24 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ МАГИСТРАЛЬДЫ КАНАЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТІП ЖАТЫР

Ордабасы ауданы Қараспан елдімекенінде жалпы ұзындығы 24,3 шақырымды құрайтын «Қараспан» магистральды каналы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Жобаға тапсырыс беруші Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы. Ал, мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС-і. Жобаның жалпы құны – 3 млрд 344 млн 721 мың 906 теңгені құрайды.

Қазіргі таңда оның 5 шақырымы толық аяқталып отыр. Мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС-ң өкілі Самат Ергешбаевтың айтуынша, каналды жөндеу жұмыстары 2022 жылдың қараша айында басталған. 2024 жылдың соңында канал пайдалануға берілетін болады. Айта кетерлігі канал толық аяқталған уақытта аудандағы Ермоловка, Мамаевка, Обручевка, Пахташи, Бірлік, Джамбул елді мекендерін сумен қамтамасыз ететін болады.

500 мың АҚШ долларын қайтармау үшін туысын өлтіруді ұйымдастырған

Астана қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы үшінші тұлғаның мүддесі негізінде 57 жастағы әйелдің өлімін ұйымдастырған елорданың бұрын сотты болған тұрғынына қатысты жедел іс-шаралар жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтына сілтеме жасап Таq.kz ақпараттық агентігі.
Ұйымдастырушы өзінің танысы арқылы “орындаушымен” мәміле жасасып, оған шартты 10 миллион теңгенің бір миллион теңгесін алдын ала төлем ретінде берген, сондай-ақ болжамды жәбірленушінің фотосуреті мен басқа да деректері бар ұялы телефонды тапсырған.
Сол күні қызметкерлер жалдамалы кісі өлтірушіні анықтады. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қылмыстың ұйымдастырушысы мен негізгі бастамашысын ұстау мақсатында полиция қызметкерлері кісі өлімін имитациялау арқылы жедел комбинация жүргізді. Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде қылмыстың барлық қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіруге тапсырыс беруші жәбірленушінің туысы екені анықталды. Жәбірленуші оған ағымдағы жылдың ақпан айында 500 мың АҚШ долларын сақтауға берген, бұл қылмыс жасауға себеп болған. Өзге деректер тергеу мүддесінде жария етілуге жатпайды.

«ТҮНГІ ҚАЛАДАҒЫ БАЛАЛАР»

Түркістан облысы Полиция департаментінің нұсқауына сәйкес 27-29 наурыз аралығында Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Негізгі мақсат — кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, кешкі және түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және үйден тыс жерлерде болған жасөспірімдерді анықтау.
Қазіргі уақытта Кентау қаласының аумағында полицейлер рейдтік іс-шараларды ойын-сауық орындары, саябақтарда жүргізіп, басқа да жастар көп жиналатын орындарға назар аударуда.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына жол бермеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ХИМИЯЛЫҚ ӨҢДЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Бұл туралы  Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ибрагим Бегасилов мәлімдеді.
Оның сөзінше, биыл облыс көлемінде үйірлі марокко шегірткесіне қарсы 67 290 га және азиялық шегірткеге қарсы 11 500 га алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
«2023 жылы облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету үшін штабтар құрылып, аудан мен қалаларда тиісті дайындық жұмыстар жүргізілуде. Биыл марокко шегірткесіне қарсы облыс бойынша 67 290 га алқапта, оның ішінде, 59050 га жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен және 8240 га әуемен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі,» — деді Ибрагим Жаксыбайұлы.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданы бойынша – 15 380 гектарда 7 дана, Арыс қаласы – 12 420 гектарда 6 дана және Бәйдібек, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сауран, Төлеби, Шардара аудандары бойынша – 31 250 гектарда 14 дана жер үсті желдеткіш бүріккіш техникалары жұмыс жүргізеді. Одан бөлек, Сарыағаш ауданының Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауыл округтерінде 8 240 гектарда 1 дана АН-2 ұшағының қатысуымен химиялық күрес шаралары атқарылады.
Ал, азиялық шегірткеге қарсы Созақ ауданында 11 500 гектар аумақта химиялық күрес шаралары жоспарланып отыр.
Биыл аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары, фитосанитариялық іс-шаралар 10 ауданның 53 ауыл округтерінде жүргізіледі. Осы ретте іс-шаралардың тиімді жүргізілуін бақылау және үйлестіру мақсатында, инспекция тарапынан 40 мемлекеттік инспектор мен 19 қызметтік автокөлік жұмылдырылады.
Еске сала кетейік, 2022 жылы облыс көлемінде үйірлі марокко шегірткесіне қарсы 11120 гектар және үйірлі азиялық шегірткесіне қарсы 15 750 гектар алқапта «Локустин к.с.» және «Вантекс м.к.с» препараттарымен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Түркістанда ІІІ Республикалық «JAS TALANT» байқауы өтеді

Түркістандағы «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубы ІІІ Республикалық «JAS TALANT» онлайн байқауын өткізеді. Режиссерлік және актерлік қабілеттері бар дарынды жастарды анықтауға арналған бұл байқау мектеп бітіруші оқушылар мен колледж бітіруші студенттердің шығармашылық қабілеттерін арттыруға, өскелең ұрпақты көркем шығармашылық жанрға баулуға және еліміздегі жасөспірімдер туризмін дамытуға бағытталған.

Бұл байқау Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттерімен өзара ынтымақтастық меморандум аясында өткізіледі.
Конкурс жеңімпаздарын анықтау «Өнерлі жас», «Бармақтар», «Өлкетану», «Хареография», «Жас дарын», «Мәдени-тынығу жұмысы», «Бейнелеу өнері», «Сән, интерьер дизайны және өнеркәсіптік дизайн» номинациялары бойынша жүзеге асырылады. Әр номинация бойынша үш жүлделі орын болады. Сайыс жеңімпаздары аталған ЖОО-лардың грантына ие болады.

Байқауға Республика көлеміндегі ережеге сай келетін кез-келген өнерпаз қатыса алады. Олар орта мектептер мен мектеп-лицейлердің 11 сынып оқитын оқушылары немесе бітіруші колледж студенттері болуы қажет. Конкурс қатысушыларының қолөнер туындылары мен бұйымдары «Оқушылар сарайы» ғимаратына табысталады. Байқау материалдары сұраныс кестесімен бірге 2023 жылдың 10 мамырына дейін jastalant2022@gmail.com электрондық почтасына жолдануы қажет.

Мекен-жайы: Түркістан қаласы, 162 квартал, 387 телім. Қосымша ақпарат алу үшін +7 747 937 17 54 (Дощан Асел Бауыржанқызы) нөміріне хабарласуға болады.

Шымкентте олимпиадаға келген оқушылардың жаппай ауыруының себебі айтылды

Шымкентте олимпиадаға келген оқушылардың жаппай ауыруына ішек таяқшасы тобындағы бактериялар себеп болуы мүмкін екендігі айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап Тaq.kz сайты

Бұл туралы Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов мәлімдеді. Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген зертханалық зерттеулерге тағам үлгілері, су сынамасы, сүртінді және асхана қызметкерлерінен бактерия тасымалдаушылыққа бактериологиялық зерттеуге анализдер алынған. Зерттеу нәтижелерінде сүртінділерден ішек таяқшасы тобындағы бактериялар табылған. Ал, қалған сынамалар бойынша әлі де жұмыс жүргізіліп жатыр.

«25 наурызда 15 науқас бала сауығып, стационардан шығарылды. Барлығында бактериологиялық зерттеулер нәтижесі – теріс. Оларға «Басқа және анықталмаған гастроэнтерит және инфекциялық колит» қорытынды диагнозы қойылды. Сондай-ақ, 23 наурызда №5 жатақханада тұратын 1 олимпиадаға қатысушы «желшешек» диагнозымен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, бүгінде сонда ем қабылдап жатыр», – деді Алдарқұл Ахметов.

Сондай-ақ, СЭҚБ мамандары жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде біршама шаралар қабылданған.

«23 наурыздан бастап №5 жатақханада тұратын олимпиадаға қатысушыларды тамақтандыру №1 қалалық мектеп-гимназиясының асханасына ауыстырылды. Берілген ұсыныстарға сәйкес, оқушылардың қатысуымен өтетін олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі тоқтатылды. 2023 жылдың 3-8 сәуірінде Шымкент қаласында өткізу жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың форматы қайта қаралып, олимпиада аймақтарда өткізілетін болды», – деді ол.

Балықшының қайығы аударылып, мерт болды

Қызылорда облысында 61 жастағы тұрғынның ағаш қайығы көлде аударылып, қаза болды. Оқиға 24 наурызда Қармақшы ауданында болған. Бұл жөнінде Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Дағдарыс жағдайында басқару басқармасына хабарлама түсті.

«Онда Қуаңдария ауылындағы Жетікөл көлінде балық аулау кезінде ағаш қайығы аударылып, оқиға салдарынан 1962 жылы туған азаматтың суға батып кеткені айтылған. Марқұмның денесін жергілікті тұрғындар өз күшімен судан шығарып алған. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті, аудандық полиция бөлімінің мамандары тиісті жұмыстар жасады», — деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл Нұрманова.

Дәрігерлер сәбилердің ағзасынан 100-ден астам бөгде затты алып шыққан

Жамбыл облысында кішкентай балалардың тыныс алу жолдарына бөгде заттардың түсуі жиілеген, деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Былтыр осындай жағдаймен дәрігерге жүгінудің 30 дерегі тіркелсе, биыл небәрі үш ай ішінде 27 адам шағымданған.  Сондай-ақ, былтыр асқорыту жолындағы бөгде заттарды алу процесі 160 рет болса, биыл алғашқы үш айдағы жағдай 50-ден асыпты.

Осыдан бір ай бұрын тараздық дәрігерлер бірнеше ине жұтқан баланы аман алып қалған болатын. Аймақта жыл басынан бері балалардың ағзасынан осындай ірілі-ұсақты 100-ге тарта бөгде зат шығарылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың ағзасынан алынған заттардың қатарында ілгек, түйме, тиын, кішкентай қыздардың шаш түйрегіштері, перде ілгіш, кілт, майда ойыншықтар, тіпті есту аппараттары бар.

«Бөгде заттар баланың ағзасына ауыз, мұрын, құлақ арқылы түседі. Тыныс алу жолдары арқылы кірген зат мұрын ішінде, кеңірдекте, өкпе тінінде тұрып қалуы мүмкін. Ең қауіпті жер – көмей мен кеңірдек. Тез арада медициналық көмек көрсетілмесе, балаға ауа жетпей 1-2 минут өтпей-ақ, көз жұмуы ықтимал. Мұндай жағдайлар, әсіресе 1-3 жастағы сәбилер арасында жиі кездеседі,» — дейді №2 қалалық балалар ауруханасының дәрігері Ержан Серікбекұлы.

Шымкентте оқушылардың жаппай улануынан кейін жедел штаб құрылды

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Шымкенттегі жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша республикалық олимпиадада балалардың улану жағдайынан кейін мәлімдеме жасады. Сөзінше, қазір мән-жай белгілі болып, оқиға себебін анықтау үшін жедел штаб құрылған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ тілшісі

Шолпан Қаринова өзінің Facebook парақшасында олимпиаданың өту форматы қайта қаралатынын жазды.

«3-8 сәуір аралығында Шымкентте өтетін қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың форматы қайта қаралады. Ол аймақтарда өтеді», –  деді ол.

Ол ауырған мектеп оқушыларының олимпиада нәтижелері мәселесі қаралып жатқанын жеткізді және олар үшін әділ және объективті шешім қабылданатынын айтты.

Биыл бұл олимпиадаға барлығы 891 оқушы қатысуда

«Олимпиада барысында 14 балада әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы ауруы, ал бір қатысушыда желшешек ауруының белгілері байқалды», –- деді Білім бірінші вице-министрі.

Вице-министрдің сөзінше, ауруханада жатқан оқушылардың жағдайы тұрақталған.

Олимпиадаға қатысушылардың қалған бөлігі қалалық гимназия мектебінің асханасында тамақпен қамтамасыз етіліп, орналасқан жерлерде санитарлық шаралар ұйымдастырылған.

«Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мән-жайды анықтау және олимпиаданы одан әрі өткізу бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыруда. Министрдің тиісті шаралар қабылдау үшін оқиға орнында жедел штаб құрылды. Штаб құрамына министрлік өкілдерінен бөлек, денсаулық сақтау, білім басқармаларының, Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері кірді Жағдай Білім министрінің жеке бақылауында», — деді Шолпан Каринова.

Еске салсақ, Шымкентте мектеп олимпиадасы кезінде 15 оқушы уланып қалған болатын.

Еліміздің 11 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай болуы мүмкін

Синоптиктер Қазақстанның 11 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайды болжап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ТАQ.KZ  тілшісі

Қазгидрометтің мәліметінше, 25 – 26 наурызда түнде метеорологиялық жағдайлар атмосферада заттардың жиналуына ықпал етіп, Ақтөбе, Астана, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларында ауаның ластану деңгейінің жоғарылауы күтіледі.

Ал Алматы, Шымкент, Атырауда 25 – 26 наурызда түнде метеорологиялық жағдайлар атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал еткенімен, қалаларда атмосфералық ауаның ластану деңгейінің төмендеуі күтілуде.

Өскемен, Семей, Риддер: 25 наурызда метеорологиялық жағдайлар атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал етеді, қалаларда ауаның жоғары ластануы күтілуде.

Мамандар метерологиялық жағдайдың 2 деңгейге жететінін ескертеді.