Архив рубрики: Ауыл шаруашылығы

КӘСІПКЕР ӘКІМНЕН ЖЕР СҰРАДЫ

Төлеби ауданында құс фабрикасын салу жоспарын таныстырған жеке кәсіпкер Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан жер сұрады, – деп хабарлайды Таq.kz тілшісі.
Инвестициялық штабтың алғашқы отырысында бірнеше жоба талқыланып, инвесторлар облыс әкімімен  тікелей диалог орнатып, біраз мәселені ашық талқылаған. Оның ішінде, «Аймар құс» ЖШС қаржылық директоры Жандос Сәбитұлы Төлеби ауданында құс фабрикасын салу жоспарын таныстырды. Жобаның бірінші кезеңіне 6,5 млрд. теңге инвестиция салынады. Қуаттылығы – жылына 200 млн. дана жұмыртқа шығару. Бір жылдай уақытта жүзеге асатын жоба арқылы 75 адам жұмыспен қамтылмақ. Инвестор облыс басшылығынан құрама жем цехын салу үшін жер сұрады. Жүгері және өзге де дақылдар өсіру үшін де жер қажет. Тұрғындардан сатып алуға мүдделі. Облыс әкімі аудан басшысы мен жауапты азаматтарға инвесторға қолдау көрсетуді тапсырды.

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА КӨМІРДІҢ ЖЕТКІЛІКТІ ҚОРЫ БАР

Сарыағаш ауданында көмір тапшылығын жою мақсатында біршама жұмыстар атқарылып, көмір қоры тұрақталған.
Желтоқсан – қаңтар айларында ауа райының күрт суытуына байланысты, жылыжай шаруашылығына біршама қауіп төнген болатын. Төтенше жағдайларға байланысты 2023 жылдың 1-27 қаңтар аралығында ауданға 481 вагон, яғни 33 мың 189 тонна көмір жеткізілді. Ал 27 қаңтарда ауданға қосымша 69 вагон көмір келіп, тағы 181 вагон ауданға бағыт алған.
 
Қазіргі таңда, жылыжайлардағы өнімдерді аман алып қалу үшін бірінші кезекте шаруашылықтарға көмір жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Темір жол тұйықтарына жеткілікті мөлшерде көмір келген. Бүгінде аудан шаруаларының жылыжайларға көшет отырғызу жұмыстарын бастауға негіз бар. Жалпы ауданда 683,2 га жылыжай орналасып, оның 400,0 га жуығы жылытылмақ.