Түркістан қаласында өңірдің жастары экологиялық тәрбие мен табиғатты қорғауды насихаттау мақсатында «EcoAction» челленджін ұйымдастырды. Іс-шара облыстағы аудан-қалалық «Жастар ресурстық орталықтарының» қатысуымен өтті. Бұл бастама Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ және түркістандық жастардың ұйымдастыруымен жүзеге асырылып, өңірдегі 17 аудан мен қалаларға жолданды. Челлендж аясында өңір орталығының жастары сенбілік ұйымдастырып, оны аймақтарға әлеуметтік желі арқылы жолдады. Кейін өзге өңірдегі жастар челленджі жалғастырды.
Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның басшысы Ернар Бектаевтың сөзінше, бұл бастама экологиялық мәдениетті нығайтуға, жастар арасындағы ынтымақтастық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
«- Табиғатты қорғау мақсатында ұйымдастырылған «EcoAction» челленджі экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашып, өңірлік жастар қауымдастығына үлгі болуда. Сондай-ақ, жастардың қоғамдағы маңызды мәселелерге бей-жай қарамайтынын, табиғатқа деген жауапкершілігін және болашаққа деген қамқорлығын көрсетеді. Мұндай игі шаралар өңірде алдағы уақытта да ұйымдастырылады», – деді «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның басшысы Ернар Бектаев
Жастар – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан олардың табиғатқа, қоршаған ортаға, туған жерге деген көзқарасы бүкіл қоғамның болашақ келбетін айқындайды. Соңғы жылдары жастардың сенбіліктерге қатысуы, көшелер мен саябақтарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптау сынды игі бастамаларға белсенді араласуы қуантады. Бұл – олардың жауапкершілігінің артқанын, ой-санасының өзгергенін көрсетеді. Жастардың белсенділігі арқылы ауылдар мен қалаларымыздың келбеті өзгеріп, тұрғындардың экологиялық мәдениеті қалыптасып келеді. Ең бастысы – тазалықты тек акция кезінде ғана емес, күнделікті өмір салтына айналдыру үрдісі байқалады. Тазалық – тек аула емес, сана тазалығы екенін көпшілігі ұғына бастады. Яғни Мемлекет басшысының экологиялық бастамасы тек қоқыс жинау емес, ол – ой тазалығы, мәдениет деңгейі, жауапкершілік сезімі екенін сезіну керек.
« – Қоршаған ортаны таза ұстау – өз еліне, өз туған жеріне деген құрметтің белгісі. Жастардың осы бағыттағы белсенділігі қоғамға серпін беріп, үлкен буын өкілдерін де ойландырып, ортақ іске жұмылдырып отыр. Жастардың тазалықты өмір салтына айналдыруы – еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан зор үлесі. Бүгінгі саналы қадам – ертеңгі таза, көркейген Қазақстанның кепілі болатыны анық.
Себебі табиғат – адамның тіршілік көзі, өмірдің бастау-бұлағы. Адамның әр тынысы, әрбір күнделікті ісі табиғатпен тығыз байланысты. Сондықтан табиғатқа жанашырлықпен қарап, оны қорғау – әрбір азаматтың ең үлкен жауапкершілігі және адамдық парызы. Бүгінгі таңда қоршаған ортаның ластануы, су мен жер ресурстарының азаюы, ауа сапасының нашарлауы әлемді алаңдатып отырған мәселелердің бірі. Бұл – тек мамандардың немесе тиісті мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның, әр отбасының, әр адамның ортақ міндеті. Табиғатқа деген жауапкершілік ең алдымен қарапайым әрекеттерден басталады. Бұл дегеніміз қоқысты бей-берекет тастамау және суды, электр энергиясын үнемдеу мен жасыл желекті сақтау және көбейту. Одан бөлек жер мен су көздерін қорғау және жануарлар әлеміне мейіріммен қарау. Осындай шағын ғана істер үлкен экологиялық мәдениетті қалыптастырады.
Тазалық – мәдениеттің белгісі. Тазалық – тек сыртқы ортаның емес, адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Табиғатты қорғау арқылы адам өз болашағын қорғап, ұрпағына аманат болатын байлықты сақтайды. Балаға кішкентайынан табиғатты аялауды үйрету – отбасының, мектептің және қоғамның ортақ міндет. Егер бүгін табиғатқа қамқор болсақ, ертеңгі ұрпақ таза ауамен тыныстап, мөлдір судан ішіп, жасыл табиғаттың аясында өсіп-өркендейді. Ал бейқамдық танытып, немқұрайлы қарасақ, оның зардабын келешек кешіреді. Табиғатқа деген жауапкершілік – ұран емес, өмірлік ұстаным болуы тиіс. Әрбір азамат табиғатты қорғауға үлес қосса, еліміз де, жеріміз де, болашағымыз да жарқын болады.» – дейді облыстың жастары.
