Архив рубрики: Ақпарат

8 НАУРЫЗҒА ОРАЙ 58 323 КӨПБАЛАЛЫ АНАҒА БІР РЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛДІ

Түркістан облысындағы көпбалалы аналарға 8 наурыз — халықаралық әйелдер мерекесіне орай жергілікті бюджет есебінен бір реттік жәрдемақы төленді. Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы хабарлады.
Оның ішінде Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас, Шардара аудандары мен Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында тұратын 58 323 көпбалалы анаға жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай 2-3 айлық есептік көрсеткіш есебінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілген.
Бір реттік жәрдемақы еліміздің Павлодар, Ұлытау, Қарағанды, Абай өңірлерінде де көпбалалы аналар мен атаулы көмек алатын отбасыларға төленеді. Бұл төлем жәрдемақы алып жүрген азаматтардың шотына автоматты түрде аударылады.
Түркістан облысында 176 735 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 15076 ана «Алтын алқа» алқасымен, 43247 ана «Күміс алқа» алқасымен марапатталған. Сонымен қатар «Ана Даңқы» орденімен 3847, «Батыр ана» орденімен 2528 және төрт және одан да көп баласы бар 112037 ана тіркелген.
Сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен, «Батыр ана» және «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға 22 080 теңге көлемінде өмір бойы ай сайынғы төлем қарастырылған.
Айта кетсек, 2023 жылдың қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Облыста барлығы 21 347 ана 1,5 жасқа дейінгі бала күтімімен айналысады. Оларға күтім бойынша 1 балаға 19 872 теңге, 2 балаға 23 495 теңге, 3 балаға 27 083 теңге, 4 және одан да көп бала үшін 30 705 теңге жәрдемақы төленеді.

Мәсімов мемлекет қаржысынан 423 млн теңге ұрланған ба?

Мемлекеттік айыптаушы тергеу нұсқасын ұсынды, — деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Айыптаушы тараптың айтуынша, барлығы облыстың бас полицейінің өзіне велотренажер (жатығуға арналған зат) сатып алуынан басталған. Бірақ оны өз қаражатына алмаған. 2020 жылдың сәуір айында ол өзінің орынбасары Сиразидимовтан бұл үшін демеушілердің бірін табуды сұраған. Қызметі үшін ол адамға полиция бөлімшесінің бастығы ретінде қамқорлық жасауға уәде береді. Сондай-ақ жоғары бағамен мемлекеттік сатып алуларға жәрдемдесетінін айтады.

Кәсіпкер Евгений Евкович көп ұзамай Мәсімовке құны 2 миллион теңгеден асатын велотренажер сыйлайды. Бірақ Мәсімов мұнымен шектелмей, тегін заттарды алуды жалғастыра береді.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, полиция департаментінің басшысы өзінің орынбасарымен бірлесіп 90,3 миллион теңге көлемінде мүлік түрінде пара алған.

2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі артиллериялық техниканы сатып алуға конкурс жариялаған кезде Павлодар облысының полиция басшылығы оған олардың досы Евкович міндетті түрде қатысуы керек деп есептейді.

Ал көп ұзамай кәсіпкермен павлодарлық тәртіп сақшыларының арасында 607,5 млн теңгеге сауыт, қалқан, амортизатор, резеңке таяқтарды сатып алуға келісім-шарт жасалады.

Айыптаушы тараптың ақпартына сүйенсек, шарт жоғары бағамен жасалған, өйткені іс жүзінде кәсіпкер барлық арнайы техниканы сатып алуға 184 млн жұмсаған. Яғни, мемлекет қаржысынан 423 млн теңге ұрланған.

Алайда Нұрлан Мәсімов тағылған айыппен келіспейді.

Сотталушылардың адвокаттары прокурордың сөзінде олардың қорғауындағылардың пара алудағы нақты әрекеттері айтылмағанын алға тартқан.

Судья мұның барлығы сот отырысы барысында нақтыланатынына сендірген. Келесі сот отырысын куәлардан жауап алудан бастау туралы шешім қабылданды.

Заманбек Нұрқаділовтың ұлы сайлаудан кандидатурасын алып тастады

Заманбек Нұрқаділовтың ұлы Қайрат Нұрқаділов мәжіліс сайлауынан кандидатурасын алып тастады,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қайрат Нұрқаділов Алматы облысындағы №11 сайлау округі бойынша журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаймен бір жерден сайлауға түскен. Үміткерлердің мақсаттары мен бағдарламалары ұқсас. Осы себепті Нұрқаділов Сәрсенбайға жол беруді ұйғарған.

«Ия, бұл мәлімдемем рас. Дүйсенбі күні Қонаевқа барып, арыз беремін», — деді Нұрқаділов.

Нұрқаділов бұған дейін әкесі Заманбек Нұрқаділовтің, ал Сәрсенбай бауыры Алтынбек Сәрсенбаевтың ісін жалғастыруды мақсат еткендерін айтқан.

Зейнетақы жинағының 50 пайызын алуға болатыны рас па?

Желіде зейнетақы жинағының 50 пайызын кез келген мақсатта жұмсауға алып бере алатынын айтып, ақы сұрайтын алаяқтар пайда болған. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі өкілдері айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz сайтына сілтеме жасап TAQ.KZ ақпараттық агентігі.

«Жалған делдалдар өздерін қордың қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткерлерге ақысын төлесе, зейнетақы жинақтарының 50 пайызын кез келген мақсатта жұмсауға алып беруді ұсынған. Бұл ақпарат жалған және шындыққа сәйкес келмейді», — делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Сегіз жыл бірге тұрған танысы үйіне ұрлыққа түсті

Оқиға 2023 жылдың 19-ақпанында, сағат 11:19-да орын алған. Бұрын бір пәтерде сегіз жыл бірге тұрған танысы 580 000 (бес жүз сексен мың) теңгесін ұрлап кеткен. Әл-Фараби АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті жердің 42 жастағы тұрғыны арызданған. Ол арызында, бұрын сегіз жыл бойы бірге тұрып, кейінгі екі жылдан бері бөлек кеткен танысы өзінде болған пәтердің екінші көшірме кілтін пайдаланып, заңсыз кіру арқылы шкафтың ішінде тұрған 580 000 (бес жүз сексен мың) теңгені ұрлап кеткендігін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 580 000 (бес жүз сексен мың) теңге.
Аталған жайт ҚК-тің 188-бабы 1-бөлігінің 1)тармағымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тәртіп сақшылары жүргізілген жедел іздестіру іс-шарасы барысында күдіктінің ізін суытпай, бір тәулік ішінде Шымкент қаласының аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 35-те, жұмыссыз.
Қазіргі кезде ұсталған азаматша өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осы тектес жайттарға қатыстылығын анықтауда. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Шымкент қаласы Полиция департаменінің Баспасөз қызметі.

Полицейлер күдіктіден шолақ мылтық пен бірнеше оқ тәркіледі

Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасына атыс қаруын заңсыз сақтау дерегі бойынша жедел ақпарат келіп түсті. Қылмысты ашу мақсатында тәжірибелі полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды. Жедел уәкілдер күдікті мен «Дэу Нексия» маркалы автокөлігін тінту кезінде, қос ұңғылы шолақ мылтық пен 3 оқ тапты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді. Автокөлік айыптұраққа қойылды.
Қазіргі уақытта қаруды заңсыз сақтау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде және оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Үйінде 2 қару мен 100-ден астам оқ болған

Полицейлер жергілікті тұрғыннан 2 қару мен 100-ден астам оқты тәркіледі.

Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция қызметкерлері мен Созақ ауданының полицейлері жергілікті тұрғынның үйінен еш жерде тіркелмеген 2 қару мен оқ-дәрілер тапты.

Нақтырақ айтсақ, қылмыстың алдын алу бағытында қызметте жүрген полицейлер, жергілікті тұрғынның бірі өз үйінде қару-жарақ заттарын заңсыз сақтайтынын анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Созақ ауданының тұрғынын анықтап, оның үйіне тінту жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде күдіктінің үйінен заң талаптарына сай келмейтін 1 дана ойық ұңғылы қару мен 1 дана 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық тәркіледі. Сондай-ақ 100-ден астам оқ пен 6 дана атылған оқ алынды. Тәртіп сақшылары күдіктіні оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін полицияға жеткізді.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды.

«Мемлекеттен қайтарымсыз грант әперемін». 7 тұрғыннан 7,5 миллион теңге алған

Полицейлер «мемлекеттен қайтарымсыз грант әперемін» деп 7 тұрғынды алдаған жас қызды ұстады,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түлкібас аудандық полиция бөліміне Қарағашты, Шұқырбұлақ, Түлкібас ауылдарының бірнеше тұрғыны шағым түсірген. Жәбірленушілер өз арыздарында өткен жылы «кәсіп ашуға қайтарымсыз жәрдемақы алып беремін» деп сендірген таныс қызға алданғандарын жеткізді. Алаяқтың сөзіне сенген тұрғындар әрқайсысы 100 000 мен 1 700 000 теңге көлемінде ақша берген. Аталған 7 жәбірленуші сезіктіге жалпы 7,5 миллион теңге берген.
Осы ақпарат бойынша ауыл тұрғындарының ақшасын алып, уәдесін орындамаған күдіктіні ұстау мақсатында, түлкібастық полицейлер жедел іске кірісті.
Нәтижесінде күдікті жас қыздың жүрген жері анықталып, ол Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұсталды.
Анықталғандай, ол жалған уәде беріп, алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда жас қыз қамауға алынды. Тәртіп сақшылары оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Тергеу ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша жүргізілуде.

Ер адам әйелінің өзгемен некеде екенін жеті жылдан кейін білген

Ерлі-зайыпты Дубайда некеге тұрған. Неке елшілікте, содан кейін ҚР аумағындағы АХАТ органында тіркеліпті. Тіпті олар бірге тұрған кезеңде ортақ балалары дүниеге келген. Ер адам әйелі жасырын некеге тұрғанын Дубайдан Грузияға көшкенде білген, — деп хабарлайды TAQ.KZ тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.  Бұл ақпаратты Астана қаласы сотының баспасөз қызметі растаған.

Одан кейін отбасы Грузияға қоныс аударып, онда олар сол елде тұруға рұқсат алған. Алайда, құжаттарды алған кезде ер адам жұбайы жеті жыл бұрын Тбилиси қаласында Грузия азаматымен некеге тұрғанын біледі.

Ер адам осы жағдайға байланысты зайыбының некеде тұрғаны туралы ештеңе білмейтінін айтып сотқа жүгінген. Сот 2018 жылы Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулдығында жұбайлар арасында тіркелген некені жарамсыз деп таныды.

Әйел Астана қаласы сотына апелляциялық шағыммен жүгінген. Апелляциялық сатыдағы сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Шешім заңды күшіне енді.

Бейресми кездесудегі өзекті мәселелер

Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді.
Екі елдің басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы қарым-қатынастарды дамыту перспективалары туралы сөз болды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың қазіргі жағдайын және оны нығайту перспективаларын өзара сенім, достық және тату көршілік рухында қарастырды.