Облыс әкімдігі мамандарының, экологтар мен халықаралық сарапшылардың басын қосқан жиында Түркістан өңірінің жасыл аймағын күтіп ұстау мен көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Пленарлық отырыста мамандар Түркістанда тек өңірдің топырақтық – климаттық жағдайына бейімделген ағаштарды отырғызу және жаңа технологияларды енгізу, орман тұқымы аумағын қалыптастыру, тұқымбақ шаруашылығын кеңейту туралы тоқтамға келді.
Халықаралық жиында алғаш болып баяндамаға шыққан Түркістан облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев Президент Жолдауындағы тапсырмаға орай республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд. әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу мақсатында кешенді жоспар қабылданып, облыс бойынша 5 жылда 110,2 мың гектар жерге 170,0 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Баяндамашының мәліметінше, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу жоспарланып, бүгінгі таңда 15 009 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда.
Түркістан қаласы мен облыстың бірқатар аудандарында климаты күрт континетальды болуына орай, егілген орман ағаштарының бірінші, екінші жылдарында 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы, табиғи заңды құбылыс. Сондықтан орман шаруашылығы қағидаларында көрсетілгендей қураған ағаштарды қайта жаңғырту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу, екпелерді құру процесінің кезекті тармағы болып есептелінеді. Осыған орай жасыл желектерді күтіп баптау мерзімі 5 жылға созылуы бойынша шешім қабылданып, мәдени орман екпелерінің көнімділігі 55 пайыздан жоғары болмайтынын атап өткен. Министрлік қолданыстағы орман алқаптарын күзгі түгендеуден өткізу Қағидасына өзгерістер енгізіліп, Түркістан облысындағы мәдени орман алқаптарының жерсіну мен сақталу көрсеткіші 50 пайызға белгіледі. Түркістан қаласы экологиялық аймаққа енгізілгенімен, күзгі түгендеу қортындыларына сәйкес, қазіргі таңда қала айналасындағы жасыл екпелердің көнімділігі 60-65 %-ды құрап отыр, – деді Қ. Амангелдіұлы.
Өз кезегінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Орталық Азиядағы «BIOVERSITY international» басқарушысы Мухаббат Турдиев, «Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының» бағдарламалар және жобалар директоры Али Зулфикар, Қазақ жеміс көкеніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев, Nath Bio-Genec (I) Ltd Үндістан Доктор Кулькарне, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің орман ресурстары және орман шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Ж.Боранбай, Орталық Азиядағы «IWMI» халықаралық су ресурстарын басқару орталығының басшысы Др. Ойторе Анарбеков, «Байтақ-болашақ» республикалық одағының президенті Ғани Назарбек сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар «Ә.Бөкейханов атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің аға ғылыми қызметкері Андрей Кабанов Астана қаласының Жасыл аймағын құру жөнінде айтса, Өзбекстан Республикасы «Мирза Улығбек атындағы Ұлттық университеттің» академигі Лазиза Гафурова суармалы бұзылған құрғақ топырақтардың құнарлығын арттырудың ғылым негіздеріне тоқталды. Сондай-ақ Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми институты басқарма төрағасы Бейбіт Дүйсенбеков Орман шаруашылығының зиянкестерімен күрсу тәсілдерін атап өтті. Ал Өзбекстан республикасы Ташкент аграрлық университетінің профессоры Якубжан Юлдашев «Өзбекстан мемлекетінің орман шаруашылығындағы жетістіктері» мен «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» ғылыми жұмыстары бойынша директоры Нұрлан Балғабаев «Су тапшылығының мәселелері және оны шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасады.
Шарада ауыл шаруашылығын дамыту және жаңа технологияларды енгізу және Түркістанның айналасында атқарылған жұмыс – аса қажырлы еңбек екені айтылып, осындай климат жағдайында «жасыл» аймақ» құру өте қиын екені сөз болды. Сонымен қатар, климаттың қолайсыздығы, жазда ауаның температурасы 40-45 градустан асатыны сондай-ақ, жауын-шашын өте аз екену туралы сөз озғалды. Сарапшылар көгалдандыру жұмысында барлық қажетті нормалар сақталған. Сондықтан бұл үлкен еңбек өз жемісін беретінін баса айтты.
Маңызды шарада салаға ғылым жетістіктерін молынан пайдалану қажеттілігі жеткізілді. Бұл тұста «Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» ұжымы маңызды рөл атқармақ.
Жасыл аймақты жетілдіру жұмысына жаңа серпін берген конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Онда жылжымалы құмдарды тоқтату, орман тұқымбақтарында тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану айтылды.
Бүгінгі жиында қабылданған қарар осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға бағыт-бағдар беретін құжат.
Басқосуға арнайы қатысқан Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан мен Пәкістан, Орталық Азия елдерінен келген ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ауа-райы қолайсыз аумақта ағаштарды баптаудың қыр-сырымен бөлісті. Сонымен қатар облыс әкімдігінің бастамасымен Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланды. Бүгінгі таңда барлығы 15 009 га жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделуде.
Түркістанда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының «Ясауи білім тарату орталығы» ашылды. Бұл орталық облыстың 5 жылдығына арналған «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында ашылып отыр. Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, еліміздің және Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан мен Пәкістан елдерінің белгілі ғалымдары қатысты.
Дөңгелек үстелде осы саладағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов өз сөзінде академияның бүгінгі мақсаты ғылыми бағыттағы әлеуетті біріктіріп, оны қолдау және координациялау арқылы озық отандық инновацияларды өндіріске енгізіп, АӨК тиімділігін арттыру, кәсіпкерлердің біліктілігі мен технологиялық мүмкіндіктерін дамыту жолдарын жеткізді.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ университет ректоры Жанар Темірбекова оқу ордасының жұмысымен таныстырды.
Осы жаңадан ашылған орталықтың директоры қызметіне Битөре Жұмақанов тағайындалды. Орталықтың лентасын облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова қиды. Білім тарату орталығының басты мақсаты – жетекші әлем елдерінің тәжірибесін ескере отырып, отандық озық білім мен технологиялардың өндіріске жедел жетуіне ықпал жасау мақсатында қажетті ғылыми жаңалықтарды көпшілікке жеткізіп, ауыл шаруашылығы саласындығы ақпараттарды дер кезінде насихаттап отыру.
Конференция қонақтары Түркістанның «Жасыл белдеу» нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Олар Түркістанды жасыл желекке орау бойынша қажырлы еңбекке оң бағаларын беріп, еңбекті дамыту үшін өзара тәжірибе алмасып, ой-пікірлерімен бөлісті. Климаты құрғақ Түркістанда жасыл желекті жетілдірудің аса қиындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ конференция қонақтары жаңарған шаһардың көрікті жерлерін тамашалап, алған әсерімен бөлісті.
Ертең тәжірибелі ғалымдар Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен өтетін «Облыстағы экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, баяндама жасайтын болады.
Айта кетейік, 2021 жылы ғалымдардың бас қосуымен өткен халықаралық конференцияда Түркістан облысының аймағында құрылып жатқан «Жасыл белдеуге» «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАҚ) «Ә.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» (әрі қарай-ҚазОШАОМҒЗИ) ЖШС-нің Алматы филиалы мамандарымен табиғи климаттық жағдайына талдау жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде Түркістан облысы аумағындағы орман дақылдарының нормалық жерсіну және сақталу көрсеткіші 75 пайыздан 50 пайызға төмендетілген.
ҚазОШАОМҒЗИ мамандарының қорытындысына сәйкес, Түркістан қаласының қатаң континентальды климаты, желдің бағыттары мен соғу мерзімдері ескеріліп, қала айналасынан құрылып жатқан «Жасыл белдеуге» егілген орман екпелерінің нормалық жерсіну және сақталу көрсеткіші (көнімділігі) 50 пайызды құрайтыны анықталып, дәлелденді.
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының Ясауи білім тарату орталығының директоры Битөре Жұмақанов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Түркістан облысының жасыл желегін дамыту мақсатында 3-4 тамыз күндері Түркістан облысының 5 жылдығына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясы орталығының ашылуына арналған «Экологиялық жағдайды жасыл желектерді дамыту жолымен жақсарту және ауыл шаруашылығы дамуындағы мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Ғылыми конференцияда шетелдік ғалымдар өңірдегі жасыл желек және көгалдандыру жұмыстарына баса назар аудармақ.
—Соңғы бес жылда Түркістан облысы көптеген игі жобаларды, бастамаларды іске асырып келеді. Осы орайда өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, халқы мен ауылшаруашылық егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан Жасыл желегінің орны мен рөлі ерекше. Түркістан облысы көпсалалы ауыл шаруашылығымен айналысатын өңір болғандықтан, ең күрделі шешімін таппай жатқан мәселелерде осы өңірде деуге болады. Нақтырақ айтсақ, су тапшылығы, топырақтың құнарсыздануы, өнім сапасының төмендеуі және тағы басқа қордаланған мәселелер аз емес. Осы мақсатта Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының орталығы ашылғалы отыр, сондай-ақ осы мәселерлердің алдын алу және облыстағы жасыл белдеу мен көгалдандыруды дамыту үшін халықаралық ұйымдармен шетелдік ғалымдарды шақырып отырмыз. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында топырақтың құнарлылығы мен өнім сапасын жоғарылатуға бағытталған «гумус», «биогумус», «органикалық тыңайтқыш» деген жаңа ұғымдар келіп қосылды. Осы орайда облыста мақсат тек жоғарғы өнім өндіру ғана емес, жетілдірілген сапалы өнім халықымыздың игілігіне жарату болып саналады, — деді Битөре Молдатөреұлы.
Брифингте сөз алған Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев орман шаруашылығы қағидаларында көрсетілгендей қураған ағаштарды қайта жаңғырту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу және екпелерді құру процесінің кезекті тармағы болып есептелетіндігін айтты. Осы ретте жасыл желектерді күтіп баптау мерзімі 5 жылға созылғандығын мәлімдеді.
—Облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу жоспарланып, бүгінгі таңда 15 009 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Түркістан қаласы мен облыстың бірқатар аудандарында климаты күрт континетальды болуына орай, егілген орман ағаштарының 1-2 жылдары 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы, табиғи заңды құбылыс.
Сонымен қатар, Түркістан облысындағы мәдени орман алқаптарының жерсіну мен сақталу көрсеткіші 50 пайызға белгіленді. Түркістан қаласы экологиялық аймаққа енгізілгенімен, күзгі түгендеу қортындыларына сәйкес, қазіргі таңда қала айналасындағы жасыл екпелердің көнімділігі 60-65 %-ды құрап отыр. Бұдан бөлек, Арал теңізінің тартылуы, түбінің тұздануы, оған жақын орналасқан көрші мемлекеттер мен еліміздің бірнеше облыстары, оның ішінде Түркістан облысындағы бірқатар аудан, елді мекендерге де табиғи кері әсерін тигізуде. Тұздың Аралдан ұшпауына тосқауыл болатын жалғыз жол – Арал ұлтанына өсімдіктер егу және сексеуіл алқабын отырғызу болып саналады, — деді Қайрат Аманкелдіұлы.
Еліміздің тек Оңтүстігінде өсетін аса құнды – «сасық кеурек» (Ferula L.),«мия» және «дермене» өсімдіктерінің жойылып кету қаупі төніп тұр. Бұл өзекті мәселені ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярға жолдаған сауалында айтты.
” Экожүйеміздің негізі болып табылатын дәрілік өсімдіктерді қорғау және отандық фармацевтикада қолдану мәселесі қашанда өзекті. Мәселен, тек Оңтүстікте өсетін «сасық кеуректің» 10-нан аса түрі бар, оның барлығы да «Қызыл кітапқа» енген. Соған қарамастан, оның майын шет мемлекеттерге заңсыз шығару тиылмай тұр. Сасық кеурек Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан сынды елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде өнімнің бір келісі 100-150 долларға бағаланады. Түркістан облысында сасық кеуректің майын дайындау үшін өндірушілер шетелден мыңдаған жұмыс күшін заңсыз тартып, шикі өнімді жаппай сыртқа шығаруда. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 14 тоннадан асып түскен. Болашақта аса бағалы бұл дәрілік өсімдік азайып қана қоймай, мүлдем жойылмасына кепіл жоқ. Себебі сасық кеурек 10 жыл ғана өмір сүреді және монокарпик, яғни 5-6 жылда бір рет қана гүлдейді. Ал, оның өнімін 8 жылдан кейін пайдалануға болады. Сасық кеурек тек құм және шөлді аймақтарда өседі. Оны түп-тамырымен құрту жердің тозуына, құмның көшуіне, табиғи экожүйенің күйреуіне әкеп соғады,” – деп мәлімдеді Қайрат Рахымұлы.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қ. Балабиев қызыл мия өсімдігін де осы санатқа қосуға болатынын жеткізді. Қызыл мияның тамыры медицина, косметология және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады екен. Оның тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органик, қышқылдар, минерал тұздар бар. Сондықтан аталған өсімдікке Қытай, Корея және АҚШ-та сұраныс қызып тұр дейді Қайрат Балабиев.
“Бұл күндері арзан табысты көздегендер мияны түп-тамырымен қопарып жұлып, заңсыз саудалауға көшті. Ал, оның тамырын қазып алған соң, қызылмия қайтып шықпайды. 2016-2021 жылдары Оңтүстік Қазақстаннан 70 мың тонна мия тамыры шетел асырылған. Бұл болашақта отандық фармацевтика өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету тапшылығына тап қылады деген сөз.
Тіпті қызыл мия құнды өсімдік ретінде «Қызыл кітапқа» да енбеген.
Дәрілік дермене жусаны да сирек кездесетін шипалық қасиеттері мол өсімдік. Ол да тек Түркістан өлкесінде өседі. Оның құрамында сантонин, майлар, ащы заттар, эфир майлары бар. Дәрілік шикізат ретінде тамырымен есепсіз жұлынғандықтан, бүгінде қатары қатты сиреген.
Дәрілік өсімдіктер шикізатын заңсыз жинап экспортқа шығарушылар бюджетті айналып өтіп, «көлеңкелі экономикаға» тікелей жұмыс істеп жүр.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселеге бейжай қарайды. Осы күнге дейін заң бұзушыларға қарсы бірде-бір шара көрмеген.
Сондықтан, жоғарыда көрсетілген өсімдік түрлерінің жойылып кетуіне жол бермеу мақсатымен төменгі ұсыныстардың қаралуын сұраймын:
1. Мия өсімдігін Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысымен бекітілген сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізбесіне кіргізіп, «Қызыл кітапқа» енгізу мәселесін қарастыруды.
2. Сасық кеурек, дермене және мияның қорлары мен рұқсат етілген өндіріс көлемін анықтайтын зерттеу жүргізіп, қазіргі кезде өсімдіктердің қалған санына байланысты оларды жинауға, өңдеуге немесе өндіруге мүмкіндіктің бар жоғын анықтауды.
3. Осы зерттеу жүргізу барысында аталған дәрі өсімдіктерін жинауға, өндіруге және шикізатын экспортқа шығаруға уақытша тыйым салуды.
4. Өсімдік түрлерінің жойылу қаупі анықталған жағдайда, оларды жинауға толықтай шектеу қойып, жедел турде популяциясын көбейтуге бағытталған шараларды ұйымдастыруды.
5. Еліміздің Оңтүстік өңірлерінде фармацевтикалық өндірісте пайдалану үшін сасық кеурек және мия, дермене өсімдіктерін өсіретін арнайы плантацияларды салу мүмкіндігін ойластыруды.
Сауалға заңнамада көрсетілген мерзімде жауап беруін сұраймын” – делінген, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қ. Балабиев депутаттық сауалында.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Экологиялық кеңесінің көшпелі жиыны өтті. Көшпелі жиынға филиал жанындағы кеңестің төрағасы Ж. Тұрғанов, жайлы ортаны қалыптастыру басқармасы бөлімінің басшысы Н. Сейтжанов, кеңес мүшелері және партия филиалының қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты Сайлауалды бағдарламасының Шымкент қаласы бойынша әзірленген Жол картасындағы тармақтардың жүзеге асырылуы талқыланды. Зерделеу жұмыстары Бозарық, Тұран және Шымсити елді-мекендерінде 2022 жылдың күз айы мен 2023 жылдың көктем айында отырғызылған ағаш көшеттерінің бүгінгі ахуалына жүргізілді.
Кеңес мүшелері көшпелі басқосуда сайлауалды бағдарлама аясында әзірленген Жол картасы тармақтарының орындалуы бойынша басқарма басшылығымен орман қызметкерлеріне бір қатар ұсыныстарын жеткізді.