Түркістан облысының отандық нарықты қамтумен қатар, экспортты ұлғайтуға мүмкіндігі бар

Түркістан облысында Үкіметтің инвестициялық жобалардың тізімін жасақтау жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімінің қадағалауымен елге кіріп жатқан импорт тауарларына талдау жүргізіліп, импортты азайтып, экспортты ұлғайту жұмыстары жандана түсті. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығында терең өңдеуге басымдық беріп, отандық нарықты қамту керектігін айтты.

– Жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығында Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Барлық саланы терең зерделеп, мүмкіндігімізге сай келетін бағыттар бойынша жобалар мен жоспарлар әзірлеңіздер. Дамытатын салаларды қаржыландыру бойынша нақты ұсыныстар қажет. Импортты азайтып, отандық нарықты қамтып қана қоймай, кейбір салалар бойынша экспортты ұлғайтуға да мүмкіндік бар. Жұмысты жандандыру керек, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, импортты алмастыратын 6 сала, 31 өнім бойынша талдау жүргізілген. Аталған салаларда импортты алмастыратын 65 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде, 28 инвестициялық жоба 2025 жылы, 26 инвестициялық жоба 2026 жылы және 11 инвестициялық жоба 2027 жылы іске асады деп жоспарланған. Инвестициялық жобалардың жалпы құны – 707 млрд. теңге. Жоба саны мен қаржы көлемі ұлғаяды.

Жобалардың бірқатар ірілеріне тоқталсақ, Түркістан облысының өндіріс орындары алдағы уақытта алюминий профильдерімен елімізді толық қамтымақ. Сонымен бірге жиһазбен де отандық нарықты қамтып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бар. «Жасыл Суық Қазақстан» компаниясы толық қуатына енгенде өнеркәсіптік тоңазытқыштар құрылғылары импорты көлемін 48 пайызға төмендетсе, алдағы уақытта іске қосылатын зауыт арқылы елімізді сыртқы бейнебақылау камераларымен толық қамту көзделіп отыр. Кептірілген көкөніс шығару, жеміс-жидекті терең өңдеу, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару, жылу құбырларын шығару және өзге де салалар бойынша импортты төмендету бойынша жобалар жүзеге асады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, өңірдің импортқа тәуекелділігін төмендету бағытында агроөнеркәсіптік кешенінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан негізгі 10 бағыт айқындалған. Сүтті терең өңдеу, ет экспортын арттыру бойынша жаңа кәсіпорындар ашылып, жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен бірге алдағы уақытта құс шаруашылығын дамыту, көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар күшейтілмек.

Қазіргі таңда тиісті министрлік те экспорттаушыларды қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл ретте экспортты ілгерілету экожүйесінің институционалдық негізін қалыптастыру бойынша жұмыс аяқталғанын атап өту маңызды. 2024 жылғы 23 қаңтарда Мемлекет басшысы айтарлықтай қаржы ресурстарын шоғырландыра отырып, мемлекеттік қолдау шараларының кең спектрін іске асыратын экспорттық-кредиттік агенттікті қалыптастыру туралы Заңға қол қойды. Агенттік субсидиялау және кепілдік беру, сауданы қаржыландыру сияқты қолдау шараларының жаңа түрлерін жүзеге асыратын болады.

« Қазіргі таңда жаһандық тауар нарығында өзгерістер бар және бәсеке күшейіп тұр. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беру керек. Еліміз үшін жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орынды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», деген еді Президент.

Мемлекет басшысының нақты тапсырмасына сәйкес, отандық өнімнің сырттағы, нарықтағы орнын кеңейту жұмыстары қарқын алып келеді. Әсіресе, шикізаттық емес тауарлар экспортының географиясы ұлғаюуда. Еліміздің негізгі өткізу нарықтары Қытай, Ресей және Орталық Азия елдері болып қала береді. Сонымен қатар экспорт географиясын кеңейту және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыс елдеріне жеткізілімдерді ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елімізде тауарлар мен қызметтерді сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша үйлестірілген жұмыстың қағидаттары мен тәсілдері де әзірленген. Қазақстан Қытай елімен өзара сауда көлемін арттыру мақсатына ерекше назар аударуда.  Бұл бағытта Түркістан облысы көрші елдің провинцияларымен май өнеркәсібі, астық өңдеу саласындағы экспортқа бағдарланған жобаларды да белсенді пысықталып жатыр.

ТҮЛКІБАСТА СҮТТІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ САЛАСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе ауылында ашылған «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі осы кезге дейін тәулігіне 1 тонна сүтті өндеп, түрлі өнім шығарып келген-ді. Бүгінде халықтың көңілінен шыққан, сапалы әрі дәмді өнімдері сұранысқа ие цех енді өнім көлемін 3 есеге арттырып, тәулігіне 3 тонна сүт өңдемек.

Бүгін аталған нысанға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев және жауапты мамандар арнайы барып, кәсіпкердің жаңа жобасымен танысты.«Майтөбе сүт» өндірістік кооперативінде айран, қаймақ, сары май, сүзбе, чечель, ірімшік, құрт өнімдері өндіріліп, дүкен сөрелеріне сатылымға шығуда. Бүгінгі таңда кәсіпорында екі ауысыммен 18 адам жұмыс істеуде. Алдағы уақытта кәсіпорын жұмысын ұлғайту көзделіп отыр. Аталмыш өндірістік кооперативін қайта жабдықтау жұмыстарына 80 млн. теңге жұмсалған.

Журналистика – қоғамның айнасы, елдің жүрегі.

Журналистика – қиын да қызықты, ақыл мен ойды, ізденіс пен шапшаңдықты талап ететін сала. Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып, қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қашан да құрметке лайықты. БАҚ өкілдерінің салмақты сөздері мен кәсіби пікірлерінің арқасында халықтың өзекті мәселелері шешімін тауып жатады.

Еліміздің журналистері Президентіміз бастаған мемлекеттік саясаттың нағыз жаршысы ретінде, халықты игі бастамаларға бастауға, ел арасындағы ынтымақ пен бірлікті насихаттауға, қалың көпшілікті жақсы да жарқын істерге жетелеу жолында орасан еңбек атқаруда.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың: «Қай елдің баспасөзі күшті болса, сол елдің өзі де күшті» деген дана сөзі бар. Бүгiнде елдiң алдында тұрған саяси, экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi табысты орындап, оған ықпал етуде отандық бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы айрықша деп айта аламыз.

Осы орайда, Сіздерге кәсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз бен маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге үлес қосып келе жатқандарыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін!

Байланыс және ақпарат саласын дамытуға сіңіріп жатқан белсенді еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағаланып, қаламдарыңыз ұштала берсін.

Жұмыстарыңызға шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық және бақыт тілеймін! Мәртебелеріңіз биіктей берсін! Кәсіби мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын!

НҰРЖАН СЕЙТЖАНОВ – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ МЕН УНИВЕРСИТЕТІН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлар мен ауыл шаруашылығы саласын зерттеуші ғалымдармен, профессорлармен кездесті. Кездесуде Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласын ғылыми негізде дамыту, су үнемдеу технологиялары мен топырақ құрамын зерттеу мамандарын даярлайтын ғылыми орталық құру, оны дамыта келе университет ашу мәселесі талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы бастамаларға толық қолдау болатынын жеткізді.

– Түркістан облысына қош келдіңіздер. Бүгінде өңірімізде ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Облысты жан-жақты дамыту жұмыстары жүруде. Биыл Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр. ІТ мамандары даярланады. Дегенмен Түркістан өңірі ауыл шаруашылығы бойынша елімізде бірінші орында тұр. Сондықтан осы саланы терең зерттейтін әрі ауыл шаруашылығы, су, жер өңдеу, өсімдіктердің сапалы тұқымдарын әзірлейтін мамандар даярлайтын ғылыми орталық, лаборотория, университет ашуға мүдделіміз. Осы бағыттағы ұсыныстарды қабылдаймыз және қолдау көрсетеміз. Ол зерттеу орталығы тек Түркістан облысына ғана емес, өзге өңірлерге де мамандар даярлауға үлес қосады. Ұсыныстарға ашықпыз, – деді Нұралхан Көшеров.

ҚХР-дың Пекин ауыл шаруашылығы университетінің вице-президенті әрі профессоры Ду Тайшэн Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте жоғары екеніне тоқталды. Осындағы мақта шаруашылығына қатысты инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқан аймақты зерделеп, су үнемдеу технологиясын енгізу жолдарын жандандыру, суды тиімді пайдалану, топырақ құнарын зерттеуге қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Осы бағытта жұмыстар басталуда. Мамандар әзірлеуге, зерттеуге көмек көрсетіледі. Ал арнайы ғылыми орталық пен университет ашу мәселесі мемлекетаралық деңгейде шешілетін мәселе екеніне тоқталған ол, бұл ұсыныстар зерделенетінін атап өтті.

МАҚТААРАЛДА БИЫЛ 8 МЫҢ ГЕКТАР АЛҚАПҚА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ЕНГІЗІЛЕДІ

2025 жылдың 5 айында өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 11,3 млрд теңгеге жетсе, тікелей тартылған инвестиция көлемі 9,4 млрд теңгені құрады. Бұл туралы брифингте Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.
«Ауыл шаруашылығы саласында биылғы жылдың 5 айында 6,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. 2025 жылы 60,3 мың гектар егістік жер болса, жоспарға сәйкес мақта дақылы – 35,1 мың гектарға, картоп, бақша, көкөністер – 15,5 мың гектарға, 4,2 мың гектарға – көпжылдық мал азықтық дақылдары егілді. Егін шаруашылығында өнімділік көлемін ұлғайту мақсатында су үнемдеу технологиясын 8 мың гектар жерге енгізу жоспарланып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Мақтаарал ауданы, Жаңажол ауылдық округі, Фирдауси елді мекенін жандандыру мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу үшін 1,5 млрд теңге қаржы қаралған. Бұдан бөлек, биыл Еркінабад, Нұрлы жол елді мекендерінде 200 орындық 2 мектептің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Үлгілі елді мекенінен 600 орындық мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдауға дайын. Ал, Атакент кентіндегі 1500 орындық мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарлануда. Одан бөлек, 2025 жылы 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде», – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл Мақтаарал ауданы бойынша 4 медициналық нысанның құрылысы басталып жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Аймақта инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда өңірдегі 68 ауылдың 46-сында газ бар. Биыл «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 538,3 млн теңге қаржы бөлініп, 21,8 шақырымды құрайтын 24 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 13,5 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт төселді. Жалпы аудан аумағына аудан әкімдігі тарапынан 132 шақырымды құрайтын 112 көшеде 4173 дана көше жарық шамдары орнатылған.

МАҚТААРАЛДА 5 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Мақтаарал ауданында 5 елді мекенге табиғи газ берілді. Аудан әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісу үшін күні кеше Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер ауылында болды.

«Бұл — үлкен қуаныш пен маңызды тарихи сәт. Табиғи газдың берілуі — елді мекендеріміздің инфрақұрылымын дамыту жолындағы үлкен қадам. Бұл тек өмір сапасын жақсартып қана қоймай, тұрғындарымыздың тұрмыстық жағдайын жеңілдетуге, әлеуметтік және экономикалық дамуға жол ашады. Мемлекет басшысының ел халқын сапалы өмір сүру мүмкіндігімен қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалары мен бастамалары нәтижесінде, осындай игі істер жүзеге асып отыр» – деді, Бақыт Насырханұлы.

Жиында аудан басшысы газдың жоспардан ерте қосылуына атсалысқан «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының директоры Ақылбек Абилдиевқа алғысын айтты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары газ алауының жанғанына куә болып, үлкен қошеметтерін көрсетті. Тұрғындардың ризашылығында шек болмады. Газ берілген елді мекендердің ішінде Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ырысты, Қарақыр, Өнімкер елді мекендері және Жаңажол ауылдық округіне қарасты Арайлы, Достық елді мекендері бар.

Жалпы Мақтаарал ауданында 68 елді мекеннің 46-ы газ жүйесімен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 67,6% құрайтын еді. Жаңадан газ қосылған елді мекендердің есебінен бұл көрсеткіш және де артты. Айта кетейік, 2024 жылы облыстық және республикалық бюджеттен жалпы 6,3 млрд. теңге қаржы қаралып, 19 елді мекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысандардың жалпы құны 8,2 млрд. теңгені құрайды, құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ, қалған газдандырылмаған 4 елді мекенде ішкі газ жүйелерінің құрылысын бастау үшін биыл 891,0 млн. теңге қаржы қаралды. Міне, осы жұмыстардың арқасында бүгін 5 елді мекенге газ беріліп отыр. Жалпы аталған құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан соң 2026 жылы Мақтаарал ауданы 100% табиғи газбен қамтылатын болады.

МАҚТААРАЛДА БИЫЛ «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 1500 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Мақтаарал ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тілшілер қосыны әуелі Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер елді мекенінде болып, газ беру жұмыстарымен танысты. Аудан бойынша 5 елді мекен газға қосылып, ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышына куә болды. Оның ішінде Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ырысты, Қарақыр, Өнімкер елді мекендері және Жаңажол ауылдық округіне қарасты Арайлы, Достық елді мекендері бар.

Соңғы жылдары өңірде жаңа мәдениет үйлері мен кітапханалар бой көтеріп, тұрғындардың рухани-мәдени сұранысын қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, биылдың өзінде ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2 мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы жүріп жатыр. БАҚ өкілдері аталған жұмыстармен танысу үшін Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ынталы елді мекенінде болды.

Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Ынталы елді мекенінде орналасқан мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы 2025 жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде. Құрылысқа бөлінген жалпы қаржы көлемі – 794 млн теңге.

Журналистер сапар аясында Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Игілік елдімекенінде орналасқан «Агрогруз» ЖШС-ң жұмысымен танысты. Ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асып жатқан бұл инвестициялық жоба бүгінде құрылыстың аяқталу кезеңінде тұр. Нысан қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіліп, заманауи технологиялармен жабдықталған. Жалпы құны 150 миллион теңге көлеміндегі инвестиция тартылған бұл жоба шетел нарығына бақша өнімдерін экспорттауға бағытталған. Жоспар бойынша серіктестік жылына 6 мың тоннаға дейін қауын-қарбыз және өзге де бақша өнімдерін экспортқа шығаруға қауқарлы.

Аудан аумағында егін шаруашылығында еңбек өнімділігін 2-3 есеге арттыру мақсатында заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тілшілер аталған жұмыстармен танысу мақсатында Мақтаарал ауылдық округі Өркениет елді мекенінде болды. 2025 жылы 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілсе, бүгінгі таңда 182 жоба іске асырылып, 3,4 мың гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген. Оның ішінде 988,7 гектар – мақта дақылы, 1 800 гектар – бақша дақылдары, 520 гектар – қырыққабат, 35 гектар – күріш дақылы бар.

Сонымен қатар, БАҚ өкілдері Атакент кентінде құрылысы жүріп жатқан 1500 орындық мектептің жұмысымен танысты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысы 2023 жылы басталған, биыл жаңа оқу жылында пайдалануға беру көзделуде. 4 гектар аумақты алып жатқан мектеп ғимаратының жалпы көлемі – 14 710 шаршы метр. Нысанның инженерлік инфрақұрылымы толығымен жүргізілген. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін, қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін барлық жағдай қарастырылған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ САЛАСЫНА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДА

Түркістан облысы мен ҚХР-ң Туризм қауымдастығы туризмді дамыту бағытында өзара тиімді серіктестік орнатуға ниетті. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай делегациясы арасында өткен ресми кездесуде айтылды. Облыс басшысы Beijing Zhongxing Huizhi International Culture & Tourism Development Co., Ltd., Басқарушы директоры Сюнь Шаньхуамен кездесіп, екіжақты әріптестіктің келешегіне кеңінен тоқталды. Басқосу барысында тараптар өңірдің туристік әлеуетін көтеру, инвестициялық жобаларды іске асыру және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту мәселелерін талқылады.

Қытай делегациясы сапар барысында өңірдегі тарихи кешендері мен заманауи туристік нысандарды аралап, өңірдің инфрақұрылымдық даму деңгейіне оң пікір білдірді. Түркістан өңірінің тарихи-мәдени құндылықтарына жоғары баға беріп, серіктестікке қызығушылық танытты.

Қазіргі таңда Түркістан облысы Қазақстандағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретінде танылып келеді. Өңірге келген туристер саны жыл санап артып, бір күндік келушілер саны 1 миллионға жуықтады. Мұндай көрсеткіштер туризмді облыс экономикасының жаңа драйверіне айналдыру мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені анық. Тараптар кездесудің қорытындысы бойынша ынтымақтастықты тереңдету жөнінде келісімге келіп, алдағы уақытта нақты жобалар бойынша жұмыс істеуге уағдаласты.

ҚАЗЫҒҰРТТА БИЫЛ 60 ГЕКТАР АУМАҚҚА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРЫЛАДЫ

Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнім көлемін арттыру мақсатында «Тұрбат» агроиндустриалды аймағын құру жоспарлануда. 60 гектар аумақта 3,8 млрд теңгеге жылыжайлар бой көтеріп, 416 адам жұмыспен қамтылмақ. Жоба арқасында аудан шаруаларына жылыжай бизнесін дамытуға үлкен серпін беріледі деп күтілуде. Бұл жайында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов брифингте мәлімдеді.

«Жалпы ауданға тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы құны 21,5 млрд теңге болатын 24 жобаны іске асырып, 749 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өңір экономикасына айтарлықтай әсер етуі тиіс жобалардың басым бөлігі ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Мәселен, өңірде балық және құс шаруашылығымен айналысушылар саны артып келеді. Сонымен қатар, егін шаруашылығында тамшылатып суғару технологиясына баса мән беріп жатқан шаруалар да жетерлік» – деген аудан әкімі бірқатар ірі жобаларды БАҚ өкілдеріне таныстырды.

Аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі биыл бес айда 42,3 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 134,4 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, өңірдегі инфрақұрылым саласында да бірқатар оң өзгерістер орын алуда. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының 98,3%-ы тұрақты ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткішті биыл жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал, табиғи газбен қамту көрсеткіші 90,1%-ға жетсе, электр жарығымен қамту көрсеткіші 98,4%-ды құраған.

Сонымен қатар, аудандағы интернет сапасын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда инвестор «Сomdata» ЖШС тарапынан Қазығұрт, Қызылқия, Рабат елді мекендерінде талшықтық-оптика байланыс желісін жүргізу жоспарланған. Биыл Қызылқия елді мекенінен 745 абонентке, Рабат елді мекенінен 840 абонентке желі тарту жоспарлануда.

Өңірдегі білім және медицина саласында да жақсы жаңалықтар жетерлік. 2024 жылы 4 жаңа мектеп пайдалунға берілсе, биылғы оқу жылында да тағы 3 білім нысаны бой көтеруде. Сонымен қатар, өткен жылы 5 медициналық нысан құрылысы аяқталып, қолданысқа ұсынылса, 2025 жылдың қорытындысымен 4 нысан ем алушыларды қабылдауға дайын болмақ.

ОТЫРАР АУДАНЫНДА ТӘУЛІГІНЕ 120 ТОННА МАҚТА ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Отырар ауданында биыл жалпы құны 37 млрд 400 млн теңгені құрайтын ірі және шағын жобалардың құрылысы басталды. Жоба аясында маусымдық жұмыспен – 102 адам қамтылса, оның 67-сі тұрақты қызметке орналасты. Сондай-ақ, өңірдегі индустриалды аймаққа 2025-2026 жылдары жергілікті және шет елдік инвесторларды тарта отырып, түрлі салаларды қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп саласы бойынша қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Бұл жайында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Ауданымыздағы индустриалды аймақта тәулігіне 120 тонна мақта өңдеуге қауқарлы «Otyrar Cotton» ЖШС жұмысын бастамақ. Жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылады. Биылғы жылдың мамыр айында құрылысы басталған нысан қазан айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, қуаттылығы күніне 10 тоннаға жететін күріш өңдеу зауыты мен тәулігіне 200 тонна мақта майын өндіретін зауыт құрылыстары да жүргізілмек» – деді спикер.

2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында жалпы өңірде өндірілген өнім көлемі 25,2 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,1 млрд теңгеге артық орындалған. Сондай-ақ, биыл 54 100 гектарға егіс егу жоспарланып, жоспар 54 796 гектарға орындалған. Яғни егіс көлемі 19 795 гектарға артты.

Ауданда жыл басынан бері 7 387 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 116,5% – ға орындалған. Өңір тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер орын алуда. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 98,6%-ы тұрақты ауыз сумен қамтылса, табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 71,4%-ға жеткен.

№KZ89VPY00063999 Куәлік нөмірі

Lost your password? Please enter your email address. You will receive mail with link to set new password.

Exit mobile version