Архив рубрики: Ақпарат

КЕНТАУДА «СЕН, ЕРЕКШЕСІҢ» ФОТО ЖОБАСЫ ӨТТІ

Қала әкімі Жандос Тасовтың қолдауымен Кентау қаласында бірнеше күнге созылған, қаланың табиғаты мен көрікті аймақтарын бала бейнесі арқылы көрсететін фотожоба ұйымдастырылды.

«Сен, ерекшесің» фотосессиясы – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тең қоғамды дәріптейтін медиа жоба . Фото жобасының авторы – Әсел Бимырзаева.

Игі шараға қаладағы ерекше 15-ке жуық балалар қатысты. Түркістан, Шымкенттің фотогрофтары арқылы балаларды Кентау қаласының табиғаты алуан жерлері мен қала орталықтарында түсірілім жасатты. Әр бағытта түрліше киініп, әсем суреттер жасаған балалардың қуанышында шек жоқ. Олар тек түсірілім жасап қана қоймай, ата-аналарымен бірге табиғат аясында демалыс ұйымдастырылды.

Аталған жобаның қорытынды шарасына қатысқан қала әкімі Жандос Тасов барша ата-аналар мен белсенділік танытқан балаларға, жоба авторына алғысын білдірді. Барлық қатысушы балалар қала әкімінің алғыс хатымен марапатталып, сыйлықтар табысталды.

Одан бөлек, қалалық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы М.Молжигитов, «Ардагерлер кеңесінің» төраға орынбасары М.Юлдашев мағынасы терең шараның Кентау қаласында ұйымдастырылғанына алғыс білдіріп, көпке ойсалар тағлымды жоба екенін атап өтті.

Балаларға қуаныш сыйлап, қоғамда өздерін еркін сезінуіне серпін берген, осындай шараның ұйымдастырылуына атсалысқан азаматтарға ата-аналар тарапынан алғыстар айтылды. Жиынға қаланың зиялы қауым өкілдері, маслихат депутаттары мен қала жастары қатысып, ерекше сезімге бөленді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРМЕН БІРГЕ «ЖІБЕК ЖОЛЫ» САЯБАҒЫНА КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗДЫ

«Таза Қазақстан» акциясының «Жасыл аймақ» апталығының аяғында Түркістанда ауқымды экологиялық іс-шара өтті. Тарихи шаһар кезекті рет жасыл желекпен толықтырылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Жібек жолы» саябағында көпшілікпен бірге көшет егіп, тұрғындарды экобелсенді болуға шақырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы науқандық емес, тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Біз өңірімізде көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырамыз. Қоршаған ортаны таза ұстау, экологияны жақсартуға үлес қосу – бәріміздің парызымыз. Бүгін отырғызған көшеттеріміз жайқалып өсіп, жазда тұрғындар мен қонақтарға сая бола берсін, – деді Дархан Сатыбалды.

Экоакцияға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат депутаттары, медицина мен білім мекемелері, полиция және төтенше жағдай қызметі өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Сонымен бірге «Шапағат» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, оқушылар, студенттер, жергілікті футболшылар, құрылысшылар, тазалыққа жауапты мекеме жұмысшылары, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Қазақстан темір жолы» мекемесінің өкілдері де белсене атсалысты. Саябақ аумағына 100-ден аса ағаш көшеті отырғызылды.

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өте жоғары деңгейде жалғасып жатыр. Үш апта көлемінде мыңдаған көшет отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды. «Киелі мекен» апталығында қасиетті орындар мен ескерткіштер маңы тазаланып, туристік нысандардың ажары ашыла түсті.

ТҮЛКІБАСТА ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ СЕНБІЛІК АЯСЫНДА 700-ГЕ ЖУЫҚ КӨШЕТ ЕГІЛДІ

Елімізде өтіп жатқан жалпыхалықтық сенбілік аясында ауыл-аймақты көгалдандыру мақсатында аудан аумағындағы республикалық, облыстық маңызы бар жол бойларына, елді мекендердің кіре берістеріне аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен 680 түп шырша, арша, қарағаш, ерен(яссень) ағаштарының көшеттері егілді.

Жалпы биылғы көктемде аудан аумағында 29 590 дана сәнді, жеміс және тағы басқа ағаштарының көшеттері егілсе, соның 4600 данасы ауыл тұрғындары және демеушілер есебінен “Таза Қазақстан” науқаны аясында отырғызылып отыр.

Осылайша, Түлкібас ауданында көгалдандыру мақсатында мемлекет және аудан жанашырлары тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Бүгін ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жалпыхалықтық сенбілікке ат салысқан жандар туған жер жанашырлары екенін аңғартты.

«Достық» магистралды каналының жағдайы жан-жақты талқыланды

Қазақстан Республикасы СРИМ Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев күні кеше Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар барасында комитет төрағасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, мемлекетаралық Жетісай ауданындағы «Достық» магистралды каналының жағдайымен жан-жақты танысты.

«Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев басқосу барысында аталған каналдың негізгі мәселелері мен өткен жылы орын алған вегетациялық кезеңдегі су жетпеген сәтте атқарылған жұмыстарды баяндады.
Сондай-ақ, алдағы жылы каналды қалыпқа келтіру үшін ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізді.

«Достық» магистралды каналы арқылы келетін ағын су жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналынан алынады. Жұмысшы топ, осы каналдардың жалпы жағдайымен танысты.
Жалпы ұзындығы 29 шақырымды құрайтын канал 86 700 гектар жерге су жеткізіп беруге есептелген.

Канал, 2010-2011 жылдары салынғандықтан, сыртқы факторлар, жер асты суының әсерінен каналдың ішкі жақтаулары құлап, каналдың ұлтаны толып су өткізу қабілеті төмендеген. Сондықтанда, су беру маусымы кезінде су жетіспеушілік орын алды. Дегенмен, былтырғы су беру маусымы кезінде “Қазсушар” РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтің жедел тапсырмасы негізінде, жалпы 12 насостың 5 данасы іске қосылып, филиалдың мамандарының 24 /7 қадағалауымен егістікке канал арқылы 22 м3/с ағын су берілді.

Бүгіде каналдағы проблеманы анықтау мақсатында және машиналық канал кешеніне түбегейлі жоба шешім қабылдау негізге алына отырып, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» және «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы ұжымдағы кәсіби мамандарымен бірлесе зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінге аталған нысан бойынша жоба әзірлеуге зерделеу жұмыстары атқарылуда.
Ағымдағы жылдың вегетациялық кезеңіне 12 насостың 10 данасы іске қосылуға дайын.

Сонымен қатар, жалпы 16 мың га суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуге арналған К-30, К-28 каналдарының құрлысы 2010-2012 жылдар аралығында басталып, аяқталмаған жобалардың құрылысын қайта жүргізуге «Су шаруашылығы комитеті» тарапынан келесідей іс-шаралар атқаруда:

К-30 каналының сметалық жоба құны бағамын ұлғайтуға ҚР Қаржы министірлігінің бюджеттік комиссиясының оң шешімі алынды және бүгінге жабаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірленген жобаға сәйкес, құрылыс жұмыстары іске асырылады.

К-28 каналының қалған жұмыстарына түзету жобасы жіргізілуде. Дайындалған жобаға сәйкес, құрылысты іске асыру жұмыстары «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы тарапынан атқарылады.

ТӨЛЕБИДЕ «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 11 НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Ауылдардың инфрақұрылымы мен әлеуметтік жағдайын жаңғыртып, қазақстандықтардың жергілікті жерде жұмыспен қамтылуына қатысты идеологияны қалыптастыруға арналған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жүзеге асып келе жатқанына 5 жыл болды. Бұл жоба Түркістан облысында сәтті жүзеге асырылуда.

Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс деңгейін көтеру үшін қолға алынған жоба Төлеби ауданында кеңінен жүзеге асып келеді. Елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдар жетілдірілуде. Бұл жоба биыл да жалғасын тауып, 723 млн теңгеге 11 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Биыл ауданда бірде – бір мәдениет ошағы жоқ Киелітас ауылдық округінде 146 орындықты Мәдениет үйі мен Көксәйек ауылдық округінде спорт кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда.

Сондай-ақ 8 елді мекенге электр желілері жүргізіліп, трансформатор орнатылады. Жалпы, ұзындығы 7,5 шақырымды құрайтын 5 көшенің жолын орташа жөндеуге 159,1 млн теңге қарастырылды.

Айта кетерлігі, 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Момынай елді мекенінде Мәдениет үйінің, Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 1 МИЛЛИОННАН АСТАМ ТАЛ КӨШЕТІН ОТЫРҒЫЗУ ЖОСПАРЛАНҒАН

2024 жылы Түркістан облысында жалпы 1 038 870 түп түрлі тал көшетін отырғызу жоспарланған. Оның 522 935 данасы – көктем айларында егілсе, күз айларында – 515 935 дана көшет егілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы аясында 2021-2025 жылдар аралығында облыста 1,5 миллион көшет отырғызу көзделген.

Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді-мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін 4 млн-нан астам көшет егу жоспарланған. Бұл жайында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуәлиев брифингте мәлімдеді.

Сондай-ақ, басқарма басшысы республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында біршама жұмыстардың атқарылатынын жеткізді.

-«Жасыл аймақ» апталығында атқарылатын жұмыстар негізінен елді мекендерді тазалау, әктеу, сырлау, көшет егу, ағаш бұталау, түптерін қопсыту, суару жүйелерін реттеу, қоршауларын қалпына келтіру бағытында жүргізіледі. Бір күнде бір гектар орман – ауадан 120-280 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 180-200 келі оттегін шығарады. Тіпті бір ағаш – 3 адамның тыныс алуына жеткілікті оттегін бөледі. Жүргізіліп жатқан көшет егу жұмыстары өңіріміздің экологиясын жақсарту, тұрғындардың денсаулығын түзеу бағытында үлкен маңыздылыққа ие-, деді Қайрат Амангелдіұлы.

Сонымен қатар, өткен «Киелі мекен» апталығының қорытындысын Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков баяндады.

-15-20 сәуір аралығында өткен апталық кезінде облыс көлемінде 22 мыңнан астам азамат атсалысып, 496 техника тартылды. Жалпы 226 көлемді іс-шаралар өтті. Нәтижесінде облыстағы 1 410 көшенің бойлары тазаланып, 7 816 дана ағаш отырғызылды. 16 508 дана ағаш әктеліп, 40 024 шаршы метр аяқжолдар тазаланды. Сондай-ақ, 346 саябақ пен скверлер, 244 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 176 шақырым көпір, өзен-каналдар мен бұлақтардың арналары, 517 көпқабатты тұрғын үй аумақтары мен аулалары, жертөлелері тазаланды»- деді.

ШАРДАРАЛЫҚ 9 ОҚУШЫ РОБОТОТЕХНИКА БОЙЫНША ИСПАНИЯДАҒЫ ЖАРЫСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Жуырда Түркия мемлекетінің Анталья қаласында өткен халықаралық “Robotex Turkiye 2024 ” робототехника сайысы өтті.

Айтулы сында Түркістан облысы, Шардара ауданының Мәулен Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының “Shardara team” робототехника командасы Азияның түкпір-түкпірінен келген 34 команданың арасында өткен білім бәйгесінде “Lego Sumo” категориясы бойынша ІІІ орынды қанжығасына байлады.

Информатика пәнінің мұғалімі Маржан Саудабаеваның баптайтын команда Испанияда өтетін жарысқа жолдама алды.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА САУРАНДА 9 МЫҢҒА ЖУЫҚ ГҮЛ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

 

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында бүгін Сауран ауданы әкімдігінің аумағы көгалдандырылды. Аймаққа арнайы топырақ пен органикалық тыңайтқыш көмегімен көпжылдық 400 дана роза және 8500 дана бегоня, циния, ганцания және бархитца секілді гүл түрлері отырғызылды.

Экоакцияның үшінші «Жасыл аймақ» апталығында аудан аумағында көгалдандыру жұмыстарымен қатар, тазалық, әктеу-сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс-шарада түрлі-түсті гүлдерден бөлек, талдар да отырғызылды. Аймақты жасыл желекке ораған «Таза Қазақстан» экоакциясы бұл жұмыстарға айрықша серпін беріп, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, экоакция басталған күннен бүгінге дейін Сауран ауданындағы 117 көше бойлары тазаланып, 24 саябақ пен аллеяда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Екі мыңға жуық ретсіз өскен бұталар қырқылып, талдардың түптері әктелді. Жалпы ұзындығы 42,7 шақырым аяқжолдар тазаланып, саябақтар және скверлер ретке келтірілді. Көпірлердің, өзендердің, каналдар мен бұлақтардың 11,3 шақырым арналары мен 32,1 шақырым ирригация жүйелері тазаланды. Сонымен қатар 4700-ге жуық көшет отырғызылып, 597,5 тонна қоқыс шығарылды.

ОРДАБАСЫДА ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК БЕКЕТ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам елді мекеніндегі Дербес ауылының тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ауылда заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Енді тұрғындар ем іздеп, аудан орталығына бармай, дертіне шипаны Дербес фельдшерлік-акушерлік бекетінен табады. Аталған нысанның құрылысы 2023 жылы басталған.

Фельдшерлік-акушерлік бекетте фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі бар.

Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Баласағұн Асым, аудандық аурухананың басшысы Болатхан Салыбекұлы қатысты.

«Құрметті ауыл тұрғындары! Сіздерді барлық жағдайы жасалған, заманауи үлгідегі бекеттің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Медициналық нысан ауылдағы екі мыңнан астам тұрғынға сапалы, тиімді медициналық көмек көрсетеді деп сенемін. Денсаулығына жиі шағымданатын тұрғындар үшін бұл үлкен қуаныш», деді аудан әкімі Азат Оралбаев.

Жалпы, ауданда 51 емдеу мекемесі бар болса, оның 38-і – ФАП. 2023 жылы 5 ФАП пайдалануға берілсе, биыл 2-еуі ел игілігіне табысталмақ.

Шардарада өзекті мәселелер талқыланды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Шардара ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды. Аудандағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарын аралады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктер туралы айтты. Алдымен ауданда тамшылатып суару әдісін пайдаланып, жүгері егуге ниет білдірген түрік инвесторларымен кездесті. Инвесторлармен зауыт ашу мәселесі талқыланды.

Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2024 жылғы 19 сәуірде Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Халықпен кездесуден соң өңір басшысы облыстық мәслихат төрағасымен және жауапты басқарма, бөлім басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізді. Мәселені қалай шешу керектігін айтып, жолдары мен жүйесін түсіндірді. Тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.

Сапар аясында, Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығында болып, қожалықтың тамшылатып суару әдісін пайдалану бойынша жұмысымен де танысты. Сонымен қатар, Шардара қаласындағы және Алатау батыр ауылдық округіндегі «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасымен ауданға қарасты Ұзыната ауылдық округінде орналасқан тұрақты тұқымбаққа арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. 15 гектар тәлімбақта 2 млн 300 түп көшет өндірілуде.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпорындардың санын арттыру керектігін айтып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру қажеттігін тапсырды. Кәсіпкерлермен кездескен өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды күшейтуді тапсырды.