Ерлан Қошанов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

Түркістан облысы, 10 шілде. Мәжіліс спикері, «АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысында болды. Онда өңірдегі әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды аралап, тұрғындармен партиялық жобалардың іске асырылу барысын талқылады.
Палата спикері сапарын Сайрам ауданындағы сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын «AYKAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аралаудан бастады. Мұнда «Ауыл аманаты» партиялық жобасына атсалысқан шаруа қожалықтары басшыларының қатысуымен бағдарламаның іске асырылу барысы талқыланды. Аталған жоба ауыл-аймақта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.
– «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл азаматтары үшін табысын арттыруға зор мүмкіндік. Бұл, әсіресе, тұрғындарының көбі ауылда тұратын Түркістан облысы сияқты халқы тығыз өңір үшін өзекті. Биыл осы бағдарлама бойынша бөлінетін барлық қаражаттың бестен бір бөлігі дәл осында бағытталады. Бұл – шамамен 20 миллиард теңге. 3,5 мыңға жуық адамға жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді Ерлан Қошанов.

 

Облыста «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша оған қатысушылардың орташа айлық табысын 1,5 есе, сүт өнімдерін өндіруді 40,6 пайызға, етті 63,2 пайызға, жылыжай өнімдерін 30 пайызға ұлғайту жоспарланған. Жалпы биыл жоба аясында еліміз бойынша 17 мың адамды қамту көзделіп отыр.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылармен кездесті. Жоба қаржылық сауаттылықты арттырып, қаржыны дұрыс жұмсауға үйретеді. Жобаны өңір тұрғындары жоғары бағалап отыр. Мәжіліс төрағасының айтуынша, қазір елімізде 7,5 млн адамның, яғни халықтың үштен бір бөлігінің банкте қарызы бар. Шамамен 1,5 миллион азамат несиесін 90 немесе одан да көп күнге кешіктіріп төлеуде және банкроттық күй кешуде. Бүгінде бұл мәселе мемлекет деңгейінде көтерілді.

 

 

– Ондай адамдар қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Айналып келгенде, барлығы қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі. Сондықтан «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алып отыр. Екі айда еліміздің бірқатар өңірінде 20 мыңнан астам адам оқытылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш бүкіл ел бойынша 80 мыңға жеткізіледі. Тренерлер халыққа қаржыны дұрыс игеруді, отбасылық бюджетті жоспарлауды, несиені дұрыс алуды үйретеді,– деді Мәжіліс төрағасы.
Жалпы Палата спикері Президенттің саясаты мен «AMANAT» партиясының жобалары арқасында бүгінде ауылдағы белсенді азаматтар үшін жаңа әрі үлкен мүмкіндіктерге жол ашылғанын атап өтті.
– Партияның жобалары халыққа заң шеңберінде қарыздан құтылуға, қаржылық сауаттылықты үйренуге, өз ісін жүргізу үшін мемлекеттен тиімді несие алуға көмектеседі. Сонымен қатар біраз ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып жатыр. Олар да халықтың игілігіне беріледі. Ендігі кезекте ең бастысы – белсенділік танытып, осы мүмкіндіктерді пайдалану. Біздің міндетіміз – халыққа балық емес, қармақ беру. Адамдардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндіктер жасасақ, сонда жұмыс істеп, өздерін лайықты түрде қамтамасыз ете алады, – деді Мәжіліс төрағасы.

 

Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылындағы Данияр Қаратаевтың шаруашылығы – осының айқын дәлелі. Ерлан Қошанов бұл шаруашылыққа да ат басын бұрды. Қарызы көп, тұрақты жұмыс орны жоқ ауыл тұрғыны «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқып, кейін «Ауыл аманаты» жобасымен 4 млн теңге несие алған. 8 сауын сиыр сатып алып, сүт өндірісін жолға қойып отыр. Қазір Данияр Қаратаевтың тұрақты табысы бар.
Сонымен қатар Мәжіліс спикері Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы 1200 оқушыға арналған «Әл-Фараби» атындағы мектепке барды. Бұл білім ордасын 2022 жылы өңірге белгілі меценат, партия ардагері Низамхан Сулайманов жеке қаражатына салып берді. Меценат өз ауданында осындай 7 мектеп салдырған.
– Түркістанда өткен соңғы Құрылтайда Президентіміз жауапты азаматсыз Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес екенін айтты. Бұл адам ел игілігі жолында адал еңбек етіп, туған жердің дамуы үшін барын салып жүр. Ол өзінің нағыз патриот екенін сөзімен емес, ісімен дәделдеді. Сайрам өңірінің кәсіпкерлері – осы жауапты азаматтың жарқын үлгісі, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Ерлан Қошанов Құтарыс ауылындағы толықтай жеке қаражатқа салынған жаңа спорт кешенінде де болды. Ол партия мүшелеріне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің осындай үлгілерін республика деңгейінде көбірек насихаттауды тапсырды.

 

Сондай-ақ өңірде Мәжіліс спикері «Жер аманаты» және «Құқықтық көмек» партиялық жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысып, халықтың ұсыныстарын тыңдады. «Қарызсыз қоғам» жобасының бірқатар қатысушысы «АМАNАТ» партиясының қатарына қосылды. Жаңа мүшелердің айтуынша, олардың келуіне партияның қарапайым халыққа сөзбен емес, нақты іс жүзінде көмектесетіні себеп болған

Автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 87%-дан 92%-ға өсті.

Түркістан облыстық мәслихатының кезекті төртінші сессиясында Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов 2022 жылы атқарылған жұмыстардың есебін баяндады. Айта кетейік, бұған дейін депутаттардан құрылған тексеру комиссиясы өңірдегі жолдардың сапасын бақылау,  танысу мақсатында арнайы сапарларға шыққан болатын. Тиісінше,комиссия мүшелері өңірдегі жол саласындағы жұмыстармен танысып, сессия отырысында оң бағаларын берді.
 
Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды.
2022 жылы облыс аумағында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 794 нысан н/е 2 094,9 шқ. жолдар мен көшелер қамтылып, жыл қорытындысымен 645 нысан н/е 1 247,5 шқ. жол мен көше пайдалануға берілген.
Соған сәйкес, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 2022 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 87%-дан 92%-ға өсті.
Оның ішінде бақарманың тапсырысымен 2022 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарды жөндеуде негізгі басымдық – облыс орталығы мен үлкен елді мекендерді «БЕ-БҚ» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілді. Атап өтсек:
Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристтік нысандарға баратын 18 шақырым жолдар толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Отырар ауданындағы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындар тізіміне енген Отырар ескі қалашығына баратын 16,9 шақырым жол жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді.
Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын Шорнақ, Бабайқорған, Қарашық және Жүйнек елді мекендерінен өтетін 52,6 шақырым облыстық маңызы бар жолдар жөндеу жұмыстарымен қамтылып, 2022 жылдың қорытындысымен толық пайдалануға берілді.
Түлкібас ауданының Келтемашат, Даубаба және Састөбе бағытындағы 37,6 шақырымды құрайтын жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылды.
Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елді мекендерін «БЕ-БҚ» көлік дәлізіне қосатын 56,7 шақырымдық күре жолдар орташа жөндеуден өткізілді.
Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «БЕ-БҚ» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылды.
Бәйдібек ауданы аумағындағы Шаян-Жамбыл, Мыңбұлақ-Нұра, Шалдар-Сарқырама-Бірлік бағыттарындағы 71,4 шақырым жолдар жөнделіп, халық игілігіне берілді.
Жетісай ауданының Сұлубұлақ, Үтіртөбе, Көктөбе елді мекендерін қосатын 11,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, толық пайдалануға берілді.
Келес ауданындағы Жаңадәуір, Ынтымақ, 28 гвардияшылар, Диқан, Қазақстан ауылдарын қосатын 15 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді.
Сайрам ауданының Көлкент, Ақсуабад, Әйтекеби және Сайрам, Абдуллабад елді мекендерін жалғайтын 38,2 шақырым жолдарға күрделі және ортташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, 1 көпір күрделі жөндеу және 4 көпір ағымдағы жөндеу жұмыстарымен қамтылып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, 2023 жылы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан н/е 1594,2 шқ. жолдар мен көшелер қамтылып жұмыстар жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 604 нысан н/е 1238,3 шқ. пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Халықтың мұң-мұқтажын Үкіметке жеткізуде – форумның берері көп

Биыл, алғаш рет ел астанасында «AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумы өтті.  3 мыңға жуық адам қатысқан маңызды  шараға Түркістан қаласынан да бір топ депутаттар  барып қайтты. Өзім де аталмыш форумның қатысушы ретінде зор әсер алғанымды айтқым келеді. Ел аманатын арқалаған әріптестерім жауапкершіліктің жүгін сезінді. Халық қалаулылары өздеріне ортақ міндеттерді талқылап, министрлерге сұрақ қойып, өзара пікір алмасты. Форумда сөз алған  «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұсынған «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясына ерекше назар аударды.

Әділет пен адалдық – ажырамас ұғымдар. Ал осы ұғымдардың салтанат құруы үшін қоғамдық сана мен әлеуметтік құндылықтар өзгеруі керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Бұл бізге де қатысты. Осы жолда «AMANAT» партиясы барлық игі істердің алғы шебінде жүруі тиіс. Халықтың сенімі бізге күш береді. Сол сенімнің арқасында, өткен сайлауда Мәжілісте де, мәслихаттарда да басым дауысқа ие болдық. Премьер-министрдің кандидатурасын ұсындық. Министрлерді тағайындадық. Мәслихаттағы фракцияларымыз облыстар мен мегаполистердің әкімдерін тағайындады. Бір сөзбен айтқанда, партия зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді, – деді ол. Сондай-ақ форумда аманаттық депутаттардың сайлауалды уәделерді орындауға тиіс екендері, ол мақсатқа жету жолында жергілікті әкімдіктерге тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау керектігі де айтылды. Бұл ретте, мәслихат депутаттарының өкілеттілік аясы кең,  өңірдің дамуына ықпал ете алады, сондықтан әр халық қалаулысы елдікті басты нысана етіп, туған жерді түлету, халықтың әл-ауқатын көтеру, өмір сүру сапасын жақсарту жолында аянбай еңбек етуі қажет.

Форумға арнайы қатысқан Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Сайлауалды тұғырнамасын және «AMANAT» партиясының бағдарламасын іске асыру Үкімет жұмысының негізі екенін атап өтіп, алдымыздағы мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті ресурстардың барлығы бар. Қойылған міндеттерге қол жеткізу мәслихаттардың да белсенді қатысуын талап етеді, – деді ол. Сондай-ақ Үкімет басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға биыл 100 млрд теңге бөлінетініне тоқталды. Бұл дегеніміз қазақ халқының өзегі болған ауыл үшін мол мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз. Бір жағынан бұл іс-шараның басты мақсаты — аймақтардағы депутаттардың қарым-қатынасын нығайту екені де ескерілді. Форум барысында пленарлық отырыс өтті. Панельдік сессиялар болды. Өз ой-пікірлерімізбен бөлістік. Халықтың мұң мұқтажын Үкіметке жеткізуде – форумның берері көп. Бұл бұқара жүгін арқалаған халық қалаулыларына Үкімет басындағылармен өзара ашық диалог құруға, ел аманатын орындауға берілген мүмкіндік болды.

Ержан Қосмамбетов

Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты

 

Кентауда «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды қабылдау өтті

«AMANAT»-тың Кентау қалалық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды қабылдау өтті. Кездесуге келген тұрғындар түрлі мәселе бойынша партиялықтардан көмек сұрады.

Олардың арасында алаяққа алданған, қарызға белшеден батқан, баспанасынан айрылып, несие алып, шоттары бұғатталғандар көтерген азаматтар да болды. Өз кезегінде, заң сарапшылары, кәсіби заңгерлер мен адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен нотариус тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, заңгерлік көмек көрсетті.

Мәселен Г.Ахатаева есімді азаматша осыдан бірер жыл бұрын банктен несие алып, оны дер кезінде төлей алмағандықтан барлық есеп-шоты бұғатқа түсіпті. Берешегі берекесін алып, амалсыз аманаттықтарға жүгінген тұрғынға заңгерлік көмек көрсетілді.

Еске сала кетейік, партия қабырғасында аптасына екі рет тұрғындарға «Құқықтық көмек» жобасы аясында тегін заңгерлік кеңес беріледі.

Әр депутаттың уәдесі — Партияның халық алдындағы уәдесі екенін сезінеміз

«Әділет пен адалдық» . Мен үшін дәл осы ажырамас ұғымдардың өмірлік мағынасы мен мәні ерекше. Бұл түсінікті қоғамның санасына сіңіру де өте маңызды. Астанада өткен «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумында Партия төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұсынған «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясына ерекше назар аударды. Бұл өте дұрыс шешім және біз қоғамдық сана мен әлеуметтік құндылықтарды дамыта отырып, көздеген мақсатымызға жетеміз. Халықтың сенімі бізге күш береді. Партия төрағасы айтқандай, әр депутаттың уәдесі – партияның халық алдындағы уәдесі екенін сезінеміз.

Бұл форум жәй сөздің басқосуы болған жоқ. Басты мақсат мемлекет пен қоғам алдындағы және еліміздің әр бір азаматын толғандырған өзекті де,өткір мәселелердің шешімін іздеу болды. Уақыт талабына сай, барлық деңгейдегі мәслихаттың 2,5 мыңнан астам депутаты жалпы міндеттер мен алдағы жұмыс бағыттарын талқылап қана қоймай, министрлерге, орталық мемлекеттік органның басшысына өздерін қызықтыратын кез келген сұрақты тікелей қоюға мүмкіндік алды. Бұл Қазақстанның тарихында, республика бойынша тұңғыш рет жүзеге асқан басқосу. Міне, «AMANAT» партиясының да жаңаруы осылай басталуда.

Ерлан Жақанұлы атап өткендей, «AMANAT» партиясы үш науқанның – президенттік және парламенттік сайлаудың, сондай-ақ жалпыұлттық референдумның қозғаушы күші болды. Жалпы, партия барлық игі істердің алғы шебінде жүр. Түркістан облысының мәслихат депутаты ретінде халықтың бізге деген сенімі жоғары деп білемін. Сондықтан біз белсенді, адал, халық арасында сенім мен беделге ие азамат болуымыз қажет. Бүгінде, тұрғындардың басым көпшілігі жергілікті билікке қарағанда, сол аймақтан сайланған депутаттарға мәселесін жеткізіп, өтінішін айтып жатады. Мұндай жағдайлар жеке және қоғамдық қабылдауларда айқын көрініс тауып жүр. Тиісінше, Партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы айтқандай, депутаттар барлық ресурстар мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, нақты шешімдер қабылдауға да мүмкіндік алып, кез-келген мәселенің оң шешілуіне ықпал етуде.

Республикалық форумы аясында делегаттар 11 панельдік сессияда бас қосты. Менің ойымша, форум барысында «AMANAT» партиясының мәслихат депутаттары мен Үкімет мүшелері арасында тікелей диалог орнады. Депутаттардың өзекті мәселелерді шешуге тікелей ықпал жасауы — әр өңірдегі проблемалар мен аймақтардың жағдайын жеткізуге мүмкіндік берді. Яғни, халық қалаулыларының мұндай қадамдарын, халықтың аманаты мен уәдесіне беріктігі деп түсінуіміз керек.

Уалихан Рахиев,
Түркістан облыстық мәслихат депутаты.

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ БОЙЫНША КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Қ.Жантөрееваның қатысуымен партия жанындағы жастарды қолдау бойынша кеңестің төрағасы Х. Әшірбековтың төрағалығымен алғашқы отырысы өтті.
Кеңес отырысының күн тәртібінде 2 мәселе қаралды.

1) «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңестің құрамын таныстыру, 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылап, бекіту;
2) «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының «Сапалы жұмыс орындарын құру» және «Жастар үшін мүмкіндіктер» бағытында айқындалған міндеттердің орындалуы.
Кеңес отырысында жастардың түрлі санаттары бойынша өзекті мәселелер көтерілді. Күн тәртібінде қаралып отырған мәселелер бойынша Түркістаноблыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ахымбетов Бахыт Сәрсенбайұлы және Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшы орынбасары Нұрашев Нұржан Кеңесбекұлы баяндама жасады.

«Жасыл ел» еңбек топтары жобасы аясында маусымдық жобаға индикаторлық көрсеткішке сай 1300 орынға 343 адам жұмысқа қабылданды.
866 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 2 741 адам «Жастар
практикасы» жобасына, 4 971 адам әлеуметтік жұмыс орындарына (оның ішінде 1 630 жастар немесе 32,8%), 16 823 адам қоғамдык жұмыстарға (оның ішінде 5 652 жастар немесе 33,6%), 1 590 адам
«Күміс жас» жобасына катысты. Жоғарыда көрсетілген мәліметтерге сәйкес кеңес отырысында арнайы хаттама толтырылып, жауапты мекемелермен бірлесе жұмыс жасалатын болады.


Партия төрағасы міндетін атқарушы Қ. Жантөреева өз кезегінде: «Жастар ол- үлкен күш. Соңғы өзгерістерге сәйкес жастардың жас ерекшелігі 35 жасқа дейін өсті. Бұл өз кезегінде жастардың саны мен қоса мәселелерін де көбейтті. Партия және кеңес мүшелері қандай да бір мекемені сынау үшін емес, туындаған мәселені бірге шешу үшін жыйналуымыз керек!»- деп кеңес отырысын қорытындылады.
Келесі кеңес отырысы тамыз айына жоспарланған. Ұсыныстарыңыз бен қосымша пікірлеріңізді кеңес хатшысы Е.Мадиярұлына (yerkebulan.madiyaruly@gmail.com) жолдасаңыздар болады.

САУРАНДА ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалында азаматтардың арыз-өтініштері бойынша Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Темірбекова Жанар Амангелдіқызы бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауға «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалы төрағасы С.Асылбеков, облыстық мәслихат депутаты Б.Сүлейменов, Майдантал ауылының әкімі Ж.Досболов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ш.Алиханов, ауыл тұрғындары қатысты.
Қабылдауға келген Майдантал ауылының тұрғыны Н.Исаханов ауыл жастарына спортпен шұғылдану үшін жағдай жасалынса деген өтінішін жеткізді.
Ал сол ауылдың тұрғыны Р.Нұрпейіс ауылда талантты жастардың көптігін айта келе ауылда осы күнге дейін мәдениет үйінің жоқтығын айтып, жаңа мәдениет үйін салуға қолдау көрсетуін сұрады.Сонымен бірге ақжолтай жаңалықтың бірі ауылдағы білім ошағының қазіргі апатты жағдайын ескерген жергілікті билік өкілдері келесі жылы жаңа мектептің құрылысы басталатындығын жеткізген болатын. Бұл жаңалыққа бүкіл ауыл қуанып жатыр. Алайда жаңа құрылыс жұмыстары ескі мектеп орнына салынбай, басқа жерден салынса деген ұсынысын айтты. Ауылда мектеп, спорт орталығы, мәдениет үйін салу үшін арнайы жерлердің құжаттарына дейін дайын екендігін айтқан тұрғындар ары қарайғы жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлуге қолдау сұрап келгендерін тілге тиек етті.
Қабылдауға келген Бабайқорған ауылы Серт елді мекенінің тұрғындары Ш.Талипов, Р.Эрметов, М.Абдухаиров ,С
Набишевтер ауылда 120 отбасы тұрады. Су тіршілік көзі екендігін білесіз. Біздің ауылдың тұрғындары бүгінгі күні ауыз суға жарымай, көрші ауылдан тасымалдап ішіп отырғандығын жеткізді. Ауыл тұрғындарын толық ауыз сумен қамту үшін арнайы су ұңғымасын қаздыруға бюджеттен қаржы бөліп, аталған мәселені шешіп беруді өтінді.
Қабылдауға келген Шорнақ ауылы Қосмезгіл елді мекенінің тұрғындары Н.Акешов, Э.Исаевтар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым жерлердің ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына беру үшін мемлекетке қайтару жұмыстарына көңілі толмайтындығын, қазіргі таңда жайылымдық жерлердің қайтару жөнінде нақты ақпарат ала алмай жүргендігін, сондай-ақ Қосмезгіл елді мекенінде ауыз су толық қамтылмағандығын, жарық бағаналары тозығы жеткендігін, жаңадан орнатуға қолдау көрсетілсе деген сияқты өзекті мәселелерді көтерді.
Азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдаған Жанар Амангелдіқызы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе қараусыз қалмайтындығын, арнайы бақылауға алынып, заң аясында қарап, қабылданған шешімдер бойынша қосымша хабарлайтындығын түсіндірді.

КЕНТАУДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР

«AMANAT» партиясы Кентау қаласы бойынша 2023-2027 жылға арналған Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының 2023 жылға көзделген 55 тұрғын үйді жөндеу бойынша Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйді жөндеу жұмыстары басталды. Бұған дейін 2014 – 2021 жылдары аралығында 211 көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, кіреберістері, қасбеті, жертөледегі инженерлік жүйелері толығымен жаңғыртылған болатын. Жалпы, Кентауға қарасты 376 көпқабатты тұрғын үй бар. Кезең-кезеңімен осы баспаналарды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

 

 

2023 жылға 55 көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 1,57 млрд теңге қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі таңда аталған көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйдің шатыры, кіреберістері, қасбеті, жертөледегі инженерлік жүйелері толығымен күрделі жөндеуден өтетін болады.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАНЫҢ 4 БАҒЫТЫ БОЙЫНША 136 ІС-ШАРА ЖОСПАРЛАНДЫ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ғимаратында, облыстық партия филиалының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының таныстырылымы туралы баспасөз мәжілісі өтті.
Брифингте облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, партиялық Жол картасының негізгі бағыттарын БАҚ өкілдерінің алдында баяндады.

 

 

Жол картада сайлауалды бағдарламаның 4 бағыты бойынша 136 іс-шара жоспарланған.
БІРІНШІ бағыт «Табысты арттыру» деп аталады.
Қазірдің өзінде, «Ауыл аманаты» бойынша облысқа, Республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 64 ауылдық округтегі 4 000-ға жуық жобаны қолдау көзделуде. Сонымен қатар, 75 кооператив таңдалып, несие алушылардың тізімі жасақталуда.
Бүгінгі күнге, ауыл тұрғындарнан 847 өтінім қабылданды, оның ішінде 248 өтінім несие комитетімен мақұлданды, 459 өтінімнің құжаттары қаралу сатысында. Жоба құнына қарай 11 адамның есепшотына 59 млн.тг аударылды.
«Жер аманаты» бойынша өткен жылы, облыста 1 миллион гектардан астам жер, ортақ жайылымға қайтарылған болатын. Жол картаға сәйкес, 5 жылда 490 мың гектар жерді қайтару қарастырылса, оның 330 мыңы биылға жоспарланған. Бүгінгі күнге, 51,1 мың га жер қайтарылды.
ЕКІНШІ бағыт «Өмір сапасын арттыру» деп аталады.
2027 жылға дейін, облыста жаңадан 96 мектеп салуға, тозығы жеткен 10 мектепке күрделі жөндеужүргізуге ықпал етпекпіз.
Медицина саласында 28 жаңа денсаулық сақтау нысанын салуға және ауылдық елді мекендерді медицина саласының мамандарымен қамтуға күш саламыз.
ҮШІНШІ бағыт «Өмір сүру жағдайларын жақсарту» деп аталады.
2027 жылға дейін барлық қаржыландыру көздерінен 4,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салуға күш саламыз. Тозығы жеткен 271 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен қаржы бөлінетін болады.
Сонымен қатар, биылғы жылы жөндеу жұмыстары басталған Кентау қаласындағы «Жылу электро-орталығындағы» жұмыстар партиялық бақылауға алынды.
Қазірдің өзінде, Энерго орталықтың 8 қазандығын қайта құруға сметалық құжаттама жасалып, жоба құны 13,7 млрд. теңгені құрап отыр. Биыл, 4 қазандықты қайта құру жоспарланған. Бүгінгі таңға облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, конкурстық шаралар жүргізілуде. Алдағы уақытта Республикалық бюджеттен 6,7 миллиард теңге бөлінеді деп күтілуде. Қалған 4 қазандықты қайта құру 2024 жылға жоспарланған. Оған қажетті сомма 6,0 миллиард теңге.
Облыста 185 мыңға жуық зейнет жасындағы азаматтар тұрады. «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында, алдағы 5 жылда 400-ден астам ардагерге түрлі деңгейдегі көмектер көрсетілмек.

 

 

Сонымен қатар, «Кедергісіз келешек!» жобасы бойынша, алдағы 5 жылда 6,7 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Одан бөлек, Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында 200 орындық мүмкіндігі шектеулі ересек азаматтарға арналған, 50 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтарын пайдалануға беретін боламыз.
Төртінші бағыт «Экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шараларды күшейту» деп аталады.
Бұл жерде Газ отынымен жұмыс істейтін қоғамдық көліктер санын ұлғайту, Түркістан қаласы аумағындағы жасыл белдеуді дамыту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру Кентау қаласына қарасты елді мекендерді экологиялық аймаққа кіргізу секілді жұмыстар жүргізілетін болады.
Сайлауалды бағдарламаны орындау жөніндегі әрбір көрсеткішке жауапты мәслихат депутаттары бекітіліп, орындалуы партиялық бақылау фракциясы арқылы күшейтетілмек. Қазірдің өзінде құрылысы жүріп жатқан 33 мектепте партиялық бақылау бекеттері ашылды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ТҮРКІСТАНДА МҰСТАФА КЕМАЛ АТАТҮРІКТІҢ ЕСКЕРТКІШІ ОРНАТЫЛАДЫ

Түркістанда Түркия Республикасының 100 жылдығына орай, Осман империясынан кейінгі кәсіби Республиканың негізін қалаған танымал мемлекет қайраткері, саясаткер және реформатор Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші орнатылмақ.
Бұл келісімге Түркістан қаласы әкімдігі мен Стамбұл қаласы Малтепе провинциясы арасындағы меморандум негізінде қол жеткізілмек.
Ескерткішті орнату жұмыстарын Түркия Республикасы толық қаржыландыратын болады. Қазіргі таңда ескерткіш бой көтеретін орынжай белгіленіп жатыр. Екі ел арасындағы достық қатынасты нығайту мақсатында Малтепе аймағының мэрі Али Кылыч бастаған бір топ түркиялық делегат Түркістанға келіп, қала әкімдігінің басшылығымен, сондай-ақ жергілікті зиялы қауым және БАҚ өкілдерімен кездесті.
Басқосуда Анадолы мен атажұрттың рухани-мәдени байланысын нығайту жайы сөз болды. Рухани мазмұны мол шарада түркі бірлігін ұлықтаған әндер орындалды.
Еске сала кетсек, Түркияның бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүрік 1881 жылы дүниеге келген. Ол Түркияны зайырлы, индустриялды ел етіп өзгерткен тұлғалардың бірі болды. Әлемдік деңгейдегі танымал тұлға 1938 жылы өмірден озған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version