Архив рубрики: Саясат

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНДА 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ»

Түлкібас ауданында жаңа өндіріс орындары іске қосылып, 3 мың 635 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 60 млрд. теңгеден асыру жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 10 млрд. теңгеден асатын 9 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2025 жылы 77 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл туралы Түлкібас ауданының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
 
– Тарихы терең, табиғаты тамаша, ел арасында «Кіші Швейцария» атанып кеткен Түлкібас ауданында өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Ауданда 447 млрд. теңгеге 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Атап айтқанда, «Састөбе» инновациялық кешені жылына 100 тонна каустикалық сода, 1 млн. тонна цемент өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Ауыз су және алкогольсіз сусындардың өндірісі іске қосылады. Жылына 2 мың тонна күркетауық етін өндіру және өңдеу жоспарлауда. Нәтижесінде 3 мың 635 жаңа жұмыс орындары құрылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 128 млрд. теңгеге, салық түсімдерін 13,5 млрд. теңгеге арттыру көзделуде. Былтыр ауданда 408 жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 806 жұмыс орны ашылды,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі былтыр 89 млрд. теңгені құраса, биыл 6 айда 36,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бюджеттің өзіндік кіріс көлемі артты. Өнеркәсіп өнімі былтыр 16 млрд. теңгеге жетсе, Биыл 6 айда 7,7 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін 20,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Түлкібас ауданының брендіне айналған 3 мың гектар алма баулары бар. Оның ішінде 664 гектар – қарқынды бау. Қарқынды бауды дамыту нәтижесінде былтыр 32 мың тонна өнім жиналса, биыл оның көлемі 33 мың тоннадан асады. Жыл соңына дейін шағын және орта бизнестің өнім көлемін 51 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 24 жобаны іске асыру көзделіп, 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 188 млн. теңгеге 31 жоба қаржыландырылды.
Былтыр ауданда 2 жаңа мектеп салынды. 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірнеше білім ұяларында жөнделіп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Рысқұлов, Састөбе кентінде 2 мектеп салынбақ. 4 елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пунктердің құрылысы жүргізілуде. Түлкібас ауданы инфрақұрылымы толық дамыған аудандар қатарында. Жаңа тұрғын үйлердің құрылысына инфрақұрылым тарту жұмыстары биыл қолға алынды. Аудан тұрғындарының 99,8%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тозығы жеткен ауыз су құбырларына қайта құру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің осыған дейінгі түлкібастықтармен кездесуі кезінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Атап айтқанда, Машат ауылында облыстық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу үшін 595 млн. теңге қарастырылып, құрылыс толығымен аяқталды. Су құбырлары ауыстырылып, тасжолдар төселді. Ауыз су жүргізу жұмыстары жүргізіліп, ішкі көшелер жөнделуде. Түлкібас кентіндегі мектепті жөндеуден өткізуге қаржы қаралды. Спорт кешені мен интернаттың сәулет-жоспарлау құжаттары дайындалуда.
Кездесуде облыс әкіміне Түлкібас ауданының тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өз өтініштерін жеткізді. Түлкібастықтар өңір басшысынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алудың жолдарын сұрады. Мектеп, балабақша, спорт алаңын салып беру, ішкі жолдарды жөндеу, жайылым және жарықтандыру мәселелерін көтерді. Жеңілдетілген жанар-жағармай мен тыңайтқыш тапшылығы туралы айтты. Сонымен бірге тұрғындар қоқыс полигонынан зардап шегіп жатқанын жеткізді.
Облыс әкімі халықтың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, аса қажетті деген салалардың ең бірінші кезекте қаржыландырылатынын атап өтті. Аудан әкіміне жекеменшік мектеп, спорт нысандарын салуда жергілікті кәсіпкерлерді тартуды тапсырды. Барлық жұмыстар кешенді жоспар аясында жүзеге асатынын айтып, айтылған әр ұсыныс-талап бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма берді.
Сондай-ақ облыс әкімі жеке қабылдауға келген азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, барлық мәселенің заң аясында шешілетінін жеткізді. Дархан Сатыбалдының халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 2755 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

 Түлкібас ауданында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында, кешенді жоспардың барлық бағыттары бойынша 5588 адамды  жұмыспен қамту жоспарланған. Жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 7 айдың көрсеткіші бойынша 2755 адамды құрап отыр. Бұл туралы Түлкібас аудандық Мансап оралығының басшысы Байбатшаев Ерсұлтан Жаңабайұлы мәлімдеді.

Орталық басшысының айтуынша, жалпы жұмыспен қамтылғандардың ішінде «Әлеуметтік жұмыс» орындарына 203 азамат жолданса,  «Жастар практикасына»115 азамат жолданған. Ал, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 43 азамат жолданып, олар өз қызметіне кірісіпті. Сондай-ақ,  «Күміс жас» жобасына 71 азамат жолданса, «Ақылы қоғамдық» жұмысқа 821 азамат орналасқан.

– “Бүгінде ауданда 7 айда 741 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. «Жаңа жұмыс» орнына 56 адам жолданды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бойынша 608 азамат жұмысқа орналасты. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант 44 азаматқа берілді. Бұдан бөлек, ауданымыздағы мүгедектігі бар еңбекке қабілетті 283 адамға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Оның ішінде 8 азамат әлеуметтік жұмыс орнына, 2 азамат жастар практикасына, 2 азамат күміс жас жобасына, 1 азамат алғашқы жұмыс орнына, 45 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 190 азамат «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына, 15 азамат жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант алған және 20 азамат деректер қорындағы бос жұмыс орнына жолданды”, деді Түлкібас аудандық Мансап оралығының басшысы Ерсұлтан Жаңабайұлы.

 

 

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс шаралар қарастыру бойынша нақты міндеттерді айқындап берді. Яғни, еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Дәл осы бағытта, 2023 жылдың 1-шілдесінен бастап, Түркістан облысының аудан, қалаларында еңбек мобильділігін қамтамасыз ететін 20 орталық құрылды. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары, енді мансап орталықтары болып қайта құрылып отыр. Қазіргі таңда, аталған мекемелер «Ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылатын жұмыстарды жүзеге асыруда. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңадан құрылған еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметін де бекітті. Олар:

– Жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімдерін қамтамасыз ету; өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру; жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау; жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру; жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз азаматтарды тіркеу; халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілеттік мемлекеттік органдарды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету.

Қазіргі таңда, Түлкібас ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, “Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейін бағдарламасын” іске асыру, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты да басты назарда. Түлкібас ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары. Аудандық Мансап орталығының басшысы мемлекет осындай қолдауларды жасап жатқанда, азаматтар еңбек етуге ұмтылуы керек екенін айтады.

– “Біздің ауданда еңбек етемін деген тұрғындарға, яғни қос қолға бір күрек табылады. Шағын кәсіп, ауылшаруашлығымен айналысу, туризм бағытында қызмет көрсету бойынша да ауданның әлеуеті жоғары. Сондықтан, мемлекет қолдап тұрғанда, жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. Біз, барынша көмектесуге, жол көрсетуге дайынбыз. Орталықтың негізгі мақсаты «Ұлттық жоба» арқылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бұл орталық жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем береді, кейбіріне уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын да қоса атқарады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.  Негізі, халықтың басым бөлігі мамандығы бойынша еңбек жалақысы жоғары тұрақты жұмыспен қамтылуды қалайды. Ал, ауылдық жерде қыруар қаржы алып, жалақының жоғары болуы екіталай. Ондай мамандықтар бірен-саран. Сол себепті «маған жалақысы жоғары жұмыс қажет» деу орынсыз. Барға қанағат етіп, жұмысыңды жасап, қосымша кәсіп ашып, оны да талапқа сай жүргізіп отырсаң, соның өзі бақыт деп білемін”, – дейді Ерсұлтан Байбатшаев.

 

Айта кетейік, бүгінде электронды еңбек биржасының арнайы сайты бар. Порталдың басты жұмысы- жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Енді, жұмыс беруші өзінің бос жұмыс орны туралы ақпаратты электронды еңбек биржасында жеке кабинеті арқылы беріп, бос жұмыс орындар бойынша мәліметтерді ұсыну туралы міндетті заңнама қағидаттарының іске асырылуын жеңілдетеді. Жалпы, Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалардың бірыңғай платформасында жұмыс орнын табуға көмектеседі. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілер жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға өтінім бере алады.

Түлкібас: “Дипломмен – ауылға” мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі өте жоғары

«Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы тек жастарға, жоғары оқу орнының түлектеріне арналған  жоба емес. Бағдарламаға қатысу үшін жап-жас болу, университет немесе институт бітіру міндет емес. Маманның жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Маманның оқуды қашан аяқтағаны да маңызды емес. Ең бастысы, ауылды көркейтуге үлес қосуды мақсат етіп, ауыл үшін қызмет жасағысы келетін әлеуметтік саланың маманы болуы тиіс.  Нақтырақ айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының және мал дәрігері маманы бағдарламаға қатыса алады. Бүгінде, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы аясында мамандар үшін мемлекет тарапынан көп мүмкіндік, үлкен қолдау, көмек беріліп жатыр. Түркістан облысы Түлкібас ауданында да дәл осы мемлекеттік бағдарламаның жемісін көріп жатқан азаматтар бар. Солардың бірі – Исмайлов Тоқтар Тәжітайұлы. Ол Түлкібас ауданы №1 балалар мен жасөспірімдер мектебінде белбеу күресі бойынша жаттықтырушы болып жұмыс атқаруда. 2014 жылы “Халықтар достығы” университетінің “Дене шынықтыру және спорт” мамандығы бойынша диплом алған. Дипломмен ауылға бағдарламасы арқылы өз мамандығы бойынша жұмыс жасауда.

 

 

 

 

Сондай-ақ, Түлкібас ауданы “Түлкібас агробизнес және саяхат” колледжінде жұмыс атқарып жатқан  Дәурен Досанұлы, бүгінде ұжымда беделді, үздік қызметкерлердің бірі және бөлімше меңгерушісі . Ол, Алматы қаласы Қ.Сәтбаев атындағы”Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде “Радиотехника электроника және телекоммуникациялар ” мамандығы бойынша диплом алған.

 

 

 

 

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында, биыл Түлкібас ауданы Азаттық ауылы “Азаттық” дәрігерлік амбулаториясына жұмысқа қабылданған Мейрбек Жанерке Қанатбекқызы, 2021 жылы Астана медицина университетінің “Интернатура” факультатетін тәмәмдаған. Енді туған жерге келіп,  дипломмен ауылға бағдарламасы арқылы жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмысқа орналасты.

 

 

 

 

Дипломмен-ауылға бағдарламасына қатысушылардың тағы бірі,  Балтабай Ердаулет Махамбетқалиұлы. 2011-2018 жылдары “Астана медицина университетінде”, “жалпы медицина” мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі уақытта “Түлкібас ауданы орталық ауруханасында” “Жансақтау” бөлімінде, реаниматолог – анестезиолог дәрігері болып, өз мамандығы бойынша жұмыс жасауда.

 

 

 

Ал, Нағашбек Меруерт Бахытқызы Түлкібас аудандық орталық ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі. 1989 жылы дүниеге келген. 2016 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін тәмамдап, Түлкібас аудандық орталық ауруханасына жұмысқа орналасқан. Дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша бірреттік жәрдемақы алып, сонымен қатар баспаналы болған.

 

 

 

Усербай Асхат Әбделіұлы. 2011 жылы “Қарағанды медицина университетіне ” түсіп, 2018 жылы “Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін” тәмамдап, “анестезиология және реанимация” мамандығы бойынша диплом алған. 2020 жылы “Дипломмен ауылға бағдарламасы” бойынша “Түлкібас аудандық орталық ауруханасында” Анестезиолог-реаниматолог дәрігері болып, өз мамандығы бойынша жұмыс жасауда.

 

 

Жалпы, жоғарғы оқу орнын аяқтап, мамандық иесі атанған азаматтардың басым бөлігі дәл осы бағдарламаның жемісін көріп келеді. Дипломмен ауылға келген мамандарға мемлекет тарапынан қашанда қолдау бар. Сондай-ақ, жұмысқа қабылданған қызметкерлерде еңбек адамы болып қалыптасып, туған жерін түлетуге өз септігін тигізіп жатыр.

 

ТҮРКІСТАНДЫҚ 40-ҚА ЖУЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ БІР КҮНІН ТҮРМЕДЕ ӨТКІЗДІ

Түркістан облысының лауазымды қызметкерлері ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 түзету мекемесіне барды, деп хабарлайды ТAQ.KZ сайтының тілшісі Түркістан облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатаң режимдік бақылау изоляторына мемлекеттік мекеме басшылары мен олардың орынбасарлары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, жалпы 40-қа жуық адам арнайы автобуспен жеткізілді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары салдары бойынша мемлекетік қызметшілердің санасына әсер ету көзделген бұл сапар барысында түзету мекемесінің басшылық құрамы мемлекеттік қызметшілерге түрмедегі жағдайды көрсетті. Мемлекеттік қызметкерлер сотталушылардың жататын жері, тергеу изоляторы, жеке камера, асхана мен аулаларын аралап көрді.
Шенеуніктер сотталушылардың темір тордың ар жағындағылардың ахуалымен танысты. Қамаудағы жағдайды өз көздерімен көрді.
Ерекше шара шенеуніктер арасындағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын-алу үшін ұйымдастырылды. Мақсат – мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жазаның қалай өтелетінін тікелей таныстыру арқылы жемқорлықтың алдын алу. Пара алғанның барар жері абақты екенін ұғындыру.
«Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге әсер етеді», дейді мамандар. Шара алдағы уақытта да тұрақты түрде жүзеге асырылып тұрады.

ФРАКЦИЯНЫҢ КӨШПЕЛІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Ордабасы ауданында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция мәжілісі өтті. Партияның фракция мәжілісін облыстық партия филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбеталиев ашып, жүргізді. Күн тәртібіне қойылған мәселеге орай мобильді мәжіліс отырысында 2 аудан әкімінің есебі мен басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды. Жиында алдымен мемлекеттік, салалық бағдарламалардың және өңірлік бағдарламалар мен сайлауалды бағдарламаның жол картасының іске асырылу барысы туралы Қазығұрт, Ордабасы аудандарының әкімдері есеп берді.

 

Сондай ақ, халық қалаулыларының алдында бұл күні партияның Сайлауалды бағдарламасы мен жол картасының орындалу барысы туралы Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиев, Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары Р.Сариева және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимов баяндама жасады.

 

 

 

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша өңірлік және сайлауалды бағдарламаның жол картасы бойынша іске асырылып жатқан жұмыстар қарқынды жүруде. Жол картасында көрсетілген нысандар бойынша Партиялық бақылау комиссиясы өз қадағалауына алып, бақылау бекеттерін орнатқан және әр қала, ауданда жауапты депутаттар бекітілген. Бұдан өзге жер, ауыз су және газ мәселесі де, тұрғындарды толғандырып келген мәселе екендігі жасырын емес.

 

 

Мәселен бір ғана Қазығұрт ауданында, «Жер аманаты» жобасы аясында жайылым жер ортақ жайылымға қайтаруға жылдық жоспар 16,9 мың.га болса, бүгінде оның 8,7 гектар жайылым жер аудан қорына қайтарылып, 120 жеке және заңды тұлғалардың құжаттары сотқа жолданған. Сондай ақ, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында жеңілдетілген несие кәсіпкерлерге микрокредит беруге жылдық жоспар 140 кәсіпкер болса, 6 айдың қорытындысымен 64 кәсіпкерге жеңілдетілген несие берілген. Фракция мүшелерінің алдында есеп берген Азизхан Исмайлов жыл соңына дейін жоспар орындалатынын атап өтті. Депутаттар Ордабасы ауданы бойынша кәріз жүйесінің жоқтығын айтты. Аудан әкімі Нұрбек Бақтыбайұлына Жастарды баспанамен қамту, жол жөндеу жұмыстары бойынша арнайы ұсыныс білдірді. Өз жұмыстарын орындамаған кәсіпкерлерді, міндеттемелері талапқа сай болмаған нысандар бойынша заңды шешім шығару керектігін де айтты. Бұдан өзге барлық депуттар өздерін толғандырған сұрақтарын ортаға салып, тиісті жауаптарын алды.

 

Басқосуда Фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбеталиев , хаттамада көрсетілген тапсырмалады орындауды және аудан әкімі мен басқарма басшыларына бір қатар жұмыстарды жүйелендіру керектігін айтып, нақты ұсыныстар берді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Сайдирасулхан Ералиев: Президенттің жолдауы шынайы саяси жаңғыру мен тарихи маңызға ие.

Мемлекет басшысы Қазақстанның қалыпты дамуында қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер билік пен халық диалогы арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал екенін атап көрсеткен болатын. Ұшқыр уақыт, замана желі – әлемдегі геосаяси ахуалды жыл сайын емес, күн сайын өзгертіп жатыр. Бұлжымастай көрінген халықаралық қатынастар, қоғамдық құндылықтар, әлеуметтік, адами байланыстар түбегейлі сынға түсуде. Осы тұста, Президенттің жолдауы шынайы саяси жаңғыру мен кешенді реформаларға бастау боларлық тарихи маңызға ие. Бұл жолдауда қазақстандық қоғамды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің нақты шешімі табылғаны, көкейкесті сұрақтарға жүйелі жауаптар берілгені, халықтың талап-тілектері барынша ескерілгені анық байқалып тұр. Жалпы алғанда, Президенттің жолдауындағы саяси жаңғыру мен реформалауға бағытталған жаңа ұсыныстар мен бастамаларды жүзеге асыру үшін ел Конституциясына 30-ға жуық өзгерістер енгізілуі тиіс екен. Әсіресе мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесін реформалау, ашық және мөлдір сайлау жүйесін құру, партиялық құрылысты демократиялық жолмен жетілдіруге бағытталған Президенттің саяси шешімдері баршаның көңілінен шығып, жалпықоғамдық қолдауға ие болуда.

Қазақстанда бұрын орын алған суперпрезиденттік басқаруды тарихтың еншісіне қалдырып, жаңа кезеңде күшті Парламентке сүйенетін президенттік басқаруға өту – халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құрудың сара жолы. Бүкіл биліктің президенттің қолына шоғырлануы – қауқарсыз парламент, дәрменсіз үкімет пен солқылдақ сотты туындатып, биліктің үш тармағының Президенттің аузына қарап, шарасыз отыруына әкеліп соққаны белгілі. Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай келеңсіздік жойылатынын, әр билік тармағы өзінің құзыретіне сай қызмет жасауы қажет екенін қадап айтты. Сонымен қатар, Президенттің туыс-тумаларының мемлекеттік саяси лауазымды қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы жоғары лауазымдардан  шеттету отбасылық-кландық сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің кепілі болмақ.

Президенттің мемлекеттік басқару жүйесін қағазбастылық бюрократиядан арылтуға бағытталған арнайы жарлығы жедел саяси шешімдер қабылдауға, тиімді әрі нәтижелі мемлекеттік басқаруға жол ашпақ. Ал Президенттің, Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті мен Конституциялық сот төрағаларының, облыс әкімдері мен олардың орынбасарларының ешбір партияның қызметіне араласпауы, партияларды ресми тіркеу талаптарының жеңілдетілуі саяси бәсекелестікке арқау болары сөзсіз. Мұның барлығы қоғамда көптен бері көтеріліп жүрген, бірақ шешімі табылмай келе жатқан саяси мәселелердің алдыңғы қатарында еді. Президент ұсынысымен Парламент Мәжілісінің үштен бір бөлігінің мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайлануы азаматтардың бәсең сайлау құқығын жүзеге асыруға жол ашып, сайланбалы органдарға өзін-өзі ұсынуына кең мүмкіндіктер ашады.

«Ұлт пен мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу менің міндетім деп білемін», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалпы, Президенттің жолдауында ақиқат пен әділдікке сүйенбей, жаңа Қазақстан құру мүмкін емес екенін байқадық. Ендеше ең алдымен билік басындағы шенділерден бастап, қарапайым ел тұрғындарына дейін әділеттің ақ жолына түсіп, мемлекеттік жүйе мен құрылымдардың барлығы сыбайлас жемқорлықтан арылып, ел тәуелсіздігін мәңгі сақтап, байтақ еліміз бен жеріміздің бейбітшілік пен бақыттың мекеніне айналса деген тілегі көкейімізге үлкен сенім ұялатты.

@Ералиев Сайдирасулхан Акбарханұлы

Қайрат Балабиев: Түркістан облысында халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі өте өзекті

Түркістан өңіріндегі ең өзекті мәселенің бірі ауыз сумен қамтылмаған 124 ауылға су құбырын жүргізу жұмыстарын жеделдетуді ұсынып төменгі депутаттық сауалымды ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярға жолдадым.

Құрметті Роман Васильевич!

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтуда. Халқы ең тығыз орналасқан Түркістан облысында ауыз сумен, сапалы ауыз сумен қамту проблемасы бүгінде өткір мәселелердің қатарында.
Елімізде кезең-кезеңімен «Ауыз су» (2000-2010 жж.), «Ақбұлақ» (2011-2014 жж.), «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жер» (2015-2021 жж.) бағдарламаларын жүзеге асыру нәтижесінде Түркістан облысында халықты сумен жабдықтау қызметтерімен қамту көрсеткіші Үкіметтің есептерінде 710 ауылды 93,3% – ды немесе 1 517,3 мың адамды құрайды. Дегенмен, 124 ауылды елді мекендерде су құбыры мүлдем жоқ, 109, 7 мың адам сапалы таза ауыз суға мұқтаж.
Негізгі себептер: технологиялық жүйелердің тозуы, су құбырларының техникалық жай-күйінің төмендігі, су құбырын тазарту құрылыстарының тиімді жұмыс істемеуі, мамандандырылған ұйымдардың болмауы және су құбыры желілері мен құрылыстарына қызмет көрсету және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыс істеп тұрған коммуналдық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының жеткілікті жарақталмауы және т. б.
Үкіметтің есебіне сәйкес, 2022 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыруға 280 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд. теңге және ауылдарда 267 жобаны іске асыруға 113 млрд. теңге қарастырылған. Оның қаншасы Түркістан облысына қарастырылды? 2022 жылы республика бойынша тексеру және санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу барысында Түркістан облысы ауылдық елді мекендердегі су құбыры суының сынамасының санитариялық-химиялық көрсеткіштерге зерттеу жүргізілді ме? Қаншасы нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Оны шешу үшін қандай шаралар қабылдануда?
AMANAT партиясы фракциясы келесі ұсыныстарды енгізеді:
1. Түркістан облысының 124 елді мекенінде ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жедел түрде су құбырларын жүргізу үшін жоспарлы бағдарлама қабылдау керек және жедел түрде су құбырларын жүргізу шараларын іске асыруды.
2. Халыққа берілетін ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігіне әсер ететін технологиялық жабдықты, тарату желілерін, сүзгілерді және өзге де жабдықтарды уақтылы ауыстыруға, тарату желілеріне дезинфекция жүргізуді қадағалау өзекті.
«AMANAT» партиясы
фракциясының депутаты

#Amanat

Шавкат Мирзияев 66 жаста, енді ол 83 жасқа дейін билікте қалуы мүмкін

Өзбекстанның орталық сайлау комиссиясы 1 мамырда Өзбекстан Конституциясы бойынша жексенбілік референдумның соңғы нәтижелерін жариялады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Taq.kz тілшісі

Дауыс беруге қатысқан азаматтардың 90,2%-ы Конституцияны өзгертуге келісті, соның арқасында президент Мирзиеевтің 2040 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндігі бар. Түзетулердің арқасында президенттік мерзім бес жылдан жеті жылға дейін ұзарады.

Президентке үшінші рет сайлауға түсуге мүмкіндік берілген. Қазір Шавкат Мирзияев 66 жаста, енді ол 83 жасқа дейін билікте қалуына болады.

Мирзиеев билікке Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін келді.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы Зайниддин Низамходжаев брифингте анықталған елеулі бұзушылықтарға байланысты Ташкент және Сырдария облыстарында үш учаскеде дауыс беру нәтижелері жойылғанын хабарлады. Осыған байланысты дауыс беру қорытындысына өзгерістер енгізілді.

Референдумға қатысым – 84,5%.

9,35% немесе 1 558 817 адам Мирзиеевтың 2040 жылға дейін билікте болуына қарсы болды.

Заңнамаға сәйкес ОСК референдум өткізілгеннен кейін 10 күннен кешіктірмей, қорытынды бойынша қабылданған шешімді ресми сайтта және ресми дереккөздерде жариялайды. Референдумның орындалуын ұйымдастыру үшін оның қорытындылары ресми жарияланған күні шешім Олий Мәжілісінің палаталарына және президентке жіберіледі.

Сарыағаштың әкімі сырғытпа есеп пен көзбояушылық жасап жүр ме?

” Жұмыс істеп жатырмыз” деген сырғытпа есеп пен көзбояушылық емес, нақты іс керек”. Түркістан облысының әкімі Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды TAQ.KZ тілшісі.

Мұндай ескертулерді Дархан Сатыбалды кезекті көшпелі мәжілісте  айтып, өз саласы бойынша индикаторларды орындай алмай жүрген басшылар мен жауаптыларға жұмысты сапалы атқару керектігін тапсырған.

“Сарыағаш – туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Мұндағы шипажайлар, минералды су бүкіл Қазақстанға әйгілі. Сондықтан жауапты басқармалармен бірлесіп, туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар бар. Аудан әкімдігі бұл мүмкіндіктерді толық пайдалана алмаған. Осы бағытта жұмысты күшейту керек. «Жұмыс істеп жатырмыз» деген сырғытпа есеп пен көзбояушылық емес, нақты іс керек.” – деді, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, көрші мемлекетпен шекаралас ауданның сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндіктер мол екенін айтқан облыс әкімі, тамақ өнімдерін өндіру, туризм саласына тартылған инвестициялардың көлемі бойынша жоспарлар былтыр орындалмағанын мәлім етті.
Елді-мекендердің айналасы күл-қоқысқа тола. Тазалық бойынша жұмыс күшейтілсін. Тазалық болған жерде – талап болады. Арман Айдарұлы, сіз бұл қызметке жақында кірістіңіз. Ауданды дамыту жоспарын назарда ұстап, инвестиция тарту, өнеркәсіп көлемі бойынша осы жылға бекітілген жоспарларға қол жеткізу үшін тиісті басқармалармен бірлесе қажетті шараларды қабылдаңыз” – деді облыс әкімі.
Ал, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция 72,5 пайызға, туризм саласына тартылған инвестиция 71,1 пайызға ғана орындалды. Егін шаруашылығының нақты көлемі индексі 14,6 пайызға кеміген. Ірі қара мал, қой басында өсім байқалмаған. Осыған байланысты өңір басшысы тарапынан Сарыағаш ауданы әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасын талапқа сай жүзеге асыру, жылыжайлар шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенінде жұмысты ширату тапсырылды.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданының жауапты басшыларына бюджеттің жергілікті кірістерін, түсімдерін арттыру жөнінде де нақты тапсырмалар берілді. Сарыағаш ауданында 1125 салық салу нысаны мүліктерін 5 млрд. 824 млн. теңгеге бағалаған. Бірақ аталған нысандардың нарықтық бағалау құны 85 млрд. теңгені құрап отыр, яғни 17 есе жоғары. Бұл – салықтың төмендеуіне әкеліп соғуда.