Архив рубрики: Саясат

Түркістан облыстық мәслихаты тұрақты комиссия отырысын өткізді

VIII шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті екінші сессиясы қарсаңында, облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Тұрақты комиссия отырысына Әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Алмас Салимов төрағалық етті.

Комиссия отырысына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Ә.Әбішов, Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшелері, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының өкілі және облыстық басқарма басшылары, сонымен қатар табиғи газ тасымалдаушы ұйымдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде 23 мәселе қаралды:Комиссия отырысында Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/232-VІI «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және Облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөніндегі есебі мәселелер бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады.

Сонымен қатар, осы отырыста Түркістан облыстық мәслихаты төрағасының облыстық мәслихат қызметін ұйымдастыру, депутаттардың сауалдары мен сайлаушылардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстар және облыстық мәслихат аппаратының қызметі жөніндегі есебі тыңдалды. Тұрақты комиссия мүшелері аталған есепті назарға алып, атқарылған жұмыстарды атап өтті. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз пікірлерін айтып, аталған мәселелерді сессияның қарауына енгізуді ұсынды.

Бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті

Түркістан облыстық мәслихатының бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысын бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы М.Тұрысбеков жүргізіп отырды. Отырысқа облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов, “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы А.Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаттары және облыстық басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібіне төмендегі мәселелер енгізіліп, қаралды.


1. Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/232-VІI «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
2. Облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөніндегі есебі;
3. Түркістан облыстық мәслихаты төрағасының облыстық мәслихат қызметін ұйымдастыру, депутаттардың сауалдары мен сайлаушылардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстар және облыстық мәслихат аппаратының қызметі жөніндегі есебі;
4. Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерістерді келісу туралы;
5. «Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/250-VIІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы.

Күн тәрібіндегі мәселелер бойынша жауапты басқарма басшылары баяндама жасады. Өз кезегінде, тұрақты комиссия мүшелері пікірлері мен ұсыныстарын айтып, аталған мәселелерді сессия қарауына енгізуге ұсынды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша құжаттарды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Жобаға облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша кооператив басшылар мен мүшелерінен құжат қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мамандары және «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев Созақ ауданы, Созақ ауыл округі мен Құмкент ауыл округінде болып, тұрғындарға жобаның нақты бағыттары мен тиімділігін түсіндірді.
 
Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатысады деп жоспарланып отыр. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар. Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.
Кездесу барысында жауапты сала өкілдері несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігудің пайдасы көп екенін атап өтті. Себебі бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды пайдалануға мүмкіндік береді.
Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ ЕКІЖАҚТЫ ВИЗАСЫЗ РЕЖИМ ЕНГІЗЕДІ

Қазақстан азаматтары мемлекеттік шекарадан өткен соң Қытай аумағында 30 күнге дейін визасыз бола алады. Мұндай ереже Қытай Халық Республикасының азаматтарына да қатысты.
Сыртқы істер министрлігі дайындаған қаулыға сәйкес екі ел азаматтары туризм, емделу, транзит немесе іскерлік кездесу мақсатында көрші елде 30 тәулікке дейін болса, виза талаптарынан босатылады.
Егер Қазақстан мен Қытай азаматы көрші елде белгіленген мерзімнен ұзағырақ қалғысы келсе, шекараны кесіп өткенге дейін визаға өтініш беруі қажет.
Сонымен қатар қаулы бойынша тараптардың бірі ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын сақтау мақсатында елге кіру кезінде құжат беруден бас тартуға құқылы. Екі ел арасындағы келісімге 2023 жылдың мамырында, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Қытайға сапары кезінде қол қойылады. Ал құжаттың мәтіні 26 сәуірге дейін қоғам талқысында болмақ.

ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ БЕКЕТТЕРІНДЕГІ БЕНЗИН БАҒАСЫ

ҚР Энергетика министрі А.Сатқалиевтің «Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес, бүгіннен бастап еліміздегі барлық жанармай құю бекеттерінде сұйық отын бағасы өсті.
Мәселен, Аи-80 маркалы бензин 1 литр үшін – 89 теңге, Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин 1 литр үшін – 205 теңге, дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 450 теңге.
Айта кетерлігі, дизель отыны қазақстандықтар жеңілдетілген бағамен сатылады. Отандастарымыз жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 1 тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде 1 литр үшін –295 теңгеге сатып ала алады. Ал жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде 1 тәулігіне 300 литрге дейін көлемде литріне – 295 теңгеге алады.

Үш мегаполисте сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беруге келмеген

ОСК сағат 20.10-дағы жағдай бойынша азаматтардың учаскелерге келуі туралы ақпаратты жариялады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2023 жылғы 19 наурызда сағат 20.10-дағы жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 54,09 % бюллетеньдер алды, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясы.

Алматы, Астана, Шымкентте сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беруге келмеген. Өңірлер бойынша жалпы ақпарат келесідей:

  • Абай облысы бойынша – 57,02%;
  • Ақмола облысы бойынша – 60,01%;
  • Ақтөбе облысы бойынша – 57,45%;
  • Алматы облысы бойынша – 60,03%;
  • Атырау облысы бойынша – 50,22%;
  • Жамбыл облысы бойынша – 65,21%;
  • Жетісу облысы бойынша – 55,32%;
  • Қарағанды облысы бойынша – 59,48%;
  • Қостанай облысы бойынша – 65,10%;
  • Қызылорда облысы бойынша – 66,46%;
  • Маңғыстау облысы бойынша – 54,08%;
  • Павлодар облысы бойынша – 58,68%;
  • Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 65,25%;
  • Түркістан облысы бойынша – 53,01%;
  • Ұлытау облысы бойынша – 58,99%;
  • Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 64,15%;
  • Астана қаласы бойынша – 42,91%;
  • Алматы қаласы бойынша – 25,82%;
  • Шымкент қаласы бойынша – 45,46%.

Үкімет отставкаға кетіп, жаңа құрам жасақталады

Мәжіліс сайлау өткен соң, үкімет отставкаға кетеді. Бұл туралы сенат кулуарында Мәулен Әшімбаев айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Taq.kz сайты

“Біздің конституциямызға сәйкес жаңа сайланған мәжіліс жұмысына кіріскеннен кейін үкімет отставкаға кетеді және жаңа үкімет жасақталады. Президент кімді премьер-министр етіп ұсынады, қандай министрлер тағайындалатыны бұл президенттің құзіретінде. Келесі аптада бұл мәселе шешіліп қалар. Қазір үлкен сайлаудың алдында тұрмыз. Сайлаудан кейін президентіміз үкіметке байланысты шешімдер қабылдайды. Сондықтан осындай жауапты кезең алдында мен баға бермеймін”, – деді сенат төрағасы.

Заманбек Нұрқаділовтың ұлы сайлаудан кандидатурасын алып тастады

Заманбек Нұрқаділовтың ұлы Қайрат Нұрқаділов мәжіліс сайлауынан кандидатурасын алып тастады,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қайрат Нұрқаділов Алматы облысындағы №11 сайлау округі бойынша журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаймен бір жерден сайлауға түскен. Үміткерлердің мақсаттары мен бағдарламалары ұқсас. Осы себепті Нұрқаділов Сәрсенбайға жол беруді ұйғарған.

“Ия, бұл мәлімдемем рас. Дүйсенбі күні Қонаевқа барып, арыз беремін”, – деді Нұрқаділов.

Нұрқаділов бұған дейін әкесі Заманбек Нұрқаділовтің, ал Сәрсенбай бауыры Алтынбек Сәрсенбаевтың ісін жалғастыруды мақсат еткендерін айтқан.

Бейресми кездесудегі өзекті мәселелер

Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді.
Екі елдің басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы қарым-қатынастарды дамыту перспективалары туралы сөз болды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың қазіргі жағдайын және оны нығайту перспективаларын өзара сенім, достық және тату көршілік рухында қарастырды.

Шымкент әуежайының жағдайы халықаралық мәртебеге сәйкес келмейді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шымкент қаласының әкіміне жаңа терминал құрылысын жеделдетуді тапсырды, – деп хабарлайды Тaq.kz ақпараттық порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Сонымен қатар, Премьер-министр Шымкент әуежайының жағдайы халықаралық мәртебеге сәйкес келмейтінін атап өтті.           “Жаңа терминал салу 2018 жылы тапсырылған болатын. Не себептен әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отыр? Қалаға немесе елге келген туристер мен қонақтар ең алдымен әуежайдың жағдайына назар салады. Сол себепті тез арада жаңа терминалды пайдалануға беру керек”, – деді Әлихан Смайылов.

Шымкент қаласының әкімі Марат Әйтенов бүгінгі таңда жоба 80 пайыздан аса аяқталғанын, құрылыс 40 мың шаршы метр алып жатқанын айтты. Ал, терминал 2023 жылдың соңында толығымен пайдалануға берілетінін мәлімдеді.

Үкімет басшысы әкімдікке жұмыстардың барлығын мүмкіндігінше тезірек аяқтап, құрылыстың одан әрі созылуына жол бермеу қажеттігін атап өтті.