Архив рубрики: Денсаулық

ШАРДАРА АУДАНЫНДА 2 ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында медициналық нысандар салу, дәрігерлік көмекке қолжетімділікті арттыру мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы арқасында халыққа ең қажетті деп табылатын нысандар салынып, тұрғындардың талап-тілегі орындалып жатыр. Осы ретте Шардара ауданындағы Сүткент және Ұзын-ата ауылдарында заман талабына сай жаңа дәрігерлік-амбулатория ғимараттары салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңа амбулаториялар заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтылып, тұрғындарға сапалы әрі уақтылы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Аталған жобалар аудан халқының денсаулығын нығайтып, медициналық инфрақұрылымды дамытуға оң серпін бермек. Сонымен қатар, жаңа медициналық нысандар – ауыл тұрғындарының денсаулығына жасалған қамқорлық деп айтуға болады. Түркістан облысында ауылдық жерлерде жаңа медициналық нысандардың салынуы тұрғындардың талап-тілегіне сай жүзеге асырылып жатыр.

Медициналық нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, ауыл тұрғындары мен медицина саласы қызметкерлерін маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Іс-шара барысында бірқатар медицина қызметкерлері «Шардара ауданына – 60 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан берілген жедел жәрдем автокөліктерінің кілттері салтанатты түрде табысталды. Аталған жобалар – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.

ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

Тәуелсіздік мерекесінде, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Түркістан облысы Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 3 медициналық көмек беру нысаны ел игілігіне тапсырылды. Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы биыл мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталған. Қос нысанда 10 дәрігер 2114 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1960-1961 жылдары салынған ғимараттар апатты жағдайға жеткендіктен қолданыстан шығарылған.

Ал, Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде ашылған «Бәйтерек» дәрігерлік амбудаториясында 10 қызметкер жұмыс істейді. 2150 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1963 жылы салынған ескі ғимараттың тозығы жетуіне байланысты жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған.

Денсаулық сақтау нысандарының салтанатты ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен өзге де азаматтар қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады.

« – Жаңа медициналық нысандар ауыл тұрғындарының денсаулығына жасалған қамқорлық деп айтуға болады. Денсаулық – адам үшін ең басты байлық екенін білесіздер.  Ал сол денсаулықты сақтау мен нығайтуда медициналық қызметтің қолжетімді болуы аса маңызды. Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде Түркістан облысындағы ауылдық жерлерде жаңа медициналық нысандар салынып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуда игілікті істер атқарылуда. Жаңа медициналық нысандардың ең басты пайдасы – медициналық көмектің тұрғындарға жақын болуы. Енді ауыл халқы алғашқы медициналық көмекті дер кезінде ала алады.» – деді, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Медет Қасымов та аталған нысандар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Аса қажетті білікті кадрлармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, медициналық нысанның елге көмек көрсетуге толық дайын екенін айтты. Қонақтар медицина мекемелерін аралап көріп, жұмысымен танысты.

« – Жаңа медициналық нысандардың арқасында ауыл халқы алғашқы медициналық көмекті дер кезінде алып, өз денсаулығына көбірек көңіл бөлетін болды. Қан қысымын өлшеу, екпе алу, дәрігер кеңесі, алғашқы тексерулер секілді көмектерді енді ауылдан шықпай-ақ алуға болады. Бұл аурудың алдын алуға, асқындырмауға үлкен мүмкіндік береді. Әсіресе, ана мен бала денсаулығына жасалып отырған қамқорлықты ерекше атап өткіміз келеді. Жүкті әйелдер тұрақты бақылауда болып, балаларымыздың денсаулығы да басты назарда болады. Бұл – болашақ ұрпақтың дені сау болып өсуіне бағытталған нақты іс-әрекеттер деп есептеймін. Біз ауыл тұрғындары ретінде жаңа медициналық нысандардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеніне, медицина қызметкерлерінің білікті әрі жауапкершілікпен жұмыс атқарып жатқанына да ризамыз. Ауылға жас мамандар келіп, халыққа адал қызмет көрсетіп жүрсе, біз үшін  үлкен қуаныш сол. Осы орайда, ауыл халқы атынан мемлекет басшылығына, облыс және аудан әкімдіктеріне, денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне, құрылысшылар мен осы іске атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қамқорлықтың көрінісі. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, еліміздегі әрбір ауыл сапалы медициналық қызметпен толық қамтылады деп сенеміз. Халықтың денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы екенін ескеріп, жасалып жатқан жұмыстар үшін ауыл тұрғындары әрдайым ризашылығын білдіреді.» – деді ауыл тұрғыны Гүлдариға Мамырәлиева.

Айта кетейік, Жетісай ауданындағы 70 денсаулық сақтау нысанында 486 төсек-орын қарастырылған, 381 ақ желеңді қызмет етеді. Биылғы 8 айда 2242 бала туылып, табиғи өсім 9,6-ны құраған. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында биыл 1 аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Одан бөлек, 2 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында медицина саласын дамыту, ғылым мен технологияның заманауи жетістіктерін қолдана отырып, халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында бүгін Ордабасы ауданы, Қараспан ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Елімізде әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтіп, жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

– Алдымен баршаңызды кеше өткен Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бірінші кезекте билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек» деп, нақты тапсырма жүктеген болатын. Біздің ең басты мақсатымыз – облыстағы әрбір тұрғынның бақытты өмір сүріп, сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Сондықтан тұрғындардың денсаулығын қорғау – өңір дамуының стратегиялық бағыты. Түркістан облысы еліміздің ең серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналуда. Облыста 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі – Қараспан дәрігерлік амбулаториясының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне қызмет етіп, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлеріміз өз істеріне адал болып, еліміздің бұдан әрі дамуына өз үлестерін қоса береді деп сенемін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Нысанның құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын «Лидер Строй» ЖШС атқарды. Жаңа медициналық нысан Түркістан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ордабасы орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК теңгеріміне берілді. Жобаның құны – 201 млн. теңге. 0,25 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы алаңы – 376,9 шаршы метр. Мұнда 52 медицина қызметкері еңбек етеді. Нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Дәрігерлік амбулатория тіс дәрігері, физиотерапия, акушер-гинекология, кеңейтілген мейіргер бөлмесі, тегін дәрі-дәрмек босату орны, дені сау бала бөлмесі, күндізгі ем алу бөлмесі, сүзгі бөлмесі, ине және екпе егу бөлмесі, дезинфекциялық ерітінді дайындау бөлмесі, дәрі-дәрмек қоймасы, педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкерлерге арналған арнайы кабинеттермен қамтылған. Дәрігерлік амбулатория бір мезетте 100 адамды қабылдай алады. Қараспан ауылдық округіндегі ауылдар мен елді мекендерде тұратын 14 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсететін болады. Алдағы уақытта да облыста денсаулық сақтау саласын жақсарту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылады.

Айта кетейік, денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 219 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда 73 нысанға қажеттілік бар. Нақты жоспар түзіп, 3 жылда кезең-кезеңімен шешу жоспарланған. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті.

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА СПОРТТЫҚ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласында заман талабына сай жаңа «A.B.L.» фитнес орталығы ашылды. Қуанышты сәтке облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жұртшылықты құттықтады.


– Түркістан – тек рухани астана ғана емес, сонымен қатар спорт орталығына айналып келе жатқан өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірімізде спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімділігін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр жалпы құны 73 спорт нысанының құрылысы аяқталса, ал биыл 54 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында елімізде теңдесі жоқ екі ірі жоба – ипподром мен ескек есу каналы бар. Бұл – спортты дамытуға және ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекетіміздің берік ұстанымының айқын көрінісі. Біз тек спорттық нысандарды салып қана қоймай, олардың тиімді жұмыс істеуіне және тұрғындар үшін қолжетімді болуына ерекше мән беріп келеміз. Бұл кешен – Түркістан қаласы тұрғындарының денсаулығын нығайтып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыратын маңызды орынға айналатынына сенімдімін, – деген облыс әкімі қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақырды.

Заманауи талаптарға сай салынған фитнес орталығында спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Жаттығу залдары, волейбол және жекпе-жек залы бар. Сонымен бірге бассейн және өзге де дене шынықтыруға қажетті құрылғылармен, бөлмелермен қамтылған.

МЕЙІРГЕРЛЕР КҮНІ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРТА БУЫН МАМАНДАРЫНЫҢ РӨЛІ МЕН МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРУ ТУРАЛЫ

Бүгін, 12 мамыр, Қазақстанда және бүкіл әлемде Халықаралық мейіргер күні – 141 елдің мейіргерлер қауымдастығын біріктіретін кәсіби мереке атап өтілуде.

Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 190 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері, олардың 146 мыңнан астамы – мейіргер жұмыс істейді, ал ауылдық жерлерде шамамен 55 мың маман еңбек етуде.

Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артты. Қызмет аясын кеңейту және өкілеттіктерді беру арқылы мейіргерлер медициналық көмекті командалық үлгіде көрсету жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды.

Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға, пациенттер ағынын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде кеңейтілген практика мейіргерлері өз бетінше келесі қызметтерді атқарады:
• пациенттерді бастапқы қабылдау және динамикалық бақылау;
• медициналық құжаттар мен электрондық жазбаларды жүргізу;
• дәрігердің тағайындауы бойынша ақпараттық жүйелер арқылы тегін рецепт жазу;
• пациенттер ағынын реттеу және сұрыптау, қабылдауға жазу;
• активтерді тіркеу және тұрғындарды МСАК ұйымдарына тіркеу.

Мейіргерлердің жауапкершілік саласына сонымен қатар:
• диспансерлік есептегі пациенттермен жұмыс;
• созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы және әмбебап-прогрессивті патронаж моделі шеңберінде консультация беру, оқыту және патронаж;
• вакцинациялау мен скринингтерді қоса алғанда профилактика шаралары;
• медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейдегі халықтың денсаулығын нығайтуға қатысу жатады.

Денсаулық сақтау министрлігі мамандарды даярлаудың сатылы жүйесін енгізді: стандартты деңгейден бастап мамандардың құзыреттеріне қойылатын талаптарға сәйкес келетін «бакалавриат – магистратура – докторантура» академиялық дәрежелеріне дейін.

Қазақстанда мейіргерлерді 94 медициналық колледж даярлайды, оның ішінде 22-сі – мемлекеттік, 72-сі – жекеменшік. Олардың 39-ы – жоғары медициналық колледж мәртебесіне ие.

Жыл сайын елімізде 23 000-нан астам жалпы бейінді маман даярланады, ал соңғы алты жылдың ішінде қолданбалы бакалавриат дипломы бар 20 000-нан астам мейіргер денсаулық сақтау мекемелеріне жұмысқа орналастырылды.

Мейіргер ісін дамыту жұмыстарын үйлестіру мақсатында еліміздің 20 өңірінде өңірлік үйлестірушілер тағайындалды. Олардың қатарында – практикалық денсаулық сақтау саласының, білім беру ұйымдарының және басқару органдарының өкілдері бар.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі барлық мейіргерлерге халықтың денсаулығын сақтау ісіне қосқан баға жетпес үлесі, біліктілігі, жанашырлығы мен адалдығы үшін шын жүректен алғыс білдіреді. Тек мейіргерлер ғана әрқашан пациенттің жанынан табылады, өмірдің ең қиын әрі жауапты сәттерінде қолдау көрсетеді.

Кәсіби мерекеге байланысты 14-16 мамыр күндері Түркістан қаласында «Мейіргер қызметінің инновациялары мен даму перспективалары» атты халықаралық форум және Қызылорда қаласында «ҚР-да тәуелсіз мейіргер ісінің ең үздік практикаларын енгізу» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1,7 МЛН АЗАМАТ МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕ САҚТАНДЫРЫЛҒАН

Бұл туралы брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.

«Түркістан облысы бойынша 2024 жылы денсаулық сақтау саласындағы Қор арқылы ТМККК мен МӘМС аясында келген бюджет көлемі– 235,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, МӘМС пакетіне – 117,7 млрд теңге, ТМККК пакетіне – 118,2 млрд теңге. Жалпы өткен жылы облыс тұрғындарына 184 медициналық ұйым қызмет көрсетті. Оның 141-і жекеменшік мекеме. Бүгінде Түркістан облысы бойынша 1,7 млн тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Атап өтерлігі, МӘМС қаржысы есебінен стационарлық медициналық көмекке – 35,5 млрд теңге, консультативті–диагностикалық қызметтерге– 15 млрд теңге, жоғары технологиялық оталарға – 978,2 млн теңге, медициналық оңалтуға–7,6 млрд теңге, стоматологиялық қызметтерге – 4,8 млрд теңге, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 16,8 млрд теңге жұмсалған. Сондай-ақ, тұрғындар бейінді мамандардың күнделікті қабылдауы, түрлі анализдер мен КТ, МРТ сияқты диагностикалық қызметтерді алды. Мәселен, өткен жылы өңір халқы құны 2,5 млрд теңге тұратын 151 мың МРТ және КТ қызметін алған»,- дейді Бақыт Торғайбайұлы.

Спикердің сөзінше, облыста МӘМС есебінен жүйесінде сақтандырылған азаматтарға оталар тегін жасалады. Оның ішінде, 4,2 млрд теңгеге 3 мыңнан астам кардиохирургиялық операция, 2,3 млрд теңгеге 1000-нан астам нейрохирургиялық ота, 419,8 млн теңгеге 1000-ға жуық лор бейіні бойынша ота мен электромагнитті есту аппараты орнатылған. Сонымен қатар, 235,6 млн теңгеге 100-ден астам тізе және шат буындарын ауыстыру отасын, 916,8 млн теңгеге 1000-нан астам тамыр және нейротамыр отасын, 80,4 млн теңгеге 16 рет бүйрек және бауыр трансплантациясы жасалды. Бір отаның құны шамамен 5-10 млн теңгені құрайды.

ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР ЧЕМПИОНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Жетісай ауданының спортсүйер азаматтары классикалық белбеу күресінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Әлем чемпионы Біржан Шаймерденге құрмет көрсетіп, ағайын-туыстары тұлпар мінгізді. Ауыл ақсақалдары баталарын беріп, алдағы дүбірлі додаларда жеңіс тіледі.
Шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, чемпионның ағайын-туыстары мен ел ағалары қатысты.
Шаймерден Біржан Ыдырысұлы 1996 жылы ОҚО, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Жетісай қаласындағы «Ю.Гагарин» атындағы мектеп табалдырығын аттап, 2008-2010 жылдары Астана қаласындағы «Қажымұқан Мұңайтпасов» атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында, 2010-2013 жылдары аралығында Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күрес бөлімінде аға жаттықытушы Қанат Сүлейменовтың қол астында жаттыққан. 2014-2018 жылдары Астана қаласындағы «С.Сейфуллин» атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде оқыған.
Спорттық мансабында Біржан Ыдырысұлы 2015 жылы грек-рим күресінен ҚР универсиадасының қола жүлдегері, белбеу күресінен ҚР 7 дүркін чемпионы, 2020 жылы Иран елінің Тегеран қаласында өткен Иран ұлттық күресінен Әлем чемпионы, 2023 жылы Бішкек қаласында өткен белбеу күресінен Гран-при турнирігің қола жүлдегері, Краснодар қаласында өткен Әлем кубогінің қола жүлдегері, 2024 жылы Ресей Федерациясының Казань қаласында өткен Белбеу күресі турнирінде Әлем чемпионы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарының иегері. ҚР Спорт және Туризм министрі Ербол Мырзабосыновтың жарлығымен өткен жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
«Спорт – тек дене шынықтыру мен белгілі бір нормативті орындайтын сала ғана емес, сонымен қатар, тәрбие құралы. Жастарды төзімділікке, табандылыққа, достық қарым-қатынасқа, алдына қойған мақсаттарына жете білуге дағдыландыратын күш. Бүгінгі сенің жеткен жетістіктерің үлкендер үшін мақтаныш болса, ізіңнен ерген інілерің үшін үлгі» деген аудан басшысы спортшы мен атасы Шаймерден ақсақалға сый-сияпат жасады.

РЕТТЕУДІҢ ЖАҢА ТЕТІГІ ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫҢ БАҒАСЫН ТӨМЕНДЕТУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Қазақстанда ТМККК, МӘМС шеңберінде ем алатын пациенттерді қамтамасыз ету үшін  және дәріханалардың бөлшек сауда желісінде сатылатын препараттардың шекті құнын төмендетуді көздейтін дәрілік заттардың бағасын реттеудің жаңа тетігі жұмыс істейтін болады, деп хабарлады Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингі барысында.

Дәрі-дәрмектің шекті құнын төмендету құралдарының бірі бұрын дәрі-дәрмектің құнына енгізілген қосымша шығыстарды алып тастау болады: маркетинг (30%-ға дейін), көлік (15%-ға дейін) және сапаны бағалау шығындары.

Үстеме бағалардың регрессивті шкаласын қайта қарау нәтижесінде оларды қолдану шегі айтарлықтай төмендеді: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде олар 20%-ға дейін, көтерме сату үшін – 25%-ға дейін, ал бөлшек сауда үшін – 30%-ға дейін (бұрын 55%-бен салыстырғанда).

Реттеу, шекті бағалар мен үстеме бағаларды қалыптастыру қағидаларының жаңа редакциясында генериктерге бағаны бастапқы дәрілік зат бағасынан 30 %-ға төмендету көзделген.

Егер бастапқы препарат нарықта болмаған жағдайда, отандық аналогтың шекті құны импортталатын дәрілердің орташа бағасынан аспауға тиіс. Мұндай саясат бәсекелестікті ынталандыруға және барлық тараптар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ете отырып, отандық өндірушілер үшін жағдайларды жақсартуға мүмкіндік береді.

Жүйенің ашықтығын арттыру үшін мемлекеттік ақпараттық порталдармен, атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетімен интеграция енгізілетін болады. Бұл шара дәріханалардың кедендік декларациялары мен кассалық чектерінің деректерін мониторингтеу арқылы дәрілік заттардың бағасын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, референттік елдердің тізімі қайта қаралды: 16-ның орнына Түркия, Ресей, Польша, Беларусь және басқалары сияқты экономикалық жағынан салыстырмалы 10 мемлекет кіреді. Бұл әлемдік тәжірибені ескере отырып, бағаларды дәлірек және өзекті талдауға мүмкіндік береді.

Ержан Нұрлыбаев атап өткендей, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы заңнамалық бастамалардың негізгі міндеті – бұл дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуін тежеуге, нарықтың ашықтығы мен әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін баға белгілеудің тиімді тетіктерін қалыптастыру.

Вице-министр сондай-ақ фармацевтикалық нарықта дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі монополияға қарсы органмен бірлесіп, Жол картасы шеңберінде көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін дәрілік заттардың бағасын кезең-кезеңімен реттеу жөніндегі іс-шаралар жүргізіліп жатқанын еске салды. Осылайша, 2023 жылы бәсекелестік ортаға рецептсіз сатылатын дәрілік заттардың 302 атауы, ал 2024 жылы – рецептсіз сатылатын дәрілік заттардың 952 атауы шығарылды.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-247/2020 міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға шекті бағаларды және үстеме бағаны реттеу, қалыптастыру қағидаларына тиісті өзгерістер (бұдан әрі – Қағидалар) қазірдің өзінде ҚР Денсаулық сақтау министрінің 25 желтоқсандағы № 110 бұйрығымен бекітілген.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 270 МЫҢНАН АСТАМ АДАМҒА ТҰМАУ МЕН ЖРВИ-ГЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ САЛЫНДЫ

Түркістан облысында 2024 жылы тұмау мен ЖРВИ-ға қарсы 271 348 дана «Гриппол+» екпесін тұрғындарға егу жұмыстары жүргізілді. Жалпы өңір тұрғындарының 12,9%-на екпе егілген. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов мәлімдеді.

«Түркістан облысы бойынша 2024-2025 жылдардағы эпидемиялық маусымда 9 қаңтарға дейін ЖРВИ-дің 125 804 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 69 142 жағдай, 1 жасқа дейінгі балаларда – 9985, жүкті әйелдерде – 7143 ЖРВИ аурушаңдығы анықталды. Жалпы инфекциялық ауруларға, әсіресе ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақсыздығымен сипатталатыны жасырын емес. Аурушаңдық кез-келген уақытта тез көтеріліп, асқыну жағдайы орын алуы ықтимал. Бұған еліміздің алыс-жақын шетелдермен, оңтүстік-шығыс Азия елдерімен саяси-экономикалық, туристік қарым-қатынастың белсенді дамуы өз ықпалын тигізетіні айқын», – дейді спикер.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды қазіргі таңда аймақтағы эпид ахуал туралы баяндады.

«Қазіргі таңда облыс бойынша 685 инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде ересектерге арналған – 240, балаларға арналған – 445. Бүгінгі күні инфекциялық төсек-орында жатқан науқас саны – 486, оның ішінде ересектер саны – 199 болса, жүті әйелдер – 66, сондай-ақ 221 бала тіркелген», – деді Бауыржан Нұрланұлы.

Жедел жәрдем көлігіне кілем тиеген

Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері жедел жәрдем көлігіне кілем тиеп жатқанын көрсететін видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Видео Telegram-дағы “Жалобы Астана” арнасында жарияланды. Кадрда екі ер адамның жедел жәрдем көлігіне кілем тиеп жатқаны көрсетілген. Видео сипаттамада кадрлар Астананың орталық базарында түсірілгені жазылған. “Міне, халқым, біз күтетін жедел жәрдем қайда жүргенін қараңыздар. Бұл енді сұмдық”, – делінген жазбада. Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері KAZ.NUR.KZ тілшісіне болған жайтқа қатысты түсініктеме берді. Ведомство өкілдері видеоға түсірілген көлік “Қалалық психикалық денсаулық орталығындағы” мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының балансында екенін айтты. “Жүргізуші шаруашылық басқармасы басшысының тапсырмасымен Орталық базар аумағына бұрын балалар бөліміне сатып алынған тұрмыстық заттарды (кілемдерді) тиеу үшін барды”, – деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оның барысында қызметтік көліктерді пайдалануға жол берілмейтіні анықталды. “Жүргізуші мен шаруашылық басқармасы басшысы қатаң сөгіс беріліп, тәртіптік шаралар қолданылып, профилактикалық әңгімелер де жүргізілді”, – деді ведомстводағылар.