Архив рубрики: Ақпарат

Сауран: Кәсіпкер құс өсіріп, кәсібін өркендетуде

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталып, жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған «Сүлеймен ата» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған өндіріс орны – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен қамтуды көздейді. Құс фабрикасында «Бройлер» тауығының балапандары өсірілуде. Алдағы уақытта жобаны кеңейту арқылы өнімді 120 тоннаға ұлғайту жоспарлануда. Тауарға сұраныс күн сайын артып, Түркістан қаласын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Жобаның құны – 400 млн теңге. Сонымен қатар, фабрика жанында арнайы камбикорм бар. Онда күніне 8 тонна жылқы және құс азықтарын өндереді.

Жалпы, құс, соның ішінде тауық атаулыны өсіру қазақ халқы үшін жаңайшыл дүние емес екені анық. Бұл істі өз кәсібіне айналдырып, тауық өсірумен отбасының жағдайын жасап, оған қоса өзге азаматтардың еңбек етуіне септігін тигізіп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Мамандардың айтуынша бройлер тауығын өсірген өте пайдалы және табысы мол кәсіп түрі.

Себебі, бройлер – тез өсіп жетіледі екен және еті жұмсақ әрі дәмді болып келеді. Бұл құстың түрі азықтандыру шығындары өсірушіге неғұрлым арзанға түсетіні де дәлелденген. Әдетте бройлер тауығын 6-9 аптаның ішінде, салмағы 1,5-2 килоға жеткен кезде сойып, пайдаланады екен. Бройлер еті диеталық тағам түріне жатады. Оның етінің құрамында 22,5 пайызға дейін белок болады. Бұл белоктардың 92 пайызы адам денсаулығы үшін өте пайдалы амин қышқылдарынан тұрады, дейді мамандар.

«Сүлеймен ата» шаруа қожалығының иесі бройлер тауығын күту үшін ең алды­мен оларды орналастыратын орын-жайларды дұрыс таңдап алу қажеттігін де атап өтті.

» Ең алдымен қорада тауықтар еркін қозғала алатын кеңістік болуы керек. Өйткені, ауа райының қолайсыз жағдайында, әсіресе, қысқы маусым кездерінде тауықтар бұл қорада тәулік бойы ұсталады. Сонымен бірге тауық қора бройлерді сыртқы қолайсыз ауа райы жағдайынан қорғай алатындай жылы әрі жарық болуы тиіс. Сонымен қатар, мұнда ауаны тазартып отыруға мүмкіндік беретін желдеткіштер болып, тазартуға жеңіл болуын да ойластыру керек. Біздің фабрика бүгінде барлық стандарттарға сай жасақталған. Құстарға жем, су беру толық автоматтандырылған. Біз халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсынып жатырмыз. Фабрикада құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Яғни, бұл маңызды процестердің бірі»,— дейді кәсіп иесі

Балапандар алғашқы кезде тор ішінде өсіріледі екен. Мұндай жағ­дайда балапандар жедел салмақ қосады және қимыл-қозғалыстары шектеулі болғандықтан азықты да аз жейді. Балапандар өсіп жетілген кез­де оларды тауық қораларға жөнелтуге болады. Мұнда балапандар тез өсіп жетілу үшін тем­ператураның тұрақты болғаны жөн. Балапандарды жиі-жиі азықтандырып отырған жағдайда олар 48-70 күннің ішінде 1,5 кило салмаққа дейін жетеді. Кәсіпкер бройлер балапандарын азық­тандыру үшін құрамында қа­жетті витаминдер мен минералды қоспалары бар  арнаулы құрғақ құрамажем пайдаланылатынын және азық­тың бұл түрі тауық қорада тәулік бойы тұрақты түрде болатынын айтады.

Кәсіпкер бұл іске кіріспес бұрын өнімді қай жерге өткізуге болатындығына дейін алдын-ала зерттеулер жүргізіп көрген. Сұраныс та өте жақсы болғандықтан, өз кәсібінің несібесін көріп отыр. Мәселен, құс етін кафе-ресторандарда және жекелей тұтынатын адамдар да аз емес. Көбірек тұтынатын сапалы, дәмді өнім түрін тұрақты түрде жеткізіп бере алатын сенімді серіктестің пайда болуы ең алдымен олардың өз бизнесін тұрақтандыруына қолайлы жағдай туғызады. Әдетте, бұл кәсіппен шұғыл­данған адам тек 30 балапанды сатып алып бағумен шектелмейтіні мәлім. Өйткені, бұл кәсіптен дұрыс пайда көру үшін ең кемінде жүздеген тауық өсіру қажет. Сонда ғана табыста еселеп арта түсетін болады. «Сүлеймен ата» шаруа қожалығы алдағы уақытта фабриканы үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын  арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда аталған нысанда 12 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар алдағы кезеңде азаматтарды көптеп еңбекке тарту бойынша да тиісті жұмыстар атқарылмақ.

Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда

Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетіліп, өз кәсібін өркендету үшін тиімді мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған. Яғни,  қоғам үшін еңбектенемін дегенге азаматтарға мол мүмкіндіктер беріліп жатыр. Осындай мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысып, шағын бизнесін шарықтатып отырған  кәсіпкерлерінің саны Сауран ауданында да күн санап көбейіп келеді. Тиісінше, жұмыссыздар саны азайып, жаңадан  шағын және орта кәсіпкерлік нысандар ашылып жатыр. Бұл бағытта аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз кәсібін жасаймын деген әрбір жеке кәсіпкерлерге ұдайы қолдау көрсететіндігін айтып келеді.
Сондай-ақ, өз қаражаты есебінен ісін дамытып жүрген кәсіпкерлер де жетерлік. Солардың бірі — Валид Хайдаров.  Сауран ауданы, Иассы ауылдық округінің тұрғыны бүгінде кәсіпкерлік ныснанын іске қосып отыр. Сапалы орындықтар шығаратын «Хайдаров Валид» цехының ашылу рәсіміне  аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, Иассы ауылдық округінің әкімі Сыздық Пірметов, ауыл ақсақалдары қатысты.
Аталмыш цехтың басшысы Валид Хайдаров өз қаражаты есебінен кәсібін дөңгелетіп отыр. Жоба құны 300 млн. теңгені құрайтын цехтың аумағы 0,85 гектар. Бүгінде өндіріс орнында 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айына 400-ге жуық үстел шығартын цехтың өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, сұраныс артуда. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта цех өндірісінің көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Саурандық кәсіпкер өнім көлемін арттырып отыр

Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінде демалыс орындарына арналған үстел мен орындықтар, темір есіктер шығаратын «Абдусардар» цехы іске қосылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, ауыл ақсақалдары қатысты.
Жиһаз өндіру саласы қарқынды дамып, кәсіп жасаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау тауып келеді. Отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан-жылға елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады. Осылайша біздің өнімдер сұранысқа ие болып, өз кәсібіміздің кеңейуіне жол ашылуда, – дейді жеке кәсіпкер.
Жеке кәсіпкер Бабир Насиров «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 5 млн. теңге алып, өз кәсібін бастаған. Бүгінде өндіріс орнын кеңейтіп, ашылып отырған цехтың аумағы 0,25 шаршы метрді құрайды. Жобаның жалпы құны – 300 млн теңге. Заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 3000-нан астам темір есік және үстел шығаруға қауқарлы.
Бүгінде 12 азамат жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 250-300 мың теңге. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды Өзбекстаннан алдыртады. Осылайша, отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.

МАҚСАТ ТАҢҒАТАРОВ: “ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАСТЫ МӘСЕЛЕМІЗ БОЛУ КЕРЕК”

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның кезекті апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі аудан тұрғындарын жұмыспен қамту және еңбек адамдарын қалыптастырып, ауылдардың әлеуетін арттыру болды. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбектің баяндамасы тыңдалды.

Бөлім басшысының мәлімдеуінше Сауран ауданында халық саны — 102 247 мың адамды құрайды. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес, экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны — 39 903, жұмыссыздар саны — 1974 адам. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз, жұмыспен қамтылған жалдамалы қызметкерлердің саны — 17444 мың адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 20485 адамды құрайды. Расында, жергілікті халықты жұмыспен қамту ауыл аймақтардың өркендеуі мен әлеуетін көтеруге оң серпін беретін басты бағыттардың бірі. Бұл бағытта Сауран ауданында тиісті шаралар атқарылып, нақты жұмыстар жүзеге асырылуда.

Ал, 2024 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке республикалық бюджеттен 357289,0 мың теңге, оның ішінде қосымша төлемге республикалық бюджеттен 54496,0 мың теңге қаралған. 2024 жылдың 5 айында 357 отбасының 2313 адамына 81060,0 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 55564,9 мың теңге төлем жүргізілгенін мәлім етті.

Сонымен қатар, 2024 жылға облыстық бюджеттен зейнеткерлерге «Ардагерлер» үйіне 160, «Мейір» ардагерлер үйіне 160 жалпы 320 жолдама бөлінген. Оның ішінде: мамыр айына дейін «Ардагерлер» үйіне — 41, «Мейір» ардагерлер үйіне — 74 жолдама мен жалпы 115 зейнеткерлер қамтылған. Жалпы, өтініш берген зейнеткерлер саны — 2920 адам оның ішінде — 1028 зейнеткер қамтылғанын мәлім етті.

 

Одан бөлек апталық мәжілісте өзге де мәселелер қаралды. Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, жер қатынастары бөлімінің, Бабайқорған ауылдық округі әкімінің ағымдағы жылдың 5 айында атқарған жұмыстары мен алдағы уақытта атқаратын жұмыстары туралы есептері тыңдалды.

Мәжілісті қорытындылыған Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті жоспарларды жүзеге асырып, орын алған кемшіліктер бойынша шұғыл түрде жұмыс жасауға нақты тапсырмалар берді.

САУРАН АУДАНЫНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНА ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ

Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылдық округінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарына жәрмеңке болып өтті. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев қатысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасып кетуілеріне сәттілік тіледі.

 

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі — келушілерге жұмыс берушімен қарым-қатынас барысында жұмысқа орналасудың қолайлы нұсқалары мен шарттарын таңдауға мүмкіндік беретін, жұмысқа орналасуға көмектесудің тиімді әдістерінің бірі болып есептеледі. Сондықтан аудан, қалаларда ұйымдастырылатын мұндай шаралардың маңыздылығы өте зор.

Сауран ауданында өткен жәрмеңкеде 6 мекемеден 74 бос жұмыс орындары ұсынылған, жыл басынан бері 1110 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. 2024 жылы аудан бойынша 6840 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған болса, жыл соңына дейін халықты жұмыспен қамту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады. Мансап орталығы арқылы өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 125 азамат қатысты. Жәрмеңкеге қатысқан азаматтардың ішінен 20-ы жұмыс орындарымен қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орнына 8, жастар практикасына 6, әлеуметтік жұмыс орындарына 4, алғашқы жұмыс орнымен 2 азамат жұмыспен қамтылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітілген болатын. Онда ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға септігін тигізеді.

Тұжырымдама ұлттық басымдықтар мен мақсаттарды, сондай-ақ еңбек және жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттарды ескере отырып әзірленген. Бұл 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат болып табылады. Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірлесіп, жұмыс орындарын құру динамикасы мен құрылымын ескере отырып, еңбек нарығын шолу, экономика секторларын талдау, өндірістік тізбекті оқшаулаудың қолда бар алғышарттары және т. б. бойынша талдау жүргізілді.

Кешенді және жүйелі түрде шешуді талап ететін еңбек нарығының негізгі проблемалық мәселелері:

— еңбек өнімділігінің төмендігі және табиғи ресурстарды өндіру мен экспортқа тәуелді экономиканы әртараптандырудың жеткіліксіздігі;

— жұмыскерлердің біліктілігі мен дағдыларының еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ кәсіптік білім беру мен оқыту жүйесінің жеткіліксіз дамуы;

— формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары үлесі, әсіресе ауылдық жерлерде, сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың төмен деңгейі;

— әйелдер, жастар, мүгедектігі бар азаматтар, этникалық азшылықтар және басқалар сияқты халықтың әртүрлі топтары арасындағы жұмыс орындарына қолжетімдік пен табыстың теңсіздігі.

2000 жылдардағы демографиялық өсімнің арқасында Қазақстанда
2029 жылға қарай еңбек нарығына қосылатын жастар саны жыл сайын 300 мыңнан астам адамды құрайды. Еңбек нарығын толықтыратын азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жаңа сапалы жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.

Тұжырымдамаға сәйкес сапалы жұмыс орнының негізгі сипаттамалары: тұрақты жұмыспен қамту (жылына кемінде 6 ай), еңбекақының лайықты деңгейі (өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес), қауіпсіз еңбек жағдайлары, кәсіби даму және мансаптық өсу үшін мүмкіндіктер, еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері болуы керек:

— өнеркәсіп (тау-кен өндіру, өңдеу, энергетика, сумен жабдықтау), құрылыс, көлік саласы, сауда және қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, IT-сала, өнер және туризм, сондай-ақ қорғаныс қызметі сияқты экономиканың негізгі нақты секторларын индустрияландыру;

— жаңа технологияларды енгізу және ілгерілету;

— жұмыс уақытының икемділігіне негізделген жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін құру.

Тұжырымдамада елдің оңтүстік өңірлерінде бастапқы индустрияландыру, орталық және шығыс облыстарда қайта индустрияландыру, республиканың солтүстігінде агробизнесті кластерлеу және батыс өңірлерде офтейк-келісімшарттарды дамыту жөніндегі шаралар көзделген.

Еңбек нарығындағы негізгі сұраныс орта білікті мамандарға тиесілі екенін ескере отырып, алдағы жылдары техникалық және кәсіптік білім адами капиталды дамытудың драйвері болады. Алынған білім мен дағдылардың жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестігін кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу және білім мен дағдыларды тәуелсіз бағалау арқылы ұлттық біліктілік жүйесін дамыту есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сондай-ақ, Тұжырымдамада платформалық қызметкерлерді ресімдеудің жаңа тәсілдеріне көп көңіл бөлінді, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 1 млн адам платформалық жұмыспен айналысады. Платформалық жұмыспен қамтудың басты артықшылықтары: жұмыс уақытының икемділігі, негізгі қызметпен ұштастыру мүмкіндігі, мансап пен жеке өмірдің тепе-теңдігі. Сондықтан платформалық жұмыспен қамту спектрі жыл сайын ауқымын кеңейтіп, қызмет көрсету, туризм, IT, сауда, құрылыс, жылжымайтын мүлік және т.б. салаларға енетін болады. Мемлекеттің негізгі міндеті – платформалық жұмыспен айналысатын жұмыскерлер үшін еңбек құқықтарын қорғауды және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету.

Еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қорғау саласында мемлекет көрсететін барлық қызметтерді жаппай цифрландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Негізгі критерийлер ашықтық және барлығына қолжетімділікті арттыру.

Автоматтандыру және цифрландыру нақты уақыт режимінде еңбек нарығындағы жағдайды бақылауға және талдауға, кадрларға деген қажеттілікті анықтауға, білім беру бағдарламаларын экономиканың нақты қажеттіліктеріне қарай түзетуге және өзектендіруге, сондай-ақ экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға әкеледі. Ел экономикасында 2029 жылға қарай 3,6 млн сапалы жұмыс орнын қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл жұмыспен қамтудың жалпы құрылымында 45%-ды құрайды. Жыл сайын табысы медианалық табыстан асатын адамдардың саны орта есеппен 250 мыңға артады.

Бүгінде Сауран ауданында “Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған” тұжырымдамасы аясында 2024 жылдың маусымға дейін, жобадағы бағдарламар бойынша 6368 азамат өтініш білдіріп, оның ішінде 2487 адам әлеуметтік шаралармен қамтылған, орындалу пайызы 39% құрап отыр. Оның ішінде, санаттары бойынша бөлінісі: жұмыссыздар — 1011, өзін өзі қамтығындар — 1017, жұмыс іздеушілер — 970, 160 азамат композиттік қызметке тіркелді (композиттік қызмет жоспары — 220).

ЖАМОЛ КАДИРОВ: «ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕЗ КЕЛГЕН ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢЕДІ»

Білесіздер, биылғы көктем еліміз үшін оңайға соқпады. Еліміздің бірқатар өңірлерінде су тасқыны болып, тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Айтарлықтай материалдық шығындар келтірілді.
Халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы осындай сын сағаттарда көрініс беретіндігі көңіл қуантады. Алғашқы күннен бастап облыста штаб құрылып, аудан, қалалардан жүк керуендері жіберілді.
Төтенше жағдай орын алған облыстарға Ассамблеяның «Жүректен – жүрекке!» акциясы аясында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің қолдауымен жалпы 150 млн теңгеге 630 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Игі істен «Ассамблея жастары» да шет қалмай, 6,5 млн теңгеге гуманитарлық көмек жіберді.
Жалпы өткен жылы облыстық Ассамблея жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер мүшелері 870 мұқтаж отбасыға 156 млн теңге, «Мектепке жол» акциясы аясында 882 балаға 25 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті.
Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Үлес» қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға 2010 жылдан бері 40 үй салып берді. Сондай-ақ биыл наурыз айында мақтааралдық жомарт жан, «Cotton мақта» ЖШС-нің директоры Абдухашим Боев көмекке мұқтаж екі отбасыны қуантып, оларға екі баспана сыйлады.
Өздеріңіз куәсіздер, өңір тұрғындары Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы топан су басу кезінде бір-бірінен көмегін аямады. Төтенше жағдай тұсында қиналған халыққа қолдан келгенше көмек берді.
Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінде үлкен мән бар. Достық пен татулықты темірқазығындай ұстанған елдің ең басты құндылығы – бірлік.
2020 жылы Мақтаарал ауданында да су тасқыны болғаны есімізде. Көптеген азаматымыз үй-жайынан айырылды. Дегенмен мемлекет бірде-бір азаматын далада қалдырмады. Барлығына шығынын өтеп, үй салып берді. Сол кезде де отандастарымыз ел болып, бір кісідей жұмылып ол апаттан аман-есен шықтық.
Биылғы су тасқыны одан да көлемді, алайда, әр қиындықпен бірге жеңілдік бар демекші, біз бұл сынақты ауызбіршілік пен мейірімділік, қамқорлықтың арқасында бірлесе еңсереміз.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Ассамблея өзінің ұлт бірлігі мен ынтымағы құндылықтарының тиімді жолбасшысы екенін іс жүзінде тағы да көрсетті.
Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Мұны мемлекетіміздің әрбір азаматы жақсы біледі, жақсы сезінеді деген ойдамын.
Сонымен қатар, ел азаматтарын, кәсіпкерлер мен меценаттарды еліміздегі көмекті қажет ететін қоғамның әлсіз топтарына көмек көрсетуге, қайырымдылық шараларына белсене атсалысуға шақырамын. Себебі әрбір жан жақсы өмір сүріп, бақытты болуға лайықты.
Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Қазақстанымыз қарыштап дамып, көркейіп, гүлдене берсін!
(Төлеби аудандық өзбек
этномәдени бірлестігінің мүшесі
Ж.О.Кадировтың сессияда сөйлеген сөзінен)

ТӨЛЕБИДЕ ЭТНОСАРАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІ САҚТАУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Төлеби ауданында қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалға байланысты жергілікті атқарушы билік пен құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен жиналыс өтті.
Бас қосуда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев аудандағы этносаралық қақтығыс алдын алу бойынша аудандық прокуратура, полиция қызметкерлерімен бірлескен іс-шара жоспарын жүзеге асыру бойынша кеңесті.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев баяндама жасап, этнос өкілдері орналасқан елдімекендердегі өзекті мәселелер бойынша ай сайын аудан әкімі мен орынбасарлары, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдерінің қатысуымен тұрғындармен кездесулер өткізу керектігін атап өтті.
Бейсенбай Тәжібаев этнос өкілдері шоғырланған аймақтарда түрлі оқиғаның орын алмауы үшін оның алдын алу, тұрғындар арасында ынтымақ орнату бойынша кешенді жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Зағамбар ауылының тұрғындарымен кездесіп, этнос өкілдері шоғырланған ауылдарға талдау жасау керектігін, қақтығыстар орын алмас үшін жастар арасында жұмыссыздықты жою, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауға қол жеткізу, мектептердегі тәртіп секілді әлеуметтік мәселелердің шешілуіне Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің әлеуетін пайдалану қажеттігін айтты. Жиында ауыл тұрғындары да сөз алып, береке-бірлік пен ел тыныштығын сақтау, халық арасына іріткі салмау, кез келген оқиғада заң аясында жұмыс істеу қажет деп, санайтындарын жеткізді.
Атап өтейік, осындай қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалды талдау бойынша кездесулер облыстың өзге аудандарында да өтетін болады.
Айта кететін жайт,өңірде жалпы облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің және филиалдарының тарапынан өткен жылы 348 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, биыл жыл басынан бері 97 кездесу өткізілген.  Ел бірлігін нығайтуда Мемлекет басшысының ҚХА сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысы, алдағы атқарар мақсат-міндеттерде басты назарға алынған.  Бұл бағытта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесуінде:

– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Мемлекет басшысы таяуда өткен сессияда Түркістан облысында қолға алынған этномедиацияға қатысты жұмыс тәжірибесін Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажеттігін айтты. Осы орайда, этносаралық факторды саясиландыруға және бұл мәселеде арандатушылық сипаттағы талқылауларға мүлде жол бермеу бағытында жұмыстарды күшейтуіміз керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, этностардың тату-тәтті ғұмыр кешуі олардың бір тілде сөйлеуіне де тікелей байланысты. Сондықтан этносаралық қатынастың негізі ретінде мемлекеттік тілді үйренушілерге барынша қолдау жасалады. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Мерейлі датаны мемлекеттілікті нығайту деңгейінде өткізуге баса мән беру керек. Білесіздер, қазіргі таңда Президент тапсырмасына сәйкес облыс орталығында заманауи «Достық үйі» салынып жатыр. Сондай-ақ Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы бой көтеруде. Аталған қалашықта туристерді тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға, мәдениетіміз пен мұрамызды сақтап қалуға этнос өкілдері де белсене атсалысуы тиіс. Толымды жетістіктерімізді еселеп, әлеуметтің әлеуетін көтеру – баршамыздың басты мақсатымыз. Осы міндеттерді орындауда облыстық Ассамблея мүшелері белсенді түрде үлес қосады деп сенемін. Алдағы уақытта өздеріңізбен жиі бас қосып, қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз, – деген болатын.

Бүгінгі таңда елімізді бірлікке үндейтін ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің өңірімізде этносаралық келісімді сақтау, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу ісіне қосар үлесі зор. Еске сала кетсек,  өңірдегі ҚХА жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.

 

КЕНТАУЛЫҚ ОҚУШЫ ҰБТ-ДАН ЕҢ ЖОҒАРЫ ҰПАЙДЫ ЖИНАДЫ

Кентаулық талапкер Айдос Қожанов Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, жоғары 138 балл жинады. Бұл көрсеткіш әзірге еліміз бойынша ең жоғары нәтиже. Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос болашақта математика пәнінен мұғалім болғысы келеді.
Дарынды оқушылар – ел болашағы, келешегіміздің үміті. Білім бәсекесінде биіктен көріну, мақсатқа қол жеткізу – озат оқушының арманы, ұстаздың жетістігі. Арманына қанат байлаған сондай білімді оқушының бірі – Кентау қалалық білім бөліміне қарасты «Грант» жекеменшік мектебінің 11«Г» сынып оқушысы Қожанов Айдос. Айдос 09.09.2007 жылы Кентау қаласында дүниеге келген. Кентау қалалық білім бөліміне қарасты Грант жекеменшік мектебінің биылғы оқу жылының түлегі. Таңдау пәні: физика-математика.
«Үздіксіз даму үздіксіз еңбекті қажет етеді. Сондықтан оқушының мүмкіндігін ескере отырып, оны үнемі дамыту қажет. Айдос – өте ізденімпаз оқушы, әрдайым өз мақсатына жетуге тырысады. Сабырлы, парасатты және салмақты мінезімен ерекшеленеді. Күнделікті өмірде тек жағымды жақтарымен сипатталады. Дәлелді себепсіз сабақтан қалған емес. Болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді. Мектепішілік бақылау сынақтарынан үздік нәтиже көрсетіп жүрген оқушылардың қатарынан », – дейді мектеп директоры Каримжанов Шахрух Шералиұлы.
Әрбір жеке тұлғаның болашағы өзі оқыған мектебінде айқындалады. Ертең осы елге ие болып, тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Мектеп оқушыларының ішінде қазіргі заман талабына сай, ой — өрістері кең, дарынды, шығармашылық қабілеттері бар оқушылар көп.
Айта кетсек, Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 340 оқушы өтінім білдірген. Жалпы облыста 32 306 оқушы 11-сыныпты тәмамдаған. Оның 1 727-і — «Алтын белгі» белгіге, 2 466 оқушы — «Үздік аттестатқа» үміткер.

КЕНТАУЛЫҚТАР ӘНҰРАНДЫ БІРГЕ ОРЫНДАДЫ

4 маусым еліміз үшін айрықша мереке – ҚР Рәміздер күні. Осы күнді кентаулықтар қаладағы Рәміздер алаңына жиналып, Әнұранды бірге орындады. Мерекелік шараға қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, ұстаздар мен оқушылар, қала жастары қатысты.
– Отанды, туған жерді сүю Мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен басталады. Еліміздің Әнұраны әлемдік олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларының құрметіне талай рет шырқалып, рух беріп келеді. Әлі де шырқала беретініне сенімдімін. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты. Осының бәрі тарих. Осы мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігіміздің мәңгілік екенін айшықтайды, – деген қала әкімі барша тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Аға буын өкілдері рәміздердің маңыздылығы туралы ой қозғаса, қаланың белсенді жастары мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, құндылықтарды құрметтеу жөнінде ұран тастады.
Мектеп оқушылары тәуелсіздіктің қасиетті, біріктіруші бейнесін танытатын Рәміздер жайында жыр-шумақтарын орындап, Отанымыз Тәуелсіз Қазақстанға арналған әсем әуендер шырқалды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырған іс-шара кентаулықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, елдің патриоты болу, отаншылдық дәріптелді.

ТҮРКІСТАНДА АЛАШТАНУШЫЛАР МЕН ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістанда ғалымдар, алаштанушылар және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Аталған жиын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған.
Кездесу алдында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қонақтарды қабылдады. Ол өз сөзінде өңір басшысының сәлемін жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстардың әрі қарай да жалғасатынын атап өтті. Содан соң үлкен аудиторияда модератор болды.
Алдымен сөз алған жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай баяндама жасады. Қазақ халқының рухани құндылықтарының дамуы мен ел тарихын және Алаш қайраткерлері туралы ой қозғап, жастардың жігерін жаныды. Нәзір Төреқұлов атындағы қайырымдылық қорының президенті, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Жаппар Жұман тұңғыш дипломат жайлы кеңінен баяндады.
Астанадан келген ғалымдардан соң, филология ғылымдарының кандидаты Ақжол Қалшабек сөз алып, нәубет жылдар төңірегінде тың ақпаратпен бөлісіп, жақында шыққан кітабын таныстырды. Ал Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай көрші өзбек елінде жасалған зерттеу барысын баяндады. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ләззат Динашова архивтен табылған деректерді мысалға келтіре отырып, бұл қадамдардың жай есеп үшін емес, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқанын атап өтті. Содан соң Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнара Шардарбекова сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
«Оқушылар сарайы» ғимаратында өткен кездесуге өңір жастары, түрлі сала өкілдері және облыстық Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері қатысты. Кездесу соңында қатысушылар түрлі сұрақ қойып, мардымды жауап алды. Облыс әкімінің орынбасары айтылған ұсыныс-пікірлер мен көтерілген мәселелер назарға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ келген қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді.
Айта кетсек, Түркістан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы №6 қаулысына сәйкес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия және 63 адамнан құралған арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыстарын жүргізуде. Барлық категория бойынша құжатта жалпы 6193 адамның дерегі табылған. Олардың құқықтық тұрғыда ақталмағандығы анықталып, ақтауға ұсынылған.