Архив рубрики: Мәдениет

Сауран қалашығы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің айқын көрінісі

Сауран қалашығы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің айқын көрінісі деуге болады. Сан ғасырлық тарихы бар мекен туралы тарихи зерттеулер мен мәліметтер де жетерлік. Сонымен қатар, алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде де кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария өзені маңындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған деген жазбалар да бар.  Мысалы Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазылған. XIII ғасырдың орта шенінде Сауран қаласы  Ақ Орданың астанасы болған. XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырыпты. Мұндағы үлкен мешіт Қазақстанға ислам діні мен мәдениетінің тарауына ықпал еткен. Тарихи деректерде, Сауран XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында әлсіреп, XIX ғасырдың басында біржолата күйрегені айтылады.

Қазіргі кезде Сауран қаласының қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550-800 м дөңгелек алаңы да бар. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VII-XVIII ғасырларға жататынын дәлелдеген екен. Шаһар ұзақ уақыт бойы Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды. Ортағасырлық Сауран қаласының Дала мәдениеті мен Орталық Азия қалаларының мәдениеті түйіскен жерде орналасқан «сауда-саттық айлағы» әрі Жібек Жолы бойындағы маңызды торап ретінде Қазақстан тарихында алар орны ерекше.

Бүгінде, Түркістанның іргесіндегі аса құнды тарихи қаланы қайта жаңғыртып, туризм орталығына басты назарда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көне Сауран қалашығына барып, жай-күйімен танысып, оны қайта түлету жолдарын қарастыруда. Сонымен қатар, ғалымдар және зерттеушілермен бірге Сауранның тарихи маңызын дәріптеу, туристік мүмкіндігін молайту, рухани және туризм орталығына айналдыру жолдарын саралады.

«–Дәл Түркістанның іргесінде аса құнды тарихи қаламыз тұр. Сауранды туристік бағытқа енгізіп, тұрақты түрде насихаттау керек. Салынып жатқан «Сапар орталығында» осы қала туралы толық мағлұмат беріліп, туристерге сапалы материалдар мен жәдігерлер ұсынылуы тиіс. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келетін туристерді осы жаққа да бағыттаған жөн. Жауапты басқарма басшылары жұмысты үйлестірсін. Сауранның туристік әлеуетін арттыру бойынша жоспар, іс-шара бекітіңіздер. Жол, инфрақұрылымын реттеуді де жүйелі түрде атқарған жөн. Қазіргі кезде көне қаладағы археологиялық жұмыстар шамамен 50-70 гектарды құрайтын территорияны алып жатыр және олар «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде өткізіліп жатыр. Орталық бөлігінде табылған заттар, яғни күйіктастың, гипстің сынықтары осында мешіт пен медресенің болғандығын дәлелдейді. Тарихшылардың пікірінше, осы себептен бұл жерді мекендеген адамдар айтарлықтай жоғары білімді болған. Дәл Сауранда осы аймақтағы алғаш оқу орны ашылған. Бірегей қаланы сумен қамтамасыз ету технологиясы да болған. Яғни мұнда білім мен ғылымның дамығанын дәлелдейді. Түркістан – Қызылорда трассасы бойымен жүрген көптеген жолаушылар әрқашан бекініс қабырғаларының көңіл тартарлық өркеш-өркеш пішініне назар аударады. Бұл Сауран – көне және құпияға толы қала, 100 жылдан астам уақыт бойы ғалымдардың назарын өзіне тартып келеді. Талай зерттеулердің арқасында өткен уақыттың көптеген шешілмейтін құпияларды табылды. Өзінің ерекше стратегиялық, сауда-экономикалық және мәдени-тарихи мәнінің себебінен, Сауранды Сырдария бойында және қазақ даласында болған оқиғалар жайында жазған барлық ортағасырлық авторлар атап өткен,» – деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ғалымдардың ұсыныстарын да тыңдады.

 

Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев Сауран қалашығының тарихынан ой қозғап, бұл Орталық Азиядағы ең жақсы сақталған тарихи қалалардың бірі екенін атап өтті. Арнайы суландыру жүйесі болған. Көне құдықтардың орны сақталған. Тарихшы осы аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жақын тұста көгалдандыру керектігін айтты.

« — Түркісан қаласынан батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан Сауран қаласы жайлы ортағасырлық деректерде көптеген мәліметтер кездеседі. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі моңғол шапқыншылығына дейінгі VІ-ХІІІ ғасырларды қамтыса, екінші кезеңі ХІV-ХVІІІ ғасырларды алып жатыр. Сауран қаласы — тылсым сыры мен тарихы тереңге тартқан, кезінде талай адам бақытын тапқан көне қалалардың бірі. Көне қалашық республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш ретінде есепке алынған. Сырдарияның оң жағалауы мен темір жолдың батыс беткейіндегі дуалдары опырыла құлағанымен, баяғы еңселі биіктігін аңғартқан ескі қаланың орны алыстан көз тартады. Қаланың тағы бір ерекшелігі мұнда әлемнің жеті кереметінен кем түспейтін тербелмелі мұнара болған деседі. Өкінішке орай аталған жәдігерлер бүгінгі күнге жетпеді,сақтаулы қалмады.Алайда ол туралы жазылған деректер сақталған. Х ғасырда өмір сүрген арабтың географ-ғалымы Макдиси Әл-Мутаххар Таһир жиырма екі тараудан тұратын «Дүниенің басталуы мен тарихы» деген кітап жазған. Осы еңбегіне ол: «Сауран – бірінің сыртынан бірі 7 қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде күмбезді, сарай, мешіт бар», — дейді. Сондай-ақ қала ішінде теңселмелі 2 мұнарасы бар ғажап медресе де болған. Биіктігі 15 метр болатын мұнараның біріне шығып азан шақырғанда екіншісі тербеліп тұрады екен. 1871 жылдарға дейін сақталған осы керемет мұнараларды әлдекімдер қышын пайдалану үшін бұзған көрінеді. Жергілікті халық өткен ғасырдың 60-70 жылдарында шаһар қорғанынан 4-5 аттылы қатар жүретінін айтады. Осыдан-ақ қала қорғанысының қалай құдіретті болғанын елестете беріңіз. Бұл күндері сол ежелгі Сауран қаласының орны қаншама ғасырлар бойы сабалаған жаңбырдың асты мен уілдеген желдің, борап соққан боранның өтінде мүжілгенімен, әлі де жер бетінен тып-типыл болып құрып кетпей, ел қорғаған ерлігіміздің тұмарындай боп тұрған, сонау мұнарланған ғасырлар қойнауынан сыр тартып жатқан қорған.» — деді Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев

Профессор Мадияр Елеуов тарихи нысанды бизнеске тапсыру, туризм орталығына айналдыру маңызды екенін жеткізді. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова Сауран қалашық емес, үлкен қала екеніне тоқталды. Сауранды туристік нысанға айналдыру үшін кешенді шаралар атқарылуы тиіс екенін атап өтті. Біріншіден, ғалымдар жүйелі зерттеу жұмысын жалғастырғаны жөн. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбековтың да ұсыныстары тыңдалды. Сондай-ақ, Сауран қаласына қатысты маңызды мәселелер айтылды.

« — Сауранның ескі орны Қазақстандағы ортағасырлық қала мәдениетінің маңызды ескерткіштерінің бірі болып табылады.Оны бәрі мойындайды деп ойлаймын. Ал сақталу дәрежесі бойынша археология жағынан бірегей болып табылады. Мамандардың айтуынша, ескі қаланың қалдықтарына үлкен қауіп төніп тұр. Яғни, оның бұзылуына баса назар аудармасақ, бір кезде жауға қарсы тұра алған қала уақыт қысымына қарсы тұра алмайтын секілді. Осыған байланысты, қазіргі кезде Сауранда кешендік археологиялық жұмыстар жүргізіліп, жалғасын табуы қажет-ақ. Біздің ұрпақ үшін көне қаланың қалдықтарын сақтау мақсатында жаңғырту және сақтау, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу маңызды. Бүгінде тарихи нысанды туризмге айналдыруға мүмкіндіктер жетерлік. Қызықтыра алсақ қызығатын адамдадың да қатары көп болатынына сенімдімін. Жаңа жобаларды жүзеге асырып, заман талабына сай әркеттер жасау керек деп ойлаймын. Көне қалашыққа бизнес өкілдерін тарта білсек және шет елдік туристердің де назарын аудара білсек өте жақсы.»- деді Профессор Мадияр Елеуов

Ал, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбеков көне Сауран қаласының археологиялық зерттеуі жүз жылдан астам уақыт бұрын басталғанына тоқталды. Ол жайында орыс ғалымдары П. И. Лерхтың шығармаларында, П. И. Пашиноның жол естеліктерінде, А. П. Федченконың есептерінде айтылғанын атап өтті. Сондай-ақ, сол кезеңдегі археологиялық жұмыстардың нәтижесінде табылған басты дүниелердің қатарына  биіктігі он метр құрайтын, құмнан салынған Сауран сарайының тарихи мұраларын жатқызуға болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ қаланың орналасуы мен тарихи деректеріне тоқталды.

« 3-тен 6 метрге дейінгі биіктіктегі жер телімдері бар, қабырғаларымен қоршалған ескі қала жобасы жағынан сопақ алаң болып келеді. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 800 метрдей және солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 550 метрдей тартылған алаң,  қоршап тұрған жерден 2-2,5 метрге көтеріліп тұр. Ескі қаланың қабырғасы 2-3 метр биіктіктегі стилобаттың үстінде тұр. Олар өңделмеген кірпіш пен пахсадан салынған, сонда қабырға сызығынан шығатын 4 дөңгелек 2 қабаттық мұнара бар. Мұнараның үстіңгі қабаты қазіргі уақытқа дейін жетіп сақталған қалдықтары бар бағаналарға тіренген, күмбезімен жабылып тұр. Мұнара жазықтығында атыс ойығының тар тесіктері бар. Ескі қаланің ішіне екі қақпа апарады. Басты қақпасы қабырғаның солтүстік-шығыс бөлімінде орналасқан және 2 қабаты бар сыртқа шығатын 2 мұнарамен екі жақ қапталдан қапталған мықты фортификациялық құрылыс болып келеді. Оның кіреберісі қабырғаның шығатын бөліктерінен құрылған 20 метрлік дәліз тәрізді болып тұр. Екінші қақпасы ескі қала қабырғасының оңтүстік-шығыс бөлігінде салынған. Мұнараның ішінде шығыс бөлігінде доғалық өтпе жолы түріндегі ескі қалаға кіретін есік бар екен. Оның ені 1,2 метр, биіктігі 1,7 метрді құрайды. Сыртындағы қабырға айналасында тереңдігі шамамен 1-3 метр және ені 15-20 метрді құрайтын ор да бар. Солтүстік-шығыс қақпадан басталатын магистраль көше солтүстік-шығыс — оңтүстік-батыс бағытындағы қала территориясын тең 2 бөлікке бөліп жатыр. Қабырғаның оңтүстік-батыс бөлігіне 150 метр жетпей, ол солтүстік-батыс — оңтүстік-шығыс ендік бағытында жүретін перпендикуляр көшесіне тіренеді. Бөліктерінің бірі оңтүстік-шығыс қақпасына шығады. Ескі қаланың топографиясында 2 магистраль көшелерінен басқа, қаланың күрделі тармақталған көше жүйесін құрайтын көптеген шағын көшелер мен тұйық көшелер де кездеседі. Солтүстік-шығыс кірер ауыздан 210 метр ара қашықтықта магистраль көшесінің сол жағында жобасы жағынан үшбұрышты көлемі жобамен 100 метрді құрайтын төбе бар, ол қиратылған кірпіш пен алып ғимараттан қалған қырдың бөліктерімен қапталған. Ал тарихи деректерге сүйенсек, 14-ғасырда Сауран Ақ Орда құрамына кірген, кейде оның астанасы болып аталған екен. Ал 15-16 ғасырлардың деректеріне келсек Сауран жайында Түркістандағы билік үшін қазақ хандықтары мен шайбаниліктер арасындағы күресімен байланысты айтылған. Ғалымдар Сауран Түркістанның  бекіністері арасында ең үздік бекіністерінің бірі болғанын атаған. Сондай-ақ қалаға түрлі сипаттағы мәлімет берген. Оның климаты, қорғаныс құрылыстарының құрамы, қаланы көркейту, суландыратын егіншілігі жайында көптеген мәліметтер айтылған. Яғни, көне мекен қазақ халқының мәдениеті мен ғылымын, ілімін дамыту бағытында маңызды рөл атқарып, ата-бабаларымыздың қасиетті ордасы болған деуге болады. Қазақтың тарихынан алшақ емес ғұмыры бар қадірлі қаланы біз дүниежүзіне насихаттап, туризмнің орталығы ретінде дамытсақ, өте керемет қадамдардың бірі болмақ»,- деді «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбеков

Сонымен қатар, облыс әкіміне Дархан Амангелдіұлына Сауран қалашығына баратын жолды қысқарту жобасы да таныстырылды. Алдағы уақытта Түркістаннан Сауран қалашығына бұрылатын қысқа бағыт ашылмақ. Бұл бағытта тиісті қүрылыс жұмыстары басталады. Бұрын саяхатшылар Сауранға бару үшін Қызылорда облысының аумағына өтіп, қайтып келетін болса, енді тарихи қалаға баратын жол қысқарып, барлық мүмкіндіктер жасалады.

Айта кетейік, Сауран туралы алғашқы жоба деректер Х ғасырда жазылған. Көне қаланың тарихы жүзжылдықтарға жетелейді. Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған Қазақстандағы қорған дуалдары неғұрлым толық қалпында сақталған әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі деген деректер де бар. Сауранды жаулап алмақшы болған Абдаллах ханның әскери жорығын суреттеген авторлар қамал-қала туралы былай деп жазған екен.

«Сауран қамалы – өте берік бекітілген қорған, оның мықты және күшті қамал болғандығы соншалықты, тағдыр тәлкегінің қолы оның қорғанының түбіне жетіп көрген емес және көктегі аспанның өзі де әлем жерінің төрттен бірінде мұндай берік қамал көрген емес. Оның биіктігі соншалықты, күннің көзі де одан асып көрген емес. Қамалдың беріктігі соншалықты, оның мұнаралары мен дуалын қирату ешкімнің ойына да кіріп шықпайды».

Міне, сырттағы жау мен көш бастағандар Сауранды ұлан-ғайыр Дешті-Қыпшақ даласын мекен еткен тайпалар мен халықтарға үстемдік орнатуға мүмкіндік беретін стратегиялық бекініс ретінде қарастырған. Кезінде Түркістан Қазақ хандығының астанасы саналып, ал Сауран мен Сығанақ қалалары әкімшілік орталықтары болып есептеліпті. Сауран қаласы XVIII ғасырларда  жоңғарлардың шапқыншылығына ұшыраған. Одан кейін Қоқан хандығының езгісіне де түскен. Осыдан бастап қаланың құлдырау дәуірі басталады. «Жұттан, жаудан жаяу басын алып қашқан ел шұбырған шұбырындысы аппақ сүрлеу болып қалады екен» – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде жоңғарлардан үштен екісі қынадай қырылып, үдере қашқан қазақ халқы Сауран айналып, Бұхараға ауған. Ел аузында «Сайран айналған» деген тіркес содан қалып, жау қолында қалып бара жатқан туған жерін, ұлы отанын аңсаған зар мен мұңға толы «Елім-ай» әні туған. Бұл оқиға жайында қазақтың белгілі қаламгері Ілияс Есенберлин өзінің «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясында Сауран қаласының ғажайыбын суреттеп берген болатын. Сауран қаласы жайлы алғашқы деректер Х ғасырдағы араб саяхатшыларының жазбаларында да кездеседі екен. Демек, бұл қала тарихшылардың айтуы бойынша VI  ғасырда пайда болғандығын аңғартып отыр. Ал, сол заманның тарихшысы Рузбихан Сауран туралы:

«Бұл қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақша, әртүрлі ағаштар, қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ешқандай жау ала алмайды. Бұл қаланың топырағы  — білім мен ғылымның  ордасы. Халқы ерекше білімқұмар, зеректік және қонақжайлылық олардың табиғатына әбден сіңген», — деп көрсетеді.

Бүгінде, «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Сауран қалашығы аумағынан «Сапар орталығының» құрылысы қолға алынған. Бөлінген жер көлемі – 1 гектар, құрылыс аумағы – 968,41 шаршы метр. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған.

Күй – қазақ халқының рухани байлығы

Күй — өте көне өнер. Оның шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, сонау ұлыстық дәуірден бастау алатынын айтады тарихшылар мен өнер майталмандары. Ұлыстық дәуір дегеніміз Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы замандарындағы мәдениет. Қазіргі аңыз күйлердің ішінде сол замандардан қалған туындылар да кездесіп жатады. Яғни сол кезеңдерден ата-бабаларымыздың әдеби мұралары сақталған. Қазақ хандығының заманында күйдің ұлттық дәуірі қалыптасты деп айтуға болады. Бұл кезең жыраулық дәстүрдің салтанат құрған кезі, күйдің де ұлттық сипатқа лайық аспаптық шығармаға толық айналып болған кезеңі болды. Яғни қазақ халқының сол дәуірдегі күйлері — тарихи күйлер қатарына жатады, мұнда хандық мемлекеттің басынан өткерген салтанаты мен қайғылары, ерліктері мен елдіктері, бірлік пен ынтымақтың туын көкке көтерген дархан даладаның мәдениеті баяндалады. Күй – ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың асыл мұрасы және мәдени байлығы. Оның өміршеңдігі әр заманның рухани тілегіне сәйкес, жоғары интеллектуалдық парасаттылығымен табындырып, өзгеше өрнегімен таразыланып келеді. Күйлер халықтың тарихи тағдырымен тамырлас болған өнер. Күй өнері – ұрпақ арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы, ұлттың ұмытылмас мұрасы. Оған дәлел еліміздегі күй өнеріне қатысты ұйымдастырылып жүрген түрлі додалар мен сайыстар, байқаулар мен игі іс-шараларды айтуға болады.

Дәл осындай мақсатта, Түркістан облысының орталығы рухани және мәдени орталыққа айналған Түркістан қаласында мәдениет және туризм басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы өтті. Облыстық «Фараб» кітапханасында өткен байқауды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, байқаудың маңыздылығын атап өтті.

« Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен өңірімізде руханиятқа, өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, облыстың барлық аймақтарында ақындар айтысы ұйымдастырылып, терме өнерінің дамуына жағдай жасалып, ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда. Осы үрдістердің заңды жалғасы ретінде ұйымдастырылған бүгінгі байқауда байтағымыздың әр аймағынан келген 30-дан астам күйшілер бақ сынауда. Оңтүстік өңірінен шыққан дәулескер күйшілердің жарыққа шықпаған туындылары өте көп. Бұл байқаудың мақсаты – сол құндылықтарды қайта жаңғыртып, өзіндік орындау мақамымен қолданысқа енгізу. Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй-қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының асыл тұғыры және биік мұрасы. Халық күйлерінің әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі, халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін көрсетеді. Күй өнері – қазақ халқының, оған қоса түркі жұртының жансерігі және ажырамас асыл қазынасы. Күйдің кереметтілігі, ол тарихтан сыр шертеді, өмірдің мән-маңызын тыңдаушыға жан-жақты ұқтырады және ұғындырады. Күй түрлі қиялға және ұшқыр ойға жетелейді. Өмірде адам болып қалыптасуға, жақсылыққа, мейірім мен ізгілікке ұмтылдырады. Күй тыңдап, күйді түсінген адамдар ешқашан жамандыққа, жат әрекеттерге, арамдық пен қатігездікке бармайды, оған жол бермейді.Міне күйдің құдіреті деген осы шағар. »– деді өз сөзінде Бейсенбай Дәулетұлы.

Еліміздің мәдени, рухани орталығында өткен күй байқауында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің көркемдік жетекшісі Батыржан Мықтыбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері Мұрат Әбуғазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Нұрбек Тапалов, танымал дирижер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Дәуренбеков және ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестірінің дирижеры Шыңғыс Исаевтар қазылық етті.

Байқауға қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңнің талаптары мен шарттарына сәйкес үміткерлер Сүгір Әлиұлының күйлерінен бір күй және Төлеген Момбековтың күйлерінен бір күй орындады. Ал екінші кезеңде Айтқали Жайымовтың «Шалқыма», Ермұрат Үсеновтың «Майра», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақсақ құлан» және Қаршыға Ахмедияровтың «Хамаң толғауы» күйлерінен билет бойынша біреуін таңдап, қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүймелдеуімен және жеке домбырамен орындап шықты.

Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны, өлең жолдарын өміріне арқау еткен тұлға Қасым Аманжолов күй өнеріне, қазақтың ұлттық аспабы домбыраға өз өлеңімен баға беріп:

«Домбыра, мұн­ша шешен болдың неге?

Күй толған көкірегің шежіре ме?

Сыр қозғап ғасырлардан жө­нелесің,

Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», — деген екен.

Міне осындай асыл азаматтарымыз қазақ өнеріне үлес қосқандығын, өзінен бұрын­­ғы дәстүр­лі күй, жыршылық өнерне жаңа серпінмен серпіліс беріп, лайықты бағалағанын көреміз. Киелі өнер қашанда өзіне тән ерекшеліктермен қазақ халқының шаңырағындағы төрінен орын алғандығын аңғаруға болады. Рсында да халқымыздың дәстүрлі музыкасында бірнеше күйшілік мектептің түйіскені белгілі. Ол мектептердің қалыптасуы мен өркендеуі де белгілі тұлғалардың есімімен тығыз байланысты болып келеді. Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Байжігіт, Қожеке, Сүгір күйлері ұрпаққа мәңгілік өнеге, ұлттық сарын сыйлаған дәстүрлі күй бұлақтары десек қателеспейміз. Қазақтың күй өнеріне деген құрметте, қызығушылық пен ыстық ықылас та жылдар өткен сайын жаңғырып, тереңдей түсуде.  Жалпы, күйшінің шеберлігі мен қазақтың шертпе күйлерінің шығу тарихы мен құдіреті турасында ғалымдар мен ел ағаларының пікірлері сан алуан.

Қазақтың заңғар жазушысы, көсемсөз зергері, қоғам қайраткері М. Әуезов:

«Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің ішкі сезім байлығын білдіретін болса,соның ішінде ең толғаулысы, ең сырлысы – күйі» – деп атап өткен екен. Ол — халқымыздың ұланғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрларының бірі деп лайықты бағасын берген.

«Қазақ музыка шығармаларының ішіндегі ең ірі жанрлардың бірі – күйлер. Композиция жағынан, музыка мәдениетінің басқа өлшеулері жағынан қарағанда да, күйлер халық музыкасының жетіскен ірі тарауы екендігіне дау болмауы керек. Жоғарғы аспан немесе «Көк Тәңiрi» ұғымы «күй» деген сөзбен мағыналас. Ескi жазба үлгiлердiң iшiнде бұл сөз нұсқадан Махмұт Қашқаридың “Дивани Лұғат ат Түрiк” деген ХI ғасырдан қалған кiтабында «Күг – күй, саз дегенді білдіреді» делінген. «Күй деген сөздің арғы тегі «көк» пен байланысты болғанын көреміз. Көк пен су екеуі бір кезде бір ұғым болған. Бірі – жоғарғы, бірі – төменгі аспан болып саналған. Алғашқы адам ұғымында екеуі де космос. Бізде барлық табиғат адамның сыртқы табиғатымен араласуы, сонымен байланысуы болса, мына сөздiң өзiнiң аспан мағынасында болуы, осы пiкiрдi тағы да дәлелдеп отыр», – дейді Қ.Жұбанов.

Сондай-ақ, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаев күй деген бүкіл түркі халықтарына ортақ өте көне түбірлі сөз екенін айтқан болатын.

«Бүгінде мемлекетіміздегі маңызды үлкен мерекелерінің бірі –  домбыра күні болып табылады. Бұл күн ұлттық мереке ретінде халқымыздың руханиятын көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап келеді. Ал, біздің тарихшылар, энографтар мен фольклористер күйдің пайда болу тарихы және өзге де сан алуан сұрақтарды қазып түрлі еңбектер жазды. Мысалы, біз оқыған кезең – кеңес дәуірі. Ол дәуірдің идеологиясының өзі басқаша еді. Дегенмен сол кезеңнің өзінде күйдің мәселесін қолдаған Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов деген мықты ғалымдар болды. Орыстан шыққан А.В. Затаевич, Арабин тағы да басқа ғалымдар сол жылдары күйді түбірлете кәдімгідей зерттеді. Одан бергі заманды алатын болсақ, Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбеков сияқты үлкен ғалымдарымыз осы күйдің түбірі қайдан шықты деген әңгімелерді жазды. Қазақтың атақты ғалымы Ахмет Жұбановтың туған ағасы Құдайберген Жұбанов Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған кезде күй деген сөзді талдады.«Күй» деген сөздің мағынасы Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігінде» көк деген сөздің түбірінен шығады екен деген керемет бір революциялық үлкен жаңалықты кеңес заманында жазды. Одан кейін күйдің түбірін біздің қазақы сөздің жадысымен зерттеген – Ақселеу Сейдімбек. Ағамыз да күйді жан-жақты түрлеп зерттеді. Жалпы күй деген қалай болғанда да, бүкіл түркі халықтарына ортақ өте көне түбірлі сөз. Сондықтан мұның біздің заманымызда аты шыққан миф зерттеуші ғалымдардың ішінде ғалым Ерік Көкеев 90-шы жылдары «Күй –тәңірдің күбірі» деген үлкен бір анықтамалы сөз айтты. Ол қалай болғанда да арғы мағынасы Құдайберген Жұбановтардың сөзінен қалған деп ойлаймын. Жалпы Кеңес дәуірінде тыйым салынған күйлердің көп бөлігі жойылып кетті. Себебі олардың көбісі діни күйлер еді. Әсіресе қобыз, сыбызғы мен домбырадығы күйлерді айтуымызға болады. Оларға шынында да тыйым салынды, жойылды және аттары өзгеріп кетті. Тек күйлер ғана емес, сол күйлердің тарихына қатысты мәселелерге де тиым салынды. Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың күйлері – халық күйі деп аталды. Мысалы, атақты «Ақсақ құланды» шығарған Кетбұғаның аты өшірілді. Содан «Ақсақ құлан» халық күйі болды. Кейбір кітаптарда жаңағы Шыңғыс ханның алдында күй тартқан Жошының өлімін естірткен оқиғаны бұрып алып, өзгеше жазған кездер де болды. Осындай тыйымдар өте көп еді. Бергі біздің күйшілердің ішінде отаршылдыққа қарсы шыққан қазақтың зиялы қауымдары да бар. Кенесарының азаттық көтерілісіндегі күйлердің оқиғасын айтуға да тыйым салынған. Сонымен бірге қарапайым «Бестөре» деген күйді алайық. Сол Қасымнан қалған бес бөрі азаттық сұраған. Ақырып, теңдік сұрап, орыс отаршылдығына қарсы шыққан. Ақмоланың бекінісін өртеп жіберген. Қазір теңдік алған заманымызда оның барлығы зерттеліп, жас ғалымдардың тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда. Болашақта да сол жұмыстар өз жалғасын табады деп ойлаймын,» – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаев.

XX-ғасырдың 20-шы жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А. Затаевич өзінің әйгілі «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының алғы сөзінде: «Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз» — деп өзінің таңдансын жасырмаған. А.Затаевич сонымен қатар егер осы жұмысымды ары қарай дамытуға, тереңірек айналысуға мүмкіншілік болса сөз жоқ майталман домбырашылардың орындауындғы күйлерді қолға алар едім деген ойында атап өткен екен.

Міне, осындай қазақтың тарихымен тамырлас қасиетті өнерді Түркістандықтар да ұмыт қалдырмай, ұрпаққа ұғындырып, насихаттап келеді. Сондай-ақ, талабы мен таланты бар азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, күй өнерінен сайысқа түскендерге арнайы марапаттар тапсырылды. «Күй құдіреті» күйшілер байқауының нәтижесі бойынша Түркістан облысының күйшісі Ернар Сәтім жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысынан келген Аяна Сатаева І орынға ие болса, Шымкент қаласынан Әліби Нышан және Алматы қаласынан Ержанат Жарқыннұр жүлделі ІІ орындарды бөлісті. Алматы қаласынан келген Нұрдана Тоқтан, Түркістан облысының өнерпазы Сұлтан Дінмұхамед және Алматы қаласының өкілі Сырым Шонбаев ІІІ орындарды иеленді. Сондай-ақ Қарағанды облысынан қатысқан Сейілхан Сайлауов Сүгір атындағы арнайы жүлдемен, Астана қаласынан келген Бауыржан Жолдыбеков Төлеген Момбеков атындағы арнайы жүлдемен және Алматы облысынан келген Серік Жұмағали Нұрғиса Тілендиев атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Ал Маңғыстау облысынан келген Берік Сатов, Атырау облысынан келген Әнуар Зинединов және Қарағанды облысынан Темірлан Кубат дипломант атанды.

Жалпы байқауға қатысқан әрбір өнерпаз өз жолын айқындаған, өз стилі әбден қалыптасқан, талмай еңбек етіп, домбыра тартуға машықтанып, сарыла үңіліп, дәстүрлі өнердің жақсы үлгілерінен үйренген азаматтар болды. Күйді тыңдаушыларға тартымды әрі әсерлі етіп жеткізіп, қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптей білді. Байқаудың мақсаты да күй өнерін дамыта отырып, талантты күйшілерді анықтау болатын.

ДОМБЫРА ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАЙДЫ

Түркістан облысының орталығында Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауы өтті. Ұлттық домбыра күніне арналған шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев және Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы  Ұлжалғас Мұстафева, сондай-ақ Сауранбек Елеуов, Несіпкүл Өтебаева, Рыс Ташиметова, Гүлжанат Дюсенбаева тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Талантты жастар арқылы елдің рухын оятатын, жігерлендіретін, отаншылдықты насихаттайтын күйлерді ел арасына кеңінен на­сихаттайтын байқаудың қазылар алқасының құрамында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Спорт және өнер» факультетінің кафедра меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Әлімбай Ботақарев, Түркістан балалар саз мектебінің ұстазы, оқушылар оркестрінің дирижері, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Райымбек Сейтметов атындағы театр актеры Қанат Садықбеков болды.

Айта кетейік, қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш академигі, атақты жазушы Мұхтар Əуезов: «Жалпы музыка атаулы нəрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген болатын. Сондай-ақ, жазушы «…қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс — тарих үшін елеулі бұйым», — деген қанатты сөзін қазақ халқының ұлттық музыкасына арнап айтқан болатын.

Негізі қазақтың музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлттық аспабы ол – домбыра. Қасиетті қара домбыраның аты қазақпен қатар аталады. Қос ішекті аспаптан шыққан күмбірлеген дыбыс терең ой-толғауларды сөзден артық жеткізе алады. Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да бірдей қолданып келеді. Аспаптың үнімен елдің тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отыр. Бүгінде жеткіншектерді ұлттық аспапта ойнауға баулитын үйірмелер, музыкалық мектептер жетерлік. Кейбір мәліметтерге сүйенсек еліміздің ғалымдары мемлекет пен халықтың рухани дамуына, соның ішінде қалыптасуына ықпал еткен 7 ерекше мәдени құбылысты анықтаған екен. Бұл тізімге домбыра да кірген. Ал, 2010 жылы домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Тарихи мәліметтерде домбыраның 4 мың жылдық тарихы бар екендігі жазылады.                                                                                                                        Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың нағыз байлығы. Рухани кемелденуіміздің бірден бір жолы – ұлттық құндылықтарды ұлықтау және насихаттау болып табылады. Аспаптың сүймелдеуінде жыр орындап, төкпелетіп терме орындауға, күмбірлете күй шертуге де болады. Яғни, тактикасы мен орындау техникасына қарай шертпе және төкпе күй деп бөлінеді. Төкпе драмалық оқиғаларды, жауынгерлік, күшті бейнелерді жеткізеді. Шертпе күйлер әлдеқайда еркін, олар өзіндік импровизациямен ерекшеленеді, адамның терең сезімдерін жеткізіп, әйелдің нәзік бейнесін де сипаттайды.

«Әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұруы тиіс домбырамыз ұлттық өнерімізді ұлықтайды. Оны ұлтымыздың жаны десекте артық айтқандығымыз емес. Халқымыз бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі дүниенің қадір-қасиетін қашанда құрметтей білген. Ғасырлар бойы сақталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген ұлттық құндылықтың тамыры тым тереңде жатыр. Домбыраның өзіне тән үні бар, сол қоңыр үнді нағыз шебер ғана өз нақышына келтіріп орындай алады. Қазақ пен домбыра егіз ұғым деп айтқым келеді. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарихымыз куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух беріп, жігерін, намысын оятты. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз ғой. Дегенмен домбыраның да алуан түрлі болатынын біле бермейді екенбіз. Қазақ даласының әр өңіріндегі домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен өнерпаздың орындаушылық мәнеріне қарай өзгеріп отырған. Міне осындай ұлттық құндылығымызды, ұлттық жәдігерімізді сақтай білейік, қадірлей білейік ағайын. Түркістан қаласы, жалпы облыста да ұлттық өнерден сусындаған талантты, талапты азаматтарымыз көп. Ал, бүгінгідей ұйымдастырылып жатқан байқау өнер майталмандарының қатарын аттыруға, тұнып тұрған таланттарды жарыққа шығаруға, өзіміздің мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттауға үлкен мүмкіндік береді, сеп болады. Бұл байқауды сайыстан өтемін деп емес, осынау далаға қазақ өнерін үлгі етемін, бабалардың ізін жалғап, сабақтастық пен үндестіктің негізін қалаймын деп қатысу керек деп ойлаймын. Барша талантты азаматтар мен азаматшаларға сәттілік тілеймін»,- деді Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов

Айта кетейік, Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Тұран даласының күйлері» атты күйшілер байқауына кіші топ бойынша (10-16 жас аралығындағы) үміткерлерден 22 адам қатысса, үлкен топ бойынша (17-24 жас аралығында) 7 үміткер өзара бақтарын сынады. Шертпе және төкпе күйлерді домбыра, одан бөлек жетіген, қобыз аспаптарының көмегімен де байқау шартына сәйкес орындап шықты.

Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков рухани мұра, қазақы құндылығымыз сақталған құнды дүниелердің бүгінгі қоғам бедерінде күнбе-күн көрініс бергені дұрыс деп есептейді.

«Көк сандықтан домбыра үнімен астастырылған салмақты дүниелердің көптеп жарық көруін де жанымыз қалайды.Өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болуы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, әр қазақ ұлты, қазақ баласы домбыраның тарихын біліп, оны көпшілікке насихаттай білуі тиіс. Қазақтың халық аспабы домбыра негізінен XIV ғасыр жазбаларында да кездеседі.
Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар деген мәліметтер де бар. Мәселен, ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар кең шанақты, балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер. Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа секілді даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы домбыра аспабымен тікелей байланысты. Олардың мұрасын бүгінгі күнге жеткізген Дина Нұрпейісова, Әбікен Хасенов, Науша Қашағанов, Махамбет Бөкейханов, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Қали Жантілеуов, Сәдуақас Балмағамбетов, Лұқпан Мұхитов сынды күйшілерді айтуға болады. Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Қайрат Байбосынов секілді есімі елге белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді. Бүгінде «Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінде қазақтың атақты ақын-домбырашылары Әселхан Қалыбекова, Қызыл жырау, Елеусіз Байырбеков, Көпбай Омаров, Төлеген Момбеков, Сүгір Әлиұлының домбыралары сақтаулы тұр», деді Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Жақыпбеков.

Жыл сайын өтетін үрдіске айналған байқауда жүзден жүйрік таланттардың есімін қазылар алқасы сараптап, қорытындысын шығарды. Сонымен байқау қорытындысы бойынша Үлкен топ арасында Бас жүлдені Абылайхан Нұрқұл иеленді. Жүлделі І орынға Нұржауған Рысқұлбекова лайық деп танылса, үш бірдей ІІ орынға Сейдуллақызы Зарина, Азамат Кудайберген, Олжас Есемхан ие болды. Қос ІІІ орынды Арман Әкетай мен Дәурен Елубай иеленді.

Ал кіші топ бойынша байқау жеңімпазы Дәурен Маханбет атанды. І орынға Жомарт Әбдірахман тұрақтаса, үш бірдей ІІ орынға Ұлбала Қуат, Мұхамедәлі Құрманғали, Балнұр Калыбай ие болды. Үш ІІІ орын Айнара Марат, Садир Сабиров, Алмаз Момиш бұйырды.

Байқауда арнайы номинациялар да қарастырылған. Дина Нұрпейісова атындағы номинациямен Аружан Амангелді марапатталса, Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы номинация Дархан Жетібай ұсынылды. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы номинацияға Заңғар Мұхтар лайық деп танылса, Нұрғиса Тілендиев атындағы номинация Бақдәулет Егенберді бұйырды. Ал, Төлеген Момбеков атындағы номинациямен Айзере Байбосын марапатталды. Барлық жүлдегерлерге қаржылай сияпаттар мен дипломдар табысталды.

Айта кетейік, байқаудың мақсаты – дарынды жастарды насихаттау, музы­калық шеберлікті шыңдау, елдегі ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосу, төл өнерді насихаттау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыраға тіл бітсе, тебіренбейтін қазақ жоқ екенін, қандастарымыз мекендейтін қай елге барсақ та, домбыраның қоңыр үні күмбірлеп тұратындығын атап өткен болатын. Байтақ даланы дүбірлеткен күйшілердің асыл мұрасы – рухани қазынамыздың баға жетпес байлығы екенін мәлімдеп, ұлттық құндылықтарымызға ерекше құрметпен қарау керек екенін айтқан болатын.

«Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен  бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына  арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі  дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді.  Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз, – деді Президент.

Құдіретті қос ішектің үнінде ұлы даланың жыры, бабалардың сыры сақталған. Халқымыз қуанышы мен қайғысын, арман-тілегі мен үмітін күй арқылы жеткізген. Байтақ даланы дүбірлеткен күйшілердің асыл мұрасы – рухани қазынамыздың баға жетпес байлығы.

– Құрманғазының «Сарыарқасы», Тәттімбеттің «Саржайлауы» күй өнерінің  шыңы саналады. Нұрғисаның «Аққуы» – қазақтың қанына сіңген бекзат өнердің бірегей туындысы. Сондай дарын иелерінен аманат болған киелі мұра бүгінде адамзаттың асыл қазынасына айналды.  Күй өнері ЮНЕСКО шеңберіндегі құндылықтар қатарына қосылды. Домбыраны ұлықтап, күй өнерін дамыту үшін елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Елордада күй атасы Құрманғазының ескерткіші ашылды. Ал кеше ғана күйші Дина апамыздың құрметіне  сәулет туындысы бой көтерді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент озық мәдениеті бар ұлттың рухы әрдайым биік болары сөзсіз екенін айтып, өскелең ұрпақ осы киелі өнерді лайықты жалғастыруы қажеттігін мәлімдеген. Мектепте домбыра үйренуге арналған факультатив сабақтарын енгізу жөніндегі бастаманы қолдаған Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл сабақтар балаларымыздың ұлттық санасының күшеюіне және олардың көзқарасы мен мәдени танымының кеңеюіне оң ықпал ететініне сенім білдірген еді.

– Биыл бірінші мамырдан шығармашылық үйірмелер мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істей бастады. Балалар мұндай үйірмелерге тегін қатысатын болды. Осының барлығы жастардың ұлттық құндылықтарды игеруі үшін қажет. Сондықтан домбыраның қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – өте маңызды міндет.  Қазір  жастарымыз домбыраны заманауи музыкамен ұштастырып, жер жүзіне танытуда. Бұл төл тарихымыз бен мәдениетімізге әлем халықтарының қызығушылығын арттырады, Қазақстанның бірегей бет-бейнесін  қалыптастырады, – деді Мемлекет басшысы.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің ІI тоқсандық отырысы өтті. Отырысты Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова жүргізіп отырды. Кеңестің кезекті отырысына «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева, Төлеби аудандық ауруханасының психо-профилактика бөлімінің психологі А.Шертаева және әлеуметтік қызметкер С.Аязова, №8 колледж ұзтаздары мен этнос студент жастары, Көксәйек ауылдық округі, Көксәйек елді мекенінде орналасқан Төлеби жалпы орта мектебінің ұстаздары, сондай-ақ аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Отырыстың негізгі мақсаты: Әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылық және қылмыс белгілерімен, түрлерімен таныстыру, әйелдердің құқықтары мен міндеттерімен таныстыру. Қоғамның заңдары мен нормаларын орындауға, құқықтарын біліп оны құрметтеуге тәрбиелеу.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы биыл әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойған болатын. Яғни, заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нақты нормалар енгізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағандар үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Тиісінше, енгізілген түзетулер мен толықтырулар да қоғамда қызу талқыланды. Кеңес отырысында да мамандар заңның маңыздылығы мен отбасыдағы ынтымақты сақтау, құқықтық сауаттылық бойынша ойларын ортаға салды.

«Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер қатысып, отбасы құндылықтарын сақтаудағы басты мәселелерге баса назар аударылды. Осылайша әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді»,- деді «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева.

Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершілікті қатаңдататын, сонымен қатар отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайту бағытында енгізілген нормаларға тоқталып өтсек.

Біріншіден, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Екіншіден неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпы адамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған. Сондай-ақ, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады. Тағы бір айта кететін бағыттың бірі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді.

Қылмыстық жауапкершіліктің тағы бірі өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін, сонымен қатар, 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды.

Айта кетейік, алғаш рет кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіліп отыр. Енді білім беру ұйымдары да кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндеттелді. Сондай-ақ, 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге қатаң түрде тыйым салынды.

Жалпы заңнан бөлек, отбасыдағы ата-ананың ұл мен қызына берер тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жанұяның берекесін сақтай отырып ұрпаққа үлгі бола білу, өнегелі және игі істерге жетелеу өте маңызды. Аналар кеңесінің отырысында дәл осы мақсатты жүзеге асыру жолдары да дәріптелді.

Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова отбасының шағын мемлекет екенін, тұлға тәрбиелеудің және оны қоғамның сан қырлы жақтарын игеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта – отбасы екенін атап өтті.

«Отбасының тірегі әке мен ана. Үлгілі жанұя үлкен қазына екенін ұмытпауымыз керек. Қазақ халқы дана халық қой.   «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» даналық сөзі де текке айтылмаған. Ұлы мен қызына тәрбие беретін ата-ананың парызы мен қарызы үлкен деуге болады. Отан отбасынан басталады. «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген халқымыздың даналық сөзі де үлкен ғылыми тұжырымдаманы көрсетеді. Отбасы татулы­ғы мен үйлесімділігі ата-ана мен бала және ерлі зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік сезімімен тығыз байланысты. Олардың өзара түсіністік пен сыйластық танытуы, ұл мен қызының болашағы үшін де маңызды. Себебі олар да ертең бір шаңырақтың иесі атанады. Сондай-ақ, көріп өскен өнегесімен үлгісін өз ұрпақтарына сіңіреді. Міне сабақтастық деген осы. Отбасы мүшеле­рінің арасында сүйіспеншілік сезімі болғанда ғана олар бақытты жандардан тұратын отбасына айналады. Өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Демек, отбасы адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасыдан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Отбасының әрбір мүшесі өзара сыйластықты сақтауға тиіс. Сонда бірлік, татулық болады», -деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова

Расында, шынайы инабаттылық, әдептілік отбасыдағы сыйластықтың белгісі. Яғни, ата-аналар бір-бірінің қадір-қасиетін ардақтап, беделін өсіруі, араларында кикілжің туа қалғанда, оны ұл мен қыздарынан оңашада, екеу ара шешіп отыруы, өзара түсіністік пен жанұяның ынтымағын бекемдеу өте маңызды. Әке мен ананың әңгімесі, жүріс — тұрысы, өз міндеттерін таза атқарып, бірін бірі құрметтей білуі, олардың ұрпағына үлкен мектеп және тәрбие жолы. Халқымыз әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлеуіне жол бермеген. Жасы кішісі үлкеніне «сен» демей, «сіз» деп құрметтей білген. Сонымен қатар, үлкендердің алдын кесіп өтпеуі, бір біріне ізеттілік көрсетуі жанұядағы өте маңызды мәселелердің бірі. Яғни, үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызады. Жиында бұл бағытта өз пікірлерімен бөліскен мамандар да болды.

Жалпы әрбір отбасының қос тіреуі болатын ерлі-зайыптылар адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, онда бүкіл қоғамда бейбітшілік пен ынтымақ және келісім қалыптасады.  «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекер айтылмаса керек. Отбасының іргетасы ер азамат пен  әйел адамның ақ неке қиып, отау тігуінен құралады жіне олар құрған шағырақтың  басты қазығы, алтын діңгегі олардың ұрпағы.  Баланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне  берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы өте зор. Отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек.   Сондықтан, беркелі қоғам да, бірлігі бекем отбасы да ата мен баланың, келін мен ененің және басқа да мүшелерінің жылы қарым-қатынасынан құралатынын ұмытпағанымыз абзал»,- дейді Төлеби аудандық ауруханасының психо-профилактика бөлімінің психологі А.Шертаева

Міне дәл осындай бағытта, Аналар кеңесі қоғамдық тұрақтылықты сақтауда жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жас отбасылардың ажырасуының алдын-алу және отбасылық құндылықтарды сақтау бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Жалпы елімізде ҚХА жанындағы Аналар кеңестері ұйымшылдықпен қызмет атқарып келеді. Бүгінде, Аналар кеңестеріне мүшелікке кірем деушілерге ешқандай шектеу қойылмайды. Қазіргі уақытта Республикамыздың әр өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді екен. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылып белсенді жұмыс жасап келеді. Кеңестердің құрамында көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, және жастар да бар.

Ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеп, жас ұрпаққа жақсы істерімен өнеге, үлгі  болып жүрген аналарымыз бүгінде өзіндік тәрбие мектебіне айналды десек артық айтқандық емес.

Қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнері дәріптелген байқау

Түркістан облысының орталығында республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың ішінен алматылық Құрметжан Ербах бас жүлдені иемденді. Жүлдені Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев тапсырды. Ал, салтанатты марапаттау рәсімінде қазылар алқасы байқаудың өту барысына тоқталып, пікірін білдірді.

Терме – халық ауыз әдебиетінің жарқын үлгілерінің бірі деп айтуға болады. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жедел қарқынмен дами бастаған бұл өнер – қазақ халқымен қатар, қарақалпақ, қырғыз, өзбек халық шығармашылықтарында да кездеседі. Ал, әсіресе Қазақстанның батыс аймағы мен сыр бойында мол дамыған. Халықтық дәстүрлер негізінде қазіргі кезде терме, айтыс өнері қайтадан жаңғырып, жанданып келеді. Термешілік өнердің кең құлаш жаюына теледидар, радио, ақындар айтысының өткізілуі зор мүмкіндікдіктер туғызып отыр.

«Егістік жерді жаздың ыстық айларында бірнеше рет суармаса, шыққан егін мүлде қурап кететіні секілді дер кезін­де жалғастығын таппаған дәстүр де жо­ға­­лады». Белгілі ғалым Рахманқұл Бердібай айтқандай, ұлт­тық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа баулып тәрбиелейтін, байырғы ата-бабала­рымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен тұратын жыр-толғау, терме жанрларын кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру өте маңызды істердің бірі. Республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауының мақсат-міндеттері де: мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, талантты жастарды жан-жақты қолдау, «жыр-терме» ұлттық жанрын жастардың арасында кеңінен насихаттау, ұлттық жанрды жаңғырту және дамыту, қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін дамыту, халық арасында ұлттық мұрамызға және  рухани құндылықтарымызға деген қызығушылықты арттыру болды.

Екі кезеңнен тұратын байқауда 16 жыршы-термеші бақ сынады. Жалпы сайыс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушы оңтүстік өңірінің термелерінен ұйымдастырушылар ұсынған екі шығарманы орындады. Ал екінші кезеңде оңтүстік термелерінен кеңінен таралып, ел ішінде көптеп орындалып жүрген, терме толғаулардан жеребе бойынша бір терме орындауы тиіс.

Әуезді әуеннің, мағыналы мақамы мен сиқырлы сазды иірімдері ұлан-ғайыр даламыздың табиғаты мен тыныс тіршілігін, алуан түске бояп, түрленіп отырады. Қазылар алқасының құрамында Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қорқыт ғылыми зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Елікбай Иса, термеші, ақын, сазгер Жәкен Омаров, әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов, жыршы, термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аяз Рүстемов бар.

Байқау жеңімпазын екі кезең нәтижесі бойынша қазылар алқасы анықтады. Алматы облысынан келген Құрметжан Ербах бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Жетісу облысынан келген Дина Ақниетке, ІІ орын Павлодар облысының өнерпазы Тілеужан Баянбек пен Жамбыл облысының жыршысы Бекарыс Көштаевке бұйырды. Қызылордалық Айдос Тұрар мен Астана қаласынан қатысқан Салтанат Ерсұлтан, Көкшетау облысынан келген Нұрдыхан Арыстан жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Сонымен қатар Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлде Ақмола облысынан Әлихан Дүйсенбайға, Мұсабек Байзақов атындағы арнайы жүлде Түркістан облысынан Қозарбай Маралға, Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде Қостанай облысынан Байдос Қожасағиевке тапсырылды.

Елімізде, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ұлттық өнерді, қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғырту, дәріптеу жұмыстары қарқын алды. Бүгінгі таңда, мектеп оқушыларына арналған «Домбыра» оқулығы жарық көріп, орта білім жүйесіне қосымша пән ретінде енгізу мәселесі де басты назарға алынды. Бұл бастама күй өнеріне қоса текті сөздің төресі ретінде салт-санамызбен бірге жасасып келе жатқан жыр-толғау, терме дәстүрін де жандандырып, тәрбиенің бөлінбес бір бөлшегіне айналады деген үмітке жетелейді. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақ өз заманының мұңын жырлаған Шернияз, Майлықожа, Тұрмағамбет, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен сияқты т.б. ақындарымыздың термелерімен сусындап, адамгершілік қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды, мәдениет пен әдепті үйренеді.  Сондықтан, өнер бұлағының көзін одан әрі жандандыра түсу және насихаттау маңызды.

Салт-дәстүр мен ұлттық ойындар насихатталды

Қазақ халқының салт-дәстүрінде ұлттық ойындардың алар орны ерекше. Ертеден келе жатқан ұлттық ойындарымыз кейінгі жылдары қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен насихатталып жүр. Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, сонымен қатар рухани байлық пен денсаулық үшін де пайдасы орасан зор екені анық. Ұлттық ойынның бала тәрбиесіне, денсаулығы мен ойлау жүйесіне әсері мол. Сондықтан, жаман қылық пен ерсі әрекеттерден алшақтатып, ұлтжанды ұрпақ өсіру, ұл-қыздардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, ұрпақ санасын арттыруға үлкен серпіліс беру өте маңызды істердің бірі.

 Дәл осындай бағытта, Келес ауданы әкімдігінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “Ауылдағы бір күнім” атты іс шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты жас ұрпақты ауылдың тыныс тіршілігімен, негізгі кәсібі мал шаруашылығымен, атқа міну мәдениетімен таныстыру, қазақ халқының ауыл шарушалығына байланысты ұмыт қалған көне сөздерді жастардың жадында жаңғырту, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау. Аталған шараны Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Осындай ұлттық салт-дәстүрлерімізді қала берсе ұлттық ойындарымызды насихаттайтын іс-шаралар ауданымызда көптеп ұйымдастырылса, ұмыт болып бара жатқан дәстүрлеріміз қайта жанғырары сөзсіз— деді аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев.

Жалпы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі, дәстүрлі шаруашылық өмірінен бастау алады. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген. Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Яғни, ата-бабаларымыздан бізге жеткен, өткені мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлық, асыл қазына деуге болады. Яғни, ұлттық ойындар адамның шығармашылық қабілетін оятып, ойдың қалыпты дамуына жол ашады. Әсіресе жастардың санасына ұлттық құндылықтардың тәрбиесін сіңіре отырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып нақыштарымен тәрбиелеу өте орынды. Келес ауданында ұйымдастырылған шара барысында ауданға қарасты ауыл және ауылдық округтерден жиналған 100ге жуық жастар өзара команда болып бөлініп қазақтың ұлттық ойындарынан белдесіп кіл мықтылардың арасынан шын мықтыны анықтады. Атап айтар болсақ, арқан тарту, садақ ату, қой көтеру, ләңгі тебу,сиыр сауу түрлерінен болған сайыс қызық әрі тартысты өтті.

Жалпы, ұлттық ойындар педагогиканың дәстүрлі құралы болып саналады. Ол, бала өмірінің табиғи серігі, көңіл-күйінің бұлағы. Онда адам өмірінің бейнесі, тұрмысы, салт-дәстүрі, еңбегі, халықтық намыс, батылдық туралы көзқарастары, жылдамдық, шеберлік қимылдарды меңгеру, сондай-ақ шығармашылық тұрғыда ойлау қабілеті, ептілік пен тапқырлыққа деген талпыныс айқындалып жетіле түседі. Осылайша жасөспірімдер санасына жастайынан туған елдің мәдениетіне, әдет-ғұрпына деген қызығушылық, сүйіспеншілік және қадірлеу секілді сезімдер қалыптасады. “Ауылдағы бір күнім” іс шарасында осындай бағыттар басты назарға алынып, жастарға тағылым болсын деген мақсатпен арнайы қой сойылып, оны жік жікке бөліп жіліктеу де үйретілді.

Іс-шара барысында жастардың қызығушылығын арттырған ұлттық спорттың бірі садақ ату болды. Негізі садақ ату өнері көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылықтардың бірі. Қазақтың тарихында жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер де өте көп болған. Оған батырлық эпостар, хисса-дастандарда кездесетін деректерде дәлел. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым деуге де болады. Оны ата-бабаларымыз ертеде аң аулауға, кейін соғыс ісінде қару ретінде пайдаланды. Сәйгүлік мінген жау-жүрек батырлар қорамсаққа қол салып, кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Ежелгі ата-баба қоныстарындағы таңбалы тастардағы суреттер осының айғағы.

Тіпті, өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ағаштан жасалған қарапайым садақты ұстаса, қазақтар оның жетілдірілген күрделі құрама түрін ойлап тапқан деген тарихи деректер де бар. Көшпенді өмір салтын осы уақытқа дейін ұмыт қалдырмай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп сақтап келген қазақ халқы, ердің бес қаруының бірі саналатын садақты да көптеп насихаттап келеді. Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың тәрбиелік мәнін кеңінен дәріптеу және жастардың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында ұйымдастырылған “Ауылдағы бір күнім” атты іс шарада да дәл осы садақ ату өнерінің қыр сыры дәріптелді.

Сондай-ақ бұл күні жастар арқан тартудан өзара мықтыларын анықтады. Арқан тартыс ойынының бір өзінде көптеген тәрбиелік мән бар. Оның пайдасы өте көп. Арқан тартыс ойыны адамдарды шымырлыққа, ептілікке үйретеді. Дененің қимыл-қозғалысын ширатуда ешбір спорт түрінен кем түспейді. Сонымен бірге балалардың зердесін дүние-танымын кеңейтетін бірден-бір ойын. Қазақтың ұлттық ойыны арқан тартыс арқылы қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, туған елге, жерге, өз отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыруға да болады.

Айта кетейік, бұл күні қатысушылар кешкі алау аясындағы еркін форматтағы жүздесуге қатысып, өзара әсерлерімен бөлісуге мүмкіндік алды.

ТАРИХИ МҰРАЛАР САҚТАЛҒАН МУЗЕЙ

Түркістан облысында қазақ халқының рухани құндылықтары мен тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын барынша бейнелеп, мәдениетінен сыр шертетін музейлер жетерлік. Солардың бірі Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда орналасқан Сұлтанбек Қожанов атындағы музейі. Бұл нысан 1994 жылы 12 сәуірде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығы мерейтойы құрметіне тарихи-танымдылық мақсатта ашылған. Музейді аптаның бес күнінде барып тамашалауға болады.

2021 жылы жаңа ғимаратқа қоныс аударған музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Орта ғасырдан жеткен жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттары, балбал тастар, жергілікті күйші, ақын-жазушылардың, спортшылар құнды дүниелері, Төлеген Момбековтың, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, ел тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар орналасқан. Қазіргі таңда музей қорында 3000-ға жуық жәдігер сақталған. Музей тек аудан тұрғындары келетін орын емес, басқа да туристер тамашалайтын орын. Сондықтан музейдің барлық бөлімдері эстетикалық және ғылыми талаптарға сай болу бағытында жасалған. Музей экспозициясы арқылы туристер өңір тарихымен, мәдениетімен танысуда.

Музей залдарын әрлеуші суретші-дизайнерлер экспозициялық кеңістікте неғұрлым айқын формадағы архитектуралық-көркемдік үйлесім таба білген. Жоғарғы ауқымдағы идеямен архитектуралық-көркемдік деңгейге ие, қазіргі кезеңдегі техналогияның мүмкіндіктерін экспозициялық кеңістікте кеңінен пайдаланып, кешендік шешім жасалған. Экспозициялық кеңістікте ауданның табиғат диорамасы көрнекті орналасқан. Кіріспе бөлімде Созақ ауданының табиғи картасы ұсынылған: климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі кең көлемде ұсынылып, келушілерге муляждар, суреттер түрінде мол мағлұмат береді.

Киелі орындары, кесенелер түсініктеме баннерлер, макет, фотолар арқылы кенінен сыр шертеді. Жарығы мол, кең залдың көрікті көрінісі келушіні бейжай қалдырмайды. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың ғұмыр жолына арналған бас экспозицияда қайраткердің ғұмыр тарихы, көріністері айшықты ұсынылған.

Айта кетейік, Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов — 1894 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. 1910 жылы Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, 1913 жылы 3 сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Ал, 1927 Мәскеуде Марксизм-ленинизм курсын  бітірген. Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес»  атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарған қайраткер.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері өлкеде кеңестік билік тұсында болған  ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны Кеңес үкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылы қараша  айынан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Сұлтанбекті тағы бір қырынан танытатын «Есеп тану құралы» атты оқулығы. Ол көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болатын. Кітап өте түсінікті, қызықты жазылған. Арифметиканың негізгі тәсілдерінен басқа да қыр-сырларын аша түседі. Қайраткердің алғыр қабілеті, терең білімі, қайсар мінезі туралы да елде көп аңыз-әңгімелер тараған. Сұлтанбек Қожанов 1921 жылы Бүкілодақтық 12-ші съезде Қазақстанның жағдайын ашып айтып, көкейінен кетпейтін ұлт мәселесіне де жеке тоқталады. Патшалық құрылыс тұсында теңдік көрмеген халықтарға білім беру мәселесін көтереді. Ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамыту жолдарына тоқталды.

Жалпы жұртқа арналған ұлт мектептерін, кәсіптік оқу орындарын көбірек ашу керегін анық көрсетеді. «Еуропа мектептерін үлгі ретінде алғанмен, олардағы оқу процессін ана тілінде өткізу керек»,-деп өз ұсынысын жеткізеді. Жергілікті ұлт өкілдерінен маман кадрлар дайындау, курстар, институттар ашу мәселесіне де тоқталады. Институттарға түсу үшін жастарға дайындық көрсететін курстар, бөлімдер ашып, көмектесу қажеттігін баса айтады.
Сондай-ақ, ол Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты.

«Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды. Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі жеке кітап болып шыққан.

Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған. Сондай-ақ, бүгінде Созақ ауданында Сұлтанбек Қожанов атындағы музей де өз жұмысын атқарып келеді. Бұл музейде оның қайраткердің суреттері және құжаттарының көшірмелері қойылған. Шығармашылығына сөре арналған. Хаттары ілінген. «Шүлен көже таратуы» да тарихи маңызды екені ақиқат. Бұл да экспозициядан көрнекті орын алған.

Екінші қабатта қазақтың тарихи кезеңдері де лайықты шешімін тауып, келушіге мол мағлұмат беретін экспонаттармен жасақталған. Мемлекетіміздің қилы кезеңдері, өлкеміздің өсу, өркендеу жолы деректері де мол қамтылған. Осы қабатта өзге экспонаттармен әдемі үйлескен киіз үй көз тартар көрнекті орында орналасып, қазақ тұрмысынан мол мағлұмат береді.

Археология бөлімінде Созақ жерінен табылған балбалтастар, таңбалы тастар да өлке тарихынан сыр шертеді. Созақ елі ҰОС 1941-1945 жылдарында, өлке әдебиеті мен өнер саңлақтары, айтулы тұлғалар жайлы арнайы стенділер, тағы басқа бағалы дүниелер арнайы сөрелерде келушілер назарына ұсынылуда.

КЕЛЕСТЕ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕГЕН АЙТЫС ӨТТІ

Келес ауданында айтыскер ақын Жарқынбек Наушабековты еске алуға арналған «Жыр жүйрігі – Жарқынбек» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасының ашылу салтанатында Келес аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

 

– Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған. Жарқынбек Абазбекұлы жалпы айтыс өнерінде көптеген жетістікке жетіп, жиырмаға жуық бас жүлдені жеңіп алған. Бүгін біртуар азаматты еске алып, республикалық аламан айтыс өткізіп отырмыз. Ауданымызға арнайы келген жыр жампоздарына қош келдіңіздер демекпін. Барша тұрғындар атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені сіздер Алла берген таланттарыңыздың арқасында, ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, еліміздегі айтыс өнерінің дамуына, халықтың мәдениетін арттыруға, өскелең ұрпақты ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрге тәрбиелеуге зор үлес қосып келесіздер, – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев

 

Жалпы айтыс алуан қырлы өнер. Қоғамдық ойды қозғаушы күш деуге болады. Қазақ халқы үшін айтыс өнерінің орны бөлек. Кешегі қиын қыстау кезеңдерде де ұмыт болмай, талай ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқан мәдени мұра, ата-бабадан аманат болған ұлттық өнердің мәңгілік екенін және оның алтын арқауы үзілмейтінін тарих пен уақыттың өзі де дәлелдеп берді. Бүгінде айтыс өнерінің дамып, халықтың рухани байлығы ретінде жалғасып келе жатқаны халықты қуанышқа бөлейді. Сол арқылы өзекті мәселелер, елдің бірлігі мен ынтымағы, көкейде жүрген әрбір азаматтың айтары, мәдениет пен тарих, жалпы қоғамдағы шындық, бәрі де ақындардың жүрегінен елдің жадына жеткізіледі.

Келес ауданында ұйымдастырылған аламан айтыста да елімізге белгілі айтыскер ақындармен қатар, өңірдің жас ақындары да сынға түсті. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында қазіргі қоғамдағы жайттар, құрдастар әзілі, жеңге мен қайын іні, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.

Қазылар алқасы шешімімен жыр додасында Мұхтар Ниязов (Қызылорда) бас жүлде иегері атанды. Ал І орынды Анар Жаппарқұлова (Шымкент), ІІ орынды Айбек Қалиев (Арқалық), ІІІ орынды Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды) пен Шұғайып Сезімхан (Алматы) иемденді. Сонымен қатар облыстық мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесі Дәурен Ақсақаловқа (Түркістан), Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Бекарыс Шойбековке (Түркістан), Көпбай Омаров атындағы арнайы жүлдесі Қажымұхан Абзал (Түркістан), Қалдыбек Әліқұлов атындағы арнайы жүлдесі Нұрлыбек Мейірманов (Түркістан), Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдесі Жақыпбек Нұрмаханға (Түркістан) бұйырды. Айтыскер ақындарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

СЫР САҚТАҒАН СЫРҒАЛАР

Сырғалар жасалған материалы мен жасалу тәсіліне қарай алтын, күміс сырға, қарала сырға, лажылы сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, айшықты сырға, ақық сырға, иықты сырға, иінді сырға, лағыл сырға, гауһар сырға, тұмарлы, салпылдақ, омыраулы, қозалы, жапырақты сырғалар, шілтерлі сырға, шұбыртпа сырға болып көптеген түрге бөлінеді. Бүгінде осындай сырғалардың бірнеше үлгісін Түркістан облысындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қорынан кездестіруге болады. Музейдің ғылыми қызметкері А.Үркінбаева қазақ халқының салт-дәстүрінде әшекейлердің өзіндік мәні мен маңызы бар екенін айтады.

«Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «бұл үйдің бойжетіп келе жатқан немесе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен», — деген ой түйген. Салт-дәстүр бойынша қазақ халқында атастырылған қыздың құлағына сырға тағу рәсімі бар. Сондай-ақ, қазақтар үзбелі салпыншақтар сылдырымен жын-шайтанды үркітіп отырады деп түсінген. Мұндай ұғым басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, якуттарда сырғаны бесікті қорғау үшін ілетін болған. Ал қорым мен көктаста сырғаның бейнеленуі қайтыс болған адамның әйел екендігін білдіреді. Құлаққа сырға тағып жатқан кезде: «Құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, бетің ажарлы болсын» деген тілек айтылады. Қалыңдық санатына қосылған қыздардың сырғасындағы күн, жұлдыз, ай, дән, жапырақ, бидай түрінде ілінген салпыншақтар астарында ұрпақтың өсіп-өнуіне деген ізгі тілек жатыр. Мұнымен қатар сырға құлақ арқылы жаман күштің бойға енуіне жол бермейді деген наным қалыптасқан. Ертеректе қыз баланы қырқынан шығара салып, құлағының сырғалығын тары дәнімен уқалап, етін өлтіріп, отқа қарылған инемен тесіп, оған жібек жіп өткізіп, тұйықтап байлап қоятын. Құлақтың тесігі бітеліп қалмау үшін кейінірек кішігірім күміс сырға тағатын. Ол «жас нәрестеге тіл-көз тимесін» деген ізгі тілектен туындаса керек. Бұрын ер баласы тұрмай жүрген немесе баланы өте кеш көрген ата-аналар ырым етіп қартайғанда көрген осы ұлымыз тұрсын, тіл-көзден, әр түрлі жаман күштерден аман болсын деген мақсатпен оны ұл емес қыз, деп құлағына сырға тағып қоятын болған. Баланың буыны бекіп ер жете бастағанда ғана оны құлағынан шешіп алған. Ел арасында мұндай ғұрып ХХ ғасырдың басына дейін сақталып, тіпті сирек те болса ХХ ғасырдың 40-50 жылдарына дейін де кездесіп қалып отырған», -дейді «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері.

 

Деректерге сүйенсек, ең алғаш сырғалар Шығыс Европада шамамен 3000 жыл бұрын пайда болған екен. Алғашында сырғаны тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да соның ішінде жауынгерлер мен батырлар бір сырға ғана тағатын болған. Сырға неолит заманында сүйектен, мүйізден жасалса, қола дәуірінде металға көшкен. Ал б.з.б. ІІ ғ -.б.з ІІ ғасырынан бастап алтын мен күміске асыл тас орнатылып, сырғаның өте сәнді түрлері шыға бастапты.

Ал, жалпы қазақ халқының  ұлттық әшекейлері күмістен, алтыннан, қоладан және мыстан жасалған.  Қыздар мен әйелдер үшін бұл негізгі материалдар болды. Тастардың ішінде інжу, кәріптас, маржан, аметист, рубиндерге артықшылық берді. Негізгі сенімдер бойынша олар қиыншылықтар мен зұлымдықтардан қорғаған. Сондай-ақ, қазақ халқының танымал әшекейлері – алқалар мен салпыншақтар. Олар әлеуметтік-мәдени және діни маңызға баса назар аудару үшін ерекше формада жасалады. Мысалы мұндай зергерлік бұйымдарын үйленбеген қыздар, қалыңдықтар, жас әйелдер мен бала емізетін аналар кие алады. Бұл массивті әшекей және жақсы мүсінді қажет етеді. Наным бойынша, бұл әшекей зұлым көзден, зұлым рухтардан және аурулардан құтқарады.

Зергерлік бұйымдардың тағы бір нұсқасы ол — тұмарша (бойтұмар) және алқа. Бұл екі жағында тізбектерде орналасқан салмақты үшбұрышты салпыншақ. Төменгі жағында оны монеталар немесе қоңыраулар толықтыра алады. Олар жағымды әуен шығарады. Салпыншақтың беті күміс немесе алтын жалатылған. Көбінесе тұмарша былғарыдан немесе тығыз матадан жасалған. Қуыс үшбұрыштың ішіне құран парақтарын салуға болады. Бұл әшекейді Шығыс Түркістан қыздарының костюмдерінен жиі көруге болады.

Алқаның тағы бір түрі — омырауша. Ол доға түрінде жасалынады. Көнеден халқымызда әйелдің табиғи энергиясын арттыру үшін зергерлік бұйымдарды кигізген. Көбінесе мұндай бұйымдарды ақықпен жасаған, өйткені ол сәттілік сыйлап, денсаулығын қорғап, күш-қуатын арттырады деген сенім болған.

Сондай-ақ, түркі тілдес халықтардың әйелдері мен қыз-келіншектерінде болуы міндетті әшекей сырға екені белгілі. Олар да тұмар қызметін атқарған деген деректер бар. Олар әрбір ханымды зұлым рухтардан қорғайды деп сенген және сырғалардың көбісі арнайы өсімдік немесе жануарларға ұқсас ою-өрнекпен бейнеленген. Мұндай өнімдер сондай-ақ әйелдің мәртебесін, оның отбасылық жағдайын білдірген.

Қазақстанның мұндай ұлттық зергерлік бұйымдары пішіні мен дизайны бойынша бөлінеді. Олар: ай және айшықты, ай және ай тәрізді сырғалар; тұмарша үшбұрышты әшекейлер; салпыншақты сырғалар; астары бас әшекейлер, қаралы — қараға боялған; иықты- иыққа тиетін сырғалар; сояу-үшкір бұйымдар және күмбезді әшекейлер болып табылады. Қазіргі уақыттың өзінде еліміздегі үйлену тойларында сырға салу және сырға тағу рәсімдері бар. Яғни, қалыңдыққа көбіне алтын сырға тағады.

Ал, салт-дәстүрімізде күміс бас киімдерді жауынгер ер адамдар киген. Олардың дулығасы оюлармен безендірілген және нақышталған. Тиісінше әйелдері де бастарында күміс немесе алтын ою-өрнектері бар талғампаз зергерлік бұйымдарды киген.

Қазақ қыздары әрқашан ұзын және қалың шаштарымен ерекшеленген және танымал болған. Мысалы: сақиналармен жалғанған ұштарында салпыншақтары бар таспалар,яғни шашбау болған. Ол, нақыштармен, қоңыраулармен немесе монеталармен қосымша безендіріліп отырған. Сондай-ақ, шолпы — ол інжу, агат және маржан, алтын мен күміспен безендірілген қыздарға арналған арнайы бас киім. Қазақ қыздары оны  кәмелетке толғанға дейін киген. Ал үкі аяқ дегеніміз, бөлшектерді тырнақ түрінде қолданатын бас киімге арналған салпыншақ. Қыздардың басына арналған мұндай зергерлік бұйымдар әшекейлер мен тұмарлардың рөлін атқарған. Мысалы, шолпы қыздарды тәрбиелеу үшін қажет болса,  әшекейлер әуезді дыбыс шығарып, қыз баласының мүсінін көркейте түскен. Сонымен қатар елімізде ұлттық әшекейді әйелдер де, ерлер де тағатын сақина болды. Бүгінде жүзіктердің бірнеше түрі бар. Мысалы құдағи жүзік — бірден екі саусаққа тағылатын жүзік, қызды жақсы қабылдағаны үшін алғыс ретінде қалыңдықтың отбасынан қайын енесіне беріледі. Құстұмсық — қалыңдық үйлену тойына дейін киіп, туған ауылына күйеу жігіттің отбасында оны жақсы қабылдағанының белгісі ретінде беретін сақина. Тағы бірі жүзік — оны сиқыр мен дуадан қорғайтын тұмар деп білген. Жүзіктердің бөлшектерін құю және нақыштау арқылы жасаған. Қазақ дәстүрінде бұл зергерлік бұйым әрқашан салмақты болған, тастармен және ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген.

Қазақ әйелдердің танымал әшекейлерінің бірі ол — білезіктер. Әйелдер оларды жас кезінен бастап киіеді, ал қартайған кезге әшекейлер көбейіп, олар үй иесінің білегін толығымен жауып тастайды. Кейбір дереккөздерде қыздың алғашқы білезігін күйеу жігіттен сыйлық ретінде алатыны айтылған. Бұл уәделесу сақинасының баламасы секілді болған. Атап өтетін болсақ бес білезік — қалыңдықтың киіміне кіреді, шынжыр баумен байланған сақиналар мен білезіктерден тұрады. Ал, тасты білезік — ұқыпты жақтаудағы асыл тастардан тұрған. Жұқа селдір білезіктің құрылымы да үлдір болып келген.

Қазақтың дәстүрлі әйелдер әшекейлері заманауи бейненің бір бөлігі бола алады. Зергерлік бұйымдар тек әдемі және қымбат бұйымдар емес. Бұл халықтың этникалық ерекшелігін сақтау тәсілі. Қазақтар мәдениетінің қалай дамығанын, ата-бабаларымыздың қандай дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары болғанын, олардың ғасырлар бойғы тәжірибесінен не үйрене алатынымызды дәл зергерлік бұйымдар көрсете алады. Күнделікті көрініске шолпы, білезік немесе шашбау қосуға болады. Тәжірибе жасап, сақиналар, сырғалар және басқа да бұйымдарды қосудан қорықпаңыз. Ұлттық әшекейлер де заманауи қыздардың әшекейлер жиынтығында болуға лайық. Қазақ әшекейлерінің, соның ішінде сырғаның ғұрыптық мән-мағынасына тоқталсақ алғашқыда ол құлаққа дүлей күштерден сақтау мақсатында тағылатын болған. Сырғаның тұтас тұрпаты да, жекелеген бөлшектері, материалы мен ою-өрнегі де белгілі бір мән-мағынаны білдірген. Мысалы, көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын-ала сақтайтын киелілік және емдік қасиеті бар. Қазақтар мен түркімендердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тұрмысын зерттеген неміс этнографы Карутц Рихард айтқандай: «Ұзақ уақыт бала көтере алмай, кеш босанған әйелдер баласының құлағын әдеттегіден ертерек, үш жасында тескен, бұл баланың өмірін ұзартуға ықпал етеді деп сенген». Қыз бала үшін міндетті саналатын құлақ тесу дәстүрі сүндетке отырғызумен бірдей саналған. Сондықтан да, ел аузында құлақ тесу — қыздың сүндеті деп айтылады. Ұзақ күттірген ұл дүниеге келгенде, оның да құлағын тесіп, сырға салатын болған. Бұл бір жағынан тіл-көзден қорғау үшін жасалса, екінші жағынан жын-шайтанды шатастыру мақсатын көздеген. Мұндай ғұрып тувалықтарда болған, ал өзбектер мұндай жағдайда көп балалы жеті әйелдің әшекей сынықтарынан балқытып сырға жасаған. Қазақтарда ұл бала мұндай сырғасын бес жасқа дейін тақса, ал өзбектер үйленгенге дейін сырғасын алмаған.»,- дейді музейдің ғылыми қызметкері А.Үркінбаева

«БАТЫР БАБАЛАРДЫҢ ОТАН ҚОРҒАУДАҒЫ ЕРЛІКТЕРІ: ТАРИХ ЖӘНЕ ТАҒЫЛЫМ» ТАҚЫРЫБЫНДА КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Еліміздің рухани-мәдени астанасы Түркістан қаласында батыр бабаларымыздың отан қорғаудағы ерліктері, сонымен қатар тарихи тағылымдары насихатталды. Яғни, облыс орталығындағы «Фараб» кітапханасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы және «Сіргелі Тілеуке батыр (Қарабыр)» қоғамдық қайырымдылық қоры бірлесе Сіргелі Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлының 330 жылдығына орай «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды.

Конференция – тарихи-мәдени мұраны сақтау және жас ұрпақтың бойында бабаларға құрмет тағылымын қалыптастыруды, тарихи тұлғалармен байланысты Қазақстанның киелі орындарын насихаттауды, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, өскелең ұрпақты патриотизмге баулуды мақсат тұтады. Конференцияға қатысушылар «Фараб» кітапханасының фоесінде музей-қорықтың ұйымдастыруымен «Бабалар ерлігі елге мұра», «… Өңкей батыр жиналып, Абылай салды жарлықты» тақырыптарындағы кітап көрмесін тамашалады.

Бағдарлама бойынша конференцияға алыс-жақыннан келген зиялы қауым өкілдері «Сіргелі қара Тілеуке» деректі фильмін тамашалады. Конференцияны тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Тұрсұн жүргізіп отырды. Конференцияны мемлекет және қоғам қайраткері һәм еңбек ардагері О.Рахманбердиев құттықтау сөзімен ашып, қазақ халқының қалыптасуы жолында ерен еңбек еткен Тілеуке батырдың ерлігіне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мауленқұловта сахна төріне шығып, батыр бабамыздың қазақ жерін қорғаудағы ерліктерін тізбектеп, алдағы уақытта тұлғатану мәселесін терең зерттеу қажеттігін атап өтті. Тағы басқа бір қатар тұлғалар құттықтау сөз сөйлеген соң конференция модераторы т.ғ.д., профессор Х.Тұрсұн сөз кезегін баяндамашыларға берді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қожа «Жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста Сіргеліден шыққан батырлар (тарихи деректер мен зерттеулерде)», Қазақстан Шежірешілер одағының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы, профессор М.Әбдіәкімұлы «Тілеуке-Қарабатыр тарихтағы ерлік жолдары» атты баяндамасын жасап, қазақ тарихындағы батыр бабалардың ерліктерін атап өтті.

Айта кетейік, биыл елімізде Тілеуке батырдың 330 жылдық мерейтойы. Тілеуке Төбетұлы – 1694-1754 жылдар аралығында өмір сүрген батыр, қолбасшы, мемлекет қайраткері және тарихи тұлға. Тарихи деректерде және қазақ халқының ауызша тарих айту дәстүрімен жеткен шығармаларда батырдың жорық жолдары туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Тілеуке батыр тарихи деректерде Тілеуке, Тілеулі және Қарабатыр деп айтылып келген. Тарихи тұлға алып денелі, қараторы, келбеті сұсты және қаһарлы көрінуіне байланысты «Қарабатыр» атанып кеткен.

Тілеуке жас кезінде елдің ортасында батырға тән бітімімен және болмысымен танылған. Бұрынғы қариялардан жеткен әңгімеге назар аударсақ, яғни 1894 жылы туған, 90 жастағы Қыпшақалы Әлімбайұлы деген қария шежіре мен қисса-дастандарды жатқа айтатын болған екен. Оның айтуынша, Тілеуке Шаян өзенінің жоғары жағында Арыстанды өңірінде дүниеге келген. Қарияның айтуынша Тілеуке жас күнінде жолбарыспен алысып, оны өлтірген екен. Ол уақытта батырдың өмір сүрген кезеңі жаугершілік заман еді.

Қазақ-қалмақ заманы салған салмақты көтере алатын халықтың ұлдары тарих сахнасынан осы тұста айрықша көріне бастаған. Бұқар жырында аталып, өсиет болып, кейінгі ұрпаққа өлмес аты қалған атақты адамдарды жырау: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деп басқа аттас адамдармен шатастырмасын дегендей тасқа қашап салған таңбадай ғып бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Осы айтулы соғыстарға қарт жыраудың өзі де қатысып, Абылай ханның қасында болған. Бұл жөнінде ел аузында деректер де көптеп сақталған.

Атақты Бұқар жырау қазақ-қалмақ шайқасына байланысты тағы бір жиырма сегізінші толғауында: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, Құдаменді Дәулет қасында, Бақ дәулеті басында, Сеңгірбай мен Шойбек бар, Таңсық қожа, Мәмбет бар, Қасқарау Малдыбай, Қатардан жақсы қалдырмай, Айнақұл, Бәти ішінде, өңкей батыр жиылып, Абылай салды жарлықты» – деп жырланған.

Сонымен қатар, «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында филология ғылымдарының кандидаты Л.Н.Гумелев атындағы ЕҰУ профессоры И.Нұрахмет «Ауызша поэзиядағы батырлар туралы кейбір деректер», тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі Н.Атығаев «Абақ Керей Қожаберген батыр Жәнібекұлы», тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Х.Тұрсұн «Көлегеннің батыр ұлы Ер Бәйменбет» атты тарихи еңбектерінен сыр шертті. Тарихи-мәдени мұраны сақтау және жас ұрпақтың бойында бабаларға құрмет тағылымын қалыптастыруды мақсат еткен конференцияда қазақ халқының тарихи кезеңдері бойынша мәліметтер де айтылды.

Кейбір мәліметтерде ХVIII ғасырда Жоңғар мемлекеті 1722 жылы Цинь императоры Канси қайтыс болғаннан кейін тіпті күшейе түскен екен. Өйткені, жоңғарға қауіп сейіліп, олардың билеушілерінің назары Орта Азияға ауған. Тіпті, Қытай елі жағына бодандық туралы келіссөздерде тыйылып, олардың әскери қуаты артып, Жетісу жеріндегі қазақ пен қырғыз халқын ығыстыра бастағаны туралы айтылады.

«Қазақ жеріне бағытталған алдағы әскери қимылдарға тыңғылықты дайындалған жоңғар қонтайшысы Цеван-Рабтан қалың әскердің басшылғында жақсы қаруланғандырып қазақтарға шабуыл жасады. Қазақтар жерін басып алу 1723 жылдың көктемінде басталды. Қазақтар қапы қалды, қорғаныс шаралары туралы сөз болған жоқ. Қаншама адам қалымақтың қолынан қаза тапты, бірқатары Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өзендерін кешіп жүріп суға кетіп өлді. Дүрбелеңге түскен қазақтар Сырдария өзеніне қашты, тек оның ар жағына асып кеткен жағдайда өздерін қауіпсіз сезінетіндей ойлады. Ұлы жүз және Орта жүздің бір бөлігі Сырдария өзенінің төменгі ойысынан Шыршық өзенінің жоғары жағынан өтті. Ұлы және Орта жүз қазақтары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламасын» еске алатын тарихта оқиға орын алды. Кіші жүз Сауран қаласын («Сауран айылған») айналып, бекеттен өтті. Шиелі тұсынан Хиуаға кетті», – деп жазды М.Тынышбаев.

Міне осындай тарихи деректер айтылған басқосуда тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қ.Еңсенов «Тілеуке Төбетұлының жорық жолдары» және Өскемен қаласы №44 мектеп-лицейінің тарих пәні ұстазы, зерттеуші педагог Қ.Айтхожин «Батырлар институтының тарихын орта мектепте оқыту мәселесі» туралы, ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика магистры Б.Ахметбек «Ел тарихындағы Сыр бойы батырларының рөлі», сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Тастанбеков «Ойрантөбе – Тілеуке батырдың соңғы шайқас алаңы» тақырыптарында тұшымды баяндамалар жасалды.

 Тарихшылардың айтуынша, Тілеуке батырдың өжеттігі мен қайсарлығы қалмақ шапқыншылығы кезінде анық көзге түседі. 1723 жылы қалмақ билеушісі Цеван Рабтан бастаған қалың қол Қаратау күнгейіндегі Ұлы жүз қазақтарына лап қояды. Тілеуке Сіргелі және Ысты руларының қолын бастап, Бабата, Құмкент, Саудакент қалаларын қорғауға кіріседі. Бірақ күші басым жаудан қазақтар ығып, жеңіліске ұшырайды да, ата қоныстан ауа көшеді. Осы бір сүргінді қалмақтың қалың қолы Оңтүстікке басып кіріп, Қаратау асып жетті. Қалмақтар қарулы қолы қорғануға шамасы келмеген бейбіт елді шауып-жаншып, қырғындап, үй-мүлкін тонап, малын айдап әкетті. Тірі қалғандар ата мекені мен мал-мүлкін тастап қашуға мәжбүр болды. Осы кезде Бөген, Шаян бойындағы Сіргелілер, Қаңлы, Шанышқылының негізгі тұрағынан ауа көшіп, Өзбек жеріндегі Шыршық өзенінен ары асып кетеді.

Ертеректе өмір сүрген Сіргелі шежіресінің аса білгірі тоқсан жастағы Едігеұлы Ақылбек қарияның айтуынша, сол уақытта Тілеуке батыр Ташкент маңындағы жаудан ығысқан сіргелі, қоңырат, ысты, ошақты руларының басын қосып, қалмаққа қарсы қол жасақтапты. Тілеуке батырдың қару жасайтын ұсталық шеберлік өнері де болған. Мұнда оған қаңлының Сырлыбай, Қараманас, Шаншқылының Бердіқожа батырлары өз қолдарымен қосылады. Бұл уақытта қалмақтар Сайрам, Шыназ, Ташкент қалаларын басып алып, уақытша билік жүргізген. Кейіннен бұл өлкеден қалмақтарды қуып шығуға Тілеуке батыр көп еңбек сіңірген екен.

Осы тұста, батыр бабаларымыздың отан қорғаудағы ерліктері мен тарихи кезеңдердегі мәліметтерге тоқтала кетсек. Мысалы Түркістанды қорғау шайқасы.

         1723 жылы қалмақтардың қалың қолы қазақтың сол кездегі астанасы Түркістан қаласына тұтқиылдан шабуыл жасайды. Қабанбай батыр қорғану жөнінде қазақ сұлтандарына неше рет талап қойса да, олар ығыса береді. Он мың әскері, отыз мыңнан аса халқы бар Түркістан қаласынан ұран шақырғанда әрең бірнеше мың адам ғана жиналады. Ал, Қабанбай Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдындағы майданға келіп, қалың жұртқа сіргелі Елшібек батырды таныстырып, қорғаудың қамын жасап, әскерді орналастырады. Қаланы қорғауға Елшібек батыр жауапты болып, өзі Кіші жүзден қалың қол ұйымдастыруға аттанады.

Ақтабан шұбырынды жылдары Отан алдындағы өз жауапкершілік намасын түсінген халық еркін жасытпады. Табан тірескен және ұзаққа созылған шайқастар жүріп жатты. Ташкент қаласының қазақ жасағы бастаған тұрғындары үш айға жуық қаһармандықпен қорғанды. Ташкенттің ізінше Сайрам мен Түркістан да құлады. Бүкілхалықтық қарсыласуды ұйымдастырушылар Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Жәнібек, Малайсары, Елшібек және басқалар халықты туған жерін қорғауға көтерді. Жоңғар әскерлері қазақ халқының табанды қарсыласуымен санасуға мәжбүр болды. Жау таулы жерлерде, алыстағы далалық аудандарда, қалаларда тойтарыс алды. Жоңғарлар қаланы шабуыл арқылы бірден басып ала алмады. Қарсылық көрсету күшті болды. Бірақ, әртүрлі амалдармен және лек-лек болып келген әскердің күшімен соңында алды. Қазақтар амалсыз шегініс жасады.

Одан кейін Ордабасы құрылтайы қазақ тарихындағы өте маңызды кезеңдердің бірі болды. Қаратаудың күнгей биігіндегі оқшау биік Ордабасында үш жүздің баласы бір бәтуаға келіп, ата жауға аттануға анттасқан сәті – ең шешуші кезең болса, бас сардар Әбілқайыр болып сайланып, қазақтың барлық батырлары бірге тізе қосып жауға қарсы аттанғанда, тұлпарлар тұяғы мен сауыт киген адамдардан жер қайысқан күйде еді.

Қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде: «Үш жүздің әскери қосындары біздің ойымызша, Бадам өзені жақтағы «Ордабасы» тауына жақын жерде, яғни «Орда Басы» деп аталатын тарихи орында бас қосқан. Ол тарихи орын Алатау мен Қаратау тауларымен шектесетін Арыс пен Бадам алқабының еңіс ойпатында орналасқан, жекелеген биіктіктермен, аласа жоталармен төбешік далаға айналып жатқан бұл шағын тау бүкіл төңіректі алыстан бақылауға ыңғайлы орын. Өзеннің ойпатынан көтерілген биік төбе, Арыстанды, Шаян немесе басқа жерлерде Ордабасыға тән төбе бірден көзге түседі. Ордабасының арғы бетінде бір кездері суы мол, ең бай шалғындығы бар жерде Бадам өзені Ордабасыдан батысқа қарай ағады. Оңтүстікте көптеген шабындықтарда елеулі ордаларды жасыруға болады. Дәл осы жерде ортақ келісім жасалып, бір-біріне адалдық антымен серттесіп, бірауыздан Әбілқайыр ханды бас қолбасшы сайлап, халық әдет-ғұрпы бойынша ақбоз атты құрбандыққа шалған», – деп жазған.

XVIII ғасырдың 20-жылдардың ортасына қарай Қазақстанның оңтүстік шекарасында қалыптасқан аса шиеленісті және үрейлі жағдай күштірек және жақсы ұйымдасқан жаумен күресу үшін Үш жүздің күштерін тез арада біріктіруді талап етті. [9]. Ордабасы Құрылтайына Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, даңқты қолбасшылар мен батырлар шақырылған. Осы кезден бастап қалмақ-қазақ соғысындағы шабуыл бастамасы қалмақтардан қазақ жасақтарының қолына өтіп, олар Әбілқайырдың қолбасшылығымен оңтүстік майданның әр түрлі бағыттарында жаулап алған аймақтарынан қалмақ жасақтарын белсенді түрде ығыстыра бастады.

Ал, Бұланты-Білеуті шайқасының маңызы қазақ халқының тарихында ерекше. Қасиетті Ұлытау жеріндегі Бұланты-Білеуті өзендерінің аралығындағы кең жазықта қазақ халқының тағдыры шешілген шайқас болғандығы анық. Қазақ халқының тарихында 1723-1727 жылдар аралығын қамтыған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатын қайғылы оқиғадан кейін Үш жүздің ру-тайпалары бас қосып, алқалы кеңес өткізген жер Оңтүстік Қазақстандағы Ордабасы болды. Осы арадан бірлікпен аттанған қазақ жасақтары Әбілқайыр ханды бас қолбасшылыққа сайлаған. Қазақ жауынгерлері алғашқы жеңіске 1726 жылы Шұбартеңіз маңында қол жеткізді. Одан кейін мықты қаруланған жоңғар әскеріне қарсы Ұлытау мен Сарыарқаны қорғау мақсатында 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзендері аралығында «Қарасүйір», «Қалмаққырылған» деген жерде жан алып, жан беріскен шайқас өткен.

Қалмақтармен күрестің бұл кезеңі туралы М.П. Вяткин былай деп атап өткен: «Орасан көп адам мен малдан айырылу қазақтарды топтастыруға мәжбүр етті. Қазақтардың ойраттарға алғашқы соққыны сұлтандардың басшылығымен емес, қайта Кіші Жүзден Тайлақ, Орта жүзден – Бөгенбай және Ұлы жүзден Саңырық батырлардың бастауымен шыққанын атап өту назар аударарлық. Бұл қақтығыстың зор маңызы болды, ол барлық Үш жүз қазақтарының күштерін жаппай ұйымдастыруды бастап берді», – деп жазды.

Осы Бұланты-Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста ерекше көзге түскен және ең алғашқы жеңістің туын желбіреткен Кіші жүз жетіруынан Тайлақ батыр мен оның жинені Ұлы жүз ошақты Саңырық батырлар туралы деректі қазақ қарияларынан ең алғаш рет жазып алып, Әбубәкір Диваев «Көк-Кесене мовзлейі» атты мақаласында 1905 жылы жариялаған. Одан кейін қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» еңбегінде жазған. Осы аталған еңбектерге кейін тарихшы Ирина Ерофеева сілтеме жасаған.

Бұланты-Білеуті шайқасының маңызы қазақ халқының тарихында ерекше. 2019-2020 жылдары Бұланты-Білеуті шайқасына қатысты зерттеулер жүргізіп, экспедицияға жанашыр азаматтармен барғанбыз. Шайқастың болғандығы рас. Шайқас алаңында батырлардың қорымдары бар, ондағы Үш жүзден қатысқан батырлардың ру таңбалары қашалған. Тіпті, жебе ұшы мен мылтық оқтары да табылды. Бірақ, әлі көп зерттеуді қажет етеді.

Сондай-ақ, Аңырақай шайқасында жеке ерлігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткендер арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары, барлық үш жүздің өкілдері болды. 1729 жылы Аңырақай шайқасы өткен аймақ Аңырақай таулары, Ақсүйек сайы, Хантау шоқылары орналасқан жерден Алматы бағытында 200 шақырымға созылған кең далада өткен. Ол жерде «Үлкен Орда қонған», «Сұмқайтты» деген жерлер бар. Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендіретіндігі күмәнсіз. Сөйтіп, олар жеңіп шықты. Асқақ рух сезімімен қанат біткен олар өздерінің ерлігін, ержүректігін, тастүйін бірлігін және жоғары әскери машықтанғандығын танытты. Әбілқайыр ханның өзі мен оның серіктерінің ең жақсы қасиеттері осы шайқаста көрінді.

Қалмақ басқыншылығына қарсы қазақ халқы Отан соғысының жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады, сондай-ақ, оған М.Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған.

Осы аталған Аңырақай шайқасы туралы Ж.Қ. Қасымбаев: «Тек соңғы жылдардағы ізденістер негізінде осы бір қоныстың қазақтың атақты батыры Бөлекпен жекпе-жекте жер жастанған ойраттың Аңыра атты батырының есімімен байланыстылығы айқындалды. Бұған күмәнданатын негіз жоқ. Қаскелең, Боралдай, Шарын өзені және тағы басқа қоныстар ойрат есімдерімен аталғаны белгілі», – деп жазды.

Аңырақай шайқасына Үш жүздің батырлары қатысқан. Солардың ішінде көзге түскен үлкен қолбасшылардан Бұқар жыраудың жырында: Қаракерей, Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, Шапырашты Наурызбай және тағы басқа батырлардың есімдері аталған.

         1740 жылы тамыз айының соңында Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Орта жүздің атынан ант беру үшін Ор бекінісіндегі Патшалық Ресей империясының кездесуге арнайы жіберген адамдарымен жолығуға барады. Бұл мемлекет аралық үлкен оқиға болған. Дәл осы уақытта Қазақ хандығына Жоңғар хандығынан өте күшті қауіп төнген. 1739-1741 жылдар арасында үлкен шайқастар басталып кеткен. Ташкентте отырған Қалдан Церен үш түмен әскер шығарып, үш бағытта жорыққа аттандырған. Ертісті бойлап солтүстіктен – Септен ноян, Сырдарияның бойымен – Сары-Манжа ноян және Қаратау ішімен Арқаға тік жол тартып шыққан Лама-Доржы әскері болды. Осындай қиын жағдайда екі жақтан қыспаққа түсіп қалып, мемлекеттілікті жойып алмау үшін қазақ елінің басқарушы элитасы арыдан ойлап, байсалды және сарабдал саясат жүргізді.

Міне, осы жаугершілік заманда қазақ халқын басқарушы ел ағалары «Хан кеңесінде» алдағы жоспарды дұрыс құрған сияқты. Осы кезде елді сыртқы жаудан қорғайтын – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Бердіқожа және тағы басқа қолбасшылар Жоңғарияның жойқын жорықтарына қарсы күресте халықты қорғаумен жүрді. Ал, мәмілегерлік келісімде Шақшақ Жәнібек екі елдің басшыларын жолықтыруды реттеген. Бұл сапарда Әбілмәмбет ханның қорғаушы жасағын Нияз батыр бастап барса, Абылай сұлтанның қорғаушы жасағына Тілеуке батыр қолбасшылық жасап барған. Осы кездесуде Ресей империясы тарапынан генерал-лейтенант В.Урусов өз нөкерлерімен келген. Олармен жолыққан кезде бейбіт келісім, екі ел тұтқын адамдарды алмасу, керуендерді өткізу, көрші елмен татулық туралы келісім болып, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан ант берген. Осы барған қазақ делегациясын орыстар сән салтанатымен қарсы алып, олардың құрметіне бірнеше мәрте зеңбіректен оқ атқызған. Хан мен сұлтанға арнайы шатыр тігіп, мал сойдырып қонақ ретінде күткен.  Кездесудің соңында геренрал-лейтенант В. Урусов өз қолынан Нияз батырға күмістелген қылыш, Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Жәнібек батыр және Тілеуке батырларға бірдей темір сауыт сыйға берген. Бұл көрші мемлекет тарапынан үлкен сенім мен құрмет белгісі болған.

1739 жылы Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін, Ташкенттегі билік 1749 жылға дейін толығымен Төле бидің қолына көшеді. Қазақ халқының Жетісу мен Сыр бойын өзінен қуатты жаудан біржола азат етуге әлі де даяр емес екендігін түсінген Төле би қалмақтармен күш жинап алғанға дейін бейбіт қатынаста болуға тырысып, олардың талап еткен салығын өтеп отырады, сондай ақ, қалмақ билеушілеріне өз ұлы Жоланды аманатқа жібереді. Жолан қалмақ ханы қолында екі мәрте, он төрт жыл жылға жуық уақыт болған.

1744-1745 жылдары Қойгелді батыр, ру басшылары Тоқсанбай, Мәлік, Кетендердің басшылығымен наразы халық Қалдан Цереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Бұл жағдай қалмақ ханының Ұлы жүз қазақтарына жазалау мақсатында шабуыл жасау қаупін туғызды. Бірақ, ханның көп ұзамай 1745 жылы қайтыс болуы, оның артын ала қалмақ хандығында басталған бұлғақ кезең бұл жоспарды іске асырмай тастады. Міне, осы аталған Ташкент қаласы үшін тартыста Төле би, Тілеуке батыр, Бердіқожа батыр және тағы басқа батырлар бірлесіп күрескен.

Ташкент жерінде Төле би билік жүргізген кезеңде Тілеуке батыр елді ұйымдастырып қорған тұрғызғандығы туралы дерек бұрынғы қариялардан жеткен. Ол қорған атауы кезінде «Сіргелі қорғаны» аталған екен. Тарихи орынның атауы осы күнге дейін жалғасып, Ташкент қаласында Сіргелі аталатын аумақ бар.

Ал, 1750 жылдардың басында атақты Шаған шайқасы Шыңғыстауда болған. Абылай ханмен атақты Қабанбай, Бөгенбай батырлар қол бастап келіп, Қоңыр Әулие үңгірінің қапталында қорған жасап бекінген қалмақ әскерімен шайқасқа түскен. Қалмақтар қазақтарға алғызбай, бір апта бойы қазақ жағынан шығын көп болған екен. Сол кезде Абылай сұлтан ашуланып, осы жерде кім Шағандағы қалмақтардың қамалын алса, соны Бас қолбасшылыққа сайлаймын депті. Міне, осы Шаған шайқасында ақбоз атпен шауып, ерекше ерлік көрсетіп, қамалды алған Қаракерей Қабанбай батыр ерекше көзге түскен және «Дарабоз» атанған. Оның қасында Еспенбет батыр да ерекше ерлік танытқан. Тарихи шайқасқа байланысты Құрбанғали Халид пен Мәшһүр Жүсіп еңбектерінде:

Қабанбай хандай болып ардақталды,

Абылай риза болып, басындағы тәжін тақты,

Еспенбетке риза болып, оқал шапан жапты, – дейді. Бұл шайқаста қазақтың мерейі үстем болып, біраз шығын әскер жағынан болғанменен қалмақтарды осы жерден қуып шығып, қазақ даласын біртіндеп азат етіп, ары қарай Шығыстағы Шорға шайқасына қарай ойысқан. Осы шайқаста қалмақ жағынан қол бастап келген Арқауыл батыр Қабанбаймен жекпе-жекте қаза тапқан. Ал, Доржы ноян қашып шығып, Аягөзге жеткенде қалған әскерімен шайқаста өлтірілген. Шаған шайқасы аздап тарихта айтылады.   Бірақ, бұл шайқас қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінің бірі екендігі анық. Осы тарихи орынды 2021 жылы экспедиция кезінде екі рет арнайы зерттеген едік. Шайқас өткен Қоңыр Әулие үңгірінің оң және сол жақ қапталында жатқан қорымдарда бес жүзден артық сарбаздардың бейіттері бар. Онда шапыраштының ай таңбасы, ошақтының тұмар, шаншқылының жебе таңбасы, төренің аша таңбасы, арғынның екі көз таңбасы, керейдің ашамай таңбасы, Кіші жүз таманың таңбасы, телеудің таңбасы және тағы басқалары байқалады.

Тарихта Оңтүстік өңірді азат ету шайқастары кезінде де қазақ батырлары ерліктерімен ерекшелене білген. 1745 жылы Қалдан Церен қайтыс болғаннан кейін таққа он үш жасар оның ортаншы ұлы Цеван Доржы отырды. Оның билік еткен тұсында қысқа мерзім Жоңғарияның ішкі істерінде жөнсіздіктерге жол беріліп, жазықсыз өлім жазасына кесу, қатал тәртіп орын алған және экономикалық құлдырауды көздеген саяси бөлшектену басталды. Қалмақтарды қазақ жерінің Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам аймағынан қуып шығу кезінде қазақ әскерлері қаһармандық жанқиярлық ерліктер көрсетті. Қаратаудағы Теректі алқабында, Боралдайдың саласы бойында, Садыр қамалған бұлақ деген жерлерде қалмақтардың қалың қолын Үлкентұз тауына қуып тығып талқандады. Сөйтіп Қаратау қазақтардың жеңілістерінің ғана емес, сонымен бірге өз жерін азат етудегі жарқын табыстарының да куәсі болды.  Осы уақытта Абылай Үш жүздің басын біріктіріп, қалмақтардың қол астында қалған қазақ жерлерін азат ету мақсатымен Орта жүз жерінде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек, Көкжарлы Барақ және тағы басқа батырларды топтастырып қол жинады. Алдымен ұзақ жылдар бойы Жоңғар хандығына бодан болып келген Ұлы жүз жерлерін Жетісу, Сыр бойындағы қалалар, Талас, Шу өңірін азат етуді көздейді.

Жоңғария билеушісі Цеван-Доржы таққа отырысымен қазаққа қарсы қалың қолды бастап, жорыққа өзі шығады. Адам айтқысыз екі жақтан да қызыл қан судай ағады, ұзаққа созылған қатты ұрыстан соң Қабанбай қолы Жаңақорғанды, Шымкентті, Бөгенбай қолы Сайрам мен Созақты, Баян мен Жәнібек қолдары Талас өзенінің бойы мен Қарақалпақ жерінен жауды қуып шығады. Абылай сұлтан басшылық еткен, Қаракерей Қабанбай бастаған қалың қол, Ұлы жүз жасақтарының қолбасшысы Шапырашты Наурызбай батырмен бірге одақтаса отырып, 1751 жылдың күзінде қоқандықтардан Ташкент, Сайрам, Созақ қалаларын азат етеді. XVIII ғасырдың бас кезінде Орталық Азияның бір кездегі қуатты көшпелі мемлекеті болып есептелген Жоңғар хандығының әлсіреуі мен құлдырауының күшейе түскен кезі еді. Қабанбай батыр 1751 жылы Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын қалмақтардан тазартып, Төле бидің билікке келуіне көмектесті.

Сонымен қатар Жетісу жеріндегі шайқастарда батырлардың нағыз ерлігі айтылады. Деректерге сенсек, Жетісуды азат ету шайқасында көмек күткен патша әскері келмей қалған. Сондықтан, Ұлы жүздің батырлары кеңесіп, әлі де біздің қазақ шамасы келсе қарап отырмаған. Қалмақтар мен қазақ арасында шайқастар Үшқоңыр, Алматы, Көкпек, Ойрантөбе, Қарқара, Жаркент және Сүмбе жеріне дейін бірнеше шайқастар өткен. Себебі, атақты Жаркент, Көкталдағы қорғандарда торғауыттардың тобы, кешегі Қонтайшының ескі қазынасы, соғыс құралдары бар мен жауынгерлері орналасқан бекіністер талқандалып, қамалдары алынды.

Райымбек батыр туралы деректер жинаған шежіреші Қабылбек Сауранбаев ақсақал кезінде батырлардың ұрпақтарынан 30 адаммен сөйлесіп, көнекөз қариялардан шайқастар туралы деректер жазып алған екен. Қолжазбаға назар аударсақ, бұл шайқасқа Ұлы жүзден бір жүз он батыр қатысты деген факті келтіреді. Олардың қатарында: Қангелді батыр, Қапай батыр, Сатай батыр, Бөлек батыр, Ырыскелді батыр, Аралбай батыр, Бердіқожа батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр, Барақ батыр, Бақай батыр, Биеке батыр, Райымбек батыр. Бұлардың арасында жүздік, елулік батыр, отыздық батырлар да болған.

Жетісуда Райымбектің жорығына байланысты деректерге назар аударсақ, Түргенді Райымбек бастаған қол, Шелекті, Суықтоғайды Бақай батыр, шанышқылы Қожамберді батыр, Барақ батыр, Ердес батыр бастаған қол, Алматыны, Іле бойын Сатай батыр, Ырыскелді батыр, Өтеп батыр, Ақбас батыр, Тілеуке батыр бастаған қол жаудан тазалады. Қалмақ қолындағы қазақ тұтқындары босатылды. Қалмақ қорғанын алуда қазақ жауынгерлерінен де көп адам шығын болған. Атақты батырлары қаза тапқандары болған. Батырлардан көп жаралы болған. Райымбек батыр, Бақай батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр сияқты батырлар жаралы болған.

Райымбек батырдың екінші жорығы Суықтоғайдан босатылған жоңғар қолдарына шабуыл, Жіңішкеде, Таушілікте, Қарабұлақта, Жалағашта, Үш Меркіде, Кеңсуда, Көктөбеде, Үш Қарқарада жалғасып, қазақтардың толық жеңісімен аяқталады. Қалмақтармен шайқаста қазақ жауынгерлерінен де көп адам шығын болған. Атақты батырлары қаза тапқандары болған. Батырлардан көп жаралы болған. Райымбек батыр, Бақай батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр сияқты батырлар жаралы болған.

Жетісу жеріндегі жорықта Жаркент, Көкталдағы торғауыт-қалмақтар Тарбағатай, Шәуешектегі жоңғарларға болысып, Орта жүз Қабанбай қолына қарсы аттанбақ екен деген хабарды естіген Райымбек: «Біздің Ұлы жүз жабағы тайды жауға мінуден құтылды. Қарағайдан найза ұстаудан кетті. Мінгеніміз тұлпар болды. Соғыс құралдарымыз жетерлік, соғыс әдісін игердік, жас батыр, жаңа бауырлар көбейді. Енді осы тобымыз тарамай тұрып Қабанбай батырға елші жіберіп, хабарын алайық», – деген ойды айтады.

Осы кезде Қабанбай батырдан Тарбағатай мен Шәуешек арасын жауып, жауды өзара қатынастыруға мүмкіндік бермеу туралы ұсыныс келіп жетеді. Сөйтіп, қалмақтардан Сарытау, Үйгентас, Үсекті азат етуге атсалысады. Іле бойлап Қорғасқа дейін барады

Міне, батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері, тарих және тағылымға толы өмір жолдары кейінгі ұрпаққа өнеге, рух, ұлттық тәрбие болып қалыптасуы керек. Батыр бабаларымыз елді жаудан жерді азат ету жолында бір-біріне көмек берген. Атажұртты қазақ батырлары бірлігімен қорғап, ынтымағы мен берекесін сақтай білген. Осындай жаугершілік заманда өмір сүріп, бүкіл өмірі жаумен күресте өтіп, жан алысып, жан берісті, батыр бабалар елді қорғай білді. Сондықтан, олардың рухына тағзым етіп, халықтың тарихи танымын нығайтып, ұлттық рухын көтеру өте маңызды. «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының мақсаты да осыған бағытталды.

Басқосуда Түркия Республикасы, Анкара қаласы, Ислам Ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам мәдениетін зерттеу орталығының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ә.Муминов та «Батырлар бойынша деректерді классификациялау мәселесі» тақырыбында Анадолу жерінен онлайн байланысқа шығып, мағыналы баяндамасын жасады.

Конференция қорытындысы бойынша ғылыми жиынның жинағын шығару мен қатар, қоғамдық өмірдің әр саласында Сіргелі қара Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлының есімін мектептерде насихаттайтын және ұлықтайтын түрлі іс-шараларды ұйымдастыру және қазақ тарихындағы батырлардың есімдерін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу қажеттігі жөнінде қарар қабылдады.