Архив рубрики: Қоғам

ҒАЗИЗ ДИДАРЫҢ ЖАЗЫМЫЗДА МӘҢГІ ЖАҢҒЫРАДЫ, ӘПКЕ

Рая әпкеміз Қуан әкеміз бен Балажан анамыздың бұлағының тұнығы, отбасының көз қуанышы еді. Ата-анамыздың сенімін ақтаған, көпшілік жақтаған, ағайын-туыс мақтаған әулеттің ақмаңдайлы ару еді Рая әпкеміз!..

Рая Қуанқызы 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті үздік бітіріп, М. Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтының Математика факультетін «Қызыл дипломмен» деп тәмамдады.Ол болашағынан мол үміт күттірген мықты маман еді.

Еңбек жолын орта мектепте бастап, аз уақытта өзінің терең білімі, ізденімпаздығы және еңбекқорлығы арқасында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілген-ді. Ол уақытта ауыл, аудан, облыс көлемінде бұл – үлкен лаузымды қызмет саналатын.

Рая Қуанқызының математика саласына ерекше қабілет-қарымы туралы кезінде Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарған Сейілбек Наурызбаев ағамызбылай деп сыр тиегін ағытқан еді (ағамыз 2019 жылы өмірден өтті):  

– Раяны 1963 жылы бірінші класқа әкесі Қуан ертіп келді. «Осы баламнын көп үміт күтемін. Осы балам оқыса деп едім» деді әкесі. Сол жылы бірінші класқа қабылданып, он жылдық мектепті кілең «бес» деген бағамен бітірді.

Мен өзім мектепте жүргенде бір жағынан математика пәнінен сабақ та бердім. Рая маған «Ағай, сіз сияқты математик, ұстаз болсам деген ойым бар» дейтін. Аман болғанда, үлкен математик болатын еді».

Иә, ұстаз айтса, қалт айтпайтыны анық. Бұған қоса, әріптестері де, оқушылары да, ата-аналар да педагог Рая Қуанқызын мақтан тұтып, ерекше құрметтейтін.

Шын мәнінде, талапшыл, арманы асқақ, ізгі ниетті адамның жақсы қасиеттерін курстарынан артық ешкім біле қоймас. Осы ретте, Рая Қуанқызын курстасы, ұлағатты ұстаз, бүгінде зейнеткер, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Замира Сабекқызы Маханова былайша еске алады:

«Біздің қымбатты курстасымыз Раяның, егер тірі болғанда, 70 жасын тойлаған болар  ма едік! Аллаһ Раяны рақымына алсын, жатқан жері жайлы болсын. Әмин.

Раямен  оқу залында кездесетінбіз. Сабақтан босай қалсақ, тек інілері туралы айтатын. Бауырларының жағдайын, болашағын ойлап, үнемі қалың ойда жүретін, бауырларының қамын жейтін. Рая нағыз бауырмал әпке бола алды. Бауырларының кісі болуына өзі іргетас қалап кетті.

Группада комсорг болып қоғамдық жұмыс атқаратын. Оқытушылармен, деканатпен тығыз араласатын. Соның нәтижесінде, Раяның, әсіресе Беріктің математика факультетін түсуіне, оқуына еңбегі зор болды.

Рая бауыр ретінде інілерінің өмірден өз жолдарын адаспай табуына, жақсы білім алуына көмектесетін. Серік КРУ-да ревизор болып, абыройлы еңбек етті. Біздің ауданға қызметпен келгенде мені фамилиямнан танып, «Раяның курстасысыз ғой» деп, менімен қайта танысып, екеуміз отырып алып Раяны еске алғанбыз. Кездесіп қалсақ, жаны қалмай сәлемдесетін. «Рая тірі болғанда Сіз сияқты аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болар ма еді» деп арманын айтатын, сол кезде көңіліміз босап қалатын.

Біздер, курстастары, оның көзін  көрген құрбылары, дұға жасап бүгін оны еске алып отырмыз! Раяның бауырларына қамқорлығы,берген тәрбиесі, кейінгі ұрпақтар алдында қалдырған жақсы атағы, ізгі естелігі, бүгінгі еске алу шарасы – Раяның даналығының, ізгілердің қатарында екендігінің дәлелі және Рая үшін ең үлкен садақа».

Рая әпкеміздің курстасы Замира Сабекқызыныңестелігін оқып отырып, шын мәнінде, әпкеміздің аз ғана сүрген өмірі мағыналы, мәнді болғанына, артына ізгі естеліктер қалдырғанына көз жеткіземіз. Және де оның Рая әпкемізге деген достық ілтипатын, ерекше құрметін, қимас сезімін сезінбей тұра алмайсың!

…Жылжып жылдар өтуде. Бізде қазір бәрі бар сияқты. Қызмет те, үй-жай да, туыс-туған да, тек ортамызда аяулы әпкеміз Рая Қуанқызының жоқтығы анық сезіледі. Жанымызға қатты батады, өн-бойымызды аяздай қариды.

Рая әпкеміз біздің ортамызда жүргенде қандай еді!.. Жүзі нұрға толып, ақылымен бізді баурап алатын. Бәрімізді бірдей көріп, сөзімізді сөйлеп, ақыл-кеңесін беріп, адаспастай жол көрсететін.

Рая әпкеміздің артында Серік, Берік сияқты бауырлары бар, студент кезінде, аз ғана жыл жұмыс істеген мерзімдегі жасаған амал-әрекеті, адал, мәнсіз қызметі қалды. Олар барда оның ардақты есімі еш уақытта ұмытылмақ емес.

Адам тағдыры о баста жарық дүниеге келгенде маңдайына жазылады деген халқымызда тәмсіл бар. Рая әпкемізге бес күндік жалған дүниеге келіп, ана-ана мейіріміне қанып өсіп, бауырларын көріп, олардың әрқайсысына әпке ретіндегі қамқорлығын көрсетіп, оларды тура жолға салып, курстастармен,  ағайын-туыстармен жақын аралас-құралас болып, аз ғана тіршілігінде олар үшін сыйлас, қимас адам қатарынан болуын жазған тағдырға шүкіршік айтамыз.

Рая Қуанқызының артында қалған қалың орманы – бауырлары ғана емес, олардың ұрпақтары – жас буын өкілдері де үлкендер жолын лайықты жалғастырып, әпкемізге – Раядай аяулы апаларынатағзым етіп, оның атын атап ас беріп, рухына бағыштап Құран аяттарын оқытуы – үлкен адамгершілік әрі иманы іс!

Рая әпкеміз арамызда жүргенде биыл жетпіс жасқа толған болар еді!.. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген сөз бар халқымызда. Жаратқанның жазуына көне отырып, Рая әпкеміздің ардақты есімін тағы да жаңғыртып, көпшілік болып еске алып, мерейтойына орай садақа беріп, құрметімізді көрсетеміз.

Рухың пейіш төрінде шалқысын, абзал әпке!

Ғазиз дидарың біздің жазымызда мәңгіжаңғырады!

Сізді ешқашан ұмытпаймыз!

Бердібек МЕЙІРБЕКОВ      

ТҮРКІСТАНДА АЛҒАШ РЕТ ЖАСТАР АРАСЫНДА «QAZAQSTAN KUBOGY» ХОККЕЙ ДОДАСЫ ӨТІП ЖАТЫР

Түркістан қаласында жастар арасындағы QAZAQSTAN KUBOGY хоккей турнирінің топтық кезеңі өтіп жатыр.

Биылғы турнирге еліміздің әр өңірінен 13 команда қатысып, олар үш топқа бөлінген. Кубок ойындары Павлодар, Теміртау және Түркістан қалаларында ұйымдастырылуда.

Түркістан қаласы турнирдің С тобын қабылдап отыр. Бұл топта төрт команда — «Торпедо» (Өскемен), «Құлагер» (Петропавл), «Алматы» және «Turan Tigers» (Түркістан) бақ сынауда.

Түркістандағы топтық кезең аясындағы алғашқы ойындар бүгін, 27 тамызда, «Торпедо» – «Құлагер» кездесуімен басталды. Ал кешкі 19:00-де мұз айдынына алаң иелері — «Turan Tigers» командасы мен «Алматы» командасымен кездесті. Тартысты кездесуге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, спортшыларға қолдау білдірді.

Бұл кездесу Түркістандық жанкүйерлер үшін ерекше маңызға ие. «Turan Tigers» командасы өз алаңында өнер көрсетіп, Қазақстанның жастар арасындағы ең беделді кубоктарының бірі үшін күресін бастайды.

Турнирдің Түркістандағы келесі ойындары да «Түркістан Мұз Сарайында» өтеді. 28 тамызда «Turan Tigers» «Торпедомен» кездессе, 30 тамызда түркістандықтар «Құлагерге» қарсы соңғы топтық ойынын өткізеді.

Алдын ала кезеңнің қорытындысы бойынша үздік командалар турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алады. Жартылай финалдар мен финал 2–3 қыркүйекте Теміртау қаласында өтеді.

QAZAQSTAN KUBOGY — жас хоккейшілердің шеберлігін шыңдап, еліміздің әр өңіріндегі хоккей мектептерін бір алаңда тоғыстыратын маңызды спорттық дода.

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Созақ ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдық нысандардың жұмыс жүйесімен танысты.

Алдымен, автоматтандырылған газ тарату станциясына жол жүріп, онда тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Аралау барысында жауапты сала басшылары газдандыру жобаларының қазіргі жағдайы, абоненттерді көгілдір отынға қосу барысы және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстарын баяндады.

Бүгінде Шолаққорған ауылында 4600 абоненттің табиғи газға қосылуға мүмкіндігі бар. Оның ішінде қазіргі таңда 600 абонент көгілдір отынды тұтынып отыр. Ауданның өзге елді мекендерін де табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жартытөбе, Бабата және Аққолтық ауылдарын газдандыру құрылысы жалғасып жатыр.

Зұлпыхар Жолдасов жауапты мамандарға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, газ желілерін пайдалануға беру кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды және тұрғындарды газға қосу жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, аудандағы орталық ауруханаға барып, хирургия, терапия, жан сақтау және басқа да бөлімдерді аралап мамандардың жұмысымен танысты. Дәрігерлермен кездесіп, күнделікті жұмыстағы өзекті мәселелерді тыңдады.

Кездесу барысында тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы, науқастарды диагностикалау және емдеу шаралары секілді мәселелер сөз болды. Сондай-ақ аудандағы босану көрсеткіштері, ана мен бала денсаулығын қорғау, диагноз қоюдың сапасы және емдік шаралардың тиімділігі жөнінде жауапты мамандардың ақпараты тыңдалды.


Орталық ауруханада қазіргі таңда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысы да назардан тыс қалмады. Жауапты сала басшылары атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

ЖИДЕЛІДЕ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, КАНАЛДАР БЕТОНДАЛУДА

Ауылдың ахуалын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – ондағы инфрақұрылымның жай-күйі. Әсіресе егіншілікпен айналысатын елді мекендер үшін су мәселесінің орны бөлек. Суару жүйесі дұрыс жолға қойылмайынша, шаруаның еңбегі де толық нәтиже бере бермейді. Осы тұрғыдан алғанда, Арыс қаласына қарасты Жиделі ауылында қолға алынған каналдарды жаңғырту жұмыстары елді мекеннің болашағы үшін маңызды қадам болып отыр.

Жиделі және Байырқұм ауылдарында қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тұрғындармен кездесуі барысында елді мекендердің әлеуметтік және инфрақұрылымдық жағдайы жан-жақты талқыланды. Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ауылдың дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында суару жүйесі, электр желілері, әлеуметтік нысандар және төтенше жағдай кезінде қажетті қызметтердің қолжетімділігі секілді мәселелер бар.

Жиделіде тұрғындар үшін ең өзекті тақырыптардың бірі – ағын судың тұрақты жеткізілуі. Ауыл шаруашылығы үшін су ресурсының маңызы жоғары болғандықтан, суару каналдарының техникалық жағдайы да үнемі назарда болуы қажет. Осыған байланысты бұған дейін ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген каналдарды бетондау мәселесі биыл нақты іске ұласып отыр. Облыстың қолдауымен Жиделі ауылын сумен қамтамасыз ететін үш каналға бетондау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге каналдардың тармақтарына арнайы лотоктар орнатылуда. Бұл жұмыстар судың арнадан шығып кетуін және топыраққа шамадан тыс сіңуін азайтып, суармалы жерлерге судың тиімді жетуіне мүмкіндік береді. Суару жүйесінің жаңаруы ең алдымен егіншілікпен айналысатын шаруаларға тиімді. Өйткені су уақытында әрі жеткілікті көлемде жетсе, егістікті күтіп-баптау жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Бұл өнімділікті арттыруға, су ресурсын үнемдеуге және шаруалардың шығынын азайтуға ықпал етеді.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев тұрғындармен кездесуде ауылдардың дамуы нақты қажеттіліктерге сүйенуі керектігін атап өтті.

«Тұрғындармен кездесудің маңызы – мәселені кабинетте емес, елді мекеннің өзінде, халықпен бірге талқылау. Ауыл тұрғындары күнделікті өмірде қандай қиындыққа тап болып отырғанын жақсы біледі. Сондықтан олардың ұсыныстарын тыңдап, мүмкіндігіне қарай шешімін табу – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Жиделіде суару каналдарын жаңғырту мәселесінің жүзеге асуы – осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі. Каналдарды бетондау арқылы судың ысырабын азайтып, оны тиімді пайдалануға жағдай жасау көзделіп отыр», – деді қала әкімі.

Әкімнің айтуынша, инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары бір-бірімен байланысты түрде қаралуы қажет. Себебі ауылдың экономикалық белсенділігіне жол, су, электр желісі секілді базалық инфрақұрылым тікелей әсер етеді. Сондықтан тұрғындар көтерген мәселелер тиісті деңгейде зерделеніп, қолданыстағы мүмкіндіктерге сәйкес кезең-кезеңімен шешілетін болады.

Жиделі тұрғындары да каналдардың жаңартылуын көптен күткен жұмыстардың бірі ретінде бағалап отыр.

 

«Біздің ауылда егіншілікпен айналысатын адамдар көп. Сондықтан су мәселесі – жай ғана тұрмыстық мәселе емес, тікелей табысымызға әсер ететін жағдай. Суару кезінде каналдың жағдайы маңызды. Бұрын судың бір бөлігі жол-жөнекей ысырап болатын. Қазір каналдардың бетондалып жатқанын көріп отырмыз. Бұл жұмыстың нәтижесін алдағы уақытта шаруалар сезінеді деп ойлаймыз», – дейді ауыл тұрғыны.

Тағы бір тұрғынның айтуынша, су инфрақұрылымының жақсаруы ауылдың шаруашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Жеріміз бар, еңбек етуге ниетіміз бар. Бірақ су болмаса, егіншілікті дамыту қиын. Сондықтан каналдардың ретке келтірілуі ауыл үшін үлкен көмек. Мұндай жұмыстар жалғаса берсе, жастардың да ауылда қалып, шаруашылықпен айналысуына мүмкіндік көбейеді», – деді Жиделі тұрғыны.

Мәселенің мәні де осында. Су инфрақұрылымы тек бір маусымдық қажеттілікті өтеу құралы емес, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына әсер ететін маңызды жүйе. Каналдардың жағдайы жақсарған сайын су ресурсын жоспарлы пайдалануға, егістік алқаптарды тиімді игеруге және шаруалардың жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік артады. Ал Байырқұм ауылында тұрғындар басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауылдағы электр желілеріндегі ескірген бағаналарды жаңарту, жедел жәрдем және өрт сөндіру бекеттерін салу жөнінде ұсыныстар айтылды. Электр инфрақұрылымының жай-күйі тұрғындардың қауіпсіздігі мен күнделікті тұрмысына тікелей қатысты. Осы мәселе бойынша қала әкімі электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қалған ұсыныстардың да заң талаптары мен қолданыстағы мүмкіндіктер аясында қарастырылатынын айтты.

Байырқұмда тұрғындар үшін жағымды жаңалықтың бірі – салынып жатқан спорт залы кешенінің құрылысы. Кездесу барысында нысан құрылысының барысы да сөз болып, қала әкімі оның жақын күндері аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілетінін атап өтті. Ауыл тұрғындары мұндай әлеуметтік нысандардың елді мекен өміріндегі маңызын ерекше атап отыр. Себебі спорттық нысан ең алдымен балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік береді.

«Ауылда спортпен айналысатын жастар көп. Бұған дейін тиісті орынның болмауы қиындық туғызатын. Жаңа спорт залы ашылса, балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалады. Бұл ауыл үшін жақсы жаңалық деп есептейміз», – дейді Байырқұм ауылының тұрғыны.

 

Тұрғындардың пікірінше, ауылдың дамуы тек бір нысанның салынуымен немесе бір мәселенің шешілуімен шектелмейді. Елді мекенде өмір сүруге қажетті жағдайлардың барлығы біртіндеп жақсаруы керек. Бұл ретте билік пен халық арасындағы тұрақты байланыс маңызды. Қала әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі де осы мақсатты көздейді. Мұндай жүздесулер барысында жергілікті жерде шешімін күткен мәселелер нақтыланып қана қоймай, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері тікелей жауапты мамандарға жеткізіледі.

Қайсар Маңқараев кездесуде тұрғындардың белсенділігіне тоқталып, ауылды дамыту жұмыстары халықтың ұсынысымен сабақтас болуы керектігін айтты.

«Біздің мақсатымыз – айтылған мәселені тыңдап қана қоймай, оның шешу жолдарын қарастыру. Әрбір ұсыныстың өз тәртібі, қаржыландыру мүмкіндігі және жүзеге асыру мерзімі бар. Дегенмен халық көтерген мәселелер назардан тыс қалмайды. Мүмкіндігі бар жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады. Ең бастысы – тұрғындармен ашық байланыс орнатып, атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесін көрсету», – деді әкім.

Жиделі мен Байырқұмдағы кездесулер ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін айқындап, алдағы жұмыстардың басым бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді. Бір елді мекенде суару жүйесін жақсарту маңызды болса, екінші ауылда электр желілері мен әлеуметтік нысандардың жағдайы алдыңғы орынға шығып отыр.

Жиделіде үш каналдың бетондалуы мен олардың тармақтарына лотоктардың орнатылуы – су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған нақты жұмыс. Оның нәтижесі тек суару жүйесінің жақсаруымен шектелмей, ауыл шаруашылығының дамуына да әсер етуі мүмкін. Ал Байырқұмдағы электр желілерін жаңарту және спорт кешенін пайдалануға беру тұрғындардың тұрмыс сапасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

Жалпы, ауылдың тұрақты дамуы үлкен жобалардан ғана емес, тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін нақты мәселелердің шешілуінен басталады. Су арнасының жөнделуі, электр бағанасының жаңаруы, спорт залының салынуы – сырт көзге бөлек-бөлек жұмыстар болғанымен, барлығының түпкі мақсаты ортақ. Ол – ауыл тұрғындары үшін қауіпсіз, қолайлы және тұрақты өмір сүруге жағдай қалыптастыру.

Жиделідегі каналдарды бетондау жұмыстары осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Тұрғындар көтерген мәселенің нақты іске айналуы ауылдағы су инфрақұрылымын жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр. Ендігі міндет – атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы аяқталып, ел игілігіне тиімді қызмет етуі. Ал халықтың ұсынысы мен жергілікті биліктің нақты іс-қимылы өзара үйлескен жағдайда, ауылдардың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол.

МАҚТААРАЛДА МАҚТА МАЙЫН ӨҢДЕЙТІН ЖАҢА ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Мақтаарал ауданында мақта шикізатын терең өңдеуге бағытталған жаңа өндіріс орны бой көтеруде. Аудан әкімі Бақыт Асанов Мақтаарал ауылдық округі, Игілік елді мекенінде орналасқан «Хамро ата» ЖШС-нің мақта майын өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты. Жаңа кәсіпорынның құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде. Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Нысанға қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, өндірістік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, кәсіпорынды 2026 жылдың III тоқсанында іске қосу көзделіп отыр.

Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның негізгі бағыты – жергілікті жерде өндірілетін мақта шикізатын қайта өңдеп, одан жоғары қосылған құны бар өнім шығару. Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 50 мың тоннаға дейін мақта майын өңдеуге мүмкіндік береді. Өндіріс нәтижесінде нарыққа мақта майы ұсынылады. Бұл, ең алдымен, ауданда өсірілетін мақта өнімін тек шикізат күйінде өткізбей, оны терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құн қалыптастыруға жол ашады.Жоба аясында 36 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осылайша жаңа өндіріс жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерліктің дамуына және ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

Зауытты іске қосу үшін қажетті инфрақұрылым мәселелері де кезең-кезеңімен шешілуде. Нысанға газ және ауыз су желілері тартылған, жер учаскесі қажетті мақсатқа пайдалануға дайындалған. Кәсіпорынның электр қуатына қажеттілігі 1500 кВт көлемінде қарастырылған.Өндірістік кешеннің құрылысында заманауи технологиялық шешімдерге басымдық берілген. Қазіргі таңда зауыт аумағында өндірістік ғимараттар, технологиялық желілер мен қажетті инженерлік нысандар бой көтеріп, жабдықтарды іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Мақтаарал – мақта шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі. Сондықтан, мақта шикізатын терең өңдейтін кәсіпорындардың көбеюі аудан экономикасы үшін айрықша маңызды. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттырып қана қоймай, жергілікті шаруалардың өнімін өткізу нарығын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді» – деді, аудан әкімі.

Кәсіпорын басшысы Боев Абдужалилдің айтуынша, қазіргі негізгі міндет – қалған құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, технологиялық жабдықтарды толық орнатып, өндірісті белгіленген мерзімде іске қосу.

САЙРАМ АУДАНЫНДА ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР САЙЛАУШЫЛАРҒА ТИІСТІ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Сайрам ауданында сайлау процесіне қатысатын барлық азаматтардың, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар сайлаушылардың өз конституциялық құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруына ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта аудан аумағындағы сайлау учаскелерінде дауыс беруге келетін азаматтарға қолайлы жағдай жасау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген. Қазіргі таңда Сайрам ауданында 10 690 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 18 жастан асқан және сайлау құқығына ие азаматтардың саны – 8 709 адамды құрайды. Ал дауыс беру кезінде ерекше жағдайды қажет ететін сайлаушылар саны – 1 797.

Атап айтқанда, олардың 439-ы кресло-арба пайдаланатын азаматтар болса, 888 сайлаушы – зағип және көру қабілеті нашар азаматтар. Сонымен қатар, есту қабілеті бұзылған 470 азамат сайлау құқығын жүзеге асыру кезінде қосымша қолдауды қажет етеді.

Осыған байланысты ауданның барлық сайлау учаскелерінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беру процесіне толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін жағдайлар қарастырылған. Сайлау учаскелеріне кіріп-шығу кезінде қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалып, олардың ғимарат ішінде еркін қозғалуына және дауыс беру рәсімінен өтуіне қажетті мүмкіндіктер қамтамасыз етілген.

Көру қабілеті нашар және зағип азаматтардың да сайлау учаскесінде өз таңдауын жасауына қолайлы жағдай қарастырылып, дауыс беру процесінде қажетті ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге басымдық берілуде. Есту қабілеті бұзылған азаматтардың да сайлау процесіне қатысуына қажетті жағдайлар назардан тыс қалмаған.

Сонымен қатар, қозғалысы шектеулі азаматтардың сайлау учаскесіне өздігінен жету мүмкіндігі болмаған жағдайда, оларды дауыс беретін орынға жеткізу және дауыс бергеннен кейін тұрғылықты жеріне қайта апару мақсатында арнайы әлеуметтік такси қызметі ұйымдастырылған. Аталған қызмет сайлаушылардың өтініштері негізінде жұмыс істеп, олардың сайлау құқығын пайдалануға нақты мүмкіндік беріп отыр.

Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – азаматтардың денсаулық жағдайына немесе қозғалыс мүмкіндігіне қарамастан сайлау процесіне тең дәрежеде қатысуына жағдай жасау. Өйткені сайлау құқығы – әрбір азаматтың маңызды конституциялық құқықтарының бірі. Сондықтан ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне кедергі келтіретін кез келген жағдайды болдырмау – сайлау процесін ұйымдастырудың маңызды бағыттарының бірі.

Сайрам ауданында сайлау учаскелерінің дайындығы осы талаптарды ескере отырып ұйымдастырылып, сайлаушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өз таңдауын жасауына қажетті жағдайлар қамтамасыз етілуде. Сонымен бірге учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне азаматтардың әр санатына дұрыс қызмет көрсету, дауыс беру кезінде олардың құқықтарын сақтау және қажетті жағдайда көмек көрсету жөнінде тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Осы бағыттағы ұйымдастыру шаралары ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың сайлау науқанына белсенді қатысуына, өз таңдауын еркін білдіруіне және сайлау құқығын толыққанды пайдалануына мүмкіндік береді. Сайрам ауданында инклюзивті сайлау ортасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Шағын операция — шағын ғана жұмыс емес: хирург еңбегінің жауапкершілігі

Көп жағдайда медициналық тәжірибеде жасалатын кейбір хирургиялық процедуралар «шағын операция» деп аталады. Алайда атауына қарап, мұндай ем-шараны қарапайым немесе аса жауапкершілікті қажет етпейтін жұмыс деп қабылдауға болмайды. Кез келген хирургиялық манипуляция адам денсаулығына тікелей қатысты болғандықтан, оның әр кезеңі мұқият дайындықты, дәлдікті, стерильділікті және дәрігердің кәсіби тәжірибесін талап етеді.

Бұл туралы Кентау қалалық емханасының хирург дәрігері Хабиб Хасанов айтып отыр. Оның айтуынша, хирургтің жұмысы тек операциялық процедураны орындаумен шектелмейді. Пациент дәрігердің қабылдауына келген сәттен бастап оның шағымын тыңдау, жағдайын бағалау, қажетті тексерулерді белгілеу, хирургиялық араласуға көрсеткіш бар-жоғын анықтау және процедурадан кейінгі күтім бойынша кеңес беру – маман жұмысының маңызды бөлігі.

«Шағын операция» деген сөздің өзі хирургиялық процедураның қауіпсіздік талаптары жеңілдейді дегенді білдірмейді. Керісінше, кез келген манипуляция кезінде инфекцияның алдын алу, стерильді жағдайды сақтау, медициналық құралдарды дұрыс пайдалану және пациенттің жағдайын бақылау басты назарда болуы қажет. Кентау қалалық емханасының хирургия кабинетінде пациентке қажетті медициналық көмек көрсету бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Ең алдымен дәрігер науқастың жағдайын бағалап, шағымдары мен медициналық көрсеткіштерін ескереді. Қажет болған жағдайда қосымша тексерулер тағайындалып, алдағы процедураның тәртібі түсіндіріледі.

Хирург Хабиб Хасановтың айтуынша, медициналық процедураның сәтті өтуі тек дәрігердің техникалық шеберлігіне ғана емес, пациенттің де дәрігер нұсқауларын дұрыс орындауына байланысты.

– Кез келген хирургиялық манипуляцияға жауапкершілікпен қарау керек. Процедураның көлемі шағын болғанымен, оның қауіпсіздік талаптары үлкен операциялардан бөлек емес. Сондықтан пациенттің жағдайын алдын ала бағалау, стерильділікті сақтау және процедурадан кейінгі күтімге мән беру өте маңызды. Әсіресе пациенттерге өз бетімен ем жасауға, жараны белгісіз тәсілдермен өңдеуге немесе медициналық құралдарды қолдануға болмайтынын үнемі түсіндіреміз, – дейді дәрігер.

Хирургияда дәлдік аса маңызды. Дәрігердің әрбір әрекеті пациенттің денсаулығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан хирург мамандығы тек медициналық білімді ғана емес, жинақылықты, ұқыптылықты, сабырлылықты және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Хабиб Хасановтың еңбек жолында мұндай жауапкершілік күнделікті тәжірибенің ажырамас бөлігіне айналған. Пациентпен дұрыс қарым-қатынас орнату да хирург еңбегінің маңызды қыры. Өйткені медициналық процедура алдында көптеген адамда қорқыныш немесе алаңдаушылық болуы мүмкін. Мұндай кезде дәрігер пациентке процедураның мәнін, оның қалай жүргізілетінін және кейін не істеу керектігін түсінікті тілмен жеткізуі қажет.

Маманның айтуынша, пациенттің медициналық сауаттылығы да асқынулардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Әсіресе үй жағдайында жараны дұрыс күтпеу, дәрігер ұсынбаған дәрілерді пайдалану, жараны өз бетінше ашу немесе тігісті уақытынан бұрын алуға әрекет жасау сияқты әрекеттер денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан хирургтің негізгі кеңестерінің бірі – кез келген күмәнді жағдайда өздігінен емделмей, медицина маманына жүгіну.

«Адамдар кейде терідегі кішкентай жараны, іріңдеген жерді немесе басқа да хирургиялық мәселелерді өз бетімен емдеуге тырысады. Бірақ сырттай қарағанда қарапайым болып көрінген мәселенің артында күрделі себеп болуы мүмкін. Сол себепті уақытты жоғалтпай, маманға қаралған дұрыс. Ерте жүгіну емді жеңілдетуге және асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді», – дейді Хабиб Хасанов.

Дәрігердің айтуынша, халық арасында медициналық көмекті кейінге қалдыру мәселесі де кездеседі. Кейбір азаматтар ауырсыну күшейгенде немесе жағдайы нашарлағанда ғана емханаға жүгінеді. Ал кей жағдайда аурудың алғашқы белгілерінде маманға қаралу арқылы мәселені әлдеқайда жеңіл жолмен шешуге болады. Хирург жұмысының тағы бір маңызды бағыты – профилактика. Дәрігер пациентке тек бүгінгі процедураға қатысты емес, болашақта денсаулығын сақтау жөнінде де кеңес береді. Жарақаттың алдын алу, жараны дұрыс күту, жеке гигиенаны сақтау, созылмалы мәселелер кезінде дәрігер бақылауында болу – хирургиялық аурулардың алдын алуға ықпал ететін қарапайым, бірақ маңызды шаралар.

Медицинада нәтиже бір ғана процедурамен өлшенбейді. Пациенттің операцияға дейінгі жағдайы, процедураның қауіпсіз орындалуы және одан кейінгі күтімі біртұтас емдеу процесін құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, хирургтің еңбегі көрінбейтін көптеген жауапкершіліктен тұрады. Кентау қалалық емханасының хирургия кабинетінде жүргізілетін жұмыстардың негізгі мақсаты да – тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсету. Ал бұл мақсатқа жетуде дәрігердің кәсіби білімімен қатар, медициналық тәртіп пен санитариялық талаптарды сақтау ерекше маңызға ие.

Хабиб Хасанов тұрғындарға қарапайым қағиданы есте сақтауға кеңес береді: денсаулыққа қатысты мәселе туындағанда оны елемеуге де, өз бетімен емдеуге де болмайды. Әсіресе хирургиялық сипаттағы жарақаттар мен қабыну белгілері байқалған жағдайда медициналық маманға уақытылы жүгіну қажет. Хирург үшін әр пациент – жеке жауапкершілік. Әрбір шағын процедураның артында адамның денсаулығы, сенімі және дәрігерге артқан үміті тұр. Сондықтан «шағын операция» деген атау оның маңызын төмендетпейді. Керісінше, көлемі қандай болса да, кез келген хирургиялық араласу кәсібилік пен ұқыптылықты қажет етеді.

Дәрігер Хабиб Хасановтың күнделікті еңбегі – осы қағиданың нақты көрінісі. Пациенттің жағдайын бағалаудан бастап, процедураны қауіпсіз жүргізу, кейінгі күтімді түсіндіру және қажет жағдайда бақылауға алу – хирург мамандығының үлкен жауапкершілігін көрсетеді. Денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі. Оны сақтаудың маңызды жолы – аурудың алдын алу, дәрігер кеңесіне құлақ асу және медициналық көмекке уақытылы жүгіну. Ал хирургтің еңбегі – осы жолда пациентке кәсіби әрі қауіпсіз көмек көрсету.

АИТВ-инфекциясын ерте анықтау – қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды бағыты

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Кентау қалалық емханасында» тіркелген халық арасында АИТВ-инфекциясының кеш анықталу жағдайларына талдау жүргізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – инфекцияны анықтау мерзімдерін саралау, кеш диагностикалауға алып келетін себептерді зерделеу және АИТВ-ның алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру.

Талдау жұмысына «Облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы» басшысының орынбасары Д.Қ. Рыскелдиев және дәрігер-эпидемиолог Д.З. Абдукадирова қатысты. Мамандар медициналық ұйым қызметкерлерімен бірге АИТВ-инфекциясын ерте анықтаудың маңыздылығын, халық арасында тестілеу мәдениетін қалыптастырудың қажеттілігін және профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін талқылады. АИТВ-инфекциясы – адамның иммундық жүйесін зақымдайтын созылмалы инфекция. Оның ерекшелігі – инфекция жұққаннан кейін ұзақ уақыт бойы адамда айқын белгілер байқалмауы мүмкін. Сондықтан адам өзін толық сау сезінгенімен, инфекцияның бар-жоғын тек арнайы зертханалық тексеру арқылы анықтауға болады. Осыған байланысты АИТВ-ны ерте диагностикалау медициналық көмекті дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін маңызды қадам болып саналады.

Дәрігер-эпидемиолог Д.З. Абдукадированың айтуынша, АИТВ-инфекциясын ерте анықтау үшін тұрғындардың медициналық тексеруден уақытылы өтуі және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды.

«АИТВ-инфекциясының бастапқы кезеңі кей жағдайда ешқандай ерекше белгілерсіз өтуі мүмкін. Сол себепті адамның өзін жақсы сезінуі инфекция жоқ дегенді білдірмейді. Кеш анықталған жағдайларда адамның медициналық бақылауға алынуы да кешігуі ықтимал. Сондықтан профилактикалық тексерулер мен АИТВ-ға тест тапсырудың маңызы зор», – деді Д.З. Абдукадирова.

Маманның пікірінше, АИТВ-ға қатысты ақпараттандыру жұмыстарында қорқыныш пен стигмаға емес, нақты медициналық мәліметтерге басымдық берілуі қажет. Тұрғындар инфекцияның берілу жолдары, алдын алу шаралары және диагностика мүмкіндіктері туралы дұрыс ақпарат алған жағдайда, өз денсаулығына қатысты шешімдерді саналы түрде қабылдай алады.

Кездесу барысында АИТВ-инфекциясының кеш анықталуына әсер етуі мүмкін факторларға да назар аударылды. Олардың қатарында профилактикалық тексерулерден уақытылы өтпеу, аурудың алғашқы кезеңінде белгілердің байқалмауы, медициналық көмекке кеш жүгіну және инфекцияға байланысты қалыптасқан әлеуметтік стигма бар. Осы факторлардың алдын алу үшін медициналық ұйымдарда түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізудің маңызы атап өтілді. «Облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы» басшысының орынбасары Д.Қ. Рыскелдиев медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, АИТВ-инфекциясын анықтау тек зертханалық диагностикамен шектелмеуі керек. Пациентті тексеруге бағыттау, нәтижелерді уақтылы саралау, қажет болған жағдайда мамандандырылған медициналық көмекке жолдау және пациентті әрі қарай бақылау бірізді жүргізілуі маңызды.

 

«АИТВ-инфекциясын ерте анықтау – тек бір пациенттің денсаулығына қатысты мәселе емес, қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды бағыты. Инфекция неғұрлым ерте анықталса, адам соғұрлым ерте медициналық бақылауға алынып, қажетті ем қабылдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар өзінің инфекциялық мәртебесін білетін адам алдын алу шараларын сақтап, инфекцияның басқа адамдарға берілу қаупін төмендетуге мүмкіндік алады», – деді Д.Қ. Рыскелдиев.

Мамандар профилактикалық жұмыстарды күшейту барысында бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Өйткені тұрғындармен тікелей байланыс орнататын медицина қызметкерлері аурудың алдын алу, скринингтік және диагностикалық тексерулерге бағыттау, сондай-ақ денсаулықты сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізе алады. АИТВ-ға қатысты ақпараттық жұмыстар халықтың әртүрлі топтарын қамтуы тиіс. Әсіресе жастар арасында инфекцияның алдын алу, қауіп факторлары және қауіпсіз мінез-құлық туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу маңызды. Сонымен бірге медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи диагностикалық тәсілдер туралы ақпаратпен қамтамасыз ету және медициналық ұйымдар арасындағы байланысты жетілдіру де оң нәтижеге ықпал етеді.

Кездесу барысында АИТВ-инфекциясына қатысты стигма мен кемсітушіліктің алдын алу мәселесі де көтерілді. АИТВ диагнозы адамның қоғамдағы құқықтарын шектемеуі тиіс. Мұндай жағдай анықталған кезде пациентке медициналық көмекпен қатар психологиялық және ақпараттық қолдау көрсету маңызды. Адамдардың медициналық ұйымға тексерілуге қорықпай жүгінуіне қолайлы жағдай қалыптастыру – ерте анықтаудың негізгі шарттарының бірі.

Мамандардың пікірінше, профилактика – АИТВ-инфекциясының таралуын азайтудың ең тиімді бағыттарының бірі. Ол үшін халыққа инфекцияның алдын алу жолдарын түсіндірумен қатар, медициналық тексерулердің қолжетімділігі мен ақпараттың түсініктілігін қамтамасыз ету қажет. Әрбір азамат өзінің денсаулығына бейжай қарамай, қажет болған жағдайда АИТВ-ға тестілеуден өтуі маңызды.

Кентау қалалық емханасында жүргізілген талдау нәтижелері алдағы уақытта профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіруге, АИТВ-инфекциясын ерте анықтауға бағытталған шараларды жүйелеуге және медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге негіз болады.

АИТВ-инфекциясын ерте анықтау – уақытылы медициналық көмек көрсетудің, пациенттің денсаулығын сақтаудың және инфекцияның таралу қаупін төмендетудің маңызды шарты. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс тек медицина қызметкерлерінің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігін талап етеді. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау, профилактикалық тексерулерден уақытылы өту және медициналық ақпаратты дұрыс пайдалану – инфекцияның алдын алудың маңызды қадамдары.

ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ТАЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАН 333 АЗАМАТ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛҒАН

Арыс қаласында тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық орындардың көркін жақсарту және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында арнайы жұмысшы топ рейдтік іс-шараларды тұрақты ұйымдастырып келеді.

Кезекті рейд барысында мамандар тұрғын үйлерге іргелес аумақтарды аралап, тазалық талаптарының сақталу жағдайын тексерді. Іс-шара кезінде күл-қоқысты, құрылыс материалдарын және өзге де қалдықтарды белгіленбеген орындарға шығару сияқты құқықбұзушылықтар анықталды. Мұндай әрекеттер қаланың санитарлық жағдайына кері әсер етіп қана қоймай, қоршаған ортаның ластануына және тұрғындарға қолайсыздық туындауына себеп болады.

Рейд барысында анықталған құқықбұзушылықтарға байланысты 9 азаматқа ескерту жасалып, заң талаптары түсіндірілді. Мамандар құқықбұзушылықты қайталаған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын ескертті. Қала аумағында тазалық талаптарын бұзған азаматтарға қатысты атқарылған жұмыстардың нәтижесі де назар аударарлық. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 118, ал 505-бабы бойынша 215 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған. Нәтижесінде абаттандыру және тазалық талаптарын бұзуға қатысты барлығы 333 әкімшілік хаттама рәсімделген.

Мамандардың айтуынша, тазалықты сақтау тек жауапты мекемелердің міндеті емес. Бұл – қала тұрғындарының ортақ жауапкершілігі. Әрбір азамат өз үйінің аумағын таза ұстап, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген жерге шығармауы қажет. Әсіресе құрылыс жұмыстарынан кейін қалған материалдарды көшеге, арықтарға, бос жатқан жерлерге немесе басқа да рұқсат етілмеген орындарға тастауға жол берілмеуі тиіс.

Тазалық талаптарын сақтау – ең алдымен тұрғындардың өзіне қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Таза көше, жинақы аула және абаттандырылған қоғамдық кеңістік қаланың жалпы келбетіне оң әсер етеді. Сондықтан мамандар тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, тазалыққа немқұрайлы қарамауға және өз аумағына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Жұмысшы топтың рейдтік шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Оның негізгі мақсаты тұрғындарды жазалау емес, ең алдымен тазалық мәдениетін қалыптастырып, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру. Мамандар қала тұрғындарын белгіленбеген орындарға қоқыс тастамауға, абаттандыру талаптарын сақтауға және Арыстың тазалығы мен көркеюіне ортақ үлес қосуға үндейді. Қаланың тазалығы – баршаға ортақ міндет, ал оны сақтау әр азаматтың күнделікті мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады.

20 ауыл – бір ұстаным: арақсыз өмір, қауіпсіз орта

Сауран ауданында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың заңға деген құрметін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені басты назарға алынған. Осындай маңызды бағыттардың бірі – тұрғындарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырып, салауатты әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.

Осы мақсатта Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша елді мекенінде «Арақсыз ауыл» жобасы және «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыптары аясында арнайы кездесу өтті. Жиынды Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, жүргізді. Басқосуға аудандық ақсақалдар мен ардагерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, дін қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер қатысты. Кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарының таралуының алдын алу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров «Арақсыз ауыл – берекелі ауыл» бастамасы аясында Сауран ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аудан көлеміндегі 20 елді мекеннің тұрғындары алкогольдік ішімдіктерден бас тарту жөнінде ортақ шешім қабылдаған.

Бұл – бір күнде жүзеге асқан жұмыс емес. Аталған бастама елді мекендердегі ақсақалдар мен белсенді азаматтардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлердің және тұрғындардың ортақ ұстанымы негізінде қалыптасып келеді. Сауран ауданы құрылғаннан бері бес ауыл аталған бастаманы қолдаса, кейінгі кезеңде бұл қатар айтарлықтай толыққан. Бүгінде Үлгілі, Шыпан, Шекербұлақ, Нұртас, Серт, Құмтүйін, Абай, Ескі Сауран, Қаражон, Егізқара, Игілік, Ойық, Мәшһүр Жүсіп, Шойтөбе, С.Қожанов, Жалаңтөс, Бершінтөбе, Қосқорған, Қосмезгіл және Аша ауылдарының тұрғындары алкогольдік ішімдіктерден бас тарту туралы шешім қабылдаған. Аталған шешімдер жергілікті қоғамдастық пен ауыл ақсақалдарының қатысуымен өткізілген жиындардың хаттамалары негізінде қабылданған. Бұл ретте ауыл тұрғындарымен қатар сауда нысандарының иелері де ортақ бастаманы қолдап, алкоголь өнімдерін сатудан бас тарту жөнінде келісімге келген.

Мұндай қадамды тек белгілі бір өнімді сатуға немесе тұтынуға шектеу қою ретінде қарастыруға болмайды. Оның астарында қоғамдық сананы жаңғырту, отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлу, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ауылдағы өзара жауапкершілікті арттыру секілді маңызды міндеттер жатыр. Сауран ауданында бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатымен де сабақтасып отыр. Заңның үстемдігі орныққан, азаматтары құқық пен міндетін жақсы білетін қоғам ғана қауіпсіз әрі тұрақты дами алады. Ал заң мен тәртіпті сақтау ең алдымен күнделікті өмірдегі қарапайым жауапкершіліктен басталады.

Қоғамдық тәртіптің сақталуына алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну, есірткі заттарының таралуы, отбасылық жанжалдар, жастар арасындағы құқық бұзушылықтар кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай мәселелерді тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін қарастыру жеткіліксіз. Ең тиімді жолы – оның алдын алу.

Осы тұрғыдан алғанда, «Арақсыз ауыл» бастамасы профилактикалық жұмыстардың маңызды тетігі ретінде қарастырылады. Себебі тұрғындардың өз еркімен ортақ шешім қабылдауы ауыл ішіндегі қоғамдық бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылыққа деген көзқарасты өзгертеді. Адамдар бір-біріне немқұрайлы қарамай, ауылдың тыныштығы мен қауіпсіздігіне ортақ жауапкершілікпен қарай бастайды. Кездесуде аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Балтабай Ермекбайұлы да сөз сөйлеп, елді мекендерде тәртіп пен берекені сақтауда аға буынның орны ерекше екенін атап өтті. Ақсақалдардың өнегесі, жастарға бағыт-бағдар беруі және отбасылық құндылықтарды дәріптеуі қоғамның рухани тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

Ал құқық қорғау органдарының өкілдері заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Аудан прокурорының орынбасары Ержан Ахметов пен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Түймебаев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіріп, тұрғындарға заң талаптарын сақтау мен құқық бұзушылыққа жол бермеудің маңызын түсіндірді.

«Заң және тәртіп» қағидаты қоғамдағы кез келген құқық бұзушылыққа көз жұма қарамауды талап етеді. Бұл ретте «нөлдік төзімділік» ұстанымының маңызы зор. Яғни қоғамдық ортадағы ұсақ болып көрінетін тәртіпсіздіктерге де немқұрайлы қарамау, заң бұзушылықтың алдын алу және тиісті органдарға хабарлау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.

Қауіпсіз қоғамды қалыптастыру тек полицияның немесе басқа да құқық қорғау органдарының қызметімен шектелмейді. Оның негізі – отбасы, мектеп, еңбек ұжымы, қоғамдық ұйымдар, ақсақалдар, дін өкілдері және жергілікті қоғамдастықтың бірлескен әрекеті. Әсіресе жастар мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық және мәдени іс-шараларға тарту, кәсіптік бағдар беру, еңбекке баулу – зиянды әдеттердің алдын алудың нәтижелі жолдарының бірі. Жастарға тыйым салумен қатар, олардың қызығушылығын арттыратын пайдалы орта қалыптастыру маңызды.

Нашақорлықтың алдын алу мәселесі де кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, жалпы қоғамның міндеті. Әсіресе интернет арқылы таралатын заңсыз ақпарат пен есірткі саудасының жаңа тәсілдеріне қатысты жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.

Отбасы – бұл бағыттағы ең маңызды тәрбие ортасы. Баланың мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымының қалыптасуына ата-ананың үлгісі тікелей әсер етеді. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстану, ішімдік пен есірткінің зиянын түсіндіру, еңбекке және білімге баулу отбасындағы тәрбиеден басталғаны жөн. Ауыл тұрғындарының «Арақсыз ауыл» бастамасын қолдауы осы ортақ жауапкершіліктің нақты көрінісі деуге болады. Себебі ауылдың тыныштығы мен берекесі әрбір тұрғынның әрекетіне байланысты. Бір адамның заң бұзуы немесе қоғамдық тәртіпті бұзуы тұтас елді мекеннің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.

Сауран ауданында қолға алынған бұл бастаманың тағы бір маңызды қыры – қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейту. Тұрғындар өз мәселесін ашық айтып, құқық қорғау органдары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті билік тарапынан ұйымдастырушылық қолдау көрсетілген жағдайда ғана нақты нәтиже қалыптасады. «Қауіпсіз қоғам» қағидаты да осындай өзара іс-қимылға негізделеді. Қауіпсіздік – тек көшеде тәртіп сақтаумен шектелмейтін кең ұғым. Ол адамның үйінде, жұмыс орнында, білім беру мекемесінде, қоғамдық орында өзін қауіпсіз сезінуін білдіреді. Сондықтан қауіпсіз орта қалыптастыру үшін қоғамның барлық мүшесі жауапкершілік танытуы қажет.

Сауран ауданындағы 20 елді мекеннің алкогольдік ішімдіктерден бас тартуы – тұрғындардың қоғамдық тәртіпке деген саналы көзқарасының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай бастамалар бір реттік акцияға айналмай, тұрақты түрде жалғасқан жағдайда ғана өз нәтижесін береді.

Алдағы уақытта да елді мекендерде тұрғындармен кездесулер өткізу, жастармен профилактикалық жұмыстар жүргізу, кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек. Салауатты ауыл – ең алдымен саналы тұрғыннан басталады. Заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, зиянды әдеттерден бас тарту, жастар тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – қауіпсіз әрі берекелі қоғам құрудың берік негізі.

Сауран ауданындағы «Арақсыз ауыл» бастамасы осы құндылықтарды жергілікті деңгейде қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Ал 20 елді мекен тұрғындарының ортақ шешімі – қоғамда «Заң және тәртіп», жауапкершілік пен өзара құрмет қағидаттарын орнықтыруға деген ұмтылыстың айқын көрінісі.