Архив рубрики: Ақпарат

ТҮЛКІБАСТЫҚ КӘСІПКЕР 100 МЫҢ ТОННА БАЛЫҚ ӨНДІРУДІ КӨЗДЕП ОТЫР

Түркістан облысы тауарлы балық өндіру бойынша соңғы үш жылда республикада көш бастап келеді. Үкіметтің балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасына сәйкес, 10 жылда облыста тауарлы балық өндірудің көлемін 20 мың тоннаға жеткізу мақсатында жұмыс істеліп жатыр.
Балық шаруашылығы – қазіргі ауыл шаруашылығының маңызды саласы. Балық өсірудің көптеген аспектілері бар, олардан пайда табуға болады. Мысалы:
шабақтарды өсіру,
уылдырық алу,
балықты сату, балықты тұздау және тағы басқалары.      
  
Түлкібас ауданында өткен жылы жұмысын бастаған «Нұрсәуле фрудс» ЖШС балық шаруашылығын дамытуға бел буып, жылына 100 тонна сазан, ақ амур, дөнмандай, фарель балықтарын өндіруді көздеп отыр.
Бүгінгі таңда жоғарыда көрсетілген балық уылдырықтарының 3 млн. 200 мың данасын Құлан су қоймасы мен жанынан бой көтерген жасанды бассейндерге жіберген. Кәсіпкерлік нысанда 14 адамға жаңа жұмыс орны ашылып отыр.
Аталған серіктестікке аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен арнайы барып, жұмысымен танысты.
Әкімдік тарапынан қолдау сұраған кәсіпкерге аудан басшысы заң талаптарына сай барлық көмектер көрсетілетіндігін айтып, жауапты бөлім басшысымен бірге тиісті құжаттарын дайындап, ұсыну керектігін жеткізді.
Айта кетейік, аудан көлемінде соңғы 3-4 жылда балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдірушілердің саны артып келеді.
Осыдан 10 жылдай бұрын Арыс ауылдық округіне қарасты бірден-бір балық шаруашылығын дамытушы «First Fish Company» ЖШС-гі ғана жұмыс жасап келсе, бүгінгі таңда аудан көлемінде 12 шаруашылық өзінің жеріндегі өзен, көлдер мен жасанды тоғандарына балық шабақтарын жіберіп, балық өсірумен айналысып жатыр. Осы күнге дейін 28,5 га жер теліміндегі тоғандарға 3,5 млн. дана шабақтар жіберілген.

МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛҒАН МӘЖІЛІС

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері және Өңірлік даму жөніндегі кеңестердің бірлескен мәжілісі өтті. Кеңестердің бірлескен мәжілісін Өңірлік даму жөніндегі кеңестің төрағасы Серманизов Бахытжан Қыпшақбайұлы төрағалық етіп, жүргізді.
Мәжіліске облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Тұрсынбаев Полат Мұратұлы, облыстық Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Райымбеков Ғани Ақылбекұлы, Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мырзахметов Нұржігіт Назарбекұлы, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Полатбеков Бақытжан Әнуарбекұлы, Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі және кеңес мүшелері мен партия қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды:

1. Түркістан облысының экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін көбейту туралы;
2. Түркістан облысында минералды тыңайтқыштардың көлемін арттыру туралы;
3. Түркістан облысындағы 100 елді мекенді газдандыру туралы;
4. Түркістан қаласында темір жол вокзалын күрделі жөндеуден өткізу туралы.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов күн тәртібіндегі мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Түркістан облысының
2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындалуы жөніндегі жол картасындағы көрсеткіштерге тоқталды. Өңір экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі 2023 жылы 22,5% — ға, ал 2027 жылға дейін 25,5% — ға жеткізу көзделгенін атап өтті. 2022 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 25,4%-ды құраған. Ағымдағы жылдың 1 мамырына Ұлттық жоба шеңберінде несиенің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау құралы бойынша 126 жоба 9,7 млрд. теңгеге қолдау алған болса, ішінара кепілдендіру құралы бойынша 54 кәсіпкерлік субъектісі 1,2 млрд. теңгеге кепілдендірілген. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың екінші жартысында ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік гранттар ұсыну құралы бойынша 148 млн. теңгеге қайтарымсыз гранттар ұсыну жоспарланған. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мақсатында ағымдағы жылы Түркістан облысына 19,8 млрд. теңге бөлінгенін, аталған жоба шеңберінде халықты 2,5 % жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету мақсатында 6 бағыт таңдалған. Атап айтқанда;
— — өсімдік шаруашылығын дамыту;
— — мал шаруашылығын дамыту;
— — құс шаруашылығын дамыту;
— — балық шаруашылығын дамыту;
— — ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау;
— — тұрғындардың өз кәсібін ашу бағыты.
— Бүгінгі таңда, «Ауыл аманаты» жобасының алтыншы бағыты (тұрғындардың өз кәсібін ашу бағыты) бойынша 50 шағын өндірістік жобалар іріктеліп, 2,5% — дық жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар, «Оңтүстік» Аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 2023 жылдың 5 ай қорытындысымен
6,9 млрд. теңгеге 822 жоба, «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы
3 079 млрд. теңгеге 584 жоба (2023 жылға 13 бағдарлама бойынша қаржыландыру жоспарланған) қаржыландырды.

Кеңес отырысының күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қатысушылар баяндамашыларға сұрақ қойып, тиісті жауаптарын алды. Қордаланған мәселелерге байланысты алдағы уақытта кеңес құрамы бекітіліп аудандарды аралап жұмыс барысымен танысатын болады.

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАЛАРЫ МЕН МҮШЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов бұрынғы кеңестердің құрамында белсенді жұмыс істеген кеңес төрағалары мен мүшелерін марапаттау туралы шешім қабылдаған болатын. Осыған орай бүгін “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы А.Үмбетәлиев қоғамдық кеңестердің жұмысында белсенділік танытқан кеңес төрағалары мен мүшелерін арнайы алғыс хатпен марапаттады.


Партия төрағасы өз сөзінде,
— партияның бағдарламалық міндеттері мен шешімдерін жүзеге асыруда белсінділік таныттыңыздар. Қоғамдық кеңес жұмыстарында халықтың сапалы өмір сүруін қалыптастыру мен Сайлауалды бағдарламаларды іске асыруға елеулі үлес қостыңыздар. Көпшілігіңіз кеңестің құрамынан шықсаңыздарда азаматтық белсенділіктеріңізді жоғалтпай «Әділетті Қазақстанды» құру жолында қажырлы еңбек етуді жалғастыра береді деп сенемін,-деді А.Үмбетәлиев.

Айта кетейік, 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жол: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданып, оның өз дәрежесінде жүзеге асырылуын бақылау үшін облыстық, аудандық, қалалық деңгейлерде қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Аталған кеңестер белсенді жұмыс жасап, 2 жылдың ішінде 855 отырыс өткізіп, 1500-ге жуық өзекті мәселелер қарады. Мемлекеттік органдарға 1700-ден астам ұсыныстар жолдап, олардың басым бөлігі орындалды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ

Түркістан Облысының Полиция Департаментінің жаңа ғимараты ашылды. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан Полиция департаментінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Қаланың сәулеттік стиліне үйлесімді көпқабатты нысанның лентасын қиып, аралап шықты. Жаңа ғимаратта тәртіп сақшылары алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, барлық жағдай жасалған.
      
Одан бөлек Полиция департаментіне тиесілі соңғы заманауи үлгідегі көліктер (Кибер-шериф пен Кордон Про-М, Автоураган) мобильді кешендер және қару-жарақтарымен таныстырылды.
Сондай-ақ департаменттің арнайы алаңында Мемлекеттік ту көтеріліп, жеке құрамның салтанатты саптық шеруі өткізілді. Министр әріптестерін заманауи талаптарға сай жасақталған жұмыс орнымен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі. Жаңа ғимараттың ашылу рәсімінде облыс әкімі елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай қызмет етіп жүрген полицейлердің  еңбегін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру туралы идеясының негізгі мақсаты – елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамның мүддесі мен талап-тілегін ескере отырып, осы мақсатта жұмыла әрекет етуіміз қажет. Бұл жауапты іс тікелей құқық қорғау саласы қызметкерлерінің адал еңбегі арқылы жүзеге асады. Сондықтан, полицияның кедергісіз қызмет етуіне әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетілуде. Былтыр ғана полиция қызметкерлеріне 252 жаңа көлік табысталса, биыл тағы да 30 автокөлік алынды.Бүгінгі таңда, облыс аумағында жалпы 12 стационарлық полиция бекеттері орнатылды. Тиісінше, облыстағы ішкі істер саласының басшылығы мен қызметкерлері қырағылықпен қызмет етіп, нәтижелі жұмыс көрсетуде. Ел Президентінің полицияны сервистік моделге көшіру туралы тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап облыста ведомствоаралық топтар құрылып, жұмыстарын атқаруда.
Бұл – халықтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қарқынды қадам деп білемін.
Елдің амандығы мен құқықтарының сақталуы ішкі істер саласының қызметкерлеріне ғана емес, қоғамның алдындағы міндет. Бұл жұмыстарды бәріміз бірлесе атқаруымыз қажет, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Айта кетсек, облыстық Полиция департаменті ғимараты толық заманауи техникамен жабдықталып, жиһаздары орнатылып, пайдалануға берілді. 4 қабатты ғимараттың ауданы – 15 365 м2.
470 адамға арналған Полиция департаменті ғимаратының жалпы жер ауданы – 4000 м2. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәжіліс залы, спорт залы, тир, арнайы автотұрақ, автокөлік жуу орнымен қамтылған.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы жаттығу тирінде нысана көздеп, мергендігін сынап көрді. Он оқтың тоғызын дәл тигізіп, шеберлігін көрсетті.
Жаңа ғимараттың жанында еліміздегі ең ірі кешеннің бірі, соңғы үлгідегі 126 монитор орнатылған Жедел басқару орталығы орналасқан. Бұл орталық арқылы облыстағы көшелер мен жолдар, барлық білім ұялары тәулік бойы қадағалауда. Полиция жұмысының қайнар көзі саналатын орталықта «102» желісіне соғылатын қоңыраулар қабылданады. Әрбір қоңыраудың артында үлкен командалық қызмет атқарылады. Ғимараттың жалпы ауданы – 3 га.
ІІМ басшысы Марат Ахметжанов киелі өңірдегі іссапарын облыс орталығы — Түркістан қаласындағы туристік полиция қызметімен танысудан бастады. Еліміздің бас полицейі туристік аймақта тұрғындар қауіпсіздігін сақтайтын полицейлерді тексерді. Одан әрі «Конгресс-холл» салтанат сарайында Түркістан облысы тұрғындарымен кездесу өткізді. Аталған шара Ішкі істер министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. Жиын барысында аймаққа тән проблемалар қаралып, өзекті тақырыптар көтерілді.
Марат Ахметжанов еліміздегі қылмыс деңгейі жыл басынан бері 19%-ға төмендегенін, ал Түркістан облысы республика бойынша қылмысы ең аз облыстар қатарынан түспей келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелері бар арызданушыларды жеке қабылдады. Оған қоса жергілікті БАҚ өкілдерімен брифинг ұйымдастырылды.

БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ ҚАЖЕТ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында, Түркістан қалалық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен мәжіліс отырысы өтті. Отырысты облыстық партия төрағасы Алтынсары Үмбеталиев жүргізді. Жиында облыстық партия филиалының төрағасы 7548 партия мүшелері бар Түркістан қалалық БПҰ төрағаларының есебін тыңдады.
Жалпы «AMANAT» партиясында 20 қала-облыстық филиалы бойынша республика көлемінде 800 мыңға жуық партия мүшесі болса, Түркістан қалалық филиалында 16 бастауыш партия ұйымымен біріктірілген 7548 партия мүшелері тіркелген.


Мәжіліс отырысында БПҰ төрағалары Облыстық Партия төрағасына атқарған жұмыстарын баяндады. Баяндамаларды тыңдаған Алтынсары Дүйсенбекұлы, партияға мүшелікке қабылдау жұмыстарын талқылады. Сонымен қатар, партиялық «Ардагерді ардақтайық», «Құқықтық көмек», «Кедергісіз келешек» сынды жобалардың халыққа түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілмей отырғандығын сынға алды.


Жиында атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітпей тұрғанын айтқан партия төрағасы,
— Бастауыш партия ұйымдары — жергілікті жерлерде партия саясаты мен оның стратегиялық міндеттерін жүзеге асырып, халықпен және әрбір аманаттықпен етене жұмыс істейтін құрылым екенін атап өтті. Сондықтан, халықпен етене жақын болып нәтижелі жұмыс атқару керек, — деді.
Айта кетейік алдағы уақытта БПҰ төрағаларымен кездесу жалғасатын болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

«Құқықтық көмек» жобасы жалғасуда

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтардың өмірлік маңызды мәселелерін шешу мақсатында бірқатар азаматтарға құқықтық көмек көрсетілді. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Төрағасы Үмбеталиев Алтынсары Дүйсенбекұлы қоғамдық қабылдауда төрағалық етіп жүргізді. Сонымен қатар, азаматтардың арыз-өтініштеріне байланысты құқықтық көмек көрсетуге облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Тұрсынбаев Полат Мұратұлы, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Серік Нұрдаулет Еркінбекұлы, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасының басшысы Жүнісов Ержан Әліұлы және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы, облыстық әділет департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Тергеу басқармасы, мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерінен құралған жалпы 10 басқарма мен адвокат, заңгерлер бас қосты.

«Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өткізілген қоғамдық қабылдауға облыс бойынша алдын – ала 12 тұрғын жазылды. 3 сағатқа созылған қоғамдық қабылдауда аймақ бойынша аудан, қалалардың полиция қызметкерлеріне шағым айтқан арызданушылар көп болды. Жан-айқайын білдіріп, келушілердің қатарында әлимент өндіру ісі мен алаяқтық фактілері бойынша және банктерден үлкен соманы құрайтын несие алып, қарызға батырған адамға қатысты шағымдар айтылды. Арызын арқалаған ағайын «AMANAT» партиясы «Құқықтық көмек» жобасы аясында мәселеміз назарға алынса деген өтініштерін білдірді. Мәселен Түркістан қаласының тұрғыны Давран Дадашев есімді азаматтың баспанасы 2017 жылы қасақана өртке оранған. Алайда, жәбірленуші сол уақыттан бері арызданып, іс қозғалғанымен, күні бүгінге дейін іс ақталып қайтарылған. Құзырлы органдар 2 жылға жуық бұл істі қозғауға қауқарсыз болып отырғанын айтып ашынды.


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы бүгінгі қоғамдық қабылдау бөліміне келген азаматтардың арыздары бойынша хаттама негізігінде Түркістан облыстық прокуратурасына және басқада құқық қорғау органдарына хат жолданып, партия тарапынан бақылауға алатындығын айтты. Бұдан өзге де қозғалған проблемалар бойынша қоғамдық қабылдау барысында тиісті жауаптар беріліп, бақылауға алуға тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өткізілген қоғамдық қабылдауда бірнеше тұрғынға ҚР қолданыстағы заңдары аясында түсінік беріліп, мәселелері заң тұрғысынан қолдау табатыны жеткізілді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Дәрілік өсімдіктерді шет елге заңсыз шығару тиылмай тұр.

Еліміздің тек Оңтүстігінде өсетін аса құнды — «сасық кеурек» (Ferula L.),«мия» және «дермене» өсімдіктерінің жойылып кету қаупі төніп тұр. Бұл өзекті мәселені ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярға жолдаған сауалында айтты.
» Экожүйеміздің негізі болып табылатын дәрілік өсімдіктерді қорғау және отандық фармацевтикада қолдану мәселесі қашанда өзекті. Мәселен, тек Оңтүстікте өсетін «сасық кеуректің» 10-нан аса түрі бар, оның барлығы да «Қызыл кітапқа» енген. Соған қарамастан, оның майын шет мемлекеттерге заңсыз шығару тиылмай тұр. Сасық кеурек Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан сынды елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде өнімнің бір келісі 100-150 долларға бағаланады. Түркістан облысында сасық кеуректің майын дайындау үшін өндірушілер шетелден мыңдаған жұмыс күшін заңсыз тартып, шикі өнімді жаппай сыртқа шығаруда. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 14 тоннадан асып түскен. Болашақта аса бағалы бұл дәрілік өсімдік азайып қана қоймай, мүлдем жойылмасына кепіл жоқ. Себебі сасық кеурек 10 жыл ғана өмір сүреді және монокарпик, яғни 5-6 жылда бір рет қана гүлдейді. Ал, оның өнімін 8 жылдан кейін пайдалануға болады. Сасық кеурек тек құм және шөлді аймақтарда өседі. Оны түп-тамырымен құрту жердің тозуына, құмның көшуіне, табиғи экожүйенің күйреуіне әкеп соғады,» — деп мәлімдеді Қайрат Рахымұлы.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қ. Балабиев қызыл мия өсімдігін де осы санатқа қосуға болатынын жеткізді. Қызыл мияның тамыры медицина, косметология және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады екен. Оның тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органик, қышқылдар, минерал тұздар бар. Сондықтан аталған өсімдікке Қытай, Корея және АҚШ-та сұраныс қызып тұр дейді Қайрат Балабиев.
«Бұл күндері арзан табысты көздегендер мияны түп-тамырымен қопарып жұлып, заңсыз саудалауға көшті. Ал, оның тамырын қазып алған соң, қызылмия қайтып шықпайды. 2016-2021 жылдары Оңтүстік Қазақстаннан 70 мың тонна мия тамыры шетел асырылған. Бұл болашақта отандық фармацевтика өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету тапшылығына тап қылады деген сөз.
Тіпті қызыл мия құнды өсімдік ретінде «Қызыл кітапқа» да енбеген.
Дәрілік дермене жусаны да сирек кездесетін шипалық қасиеттері мол өсімдік. Ол да тек Түркістан өлкесінде өседі. Оның құрамында сантонин, майлар, ащы заттар, эфир майлары бар. Дәрілік шикізат ретінде тамырымен есепсіз жұлынғандықтан, бүгінде қатары қатты сиреген.
Дәрілік өсімдіктер шикізатын заңсыз жинап экспортқа шығарушылар бюджетті айналып өтіп, «көлеңкелі экономикаға» тікелей жұмыс істеп жүр.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселеге бейжай қарайды. Осы күнге дейін заң бұзушыларға қарсы бірде-бір шара көрмеген.
Сондықтан, жоғарыда көрсетілген өсімдік түрлерінің жойылып кетуіне жол бермеу мақсатымен төменгі ұсыныстардың қаралуын сұраймын:
1. Мия өсімдігін Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысымен бекітілген сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізбесіне кіргізіп, «Қызыл кітапқа» енгізу мәселесін қарастыруды.
2. Сасық кеурек, дермене және мияның қорлары мен рұқсат етілген өндіріс көлемін анықтайтын зерттеу жүргізіп, қазіргі кезде өсімдіктердің қалған санына байланысты оларды жинауға, өңдеуге немесе өндіруге мүмкіндіктің бар жоғын анықтауды.
3. Осы зерттеу жүргізу барысында аталған дәрі өсімдіктерін жинауға, өндіруге және шикізатын экспортқа шығаруға уақытша тыйым салуды.
4. Өсімдік түрлерінің жойылу қаупі анықталған жағдайда, оларды жинауға толықтай шектеу қойып, жедел турде популяциясын көбейтуге бағытталған шараларды ұйымдастыруды.
5. Еліміздің Оңтүстік өңірлерінде фармацевтикалық өндірісте пайдалану үшін сасық кеурек және мия, дермене өсімдіктерін өсіретін арнайы плантацияларды салу мүмкіндігін ойластыруды.
Сауалға заңнамада көрсетілген мерзімде жауап беруін сұраймын» — делінген, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қ. Балабиев депутаттық сауалында.

СОЗАҚТЫҚ ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДАРЫНА «РӘМІЗДЕР АЛЛЕЯСЫН» ТАРТУ ЕТТІ

Түркістан облысында әр жылдары мектеп бітірген түлектер ауылға, білім ордаларына және мұқтаж отбасыларға, қомақты сый жасап, туған жерлерін түлетуге атсалысуды дәстүрге айналдырған. Сол игі іс биыл да жалғасып жатыр.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында ынтымағы мен бірлігі жарасқан Созақ ауылының жастары игілікті істің жаршысы болды. Аталған ауылдағы Созақ жалпы орта мектебі гимназиясынан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан азаматтар ауылға кіреберіс тұстағы «Жастар» саябағының алдына биіктігі 25 метрлік «Ту тұғырын» орнатып, «Рәміздер аллеясын» тарту етті.
Мерекеге орай Созақ ауылдық округі әкімдігі мен ауыл жастарының ұйымдастыруымен аталған аллеяда Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұран шырқалды. Игі істің басы-қасында жүрген білім ордасының 2003 жылғы түлегі Ғабит Байғонысұлы егемен еліміз үшін Рәміздер күнінің мән-маңызы ерекше екенін айтады.
 
– «Саусақ бірікпей, ине ілікпес» деген ұлағатты сөз бар дана халқымызда. Туған жерге титімдей болса да жақсылық жасау – біздің перзенттік парызымыз. Елтаңба, Ту, Әнұран – бұл Тәуелсіздігіміздің басты символдары. Сыныптастармен ақылдаса келе, патриоттық рух сыйлайтын әрі өзіміздің артымыздан еріп келе жатқан кейінгі жастарға үлгі болсын деген ниетпен осындай тарту жасауды жөн көрдік. Алдағы уақытта да ауылдың көркейіп, гүлденуіне атсалысамыз, – дейді ол.
Ауыл тұрғындары да өскен өлкесіне құрметпен қараған түлектерге дән риза. Ауыл округінің әкімі Батырхан Аяпов түлектерге алғысын айтып, ауылдың ажарлануына жұмыла қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың ісі көпке үлгі екенін жеткізді.
Еске сала кетсек, биыл білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында облыста 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер 6 баспана, 1 аллея, 1 аялдама және 1 спорт кешенін сыйға тартты.

Сайдирасулхан Ералиев: Президенттің жолдауы шынайы саяси жаңғыру мен тарихи маңызға ие.

Мемлекет басшысы Қазақстанның қалыпты дамуында қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер билік пен халық диалогы арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал екенін атап көрсеткен болатын. Ұшқыр уақыт, замана желі – әлемдегі геосаяси ахуалды жыл сайын емес, күн сайын өзгертіп жатыр. Бұлжымастай көрінген халықаралық қатынастар, қоғамдық құндылықтар, әлеуметтік, адами байланыстар түбегейлі сынға түсуде. Осы тұста, Президенттің жолдауы шынайы саяси жаңғыру мен кешенді реформаларға бастау боларлық тарихи маңызға ие. Бұл жолдауда қазақстандық қоғамды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің нақты шешімі табылғаны, көкейкесті сұрақтарға жүйелі жауаптар берілгені, халықтың талап-тілектері барынша ескерілгені анық байқалып тұр. Жалпы алғанда, Президенттің жолдауындағы саяси жаңғыру мен реформалауға бағытталған жаңа ұсыныстар мен бастамаларды жүзеге асыру үшін ел Конституциясына 30-ға жуық өзгерістер енгізілуі тиіс екен. Әсіресе мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесін реформалау, ашық және мөлдір сайлау жүйесін құру, партиялық құрылысты демократиялық жолмен жетілдіруге бағытталған Президенттің саяси шешімдері баршаның көңілінен шығып, жалпықоғамдық қолдауға ие болуда.

Қазақстанда бұрын орын алған суперпрезиденттік басқаруды тарихтың еншісіне қалдырып, жаңа кезеңде күшті Парламентке сүйенетін президенттік басқаруға өту – халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құрудың сара жолы. Бүкіл биліктің президенттің қолына шоғырлануы – қауқарсыз парламент, дәрменсіз үкімет пен солқылдақ сотты туындатып, биліктің үш тармағының Президенттің аузына қарап, шарасыз отыруына әкеліп соққаны белгілі. Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай келеңсіздік жойылатынын, әр билік тармағы өзінің құзыретіне сай қызмет жасауы қажет екенін қадап айтты. Сонымен қатар, Президенттің туыс-тумаларының мемлекеттік саяси лауазымды қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы жоғары лауазымдардан  шеттету отбасылық-кландық сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің кепілі болмақ.

Президенттің мемлекеттік басқару жүйесін қағазбастылық бюрократиядан арылтуға бағытталған арнайы жарлығы жедел саяси шешімдер қабылдауға, тиімді әрі нәтижелі мемлекеттік басқаруға жол ашпақ. Ал Президенттің, Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті мен Конституциялық сот төрағаларының, облыс әкімдері мен олардың орынбасарларының ешбір партияның қызметіне араласпауы, партияларды ресми тіркеу талаптарының жеңілдетілуі саяси бәсекелестікке арқау болары сөзсіз. Мұның барлығы қоғамда көптен бері көтеріліп жүрген, бірақ шешімі табылмай келе жатқан саяси мәселелердің алдыңғы қатарында еді. Президент ұсынысымен Парламент Мәжілісінің үштен бір бөлігінің мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайлануы азаматтардың бәсең сайлау құқығын жүзеге асыруға жол ашып, сайланбалы органдарға өзін-өзі ұсынуына кең мүмкіндіктер ашады.

«Ұлт пен мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу менің міндетім деп білемін», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалпы, Президенттің жолдауында ақиқат пен әділдікке сүйенбей, жаңа Қазақстан құру мүмкін емес екенін байқадық. Ендеше ең алдымен билік басындағы шенділерден бастап, қарапайым ел тұрғындарына дейін әділеттің ақ жолына түсіп, мемлекеттік жүйе мен құрылымдардың барлығы сыбайлас жемқорлықтан арылып, ел тәуелсіздігін мәңгі сақтап, байтақ еліміз бен жеріміздің бейбітшілік пен бақыттың мекеніне айналса деген тілегі көкейімізге үлкен сенім ұялатты.

@Ералиев Сайдирасулхан Акбарханұлы

«ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДА» БАЛАЛАР ШАТТЫҚҚА БӨЛЕНДІ

Түркістанда қала әкімдігі, «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубы және халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «1 маусым – Балаларды қорғау күніне» орай «BalaDay – BalaLand» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталған іс-шараға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат депутаттары, қалалық «Әйелдер алқасының» төрайымы Ұлжан Мұстафаева, «Оқушылар сарайының» директоры Индира Икапова, сонымен бірге, ата-аналар мен балалар қатысты. 
— Құрметті бүлдіршіндер, ата-аналар және ұстаздар қауымы, сіздерді жаздың алғашқы күнімен қатар келген «Балаларды қорғау күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! «Отан отбасынан басталады» дейтін болсақ, балалар сол әрбір жанұяның, еліміздің болашағы деп білемін. Осы орайда, барлық қиындыққа төзіп, ерекше балаларды өсіріп отырған ата-аналарға да айрықша алғыс білдіргім келеді. Әрбір бала дені сау, үлкен азамат болып өсе берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, — деді балаларды мерекемен құттықтаған қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Аталған іс-шара аясында балалар алдымен асфальт пен мольбертке сурет салып, аниматорлардың шоу-бағдарламасына қатысып, көңіл көтерді. Содан соң, мерекелік іс-шара «Оқушылар сарайында» тәлім алатын және қаладағы өзге де мектептерден келген жас таланттардың концертіне ұласып, қонақтар әсем ән тыңдап, арнайы сахналанған қойылымды тамашалады.
Сонымен қатар, мерекелік іс-шара аясында қала әкімі мен қонақтар ерекше балаларға сыйлық табыстап, барлық бүлдіршінге балмұздақ үлестірілді.