Архив рубрики: Мәдениет

КЕСЕНЕДЕ ЖЕРЛЕНГЕН ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ЖАЙЫНДА БІЛЕСІЗ БЕ?

Түркістан – еліміздің рухани орталығы. Қазақ халқының мәдениеті мен өркениеті, тарихы дәл осы киелі қаламен тығыз байланысты десек қателеспейміз. Себебі, мұнда қазақтың хандары мен батырлары өмір сүрген және талай қиылы кезеңдерді бастан өткерген. Ал, қасиетті қаланы осындай абыройға жеткізіп отырған, әлемдік сәулет өнерінің інжу маржанына айналған Қожа Ахмет Ясауий кесенесі екені ешкімге дау тудырмаса керек. Өткен тарихымыздан қалған асыл мұра, қасиетті жалғыз шаңырақ тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізбесіне енгізілген. Күмбезі көк тіреген көркем кесене ел мәдениетінің өткен тарихы ретінде әлем халықтарын да мойындатқаны анық. 1989 жылы Қазақстан Республикасы үкіметінің арнайы қаулысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейі» болып қайта құрылып, ережесі бекітілді. Осыдан кейін 88,7 га. қараусыз жатқан көне шаһардың орыны мемлекет қарауына алынып, музейдің қорғау аймағына енгізілді.

Бұл қорғау аймағының асты тұнып тұрған тарих, түркі жұртының, одан бері ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырған қазақ халқының өмірі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен руханияты осы киелі мекенде жатыр. Бір сөзбен айтқанда, қасиетті кесене «Әзірет Сұлтан» еліміздің асыл мұрасына айналды. Алты ғасыр бойы от пен оқтан аман сау жеткен мұндай жауһар жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпақтарға жеткізу өте маңызды.  Әзірет Сұлтан кесенесінің еліміздің тарихы мен рухани өмірінде маңызды орын алатыны мәлім. Аталмыш кесене ішінде көптеген хан сұлтандар мен игі жақсылар жерленген.

Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог, мәдениет қайраткері, Түркістан облысының құрметті азаматы Марат Тұяқбаев бүгінгі таңда Әзірет Сұлтан кесенесінде 235-тен аса адамның нақты жерленгені жайлы деректер бар екенін айтады.

Нақты деректер бар. Алайда, олардың барлығын дерлік тиісті зерттеулерден өткізіп, жан-жақты дәлелдеп барып ғана тізімге енгізуге тиіс екендігімізді түсінеміз. Міне, осы себепті бүгінгі күні 235 адамның аты-жөні тақтаға түсіп отыр. 2015 ж. аталып өткен Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына орай Халықаралық қазақ-түрік университеті «Қазақ хандары» атты жинақ шығарды. Жинақта белгілі қазақ тарихшылары мен Т.И.Сұлтанов, В.И.Ерофеевалардың еңбектері негізінде анықталған 78 ханның қысқаша өмірбаяны берілген және тек аты ғана белгілі 5 хан енгізілген. Сол авторлар мен біздің ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып Түркістанда қазақтың 22 ханы жерленгені және олардың 14-і осы қаланы өздерінің Ордасы ретінде жариялағаны белгілі болып отыр.

Хандар қаланы негізінен қысқы тұрақтары және ресми билік орталығы ретінде пайдаланған. Тарихтан Әбілмәмбет ханның күзде қалаға қыстау үшін көшіп келген сәті белгілі, бұл құбылыс үлкен мейрамға айналып, бірнеше күн бойы халыққа ас берілген. Көш қалаға кіріп келе жатқанда сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алған халыққа мыс ақшалар шашылып отырған, кесенеде әулиелерге, осында жерленген хандарға бағышталып құран оқылған.

Алғаш рет мұнда 1598 ж. Тәуекел хан мен Қайнар-Күшек сұлтан жерленген. Қазақ хандарынан Түркістанды астана деп жариялаған Есім хан 1628 ж. осында жерленеді, онан соңғы жерленген 20 ханның ішінен үш жүзге билігі жүргендері Жәңгір, Тәуке, Қайып, Болат, Әбілмәмбет және ұлы ханымыз Абылай болды. Егер қазақ хандарының жалпы санын, жоғарыда айтқандай 78 хан мен аты ғана белгілі 5 ханды қосып, 83-ке жеткізсек Түркістанда қазақ хандарының 25 пайызы жатқан болып шығады. Ал, сұлтандарға келсек әзірге белгілісі 8 адам ғана, егер Абылайдың өзінің 30 ұлы болғанын есепке алсақ олардың нақты санын білу мүмкін емес.

И.В.Ерофееваның анықтауынша қазақ хандары мен сұлтандарының екіден төртке дейін әйелдері болған, ал, кейбіреулерінікі бестен жетіге дейін жеткен. Одан да көп болғандығы жөнінде де деректер бар. Ал, олардан туған балаларының саны да адам таңғаларлық, мысалы, Нұралы ханның 40 ұлы, 34 қызы, ал, Абылай ханның 30 ұлы, 40 қызы, Қайып ханның 30 ұлы, Қарабай сұлтанның 27 ұлы, Айшуақ ханның 16 ұлы, Уәли ханның 14 ұлы, Қаратай ханның 12 ұлы, Бөкей ханның 11 ұлы болған. Ал, жалпы қазақ хандарының қанша ұл-қызы болғандығы бір Аллаға ғана аян, яғни, бұлардың қанша пайызы мұнда жерленгенін білу мүмкін емес.

Қазақ билеріне келетін болсақ Түркістанда жерленген әзірге 25 бидің есімі анықталып отыр. Ғылыми еңбектерде 84 қазақ ру-тайпаларының таңбасы белгілі, алайда негізгі қазақ тайпаларының саны 45 екендігін де білеміз. Олар әрі қарай кішігірім руларға және аталарға бөлініп кетеді, мұның санын дәл анықтау әлі күнге жүріп жатыр. Қазақ хандығы тұсында 45 тайпадан 45 би мемлекеттік мәселелерді шешуге араласты деп есептесек те, әр рудың, әр атаның өз биі болғаны барлығын шатастырады. Бізде жерленген билердің қаншасы тайпа биі болғанын білу де мүмкін емес, бұған олардың әр ғасырда өмір сүргендігін қоссақ ешбір есеп беру мүмкіндігінен айырыламыз. Батырлар да солай, Түркістанда әзірге жерленген 67 батыр есімі анықталып отыр.

Қоқан, Ресей билігі тұсында ел билеген датқалар мен болыстардан небәрі 6 датқа, 4 болыс осында жерленген, Қалғандары діни-рухани, игі жақсылар деген топтарға жатады», -дейді тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаев.

 

 

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын  Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңына жерленген тағы да 12 тұлғаның есімдері белгілі болған еді. Сол уақытта ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған ғылыми кеңесте тағы да он екі тұлғаның Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен маңына жерленгені туралы тарихи деректер мақұлданған болатын. Жалпы, “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жанынан құрылған кеңестің әр отырысында ғылыми тұжырымдамалар тарихшы, ғалымдардың жіті сараптауынан, зерттеп, талқылауынан өтіп барып бекітіледі. Діни-рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің айналасында жатқан хан-сұлтан, батыр, билеріміздің ішінде анықталмағандары әлі де көп болуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл бағытта әлі де зерттеу жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді. Елімізге белгілі ғалымдар бұдан басқа да тізімге енбей қалған тұлғалар жайлы мәліметтер ұсынуда.

Сонымен қатар, кесенеде жерленген бірқатар тұлғалардың сол замандағы игі істері мен батырлық қасиеттеріне қатысты да деректер жиналып, оны дәріптеру шаралары да атқарылып келеді. Мысалы, кесенеде жерленген тұлғалардың игі жақсылар санатында тұрған Қоңыршұнақ Ердес Шүренұлы осыдан үш жыл бұрын батырлар тізіміне ауыстырылған. Өз заманында беделді, атақты әрі би, әрі батыр, әрі датқа болған Ердес батыр Шүренұлы туралы жазба дерек аз болғанымен, ел арасына тараған ол кісінің палуандығы, батырлығы, датқалық қызметі жайлы аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі дейді тарихшылар.

Тарихшы, ғалым, археолог  Марат Тұяқбаев осы уақытқа дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңында жерленген тұлғалар тізіміне Жолбарыс хан (Са’д Әулие), Әбділлә хан, Бибі Хисаб, Қазыбек би, Шоң би, Абылай хан, Сүйініш хан, Қоқырас хан, Әулие хан, Шорнағат хан, Ілияс хан сынды тұлғалар енгенімен, неге екені белгісіз Марқаді Мүннавара Паклар, Фам ғашық зікірші, Шихаб ад-дин Сарвар, Шайх Наджим ад-дин, Баба Ғариб, Үндемес ата, Жеті Ата, Үшбас Ата, Сұлтан Ибраһим сынды тұлғалар енбей қалғанын атап өткен болатын.

 

Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында зиярат әдебіне қатысты туған және қайтыс болған жылы белгісіз Садық Сапабекұлының қолжазбасы сақталған. Ол 1907 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, зиярат әдебін қалай жасау қажеттігі жөнінде жазып қалдырған. Онда зиярат ету кезінде құран оқып, дұға қылған жерлерді ізімен көрсеткен. Олар: Жолбарыс хан (Са’д Әулие), мешітте екі бас намаз оқу, Бағдизан Ақ Топырақ әулие, «Фатиха», «Ыхылас», «әл-Курси», «Мүлк» сүрелерін оқу, Марқаді Мүннавара Паклар, Әбділлә хан, Бибі Хисаб, Қазақ халқының әзіздері – Қазыбек би, Шоң би т.б., Абылай хан Сүйініш хан, Қоқырас хан, Әулие хан, Шорнағат хан, Ілияс хан, Құдықтан су ішу, «Халим-аба» тағамы дайындалатын жер, «Халауат» мешітіне кіру, Фам ғашық зікірші, Шихаб ад-дин Сарвар, Али Қожа Ата, Шайх Наджим ад-дин, Баба Ғариб, Үндемес ата, Жеті Ата, Үшбас Ата, Сұлтан Ибраһим, Имам Марғүзи-Көк тонды Ата, Қошшы Ата (Құшата), Гауһар Ана, Арыстан бабқа зиярат етіп, түнеу қажеттігін жазып қалдырған. Садық Сапабекұлы бұл орындардың бәрін Түркістанға зиярат етіп келген кезде көзімен көріп, марқұмдарға құран бағыштаған. Бұлардың ішінен Фам ғашық зікірші, Үшбас атадан басқасының жерленген жерлері анық болып отыр. Ал Жәмилә шын мәнінде Қожа Ахмет Ясауидің өкіл қызы болып табылады.Бұл жайлы Гауһар ана кесенесін зерттеген жұмыс есебінде де жазылған”,- дейді тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Марат Қымызұлы.

 

Тарихшылардың айтуынша Жәмила жайлы М.Е.Массонның «Мавзолей Х.А.Ясеви» атты еңбегінде «1896 жылы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерде оның қызы Жамал ханымның мазары, ал кесенеден қашықтау жерде оның Гаухар-хуштадждың кесенесі бар»-деген деректер кездестіруге болады. Сондай-ақ, басқа қолжазбаларда да Ясауидің өкіл қызы Жәмила жайлы мәліметтер бар. Ясауитанушы, ғалым Д.Кенжетай да түркістандық Нажимов Оразбайдың үйінде сақталған «Насабнамада» Қожа Ахмет Ясауидің Жамал есімді қызы жазылғандығын растайды.

Ал, бүгінге дейін тізімге енбей келген Шахабаддин Исфиджаби (Әзіреті Молла) жайлы деректерде оның Қожа Ахмет Ясауимен бірге Исфиджабтан келгені айтылады. Кейбір мәліметтерде оны Ясауидің ұстазы ретінде де көрсетеді.

Тізімге енгізілген тұлғаның бірі Қожа Әлидің құлпытасы Кіші Ақсарай бөлмесінде сақтаулы тұр. Құлпытастағы жазуды 1978-1980 жылдары текстолог Ә.Дербісәлиев аударған. Ол жерде «Тәшкенттік Мір Османбай мырза Кәрімбай 1916 жылы қайтыс болды»-деген жазу сақталған.

Қазіргі таңда, кесенеде жерленген діни-рухани тұлғалардың саны – 51-ге жетсе, Темір, Шәйбан әулеттері мен Қазақ хандығы тұсында жерленген 17 тұлға, қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры, 5 әзіз анасы, 10 датқа мен болыс, 30 игі жақсының есімдері белгілі.

Тарихи дерек: Саурандағы тербелмелі мұнара

Сауран – қамал қабырғалары сақталған ортағасырлық қала. Сан қилы тарихы бар қала өңірдің әкімшілік орталығы ғана емес, сонымен қатар медреселер мен білім беру орындары бар рухани-мәдени орталықтың да қызметін атқарған. Бұған дәлел археологиялық қазба нәтижесінде табылған құрылыс қалдықтары мен ортағасырлық саяхатшылардың жазбалары.
Сондай жазбагерлердің бірі – тимуридтер мен шайбани билеушілерінің сарай жазбагері болған парсы ақын-жазушысы Зейнаддин Васифи (1485-1566). Ол өзінің «Таңғажайып оқиғалар» еңбегінде Иассы, Сауран жөнінде деректер келтіреді. ХҮІ ғасырдың 30 жж. Сауран қаласына келген Зейнаддин Васифи Сауран қаласында мешіт-медресенің тербелмелі мұнарасы бар екендігін айтып, оны әлемнің кереметі деп суреттейді. Зейнаддин Васифидің жазуынша бұл мұнаралар бір-бірімен (жоғарғы жағында) шынжыр арқылы байланысқан. Бір мұнараның ішінде ол шынжырға ауыр бөрене ілініп, салбырап тұрған, егер бөренені қатты итеріп шайқаса мұнара да жайлап шайқала бастаған және бұл қозғалыс шынжыр арқылы екінші мұнараға да өтіп, олар сағат маятнигі сияқты синхронды тербеліске түскен.
Керемет инженерлік шешімдерді пайланып салынған бұл мұнараларды өкінішке қарай тек фотосуреттен ғана көре аламыз. Себебі мұнаралар туралы соңғы деректер ХІХғ. екінші жартысында П.И.Пашиноның жазбасында кездеседі және сол кезеңде бұл мұнаралардың бұзылғанын білеміз. Қазіргі күні медресе қирандысы толық аршылып, реставрацияланып ашық аспан астындағы мұражайға айналдырылған.

А.Тұрсынов – «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы.

Тарихи дерек: Түркістанның 4 қақпалы аталуының мәні неде?

Д.Г.Мессершмидтің құжаттарының арасынан табылған Түркістан қаласының ХVII ғ. аяғында жасалған планында 6 мұнаралы қақпа бейнеленген. Ал, 1864 жылы орыс әскери топографтары жасаған картада қаланың жаңа қорған дуалымен қоршалып, 6 қақпаның орындарының ауыстырылғанын көреміз.
Алғашқы, XVII ғ. жасалған картада қақпалардың барлығы мұнаралы етіп бейнеленсе, 1864 жылғы картада қақпалардың үшеуі ғана мұнаралы етіп бейнеленген.
Жоғарыда айтып өткеніміздей олардың орналасқан орындары да өзгерген. Яғни, қала көлемінің үлкеюіне қарай қорған қабырғалары да тиісінше кеңейіп, қақпаларының орындары мен пішіндері ауысып отырған.
Құрылысы XIV ғ. аяғында басталған қаланың қорған қабырғасының сол кезде жасалған алғашқы құрылыс жобасында 4 қақпалы болған. Ал, XVII ғ. мұнаралы етіп, 1864 жылғы картада жай ағаш қақпа (калитка) ретінде көрсетілген екі қосымша қақпа сол кезеңдерде қала тұрмысының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жасалған қосымша қақпалар болуы керек.
Бұлай деуімізге, бүгінгі таңда Түркістанның «Төрт қақпалы Түркістан» деп аталуына себеп болған 4 қақпаның ғана атауы белгілі. Атаулары белгілі 4 қақпаны таныстырар болсақ, олар; кесене порталының оңтүстік шығысында 150 метрдей қашықтақыта орналасқан «Мүсәллә», кесененің оңтүстігінде кесенеден 400 метрдей қашықтықта орналасқан «Такия», Кесенеден солтүстік-батысқа қарай 800 метрдей қашықтықта орналасқан «Жеті ата» және кеснеден солтүстікке қарай 200 метрдей қашықтықта қарсы орналасқан «Дарбаза» қақпалары.
Қақпа атауларының шығу төркініне тоқтала кетсек; «Жеті ата» қақпасы қала қорған қабырғасының сыртында орналасқан «Жеті ата» мазарының атымен аталған. Бұл жерде Ахмет Ясауидің бір молада жерленген 7 муридінің (шәкіртінің) кесенесі орналасқан.
Мүсәллә қақпасы, “Мусалла” сөзі араб тілінде Аллаға сыйыну, намаз оқитын орын деген мағына береді. Бұл қақпа ішінде мешіт бөлмесі бар әулие кесенесінің порталына қарсы орналасқан, негізгі сыйыну орнына апаратын қақпа болғандықтан «Мусалла» атауы берілген.
Тәкия қақпасының атауы сопылық жолдың негізгі ритуалды практикаларының бірі «зікір салу» үрдісімен байланысты шыққан. Сопылық терминдер сөздігінде «Тәкия» дәруіштер, муридтер топталып зікір салатын жер деп көрсетіледі.
Дарбаза қақпасының атауына келер болсақ, «Дарбаза» сөзінің өзі Орта Азия халықтары арасында «Қақпа» деген мағына береді.
Толқын ЖОЛДАСОВ – «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының
қор сақтаушы.

Түркістан – қазақ халқының рухани құндылықтары сақталған қала

Түркістан қаласы –  қазақ халқының рухани құндылықтары мен ел тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын айшықтайтын, 1500 жылдан астам тарихы бар руханияттың ордасы. Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының  бүгінде тарихи нысандары да жетерлік. Түркістан ежелгі тарихтан сыр шертеді. Бүгінде тарихи орындарды қала тұрғындары, алыс-жақын елдерден келген туристер жиі тамашалайды. Бұл бағытта «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының мамандары да қазақ халқының рухани астанасы болған қаланың рухани құндылықтары мен ел тарихын дәріптеп келеді. Музейдің тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы С.Салходжаев өткен кезеңдердегі маңызды деректермен бөлісті.

 

-Түркістан қаласы – Ясы деген атпен II-XIVғғ аралығында өмір сүрген бекіністік қалашықтың өмірінің жалғасы болып табылады. Жүздеген жылдар ағымында қала өркендеді, бет-бейнесі өзгерді. Бүгіндері XIV-XIX ғғ. аралығындағы Ескі Түркістан шаһарының орны 88.7 га аумақты алып жатыр. Шекарасы бойынша қала қорған қабырғалар және орлармен қоршалған. Қамал қабырғасының жалпы ұзындығы 3 км-ге жуық, оның 11 мұнарасы болған. 1875 жылғы Түркістан қаласының жоспарында 5 қақпаның топографиялық түсірілімі бар. Олар: Дарбаза, Мүсәллә, Тәкиә, Жеті ата және Иқан қақпа. Бұл Орталық Азияның орта ғасырдың соңындағы ірі қалаларының бірі. Ол дәстүрлі түрде төрт әкімшілік бөлікке бөлінген, оларды ақсақалдар басқарған. XIX ғ. 60 жылдары Түркістан қаласында 20 махалләлік мешіт, 2 медресе, 22 су диірмені, 15 шеберхана жұмыс істеген. 1864 жылы халық саны 5000-ға жуық болған. Қазіргі танда Көне Түркістан қаласының аумағында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рәбия Сұлтан Бегім, Есім хан, Тәуке хан кесенелері секілді бірқатар Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан.

Ал, Цитадель қамал қабырғасы республикалық маңызы бар ескерткіш. Түркістан қаласының ежелгі тарихынан сыр шертетін тарихи орынды қала тұрғындары, алыс-жақын елдерден келген туристер жиі тамашалайды. Цитадель қамал қабырғасы (ХVІ-ХІХғғ.) – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс жақ бөлігін қоршай орналасқан фортификациялық құрылыс түріне жататын ескерткіш. ХVІІІғ. бас жағында жасалған Түркістан қаласының фортификациялық құрылысы жайлы алғашқы сызбада қала мұнарасы қорған қамалмен қоршалған. 1947 жылы А.Н.Бернштам жетекшілігіндегі экспедиция Түркістан қаласының цитаделі мен шахарістанының сақталынып қалған қамал қабырғаларының жоспарын түзеді. Цитаделдің фортификациялық құрылыстарына алғашқы археологиялық барлау жұмыстары 1973 жылы жүргізілген.

Қазба барысында ХІХ-ХХ, ХVІІ-ХVІІІ, ХІV-ХVІғғ. жататын қамал қабырғасының үш құрылыс горизонты аршылады. А.И.Добромысловтың мәліметіне сүйенсек цитаделді қоршаған қамал ХХ ғасырдың бас жағында қирай бастаған. 1978-1979жж. реставраторлар жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қорған қамалының солтүстік-шығыс бөлігі мен шығыс мұнарасы және солтүстік-шығыс қақпалары қайта қалпына келтірілген. Қамал қорғанның үстіңгі жағы тісті болып аяқталған. Мұнарасы дөңгелек пішіндес, бөрене төсемдерімен жабылған. ХІХ ғасырдың ІІ- жартысынан кейін қамал қабырғалары өзіндік қорғаныс белгілерін жоғалтып қираған. Кейіннен 1980 жылы қабырғалардың фрагменттері қайта қалпына келтіріледі.

 

С.Салходжаев – «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы.

 

Тарихшылар мен ғалымдар тұран даласының ежелгі тарихы біздің елдігіміз бен бірлігіміздің, ата-бабадан дарыған дархан пейіліміздің, рухы асқақ айбынымыздың белгісі екенін айтады. Осы тұста филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Балтагүл Оспанова Түркістан мен қазақ халқының ғұмыры біте қайнасқан, ұдайы үндескен, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, бөле жаруға болмайтын тарих екенін айтады.

 

-Түркістан облысы – қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай, «Екі дүние – есігі, ер түріктің – бесігі», түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістан шаһары бүгінде облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, яғни түркі дүниесінің  рухани астанасы болып отыр. Облыс орталығы болғалы Түркістан облысы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін «Алтын көпірге» айналуда.  Орта Азия елдері мен Түркия мемлекетінің жалпы съездері, мәдени-рухани басқосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Оның мақсаты – рухани қалада  экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы деуге болады. Облыс төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі. Облыстың туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек  ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.

  • Шавгар – Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынғаннан кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап, Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылдан бастап, Қазақ хандығының астанасы деп танылды.  Бүгінде Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесінде қазақтың небір хандары мен билері жерленген.
  • Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы. Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Республикалық Мемлекеттік тарихи-мәдени «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайын» айтуға болады. Тарихи мұражай қорына Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегімнің мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т.б тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, алғашқы тарихи мұражайлардың маңызы ерекше.
  • Ортағасырлық Түркістан қаласының маңызы, мұнда ертеден шахристан, рабаттар, шағын сауда ошақтары орналасқан.  Қаланың солтүстік және батыс бөлігінде мұнара мен қабырға қалдықтары сақталған. Қаланы айналдыра қоршаған қабырғаның ұзындығы 3,5 шақырымға жуық. Жер қабаттарын зерттеулер бойынша, қаланың қамалы Монғол шапқыншылығынан кейін қалыптасып, XV-XVII ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған. Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Түркістанның бақыты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Яссауи тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Яссауидің бейітінің үстіне салынған. Бұл ғимаратты XIV ғасырда атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Ол – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстардың бірі. Оның негізін жамағатхана, қабірхана, мешіт, үлкен және кіші Ақсарай, кітапхана, асхана, құдықхана және хужра бөлмелерін құрайды. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзі қызықтыруда. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.
  • Есімхан кесенесі. Тәуекелден кейін 1598 жылы тарих сахнасына Есімхан шығады. Ол кесене жобасында төртбұрышты, оның қасбеттері-фасаттары плиткалармен қапталған. Құрылыстың сағана бөлігі сақталған. Архитектуралық, археологиялық зерттеулерге қарағанда, бұл құрылыс XVII ғасырда салынған. Кесенеге қазақ ханы, кейінгі ортағасырлық Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері Есім хан 1628 жылы жерленген. Есім хан бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға қатысқан, «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған батыр. Шығай ханның ұлы Есім хан жерленген кесене.
  • Рабия Сұлтан бегім кесенесі. Жобасында төртбұрышты. Ол ішкі 8 қырлы  және 4 төртбұрышты бөлмелерден тұрады. Бұл құрылыс туралы алғашқы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі. Рабия Сұлтан бегім Ұлықбектің қызы, Әмір Темір көрегеннің немересі, көшпенді өзбектердің ханы Әбілхайырдың әйелі болған.
  • Қылует жер асты мешіті. (ХІІ-ХІХ ғасырлар) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстікте, 150 метр қашықта орналасқан. Оның салынуы Ахмет Яссауидің есімімен тығыз байланысты. Құрылыс  ХХ ғасырдың 40-жылдарында толығымен бұзылып, қыштарын зауыт салуға қолданылған. Археологиялық, архитектуралық зерттеулерге сәйкес 1941 жылы жасалған макетке сүйене отырып, Қылует жер асты мешіті толығымен қалпына келтірілген.                         Құрылыстың ең көне бөлігі – ғартхана (XII ғ.) бөлмесі болып табылады. Жер бетінен 4 метр тереңдікте орналасқан бұл бөлменің көлемі 1,5 х 1,5 метр. Ахмет Яссауи пайғамбар жасына толған соң, қалған өмірін жер астында өткізген.
  • Ортағасырлық шығыс моншасы. (XVI ғасыр) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 150 м қашықта орналасқан, 7 бөлмеден тұрады. Монша 1978 жылға дейін жұмыс істеп келген. 1979 жылдан бастап, оның негізінде Шығыс моншасы мұражайы ашылған.
  • Құмшық ата жер асты мешіті. (ХІІ ғасыр) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 1 шақырым қашықта орналасқан. Жер асты мешіті сопылардың діни-ғұрыптық құрылыстары қатарына жатады. Ол да күйдірілген қыштан салынған. Сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған. Құмшық Ата мешіті екі бөлмелі, ұзынша келген (10 м-ге жуық) ені тар дәлізді, шыға берісінде есігі бар үңгір құрылыс. Шаршы шикі кірпіштерден қаланған. Түкпірдегі мекен-жай көлемі 2х2 м-ге жуық, биіктігі 1,6 м, төбесі шатырлы күмбезбен көмкерілген. Оған іргелес диаметрі 2,5 м және биіктігі 2 м-дей дөңгелек пошымды үй күмбезделіп жабылған. Дәлізі иірлі келген, негізгі құрылыс күйдірілген кірпіштен қаланған күмбезбен көмкерілген. Төбенің орта деңгейінен құдық тәріздес, диаметрі 1 м-дей, дәлізге жарық түсетін ойық жасалған. Жер асты мешітіне кіретін есік қирап қалғандықтан, баспалдақтың сатылары анықталмаған. Мешіт пен дәліздің қабырғасы шаршы пішінді күйдірілген кірпіштен өрілген. Бөлме қабырғаларында шырағдан қоюға арналған шағын қуыстар бар. Құрылыстың ішкі құрылымы сыланбаған. Жер асты мешіті Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген әулие Құмшық Атаның есімімен байланысты айтылады. Зерттеулер Құмшык Ата мешіті ХІІ ғасырдан бастап халық жиналып, діни уағыздар рәсімі өтетін орын болғанын растайды
  • Гауһар ана кесенесі. Тарихи деректер бойынша, Гауһар ана – Қожа Ахмет Яассауидің қызы. Гауһар ана бейіті – тарихи-архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі. Кесене Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан – Шәуілдір автокөлігі жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Гауһар ана кесенесінің  ені 20 метрге жуық кішкене төбе болып келеді, алғашқы қабірдің орны бұзылып кеткен, шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан тұрады. 1990 жылдары қаббірдің жанынан зиратшыларға арналған үш бөлмелі құрылыс тұрғызылды. 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған.
  • Әлқожа ата кесенесі. Кесене ХІІ-XV ғасырлар шамасында салынған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 км жерде Ә.Тұтқабаев көшесінің бойында орналасқан. 1997-1999 жылдар аралығында өзінің сәулеттік ерекшеліктері толық сақталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қабірхана, жамағатхана және бастырмадан тұратын ескерткіш күйдірілген кірпіштен қаланған.  Қабірхана мен Жамағатхананың бөлмелері күмбезделіп жабылып, төрт жағынан терезе ойықтары орнатылған. Бастырмасы айнала төрт қырланып, кірпіштен өрілген. Халық аузындағы аңызға қарағанда, Әлқожа ата Қожа Ахмет Яссауидің күйеу баласы, яғни Гауһар ананың күйеуі болғандығы айтылады. Жалпы қорғау аймағы 3,0 гектар.
  • Жұма мешіті. Республикалық маңызы бар ескерткіш болып табылады. Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай қорығының құрамына кіреді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 125 метр қашықтықта, «Қылует» мешітінің жанында орналасқан.
  • Шілдехана. XII-XIV ғасырлардағы сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ескерткіш қиратылып, 1980 жылы қалпына келтірілді. Шілдехана – бұл жартылай жер асты ғимараты, оның сақталған бөлігі жер астында, беткі жағынан 2 м тереңдікте орналасқан.
  • Цитадель – қамал қабырғасы. Қамалдың, рабадтың және Қожа Ахмет Яссауидің айналасындағы бекініс қабырғасы XV-XIX ғасырлардан бері келе жатқан мұраға  жатады. Ескерткіш қамал қабырғасының жұрнақтары болып табылады. Қабырғаларды қала қабырғаларына іргелес шамамен 150 метр болатын шұңқырмен қаптаған. Қабырғаның сақталған бөліктері биіктігі 10 метрге дейін көтерілген.
  • Қақпалар. Халық арасында «Төрт қақпалы Түркістан» деген атпен белгілі, ХІХ ғ. қалған Жеті ата, Тәкиә, Мүсәллә және Дарбаза қақпаларының дәл орындары анықталып, археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қақпалар ортағасырлық Түркістан кезінде тұрғызылған.
  • Хан ордасы. Бұл жер Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 300 метр қашықтықта орналасқан. Ең алғашқы ақпаратты XVIII ғасырдың соңында құрастырылған орыс археологиясының жетекшісі Д.г.Мессершмидт картасынан табуға болады. 1875 жылғы қала жоспарымен 1954 жылғы картамен салыстыра отырып, жоспар-сызбаларымен бір хан ордасының нақты орналасқан жерін көруге болады. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі ғимараттардың XVII ғасырдың соңында немесе XVIII ғасырдың бірінші жартысында салынғанын көрсетті.
  • Күлтөбе ескі қаласының орны. Күлтөбе ортағасырлық  Түркістан қаласының шығыс жағында, Қ.А. Яссауи  кесенесінен оңтүстікке қарай 480 м жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 235 м. Сопақша келген, биіктігі 9 м, аумағы 150х120 м ауқымды төбешік болып келеді. Ескерткіштің топографиясы күшті өзгеріске ұшыраған. Күлтөбеде алғашқы болып археологиялық қазба жұмыстары 1972-1974 жж. Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды арқылы жүргізілді. Белгілі археолог Е.А. Смағұловтың пікірінше, қала б.з.д. ІІ ғ. Жібек жолымен қатар қалыптасқан.

Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытында салынған «Түркістан тарихи-этнографиялық орталығындағы» тарихи-мәдени жәдігерлердің орны бөлекше. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылған бұл орталықтың туристерге берер тәлімдік-танымдық маңызы зор. Бүгінде бұл орталық ғимараты қала әкімдігіне ауысып, жаңадан «Ұлы Дала Елі» атты бүкіл тарихынан жанды сыр шертетін кешенді құрылыс ғимараты осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде кез келген турист, не қонақты апарып көрсететін арнайы тарихи орынға айналған. Ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақ тарихының қырлары мен сырлары осы ғимаратқа кірген туристердің танымын арттырып, баурап алары анық. Осы тарихи жәлігерлердің өзі-ақ қаншама ғасыр өтсе де,  киелі қалаға туристерді қабылдауда маңыздылығын жоймай, кейінгі ұрпақтың көзіне сүртіп көрсетер құндылығы болуда.

Өткен жылы Түркістанға 1300-ден астам туристер келген. Облыстық кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық даму дәне туризм басқармасының мәліметінше, сол туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр.  Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі  түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.

Ежелден рухани астана болып саналған түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының  дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз.

Түркістан халқына және киелі қаланы арнайы көруге келген, саяхаттаушы туристерге барлық жағдайды жасау мақсатында, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қолға алынып, шаралар  жүргізілуде. Айта кетсек, сәулетті «Керуен-сарай» кешені іске қосылған. «Керуен-сарай» шығыстық жаңа үлгіде салынған. Келген қонақ, туристерге барлық жағдайы қарастырылған. 40 мың шаршы метрге созылған аумақты жағалай, айналдыра салынған толық қолайлы қонақ үйлер, дәмханалар, ойын-сауық орындары, түрлі аттракциондар, т.б ерекше көз тартады. Зәулім сарай 510 орындық «Облыстық Драма театрының» сұлулығы көз тартады. Бүгінде театр ұжымы өз жұмысын бастап, алғашқы қойылымдарымен көрермендерін қуантуда. Қала ортасынан бой көтерген ерекше сәнді «Амфитеатрдың» өзі не тұрады. Бейне бір ашық, жан-жағынан еркін кіретін дала театры ма дерсің! Сонымен қатар, Түркістанда «Хазірет Сұлтан» Халықаралық әуежайы пайдалануға берілді. Түркістаннан ұшаққа міне алады, Түркістанда ұшақтан түсе алатын жағдай түркістандықтардың өмірбойғы қолжетпес арманы еді. Бұл арманға да Алла жеткізді! Осындай қажетті нысандар қала туризмін дамытуға елеулі серпін берді. Осы жұмыстар, жалпы туризмді дамыту бойынша мәдени-рухани орталықтың жұмысының қарқынды дамуына әсер етуде.

Сонымен қатар, өткен жылы жоспарланған инвестициялық жобалар жайында айта кетсек. Оның ішінде  “Түркістан-Молл” ойын-сауық орталығы – 12,5 млрд.тенге, “Отау” ойын-сауық орталығы – 5 млрд. тенге, “Medina palace” қонақ үйі – 3 млрд. тенге, “Мұз айдыны” спорт кешені – 4 млрд. тенге,“Теннис” орталығы – 2,2 млрд. тенге, “Макдональдс” тамақтану орталығы – 0,8 млрд. тенге, “Тұңғыш Президент” Паркі – 14 млрд. тенгеге салу жоспарланған.

«Туризм» бағыты бойынша Түркістан қаласында да бірқатар іс-шаралар атқарылған. Соның ішінде Туристерге қызмет көрсету орталығында «Жас қолөнершілер байқауы» өткізілді. Қала тұрғындары мен туристерге арнап, сәуір айында Туристерге қызмет көрсету орталығының мультимедия залында «Оңтүстікфильм» киностудиясының тарихи-мәдени фильмдерінің апталығы өтті.Түркістан қаласы кәсіпкерлерінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі 200 балаға сыйлықтар ұйымдастырылды. «Керуен-Сарай» көпсалалы кешенінің қолдауымен 150-ге жуық балаларға арнап аттар шоуы және де аттракциондарға тегін билеттер ұйымдастырылды. «Visit Centre» орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, көп балалы аналар мен ардагерлерге арнайы электрокарлар бөлініп, қызмет көрсетуде.Екінші деңгейлі банктермен бірлесе жұмыс жүргізу арқылы мәдени-рухани орталықтан банкоматтар қызметі ұйымдастырылуда.Түркістан қаласына туристерді тарту мақсатында, жарнамалық бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде таратылды.Түркістан қаласы тамақтану орындарының басшыларымен кездесулер өтіп, тағамдар бойынша мәзірлерді бірдейлендіру және 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) әзірлеу жұмыстары атқарылды.

Түркістан туризмді дамытуда қолөнершілік түрі туристік индустрияның қажетті құрамдас бөлігі болып келеді және туризмді дамыту жөніндегі көрсеткіштерін жақсартуға үлесі айтарлықтай. Қолөнершілер орталығын салу арқылы Түркістан облысы бойынша  қөлөнершілердің басын қосып, өңірдің туристік әлеуетін қолөнер туындылары арқылы жылжыту ісі маңызды болып саналады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мен асханасынан сыр шертетін, туристік ойын-сауық этно-кешеннің болуы туристердің қаламызға деген қызығушылығын арттырады. Аталған жоба арқылы туристердің қалада болу мерзімін ұзартуға, бюджеттік түсімдерін арттыруға өз септігін тигізеді.

Ежелгі заманда адамдар жазба, таңбаларды тасқа қашап жазса, бертін келе қазақ халқының жаны бейнеленген, өзінің баға жетпес мұрасын, белгілер мен нышандарын  кілемге тоқып көрсеткен. Кілемдер – халқымыздың ұлттық рухының көрінісі. Халқымыз кілем тоқу ісіне қатты мән берген. Өзінің ішкі ойын, кең даланың ен байлығын, береке-бірлігі мен ынтымағын ою-өрнекке сыйғыза білген. Кілемдердің өрнектері бізге шеберлердің ішкі ойлары мен құпияларын ашады, сонымен қатар, оларды жасау уақыты мен орнын көрсетеді. Қазақ халқының философиясы мен дүниетанымын көрсететін жәдігерлерді сақтауға, туристік қуатын арттыруға, келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында, «Кілемдер мұражайы» жобасын Түркістан қаласында іске асыру – келешек ұрпағымыздың алдындағы маңызды міндетіміз болып табылады. Сондай-ақ алдағы уақытта, мұражайға қатысты бірнеше бағыттарда жұмыс жүргізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінсе…

Түркістан қаласы қазіргі таңда туристік ресурстарға бай өлке, алайда қаламызға келетін туристердің саны көрші мемлекеттердегі қалалармен салыстырғандағы көрсеткіштері төмен. Осы орайда келу туризмін дамыту мақсатында, халықаралық туристік маршруттарға Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Өңірде халықаралық маршруттарға ену үшін инфрақұрылым жүйесі өткен жылдармен салыстырғанда жоғарғы деңгейде. Шаһарымыздың темір жол және тас жол даңғылында орналасуы, сондай-ақ ағымдағы жылда әуежайдың салынуы туристік алмасуды – трансферді оңтайландырады. Осындай керемет үлгіде салынған әуежайы бар киелі қалаға туристердің келуі әзірге көңіл көншітпейді. Ол үшін туризмді жетілдіру мақсатында шетелдік туристердің әуежай арқылы дүрмек-дүрмегімен ағылып келіп жатуы үшін саяхатталатын жердің жарнамасы (біздің шетелге асыққанымыздай, алдын ала барлық мәліметті біліп отыратынымыздай) көркем жасалса, көрсеткіштерін жақсарту үшін ҚР Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген нысандарды салудағы инвестициялық жобалар тізіміне аталған жобаның еңгізілуіне басшылық тарапынан ықпал етілсе. Өңірді халықаралық туристік бағыттарға енгізу мақсатында жоғарғы деңгейде мәселе көтеріліп, көрші мемлекеттердегі қалалармен (Бұхара, Хиуа, Самарқан, Ташкент, Ашхабад, Санкт-Петербург, Мәскеу, Баку және т.б.) тығыз  байланыс жүргізіліп, Түркістан қаласын Халықаралық туристік бағыттарға енгізуге ықпал жасалса, «жұрттың Дубайдың ыстығын аңсағаны сияқты, Түркістанның шыжыған күнін аңсап, лек-легімен ұшақтан түсіп жатар ма еді» деген ой мазалайды. Ондай жағдайда, ел экономикасы көтеріліп, тұрмыс жағдайы бұрынғыдан да жақсарып, әлемдегі шағын да болса, туризммнен көтерілген бай елдердің қатарына қосылар еді. Ата-бабадан қалған жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз бізге осыны ұсынып тұр емес пе? Неге соны тездетіп, өз деңгейінде пайдаланбасқа?! Түркістан облысының туристік әлеуеті бұған жетіп артылатыны белгілі.

Қала халқы мен туристердің қозғалысына, орналастыру, тамақтандыру, тарихи-мәдени нысандар жайында ақпарат беретін оффлайн режимінде қызмет көрсетін 2GIS бағдарламасына Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Компания ақпараттардың 95 пайызы міндетті түрде сәйкес келуі тиіс деген қағидамен жұмыс жүргізеді. Анықтамада әрбір ұйымның мекен-жайы, телефоны, жұмыс уақыты, интернеттегі мекен-жайы, ғимаратқа кіретін тұсы көрсетіледі. Одан бөлек, компанияның  арнайы «визиткасында» көрсетілетін қызметтер түрі мен төлем жасау әдістері және тағы басқа қызметтер бар. Байланыс орталығының мамандары анықтамалықтағы ақпаратты жылына төрт рет жаңартып отырады.

2GIS оффлайн және онлайн  режимінде жұмыс істейтін бағдарламасына Түркістан қаласын енгізу үшін қаржы қарастырып, инвесторларды тартуға ықпал етілсе. «2ГИС карталары аумақты жер серігімен түсіру арқылы суреттейді. Ал үш өлшемді ғимараттар бірнеше ракурстан алынатын суреттердің көмегімен жасалады. Түркістан қаласының туризмін дамыту үшін инфрақұрылымдарды дамытудың бір бөлігі ретінде маңызды жоба болып есептеледі. Әрине, аталған жоба қомақты қаражатты қажет етеді, кезінде қараусыз қалып, шаңы төбеге көтерілген осынау киелі қалаға соңғы үш жылда ерекше көңіл бөлінгендіктен, өз қасиетіне тез оралтқан жандарға әлі де қаражат құю, оны осындай халықтың қолжетімді, бақытты өміріне жұмсау түк те емес. Болмайтынның көз алдында тез болатынына түркістандықтардың көзі әлдеқашан жеткен!

Туризмнен түскен табыс халықтың экономикасы мен тұрмысының көтерілуіне игі ықпалын тигізеді. Қазақстанның, оның ішінде Түркістанның туризміне қолайлы, тарихи орындар, салынып жатқан небір алып нысандар, аспанмен бой таласқан зәулім ғимараттар, жасалып жатқан көптеген игі істер жайында түннен-таңға айтуға болады. Осының бәрі түркістандықтар үшін оның бақытты тұрмысы, келген туристің жақсы серуені мен саяхаты, ең бастысы, келер ұрпақтың жайлы өмірі үшін сақталып келген, жасалып жатқан құндылықтар екені даусыз! Алдағы уақытта Түркістан туризмі дамып, өркендеп, әлем елдерімен иық теңестірері, ол жөнінде әлі талай айтыла берері де сөзсіз.

Балтагүл Оспанова – Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

Күлтөбе – ұлт тарихының жаңа парағына жол ашады

Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы заманауи археологиялық паркін құру жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін жобаның алғашқы кезеңі аяқталған болатын. Рухани-мәдени астанадағы «Күлтөбе қалашығы» қалашығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына тиесілі. Бүгінде, мұндағы барлық жұмыс ЮНЕСКО талаптарына сай жүргізіліп жатыр. Аталған жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сәулет, туризм, мәдениет саласына жауапты басшылар мен осы жобаға қызығушылық танытып отырған шетелдік компания өкілдерімен кеңес өткізді. Жиында Күлтөбе қалашығы маңынан заманауи туристік нысандар салу мәселесі талқыланды.

– Бұл қалашыққа келген саяхатшылар Қазақ халқының тарихынан, мәдениетінен, қасиетті Түркістан шаһарының өткенінен мағлұмат алатындай болуы тиіс. Біздің маңызды құндылығымыз – Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен үндесіп, туристер келетін орынға айналуы керек. Жан-жақты зерттеп, зерделеп барып, жұмысты жүргіземіз, – деді Дархан Сатыбалды.

Жобаның жалғасы ретінде келушілерге заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысан салынбақ. 3D форматының жетістіктері қолданылып,  нысан түнгі уақытта жарқырап, ою-өрнектермен безендірілмек. Бұл жоба облыс орталығына келуші туристерді ерекше қызығушылығын арттыра түседі дейді мамандар. Яғни, болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі де туады. Күлтөбе қалашығының маңнан табылған археологиялық жәдігерлер туралы да мағлұмат беріліп, қазақ мәдениеті, қолөнерінен сыр шертетін дүниелер жұртшылық назарына ұсынылады деп күтіліп отыр. Бұл жоба алдағы уақытта әлі де зерделеніп, тиісті шешім қабылданатынын айтқан өңір басышысы, жаңа бастамалар ұлт тарихын тереңінен насихаттауға мүмкіндік беретінен атап өтті.

Сондай-ақ, Күлтөбе туралы деректерге тоқталып өтсек. Қазақ халқы бүгінгі күнге дейін «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз тіркесін қолданып келеді. Тарихшылар мен ғалымдар бұл сөз сонау «Ақтабан шұбырынды» заманында шыққан деген мәліметтерді айтады. Сол кезеңдерде қазақ хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Мәртөбе мен Күлтөбенің басына жиналып, ел үшін өте маңызды болған мәселелерді талқылап, кеңес құрған екен. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл кезең 1684 жыл мен 1723 жылдың арасына сәйкес келеді деген ақпараттар да бар.

Жалпы, Күлтөбе – елiмiздегi ең көне қала­лардың бiрi болып есептеледі. Еліміздің рухани астанасы, Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен 350 метр қа­шықтықта орналасқан қалашыққа алғаш рет 1972 жы­лы археологиялық қазба жұ­мыстары жүргiзiлген екен.  Күл­­төбеден VII-VIII ға­сыр­­­ларда пайдаланылған Оты­­рар зергерлерiнiң тең­ге­­лерi мен қыш ыдыстары та­­былып және көне жәдiгерлер табылып, сол кезеңдегі халықтың әдеп-ғұрпы мен мәдениетін айшықтап берген.

Мысалы бұл тұрғыда, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жобасының ғылыми қызметкері, археолог әрі реставратор Руслан Шербаев күлтөбелік зергерлік құралдардың екі түрі бар екенін айтқан екен.

«Олар – ою-өрнек пен зер салуға арналған нақыштаушы құралдар. Оның бірі темірден жасалған, айтарлықтай нығыз, ұзындығы – 12 см, түбі үшкірленген. Екіншісі – мыстан жасалған, іші қуыс. Құралдардың беткі тұсы пайдаға жарап болғанын көрсетеді. Бұл құралды түркістандық зергердің ұзақ уақыт бойы қолданғаны байқалады», – деген археолог, осындай құралдармен бірге қалашықта мыстан жасалған құйма табылғанын да мәлімдеген. Археологтардың болжауынша, құйма әйелдердің сырғасын құюға қолданылған.  Яғни мұндай ақпараттар, Күлтөбе қалашығында түрлі-түсті металлургияда қолданылатын айрықша құрал болғандығын және сол кезеңдердің өзінде-ақ қолөнердің осы түрі болғанын растайды.

Бұл бағытта этнограф әрі археолог Айсұлу Ержігітова, Күлтөбе қалашығының зергерлік бұйымдарының коллекциясы жеткілікті деңгейде бірегей екенін айтқан. Онда қаңлылар дәуіріне жататын ертедегі полихромды стильдегі үлгілер де бар екенін де атап өткен.

«Археологиялық қазба жұмыстары кезінде коллекция ежелгі және кейінгі орта ғасырлардағы зергерлік өнер жәдігерлерімен толықтырылып отырады. Бұл алтын, күміс, қола мен мыстан жасалған бұйымдар танымал қазақстандық этнограф Ш.Ж.Тоқтабаевтың сөзімен айтқанда – этностың ұлттық ерекшелігін терең көрсете отырып, өзін-өзі шығармашылық тұрғыда таныту түрі. Қазақтардың өзге де дәстүрлі кәсібіне қарағанда зергерлік өнер – өмірдің өзі көрсетіп отырғандай ең өміршең әрі қажет ететін түріне жатады. Сол себепті Күлтөбе қалашығынан табылған археологиялық артефактар – тарихы ғасырлардан ғасырларға ұласатын дәстүрлі зергерліктің кәсіптік тұрғыда талданған сипатының даусыз дәлелі», – дейді этнограф Айсұлу Ержігітова

Зерттеушілердің айтуынша, Күлтөбеде XIII-XIV ғасырларға тән керамикалық шеберханалардың орны бар. Себебі, бұл ол жерден табылған археологиялық қазба байлықтардың арасындағы ерекше назар аудартатын дүние. Мамандар екі қатарға орналасқан алты пеш кәдімгі керамикалық цехтың қызметін атқарып, онда ас ішуге арналған ыдыстар шығарылғанын дәлелдепті. Ал, тарихи деректерге сүйенсек, түркі дәуірінде керамика өнері, әсіресе, Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінде кеңінен тараған. Онда су жүйелеріне арналған керамикалық бұйымдар дайындаудың орталық-азиялық дәстүрі көбірек әсер еткені байқалады. Мүндай өркендеген қалалардың тұтастай орамдарында қыш құмырашылар, темір ұсталары мен зергерлері бар қолөнер шеберлері жұмыс істеген. Олардың жасаған дүниелері Ұлы даланың аумағынан тысқары жерлерге де әйгілі болған екен.

Кейбір мәліметтерге сенсек, 1982 жылы Яссы-Күлтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде құмыра ішінен XIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIV ғасырдың басында Шағатай мемлекетінің ақша сарайларында соғылған 202 дана күміс дирхем мен фельстерден тұратын көмбе табылған екен. Көмбе құрамында Алмалық, Әндіжан, Бұхара, Қашғар, Кенджде, Маргинан, Отырар, Самарқан, Тараз, Ходженд, Шаш және Янги ақша сарайларының өнімдері болған. Бұл жағдай сол кезеңде Шағатай ұлысына қарасты Түркістан қаласының айтарлықтай маңызға ие сауда орталықтарының бірі болғандығын аңғартып отыр. Бұл – өңірде сармат мәдениетінің тараған кезі. Сармат заманына тиесілі дүниелер өте көп. Күлтөбеде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде де , сармат тайпалары заманында қолданылған заттар мен белгілер көптеп табылыпты.

Өткен кезеңдерге тоқталатын болсақ, Күлтөбеге алғаш рет 1972 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргiзiлгенін атап өттік. Яғни ол кезде, 7-8 ғасырларда пайдаланылған Отырар зергерлерiнiң теңгелерi мен қыш ыдыстары табылып, сол жәдiгерлер туралы ғана ақпарат берiлген. Алайда, Археолог М.Массон осыны негiзге ала отырып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң оңтүстiк бөлiгiне зерттеу жүргiзу керектiгiн айтыпты. Осылайша араға он жылдай уақыт салып, 1981-1984 жылдары Түркiстан археологиялық отряды қазба жұмыстарын қолға алады. Ал, қазба жұмыстарының нәтижесiнде Күлтөбе қалашығының IV-V ғасырларда қалыптасып, XIV ғасырға дейiн өмiр сүргенi анықталған. Зерттеушілер белгiленген аймақтарды алты метрге дейiн қазып, тарихи жәдігерлерді табу мақсатында одан да әрі тереңдей түскен екен. Осындай жұмыстардың қорытындысында 23 қыш ыдыстың сынығы табылған екен. Археологтар бұл ыдыстар 4-5 ғасырларда кеңiнен қолданылғанын мәлімдеп, көне мекеннің тарихы тереңде екеніне көз жеткізген.

Зерттеуші Едiлбай Көшербайдың мәліметінше, қазбаның ортасынан үлкен шар тәрiздi мекенжай табылды. Оның оңтүстiк бөлiгiнiң еденiнде балқыма дағы бар екен. Балқыманың астынан қабiр аршылды. Одан аяқтарын бауырына басып жатқан басы жоқ жылқының қаңқасы тазартылып алынды. Алдыңғы аяғының жанынан сопақша келген темiр үзеңгi, төменгi жағынан төрт қырлы сырғалығы бар белдiк, белдiктiң күмiс қапсырмасы және жалғыз шығыршықты темiр ауыздық шықты. Мұндай заттарды Орта Азия мен Қазақстан аймағындағы жылқы көмiлген қабiрлерден де кездестiруге болады. Сондықтан, тарихшылар оны 6-7 ғасырлардың аяғына жатқызды. Сондай-ақ, тарихшылар 14-ғасырда Күлтөбедегi бекiнiс қиратылып жойылғанын, оның бүкiл аумағы зиратқа айналғанын айтады.

Ұлт тарихының жаңа парағына жол ашатын Күлтөбеде археологиялық зерттеу жұмыстары өткен кезеңнен кейін де тоқтаған жоқ. Белгілі қазақстандық ғалым Ерболат Смағұловтың бастамасымен Күлтөбе қалашығына 2010 жылы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Кейін археологтар Күлтөбе Түркістан қаласының ең ежелгі бөлігі екенін анықтады. Біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырға жататын ғибадатхана мен бірқатар архитектуралық құрылымдардың табылуы Ясы қаласының тарихын тағы мың жарым ғасырға ұзартып, Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін қалыптастыратын аспектілерді қайта қарауға алып келді.

Ал, 2017 жылы нысан ғалымдардың назарын өзіне аудартып, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының басшылығымен шағын ғылыми жоба аясында қолға алынды. Ал 2019 жылы ERG-дің қаржылай қолдауымен қалашық толыққанды зерттеле бастады. Бұл бағытта Күлтөбе-Ясы қалашығында күрделі зерттеу және толыққанды археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Аталған шаралар археологиялық нысандардың кәсіби сараптамасын да қамтыды. Сондай-ақ осы жылы Күлтөбенің ежелгі қонысының 27 гектар аумағына ауқымды георадарлық сканерлеу жүргізіліп, нысаналы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін ең перспективалық учаскелер анықталды. Осының негізінде бірінші аймақта XII-XIV ғасырлардағы ортағасырлық кезеңге жататын бірқатар археологиялық нысан зерттеліп,  табылған заттар Сармат-Каңғы дәуірінің (II-III ғасырлар) бұрын табылған ежелгі цитаделімен қатар, II-XIX ғасырлар аралығында Күлтөбе тарихи-мәдени ландшафтының негізгі төрт кезеңін нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Тиісінше ғалымдар мен археологтар тарихи-мәдени зерттеулерге сүйене отырып, Күлтөбе қалашығының дамуын төрт кезеңге бөлуді де ұсынды.

Айта кетсек, Күлтөбе қалашығы 1-ші және 4-ші ғасырлар аралығында, яңни ерте кезеңде Сармат-Каңғы дәуіріндегі діни және рухани орталық болған болса, екінші кезең түркі дәуіріндегі кішігірім қоныс деп айтуға болады. Ол уақытты ғалымдар VII – IX ғасырларға жатқызады. Сондай-ақ үшінші кезең қалалық мәдениеттің дамуы және Қожа Ахмет Ясауидің дәуірі. Яғни бұл 10-шы және 13-ші ғасырлар аралығы болып саналады. Ал, төртіншісі Қазақ хандығының кезеңі. Бұл 16-шы және 19-шы ғасырларды қамтиды. Тарихи деректерде, Күлтөбе ол заманда маңызды саяси және экономикалық орталық болып, мәдениеттердің тоғысуы мен түрлі сауда – саттықтың мекеніне айналған. Түркістан – Қазақ хандығының астанасы болса, Күлтөбенің де маңызды қалашықтардың бірі болғанын аңғару қиын емес.  Бүгінде Күлтөбе Түркістан өнерінің маңызды архитектуралық үлгілері болып саналатын, ерекше қорғалатын нысандар қатарында десек болады. Ежелгі мекеннен III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған әйелдердің зергерлік бұйымдары, ертедегі және орта ғасырдағы кремиканың түр-түрі, діни мазмұндағы ежелгі кітаптар да табылды. Түрлі зерттеулердің барысында табылған барлық құнды археологиялық мұралар, жәдігерлер мұражай коллекцияларының бір бөлігіне айналып отыр.

Елімізге белгілі өлкетанушы Ерлан Сыздық Күлтөбенінің орнында әкімшілік ғимарат және шағын тұрғын үй-жайлар, пеш, астық сақтауға арналған адам бойымен бірдей ыдыс тұрған шеңбер болғанын айтқан екен.

«Бұл жер – туристердің сүйікті жері. Олар бұл жерде 1-2 сағатқа тоқтайды. Жақында голландиялықтар да болды, олар тіпті кеткілері келмеді. Күлтөбенің біз біле бермейтін сырлары да көп. Мүнда ас үй керамикасының қалдықтары табылған шаруашылық шұңқыры сақталған. Жергілікті тұрғындар қоқыстан, иіс шығып, құрт-құмырсқа болмас үшін, оны ұдайы күлмен дезинфекциялап отырған. Тұрғын үй-жайлар шағын, пеш, астық сақтауға арналған адам бойымен бірдей ыдыс – хум тұрған шеңбер болған. Бұнда ғимаратқа қызмет көрсететін адамдар тұрған секілді. 21-22 ғасыр өтсе де тұрған кірпіштер жақсы сақталған. Қорған қандай қызмет атқарды дегенге келсек, бұның тұрғын үй емес ғимарат болғандығын сенімді түрде айтуға болады. Тұрмыстық ыдыстар онша көп кездеспейді, белгілі бір ошақтар да жоқ. Дұрысы, бұл әкімшілік ғимарат болған сияқты,» – дейді өлкетанушы.

Қалай десекте, Күлтөбенің қазақ тарихында алар орны ерекше. Ол өз маңыздылығын жоғалтпақ емес. Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы да аталған мекеннің маңыздылығын айтып, «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық паркін салуда заманауи технологиялар қолданылатынын айтып отыр. Бұл дегеніміз жергілікті халық пен туристердің назарын аударып, оларға өткен тарихты насихаттауға мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Мысалы өткен жылы  рухани-мәдени астанаға бір маусымда 1,5 млн астам турист пен зияратшылар келген болса, алдағы уақытта олардың санын тағы да көбейту жоспарланып отыр.  Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты “Әзірет Сұлтан” қорық-музейінің де даму жоспарлары бар. Жоспарға сәйкес, өзінің ерекше тарихы бар, көне,  ежелгі қоныстардың бірі – Күлтөбе қаласы қайта жаңғыртылып жатыр. Ортағасырлық мешіті бар Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары және басқа да бірқатар нысандар толықтай қайта қалпына келтірілуде. Жалпы, Түркістан шаһары облыс орталығы болғалы бері, ауқымды жобалар жүзеге асырылып, түрленіп келе жатыр. Салт-дәстүр мен мәдениетті қайта түлету, қазақтың тарихын ұрпаққа дәріптеу мақсатында да түрлі шаралар, игі істер де жасалып жатыр. Тарихы сонау тереңде жатқан Түркістанның бірқатар көшеріне бүгінде Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан, Есім хан, Тәуке хан және басқа да батыр бабаларымыздың есімдері берілген. Одан бөлек саябақтар мен демалыс орындары да қазақилықтың үлгісін насихаттап тұрады.

ТӨЛЕБИДЕ ЭТНОС ЖАСТАРЫ «ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – ҚАЗЫНА» АТТЫ СПОРТТЫҚ ДОДАДА САЙЫСҚА ТҮСТІ

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Зағамбар ауылында өңірдегі этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық ойындарынан «Ұлттық ойын – қазына» атты облыстық сайыс өтті.
Аталған спорт сайысы облыстағы құзырлы органдардың ведомствоаралық жоспарына сәйкес және Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ұлттық спортты ұлықтаған додаға Кентау қаласы, Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандары және Зағамбар ауылының этнос жастарынан құралған командалар қатысты. Онда жастар ұлттық ойындардың 8 түрінен, атап айтқанда, қазақ күресі, қошқар көтеру, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту, қол күресі, ләңгі тебу, арқан тартудан бақ сынады.
Спорттық шарада сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев және Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Төлеби ауданы прокурорының м.у.а.
Ермек Шунеев бұл сайыс этнос өкілдерінің достығын, берекелі бірлігін одан әрі нығайтатынын айта келе, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
– «Шынықсаң – шымырсың» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Спорт тек денсаулық кепілі ғана емес, түрлі этностар арасындағы ынтымақтастықты, достықты нығайтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде Ассамблея маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын. Бүгінгі жарыстың негізгі мақсаты осы – өңірдегі этнос жастарының Отанға, елге деген құрметін арттыру, этносаралық бірлікті насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Білесіздер, қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ата-бабаларымыз осы ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жалғастырып отырған. Бұл спорттық шара жыл сайын өткізіліп келеді.Жарысқа жастардың көптеп қатысуы олардың спортқа деген қызығушылығы зор екенін көрсетеді. Мұндай жарыстардың ел бірлігін бекемдеуде маңызы жоғары, – деді Ерлан Бахытжанұлы.
Тартысты бәсекеде қол күрестен түлкібастық Тойрат Касимов қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Ал, мақтааралдық Еркебұлан Дауылбаев екінші, түлкібастық Дамир Касимов үшінші орынға ие болды.
Арқан тарту сайысы жұрттың қиқу салып, қызу қолдау танытқан жарысы болғанын айта кеткен жөн. Бұл сайыста Төлеби ауданы құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 2 орынды Сайрам ауданы құрамасы, 3 орынды Зағамбар ауылы құрамасы иеленді.
Сондай-ақ қошқар көтеру сайысында Зағамбар ауылы құрамасынан Дулат Жантаев топ жарды. Ол қошқарды 49 рет көтерді.
Ал тоғызқұмалақ бәсекесінде Балташ Айгерім жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынды сайрамдық Азиз Тургунов иеленсе, үшінші орынды кентаулық Рамазан Бадиров алды.
Қазақ күресінен өткен сайыста мақтааралдық Заир Заиров ептілігі мен шеберлігін паш етіп, түйе балуан атанды. Садақ тарту сайысында сайрамдық Ибрахим Турдаметов жеңіс биігінен көрінсе, екінші орынға жетісайлық Батырхан Абишев, үшінші орынға түлкібастық Мирмурад Мирабзалов ие болды. Ләңгі тебуде жетісайлық Сәбит Жантелиев жеңімпаз болса, екінші орынды кентаулық Аброр Шарипов, үшінші орынды Самандар Баттал иеленді. Ал асық атуда зағамбарлық Бекасыл Ерментайдың абыройы асқақтады. Бұл сында кентаулық Дилнур Насируллаев екінші, зағамбарлық Айғани Күздеубаев үшінші орынды жеңіп алды.
Жарыстың қорытындысында жалпыкомандалық есепте Төлеби ауданы топ жарды. Ал Жетісай ауданы екінші, Түлкібас ауданы үшінші орынды иеленді.
Сайыс соңында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев және Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева жеңімпаздарды арнайы марапаттап, жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табыстады.

Сауран қалашығы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің айқын көрінісі

Сауран қалашығы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің айқын көрінісі деуге болады. Сан ғасырлық тарихы бар мекен туралы тарихи зерттеулер мен мәліметтер де жетерлік. Сонымен қатар, алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде де кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария өзені маңындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған деген жазбалар да бар.  Мысалы Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазылған. XIII ғасырдың орта шенінде Сауран қаласы  Ақ Орданың астанасы болған. XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырыпты. Мұндағы үлкен мешіт Қазақстанға ислам діні мен мәдениетінің тарауына ықпал еткен. Тарихи деректерде, Сауран XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында әлсіреп, XIX ғасырдың басында біржолата күйрегені айтылады.

Қазіргі кезде Сауран қаласының қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550-800 м дөңгелек алаңы да бар. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VII-XVIII ғасырларға жататынын дәлелдеген екен. Шаһар ұзақ уақыт бойы Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды. Ортағасырлық Сауран қаласының Дала мәдениеті мен Орталық Азия қалаларының мәдениеті түйіскен жерде орналасқан «сауда-саттық айлағы» әрі Жібек Жолы бойындағы маңызды торап ретінде Қазақстан тарихында алар орны ерекше.

Бүгінде, Түркістанның іргесіндегі аса құнды тарихи қаланы қайта жаңғыртып, туризм орталығына басты назарда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көне Сауран қалашығына барып, жай-күйімен танысып, оны қайта түлету жолдарын қарастыруда. Сонымен қатар, ғалымдар және зерттеушілермен бірге Сауранның тарихи маңызын дәріптеу, туристік мүмкіндігін молайту, рухани және туризм орталығына айналдыру жолдарын саралады.

«–Дәл Түркістанның іргесінде аса құнды тарихи қаламыз тұр. Сауранды туристік бағытқа енгізіп, тұрақты түрде насихаттау керек. Салынып жатқан «Сапар орталығында» осы қала туралы толық мағлұмат беріліп, туристерге сапалы материалдар мен жәдігерлер ұсынылуы тиіс. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келетін туристерді осы жаққа да бағыттаған жөн. Жауапты басқарма басшылары жұмысты үйлестірсін. Сауранның туристік әлеуетін арттыру бойынша жоспар, іс-шара бекітіңіздер. Жол, инфрақұрылымын реттеуді де жүйелі түрде атқарған жөн. Қазіргі кезде көне қаладағы археологиялық жұмыстар шамамен 50-70 гектарды құрайтын территорияны алып жатыр және олар «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде өткізіліп жатыр. Орталық бөлігінде табылған заттар, яғни күйіктастың, гипстің сынықтары осында мешіт пен медресенің болғандығын дәлелдейді. Тарихшылардың пікірінше, осы себептен бұл жерді мекендеген адамдар айтарлықтай жоғары білімді болған. Дәл Сауранда осы аймақтағы алғаш оқу орны ашылған. Бірегей қаланы сумен қамтамасыз ету технологиясы да болған. Яғни мұнда білім мен ғылымның дамығанын дәлелдейді. Түркістан – Қызылорда трассасы бойымен жүрген көптеген жолаушылар әрқашан бекініс қабырғаларының көңіл тартарлық өркеш-өркеш пішініне назар аударады. Бұл Сауран – көне және құпияға толы қала, 100 жылдан астам уақыт бойы ғалымдардың назарын өзіне тартып келеді. Талай зерттеулердің арқасында өткен уақыттың көптеген шешілмейтін құпияларды табылды. Өзінің ерекше стратегиялық, сауда-экономикалық және мәдени-тарихи мәнінің себебінен, Сауранды Сырдария бойында және қазақ даласында болған оқиғалар жайында жазған барлық ортағасырлық авторлар атап өткен,» – деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ғалымдардың ұсыныстарын да тыңдады.

 

Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев Сауран қалашығының тарихынан ой қозғап, бұл Орталық Азиядағы ең жақсы сақталған тарихи қалалардың бірі екенін атап өтті. Арнайы суландыру жүйесі болған. Көне құдықтардың орны сақталған. Тарихшы осы аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жақын тұста көгалдандыру керектігін айтты.

« – Түркісан қаласынан батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан Сауран қаласы жайлы ортағасырлық деректерде көптеген мәліметтер кездеседі. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі моңғол шапқыншылығына дейінгі VІ-ХІІІ ғасырларды қамтыса, екінші кезеңі ХІV-ХVІІІ ғасырларды алып жатыр. Сауран қаласы – тылсым сыры мен тарихы тереңге тартқан, кезінде талай адам бақытын тапқан көне қалалардың бірі. Көне қалашық республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш ретінде есепке алынған. Сырдарияның оң жағалауы мен темір жолдың батыс беткейіндегі дуалдары опырыла құлағанымен, баяғы еңселі биіктігін аңғартқан ескі қаланың орны алыстан көз тартады. Қаланың тағы бір ерекшелігі мұнда әлемнің жеті кереметінен кем түспейтін тербелмелі мұнара болған деседі. Өкінішке орай аталған жәдігерлер бүгінгі күнге жетпеді,сақтаулы қалмады.Алайда ол туралы жазылған деректер сақталған. Х ғасырда өмір сүрген арабтың географ-ғалымы Макдиси Әл-Мутаххар Таһир жиырма екі тараудан тұратын «Дүниенің басталуы мен тарихы» деген кітап жазған. Осы еңбегіне ол: «Сауран – бірінің сыртынан бірі 7 қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде күмбезді, сарай, мешіт бар», — дейді. Сондай-ақ қала ішінде теңселмелі 2 мұнарасы бар ғажап медресе де болған. Биіктігі 15 метр болатын мұнараның біріне шығып азан шақырғанда екіншісі тербеліп тұрады екен. 1871 жылдарға дейін сақталған осы керемет мұнараларды әлдекімдер қышын пайдалану үшін бұзған көрінеді. Жергілікті халық өткен ғасырдың 60-70 жылдарында шаһар қорғанынан 4-5 аттылы қатар жүретінін айтады. Осыдан-ақ қала қорғанысының қалай құдіретті болғанын елестете беріңіз. Бұл күндері сол ежелгі Сауран қаласының орны қаншама ғасырлар бойы сабалаған жаңбырдың асты мен уілдеген желдің, борап соққан боранның өтінде мүжілгенімен, әлі де жер бетінен тып-типыл болып құрып кетпей, ел қорғаған ерлігіміздің тұмарындай боп тұрған, сонау мұнарланған ғасырлар қойнауынан сыр тартып жатқан қорған.» – деді Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев

Профессор Мадияр Елеуов тарихи нысанды бизнеске тапсыру, туризм орталығына айналдыру маңызды екенін жеткізді. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова Сауран қалашық емес, үлкен қала екеніне тоқталды. Сауранды туристік нысанға айналдыру үшін кешенді шаралар атқарылуы тиіс екенін атап өтті. Біріншіден, ғалымдар жүйелі зерттеу жұмысын жалғастырғаны жөн. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбековтың да ұсыныстары тыңдалды. Сондай-ақ, Сауран қаласына қатысты маңызды мәселелер айтылды.

« – Сауранның ескі орны Қазақстандағы ортағасырлық қала мәдениетінің маңызды ескерткіштерінің бірі болып табылады.Оны бәрі мойындайды деп ойлаймын. Ал сақталу дәрежесі бойынша археология жағынан бірегей болып табылады. Мамандардың айтуынша, ескі қаланың қалдықтарына үлкен қауіп төніп тұр. Яғни, оның бұзылуына баса назар аудармасақ, бір кезде жауға қарсы тұра алған қала уақыт қысымына қарсы тұра алмайтын секілді. Осыған байланысты, қазіргі кезде Сауранда кешендік археологиялық жұмыстар жүргізіліп, жалғасын табуы қажет-ақ. Біздің ұрпақ үшін көне қаланың қалдықтарын сақтау мақсатында жаңғырту және сақтау, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу маңызды. Бүгінде тарихи нысанды туризмге айналдыруға мүмкіндіктер жетерлік. Қызықтыра алсақ қызығатын адамдадың да қатары көп болатынына сенімдімін. Жаңа жобаларды жүзеге асырып, заман талабына сай әркеттер жасау керек деп ойлаймын. Көне қалашыққа бизнес өкілдерін тарта білсек және шет елдік туристердің де назарын аудара білсек өте жақсы.»- деді Профессор Мадияр Елеуов

Ал, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбеков көне Сауран қаласының археологиялық зерттеуі жүз жылдан астам уақыт бұрын басталғанына тоқталды. Ол жайында орыс ғалымдары П. И. Лерхтың шығармаларында, П. И. Пашиноның жол естеліктерінде, А. П. Федченконың есептерінде айтылғанын атап өтті. Сондай-ақ, сол кезеңдегі археологиялық жұмыстардың нәтижесінде табылған басты дүниелердің қатарына  биіктігі он метр құрайтын, құмнан салынған Сауран сарайының тарихи мұраларын жатқызуға болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ қаланың орналасуы мен тарихи деректеріне тоқталды.

« 3-тен 6 метрге дейінгі биіктіктегі жер телімдері бар, қабырғаларымен қоршалған ескі қала жобасы жағынан сопақ алаң болып келеді. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 800 метрдей және солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 550 метрдей тартылған алаң,  қоршап тұрған жерден 2-2,5 метрге көтеріліп тұр. Ескі қаланың қабырғасы 2-3 метр биіктіктегі стилобаттың үстінде тұр. Олар өңделмеген кірпіш пен пахсадан салынған, сонда қабырға сызығынан шығатын 4 дөңгелек 2 қабаттық мұнара бар. Мұнараның үстіңгі қабаты қазіргі уақытқа дейін жетіп сақталған қалдықтары бар бағаналарға тіренген, күмбезімен жабылып тұр. Мұнара жазықтығында атыс ойығының тар тесіктері бар. Ескі қаланің ішіне екі қақпа апарады. Басты қақпасы қабырғаның солтүстік-шығыс бөлімінде орналасқан және 2 қабаты бар сыртқа шығатын 2 мұнарамен екі жақ қапталдан қапталған мықты фортификациялық құрылыс болып келеді. Оның кіреберісі қабырғаның шығатын бөліктерінен құрылған 20 метрлік дәліз тәрізді болып тұр. Екінші қақпасы ескі қала қабырғасының оңтүстік-шығыс бөлігінде салынған. Мұнараның ішінде шығыс бөлігінде доғалық өтпе жолы түріндегі ескі қалаға кіретін есік бар екен. Оның ені 1,2 метр, биіктігі 1,7 метрді құрайды. Сыртындағы қабырға айналасында тереңдігі шамамен 1-3 метр және ені 15-20 метрді құрайтын ор да бар. Солтүстік-шығыс қақпадан басталатын магистраль көше солтүстік-шығыс – оңтүстік-батыс бағытындағы қала территориясын тең 2 бөлікке бөліп жатыр. Қабырғаның оңтүстік-батыс бөлігіне 150 метр жетпей, ол солтүстік-батыс – оңтүстік-шығыс ендік бағытында жүретін перпендикуляр көшесіне тіренеді. Бөліктерінің бірі оңтүстік-шығыс қақпасына шығады. Ескі қаланың топографиясында 2 магистраль көшелерінен басқа, қаланың күрделі тармақталған көше жүйесін құрайтын көптеген шағын көшелер мен тұйық көшелер де кездеседі. Солтүстік-шығыс кірер ауыздан 210 метр ара қашықтықта магистраль көшесінің сол жағында жобасы жағынан үшбұрышты көлемі жобамен 100 метрді құрайтын төбе бар, ол қиратылған кірпіш пен алып ғимараттан қалған қырдың бөліктерімен қапталған. Ал тарихи деректерге сүйенсек, 14-ғасырда Сауран Ақ Орда құрамына кірген, кейде оның астанасы болып аталған екен. Ал 15-16 ғасырлардың деректеріне келсек Сауран жайында Түркістандағы билік үшін қазақ хандықтары мен шайбаниліктер арасындағы күресімен байланысты айтылған. Ғалымдар Сауран Түркістанның  бекіністері арасында ең үздік бекіністерінің бірі болғанын атаған. Сондай-ақ қалаға түрлі сипаттағы мәлімет берген. Оның климаты, қорғаныс құрылыстарының құрамы, қаланы көркейту, суландыратын егіншілігі жайында көптеген мәліметтер айтылған. Яғни, көне мекен қазақ халқының мәдениеті мен ғылымын, ілімін дамыту бағытында маңызды рөл атқарып, ата-бабаларымыздың қасиетті ордасы болған деуге болады. Қазақтың тарихынан алшақ емес ғұмыры бар қадірлі қаланы біз дүниежүзіне насихаттап, туризмнің орталығы ретінде дамытсақ, өте керемет қадамдардың бірі болмақ»,- деді «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбеков

Сонымен қатар, облыс әкіміне Дархан Амангелдіұлына Сауран қалашығына баратын жолды қысқарту жобасы да таныстырылды. Алдағы уақытта Түркістаннан Сауран қалашығына бұрылатын қысқа бағыт ашылмақ. Бұл бағытта тиісті қүрылыс жұмыстары басталады. Бұрын саяхатшылар Сауранға бару үшін Қызылорда облысының аумағына өтіп, қайтып келетін болса, енді тарихи қалаға баратын жол қысқарып, барлық мүмкіндіктер жасалады.

Айта кетейік, Сауран туралы алғашқы жоба деректер Х ғасырда жазылған. Көне қаланың тарихы жүзжылдықтарға жетелейді. Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған Қазақстандағы қорған дуалдары неғұрлым толық қалпында сақталған әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі деген деректер де бар. Сауранды жаулап алмақшы болған Абдаллах ханның әскери жорығын суреттеген авторлар қамал-қала туралы былай деп жазған екен.

«Сауран қамалы – өте берік бекітілген қорған, оның мықты және күшті қамал болғандығы соншалықты, тағдыр тәлкегінің қолы оның қорғанының түбіне жетіп көрген емес және көктегі аспанның өзі де әлем жерінің төрттен бірінде мұндай берік қамал көрген емес. Оның биіктігі соншалықты, күннің көзі де одан асып көрген емес. Қамалдың беріктігі соншалықты, оның мұнаралары мен дуалын қирату ешкімнің ойына да кіріп шықпайды».

Міне, сырттағы жау мен көш бастағандар Сауранды ұлан-ғайыр Дешті-Қыпшақ даласын мекен еткен тайпалар мен халықтарға үстемдік орнатуға мүмкіндік беретін стратегиялық бекініс ретінде қарастырған. Кезінде Түркістан Қазақ хандығының астанасы саналып, ал Сауран мен Сығанақ қалалары әкімшілік орталықтары болып есептеліпті. Сауран қаласы XVIII ғасырларда  жоңғарлардың шапқыншылығына ұшыраған. Одан кейін Қоқан хандығының езгісіне де түскен. Осыдан бастап қаланың құлдырау дәуірі басталады. «Жұттан, жаудан жаяу басын алып қашқан ел шұбырған шұбырындысы аппақ сүрлеу болып қалады екен» – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде жоңғарлардан үштен екісі қынадай қырылып, үдере қашқан қазақ халқы Сауран айналып, Бұхараға ауған. Ел аузында «Сайран айналған» деген тіркес содан қалып, жау қолында қалып бара жатқан туған жерін, ұлы отанын аңсаған зар мен мұңға толы «Елім-ай» әні туған. Бұл оқиға жайында қазақтың белгілі қаламгері Ілияс Есенберлин өзінің «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясында Сауран қаласының ғажайыбын суреттеп берген болатын. Сауран қаласы жайлы алғашқы деректер Х ғасырдағы араб саяхатшыларының жазбаларында да кездеседі екен. Демек, бұл қала тарихшылардың айтуы бойынша VI  ғасырда пайда болғандығын аңғартып отыр. Ал, сол заманның тарихшысы Рузбихан Сауран туралы:

«Бұл қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақша, әртүрлі ағаштар, қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ешқандай жау ала алмайды. Бұл қаланың топырағы  — білім мен ғылымның  ордасы. Халқы ерекше білімқұмар, зеректік және қонақжайлылық олардың табиғатына әбден сіңген», — деп көрсетеді.

Бүгінде, «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Сауран қалашығы аумағынан «Сапар орталығының» құрылысы қолға алынған. Бөлінген жер көлемі – 1 гектар, құрылыс аумағы – 968,41 шаршы метр. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған.

Күй – қазақ халқының рухани байлығы

Күй – өте көне өнер. Оның шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, сонау ұлыстық дәуірден бастау алатынын айтады тарихшылар мен өнер майталмандары. Ұлыстық дәуір дегеніміз Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы замандарындағы мәдениет. Қазіргі аңыз күйлердің ішінде сол замандардан қалған туындылар да кездесіп жатады. Яғни сол кезеңдерден ата-бабаларымыздың әдеби мұралары сақталған. Қазақ хандығының заманында күйдің ұлттық дәуірі қалыптасты деп айтуға болады. Бұл кезең жыраулық дәстүрдің салтанат құрған кезі, күйдің де ұлттық сипатқа лайық аспаптық шығармаға толық айналып болған кезеңі болды. Яғни қазақ халқының сол дәуірдегі күйлері – тарихи күйлер қатарына жатады, мұнда хандық мемлекеттің басынан өткерген салтанаты мен қайғылары, ерліктері мен елдіктері, бірлік пен ынтымақтың туын көкке көтерген дархан даладаның мәдениеті баяндалады. Күй – ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың асыл мұрасы және мәдени байлығы. Оның өміршеңдігі әр заманның рухани тілегіне сәйкес, жоғары интеллектуалдық парасаттылығымен табындырып, өзгеше өрнегімен таразыланып келеді. Күйлер халықтың тарихи тағдырымен тамырлас болған өнер. Күй өнері – ұрпақ арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы, ұлттың ұмытылмас мұрасы. Оған дәлел еліміздегі күй өнеріне қатысты ұйымдастырылып жүрген түрлі додалар мен сайыстар, байқаулар мен игі іс-шараларды айтуға болады.

Дәл осындай мақсатта, Түркістан облысының орталығы рухани және мәдени орталыққа айналған Түркістан қаласында мәдениет және туризм басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы өтті. Облыстық «Фараб» кітапханасында өткен байқауды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, байқаудың маңыздылығын атап өтті.

« Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен өңірімізде руханиятқа, өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, облыстың барлық аймақтарында ақындар айтысы ұйымдастырылып, терме өнерінің дамуына жағдай жасалып, ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда. Осы үрдістердің заңды жалғасы ретінде ұйымдастырылған бүгінгі байқауда байтағымыздың әр аймағынан келген 30-дан астам күйшілер бақ сынауда. Оңтүстік өңірінен шыққан дәулескер күйшілердің жарыққа шықпаған туындылары өте көп. Бұл байқаудың мақсаты – сол құндылықтарды қайта жаңғыртып, өзіндік орындау мақамымен қолданысқа енгізу. Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй-қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының асыл тұғыры және биік мұрасы. Халық күйлерінің әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі, халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін көрсетеді. Күй өнері – қазақ халқының, оған қоса түркі жұртының жансерігі және ажырамас асыл қазынасы. Күйдің кереметтілігі, ол тарихтан сыр шертеді, өмірдің мән-маңызын тыңдаушыға жан-жақты ұқтырады және ұғындырады. Күй түрлі қиялға және ұшқыр ойға жетелейді. Өмірде адам болып қалыптасуға, жақсылыққа, мейірім мен ізгілікке ұмтылдырады. Күй тыңдап, күйді түсінген адамдар ешқашан жамандыққа, жат әрекеттерге, арамдық пен қатігездікке бармайды, оған жол бермейді.Міне күйдің құдіреті деген осы шағар. »– деді өз сөзінде Бейсенбай Дәулетұлы.

Еліміздің мәдени, рухани орталығында өткен күй байқауында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің көркемдік жетекшісі Батыржан Мықтыбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері Мұрат Әбуғазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Нұрбек Тапалов, танымал дирижер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Дәуренбеков және ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестірінің дирижеры Шыңғыс Исаевтар қазылық етті.

Байқауға қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңнің талаптары мен шарттарына сәйкес үміткерлер Сүгір Әлиұлының күйлерінен бір күй және Төлеген Момбековтың күйлерінен бір күй орындады. Ал екінші кезеңде Айтқали Жайымовтың «Шалқыма», Ермұрат Үсеновтың «Майра», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақсақ құлан» және Қаршыға Ахмедияровтың «Хамаң толғауы» күйлерінен билет бойынша біреуін таңдап, қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүймелдеуімен және жеке домбырамен орындап шықты.

Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны, өлең жолдарын өміріне арқау еткен тұлға Қасым Аманжолов күй өнеріне, қазақтың ұлттық аспабы домбыраға өз өлеңімен баға беріп:

«Домбыра, мұн­ша шешен болдың неге?

Күй толған көкірегің шежіре ме?

Сыр қозғап ғасырлардан жө­нелесің,

Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», – деген екен.

Міне осындай асыл азаматтарымыз қазақ өнеріне үлес қосқандығын, өзінен бұрын­­ғы дәстүр­лі күй, жыршылық өнерне жаңа серпінмен серпіліс беріп, лайықты бағалағанын көреміз. Киелі өнер қашанда өзіне тән ерекшеліктермен қазақ халқының шаңырағындағы төрінен орын алғандығын аңғаруға болады. Рсында да халқымыздың дәстүрлі музыкасында бірнеше күйшілік мектептің түйіскені белгілі. Ол мектептердің қалыптасуы мен өркендеуі де белгілі тұлғалардың есімімен тығыз байланысты болып келеді. Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Байжігіт, Қожеке, Сүгір күйлері ұрпаққа мәңгілік өнеге, ұлттық сарын сыйлаған дәстүрлі күй бұлақтары десек қателеспейміз. Қазақтың күй өнеріне деген құрметте, қызығушылық пен ыстық ықылас та жылдар өткен сайын жаңғырып, тереңдей түсуде.  Жалпы, күйшінің шеберлігі мен қазақтың шертпе күйлерінің шығу тарихы мен құдіреті турасында ғалымдар мен ел ағаларының пікірлері сан алуан.

Қазақтың заңғар жазушысы, көсемсөз зергері, қоғам қайраткері М. Әуезов:

«Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің ішкі сезім байлығын білдіретін болса,соның ішінде ең толғаулысы, ең сырлысы – күйі» – деп атап өткен екен. Ол – халқымыздың ұланғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрларының бірі деп лайықты бағасын берген.

«Қазақ музыка шығармаларының ішіндегі ең ірі жанрлардың бірі – күйлер. Композиция жағынан, музыка мәдениетінің басқа өлшеулері жағынан қарағанда да, күйлер халық музыкасының жетіскен ірі тарауы екендігіне дау болмауы керек. Жоғарғы аспан немесе «Көк Тәңiрi» ұғымы «күй» деген сөзбен мағыналас. Ескi жазба үлгiлердiң iшiнде бұл сөз нұсқадан Махмұт Қашқаридың “Дивани Лұғат ат Түрiк” деген ХI ғасырдан қалған кiтабында «Күг – күй, саз дегенді білдіреді» делінген. «Күй деген сөздің арғы тегі «көк» пен байланысты болғанын көреміз. Көк пен су екеуі бір кезде бір ұғым болған. Бірі – жоғарғы, бірі – төменгі аспан болып саналған. Алғашқы адам ұғымында екеуі де космос. Бізде барлық табиғат адамның сыртқы табиғатымен араласуы, сонымен байланысуы болса, мына сөздiң өзiнiң аспан мағынасында болуы, осы пiкiрдi тағы да дәлелдеп отыр», – дейді Қ.Жұбанов.

Сондай-ақ, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаев күй деген бүкіл түркі халықтарына ортақ өте көне түбірлі сөз екенін айтқан болатын.

«Бүгінде мемлекетіміздегі маңызды үлкен мерекелерінің бірі –  домбыра күні болып табылады. Бұл күн ұлттық мереке ретінде халқымыздың руханиятын көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап келеді. Ал, біздің тарихшылар, энографтар мен фольклористер күйдің пайда болу тарихы және өзге де сан алуан сұрақтарды қазып түрлі еңбектер жазды. Мысалы, біз оқыған кезең – кеңес дәуірі. Ол дәуірдің идеологиясының өзі басқаша еді. Дегенмен сол кезеңнің өзінде күйдің мәселесін қолдаған Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов деген мықты ғалымдар болды. Орыстан шыққан А.В. Затаевич, Арабин тағы да басқа ғалымдар сол жылдары күйді түбірлете кәдімгідей зерттеді. Одан бергі заманды алатын болсақ, Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбеков сияқты үлкен ғалымдарымыз осы күйдің түбірі қайдан шықты деген әңгімелерді жазды. Қазақтың атақты ғалымы Ахмет Жұбановтың туған ағасы Құдайберген Жұбанов Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған кезде күй деген сөзді талдады.«Күй» деген сөздің мағынасы Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігінде» көк деген сөздің түбірінен шығады екен деген керемет бір революциялық үлкен жаңалықты кеңес заманында жазды. Одан кейін күйдің түбірін біздің қазақы сөздің жадысымен зерттеген – Ақселеу Сейдімбек. Ағамыз да күйді жан-жақты түрлеп зерттеді. Жалпы күй деген қалай болғанда да, бүкіл түркі халықтарына ортақ өте көне түбірлі сөз. Сондықтан мұның біздің заманымызда аты шыққан миф зерттеуші ғалымдардың ішінде ғалым Ерік Көкеев 90-шы жылдары «Күй –тәңірдің күбірі» деген үлкен бір анықтамалы сөз айтты. Ол қалай болғанда да арғы мағынасы Құдайберген Жұбановтардың сөзінен қалған деп ойлаймын. Жалпы Кеңес дәуірінде тыйым салынған күйлердің көп бөлігі жойылып кетті. Себебі олардың көбісі діни күйлер еді. Әсіресе қобыз, сыбызғы мен домбырадығы күйлерді айтуымызға болады. Оларға шынында да тыйым салынды, жойылды және аттары өзгеріп кетті. Тек күйлер ғана емес, сол күйлердің тарихына қатысты мәселелерге де тиым салынды. Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың күйлері – халық күйі деп аталды. Мысалы, атақты «Ақсақ құланды» шығарған Кетбұғаның аты өшірілді. Содан «Ақсақ құлан» халық күйі болды. Кейбір кітаптарда жаңағы Шыңғыс ханның алдында күй тартқан Жошының өлімін естірткен оқиғаны бұрып алып, өзгеше жазған кездер де болды. Осындай тыйымдар өте көп еді. Бергі біздің күйшілердің ішінде отаршылдыққа қарсы шыққан қазақтың зиялы қауымдары да бар. Кенесарының азаттық көтерілісіндегі күйлердің оқиғасын айтуға да тыйым салынған. Сонымен бірге қарапайым «Бестөре» деген күйді алайық. Сол Қасымнан қалған бес бөрі азаттық сұраған. Ақырып, теңдік сұрап, орыс отаршылдығына қарсы шыққан. Ақмоланың бекінісін өртеп жіберген. Қазір теңдік алған заманымызда оның барлығы зерттеліп, жас ғалымдардың тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда. Болашақта да сол жұмыстар өз жалғасын табады деп ойлаймын,» – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаев.

XX-ғасырдың 20-шы жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А. Затаевич өзінің әйгілі «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының алғы сөзінде: «Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз» – деп өзінің таңдансын жасырмаған. А.Затаевич сонымен қатар егер осы жұмысымды ары қарай дамытуға, тереңірек айналысуға мүмкіншілік болса сөз жоқ майталман домбырашылардың орындауындғы күйлерді қолға алар едім деген ойында атап өткен екен.

Міне, осындай қазақтың тарихымен тамырлас қасиетті өнерді Түркістандықтар да ұмыт қалдырмай, ұрпаққа ұғындырып, насихаттап келеді. Сондай-ақ, талабы мен таланты бар азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, күй өнерінен сайысқа түскендерге арнайы марапаттар тапсырылды. «Күй құдіреті» күйшілер байқауының нәтижесі бойынша Түркістан облысының күйшісі Ернар Сәтім жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысынан келген Аяна Сатаева І орынға ие болса, Шымкент қаласынан Әліби Нышан және Алматы қаласынан Ержанат Жарқыннұр жүлделі ІІ орындарды бөлісті. Алматы қаласынан келген Нұрдана Тоқтан, Түркістан облысының өнерпазы Сұлтан Дінмұхамед және Алматы қаласының өкілі Сырым Шонбаев ІІІ орындарды иеленді. Сондай-ақ Қарағанды облысынан қатысқан Сейілхан Сайлауов Сүгір атындағы арнайы жүлдемен, Астана қаласынан келген Бауыржан Жолдыбеков Төлеген Момбеков атындағы арнайы жүлдемен және Алматы облысынан келген Серік Жұмағали Нұрғиса Тілендиев атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Ал Маңғыстау облысынан келген Берік Сатов, Атырау облысынан келген Әнуар Зинединов және Қарағанды облысынан Темірлан Кубат дипломант атанды.

Жалпы байқауға қатысқан әрбір өнерпаз өз жолын айқындаған, өз стилі әбден қалыптасқан, талмай еңбек етіп, домбыра тартуға машықтанып, сарыла үңіліп, дәстүрлі өнердің жақсы үлгілерінен үйренген азаматтар болды. Күйді тыңдаушыларға тартымды әрі әсерлі етіп жеткізіп, қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптей білді. Байқаудың мақсаты да күй өнерін дамыта отырып, талантты күйшілерді анықтау болатын.

ДОМБЫРА ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАЙДЫ

Түркістан облысының орталығында Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауы өтті. Ұлттық домбыра күніне арналған шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев және Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы  Ұлжалғас Мұстафева, сондай-ақ Сауранбек Елеуов, Несіпкүл Өтебаева, Рыс Ташиметова, Гүлжанат Дюсенбаева тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Талантты жастар арқылы елдің рухын оятатын, жігерлендіретін, отаншылдықты насихаттайтын күйлерді ел арасына кеңінен на­сихаттайтын байқаудың қазылар алқасының құрамында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Спорт және өнер» факультетінің кафедра меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Әлімбай Ботақарев, Түркістан балалар саз мектебінің ұстазы, оқушылар оркестрінің дирижері, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Райымбек Сейтметов атындағы театр актеры Қанат Садықбеков болды.

Айта кетейік, қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш академигі, атақты жазушы Мұхтар Əуезов: «Жалпы музыка атаулы нəрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген болатын. Сондай-ақ, жазушы “…қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс – тарих үшін елеулі бұйым”, – деген қанатты сөзін қазақ халқының ұлттық музыкасына арнап айтқан болатын.

Негізі қазақтың музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлттық аспабы ол – домбыра. Қасиетті қара домбыраның аты қазақпен қатар аталады. Қос ішекті аспаптан шыққан күмбірлеген дыбыс терең ой-толғауларды сөзден артық жеткізе алады. Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да бірдей қолданып келеді. Аспаптың үнімен елдің тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отыр. Бүгінде жеткіншектерді ұлттық аспапта ойнауға баулитын үйірмелер, музыкалық мектептер жетерлік. Кейбір мәліметтерге сүйенсек еліміздің ғалымдары мемлекет пен халықтың рухани дамуына, соның ішінде қалыптасуына ықпал еткен 7 ерекше мәдени құбылысты анықтаған екен. Бұл тізімге домбыра да кірген. Ал, 2010 жылы домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Тарихи мәліметтерде домбыраның 4 мың жылдық тарихы бар екендігі жазылады.                                                                                                                        Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың нағыз байлығы. Рухани кемелденуіміздің бірден бір жолы – ұлттық құндылықтарды ұлықтау және насихаттау болып табылады. Аспаптың сүймелдеуінде жыр орындап, төкпелетіп терме орындауға, күмбірлете күй шертуге де болады. Яғни, тактикасы мен орындау техникасына қарай шертпе және төкпе күй деп бөлінеді. Төкпе драмалық оқиғаларды, жауынгерлік, күшті бейнелерді жеткізеді. Шертпе күйлер әлдеқайда еркін, олар өзіндік импровизациямен ерекшеленеді, адамның терең сезімдерін жеткізіп, әйелдің нәзік бейнесін де сипаттайды.

Әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұруы тиіс домбырамыз ұлттық өнерімізді ұлықтайды. Оны ұлтымыздың жаны десекте артық айтқандығымыз емес. Халқымыз бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі дүниенің қадір-қасиетін қашанда құрметтей білген. Ғасырлар бойы сақталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген ұлттық құндылықтың тамыры тым тереңде жатыр. Домбыраның өзіне тән үні бар, сол қоңыр үнді нағыз шебер ғана өз нақышына келтіріп орындай алады. Қазақ пен домбыра егіз ұғым деп айтқым келеді. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарихымыз куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух беріп, жігерін, намысын оятты. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз ғой. Дегенмен домбыраның да алуан түрлі болатынын біле бермейді екенбіз. Қазақ даласының әр өңіріндегі домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен өнерпаздың орындаушылық мәнеріне қарай өзгеріп отырған. Міне осындай ұлттық құндылығымызды, ұлттық жәдігерімізді сақтай білейік, қадірлей білейік ағайын. Түркістан қаласы, жалпы облыста да ұлттық өнерден сусындаған талантты, талапты азаматтарымыз көп. Ал, бүгінгідей ұйымдастырылып жатқан байқау өнер майталмандарының қатарын аттыруға, тұнып тұрған таланттарды жарыққа шығаруға, өзіміздің мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттауға үлкен мүмкіндік береді, сеп болады. Бұл байқауды сайыстан өтемін деп емес, осынау далаға қазақ өнерін үлгі етемін, бабалардың ізін жалғап, сабақтастық пен үндестіктің негізін қалаймын деп қатысу керек деп ойлаймын. Барша талантты азаматтар мен азаматшаларға сәттілік тілеймін”,- деді Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов

Айта кетейік, Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауына кіші топ бойынша (10-16 жас аралығындағы) үміткерлерден 22 адам қатысса, үлкен топ бойынша (17-24 жас аралығында) 7 үміткер өзара бақтарын сынады. Шертпе және төкпе күйлерді домбыра, одан бөлек жетіген, қобыз аспаптарының көмегімен де байқау шартына сәйкес орындап шықты.

Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков рухани мұра, қазақы құндылығымыз сақталған құнды дүниелердің бүгінгі қоғам бедерінде күнбе-күн көрініс бергені дұрыс деп есептейді.

“Көк сандықтан домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп жарық көруін де жанымыз қалайды.Өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, әр қазақ ұлты, қазақ баласы домбыраның тарихын біліп, оны көпшілікке насихаттай білуі тиіс. Қазақтың халық аспабы домбыра негізінен XIV ғасыр жазбаларында да кездеседі.
Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар деген мәліметтер де бар. Мәселен, ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар кең шанақты, балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер. Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа секілді даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы домбыра аспабымен тікелей байланысты. Олардың мұрасын бүгінгі күнге жеткізген Дина Нұрпейісова, Әбікен Хасенов, Науша Қашағанов, Махамбет Бөкейханов, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Қали Жантілеуов, Сәдуақас Балмағамбетов, Лұқпан Мұхитов сынды күйшілерді айтуға болады. Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Қайрат Байбосынов секілді есімі елге белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді. Бүгінде «Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінде қазақтың атақты ақын-домбырашылары Әселхан Қалыбекова, Қызыл жырау, Елеусіз Байырбеков, Көпбай Омаров, Төлеген Момбеков, Сүгір Әлиұлының домбыралары сақтаулы тұр”, деді Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков.

Жыл сайын өтетін үрдіске айналған байқауда жүзден жүйрік таланттардың есімін қазылар алқасы сараптап, қорытындысын шығарды. Сонымен байқау қорытындысы бойынша Үлкен топ арасында Бас жүлдені Абылайхан Нұрқұл иеленді. Жүлделі І орынға Нұржауған Рысқұлбекова лайық деп танылса, үш бірдей ІІ орынға Сейдуллақызы Зарина, Азамат Кудайберген, Олжас Есемхан ие болды. Қос ІІІ орынды Арман Әкетай мен Дәурен Елубай иеленді.

Ал кіші топ бойынша байқау жеңімпазы Дәурен Маханбет атанды. І орынға Жомарт Әбдірахман тұрақтаса, үш бірдей ІІ орынға Ұлбала Қуат, Мұхамедәлі Құрманғали, Балнұр Калыбай ие болды. Үш ІІІ орын Айнара Марат, Садир Сабиров, Алмаз Момиш бұйырды.

Байқауда арнайы номинациялар да қарастырылған. Дина Нұрпейісова атындағы номинациямен Аружан Амангелді марапатталса, Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы номинация Дархан Жетібай ұсынылды. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы номинацияға Заңғар Мұхтар лайық деп танылса, Нұрғиса Тілендиев атындағы номинация Бақдәулет Егенберді бұйырды. Ал, Төлеген Момбеков атындағы номинациямен Айзере Байбосын марапатталды. Барлық жүлдегерлерге қаржылай сияпаттар мен дипломдар табысталды.

Айта кетейік, байқаудың мақсаты – дарынды жастарды насихаттау, музы­калық шеберлікті шыңдау, елдегі ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосу, төл өнерді насихаттау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраға тіл бітсе, тебіренбейтін қазақ жоқ екенін, қандастарымыз мекендейтін қай елге барсақ та, домбыраның қоңыр үні күмбірлеп тұратындығын атап өткен болатын. Байтақ даланы дүбірлеткен күйшілердің асыл мұрасы – рухани қазынамыздың баға жетпес байлығы екенін мәлімдеп, ұлттық құндылықтарымызға ерекше құрметпен қарау керек екенін айтқан болатын.

«Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен  бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына  арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі  дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді.  Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз, – деді Президент.

Құдіретті қос ішектің үнінде ұлы даланың жыры, бабалардың сыры сақталған. Халқымыз қуанышы мен қайғысын, арман-тілегі мен үмітін күй арқылы жеткізген. Байтақ даланы дүбірлеткен күйшілердің асыл мұрасы – рухани қазынамыздың баға жетпес байлығы.

– Құрманғазының «Сарыарқасы», Тәттімбеттің «Саржайлауы» күй өнерінің  шыңы саналады. Нұрғисаның «Аққуы» – қазақтың қанына сіңген бекзат өнердің бірегей туындысы. Сондай дарын иелерінен аманат болған киелі мұра бүгінде адамзаттың асыл қазынасына айналды.  Күй өнері ЮНЕСКО шеңберіндегі құндылықтар қатарына қосылды. Домбыраны ұлықтап, күй өнерін дамыту үшін елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Елордада күй атасы Құрманғазының ескерткіші ашылды. Ал кеше ғана күйші Дина апамыздың құрметіне  сәулет туындысы бой көтерді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент озық мәдениеті бар ұлттың рухы әрдайым биік болары сөзсіз екенін айтып, өскелең ұрпақ осы киелі өнерді лайықты жалғастыруы қажеттігін мәлімдеген. Мектепте домбыра үйренуге арналған факультатив сабақтарын енгізу жөніндегі бастаманы қолдаған Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл сабақтар балаларымыздың ұлттық санасының күшеюіне және олардың көзқарасы мен мәдени танымының кеңеюіне оң ықпал ететініне сенім білдірген еді.

– Биыл бірінші мамырдан шығармашылық үйірмелер мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істей бастады. Балалар мұндай үйірмелерге тегін қатысатын болды. Осының барлығы жастардың ұлттық құндылықтарды игеруі үшін қажет. Сондықтан домбыраның қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – өте маңызды міндет.  Қазір  жастарымыз домбыраны заманауи музыкамен ұштастырып, жер жүзіне танытуда. Бұл төл тарихымыз бен мәдениетімізге әлем халықтарының қызығушылығын арттырады, Қазақстанның бірегей бет-бейнесін  қалыптастырады, – деді Мемлекет басшысы.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің ІI тоқсандық отырысы өтті. Отырысты Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова жүргізіп отырды. Кеңестің кезекті отырысына «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева, Төлеби аудандық ауруханасының психо-профилактика бөлімінің психологі А.Шертаева және әлеуметтік қызметкер С.Аязова, №8 колледж ұзтаздары мен этнос студент жастары, Көксәйек ауылдық округі, Көксәйек елді мекенінде орналасқан Төлеби жалпы орта мектебінің ұстаздары, сондай-ақ аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Отырыстың негізгі мақсаты: Әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылық және қылмыс белгілерімен, түрлерімен таныстыру, әйелдердің құқықтары мен міндеттерімен таныстыру. Қоғамның заңдары мен нормаларын орындауға, құқықтарын біліп оны құрметтеуге тәрбиелеу.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы биыл әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойған болатын. Яғни, заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нақты нормалар енгізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағандар үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Тиісінше, енгізілген түзетулер мен толықтырулар да қоғамда қызу талқыланды. Кеңес отырысында да мамандар заңның маңыздылығы мен отбасыдағы ынтымақты сақтау, құқықтық сауаттылық бойынша ойларын ортаға салды.

«Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер қатысып, отбасы құндылықтарын сақтаудағы басты мәселелерге баса назар аударылды. Осылайша әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді»,- деді «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева.

Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершілікті қатаңдататын, сонымен қатар отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайту бағытында енгізілген нормаларға тоқталып өтсек.

Біріншіден, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Екіншіден неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпы адамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған. Сондай-ақ, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады. Тағы бір айта кететін бағыттың бірі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді.

Қылмыстық жауапкершіліктің тағы бірі өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін, сонымен қатар, 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды.

Айта кетейік, алғаш рет кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіліп отыр. Енді білім беру ұйымдары да кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндеттелді. Сондай-ақ, 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге қатаң түрде тыйым салынды.

Жалпы заңнан бөлек, отбасыдағы ата-ананың ұл мен қызына берер тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жанұяның берекесін сақтай отырып ұрпаққа үлгі бола білу, өнегелі және игі істерге жетелеу өте маңызды. Аналар кеңесінің отырысында дәл осы мақсатты жүзеге асыру жолдары да дәріптелді.

Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова отбасының шағын мемлекет екенін, тұлға тәрбиелеудің және оны қоғамның сан қырлы жақтарын игеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта – отбасы екенін атап өтті.

«Отбасының тірегі әке мен ана. Үлгілі жанұя үлкен қазына екенін ұмытпауымыз керек. Қазақ халқы дана халық қой.   «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» даналық сөзі де текке айтылмаған. Ұлы мен қызына тәрбие беретін ата-ананың парызы мен қарызы үлкен деуге болады. Отан отбасынан басталады. «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген халқымыздың даналық сөзі де үлкен ғылыми тұжырымдаманы көрсетеді. Отбасы татулы­ғы мен үйлесімділігі ата-ана мен бала және ерлі зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік сезімімен тығыз байланысты. Олардың өзара түсіністік пен сыйластық танытуы, ұл мен қызының болашағы үшін де маңызды. Себебі олар да ертең бір шаңырақтың иесі атанады. Сондай-ақ, көріп өскен өнегесімен үлгісін өз ұрпақтарына сіңіреді. Міне сабақтастық деген осы. Отбасы мүшеле­рінің арасында сүйіспеншілік сезімі болғанда ғана олар бақытты жандардан тұратын отбасына айналады. Өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Демек, отбасы адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасыдан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Отбасының әрбір мүшесі өзара сыйластықты сақтауға тиіс. Сонда бірлік, татулық болады», -деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова

Расында, шынайы инабаттылық, әдептілік отбасыдағы сыйластықтың белгісі. Яғни, ата-аналар бір-бірінің қадір-қасиетін ардақтап, беделін өсіруі, араларында кикілжің туа қалғанда, оны ұл мен қыздарынан оңашада, екеу ара шешіп отыруы, өзара түсіністік пен жанұяның ынтымағын бекемдеу өте маңызды. Әке мен ананың әңгімесі, жүріс – тұрысы, өз міндеттерін таза атқарып, бірін бірі құрметтей білуі, олардың ұрпағына үлкен мектеп және тәрбие жолы. Халқымыз әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлеуіне жол бермеген. Жасы кішісі үлкеніне «сен» демей, «сіз» деп құрметтей білген. Сонымен қатар, үлкендердің алдын кесіп өтпеуі, бір біріне ізеттілік көрсетуі жанұядағы өте маңызды мәселелердің бірі. Яғни, үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызады. Жиында бұл бағытта өз пікірлерімен бөліскен мамандар да болды.

Жалпы әрбір отбасының қос тіреуі болатын ерлі-зайыптылар адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, онда бүкіл қоғамда бейбітшілік пен ынтымақ және келісім қалыптасады.  «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтылмаса керек. Отбасының іргетасы ер азамат пен  әйел адамның ақ неке қиып, отау тігуінен құралады жіне олар құрған шағырақтың  басты қазығы, алтын діңгегі олардың ұрпағы.  Баланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне  берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы өте зор. Отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек.   Сондықтан, беркелі қоғам да, бірлігі бекем отбасы да ата мен баланың, келін мен ененің және басқа да мүшелерінің жылы қарым-қатынасынан құралатынын ұмытпағанымыз абзал»,- дейді Төлеби аудандық ауруханасының психо-профилактика бөлімінің психологі А.Шертаева

Міне дәл осындай бағытта, Аналар кеңесі қоғамдық тұрақтылықты сақтауда жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жас отбасылардың ажырасуының алдын-алу және отбасылық құндылықтарды сақтау бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Жалпы елімізде ҚХА жанындағы Аналар кеңестері ұйымшылдықпен қызмет атқарып келеді. Бүгінде, Аналар кеңестеріне мүшелікке кірем деушілерге ешқандай шектеу қойылмайды. Қазіргі уақытта Республикамыздың әр өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді екен. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылып белсенді жұмыс жасап келеді. Кеңестердің құрамында көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, және жастар да бар.

Ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеп, жас ұрпаққа жақсы істерімен өнеге, үлгі  болып жүрген аналарымыз бүгінде өзіндік тәрбие мектебіне айналды десек артық айтқандық емес.