Архив рубрики: Ақпарат

ӘКІМГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Ақтау қаласының әкіміне қатысты 50 АЕК мөлшерінде, яғни 172 500 теңге айыппұл салынды. Әкім ақшалай өндіріп алуды 5 күн ішінде төлеуі және сот шешімін 10 күн ішінде орындауы қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап TAQ.KZ тілшісі.

Әкімге қомақты айыппұл заңды күшіне енген сот шешімін уақытылы орындамағаны үшін салынғаны белгілі болды.

Маңғыстау облыстық ауданаралық сотының шешімімен шаһардағы кәсіпкердің Ақтау қаласы әкіміне қатысты талап-арызы қанағаттандырылған. Өйткені жергілікті әкімдік оған жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартқан екен. Бұл әрекетін сот заңсыз деп таныды. Талапты орындауға 1 ай мерзім белгіленді.

«Бірақ осы уақытқа дейін сот шешімі орындалмай, жеткілікті уақыт өтсе де қала әкімі әкімшілік акті қабылдауға ешқандай шара қолданбаған. Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес, сот шешімдерін орындау соттың бақылауында және оларды орындаудан жалтару ақшалай 50 АЕК өндіріп алуға әкеп соғады,»- делінеді Маңғыстау облыстық ауданаралық сотының хабарламасында.

18 жасқа толмаған балалар TikTok-ты тек бір сағат пайдалана алады

Балалардың TikTok-та отыру уақыты шектеледі, — деп хабарлайды BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап ТАQ.KZ тілшісі

Ал ұзағырақ отырғысы келсе ата-анасының келісімі болуы қажет.  TikTok әкімшілігі әлеуметтік желінің денсаулыққа әсері туралы ғылымда ортақ пікір жоқ екенін айтты.

Алдағы аптада 18 жасқа толмаған пайдаланушылар желіні тек 60 минут пайдалана алады.

Бір сағаттан кейін әлеуметтік желіні пайдалануды жалғастыру үшін кіру кодын енгізу керек. Егер пайдаланушы 13 жасқа толмаған болса, TikTok қолданбасының уақытын созу үшін  ата-ананың рұқсатын, яғни кіру кодын енгізуі керек. Бұл жағдайда әлеуметтік желі қосымша 30 минут береді.

15 ӨҢІРДЕГІ ЖАСТАРҒА ЖЫЛДЫҚ 2,5% НЕСИЕ БЕРІЛЕ БАСТАДЫ

Елімізде жастарға арналған жеңілдетілген несие беріледі бастады. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
5 жыл мерзімге жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын несиені облыстық/республикалық маңызы бар қалада/астанада, моноқалада, шағын қалада, ауылды елді мекенде тұратын жастар ала алады. Олардың жасы 21-ден 35-ке дейін, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы тиіс.
Осы мақсаттарға 2023 жылға 29 млрд теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен 5,8 мың жас адамға жеңілдігі бар кредит беру жоспарланған. Бұлардан бөлек грант беру құралдары жасалмақ.
Бұл кредиттерді «Аграрлық кредиттік корпорациясы арқылы алуға болады.
Несие мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 (жеті) жылғы дейін; басқа бағыттар үшін — 5 (бес) жылға дейін; көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін – 3 (үш) жылға дейін; айналым қаражатын толтыру үшін (несиенің бір бөлігі) – 2 (екі) жылға дейін беріледі.
Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады. Ол ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.
Қажетті құжаттар тізімі:
1. жеке басын куәландыратын құжат;
2. жоба бойынша бизнес-жоспар;
3. шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама;
4. кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде);
5. қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде;
6. кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;
7. кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.
Микрокредиттер төменде көрсетілген тізімдегілерді қоспағанда:
— тұрғын жылжымайтын мүлікті (оның ішінде малшылар үшін уақытша/тұрақты тұрғын үйлерді) сатып алу, салу немесе жөндеу, жер учаскелерін сатып алу (кез келген нысаналы мақсатпен);
— бағалы қағаздарды сатып алу (портфельдік инвестициялар);
— қаруды (оның ішінде қару өндіруге арналған құрамдас бөліктерді), құрамында есірткі бар заттарды немесе азаматтық айналымнан алынған басқа да мүлікті өндіру немесе сатып алу;
— ойын бизнесін ұйымдастыру және (немесе) дамыту;
— Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған террористік және кез келген өзге де қызметке байланысты қызмет;
— моторлы көлік құралдарын шығаруды және өз өндірісіндегі жүзімнен шарап өндіруді, сондай-ақ темекі және/немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобалар, акцизделетін тауарларды/өнімдерді шығару;
— кредиторлық берешекті өтеу;
— бизнесті жүргізуге байланысты емес жеке тұтынушылық мақсаттардан басқа кез келген мақсатқа беріледі.
Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.
Осылайша, микрокредит беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жоспарымен өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, қоғамдық маңызы бар, өміршең болуы тиіс жобаның пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.
Қазіргі уақытта микрокредиттер алуға өтінімдер мынадай өңірлерде: Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Абай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында және Астана қаласында қабылданады. Қалған өңірлерде өтінімдерді қабылдау жақын арада басталады.
Кепілдік ретінде жылжымайтын мүлік пен арнайы техника қойылады.
Сонымен қатар негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі. Оның ұзақтығы микрокедит мерзімінің үштен бірінен аспауы керек.
Жеңілдетілген несие алуға қажетті құжаттардың толық тізімін мына жерден көруге болады.
Еске салсақ, 1 наурыздан бастап Қазақстанда жастар саясаты жөніндегі заң күшіне енді. Бұл заңға сәйкес кешеден бастап Қазақстанда жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды.

ИНВАТАКСИДІ МОБИЛЬДІК ҚОСЫМША АРҚЫЛЫ ШАҚЫРТУҒА БОЛАДЫ

Үкімет инватакси қызметіне мобильдік қосымша арқылы тапсырыс беруді жолға қоймақшы. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депуататтарының сауалына берген жауабында осындай мәлімет айтты.
«Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдардың ұсыныстарын ескере отырып, инватакси қызметін Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсететін ілкі жобаны іске қосуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ілкі жоба аясында әр қызмет алушы инватаксиге Әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген жеткізушінің мобильдік қосымшасы арқылы тапсырыс бере алады», — деп жазды Үкімет басшысы.
Сондай-ақ биыл инватакси қызметіне жергілікті бюджеттерден 3,5 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ МАМАНДАРЫНЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ ӨСТІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін республикалық мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын 100%-ға көтеру туралы тапсырмасы аясында биыл 1 қаңтардан сала мамандарының айлығы орта есеппен тағы 22%-ға артты. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Соңғы екі жылда 64 мыңға жуық мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 45%-ға көтерілді.
«2023 жылдың қаңтарынан барлық санаттағы қызметкерлердің айлығы өскенін атап өту керек. Бұл басшылар мен жетекшілер, негізгі персоналмен қатар, еден жуушы, күзетші, вахтер секілді жұмыскерлердің де еңбекақысы көтерілді», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Н. Дәуешов.
Мәдениет және спорт министрлігі сала мамандарының айлығын одан әрі ұлғайтуға бастамашы болады. Мәселен, шығармашылық жоғары оқу орындарындағы концертмейстерлердің еңбекақысын көтеру жоспарда бар. Ол үшін заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы екі есеге жуық өсті. Бүгінде елімізде осы санатқа жататын 5 ұйым бар. Министрлік алдағы уақытта аталған нысандардың тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр.

18 мыңнан астам ер азамат әскерге шақырылады

Биыл көктемде 18 мыңнан астам ер азамат әскерге шақырылады. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Бауыржан Артықов мәлімдеді,-деп хабарлайды TAQ.KZ тілшісі.

Әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар қарулы күштерге және басқа да әскери құрылымдарға шақырылады. Бұл шаралар 1 шілдеге дейін жалғасады.

Қарулы күштерге – 7 мыңнан астам адам;

Ұлттық ұланға – 6 мыңнан астам адам;

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне – 3 мыңнан астам адам;

Төтенше жағдайлар министрлігіне – 300-ден астам адам;

Мемлекеттік күзет қызметіне – 80-нен астам адам;

«Әскерге шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету дербес шақырту қағазын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орнына жеткізіледі. Осы жұмыс автоматтандыру мақсатында 2021 жылдан бастап әскерге шақырушыларды SMS-хабарлама жолдау арқылы да хабардар ету де жүргізілуде», — деді Бауыржан Артықов
Ал, әскерден босатылатын санаттарға студенттер; педагогтар; бір және одан көп баласы бар ер адамдар жатады.
Еске сала кетейік, Қазақстанда әскерден жалтарғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бестөбе шахтасында тағы да бір қызметкер қаза тапты

Бестөбедегі шахтада заңсыз алтын іздеуші көз жұмды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТAQ.KZ тілшісі.

27 ақпанда Степногорск полициясына «Центральная» шахтасының 520 көкжиегінде 1993 жылғы ер адамның көз жұмғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Қазіргі таңда мұны Ақмола полициясы тергеп жатыр екен.

«Бір топ ер адам алтынды заңсыз өндіру үшін шахтаның төменгі көкжиегіне түскені анықталған. Кеннің құлауы нәтижесінде ер адам жарақат алды. Үш алтын іздеуші жұмысшының денесін алып шықты», – деп хабарлады полиция.

ҚР ҚК 269-1-бабының 3-бөлігі бойынша «Қорғалатын объектіге заңсыз кіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін қаңтар айында Бестөбе кенішінің жұмыс істемейтін шахтасының аумағынан заңсыз алтын іздеушінің мәйіті табылғаны хабарланған болатын.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСТАР ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ КҮШІНЕ ЕНДІ

Қазақстанда жастар саясаты жөніндегі заң күшіне енді, деп хабарлайды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Бұл заңға сәйкес кешеден бастап Қазақстанда жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды.
Яғни жастардың үлесі 3,7 млн-нан 6 млн-ға дейін көбейді.
Енді 35 жасқа дейінгі азаматтар жас отбасыларға арналған жеңілдіктерге, жеңілдетілген несие алу және басқа игіліктерге ие болады.
Сонымен қатар, жастардың даму индексі, уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар), жастармен жұмыс жөніндегі маман және жастардың еңбек жасағы ұғымдары ресми түрде қолданылады.

ҚЫЗЫЛША АУРУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН ЕКПЕ САЛДЫРУ ҚАЖЕТ

Жыл басынан бері республикада қызылша ауруымен 11 жағдай тіркелді. Оның төртеуі — 14 жасқа дейінгі екпе қабылдамаған балалар,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов өңірде әзірге жағдай тұрақты екенін айтады.  Аурудың алдын алу мақсатында жергілікті емханада екпе жасатуға болады.
«Қызылша — ауа-тамшы жолдары арқылы тарайтын инфекция. Көбіне балалар арасында жиі кездеседі. Қызылшаға шалдыққан адамда алғашқы кезеңде дене қызуының көтерілуі, көздің қабынуы, жөтелдің пайда болуы, ауыз қуысының бөртуі сынды белгілері пайда болады. Қызылша аурушаңдығының эпидемиялық маусымы — күз-көктем мезгілдері. Қызылшамен және қызамықпен ауыратын адаммен тығыз байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмаған адамдарға шұғыл вакцинациялау жүргізіледі», — деді Нұрбек Садықбекұлы.
Ал, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева қызылша аурының алдын алу бойынша былай деп кеңес береді.
«Аталған сырқатпен ауырмау үшін қызылшаға қарсы екпе алу керек, сондай-ақ бөлмені жиі желдетіп тұру қажет. Халық көп шоғырланған орындарда бетперде киіп жүрген дұрыс. Дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік және бөртпе сияқты аурудың алғашқы симптомдары пайда болған кезде дәрігерге қаралып, дәрігер нұсқауларын орындау ләзім. Ата-аналарға айтарымыз, 17 жасқа дейінгі балаларыңыз қандай да бір себеппен екпе қабылдамаған болса, қызылша ауруының алдын алу үшін екпе алуға шақырамыз! Қызылша ауруы асқынған жағдайда бронхопневмонияға, лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалитке әкелуі мүмкін», — деді Салтанат Өсетілләқызы.

Қатерлі ісік ауруларының көшін сүт безі обыры бастап тұр

Елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам онкологиядан қайтыс болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, қатерлі ісік ауруларының көшін сүт безі обыры бастап тұр.

«Аурушаңдықтың құрылымын қарасақ: бірінші орында – сүт безі обыры (13,2%), екінші орында – өкпе обыры (10%), үшінші орында – колоректалдық обыр (9,3%) тұр. Жыл сайын елде обырдан 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Өлім құрылымында бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында – асқазан обыры (12%), үшінші орында – тоқ ішек обыры (10,6%),» — деді Денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ, өткен жылы еліміздің бірқатар облыстары республикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған.

«2022 жылдың қорытындысына сәйкес Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары 5 көрсеткіштің үшеуі бойынша республикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмады. Мәселен, Қостанай облысы – өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,2 есе жоғары, ерте диагностикалау 5 пайызға төмен, көзге көрінетін обыр 4 пайызға жоғары. Ақмола облысында өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,5 есе жоғары. Ал ерте диагностикалау 6 пайызға төмен, елдегі көзге көрінетін обырдың ең жоғары көрсеткіші 27 пайызды құрады,» — деді Ажар Ғиният.