Архив рубрики: Қоғам

“АНА – ОТБАСЫ ЖҮРЕГІ, МЕЙІРІМДІЛІК ТІРЕГІ” ТАҚЫРЫБЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ

Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен “Ана – отбасы жүрегі, мейірімділік тірегі” атты тақырыпта облыстық ісшара ұйымдастырылды.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ашып, қазақта «Ана – отбасы жүрегі, мейірімділік тірегі» деген сөз бар. Аудандағы Әжелер алқасымен қатар, Аналар кеңесі қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен отбасылық тәрбиені насихаттау бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, ұрпақ тәрбиесі жолында елеулі еңбек етіп жатқанын атап өтті.
Түркістан облыстық ядролық Семей полигоны ардагерлер кеңесінің төрағасы Құралтай Салықбаев өз сөзінде қазіргі таңда отбасымен қатар, еліміздің түрлі саласында аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген нәзікжандыларымыз қаншама?! Ұрпақ үшін ана тәрбиесінен асқан алтын қазық жоқ. Бір сөзбен айтқанда, аймағымыздың алға ілгерілеуіне бір кісідей үлес қосып отырған, “бір қолымен бесігін, бір қолымен әлемді” тербететін аналарымыздың орны қашанда төр екендігін жеткізді.
лебізін білдіріп, құттықтады.
Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов айтуынша қазақ халқының дәстүрінде әйел – анаға, отбасы ошағының сақтаушысына, әйел – еңбекқорға деген сый – құрмет ерекше болған. Аналарымызды халқымыз әрдайым құрмет тұтып, жұмақты ана табанының астынан іздеген. Адамзат баласы ана алдында қашанда басын иеді, анаға мәңгілік қарыздар. Өйткені, ана – тіршіліктің тірегі, отбасының алтын діңгегі. Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі, ана қуанышы, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының мерейі саналады, — деп ізгі тілектерін білдірді.
Ісшара барысында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттап, еңбек етіп жүрген әжелер мен аналарымызды Бақытжан Кеңесбекұлы құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хатымен және сыйлықтармен марапаттады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, бұл аналарымыз біздің мақтанышымыз және сарқылмас қазынамыз, – деп жиынды қорытындыланды Бақытжан Кеңесбекұлы.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: СУ АЙДЫНДАРЫНДА БАЛАЛАРДЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫРМАУ КЕРЕК

Түркістан облысында биыл жыл басынан бері 58 адам, оның ішінде 31 жасөспірім бала суға кеткен. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында орын алған. Негізгі себептері – балалардың ата-ананың қарауынсыз қалуы. Бұл туралы брифингте облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді.

«Шомылу маусымы басталғалы бері суға кету фактілерінің басым бөлігі облыс аумағынан өтетін Сырдария, Арыс өзендерінде, каналдар мен суқоймаларда орын алуда. Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, су айдындарына жақын орналасқан аймақта тұратын халыққа 100 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары жүргізілді»-деп баяндады басқарма басшысы.

КЕНТАУДА ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ЖАЙЫНДА АЛҚАЛЫ КЕҢЕС ӨТТІ

Кентау қалалық Ардагерлер ұйымы “Әкелер мектебі” және Әжелер алқасының ұйымдастыруымен “Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс” атты семинар кеңес өтті.

Алқалы жиынға қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, Түркістан облысы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, қалалық Ардагерлер ұйымының төраға міндетін атқарушы Мамыржан Юлдашев, Әжелер алқасының төрайымы Роза Жұмабекова, мектеп басшылары мен білім ордаларының “Әкелер мектебінің” төрағалары, психолог-социолог мамандары, ата-аналар қатысты. Жиында ұрпақ тәрбиесінің қазіргі қоғамдағы маңыздылығы, жастардың дамуы, отбасындағы баланың тәлім-тәрбиесі жайында ой қозғалып, маңызды әңгімелер айтылды.

«-Білім беру ұйымдары мен отбасылық тәрбиенің сабақтастығы баланың даму кезеңінде маңызды рөл атқаратынын естен шығаруға болмайды. Себебі ата-ананың бала дамуына ықпалы орасан зор екені сөзсіз. Ал, мектептердің базасы, педагог қызметкерлердің кәсіби білігі, дамытушы ортаны тиімді құру, заманауи әдістермен тәрбиелеу мен оқыту жүйесін тиімді қолдану басты назарда болғаны дұрыс. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдардың да оқу-тәрбие жүйесіне оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін үздіксіз ендіру және қолдану – уақыт талабы. Бізде ұзақ уақыт бойы мектеп – балалардың басты тәрбиешісі, ал отбасы – оған көмекші әрі одақтас деп саналып келді. Алайда, жеке тұлғаның басты тәрбиешісі отбасының нақ өзі екенін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Әрбір баланы жеке тұлғаға айналдыратын қайталанбас бейнесі отбасында қалыптасады. Ал осыдан тағы бір маңызды қорытынды шығады: ата-аналардың педагогикалық білім-білікпен қарулануы мектеп педагогтарынан кем болмауы тиіс. Әрбір ұлт «өсуі» қажет, яғни ұлттық білім алудың, ана тілін, әдебиеті мен өнерін оқытуды ұйымдастыруға арналған инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысудың, тұтас алғанда оқушылардың өз ұлтының мәдениетіне араласуының қажеттілігін ұғынуы тиіс.» – деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова

Сонымен қатар басқосуда ұрпақ тәрбиесі қоғамдағы басты назарда болып, әрбір ата-ана бала тәрбиесіне мән беру керектігі, мектептерде тәрбие жайында жиындарды жиі ұйымдастырып, мемлекеттің жарқын болашақтарына дұрыс білім берумен қатар, тәрбиесіне аса мән беру керектігі ұсынылды.

Кентаулық Дауенова Наргиза «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаталды.

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспановамен «Махаббатым-кітап, мамандығым-кітапханашы» атты бенефис шоу өтті. Бенефис кеші форматындағы жиын тақырыпқа сай көрме инсталляциясын таныстырумен басталды. Кешті басқарма басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып берді. Кеш кейіпкерінің кітапхана жолында атқарып жатқан еңбегіне тоқталды. Содан соң облыс әкімінің арнайы құттықтау хатын табыстап, сәттілік тіледі.

Кеш барысында кітапхана ісінің майталманы өзінің еңбек жолы жайлы әңгімелеп,облыс кітапханашыларының сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында зиялы қауым өкілдерінің және мемлекет қайраткерлерінің кейіпкер жайлы естеліктері, құттықтау сөздері басылған бейне жолдауы көрсетілді. Жиналған кітапханашылардың көкейіндегі қызықты әрі салалық сұрақтарға жауап беріп, өзінің еңбек жолы туралы естеліктерін әңгемелеп берді.

 

– Кітапханашы – әмбебап маман. Ол философ, тарихшы, түрлі мамандық иесі. Жан-жақты болуы керек. Әрбір оқырманды кітап оқуға баули отырып, болашақ ғалымды тәрбиелеп шығуға ықпал етеді. Кітапхана дегеніміз дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей алып келе жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы деп айта аламыз. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын орталық.  Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашы­ғындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы­на өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек. Кітапхана саласы ақпарат және білім орталығы ретінде, ақпаратты беру мен табу, іздестіру жолдарын білуде кітапханашы мамандар бірінші кезекте, жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері, әмбебап маман болу керек. Кітапханашының жұмысы жаңалыққа құмарлықтан басталады.» – деді кітапхана ісінің майталманы Бақытжамал Оспанова

Кеш соңында «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы кештің маңыздылығына тоқталды. Бұл кештің облыс кітапханашыларына берер тағылымдық мәні өте зор болды. Өйткені өз ісінің хас шебері, жанашыры Бақытжамал Оспанованың кітапқа, кітапханаға деген көзқарасы облыс кітапханашыларының өз істеріне деген құрметін арттыра түскені анық. Іс-шара соңында бірқатар үздік кітапханашыларды, соның ішінде Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Дауенова Наргиза Ергешқызын ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы Қазақстандық кітапханалық одақтың «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Осылайша, білім мен ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуы­на өлшеусіз үлес қосып жүрген Кентаулық Наргиза Ергешқызының еңбегі еленіп, лайықты құрметке бөленді.

Сондай-ақ, бірқатар үздік кітапханашыларға «Кітапхана ісінің ардагері», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілері мен арнайы алғыс хаттар берілді.  Айта кетейік, аталған мазмұнды кешті облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған.

ҚАСЫМ, ЖОМАРТ, КЕМЕЛ. ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮШЕМ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

Келес ауданы, Абай ауылының 33 жастағы тұрғыны 7 қыздан кейін үшем босанып, 10 баланың анасы атанды. Көптен күткен ұлдарына Қасым, Жомарт есімдері, қыздарына Кемел есімі берілген. Түркістан облысында өмірге келген үшем бүгін отбасымен қауышты. Қасым, Жомарт, Кемел – Мыңжасар отбасының көптен күткен қуанышы.
Гүлназ Мыңжасар мерзімінен бұрын – жүктіліктің 33-шы аптасында босанған. Кейбір қарсы көрсеткіштерге байланысты көпбалалы анаға ота жасалған. Әкесі Бахыт Мыңжасар құрылыста жұмыс істейді. Ал анасы жұмыссыз. Балалардың атын анасы қойған. Үшем шала туылған, балалардың салмағы 2000 грамм шамасында болған.
– Ота жасаған және жалпы №1 Перинаталдық орталығының акушерлік блогына үлкен алғысымды білдіремін. Медициналық мекемелерде қолайлы жағдай жасап, заманауи жабдықтармен қаматамасыз еткені үшін және мамандардың жоғары кәсібилігі үшін алғысым шексіз. Есімдерін Президентіміз сияқты үлкен азамат болсын деген ырыммен Қасым, Жомарт, Кемел деп қойдық, – деді үшемнің анасы.
Нәрестелердің салмағы – 1 келі 965 грамм, 1 келі 925 грамм және 1 келі 975 грамм. Үшемнің ата-анасының 7 қызы бар. Қазіргі уақытта қыздары інілері мен сіңлісімен қауышатын күнді асыға күтуде. Сәбилердің ата-анасы №1 Перинаталдық орталығының дәрігерлеріне алғыстарын білдірді.

ТҮРКІСТАНДА ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІН НЫҒАЙТУ МАҚСАТЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Алдымен делегация мүшелері Түркістан қаласында бой көтерген Достық үйінің құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Бұл ретте, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев заманауи үлгідегі Достық үйінің ерекшелігіне тоқталып, бірегей нысанның жоспар-жобаларын таныстырды. Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 3 қабатты ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Аталған ғимарат жақында пайдалануға берілмек.

Сапар аясында елордадан келген қонақтар Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері» тақырыбындағы семинарда сөз сөйлеп, пікір алмасты. Аталған жиынға аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындары директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен психологтары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысты.

– Қазір еліміздегі этностарды ұйыстырып отырған Ассамблея отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде дамып келеді. Былтыр Ақсақалдар кеңесі мен этномедиация институты құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Президентіміздің өзі оң баға беріп, одан әрі жандандыруды тапсырды. Қазір Түркістан, Жамбыл облыстарында этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстары тиімді жүріп жатыр. Ассамблеяның басты миссиясы барлық этностарды қазақ халқының қасына ұйыстырып, бір шаңырақ астына жинау. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылуы керектігін қадап айтты. Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен, 100-ден астам этнос өкілін бауырына басқан киелі мекен. Біз демократияға ден қойған құқықтық елміз. Бұл ретте еліміз 100-ден аса халықаралық конвенцияға, келісімге, декларацияға қол қойған. Яғни, қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды. Бұл орайда, бүгінгі семинардың бәріміз үшін маңызы жоғары деп есептеймін. Толеранттылық қағидасын ұстанып, біртұтастыққа сына қағушыларға иммунитет қалыптастыруымыз керек. Әрине бұл тұста Ассамблеяға артылар жүк ауыр. Сондықтан бұл институтты жан-жақты жаңғырту жұмыстары жалғаса бермек, – деді Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.

Сондай-ақ жиында қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру, жалған ақпараттың таралуына қарсы заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру жайы талқыланды. Бұл ретте, «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед өз тәжірибелерімен бөлісіп, мазмұнды баяндама жасады.

Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Еске сала кетсек, елордадан келген топтың Түркістан облысындағы сапары ертең де жалғасады. Сапар шеңберінде Сарыағаш және Келес аудандарында Ассамблея мүшелерімен, этномәдени бірлестіктер мен аудан тұрғындарымен бірнеше кездесу өтеді деп жоспарланған.

Атом электр стансалары әлемдегі ең қауіпсіз әрі сенімді энергия көздеріне жатады

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында атом энергетикасын дамыту мәселелері бойынша Қазақстанда АЭС салу идеясына қатысты сарапшылардың пікірлері тыңдалды.

«Қазақстандық атом электр стансалары» компаниясының басшысы Тимур Жантикиннің айтуынша, бұл мәселе елімізде электр энергиясының болжамды тапшылығы аясында қауіпсіз әрі экологиялық атом энергиясын дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қаралуда.

«Атом электр стансасын салу мәселесі тоқсаныншы жылдардан бері қарастырылып келеді. Қазір энергия тапшылығы және жұмыс істеп тұрған қуаттардың тозу көрсеткіші артқан жағдайда ол қайтадан өзекті болып отыр. Бұл жерде атом электр стансалары әлемдегі ең қауіпсіз әрі ең сенімді энергия көздеріне жататынын атап өткен жөн», — деп мәлімдеді «Қазақстандық атом электр стансалары» компаниясының басшысы.

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді.

Сапар барысында делегация мүшелері Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан Достық үйінің құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Бұл ретте, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев заманауи үлгідегі Достық үйінің ерекшелігіне тоқталып, жоспар-жобаларын таныстырды.

Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан үш қабатты ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Аталған ғимарат жақында пайдалануға берілмек.

Сапар аясында елордадан келген қонақтар Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері» тақырыбында өтетін семинарда пікір алмаспақ. Сондай-ақ спикерлердің қатарында «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед бар.

Бірлікті бекемдеген жиынға аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындары директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен психологтары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысады.

Елордадан келген топтың Түркістан облысындағы сапары ертең де жалғасады. Сапар шеңберінде Сарыағаш және Келес аудандарында Ассамблея мүшелерімен, этномәдени бірлестіктер мен аудан тұрғындарымен бірнеше кездесу өтеді деп жоспарланған.

АТА ЗАҢ – ТІРЕГІМІЗ!

Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар өз бастауын Конституциядан алатыны белгілі. Мемлекет басшысы Ата Заңымыз – мемлекеттігіміздің тұғыры берік болуын қамтамасыз ететін ең басты құжат екенін айтты. Оның әрбір тармағы мүлтіксіз орындалса ғана әділдік пен заң үстемдігі орнығатынына назар аударды. «Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның нәтижесі халқымыздың бірлігін және елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың барынша қолдау тапқанын көрсетті», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде, еліміздегі барлық жаңару мен жаңғырудың ұйытқысы бола отырып, қоғамдық-саяси үдерістердің бел ортасынан табылуда. Аманаттықтар Конституция нормаларын басшылыққа алып, қазақстандықтардың тұрмысы мен өмір сапасын арттыруға арналған түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыруға кірісті. Демократиялық қағидаларға негізделген Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруда ықпалды саяси күшке айналды.
Партиямыз ашық саяси бәсекелестікті алға жылжумыздың кепілі ретінде айқындап, Ата Заңға енгізілген өзгерістер бойынша жаңғырған сайлау процесінде жаңаша дайындықпен кірісті. Партияның өз ішіндегі қызмет мазмұны жетілдіріліп, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажына негізделген жұмыс сипаты мен тәсілдері белгіленді. Партияның Сайлауалды бағдарламасы аймақтардағы, аудан-ауылдардағы қордаланған мәселелердің шешім табуына бағдарланды. Әр өңірде, аудан, қалаларда Сайлауалды уәделерді нақтылы іске асырудың тетіктерін белгілеген Жол карталары қабылданып, индикаторлық көрсеткіштері айқындалды.

Жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарында көптеген жаңалықтар енгізген конституциялық реформалар, партиялық қызметті шын мәніндегі өзгерістер жаршысы болуына мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда, қоғамға жақсы таныс «AMANAT» партиясы, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыра білген беделді ұйым боп бекіді. Қоғамға пайдалы көптеген бас¬тамалар көтеріп, сайлаушылардың кең қолдауына ие болған нағыз халықшыл партияға айналды.
Конституция бекіткен нормалар бойынша пропорционалды және мажоритарлы аралас сайлау жүйесі енгізіліп, Парламентті қалыптастыру тәртібі мен функциялары қайта жасақталды. Мәслихаттардың рөлін күшейтуде партиялық жүйенің мүмкіндіктері кеңейді. Нәтижесінде, партиямыз адал бәсекелестікті жақтап, тұрғындардың қолдауына ие болуда «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» тағы да басқа халықтың көптеген сұраныстарын дөп басатын іргелі бастамаларды көтеріп, өміршеңдігін қамтамасыз етті.
Ата Заңмен айшықталған бәріне бірдей тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруда, мемлекеттік өкілді органдағы партиялық тізімде әйелдер мен жастарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өкілдік етуге кепілдік беретін квота қарастырылды. Бұл өз кезегінде, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыруға ықпал етіп, түрлі әлеуметтік топтарға жататын тұрғындардың заңды мүдделері мен құқықтарының қорғалуына жағдай жасады. Осылайша, өкілді органдардағы партияның депутаттық фракция алаңдары күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді тиянақты талдап-таразылайтын, байыппен қарап, шешім қабылдайтын сындарлы диалог мінберлеріне айналды.
Конституцияға енгізілген өзгерістердің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттілігімізді мейлінше нығайту және қоғамды үйлесімді дамыту екені белгілі. Жаңа Қазақстанның саяси жүйесін жаңартуда азаматтардың ел басқару және шешім қабылдау процесстеріне қатысуына жол ашылды. Ауыл және аудан әкімін тікелей сайлау, облыс әкімін баламалы негізде тағайындау бойынша жаңа саяси модель қалыптасты. Мұның бәрі азаматтың мемлекеттік негізі институттарды қалыптастыруға тікелей, ашық және инклюзивті қатысуын қамтамасыз етуде.
Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов ауыл әкімдерінің сайлауы, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға бағытталғанын ерекше айтқан болатын. Экономикасы ауылшаруашылығына бейімделген, тұрғындарының 80 пайыздан астамы ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін, ауыл әкімдерінің сайлауы – шын мәнінде, ашық саяси бәсекелестікті білдіретін, қоғамның саяси белсенділігін арттыратын, ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, жергілікті сайлаушыларға таңдау еркін беретін, стратегиялық мәні айрықша қадам болды.
Облыстың барлық аудан, қалаларында филиалдары бар партиямыз, атқарушы билік жауапкершілігінің жоғары болуын қамтуда және партияның басымдықтарын іске асыруда, ауыл әкімдерінің сайлауына өз кандидаттарын ұсынып, халықтың қолдауына ие болған бүгінгі таңдағы ең ықпалды саяси күш болып отыр. Биылғы жылдың өзінде облыс көлемінде 32 ауылдық округтің әкімдерінің сайлауы өтті. Тұрғындардың басым дауысына ие болған әкімдердің 30-ы – «AMANAT» партиясының өкілдері болды.
Осы саяси науқандарда, партия өкілдерінің жеңіске жету көрсеткіші 93,8 пайызға жетті. Яғни, сайлаушылар, партия айқындаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, инфрақұрымды жақсарту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту міндеттерін қолдайды. Әлеуметтік саланы жаңғырту, мектеп, медициналық ұйымдар салу, спорт мекемелерінің желісін ұлғайту, ауыз су, табиғи газ тарту, электр қуатының сапасын арттыру жоспарларының орындалуын жақтайтындарын білдірді.
Партияның Түркістан облыстық филиалы сайланбалы лауазымдарға ие болған партия өкілдерінің өнімді жұмыс атқаруына қолдау көрсетуде және практикалық ұсынымдар әзірлеп, қабылдауда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумын, ауыл әкімдерінің форумын ұйымдастырып, өткізді. Жоғары деңгейде, тиімділік тұрғысынан пайдалы болған бұл жүздесулерде партияның депутаттар және әкімдер корпусымен ынтымақтаса атқаратын жұмыс бағыттары қарастырылып, қоғамның тамырын тап басатын, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге жетелейтін, соған сәйкес, дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті мүмкіндіктер талқыланды. Қоғамға пайдалы бастамалар көтеріліп, олар нақтылы іске асырыла бастады.
Бұл өзгерістердің барлығы Конституциялық реформалармен келген табыстар. Жаңа саяси-құқықтық негіз боп бекіген Ата Заңымыз «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының өзегіне айналып, халық пен биіліктің ұйысқан түрдегі ұстанымын айқындады.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы барша жерлестерімізді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтай отырып, еңбеккерлік дәстүріне адал Түркістан облысының жұртшылығы, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайту ісінен аянып қалмайды деген сенімін білдіреді. Партиямыздың облыстағы жақтастары Ата Заңда белгіленген демократия құндылықтарын ілгерілетуді жүйелі түрде жалғастырып, азаматтардың құқықтарының сақталуына аянып қалмай еңбек етеді деп білемін. Өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруда, ымырашыл жұртымызды ортақ мақсат аясына біріктіріп, қоғамды үйлесімді дамытуда аманаттық өкілдері алдыңғы қатарда сап түзейді деген сенімдемін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ата Заңымыздың айбыны асқақтай берсін!

Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының төрағасы,
Түркістан облыстық мәслихатындағы
партиялық фракцияның жетекшісі

«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: ЭТНОАУЫЛДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды насихаттау кеңінен қолға алынды. Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді.

Қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі асық ату көпшілікке көңіл күй сыйлады. Себебі бұл қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Оны көшпелі этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.

«- Асық ойынының түрлері өте көп. Ол әр өлкеде әртүрлі атауларға ие және ойнау әдіс-тәсілдері-де өзгеше. Сөйте тұра аталмыш ойын түрі осы барлық ерекшеліктерін сақтай отырып дамыған. Осының барлығын салыстыра отырып аталмыш ойын түрін — «үй ішілік» және «далалық” деп екіге бөліп жіктеуге болады. «Үй ішілік» — ойын түрі қазіргі заманауи жағдайға икемделіп — «тақта ойыны» деп аталса, ал, «далалық” түрі — «алаң ойыны» делініп жүр. Мысалы бес табан ойыны үшін көбіне тегіс жерді таңдайды. Ортасына түзу сызық сызады. Оған жағалай асық тізеді. Ойынды бастаушы асық тізілген жерден бес табанға тең аралықты белгілеп алып, шеңбер тартады. Ойыншылар шеңберге кірмей ортадағы асықты атады. Сақа тиген асық міндетті түрде шеңберден шығуы керек. Кім көп асықты атып шеңберден шығарса сол ұтады. Асық қаршуды екі немесе одан да көп бала ойнайды. Қаршуға ықшам асықтар таңдап алынады. Ойыншылар асықтарын иіріп кімнің асығы көп алшы түссе сол ойынды бастайды. Бес асықты жерге тастап, бірін жоғары лақтырып, жердегі асықтың бірін іліп алып, жоғарыдағы асықты қағып үлгереді. Осылай бір-бірден, одан кейін екі-екіден, соңында жердегі төрт асықты бірдей сыпырып алу керек. Келесі кезекте «көпірден өткізу» түріне ауысады. Соңында асықтарды қолдың сыртымен қағып, қол сыртына түскен асықтарды қаршиды. Осылай күрделенген түрде жалғаса береді. Сондай-ақ тақта деген болады. Ол дөңгелек немесе 4–6 қырлы болады. Ойыншылардың қимылына кедергі келтіретіндей үлкен болмауы шарт. Тақта ойыншылардың қалауына немесе ұйымдастырушылардың ұсынысына қарай отырып болмаса түрегеп тұрып ойын жүргізуге қолайлы болу керек. Ал, асық иіруде ойыншы асықты иіргенде көп асық қолына сыймайтын болса екі-үш бөліп иіруіне болады. Иіріп тасталған асық көн киіздің сыртына шашырап кетпеуі қажет. Ондай жағдайда көннен тыс жатқан асық ойыннан да тыс қалады. Былайша айтқанда ойыншы өз мүмкіндігіне толық ие бола алмайды.» – дейді «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетов

Осылайша бұл күні асық атудан ІІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бастар Мұхаммеджан, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Айкен Абдулла, І орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетовтер өзара бөліссе, арқан тартудан ІІІ орын Жетісай ауданының №2 БЖСМ, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының және І орынды Отырар ауданының командалары иеленді.

Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шет елдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді.

Түркістан, Кентау қалаларымен қатар Отырар, Бәйдібек, Жетісай, Сайрам, Абай, Шәуілдір, Созақ аудандарының тұрғындары қатысқан спорттық ойындарда қазақ күресінен де жарыс ұйымдастырылды. Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен ұштасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойларда дәл осы ұлттық спортсыз өтпейді деуге болады. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандарды халық құрметтеп, лайықты марапатын берген.

«-Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақ күрес күш жетілдіретін спорттың түрі. Қазақ күресінде адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Балуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.» -дейді түркістандық палуан Хамза Дидар.

Айта кетейік, бұл күні 20 палуанның ішінде ІІІ орын алған кентаулық палуан Жамалхан Нұрхан 100 мың теңгеге, Il орынға табан тіреген түркістандық Әбдіғаи Бейбарыс 200 мың теңгеге, ал, І орынды иеленіп, «Түйе палуан» атанған түркістандық палуан Хамза Дидар 300 мың теңгеге ие болса, 72 келілік қошқарды белгіленген 3 минутта 52 рет көтерген Оралхан Дербес жеңімпаз атанып, жүлдесіне қошқарды ұтып алды. Гір тасын көтеруде ІІІ орын түркістандық Ж.Маратұлының, ІІ орын жетісайлық А.Пошаевтың, І орын созақтық Б.Жаңабаевтың еншілеріне бұйырса, Садақ атудан түркістандық Рамазан Батыржан, Отырарлық Бауыржан Сейтжаппаров және жетісайлық Марат Абуов өзара жүлделерді бөлісті.

Сонымен қатар, мерейлі мерекелік шараға қатысушылар арқан тартысты қыздыра түсті. Арқан тартыс ойыны- қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынға ұзындығы 10 метрдей жуан кендір арқан керек. Ол арқанның тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды, белгінің екі жағынан бір жарым-екі метрдей жерден тағы да жоғарыдағы тәртіппен белгілейді. Ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді. Олардың саны 10 және 12 адам болуы мүмкін, ойыншылар бойларына қарай қатар түзеп тұрады. Ойын басқарушының берген командасы бойынша қатар түзеп сапта тұрған ойыншылар оң жақ шетінен бастап қатар санын «бір, екі, үш»… деп сол жақ шетіне дейін санап шығады. Сөйтіп тақ жағы бір бөлек, жұп жағы бір бөлек бөлініп шығады. Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына арқандағы үш белгінің екі шеткісін дәл келтіріп керіп тұрады да, арқанның шеткі белгісінен бастап ұшына дейін ойыншылар қос қолдап ұстап тартып тұрады. Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі. Ойыншылардың мақсаты – тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өткізіп әкетсе, сол жағы ұтқан болады, жеңген жағы бәйгесін алады. Ойынды осы жоғарыдағы тәртіппен жүргізе беруге болады. Ойын қимыл бірлігін қалыптастырып, коллективтік іс-әрекетке тәрбиелейді.

Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, ұлттық ойындар кеңінен насихатталған облыстық «Өнерлі өлке» фестивалінде спорттың қол күрес түрінен +70 келі салмақта Шәуілдір, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының, 65 келі салмақта жетісайлық жігіттердің мерейі үстем болды. Қазақ халқын өзге жұрттан ерекшелеп тұратын ең басты артықшылығы ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрі, ұлттық ойындары екені анық. Бұл ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық ойындарымыз ғасырдан ғасырға жалғасып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Ата-бабаларымыздың осындай аманатын кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынның міндеті. Жыл сайын дәстүрге айналған «Өнерлі өлке» облыстық фестивалінің мақсаты да ұлттық мұраларымызды дәріптей отырып, халықтың әдет-ғұрыптарын ұрпақтың тәлім-тәрбие жұмысына пайдалана отырып, атадан балаға жалғасып келе жатқан салт- дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлей білу және әр баланың санасына сәби кезінен қалыптастыру болып табылады.