Архив рубрики: Ақпарат

Күршім көпірі іске қосылғаннан кейін төрт айдан соң: Шығыс Қазақстан дамуының жаңа кезеңі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін елдегі ең ұзын көпір жұмыс істеуде. Жоба өңірдегі көлік байланысының көпжылдық мәселесін шешуге бағытталған.

«Жұрт жылдар бойы жазда – пароммен, қыста – мұздың үстімен жүретін. Бұл өте ыңғайсыз әрі қауіпті болғаны түсінікті. Енді мәселе біржола шешімін тапты»,- деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінгі таңда Күршімдегі көпір Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын Өскемен қаласымен байланыстыра отырып, көлік құралдарының жыл бойы қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.

Алғашқы төрт айда көпір арқылы 170 мыңға жуық автомобиль өткен. Яғни, күн сайын 1,5 мыңға жуық көлік көпірді пайдаланады. Бұған дейін аймақ тұрғындары 500 шақырымға дейін айналма жол жүруге мәжбүр болғанын айта кеткен жөн. Бұл жол жүру уақыты мен көлік шығынын едәуір арттырды.

Көпірдің құрылысын Шығыс Қазақстан облысындағы отандық компания жүзеге асырды. Бұл өңірде жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ете отырып, жергілікті ресурстарды, мамандарды тартуға мүмкіндік берді.

Жоба озық инженерлік технологияларды қолдану арқылы және барлық сапа стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды.

Көпірдің жалпы ұзындығы – 1316 метрді, ені – 12,2 метрді құрайды. Бір жағында жаяу жүргіншілер жолағы салынған. Қысқы кезеңде конструкцияны қорғау үшін тіректердің әрқайсысында зақымданбайтын арнайы мұз кескіштер орнатылған.

Сонымен қатар су бетінен көпірге дейінгі қашықтық 18 метрді құрайды. Бұл навигация кезеңінде кемелердің көпірдің астынан кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін жаңа көпірде 102 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 62-сі көпірдің жоғарғы бөлігінде, 40-ы көпір асты аймағында орналасқан. Камералар онлайн режимінде жұмыс істейді, бұл жолдың жағдайын үнемі бақылауды қамтамасыз етеді.

Өңір тұрғындары көпір су қоймасының екі жағындағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасы мәселесін шешкенін айтады. Аталған көпір азаматтардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, тауарлардың қозғалысын жеделдетіп, халықтың барлық қажетті қызметтері мен қажеттіліктеріне қол жеткізілді.

Күршімдегі көпір – жай ғана құрылыс емес, барлық өңір үшін жаңа үдеріс пен жаңа мүмкіндіктердің символы іспеттес.

Жергілікті тұрғын Айбар Еріков атап өткендей, көпір «үлкен әлемге ашылған есік» болды:

«Қыста Бұқтырма су қоймасының арғы жағына өту үшін қалың мұздың қатуын күткеніміз есімде. Енді біз бұл туралы ойламаймыз! Көлікке отырасың – арғы жағадан шығасың. Біз үшін бұл көпір үлкен әлемге ашылған есік сияқты. Қалаға бару әлдеқайда жеңіл, жылдам және қауіпсіз».

 Шағын кәсіп иесі Айнаш Оразбаева өңірдегі сауда жандана түскенін мәлімдейді:

 «Бұрын бізге тауарларды жеткізу нағыз квест болатын: жазда – паром, қыста – мұз үстімен, ал маусымнан тыс уақытта ештеңе әкелмейтін. Енді тауарлар үзіліссіз жеткізіліп, дүкендердегі ассортимент өсті, бағалар тұрақталды. Көпір арқылы жұмыс істеу әлде қайда оңай, ал адамдардың өмір сүруіне ыңғайлы жағдай жасалды».

 Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі Мұрат Рамазанов жолды және жолдағы уақытты үнемдеу туралы айтып берді:

 «Егер бұрын маған Бұқтырма су қоймасын айналып өту үшін қосымша 500 шақырым жүру керек болатын. Себебі мен табиғатымнан экстремалды жақсы көрмеймін және көлігімнің салмағымен мұздың беріктігін тексергім келмеді. Енді мен көпірден өтіп бара жатырмын. Бұл жанар майды ғана емес, уақытты да үнемдеп, жүйкенің де шаршамауына үлкен мүмкіндік».

Күршімдегі көпір Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, тұтастай алғанда елдің көлік-логистикалық саласының дамуына оң әсерін тигізіп, логистикалық бағыттарды жақсартып, шекара маңындағы елдермен үздіксіз байланыстарды қамтамасыз етті. Сондай-ақ көпір аймақтың туристік әлеуетін арттырып, өңірдегі және Бұқтырма су қоймасының көркем көрінісін тамашалауға мүмкіндік берері сөзсіз

КЕНТАУДА ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚТАН САҚТАНУ ТУРАЛЫ ЖИЫН ӨТТІ

Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, Түркістан облысы экономикалық тергеп тексеру департаменті, қала прокуратурасы, қалалық полиция бөлімінің, банк өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізілді.
Жиынды қала әкімі Жандос Тасов жүргізіп, қоғамда белең алып бара жатқан интернет алаяқтарынан сақтану маңызды екенін айтты.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында лудомания, қаржылық пирамида және интернет алаяқтық, одан бөлек халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өзекті мәселе көтерген болатын. Шын мәнінде соңғы жылдары халық арасында интернет алаяқтарынан зардап шеккендердің саны артып келеді. Соңғы уақыттарда қаламызда алданып қалған тұрғындардың көбеймесе азаймай тұрғаны алаңдатуда. Бүгінгі шараның да маңыздылығы тұрғындарды толықтай ақпараттандыру, алаяқтарға алданбай, сақ жүруге шақыру», деді қала әкімі.
Кездесуде тәртіп сақшылары интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері, сонымен қатар, осы қылмыстың құрбаны болмау үшін жасалатын қадамдар туралы айтып берді. Олар әлеуметтік желілерде, онлайн дүкендерде және басқа да интернет алаңдарында жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерге баспау, сондай-ақ интернет арқылы қаржы транзакцияларын жүзеге асырған кезде сақ болу қажеттігіне тоқталды.
Осы мәселеде негізінен алаяқтың құрығына тұрақты табысы бар саланың мамандары жиі түседі екен. Олардың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер мен әр салада қызмет ететін мамандар бар.

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРА АУДАНЫНДА 1200 ОРЫНДЫҚ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ» ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жасаған сапары аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған 1200 орындық білім ошағын аралап, құрылыс сапасын қадағалады.
Ауданда пилоттық жоба аясында 2 мектеп салу жоспарланып, бүгінгі таңда 1200 орындық мектептің құрылысы толық аяқталған. Мұнда 150 жұмыс орны ашылмақ. Заманауи үлгідегі қос білім нысаны инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған. Жалпы алаңы 4,2 гектар аумақты құрайтын мектептің құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырмасымен жүргізілген. Аталған білім ошағы кітапхана, спорт залы, компьютер сыныбы және акт залымен толығып, балалардың жан-жақты дамуы үшін заманауи құралдармен жабдықталған.
Облыс әкімі мектеп ғимаратында жергілікті тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты. Ұсыныстарын тыңдап, өңірдің негізгі даму бағыттары туралы айтты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында заман талабына сай, 29 бірыңғай «Жайлы мектеп» бой көтеріп, кезең-кезеңімен ел игілігіне пайдалануға беріліп келеді. Жалпы өңірде білім сапасын нығайту мақсатында түрлі маңызды жобалар қолға алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Өңірді электр қуатымен қамту жұмыстары өзекті мәселе саналады. Облыстағы энергия өндіруші кәсіпорынның бірегейі – «Шардара су электр станциясы». Мұнда энергия көзі өндіріледі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Шардара су электр станциясы» акционерлік қоғамына барып, өндіріс барысымен танысты. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
1967 жылы пайдалануға берілген гидроэлектр станциясында әрқайсысы 31,5 мВт электр қуатын өндіретін 4 агрегатты генератор іске қосылған, мұнда 126 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында өндірілетін электр энергиясы ішкі сұранысқа бағытталған. Өндірістік аумағы 2 гектарды құрайтын станцияның негізгі қызметі – ҚР-ның оңтүстік аумағын электр энергиясымен қамти отырып, су тасқынына қарсы күрес жұмыстарын оңтайландыру.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ЖЕТІСАЙДАҒЫ БІЛІМ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, СУ НЫСАНДАРЫН АРАЛАП, МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бірқатар нысанның жұмысымен танысып, шаруалармен кездесті. Ең алдымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысанының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігерлермен құрылысқа қатысты туындаған мәселелерді талқылады. Бұл ретте жұмыс сапасының ақсамауын ескертіп, мектептің құрылысын 2025 жылдың мамыр айында аяқтауды тапсырды.
Заманауи білім ордасының құрылысын «Bazis Construction» ЖШС жүргізіп жатыр. Құрылысы 2023 жылдың тамыз айында басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 53% орындалған. Құрылыс алаңында 74 адам жұмыс істейді. Жалпы алаңы 2250 шаршы метр жерде орналасқан нысан инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Жоба құны 8,5 млрд. теңгені құрайтын білім ұясына тиесілі жер телімінің алаңы – 4 гектар.
Одан соң, өңір басшысы «Камилжон» шаруа қожалығының ерте егілетін қырыққабат дақылының егіс алқабымен танысып, жергілікті шаруалармен кездесті. Кездесуде салаға қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, сұрақтарға жауап алды.
1996 жылы құрылған бұл шаруашылықтың егіс көлемі 80 гектарды құрайды. Өткен жылы жылы егістік алқабына 8 га қырыққабат дақылын тамшылатып суғару әдісімен, 72 га мақта дақылын дәстүрлі әдіспен еккен. Қырыққабаттан 35 тонна өнім алып, өнімді Ресей мемлекетіне экспорттады. Ал мақтадан 30 центнер өнім алды. Аталған шаруа қожалығы 2025 жылы егістік алқабына 15 гектарға қырыққабат дақылын тамшылатып суғару әдісімен егіп, 6 гектарға қарбыз дақылын тамшылатып суғару әдісіменен, 59 гектарға мақта дақылын дәстүрлі әдіспен егуді жоспарлап отыр. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар облыс әкіміне «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы каналы таныстырылып, өзекті мәселелері айтылды. Канал 2011 жылы салынған. Аталған каналдың жалпы ұзындығы 28,9 шақырымды құрайды. Оның 4,8 шақырымы бетондалған, 13 шақырымы су жеткізуші канал (Шардара-ГНС-1), бетондауды қажет ететін бөлігі – 10,1 шақырым. Бүгінде аталған аймақтың су өткізу қабілеті төмендеген. Жыл сайын «Қазсушар» РМК тарапынан арнайы техникамен құлаған жақтауларға топырақ төсеп, нығыздау жұмыстарын жүргізуде. Алайда бұл жұмыстар каналды тек уақытша ұстап тұруға жарамды. Канал 86,7 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.
Іссапар соңында Нұралхан Көшеров «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналының №1 су сорғы насостық станциясында болып, су арнасының жағдайымен танысты. Ирригациялық жүйенің қуаттылығы секундына 60 текше метр суды құрайды. Бұл ауқымы 86,7 мың гектар болатын жер шаруашылығын суаруға жеткілікті. Вегетациялық кезеңде, жалпы 12 насостың 3-еуін ғана қосуға мүмкіндік болып, небәрі 10-12 м3/с ағын су беріледі. Ағын сумен қамтамасыз етуге қиындық туындайды.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы құрылыс саласындағы мәселелерді шешу, ауыл шаруашылығын дамыту және инфрақұрылымды жақсарту мақсатында нақты тапсырмалар берді.

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА БАЛЫҚ ЖӘНЕ ЖҮГЕРІ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАҢАША БАҒЫТТА ДАМИ ТҮСЕДІ

Түркістан облысының аудан, қалаларында балық шаруашылығына ден қойылып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар қарастырылған. Бүгін облыс басшысы Нұралхан Көшеров Шардара ауданындағы «Хамит» АӨК балық өндіру зауытын аралап, жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын иесі – Бақытжан Серманизов өндіріс нысанының жұмыс жүйесін баяндады.
Бұл – облыс көлеміндегі балық өнімдерін өңдейтін ең ірі зауыт. «Хамит» өндірістік кооперативі жылына 2 мың тонна балық өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 250 қызметкер жұмыс істейді. Орташа жалақы көрсеткіші 120 мың теңгені құрайды. Мұнда мұздатылған балық және филе түрлері өндіріледі. Ал зауыт өндірген тауарлар ішкі нарықтан бастап, Ресей, Италия, Бельгия, Англия елдеріне экспортталады. Кәсіпорын басшысының сөзінше, өнім көлемі 400 млн. теңгені құрайды.
Айта өтейік, Түркістан облысы балық шаруашылығынан алғашқы орында келеді. Бүгінде облыс көлемінде тауарлы балық өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының саны 231-ге жеткен. Оның 160-ы облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясымен заңдастырылған. Осыған дейінгі мәжілістерде облыс әкімі жауаптыларға балық шаруашылығын дамыту бағытында семинарлар өткізуді және инвесторлар тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын. Бүгінде арнайы жұмысшы топ құрылып, балық өндірісін дамытуға ниетті кәсіпкерлер анықталуда.
Облыс әкімі аралау барысында Шардара индустриалды аймағында орналасқан озық технологиялы, «Казкрахмал» ЖШС-нің жүгері өнімін терең өңдеу зауытының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған кәсіпорын жылына 150 мың тонна жүгері түрлерін өңдеп шығарады. Мұнда жалпы саны 500 адам жұмыспен қамтылмақ. Зауыттың өндірістік аймағы 35 гектар. Кәсіпорын крахмал мен сірне өндірісіне бағытталған. Инвестиция көлемі – 35 млрд. теңге. Өндірілген өнімдер ішкі нарықтан бастап, шетелдің Ресей, Қытай, Бельгия, Англия елдеріне экспортқа шығару көзделген.
Кәсіпорын басшысы Руслан Қияшпаевтың айтуынша, озық технологиялы өндіріс орнында газбен, электр жүйесімен, сумен қамту жұмыстары аяқталған. Бүгінде кәріз жүйесімен қамту бойынша ЖСҚ құжаттары әзірленуде.
Атап айтқанда, мұнда терең өңделген жүгерінің крахмал, глютен, жүгері сірнесі, карамель сірнесі, мальтоза сынды өнімдерін нарыққа шығару жоспарлануда.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ МАҚТААРАЛДЫҚ ШАРУАЛАРМЕН КЕЗДЕСІП, ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында Атакент кентінде орналасқан «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-де болып, атқарылған жұмыстар және жоспарымен танысты. Шаруақожалық төрағаларымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады.
Қазақ ғылыми-зерттеу институтының меншігіндегі «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-нің мақсаты – мақта саласын дамытуда кең көлемде ғылыми-техникалық қызмет көрсетіп, мақтаны, бақша дақылдарын және көп жылдық шөптерді қолданудың жаңа мүмкіндіктерін ашу. Мұнда 54 қызметкер бар. Ғалымдары тарапынан 115 кітаптар, монографиялар, ұсыныс кітапшалар, әдістемелік нұсқаулықтар мен ғылыми еңбектер жинақтары жарық көрді. 2000-2025 жылдардағы зерттеулердің нәтижесінде тәжірибе станциясы селекционерлері бәсекеге қабілетті 13 жаңа мақта сортын шығарды. Отандық мақта сорттары облысымыздағы мақта егісінің 55-60%-ын құрайды.
Тәжірибе станциясы ғимаратында өңір басшысы шаруа қожалық төрағаларымен кездесіп, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын талқылады. Шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Кездесуде кәсіп иелері отандық мақта сорттарынан шит дайындау үшін мемлекеттік қолдаулар көрсету, «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында берілетін несие, арнайы техника алу сияқты өзекті мәселелерді көтерді.
Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып, қарастырылған мүмкіндіктер туралы баяндады. Биыл «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасы арқылы отандық «Мақтаарал-4011», «Мақтаарал-5027» сорттарының бірінші және екінші репродукциялы тұқымдарының 50%-ы, элита тұқымдарының 70%-ы субсидияланады.
– Бүгінде Үкімет тарапынан тұқым шаруашылығына бірқатар бағдарлама арқылы қолдау көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, техника мен жабдықтарды сатып алуға кеткен шығынның жартысын өтеуге мүмкіндік қарастырылған. Одан бөлек, минералды тыңайтқыштар мен зиянды организмдерге қарсы қолданылатын преператтарды алуға қолдау көрсетілмек. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген жанар-жағармай мен «Кең Дала» бағдарламасының аясында кредиттік ресурстар қарастырылған. Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылдан бері жүзеге асырылуда. Тиімділігі мол, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс басшысы аудандағы Ақ алтын елді мекенінде өткен жылы іске қосылған «ZHANASSYL» мақта өңдеу зауытының жұмысын бақылады. Индустриалды аймақта орналасқан жобаның жалпы құны – 2,5 млрд. теңге. Өндірілген өнімнің 80 %-ы Тәжікстан, Қырғызстан, Чехия, Қытай елдеріне экспортталуда. Мұнда 60 адам қызмет етеді. Зауыт соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Жылына 60 мың тонна мақта талшығын қайта өңдейтін зауытта жиым-терім науқаны кезінде 70-ке жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Өткен жылы кәсіпорын 15 мың тонна мақта қабылдаған.
Осы күні Нұралхан Көшеров Мақтаарал аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа ғимаратында болды. 1984 жылы соғылған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл пайдалануға тапсырылған. Екі қабатты ғимараттың жалпы алаңы – 335 шаршы метр.

ТҮРКІСТАН: САЙРАМДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты.
Осы бағытта Түркістан облысының Сайрам ауданында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлініп келеді. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылында 2023 жылы іске қосылған «OZGE» спорт кешеніне арнайы барды. Аталған нысан жеке кәсіпкер тарапынан салынып, 450 млн. теңге инвестиция тартқан. Спорт кешенінде күрес, волейбол, баскетбол, кіші футбол, гимнастика, жүзу, бокс және үстел теннисі сияқты спорт түріне баулуға барлық жағдай жасалған. Қажетті спорттық құралдармен толық жабдықталған. 351 адам аталған спорт түрлерімен айналысады.
Манкент ауылдық округінде жаңа типтік үлгідегі үш тілде оқытылатын 1200 орындық Әл-Фараби жалпы орта жекеменшік мектебі орналасқан. Жекеменшік мектеп 2022 жылы жеке кәсіпкер Низамхан Сулайманов тарапынан салынған. Қазіргі таңда білім ордасында қазақ, орыс және өзбек тілдерінде білім береді. Аталған білім нысанына табан тіреген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мектеп басшылығы және ұстаздармен кездесті.
Сонымен қатар Ақсу ауылындағы «Рахмет» медиа-студиясына барып, жұмысымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары медиа-студияны жаңа деңгейге көтеру, рухани-мәдени бағытта жаңа жобалар әзірлеу керектігін жеткізді.
Одан соң, аудандағы діни саланың жағдайын талқылау мақсатында «Дәулет баба» мешітінде дін саласының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында діни қызметкерлер өзекті сауалдарын қойды және аудан аумағындағы діни жұмыстар жөнінде пікір алмасты.
Облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан білім ұясында болды. Жауаптылармен және мердігермен кездескен Ертай Алтаев маңызды құрылыстың сапалы жүргізілуі облыс әкімінің қатаң бақылауында екендігін айтып, жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. 600 орындық мектептің құрылысы 2023 жылы басталған. Білім ошағы осы жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

ТҮРКІСТАН: САЙРАМДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ САРАПТАЛДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жұмыс сапарымен Сайрам ауданына барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті.
Ең алдымен Қарабұлақ ауылын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету жобасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қарабұлақ ауылында қазіргі таңда 53 мыңнан астам халық бар. Ауылда орталықтандырылған ауыз су жүйесі жоқ. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп, мәселені түбегейлі шешу проблемасы тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келген болатын.
Бүгінгі таңда «Қарабұлақ ауылын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл облыстық бюджет есебінен қаржы қарастырылып, су резервуарларының қоршау, су ұңғысын қазу және су құбырларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба толығымен іске асырылғаннан кейін ауыл тұрғындары ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етіледі.
Облыс әкімінің орынбасары ауданға жасаған сапары барысында Сайрам, Түлкібас және Төлеби аудандарындағы құқық қоғау органдарының қатысуымен мәжіліс өткізді. Онда өңірлердегі саяси қоғамдық ахуалдың жай-күйі сараланып, алдағы міндеттер пысықталды. Жиында өзекті мәселерді шешу, оларды алдын алу бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.
Мұнан соң Ертай Кенжебекұлы Қарабұлақ ауылының мәдениет үйінде болып, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты. 1977 жылы салынған ауылдық мәдениет үйінің тозығы жетіп, ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Жауаптыларға ғимарат құрылысы үшін сметалық құжаттамаларын әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.
Ауданға жасаған жұмыс сапары Қарабұлақ ауылында орналасқан №41 Жамбыл атындағы жалпы орта мектебінде жалғасып, мектептің ахуалы ортаға салынды. 1968 жылы 904 оқушы орынға арналып салынған мектепте бүгінде 1 428 оқушы білім алуда. Мектептің тозығы жетуіне байланысты техникалық қорытынды алынған. Егер ескі ғимарат бұзылса орын тапшылығымен 3 ауысымға өту қаупі туындайды.
Бұл мәселені шешу мақсатында мектепке қосымша 500 орындық оқу корпусын салу үшін сметалық құжат әзірленген. Облыс әкімінің орынбасары мәселені арнайы хаттамаға түсіріп, бақылауға алынатынын жеткізді.

ТҮРКІСТАНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында «Мансап» орталықтарының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға пробация қызметі есебінде тұрған азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар мен мүгедектігі бар адамдар қатысты. Жәрмеңкелерде «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас» сынды бағдарламалар арқылы бос вакансиялар ұсынылды.

Бұл шара әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және кәсіби бейімделуіне ықпал етуді көздейді. Жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, сұхбаттасты. Сондай-ақ, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы толық ақпараттар алды. Нәтижесінде жәрмеңкелерге 529 жұмыс беруші қатысып, 2 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ, 2318 тұрғын жәрмеңкеге келіп, 1205 адамға тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама берілді.

Айта кетейік, жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, облыста 84 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен 38 рет ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Осы жұмыстардың аясында 14 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.

Түркістанға Ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Сенатының екі оқылымында талқыланып, мақұлданды.

Маңызды құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
Енді Түркістан еліміздің мәдени-рухани астанасы мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ заң жобасы шаһарды туристік орталық ретінде одан әрі дамытуға бағытталған. Басты мақсат — ғасырдан-ғасырға сақталып келе жатқан ескерткіштерді қорғауға алу және ұрпаққа жеткізу. Бұл бойынша археологиялық резерват құрылады.
Түркістан қала әкімдігі мен мәслихатына 44 түрлі жаңа өкілеттіктер беріледі. Арнайы сәулет жоспарлары әзірленеді. Қаланың дизайн коды дайындалады. Туристік әлеуетін халықаралық деңгейге көтеру жұмыстары жанданады. Осы заң шеңберінде Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қажеттілік үшін алынған жерлерге әлеуметтік нысандар салынады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жүргізіліп жатқан зерттеулер 3 жылды қамтыды. Биыл аяқталады. Қорытындысына қарай тиісті министрліктермен бірлесіп жұмыс атқарамыз.
Отырыс барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заң қолданысқа енгеннен кейін оны кең ауқымда іске асыру қажеттілігіне айрықша тоқталды. Түркістанның рухани мазмұнына ерекше мән беріп, елге танытуда тың бағытта белсенді әрекетке көшу керектігін атап айтты. Талқылау кезеңінде депутаттарды алаңдатқан сұрақтарға вице-министрлермен бірге жұмысшы топтың мүшесі әрі облыс әкімдігінің өкілі ретінде жауап бердім.
Түркістанға ресми мәртебе берілуі тек символикалық атаумен шектелмейді. Шаһар ежелден білім мен ғылымның, өркениет пен мәдениеттің ордасы болған. Енді жаңа заманның ағымына сай әлеуметтік-экономикалық, туристік, мәдени-рухани бағыттарда таныла түсетін болады. Осы орайда Түркістан жұртшылығына мәртебелі міндет пен ерекше жауапкершілік жүгі артылып отыр.
@ Түрістан облысы әкімінің орынбасары –  Бейсенбай Тәжібаев