыс тәртібіне ежелден бейімдеп алған жоңғарлармен бетпе-бет келді. Қазақ хандығының ішкі жағдайлары да басқаша қалыптаса бастады. Шоқан Уәлиханов талдап жазып кеткендей, қазақ батырлары мен билері арасынан Абылайдың ұстанған саясатына сын көзбен қарайтын бірнеше «партия», яғни топтар пайда болды. Мысалы, шақшақ Жәнібек тархан, Құлсары мен Құлеке батырлар тек қана Ресейге жақын бағыт ұстанды, Абылайдың жоңғар хандығымен, Қытай империясымен, Орта Азия хандықтарымен байланыстарын қолдамады. Барақ сұлтан, Әбілмәмбет хан, арғын Нияз батыр мен бәсентиін Малайсары, уақ Деріпсалды батырлар Қалдан Серенмен тіл табысып, тату көрші ретінде шығыстағы шегараларды аман сақтау жолын таңдады. Бұған тағы бір себеп, Ұлы жүздің едәуір бөлігі басқыншылыққа қарсы тұра алмай, жоңғар хандығының билігін мойындағандығы еді. Демек, Қалдан Серенмен тығыз байланыс жасау арқылы оңтүстіктегі қандастарымыздың амандығына кепіл болу қажеттігі ескерілді. Олар Ресейден рахым күте қоймады.

Сұлтанмұхаммет, Әбілпейіз сұлтандар мен Қабанбай, Қожаберген, Дәулетбай батырлар Қытай сияқты мықты одақтасқа арқа сүйеп, сауда қатынастарын өрістету, шаруашылық тәсілдерін жетілдіру арқылы бір ғасырға таяу аттан түспей, бел шешпей тіршілік кешкен, тынымсыз жорық жағдайындағы елді бейбіт өмірге бейімдеп, тұрмысын жақсарту қажет, деп білді. Сол үшін қызмет етті. Тіршілік мүддесі үшін қазақтардың алдында төртінші таңдау да бар еді. Ол – Орта Азия хандықтармен дін қарындастық жосығымен ынтымақтасу. Бұл бағытта Түрік және Парсы патшалықтарымен, Ауғанстанның Ахмет шахымен, Қоқанның Әбдікәрім бегімен  одақтасуға ұмтылуға болатын еді.

Ал, Абылай сұлтан осы төрт бағыттың бір де біреуін теріске шығарған жоқ, сондай-ақ, ол елдердің бірде-біреуіне тізгін бермей, әрқайсымен мәмілеге келіп, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға тырысты және Қазақ хандығының тәуелсіздігіне нұқсан келетін жолдарды батыл жаба білді. Қажет болса, білектің күші, найзаның ұшымен қарсы жауап беруден тайсалған жоқ. Мысалы, Ресейден, Қытайдан, Жоңғар хандығынан, Қоқан хандығынан төнген қауіпке қарсы қорғаныс майданын ашып, орайы келгенде-ақ талқандап, тайсалмастан «азу тісін ақситқаны» соған дәлел. Әлбетте, мұндай қарулы қақтығыстардың бәрінде қазақтар басым бола бер­меген, Абылай сол шиеленістердің соңын асқындырмай,  шебер дипломатиямен ұластыра білді.

Сонымен бірге, жоғарыда аталғандай, өз ішіміздегі «басқаша ойлауға бейім партиялармен» де тіл табысып, сол батырлар мен билердің, сұлтандардың беделін, ақыл-кеңесі мен күш-қуатын елді, жерді қорғау мүддесіне жұмылдыра білді. Табиғатынан терең ойлап, кең пішетін Абылайдың сұңғыла саясатын әріптестері де мойындады. Осы кезге дейін сақталған құ­жаттарда, тіпті ауыз әдебиетінде қандай да бір батырды, немесе биді, сұлтанды пікірлес болмағаны үшін Абылай жазаға тартыпты, биліктен шеттетіпті деген дерек кездеспеуі де – ғажап құбылыс.

Абылайдың Әбілқайыр ханмен, Нұралы ханмен, Батыр сұлтанмен, тіпті, Кіші жүздің ханын өлтірген Барақ сұлтанмен, Әбілмәмбет ханмен, Әбілпейіз сұлтанмен, Төле бимен, Қазыбек бимен, Жәнібек тарханмен, Байжігіт тарханмен, Оразмәмет тарханмен, Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Баян батырлармен, т.б. ара қатынаста қолындағы шексіз әкімшілік құзыретін пай­даланып, оларды күшпен көндіргені, немесе сыртынан сөз айтқаны туралы дерек те жоқ, әңгіме де естілмеген. Бұл, әрине, Абылайдың адам ретіндегі мінез-құлқы қандай болғанынан хабар береді.

Абылайдың бүкіл мемлекеттік басқару билігі мен тұрмыс-тіршілік тәртібін соғыс жағдайына бейімдеп, билердің құзыретін шектегені рас, төменнен жоғарыға дейінгі әкімшілік билік аймақ тәртібімен жүйеленіп,  батырлардың қолына бе­рілді. Ең жоғарғы кеңесші алқа болып саналған «жардың» – Хан кеңесінің қарауына аса күрделі халықаралық мәселелерді ғана ұсынып, келісімін алып отырды, шиеленісті шебер шешіп, өз ұсынысын өткізе білді, ел ішіндегі мәселелерді жеке-дара батыл үйлестіріп отырды.

Абылайды сыпаттауға тілге тиек болып отырған себеп: «Нияз батырдың ақылымен… іс­телген» дегенге қарап, бұл батырдың ниеті жат екен деген пікір тумауға тиіс. Кезінде, Абылайдан гөрі басқаша ойлайтын, оны сынаған тұлғаларды Абылайдың өзіне қарсы қойып, оған оппозиция іздеу, жауықтыру  арқылы, ел ішіндегі беделіне шіркеу түсіру әрекеттері құдайы көршілеріміздің тарапынан талай кездескені де рас. Бірақ, мұндай арандатудан нәтиже шықпағанына, Абылайдың көлденең сөзге ермегеніне көп жылғы зерттеу үстінде көзіміз жетіп келеді.

Бұл айтылғандардан: «Абылайдың жеке басына дос санағаны әр қазақ, қазақ мүддесіне келгенде, ол пенделіктен, мансаптан биік болған» деп қорытынды жасауға болады.

Ауызекі әңгімелерден естігеніміздей, Абылайды жоңғар жағынан босатып әкелуге тоқсан жақсы барыпты. Орыс құжаттарында солардың арасында бәсентиін Малайсары мен қуандық Нияз батырлардың есімі нақты аталады. Ресей әкімдері көп қазақтың тізімін атап-атап неге бермеген десек асылық болар, тек осы екі батыр ғана бармағаны анық қой. Сондай-ақ, Абылаймен бірге тұтқыннан босаған бабаларымыздың есімдерін де білгіміз келеді-ақ. Өкінішке қарай, ол дәуірдегі іс қағаздарын жасаушылар біздің арманымызды ақтамаған. Әр заманның өз жүйесі бар, бізге жеткен там-тұм деректерді  дәтке қуат еткеннен басқа шара жоқ. Оның есесіне көлкөсір аңыз-әпсаналарға арқау болып, ғасырлардан өтіп, бізге жеткен әңгімелер барына шүкіршілік.

«Абылай сұлтан қалмақ тұтқынынан босап, еліне таяп келіп қалды, қасында жоңғарлардан 30 адам бар… Абылайдан келген кісілердің айтуы бойынша, Абылай жоңғарлардан үлкен құр­метпен босаған.  Жоңғар ханы  оған алтын оқамен зерленген отау үй, оқалы шапан, жинамалы темір шатыр, темір сауыт, т.б. беріп аттандырғаны» туралы деректер бар. Мұндай сый-сияпат Абылайға «қазақ пен жоңғардың келешекте тату көрші тұруы үшін көрсетілген. Жоңғарлар өз тарапынан бұдан былай қазақтарға тиіспейді. Ал, Абылайдың жанындағы жоңғар елшілері генералға жолығуға келе жатыр-мыс. Нендей мақсатпен жолығатынын Абылай жіберген адамдар білмейтін көрінеді».

Енді, Әбілмәмбеттің жоңғар қолындағы баласы Әбілпейіз сұлтан туралы жазба мағлұмат мынадай: «Ол  сонда, жанында алты күтушісі бар, айына он қой сояды, тамағы тоқ. Жоңғарлардың қашан босататыны белгісіз. Жоңғарлар оған қоса, Барақ сұлтанның ұлын да аманатқа сұрап отыр. Ал, Әбілмәмбеттің ұлын аманатқа апарып берген Малайсары батырға сый ретінде  40 құл мен 100 бие беріп қайтарыпты»

Нияз батырдың қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны туралы нақты дерек болмағандықтан, жанама деректерге қарап отырып, жоба жасағаннан басқа амал жоқ. Батырдың заманы, өмір сүрген ортасы, замандастары жөніндегі деректерді салыстыра, салмақтай қарап, оның жасы Әбілмәмбет ханмен шамалас деп болжауға болар, бәлкім одан бірер жас үлкен де шығар. Ал, Абылай ханға әке тұрғысында екені дау туғызбайды, кемінде одан 18-25 жас үлкен болуға тиіс. Әлбетте, Қаздауысты Қазыбек бабамыздан кіші, Әбілқайыр ханнан да біраз жас кіші десек, қисынға келер. Сонда оны 1680-85 жылдары туған, 1760-жылдан кейін қайтыс болған деп жобалаймыз.

Қытай мұрағаттарында сақталып, кейінірек қолға тиіп отырған мына құжатта Нияз батыр және оның замандастары туралы деректер бар.

1758 жылғы ақпан айында хатталып, тіркелген «Қазақ тайпаларының саны туралы» деген тізбеде: «Орта жүзде: тарақты, арғын, найман, керей, уақ, төлеңгіт, қыпшақ қа­тарлы 7 тайпа бар», екендігі көрсетіледі де, олардың саны, кімнің билігінде екендігі құжат түрінде жазылған. Көне тарихи мағлұмат ретінде қазіргі ұрпаққа қызықты көрінер деген ниетпен сол тізімді қысқартпай бермекпін. Атап, айтсам, бұл деректер менің «Қазақтың ханы – Абылай» деген атпен, былтыр басылып шыққан екі томдық кітабымның 1-томының 528-530 беттерінде толық берілген. Зерттеуші Бақыт Еженханұлы бұл құжаттың маңызды мағлұмат екенін атай келе, «мәліметтерді қазақ даласына барған мәнжу елшілері Абылай ханның өз аузынан естіп, жазып алғанына» көз жеткізген. Демек, бұл деректердің асыл дәйегі берік екендігіне сенуге болады.

Бұл деректер де Нияз бабамыздың өз заманында, Қазақ хандығының мемлекеттік басқару жүйесінде алған ерекше орнын көрсетеді. Жеке тұлғаға арналған осынау шағын жазбаларда Тәуелсіз Қазақстанның өткен тарихына барлау жасауға талпыныс жасадық. Бұдан шығатын қорытынды – әр дәуірдің ерекшелігіне қарай, халықтың тағдырын мойнына алған көсемдері мен шешендері, билері мен батырлары болған. Егер, бүгінгі біздің бойымызда өз ұлтымызға, жерімізге деген сүйіспеншілік, құрмет сезімі болса, жүрегімізде бір мысқал намыс болса, сол ата-бабаларымыздан қалған. Неше ғасыр өтсе де, бойға қуат, ойға дәт беретін осы өнегені қастерлей білсек қана, өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпаймыз. Ол үшін тарихты білу керек, білуге талпыну керек.

Зарқын Тайшыбай – Филология ғылымдарының кандидаты, профессор, өлкетанушы

 

КЕСЕНЕДЕ ЖЕРЛЕНГЕН ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ЖАЙЫНДА БІЛЕСІЗ БЕ?

Түркістан – еліміздің рухани орталығы. Қазақ халқының мәдениеті мен өркениеті, тарихы дәл осы киелі қаламен тығыз байланысты десек қателеспейміз. Себебі, мұнда қазақтың хандары мен батырлары өмір сүрген және талай қиылы кезеңдерді бастан өткерген. Ал, қасиетті қаланы осындай абыройға жеткізіп отырған, әлемдік сәулет өнерінің інжу маржанына айналған Қожа Ахмет Ясауий кесенесі екені ешкімге дау тудырмаса керек. Өткен тарихымыздан қалған асыл мұра, қасиетті жалғыз шаңырақ тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізбесіне енгізілген. Күмбезі көк тіреген көркем кесене ел мәдениетінің өткен тарихы ретінде әлем халықтарын да мойындатқаны анық. 1989 жылы Қазақстан Республикасы үкіметінің арнайы қаулысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейі» болып қайта құрылып, ережесі бекітілді. Осыдан кейін 88,7 га. қараусыз жатқан көне шаһардың орыны мемлекет қарауына алынып, музейдің қорғау аймағына енгізілді.

Бұл қорғау аймағының асты тұнып тұрған тарих, түркі жұртының, одан бері ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырған қазақ халқының өмірі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен руханияты осы киелі мекенде жатыр. Бір сөзбен айтқанда, қасиетті кесене «Әзірет Сұлтан» еліміздің асыл мұрасына айналды. Алты ғасыр бойы от пен оқтан аман сау жеткен мұндай жауһар жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпақтарға жеткізу өте маңызды.  Әзірет Сұлтан кесенесінің еліміздің тарихы мен рухани өмірінде маңызды орын алатыны мәлім. Аталмыш кесене ішінде көптеген хан сұлтандар мен игі жақсылар жерленген.

Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог, мәдениет қайраткері, Түркістан облысының құрметті азаматы Марат Тұяқбаев бүгінгі таңда Әзірет Сұлтан кесенесінде 235-тен аса адамның нақты жерленгені жайлы деректер бар екенін айтады.

Нақты деректер бар. Алайда, олардың барлығын дерлік тиісті зерттеулерден өткізіп, жан-жақты дәлелдеп барып ғана тізімге енгізуге тиіс екендігімізді түсінеміз. Міне, осы себепті бүгінгі күні 235 адамның аты-жөні тақтаға түсіп отыр. 2015 ж. аталып өткен Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына орай Халықаралық қазақ-түрік университеті «Қазақ хандары» атты жинақ шығарды. Жинақта белгілі қазақ тарихшылары мен Т.И.Сұлтанов, В.И.Ерофеевалардың еңбектері негізінде анықталған 78 ханның қысқаша өмірбаяны берілген және тек аты ғана белгілі 5 хан енгізілген. Сол авторлар мен біздің ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып Түркістанда қазақтың 22 ханы жерленгені және олардың 14-і осы қаланы өздерінің Ордасы ретінде жариялағаны белгілі болып отыр.

Хандар қаланы негізінен қысқы тұрақтары және ресми билік орталығы ретінде пайдаланған. Тарихтан Әбілмәмбет ханның күзде қалаға қыстау үшін көшіп келген сәті белгілі, бұл құбылыс үлкен мейрамға айналып, бірнеше күн бойы халыққа ас берілген. Көш қалаға кіріп келе жатқанда сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алған халыққа мыс ақшалар шашылып отырған, кесенеде әулиелерге, осында жерленген хандарға бағышталып құран оқылған.

Алғаш рет мұнда 1598 ж. Тәуекел хан мен Қайнар-Күшек сұлтан жерленген. Қазақ хандарынан Түркістанды астана деп жариялаған Есім хан 1628 ж. осында жерленеді, онан соңғы жерленген 20 ханның ішінен үш жүзге билігі жүргендері Жәңгір, Тәуке, Қайып, Болат, Әбілмәмбет және ұлы ханымыз Абылай болды. Егер қазақ хандарының жалпы санын, жоғарыда айтқандай 78 хан мен аты ғана белгілі 5 ханды қосып, 83-ке жеткізсек Түркістанда қазақ хандарының 25 пайызы жатқан болып шығады. Ал, сұлтандарға келсек әзірге белгілісі 8 адам ғана, егер Абылайдың өзінің 30 ұлы болғанын есепке алсақ олардың нақты санын білу мүмкін емес.

И.В.Ерофееваның анықтауынша қазақ хандары мен сұлтандарының екіден төртке дейін әйелдері болған, ал, кейбіреулерінікі бестен жетіге дейін жеткен. Одан да көп болғандығы жөнінде де деректер бар. Ал, олардан туған балаларының саны да адам таңғаларлық, мысалы, Нұралы ханның 40 ұлы, 34 қызы, ал, Абылай ханның 30 ұлы, 40 қызы, Қайып ханның 30 ұлы, Қарабай сұлтанның 27 ұлы, Айшуақ ханның 16 ұлы, Уәли ханның 14 ұлы, Қаратай ханның 12 ұлы, Бөкей ханның 11 ұлы болған. Ал, жалпы қазақ хандарының қанша ұл-қызы болғандығы бір Аллаға ғана аян, яғни, бұлардың қанша пайызы мұнда жерленгенін білу мүмкін емес.

Қазақ билеріне келетін болсақ Түркістанда жерленген әзірге 25 бидің есімі анықталып отыр. Ғылыми еңбектерде 84 қазақ ру-тайпаларының таңбасы белгілі, алайда негізгі қазақ тайпаларының саны 45 екендігін де білеміз. Олар әрі қарай кішігірім руларға және аталарға бөлініп кетеді, мұның санын дәл анықтау әлі күнге жүріп жатыр. Қазақ хандығы тұсында 45 тайпадан 45 би мемлекеттік мәселелерді шешуге араласты деп есептесек те, әр рудың, әр атаның өз биі болғаны барлығын шатастырады. Бізде жерленген билердің қаншасы тайпа биі болғанын білу де мүмкін емес, бұған олардың әр ғасырда өмір сүргендігін қоссақ ешбір есеп беру мүмкіндігінен айырыламыз. Батырлар да солай, Түркістанда әзірге жерленген 67 батыр есімі анықталып отыр.

Қоқан, Ресей билігі тұсында ел билеген датқалар мен болыстардан небәрі 6 датқа, 4 болыс осында жерленген, Қалғандары діни-рухани, игі жақсылар деген топтарға жатады», -дейді тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаев.

 

 

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын  Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңына жерленген тағы да 12 тұлғаның есімдері белгілі болған еді. Сол уақытта ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған ғылыми кеңесте тағы да он екі тұлғаның Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен маңына жерленгені туралы тарихи деректер мақұлданған болатын. Жалпы, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жанынан құрылған кеңестің әр отырысында ғылыми тұжырымдамалар тарихшы, ғалымдардың жіті сараптауынан, зерттеп, талқылауынан өтіп барып бекітіледі. Діни-рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің айналасында жатқан хан-сұлтан, батыр, билеріміздің ішінде анықталмағандары әлі де көп болуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл бағытта әлі де зерттеу жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді. Елімізге белгілі ғалымдар бұдан басқа да тізімге енбей қалған тұлғалар жайлы мәліметтер ұсынуда.

Сонымен қатар, кесенеде жерленген бірқатар тұлғалардың сол замандағы игі істері мен батырлық қасиеттеріне қатысты да деректер жиналып, оны дәріптеру шаралары да атқарылып келеді. Мысалы, кесенеде жерленген тұлғалардың игі жақсылар санатында тұрған Қоңыршұнақ Ердес Шүренұлы осыдан үш жыл бұрын батырлар тізіміне ауыстырылған. Өз заманында беделді, атақты әрі би, әрі батыр, әрі датқа болған Ердес батыр Шүренұлы туралы жазба дерек аз болғанымен, ел арасына тараған ол кісінің палуандығы, батырлығы, датқалық қызметі жайлы аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі дейді тарихшылар.

Тарихшы, ғалым, археолог  Марат Тұяқбаев осы уақытқа дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңында жерленген тұлғалар тізіміне Жолбарыс хан (Са’д Әулие), Әбділлә хан, Бибі Хисаб, Қазыбек би, Шоң би, Абылай хан, Сүйініш хан, Қоқырас хан, Әулие хан, Шорнағат хан, Ілияс хан сынды тұлғалар енгенімен, неге екені белгісіз Марқаді Мүннавара Паклар, Фам ғашық зікірші, Шихаб ад-дин Сарвар, Шайх Наджим ад-дин, Баба Ғариб, Үндемес ата, Жеті Ата, Үшбас Ата, Сұлтан Ибраһим сынды тұлғалар енбей қалғанын атап өткен болатын.

 

Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында зиярат әдебіне қатысты туған және қайтыс болған жылы белгісіз Садық Сапабекұлының қолжазбасы сақталған. Ол 1907 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, зиярат әдебін қалай жасау қажеттігі жөнінде жазып қалдырған. Онда зиярат ету кезінде құран оқып, дұға қылған жерлерді ізімен көрсеткен. Олар: Жолбарыс хан (Са’д Әулие), мешітте екі бас намаз оқу, Бағдизан Ақ Топырақ әулие, «Фатиха», «Ыхылас», «әл-Курси», «Мүлк» сүрелерін оқу, Марқаді Мүннавара Паклар, Әбділлә хан, Бибі Хисаб, Қазақ халқының әзіздері — Қазыбек би, Шоң би т.б., Абылай хан Сүйініш хан, Қоқырас хан, Әулие хан, Шорнағат хан, Ілияс хан, Құдықтан су ішу, «Халим-аба» тағамы дайындалатын жер, «Халауат» мешітіне кіру, Фам ғашық зікірші, Шихаб ад-дин Сарвар, Али Қожа Ата, Шайх Наджим ад-дин, Баба Ғариб, Үндемес ата, Жеті Ата, Үшбас Ата, Сұлтан Ибраһим, Имам Марғүзи-Көк тонды Ата, Қошшы Ата (Құшата), Гауһар Ана, Арыстан бабқа зиярат етіп, түнеу қажеттігін жазып қалдырған. Садық Сапабекұлы бұл орындардың бәрін Түркістанға зиярат етіп келген кезде көзімен көріп, марқұмдарға құран бағыштаған. Бұлардың ішінен Фам ғашық зікірші, Үшбас атадан басқасының жерленген жерлері анық болып отыр. Ал Жәмилә шын мәнінде Қожа Ахмет Ясауидің өкіл қызы болып табылады.Бұл жайлы Гауһар ана кесенесін зерттеген жұмыс есебінде де жазылған»,- дейді тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Марат Қымызұлы.

 

Тарихшылардың айтуынша Жәмила жайлы М.Е.Массонның «Мавзолей Х.А.Ясеви» атты еңбегінде «1896 жылы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерде оның қызы Жамал ханымның мазары, ал кесенеден қашықтау жерде оның Гаухар-хуштадждың кесенесі бар»-деген деректер кездестіруге болады. Сондай-ақ, басқа қолжазбаларда да Ясауидің өкіл қызы Жәмила жайлы мәліметтер бар. Ясауитанушы, ғалым Д.Кенжетай да түркістандық Нажимов Оразбайдың үйінде сақталған «Насабнамада» Қожа Ахмет Ясауидің Жамал есімді қызы жазылғандығын растайды.

Ал, бүгінге дейін тізімге енбей келген Шахабаддин Исфиджаби (Әзіреті Молла) жайлы деректерде оның Қожа Ахмет Ясауимен бірге Исфиджабтан келгені айтылады. Кейбір мәліметтерде оны Ясауидің ұстазы ретінде де көрсетеді.

Тізімге енгізілген тұлғаның бірі Қожа Әлидің құлпытасы Кіші Ақсарай бөлмесінде сақтаулы тұр. Құлпытастағы жазуды 1978-1980 жылдары текстолог Ә.Дербісәлиев аударған. Ол жерде «Тәшкенттік Мір Османбай мырза Кәрімбай 1916 жылы қайтыс болды»-деген жазу сақталған.

Қазіргі таңда, кесенеде жерленген діни-рухани тұлғалардың саны – 51-ге жетсе, Темір, Шәйбан әулеттері мен Қазақ хандығы тұсында жерленген 17 тұлға, қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры, 5 әзіз анасы, 10 датқа мен болыс, 30 игі жақсының есімдері белгілі.

Тарихи дерек: Саурандағы тербелмелі мұнара

Сауран – қамал қабырғалары сақталған ортағасырлық қала. Сан қилы тарихы бар қала өңірдің әкімшілік орталығы ғана емес, сонымен қатар медреселер мен білім беру орындары бар рухани-мәдени орталықтың да қызметін атқарған. Бұған дәлел археологиялық қазба нәтижесінде табылған құрылыс қалдықтары мен ортағасырлық саяхатшылардың жазбалары.
Сондай жазбагерлердің бірі — тимуридтер мен шайбани билеушілерінің сарай жазбагері болған парсы ақын-жазушысы Зейнаддин Васифи (1485-1566). Ол өзінің «Таңғажайып оқиғалар» еңбегінде Иассы, Сауран жөнінде деректер келтіреді. ХҮІ ғасырдың 30 жж. Сауран қаласына келген Зейнаддин Васифи Сауран қаласында мешіт-медресенің тербелмелі мұнарасы бар екендігін айтып, оны әлемнің кереметі деп суреттейді. Зейнаддин Васифидің жазуынша бұл мұнаралар бір-бірімен (жоғарғы жағында) шынжыр арқылы байланысқан. Бір мұнараның ішінде ол шынжырға ауыр бөрене ілініп, салбырап тұрған, егер бөренені қатты итеріп шайқаса мұнара да жайлап шайқала бастаған және бұл қозғалыс шынжыр арқылы екінші мұнараға да өтіп, олар сағат маятнигі сияқты синхронды тербеліске түскен.
Керемет инженерлік шешімдерді пайланып салынған бұл мұнараларды өкінішке қарай тек фотосуреттен ғана көре аламыз. Себебі мұнаралар туралы соңғы деректер ХІХғ. екінші жартысында П.И.Пашиноның жазбасында кездеседі және сол кезеңде бұл мұнаралардың бұзылғанын білеміз. Қазіргі күні медресе қирандысы толық аршылып, реставрацияланып ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылған.

А.Тұрсынов — «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы.

Тарихи дерек: Түркістанның 4 қақпалы аталуының мәні неде?

Д.Г.Мессершмидтің құжаттарының арасынан табылған Түркістан қаласының ХVII ғ. аяғында жасалған планында 6 мұнаралы қақпа бейнеленген. Ал, 1864 жылы орыс әскери топографтары жасаған картада қаланың жаңа қорған дуалымен қоршалып, 6 қақпаның орындарының ауыстырылғанын көреміз.
Алғашқы, XVII ғ. жасалған картада қақпалардың барлығы мұнаралы етіп бейнеленсе, 1864 жылғы картада қақпалардың үшеуі ғана мұнаралы етіп бейнеленген.
Жоғарыда айтып өткеніміздей олардың орналасқан орындары да өзгерген. Яғни, қала көлемінің үлкеюіне қарай қорған қабырғалары да тиісінше кеңейіп, қақпаларының орындары мен пішіндері ауысып отырған.
Құрылысы XIV ғ. аяғында басталған қаланың қорған қабырғасының сол кезде жасалған алғашқы құрылыс жобасында 4 қақпалы болған. Ал, XVII ғ. мұнаралы етіп, 1864 жылғы картада жай ағаш қақпа (калитка) ретінде көрсетілген екі қосымша қақпа сол кезеңдерде қала тұрмысының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жасалған қосымша қақпалар болуы керек.
Бұлай деуімізге, бүгінгі таңда Түркістанның «Төрт қақпалы Түркістан» деп аталуына себеп болған 4 қақпаның ғана атауы белгілі. Атаулары белгілі 4 қақпаны таныстырар болсақ, олар; кесене порталының оңтүстік шығысында 150 метрдей қашықтақыта орналасқан «Мүсәллә», кесененің оңтүстігінде кесенеден 400 метрдей қашықтықта орналасқан «Такия», Кесенеден солтүстік-батысқа қарай 800 метрдей қашықтықта орналасқан «Жеті ата» және кеснеден солтүстікке қарай 200 метрдей қашықтықта қарсы орналасқан «Дарбаза» қақпалары.
Қақпа атауларының шығу төркініне тоқтала кетсек; «Жеті ата» қақпасы қала қорған қабырғасының сыртында орналасқан «Жеті ата» мазарының атымен аталған. Бұл жерде Ахмет Ясауидің бір молада жерленген 7 муридінің (шәкіртінің) кесенесі орналасқан.
Мүсәллә қақпасы, «Мусалла» сөзі араб тілінде Аллаға сыйыну, намаз оқитын орын деген мағына береді. Бұл қақпа ішінде мешіт бөлмесі бар әулие кесенесінің порталына қарсы орналасқан, негізгі сыйыну орнына апаратын қақпа болғандықтан «Мусалла» атауы берілген.
Тәкия қақпасының атауы сопылық жолдың негізгі ритуалды практикаларының бірі «зікір салу» үрдісімен байланысты шыққан. Сопылық терминдер сөздігінде «Тәкия» дәруіштер, муридтер топталып зікір салатын жер деп көрсетіледі.
Дарбаза қақпасының атауына келер болсақ, «Дарбаза» сөзінің өзі Орта Азия халықтары арасында «Қақпа» деген мағына береді.
Толқын ЖОЛДАСОВ — «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының
қор сақтаушы.

Түркістан — қазақ халқының рухани құндылықтары сақталған қала

Түркістан қаласы —  қазақ халқының рухани құндылықтары мен ел тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын айшықтайтын, 1500 жылдан астам тарихы бар руханияттың ордасы. Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының  бүгінде тарихи нысандары да жетерлік. Түркістан ежелгі тарихтан сыр шертеді. Бүгінде тарихи орындарды қала тұрғындары, алыс-жақын елдерден келген туристер жиі тамашалайды. Бұл бағытта «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының мамандары да қазақ халқының рухани астанасы болған қаланың рухани құндылықтары мен ел тарихын дәріптеп келеді. Музейдің тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы С.Салходжаев өткен кезеңдердегі маңызды деректермен бөлісті.

 

-Түркістан қаласы — Ясы деген атпен II-XIVғғ аралығында өмір сүрген бекіністік қалашықтың өмірінің жалғасы болып табылады. Жүздеген жылдар ағымында қала өркендеді, бет-бейнесі өзгерді. Бүгіндері XIV-XIX ғғ. аралығындағы Ескі Түркістан шаһарының орны 88.7 га аумақты алып жатыр. Шекарасы бойынша қала қорған қабырғалар және орлармен қоршалған. Қамал қабырғасының жалпы ұзындығы 3 км-ге жуық, оның 11 мұнарасы болған. 1875 жылғы Түркістан қаласының жоспарында 5 қақпаның топографиялық түсірілімі бар. Олар: Дарбаза, Мүсәллә, Тәкиә, Жеті ата және Иқан қақпа. Бұл Орталық Азияның орта ғасырдың соңындағы ірі қалаларының бірі. Ол дәстүрлі түрде төрт әкімшілік бөлікке бөлінген, оларды ақсақалдар басқарған. XIX ғ. 60 жылдары Түркістан қаласында 20 махалләлік мешіт, 2 медресе, 22 су диірмені, 15 шеберхана жұмыс істеген. 1864 жылы халық саны 5000-ға жуық болған. Қазіргі танда Көне Түркістан қаласының аумағында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рәбия Сұлтан Бегім, Есім хан, Тәуке хан кесенелері секілді бірқатар Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан.

Ал, Цитадель қамал қабырғасы республикалық маңызы бар ескерткіш. Түркістан қаласының ежелгі тарихынан сыр шертетін тарихи орынды қала тұрғындары, алыс-жақын елдерден келген туристер жиі тамашалайды. Цитадель қамал қабырғасы (ХVІ-ХІХғғ.) — Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс жақ бөлігін қоршай орналасқан фортификациялық құрылыс түріне жататын ескерткіш. ХVІІІғ. бас жағында жасалған Түркістан қаласының фортификациялық құрылысы жайлы алғашқы сызбада қала мұнарасы қорған қамалмен қоршалған. 1947 жылы А.Н.Бернштам жетекшілігіндегі экспедиция Түркістан қаласының цитаделі мен шахарістанының сақталынып қалған қамал қабырғаларының жоспарын түзеді. Цитаделдің фортификациялық құрылыстарына алғашқы археологиялық барлау жұмыстары 1973 жылы жүргізілген.

Қазба барысында ХІХ-ХХ, ХVІІ-ХVІІІ, ХІV-ХVІғғ. жататын қамал қабырғасының үш құрылыс горизонты аршылады. А.И.Добромысловтың мәліметіне сүйенсек цитаделді қоршаған қамал ХХ ғасырдың бас жағында қирай бастаған. 1978-1979жж. реставраторлар жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қорған қамалының солтүстік-шығыс бөлігі мен шығыс мұнарасы және солтүстік-шығыс қақпалары қайта қалпына келтірілген. Қамал қорғанның үстіңгі жағы тісті болып аяқталған. Мұнарасы дөңгелек пішіндес, бөрене төсемдерімен жабылған. ХІХ ғасырдың ІІ- жартысынан кейін қамал қабырғалары өзіндік қорғаныс белгілерін жоғалтып қираған. Кейіннен 1980 жылы қабырғалардың фрагменттері қайта қалпына келтіріледі.

 

С.Салходжаев — «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы.

 

Тарихшылар мен ғалымдар тұран даласының ежелгі тарихы біздің елдігіміз бен бірлігіміздің, ата-бабадан дарыған дархан пейіліміздің, рухы асқақ айбынымыздың белгісі екенін айтады. Осы тұста филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Балтагүл Оспанова Түркістан мен қазақ халқының ғұмыры біте қайнасқан, ұдайы үндескен, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, бөле жаруға болмайтын тарих екенін айтады.

 

-Түркістан облысы – қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай, «Екі дүние – есігі, ер түріктің – бесігі», түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістан шаһары бүгінде облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, яғни түркі дүниесінің  рухани астанасы болып отыр. Облыс орталығы болғалы Түркістан облысы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін «Алтын көпірге» айналуда.  Орта Азия елдері мен Түркия мемлекетінің жалпы съездері, мәдени-рухани басқосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Оның мақсаты – рухани қалада  экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы деуге болады. Облыс төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі. Облыстың туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек  ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.

  • Шавгар – Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынғаннан кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап, Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылдан бастап, Қазақ хандығының астанасы деп танылды.  Бүгінде Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесінде қазақтың небір хандары мен билері жерленген.
  • Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы. Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Республикалық Мемлекеттік тарихи-мәдени «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайын» айтуға болады. Тарихи мұражай қорына Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегімнің мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т.б тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, алғашқы тарихи мұражайлардың маңызы ерекше.
  • Ортағасырлық Түркістан қаласының маңызы, мұнда ертеден шахристан, рабаттар, шағын сауда ошақтары орналасқан.  Қаланың солтүстік және батыс бөлігінде мұнара мен қабырға қалдықтары сақталған. Қаланы айналдыра қоршаған қабырғаның ұзындығы 3,5 шақырымға жуық. Жер қабаттарын зерттеулер бойынша, қаланың қамалы Монғол шапқыншылығынан кейін қалыптасып, XV-XVII ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған. Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Түркістанның бақыты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Яссауи тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Яссауидің бейітінің үстіне салынған. Бұл ғимаратты XIV ғасырда атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Ол – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстардың бірі. Оның негізін жамағатхана, қабірхана, мешіт, үлкен және кіші Ақсарай, кітапхана, асхана, құдықхана және хужра бөлмелерін құрайды. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзі қызықтыруда. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.
  • Есімхан кесенесі. Тәуекелден кейін 1598 жылы тарих сахнасына Есімхан шығады. Ол кесене жобасында төртбұрышты, оның қасбеттері-фасаттары плиткалармен қапталған. Құрылыстың сағана бөлігі сақталған. Архитектуралық, археологиялық зерттеулерге қарағанда, бұл құрылыс XVII ғасырда салынған. Кесенеге қазақ ханы, кейінгі ортағасырлық Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері Есім хан 1628 жылы жерленген. Есім хан бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға қатысқан, «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған батыр. Шығай ханның ұлы Есім хан жерленген кесене.
  • Рабия Сұлтан бегім кесенесі. Жобасында төртбұрышты. Ол ішкі 8 қырлы  және 4 төртбұрышты бөлмелерден тұрады. Бұл құрылыс туралы алғашқы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі. Рабия Сұлтан бегім Ұлықбектің қызы, Әмір Темір көрегеннің немересі, көшпенді өзбектердің ханы Әбілхайырдың әйелі болған.
  • Қылует жер асты мешіті. (ХІІ-ХІХ ғасырлар) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстікте, 150 метр қашықта орналасқан. Оның салынуы Ахмет Яссауидің есімімен тығыз байланысты. Құрылыс  ХХ ғасырдың 40-жылдарында толығымен бұзылып, қыштарын зауыт салуға қолданылған. Археологиялық, архитектуралық зерттеулерге сәйкес 1941 жылы жасалған макетке сүйене отырып, Қылует жер асты мешіті толығымен қалпына келтірілген.                         Құрылыстың ең көне бөлігі – ғартхана (XII ғ.) бөлмесі болып табылады. Жер бетінен 4 метр тереңдікте орналасқан бұл бөлменің көлемі 1,5 х 1,5 метр. Ахмет Яссауи пайғамбар жасына толған соң, қалған өмірін жер астында өткізген.
  • Ортағасырлық шығыс моншасы. (XVI ғасыр) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 150 м қашықта орналасқан, 7 бөлмеден тұрады. Монша 1978 жылға дейін жұмыс істеп келген. 1979 жылдан бастап, оның негізінде Шығыс моншасы мұражайы ашылған.
  • Құмшық ата жер асты мешіті. (ХІІ ғасыр) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 1 шақырым қашықта орналасқан. Жер асты мешіті сопылардың діни-ғұрыптық құрылыстары қатарына жатады. Ол да күйдірілген қыштан салынған. Сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған. Құмшық Ата мешіті екі бөлмелі, ұзынша келген (10 м-ге жуық) ені тар дәлізді, шыға берісінде есігі бар үңгір құрылыс. Шаршы шикі кірпіштерден қаланған. Түкпірдегі мекен-жай көлемі 2х2 м-ге жуық, биіктігі 1,6 м, төбесі шатырлы күмбезбен көмкерілген. Оған іргелес диаметрі 2,5 м және биіктігі 2 м-дей дөңгелек пошымды үй күмбезделіп жабылған. Дәлізі иірлі келген, негізгі құрылыс күйдірілген кірпіштен қаланған күмбезбен көмкерілген. Төбенің орта деңгейінен құдық тәріздес, диаметрі 1 м-дей, дәлізге жарық түсетін ойық жасалған. Жер асты мешітіне кіретін есік қирап қалғандықтан, баспалдақтың сатылары анықталмаған. Мешіт пен дәліздің қабырғасы шаршы пішінді күйдірілген кірпіштен өрілген. Бөлме қабырғаларында шырағдан қоюға арналған шағын қуыстар бар. Құрылыстың ішкі құрылымы сыланбаған. Жер асты мешіті Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген әулие Құмшық Атаның есімімен байланысты айтылады. Зерттеулер Құмшык Ата мешіті ХІІ ғасырдан бастап халық жиналып, діни уағыздар рәсімі өтетін орын болғанын растайды
  • Гауһар ана кесенесі. Тарихи деректер бойынша, Гауһар ана – Қожа Ахмет Яассауидің қызы. Гауһар ана бейіті – тарихи-архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі. Кесене Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан – Шәуілдір автокөлігі жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Гауһар ана кесенесінің  ені 20 метрге жуық кішкене төбе болып келеді, алғашқы қабірдің орны бұзылып кеткен, шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан тұрады. 1990 жылдары қаббірдің жанынан зиратшыларға арналған үш бөлмелі құрылыс тұрғызылды. 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған.
  • Әлқожа ата кесенесі. Кесене ХІІ-XV ғасырлар шамасында салынған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 км жерде Ә.Тұтқабаев көшесінің бойында орналасқан. 1997-1999 жылдар аралығында өзінің сәулеттік ерекшеліктері толық сақталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қабірхана, жамағатхана және бастырмадан тұратын ескерткіш күйдірілген кірпіштен қаланған.  Қабірхана мен Жамағатхананың бөлмелері күмбезделіп жабылып, төрт жағынан терезе ойықтары орнатылған. Бастырмасы айнала төрт қырланып, кірпіштен өрілген. Халық аузындағы аңызға қарағанда, Әлқожа ата Қожа Ахмет Яссауидің күйеу баласы, яғни Гауһар ананың күйеуі болғандығы айтылады. Жалпы қорғау аймағы 3,0 гектар.
  • Жұма мешіті. Республикалық маңызы бар ескерткіш болып табылады. Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай қорығының құрамына кіреді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 125 метр қашықтықта, «Қылует» мешітінің жанында орналасқан.
  • Шілдехана. XII-XIV ғасырлардағы сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ескерткіш қиратылып, 1980 жылы қалпына келтірілді. Шілдехана – бұл жартылай жер асты ғимараты, оның сақталған бөлігі жер астында, беткі жағынан 2 м тереңдікте орналасқан.
  • Цитадель – қамал қабырғасы. Қамалдың, рабадтың және Қожа Ахмет Яссауидің айналасындағы бекініс қабырғасы XV-XIX ғасырлардан бері келе жатқан мұраға  жатады. Ескерткіш қамал қабырғасының жұрнақтары болып табылады. Қабырғаларды қала қабырғаларына іргелес шамамен 150 метр болатын шұңқырмен қаптаған. Қабырғаның сақталған бөліктері биіктігі 10 метрге дейін көтерілген.
  • Қақпалар. Халық арасында «Төрт қақпалы Түркістан» деген атпен белгілі, ХІХ ғ. қалған Жеті ата, Тәкиә, Мүсәллә және Дарбаза қақпаларының дәл орындары анықталып, археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қақпалар ортағасырлық Түркістан кезінде тұрғызылған.
  • Хан ордасы. Бұл жер Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 300 метр қашықтықта орналасқан. Ең алғашқы ақпаратты XVIII ғасырдың соңында құрастырылған орыс археологиясының жетекшісі Д.г.Мессершмидт картасынан табуға болады. 1875 жылғы қала жоспарымен 1954 жылғы картамен салыстыра отырып, жоспар-сызбаларымен бір хан ордасының нақты орналасқан жерін көруге болады. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі ғимараттардың XVII ғасырдың соңында немесе XVIII ғасырдың бірінші жартысында салынғанын көрсетті.
  • Күлтөбе ескі қаласының орны. Күлтөбе ортағасырлық  Түркістан қаласының шығыс жағында, Қ.А. Яссауи  кесенесінен оңтүстікке қарай 480 м жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 235 м. Сопақша келген, биіктігі 9 м, аумағы 150х120 м ауқымды төбешік болып келеді. Ескерткіштің топографиясы күшті өзгеріске ұшыраған. Күлтөбеде алғашқы болып археологиялық қазба жұмыстары 1972-1974 жж. Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды арқылы жүргізілді. Белгілі археолог Е.А. Смағұловтың пікірінше, қала б.з.д. ІІ ғ. Жібек жолымен қатар қалыптасқан.

Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытында салынған «Түркістан тарихи-этнографиялық орталығындағы» тарихи-мәдени жәдігерлердің орны бөлекше. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылған бұл орталықтың туристерге берер тәлімдік-танымдық маңызы зор. Бүгінде бұл орталық ғимараты қала әкімдігіне ауысып, жаңадан «Ұлы Дала Елі» атты бүкіл тарихынан жанды сыр шертетін кешенді құрылыс ғимараты осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде кез келген турист, не қонақты апарып көрсететін арнайы тарихи орынға айналған. Ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақ тарихының қырлары мен сырлары осы ғимаратқа кірген туристердің танымын арттырып, баурап алары анық. Осы тарихи жәлігерлердің өзі-ақ қаншама ғасыр өтсе де,  киелі қалаға туристерді қабылдауда маңыздылығын жоймай, кейінгі ұрпақтың көзіне сүртіп көрсетер құндылығы болуда.

Өткен жылы Түркістанға 1300-ден астам туристер келген. Облыстық кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық даму дәне туризм басқармасының мәліметінше, сол туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр.  Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі  түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.

Ежелден рухани астана болып саналған түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының  дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз.

Түркістан халқына және киелі қаланы арнайы көруге келген, саяхаттаушы туристерге барлық жағдайды жасау мақсатында, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қолға алынып, шаралар  жүргізілуде. Айта кетсек, сәулетті «Керуен-сарай» кешені іске қосылған. «Керуен-сарай» шығыстық жаңа үлгіде салынған. Келген қонақ, туристерге барлық жағдайы қарастырылған. 40 мың шаршы метрге созылған аумақты жағалай, айналдыра салынған толық қолайлы қонақ үйлер, дәмханалар, ойын-сауық орындары, түрлі аттракциондар, т.б ерекше көз тартады. Зәулім сарай 510 орындық «Облыстық Драма театрының» сұлулығы көз тартады. Бүгінде театр ұжымы өз жұмысын бастап, алғашқы қойылымдарымен көрермендерін қуантуда. Қала ортасынан бой көтерген ерекше сәнді «Амфитеатрдың» өзі не тұрады. Бейне бір ашық, жан-жағынан еркін кіретін дала театры ма дерсің! Сонымен қатар, Түркістанда «Хазірет Сұлтан» Халықаралық әуежайы пайдалануға берілді. Түркістаннан ұшаққа міне алады, Түркістанда ұшақтан түсе алатын жағдай түркістандықтардың өмірбойғы қолжетпес арманы еді. Бұл арманға да Алла жеткізді! Осындай қажетті нысандар қала туризмін дамытуға елеулі серпін берді. Осы жұмыстар, жалпы туризмді дамыту бойынша мәдени-рухани орталықтың жұмысының қарқынды дамуына әсер етуде.

Сонымен қатар, өткен жылы жоспарланған инвестициялық жобалар жайында айта кетсек. Оның ішінде  “Түркістан-Молл” ойын-сауық орталығы – 12,5 млрд.тенге, “Отау” ойын-сауық орталығы – 5 млрд. тенге, “Medina palace” қонақ үйі – 3 млрд. тенге, “Мұз айдыны” спорт кешені – 4 млрд. тенге,“Теннис” орталығы – 2,2 млрд. тенге, “Макдональдс” тамақтану орталығы – 0,8 млрд. тенге, “Тұңғыш Президент” Паркі – 14 млрд. тенгеге салу жоспарланған.

«Туризм» бағыты бойынша Түркістан қаласында да бірқатар іс-шаралар атқарылған. Соның ішінде Туристерге қызмет көрсету орталығында «Жас қолөнершілер байқауы» өткізілді. Қала тұрғындары мен туристерге арнап, сәуір айында Туристерге қызмет көрсету орталығының мультимедия залында «Оңтүстікфильм» киностудиясының тарихи-мәдени фильмдерінің апталығы өтті.Түркістан қаласы кәсіпкерлерінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі 200 балаға сыйлықтар ұйымдастырылды. «Керуен-Сарай» көпсалалы кешенінің қолдауымен 150-ге жуық балаларға арнап аттар шоуы және де аттракциондарға тегін билеттер ұйымдастырылды. «Visit Centre» орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, көп балалы аналар мен ардагерлерге арнайы электрокарлар бөлініп, қызмет көрсетуде.Екінші деңгейлі банктермен бірлесе жұмыс жүргізу арқылы мәдени-рухани орталықтан банкоматтар қызметі ұйымдастырылуда.Түркістан қаласына туристерді тарту мақсатында, жарнамалық бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде таратылды.Түркістан қаласы тамақтану орындарының басшыларымен кездесулер өтіп, тағамдар бойынша мәзірлерді бірдейлендіру және 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) әзірлеу жұмыстары атқарылды.

Түркістан туризмді дамытуда қолөнершілік түрі туристік индустрияның қажетті құрамдас бөлігі болып келеді және туризмді дамыту жөніндегі көрсеткіштерін жақсартуға үлесі айтарлықтай. Қолөнершілер орталығын салу арқылы Түркістан облысы бойынша  қөлөнершілердің басын қосып, өңірдің туристік әлеуетін қолөнер туындылары арқылы жылжыту ісі маңызды болып саналады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мен асханасынан сыр шертетін, туристік ойын-сауық этно-кешеннің болуы туристердің қаламызға деген қызығушылығын арттырады. Аталған жоба арқылы туристердің қалада болу мерзімін ұзартуға, бюджеттік түсімдерін арттыруға өз септігін тигізеді.

Ежелгі заманда адамдар жазба, таңбаларды тасқа қашап жазса, бертін келе қазақ халқының жаны бейнеленген, өзінің баға жетпес мұрасын, белгілер мен нышандарын  кілемге тоқып көрсеткен. Кілемдер – халқымыздың ұлттық рухының көрінісі. Халқымыз кілем тоқу ісіне қатты мән берген. Өзінің ішкі ойын, кең даланың ен байлығын, береке-бірлігі мен ынтымағын ою-өрнекке сыйғыза білген. Кілемдердің өрнектері бізге шеберлердің ішкі ойлары мен құпияларын ашады, сонымен қатар, оларды жасау уақыты мен орнын көрсетеді. Қазақ халқының философиясы мен дүниетанымын көрсететін жәдігерлерді сақтауға, туристік қуатын арттыруға, келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында, «Кілемдер мұражайы» жобасын Түркістан қаласында іске асыру – келешек ұрпағымыздың алдындағы маңызды міндетіміз болып табылады. Сондай-ақ алдағы уақытта, мұражайға қатысты бірнеше бағыттарда жұмыс жүргізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінсе…

Түркістан қаласы қазіргі таңда туристік ресурстарға бай өлке, алайда қаламызға келетін туристердің саны көрші мемлекеттердегі қалалармен салыстырғандағы көрсеткіштері төмен. Осы орайда келу туризмін дамыту мақсатында, халықаралық туристік маршруттарға Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Өңірде халықаралық маршруттарға ену үшін инфрақұрылым жүйесі өткен жылдармен салыстырғанда жоғарғы деңгейде. Шаһарымыздың темір жол және тас жол даңғылында орналасуы, сондай-ақ ағымдағы жылда әуежайдың салынуы туристік алмасуды – трансферді оңтайландырады. Осындай керемет үлгіде салынған әуежайы бар киелі қалаға туристердің келуі әзірге көңіл көншітпейді. Ол үшін туризмді жетілдіру мақсатында шетелдік туристердің әуежай арқылы дүрмек-дүрмегімен ағылып келіп жатуы үшін саяхатталатын жердің жарнамасы (біздің шетелге асыққанымыздай, алдын ала барлық мәліметті біліп отыратынымыздай) көркем жасалса, көрсеткіштерін жақсарту үшін ҚР Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген нысандарды салудағы инвестициялық жобалар тізіміне аталған жобаның еңгізілуіне басшылық тарапынан ықпал етілсе. Өңірді халықаралық туристік бағыттарға енгізу мақсатында жоғарғы деңгейде мәселе көтеріліп, көрші мемлекеттердегі қалалармен (Бұхара, Хиуа, Самарқан, Ташкент, Ашхабад, Санкт-Петербург, Мәскеу, Баку және т.б.) тығыз  байланыс жүргізіліп, Түркістан қаласын Халықаралық туристік бағыттарға енгізуге ықпал жасалса, «жұрттың Дубайдың ыстығын аңсағаны сияқты, Түркістанның шыжыған күнін аңсап, лек-легімен ұшақтан түсіп жатар ма еді» деген ой мазалайды. Ондай жағдайда, ел экономикасы көтеріліп, тұрмыс жағдайы бұрынғыдан да жақсарып, әлемдегі шағын да болса, туризммнен көтерілген бай елдердің қатарына қосылар еді. Ата-бабадан қалған жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз бізге осыны ұсынып тұр емес пе? Неге соны тездетіп, өз деңгейінде пайдаланбасқа?! Түркістан облысының туристік әлеуеті бұған жетіп артылатыны белгілі.

Қала халқы мен туристердің қозғалысына, орналастыру, тамақтандыру, тарихи-мәдени нысандар жайында ақпарат беретін оффлайн режимінде қызмет көрсетін 2GIS бағдарламасына Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Компания ақпараттардың 95 пайызы міндетті түрде сәйкес келуі тиіс деген қағидамен жұмыс жүргізеді. Анықтамада әрбір ұйымның мекен-жайы, телефоны, жұмыс уақыты, интернеттегі мекен-жайы, ғимаратқа кіретін тұсы көрсетіледі. Одан бөлек, компанияның  арнайы «визиткасында» көрсетілетін қызметтер түрі мен төлем жасау әдістері және тағы басқа қызметтер бар. Байланыс орталығының мамандары анықтамалықтағы ақпаратты жылына төрт рет жаңартып отырады.

2GIS оффлайн және онлайн  режимінде жұмыс істейтін бағдарламасына Түркістан қаласын енгізу үшін қаржы қарастырып, инвесторларды тартуға ықпал етілсе. «2ГИС карталары аумақты жер серігімен түсіру арқылы суреттейді. Ал үш өлшемді ғимараттар бірнеше ракурстан алынатын суреттердің көмегімен жасалады. Түркістан қаласының туризмін дамыту үшін инфрақұрылымдарды дамытудың бір бөлігі ретінде маңызды жоба болып есептеледі. Әрине, аталған жоба қомақты қаражатты қажет етеді, кезінде қараусыз қалып, шаңы төбеге көтерілген осынау киелі қалаға соңғы үш жылда ерекше көңіл бөлінгендіктен, өз қасиетіне тез оралтқан жандарға әлі де қаражат құю, оны осындай халықтың қолжетімді, бақытты өміріне жұмсау түк те емес. Болмайтынның көз алдында тез болатынына түркістандықтардың көзі әлдеқашан жеткен!

Туризмнен түскен табыс халықтың экономикасы мен тұрмысының көтерілуіне игі ықпалын тигізеді. Қазақстанның, оның ішінде Түркістанның туризміне қолайлы, тарихи орындар, салынып жатқан небір алып нысандар, аспанмен бой таласқан зәулім ғимараттар, жасалып жатқан көптеген игі істер жайында түннен-таңға айтуға болады. Осының бәрі түркістандықтар үшін оның бақытты тұрмысы, келген туристің жақсы серуені мен саяхаты, ең бастысы, келер ұрпақтың жайлы өмірі үшін сақталып келген, жасалып жатқан құндылықтар екені даусыз! Алдағы уақытта Түркістан туризмі дамып, өркендеп, әлем елдерімен иық теңестірері, ол жөнінде әлі талай айтыла берері де сөзсіз.

Балтагүл Оспанова — Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі