Архив рубрики: Ақпарат

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстан азаматтарына арналған ұсынымдар

Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың жалғасуына, сондай-ақ көптеген елдердің әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына белсенді әскери іс-қимылдар толық тоқтап, жағдай толық тұрақтанғанға дейін келесі елдерге барудан бас тартуды қатаң түрде ұсынады:

-Бахрейн
-Мысыр
-Израиль
-Йемен
-Иордания
-Ирак
-Иран
-Қатар
-Сауд Арабиясы Корольдігі
-Кувейт
-Ливан
-БАӘ
-Оман
-Сирия

Өңірде жүрген Қазақстан азаматтарын жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындауға, соның ішінде зымырандық қауіп туындаған жағдайда дереу баспаналарға/паналау орындарына баруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болуға тағы да шақырамыз.

ТҮРКІСТАНДА «ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫ – АНА» МЕРЕКЕЛІК КЕШІ ӨТІП, ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан қаласында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Әлемнің жарығы – ана» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ардақты аналар мен нәзікжандыларға құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, әйелдер қауымын мерекемен құттықтады.


Мерекелік кешке облыстың түрлі саласында табысты еңбек етіп жүрген аналар мен қыз-келіншектер, ұстаздар, дәрігерлер, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер және қоғам белсенділері қатысты.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз құттықтауында әйелдердің қоғамдағы ерекше рөлін атап өтіп, олардың ел дамуына қосып жатқан үлесі зор екенін жеткізді.

– Сіздерді көктемнің ең аяулы, шуақты мерекесі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жер бетіне көктемнің келгенін білдіретін бұл мерекенің орны бөлек. Сұлулық, жылылық сияқты қастерлі сөздер Ана деген аяулы ұғыммен астасып жатыр. Әр шаңырақтағы шаттық пен берекеде сіздердің маңдай терлеріңіз бен мейірімге толы алақандарыңыз бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінге жетуі – ең алдымен, аналардың еңбегі. Қазіргі қазақстандық әйел – отбасының берекесі ғана емес, қоғамның қозғаушы күші. Түркістан облысы – еліміздегі демографиялық өсімнің алтын діңгегі, береке мен бірліктің бастауы. Облысымызда әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлеміндегі 214 мыңнан астам кәсіпкердің 88 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни, шағын және орта кәсіпкерліктің 41%-ында іскер ханымдар басшылық жасауда. Түркістан – халық саны жағынан да, көпбалалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. 2025 жылы өңірде 45 мыңнан астам сәби дүние есігін ашты. Өңірде 191 мыңнан астам көпбалалы ана бар. 18 мыңнан аса «Алтын алқа», 45 мыңнан аса «Күміс алқа» иелері – мақтанышымыз. Біз үшін әрбір ананың амандығы, әрбір қыз-келіншектің бақыты – аса қымбат. Сіздерді шуақты мерекемен құттықтай отырып, ұзақ өмір, зор денсаулық тілеймін! Отбасыларыңыз аман, әр күндеріңіз шуақты болсын! – деді Нұралхан Көшеров.

Салтанатты жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар аналар мен қыз-келіншектер Түркістан облысы әкімінің Алғысхаттарымен және мемлекеттік марапаттармен марапатталды.

Мерекелік кеш Түркістан музыкалық-драма театрында жалғасып, концерттік бағдарламаға ұласты. Ардақты аналар мен арулардың құрметіне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.


«Vivat» би ансамблі «Көктем шуағы» атты музыкалық-хореографиялық қойылымын сахналады. Сонымен қатар елімізге танымал өнерпаздар – Медет Салықов пен Клара Төленбаева, әнші Баянсұлу, республикалық байқаулардың лауреаты Данияр Барыс, Сырым Исабаев, «Жаңа леп» өнер ұжымы және өңір өнерпаздары ананы, көктемді жырға қосып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Қазақ қызы» музыкалық композициясы ұсынылып, өнерлі балалар мен бишілердің өнері кештің көркін аша түсті. Концерт өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.


Айта кетейік, Түркістан өңірінде аналар мен әйелдерді қолдау, олардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде нәзікжандылардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, кәсіпкерлікпен айналысуына және әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруына кең мүмкіндік жасалған.

ХАБАРЛАНДЫРУ

«Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) ғылымның басым бағыттары бойынша жобаларды қабылдайды.

1. Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану:

а) ауа сапасының өзекті мәселелерін зерттеу.
Жобаны әске асыру мерзімі – 30 ай (жұмыстардың басталуы күнтізбелік жоспар бойынша – 2026 жылғы шілде).
Жобаны іске асыруға қажетті сұратылатын қаржы көлемі –
2026 жылға – 40 млн теңгеден аспайды, 2027 жылға – 40 млн теңгеден аспайды, 2028 жылға – 40 млн теңгеден аспайды.

2. Өмір және денсаулық туралы ғылым:

а) пәнаралық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер.
Жобаны іске асыру мерзімі – 18 ай (жұмыстардың басталуы күнтізбелік жоспар бойынша – 2026 жылғы шілде).
Жобаны іске асыруға қажетті сұратылатын қаржы көлемі –
2026 жылға – 20 млн теңгеден аспайды, 2027 жылға – 30 млн теңгеден аспайды.

3. Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту:

а) фитосанитария.
Жобаны іске асыру мерзімі – 24 ай (жұмыстардың басталуы күнтізбелік жоспар бойынша 2026 жылғы шілде).
Жобаны іске асыруға қажетті сұратылатын қаржы көлемі –
2026 жылға – 40 млн теңгеден аспайды, 2027 жылға – 60 млн теңгеден аспайды.

Жобаларды қабылдау мерзімі – хабарландыру жарияланған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні.
Е-майл: upiir.turkistan@mail.ru
Байланыс нөмері: 8 (725 33) 5-93-61

Қажетті құжаттар тізімі:

1. Инвестициялық жобаның атауы.

2. Жобаны енгізу және тарату саласы (қосалқы саласы).

3. Жобаны іске асыру жөніндегі іс-шараның қысқаша сипаттамасы (жобаның негізгі мақсаттарын және мәнін, жоба нәтижелерінің нақты қолданылуы, осыған ұқсас жобаларды іске асыруға қатысу тәжірибесін баяндау).

4. Жобаның іске асыру мерзімі (айлар бойынша).

5. Жобаның басталған және аяқталған күндері.

6. Сұратылған қаражаттың соммасы (теңге).

7. Өтініш берушінің атауы, мекенжайы, телефон нөмері, электрондық поштасы.

8. Өтінім берушінің байланыс жасау тұлғаларының аты-жөні, мекенжайы, байланыс нөмері, электрондық поштасы.

9. Жобаның жетекшісі (ғылыми-зерттеу ұйымының қызметкері) –
аты-жөні, лауазымы, телефон нөмері, электрондық поштасы.

10. Жобаны іске асыруға қатысатын субъектілердің атауы, мекенжайы, телефон нөмері, электрондық поштасы.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ АЯСЫНДА «VOICE WALL» ИНТЕРАКТИВТІ АЛАҢЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Бүгін Ханшайым Плаза сауда орталығының фойесінде 15 наурызда өтетін республикалық референдумға орай «Voice Wall» интерактивті алаңы ұйымдастырылды. Аталған алаңда қала тұрғындары мен жастар өз пікірлерін жазып, ел болашағына қатысты ұсыныс-тілектерін білдірді.

Іс-шараның ашылу салтанатына Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және қалалық мәслихат депутаты Самат Рысбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында азаматтық белсенділіктің маңыздылығына тоқталып, алдағы референдумның ел дамуы үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.

Шараны Түркістан облысының көшбасшы жасы Айбар Мырзагельдин жүргізіп, қала жастарымен бірге барша тұрғындарды 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Іс-шараға 300-ге жуық белсенді қала жастары қатысты. Шара барысында Ермек Хасанғалиевтің «Атамекен» әні шырқалып, жиналған қауым елдік рухты бірге сезінді. Сонымен қатар ерікті жастардың ұйымдастыруымен жаңа Ата Заңды қолдауға арналған концерттік бағдарлама ұсынылып, патриоттық әндер орындалды.

Республикалық референдум аясында шағын форматтағы форум өткізіліп, оның маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Кездесу барысында ашық пікір алмасу өтіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берілді.

15 наурыз — ел болашағына бейжай қарамайтын әр азамат үшін маңызды күн. Баршаңызды республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырамыз.

ТҮРКІСТАНДА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАНЫ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН МУРАЛ САЛЫНДЫ

Түркістан қаласындағы Керуен сарай кешені аумағындағы тұрғын үйдің қасбетіне Конституцияға арналған мурал салынды. Түркістан қаласында жүзеге асқан бұл игі іс – Конституциялық реформаны қолдауға бағытталған. Жаңа мурал – еліміздегі саяси жаңғыру үдерістерінің, әділетті қоғам құру жолындағы батыл қадамдардың көркем бейнесі. Онда Конституциялық реформаның мәні, халық еркі мен бірлігінің маңызы, заң үстемдігі мен азаматтық жауапкершілік идеялары заманауи көркемдік тәсілдер арқылы айшықталған.

Муралдың ашылуына орай түркістандық жастар арнайы флешмоб ұйымдастырды. Сондай-ақ, қатысушылар Конституциялық реформаны қолдайтындарын айтып, көк аспанға референдумға арналған әуе шарларын ұшырды.

Бұл символикалық әрекет – елдің жарқын болашағына деген сенім мен ортақ жауапкершіліктің белгісі іспеттес болды.

Түркістан облыстық мәслихат депутаты Нұржан Сейтжанов қабылдау өткізді.

«AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалына қарасты «Ұлағат» бастауыш партия ұйымында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауды Түркістан облыстық мәслихат депутаты Нұржан Сейтжанов өткізді.

Қоғамдық қабылдау барысында Шәуілдір және Шытты ауылдарындағы айналма жол мәселелері көтерілді. Аталған мәселеге қатысты халық қалаулысы Нұржан Серікжанұлы, жұмыстарды облыстық бюджет есебінен шешуге атсалысатынын жеткізді.

Сонымен қатар депутатқа аудан тұрғындары жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, тұрмыстық мәселелер бойынша өз өтініш-тілектерін білдірді. Көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, заң аясында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Жаңа Конституцияны қолдауға қатысты әр партияның өз ұстанымы бар

Respublica қандай пайымда?

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституция ұзақ мерзімді инвестициялар үшін болжамды орта қалыптастыратынын атап өтті.

«Экономикалық өсім ресурстар көлеміне емес, институттардың сапасына, ережелердің тұрақтылығына және меншік құқығының қорғалуына байланысты болмақ. Жаңа Конституция дәл осы институционалдық негізді бекітеді», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова мемлекет пен бизнес әріптестігінің философиясына тоқталды. «Конституция мемлекетке және жеке тұлғаға тиесілі меншікті тең қорғауды бекітеді және адал әріптестіктің жаңа қағидаттарын қалыптастырады», – деді Екатерина Смолякова.

«Халық» пен «Байтақ» неге назар аударды?
Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов жаңа Ата Заңның әлеуметтік мәніне назар аударды.

«Жаңа Конституция – мемлекеттің адамға арналғанын мойындауды және әлеуметтік мемлекет болу міндеттемесін алуды білдіреді», – деді Магеррам Магеррамов.

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азамат Әміртаев экологиялық жауапкершілікті күшейту мәселесіне тоқталды. «Қоршаған ортаны қорғау мемлекет пен әрбір азаматтың конституциялық міндетіне айналады», – деді ол.
Өз кезегінде, «Байтақ» партиясының мүшесі Тәңірберген Бердоңғаров Конституция мәтініне «Миранда ережесінің» енгізілуін оң бағалады. «Бұл норманың конституциялық мәртебе алуы үнсіз қалу құқығы мен адвокат көмегіне жүгіну құқығын азаматтарды қорғаудың іргелі кепілдігіне айналдырады», – деді Тәңірберген Бердоңғаров.

«Ақ жол» Ата заңнан қандай үміт күтеді?
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының атынан оның төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сөз сөйлеп, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу қадамын қолдады.

«Пропорционалды сайлау жүйесі саяси әртараптандыру мен көппартиялықты дамытуға жағдай жасайды», – деді Азат Перуашев. Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Ақ жол» партиясының мүшесі Дания Еспаева жеке меншікті қорғау мәселесіне назар аударды.

«Мемлекетке және жеке тұлғаға тиесілі меншік тең конституциялық қорғауға ие болады. Ал мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері үшін өтемақы төленуге тиіс», – деді Дания Еспаева.

ЖСДП не деп көсілді?
Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов жаңа редакция адам өмірінің елеулі бөлігі цифрлық кеңістікке ауысқанын ескеретінін айтты.

«Жаңа Конституцияға сәйкес, цифрлық ортадағы жеке өмір де қорғалады. Адамның жеке деректері оның үйі мен жеке хат-хабарымен бірдей деңгейде қорғауға алынады», – деді Асхат Рақымжанов.

Ал оның фракцияласы Нұрлан Әуесбаев отбасы институты мен бақытты балалық шақты қорғауды күшейту мәселесіне тоқталды. «Отбасы, ана, әке және бала мемлекет қорғауында болады. Бұл – келер ұрпақтың құқықтық кепілі», – деді Нұрлан Әуесбаев.

Осылайша, партияаралық диалог алаңы жаңа Конституция жобасын талқылауда саяси ұстанымдардың кең ауқымын көрсетіп, көрермендерге елдің алдағы дамуына қатысты негізгі мәселелер бойынша партиялардың көзқарастарын салыстыруға мүмкіндік берді.