Түлкібас ауданында нашақорлықтың алдын алу бойынша семинар-тренинг өткізілді

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Түлкібас ауданының келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардан зардап шеккен жастарына психологиялық көмек көрсету мақсатында «Нашақорлық — қоғамдық дерт!» атты нашақорлықтың алдын алу бойынша семинар-тренинг өткізілді. Семинар-тренингте “Komek center” тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологы, Педагогика ғылымдарының магистрі, практик-психолог Тұрсынбаева Айсұлу Полатқызы және «Заңғар-Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дарханбаева Лайла инновациялық технологияларды қолдана отырып, лудоманиямен күресу жолдарын түсіндірді.

«Жаһандану  қарқынды жүріп жатқан уақытта өмір сүріп жатырмыз. Ел болашағы-жастардың бойында отансүйгіштік пен еңбекке деген құрметті қалыптастыру, адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіру, адам құқықтары мен бостандықтарын қадірлеу, ұлттық құндылықтарды дамытудың маңызы артып келеді. Өйткені әлеуметтік желілерден алынған, сүзгіден өтпеген ақпараттардың шамадан тыс көптігі өскелең ұрпаққа оң әсерімен қатар елеулі қауіп-қатер де төндіріп отырғаны жасырын емес. Сондай жағымсыз әдеттердің бірі — нашақорлық. Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес Президенттің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып белгіленгені баршамызға белгілі»,- деді “Komek center” тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологы, Педагогика ғылымдарының магистрі, практик-психолог Тұрсынбаева Айсұлу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында және Ұлттық құрылтайларда есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырған болатын.

«Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын», — деді Мемлекет басшысы

Сондай-ақ, Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, таза ұрпақты тәрбиелеу өте маңызды мәселе екенін атап өткен болатын.

«Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев өте орынды пікір айтты. Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет. Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Бұл мәселе бойынша құрылтайдың бірқатар мүшелері, соның ішінде белгілі спортшы Ислам Байрамуков жақсы айтты. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент жастар арасындағы нашақорлық мәселесіне ерекше тоқталып өткен болатын.

«Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», — деп мәлімдеді  Мемлекет басшысы.

Елімізде  2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді. Ресми статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша есірткі тұтынушылар саны азайғанымен, синтетикалық есірткіге тәуелділер қатары көбейген.

«Қазіргі таңда синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар жастар арасында көп қолданылатындығы анықталып отыр. Мәселен, елімізде дәстүрлі есірткі заттарын тұтынушылардың орта жасы 40-45 жас аралығы болса, синтетикалық есірткі пайдаланушылар негізінен 30-35- тегі, ал ұшпа ерітінділерді 20-25-тегі жастар тұтынатын көрінеді.Сондықтан жасөспірімдердің жат әдеттерден бойын аулақ ұстап, теріс жолға түспеуі үшін ақпараттық-насихат жұмыстарының пайдасы зор деп білемін»,- деді “Komek center” тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологы, Педагогика ғылымдарының магистрі, практик-психолог Тұрсынбаева Айсұлу Полатқызы

«Нашақорлық — қоғамдық дерт!» атты нашақорлықтың алдын алу бойынша өткізілген семинар-тренингте нашақорлыққа, темекіге және құмар ойындарға тәуелділіктің зардабы кеңінен түсіндіріліп, елімізде синтетикалық ескірткіні өндіру, сақтау және таратуға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығы жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар нашақорлықтан келетін қауіп-қатерлер, адам ағзасы мен психикасына келтіретін зияны, зиянды әдеттерге еліктеудің соңы жақсылыққа апармайтындығы айтылып, салауатты өмір салтын ұстану, денсаулықты сақтау және нығайту, спортпен шұғылданудың пайдасы жөнінде еркін  пікір алмасу ұйымдастырылды.

Қоғам алдындағы тұрған басты міндеттің бірі-балалар мен жасөспірімдерді шылым   шегу,  маскүнемдік,  нашақорлықтан қорғау, яғни жат әдеттерге қарсы төзбеушілікті қалыптастыру. Осы мақсатта облыста оқушылар мен жастар арасында “Есірткінің адам ағзасына зияны”, “Нашақорлық-қоғамдық дерт”, “Ертеңіңді ойласаң, есірткіге жолама” тақырыптарында дәріс-тренингтер, семинарлар өткізіліп, дәрігерлік кеңестер беріліп келеді. Жиында «Заңғар-Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дарханбаева Лайла да өз пікірін айтып, жастарды қоғам дертінен аулақ болуға шақырды.

«Нашақорлық-әлеуметтік құбылыс. Қоғам дертіне айналған нашақорлық  адамның өзіне де, қоғамға да аса зиян. Оның қасіретін өскелең ұрпақ жақсы білуі үшін  әрбір ата-ана отбасында балаларына  жат әдеттердің зардабы туралы айтып отырса, сонымен қатар әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыстар жүйелі жүргізіліп тұратын болса ұтарымыз көп болмақ. Өйткені бала тәрбиенің 60 пайызын  отбасынан, қалғанын сыртқы ортадан алатындығын ұмытпайық. Есірткі – адамның өміріне жақсылық әкелмейтінін сіздер жақсы білесіздер. Барлық адамдар басында есірткі қабылдауды қызығушылықпен бастайды. Кейіннен, соған тәуелді болып қалады. Ал тәуелділіктің арты қайда апаратындығы баршамызға мәлім. Сондықтан жастар, өздеріңізді Қазақстанның болашағы екендіктеріңізді сезіне отырып, нашақорлыққа қарсы күресуіміз керек. Сонымен қатар, зиянды әдеттерден аулақ болып, саламатты Қазақстанның өркендеуіне үлес қосуымыз керек, Яғни жастар спортпен шұғылданып, қоғамда өз орнын тапқан азамат болып қалыптасуы тиіс. Ал есірткінің адамның ағзасына тигізер кері әсері адамзаттың түбіне жетіп тынады. Барлық есірткілер ауруды басатын әсері болғандықтан, есірткі қызметі аяқталған соң адам ауруды тым сезгіш болады. Мысалы, апиындар жөтел орталығын тұншықтырады, сондықтан есеңгіреу жағдайынан шыққан адам жөтел ұстамасына ұшырайды. Сондай-ақ, ағзадан есірткіге қарсы шығарылған гормондар қанағаттану орталығының қызметін тұншықтырады, адам төзгісіз ауруды сезінеді» деді «Заңғар-Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лайла Дарханбаева

Мамандардың айтуынша нашаға бойұсынған адамның мінезі өзгеріске ұшырап, көңіл-күйі жиі төмендеп, себепсіз ашуға булығып, тұйықталып, жеке кеңістігін тарылтады. Ұйқысы бұзылады, күні бойы маужырайды, ойына келгенін істеп, өз дегенімен ғана жүріп-тұрады, мезгілімен демалудан қалады. Бұл дерттің тағы бір белгісі адам ағзасындағы өзгеріске байланысты бет-аузының көкшіл тартуы, көз астының ісінуі және тамырларындағы иненің іздері. Тамақтану, тамақ ішу уақыты да мүлдем өзгереді. Түптеп келгенде нашақорлықтың соңы адам өміріне балта шабумен аяқталуы ықтимал. Бақытсыздыққа душар ететін, өлімге итермелейтін нағыз қасіретті дерт. Мұндай сұмдықтың алдын алуда ата-аналардың әрекетінің маңызы зор. Яғни кез келген ата-ана балаларының, әсіресе өтпелі кезеңдегі ұл-қызының бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, олармен тығыз әрі ашық байланыс жасауда, сырттай әрқашан бақылауда ұстауға, мектеп қабырғасындағы, арнаулы орта оқу орнындағы араласатын ортасымен, ұстаздарымен байланыста болуда белсенділік танытуы керек.

«Бұл ғасыр дертінің кең таралуын, жастардың есірткінің боданына түспеуінің алдын алуда ширақ әрі жүйелі шаралар қабылдануы тиіс. Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күресте болашақта жақсы нәтижеге жету үшін, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығының негізінде, ең алдымен нашақорлыққа қарсы қоғамдық корғаныс қабілетін, әлеуметтік иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор. «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген ата-баба сөзінің астарын ұғынып, жас буынның жарқын болашағы үшін, елдің келешегі үшін бүгіннен алаңдасақ, отбасынан бастап жаман әдеттерден аулақ болуға баулысақ, дені сау ұрпақ қалыптасары анық. Ең бастысы перзенттің міндеті ата-ана үмітін ақтау, лайықты білім алып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасу болса, аға буынның мақсаты – қоғамға пайдалы азаматты, жан-жақты, салауатты, сауатты адамды тәрбиелеп шығару. Бұл ретте ең алдымен бала үшін ұстаздар қауымының да қосар үлесі зор. Мектеп қабырғасындағы әрбір жасөспірімнің психологиялық жағдайын танып білу арқылы дер кезінде әрекет ете алу, баланың жақсы қабілеттерін дамытып, кемшін тұстарын жөнге келтіру де мұғалімдерге жүктеледі. Үйдегі ата-ана тәрбиесінің жалғасы ұстаздардың тәрбие тағылымымен ұштасуы қажет. Біз де алдымызға келген әр оқушының келешекте тұлға болып қалыптасуына, үлкен өмірден өз орнын табуына, салауатты өмір салтын ұстанатын азамат болуына күш-жігерімізді жұмсаймыз. Қоғамды алаңдатқан нашақорлыққа қарсы шараларды, түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырамыз. Балалармен де кездесулер, жиындар өзкізіліп тұрады. Осындай шаралардың алдағы уақытта баланың санасында жақсылыққа бастайтын адами қасиеттердің өркен жаюына септігін тигізетінін білеміз»,- деді “Komek center” тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологы, Педагогика ғылымдарының магистрі, практик-психолог Тұрсынбаева Айсұлу Полатқызы

Қазіргі заманда адамзаттың болашағына және бүкіл жер жүзінің шексіз ғарыштап дамуына қауіпті қатер төндіріп отырған дерт – нашақорлық. Біздің қаншама жастарымыз, жасөспірім балаларымыз, азаматтарымыз оның торына түсіп алданып, жақсы қабілеттерінен, қуаныштарынан, бақыттарынан, негізгі өмір жолының бағытынан айырылып, азап шегіп жүр. Бүгінгі күні нашақорлықтың жасөспірімдер арасында кеңінен таралуы алаңдаушылық тудырып отыр. Күн сайын осындай ессіздікке жастар көптеп бой ұруда. Ал оның соңы кісі өлімі мен зорлық-зомбылық жасауға соқтыруда. Әлеуметтік құбылыс ретінде нашақорлық есірткілерді қолдануға жаңа құрбандарды тарту есебінен өмір сүріп және дамып келеді.

Ел болашағы – дені де, тәні де сау ұрпақты тәрбиелеу баршамызға жүктелген абыройлы міндет.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*