Қазақстан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов жанкүйерлердің қолдауын сезініп жүргенін айтады. Ол, алдағы ойында жеңіске жетуге бар күшін салатынын атап өтті.
«Бізге өз жанкүйерлеріміз ерекше қолдау білдіріп келеді. Оны сезініп жүрміз. Алдағы ойында бізге жанкүйерлер толық болған стадион кедергісін жасай алмайды. Кездесуді жанкүйерлер асыға күтіп жүргені белгілі. Олардан көптеген хат келеді. Біз өз күшімізге сенеміз. Қарсылас құрама тәжірибелі футболшылар бар. Грекия — өте мықты құрама. Біз олардан сескенбейміз», — дейді ол.
2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін екі құрама 21 наурызда бақ сынайды. Жеңімпаз 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен кездеседі.
«Аталған ойынның маңызды екенін барлығы түсінеді. Оларға көп қысым жасаудың қажеті жоқ. Осыған байланысты Словениямен болған ойынмен салыстырғанда мінезімді аздап өзгерттім. Біз Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өткен оқу-жаттығу жиынында көптеген өзгеріс енгізіп, жаттығу процесін реттедік. Айта кетсем, мен ойын тағдырын пенальти арқылы шешуді қаламаймын. Оны өз мансабымда бірнеше мәрте сезіндім. Жаттығу мен ойында пенальти тебу мүлдем басқа нәрсе. Бізде оны сәтте орындай алатын футболшылар бар. Қалай болғанда да, олардың психологиялық дайындығына байланысты деп ойлаймын. Қақпашылар туралы айтатын болсақ, бұл мақсатта біраз жұмыс атқарылды», — деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев.
Түркістан қаласында волейболдан ұлттық лигадағы әйелдер арасында ҚР ХХХІІ чемпионатының плей-офф ойындары өтті. Бәсекеде әр облыстан 8 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Ойынның алғашқы күні 1/4 финалда кездесетін командалар анықталып, чемпионаттың бас жүлдесіне таласты. 1/4 финалда «Тұран» командасы мен Петропавлдың «Қуаныш» командасына қарсы ойын өткізіп, алаң иелері жеңіске жетті. Ал 1/2 финалда Өскеменнің «Берел» командасымен кездесіп, «Тұран» құрамасы ҚР ХХХІІ чемпионатының жеңімпазы атанды. Биыл волейболдан әйелдер арасындағы ұлттық лига ойындарына екінші рет қатысқан тұрандықтар сенсациялық нәтиже тіркеп, тарихи жеңіске қол жеткізді.
Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласына келушілер саны көбейді. Биыл Түркі әлемінің астанасы атанған киелі шаһарға 17-24 наурыз аралығында келетін туристер саны 20 мыңнан асады деп жоспарлануда. Бұл 7 тәулікке жасалған алдын ала мәліметке негізделген.
Түркістан қаласында нөмірлік қоры 1240 бөлмені құрайтын 59 орналастыру орны жұмыс істейді. Орналастыру орындарының бір мезеттегі толтырымдылығы 2671 адамды құрайды. Мерекелік аптада Түркістан қаласындағы орналастыру орындары 100 пайызға толып отыр.
Түркістан қаласының әуежайынан бір аптада 34 әуе рейсі орындалмақ. Оның 10 рейсі – халықаралық. Барлық әуе рейсінің жолаушылар саны 3881 адамды құрайды. Ішкі – 2733, халықаралық – 1148. Әуе рейстері 85%-ға толады.
E-qonaq жүйесінің деректеріне сәйкес биылғы 2 айдың қорытындысымен өңірімізге 2228 шетелдік турист келген. Аталған көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 4,7 есе артқан. 2023 жылдың 2 айында небәрі 475 шетелдік қонақ болған.
Айта кетейік, 21 наурыз күні сағат 12:00-18:00 аралығында «Жеңіс» саябағында «Нұр жауғызған әз Наурыз» шарасы өтеді. Онда театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Кешкі сағат 19:30-да киелі шаһардағы «Конгресс Холл» кешенінде халықаралық «NAURYZ BIG FEST» фестивалі өтеді. Кешке Turar, Aikyn, Murat Yaprak (Түркия), Amalyat, Dj King Macarella (Өзбекстан) сынды әншілер қатысады. Мерекелік шараны Ғазиз Ерболат пен Ақболат Өтебай жүргізеді. Сондай-ақ Aida Kaumenova брендінің арнайы сән көрсетілімі өтеді.
22 наурызда сағат 11:00-де Ұлыстың ұлы күніне орай «Керуен сарай» кешенінде «Армысың, әз Наурыз!» мерекелік салтанатты іс-шара өтеді. Іс-шара аясында театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесі, ұлттық тағамдардың көрмесі, ұлттық спорттық ойындар сайысы ұйымдастырылады. Ал кешкі сағат 19:30-да «Керуен сарай» кешенінде мерекелік Гала-концерт өтеді. Бұдан бөлек 22-23 наурыз күндері Түркістан музыкалық драма театрында «Бөрте» спектаклі сахналанады.
Кентау қаласында Наурыз мерекесі дәстүрлі түрде ұлттық ойындармен, түрлі қойылымдар және қызықты концерттік бағдарламалармен аталып өтті. Қаладағы Ынтымақ алаңына 10-ға жуық киіз үй тігіліп, әрбір киіз үйдің алдында мерекелік әуендер шырқалып, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар дәріптелді.
Одан бөлек ұлттық тағамдар байқауы өткізіліп, ұмыт болып бара жатқан тағамдардың түр-түрі әзірленді. Мерекеге арналған 1 тонна бауырсақ, 1 тонна наурыз көже әзірленіп, келген қонақтар мен қала тұрғындарына таратылды.
Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесіне орай Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қазыналы қариялардың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады.
«Біз қашанда үлкенді құрметтеген, қариясын сыйлаған халықтың ұрпағымыз. Сіздер бүгінде зейнет жасында болсаңыздар да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қариялық болмыстарыңызбен жас ұрпаққа бағыт-бағдар, кеңес беріп, қоғамның алға дамуына зор үлес қосып келесіздер. Өнегелі істеріңіз үшін шексіз алғысымды айтамын»,- деді қала әкімі.
Ардагер қариялар шуақты мерекеде қала әкіміне құрметі үшін ризашылықтарын жеткізді. Барша халыққа баталарын беріп, бейбіт те берекелі өмір тіледі.
Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шарада Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде төл жаңа жылымыз Наурыз мейрамын ата дәстүрімізге сәйкес барша жұртымыздың бір ел, бір халық болып қарсы алатыны жөнінде айтты.
– Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді. Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Жаңа жылды жақсы ниетпен, пайдалы іспен бастау – талайдан қалыптасқан дәстүр. Бұл күні қонақжай жұртымыз ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтады. Бұлақтың көзін ашып, тал егеді, тазалыққа баса мән береді. Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан. Биыл Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ жеріндегі дін мен дәстүрдің үйлесімі дәл осы кезде айқын көрінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биылдан бастап Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтіп жатқанына тоқталды. Наурызнамаға сәйкес, бүгін елімізде «Ынтымақ» күні.
– Бірлік пен ынтымақ – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерді дәріптеуіміз қажет. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының көшпелі мәжілісі Сарыағаш ауданында өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен өтіп, оған Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бастаған аманаттық мәслихат депутаттары қатысты.
Көшпелі мәжілістің күн тәртібінде өңірдің оңтүстік аудандарында көктемгі жауын-шашын кезеңіндегі ықтимал су тасқындарының алдын алу жұмыстарының атқарылу барысы және «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасының орындалу көрсеткіштері бойынша Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандары басшыларының есебі тыңдалды.
Жиында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, осы аумақтағы негізгі нәр көзі болып табылатын Орталық бетпақдала коллекторының, «Достық» магистралды каналының бүгінгі ахуалы жөнінде баяндап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы каналдардың механикалық тазалаудан өткізілуі жөнінде мағлұмат берді.
Ал, Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев «Ошақты», «Бес-Абдал», «Оймауыт» гидротехникалық нысандарының дайындығы жөнінде хабарлады. Сонымен қатар, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті қаржы бөлініп, арық-атыздарды механикалық тазалаудан өткізу, қашыртқылар қазу, бетон лотоктарын орнату, су сорғылар қою жұмыстары атқарылғанын мәлім етті.
Депутаттық корпустың көшпелі мәжілісіне қатысқан Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудан аумағынан Келес өзені мен барлығы 88 канал ағып өтетінін, өткен жылы 20 канал механикалық тазалаудан өтіп, биылғы жылы «Тұран су» МКК арқылы алынған 3 бірлік жаңа техникамен аймақтағы 68 су нысандары тазалықтан өткенін жеткізді.
Жиын соңында, фракцияның көшпелі мәжілісінің қорытындысымен тиісті қаулы қабылданып, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандарында су тасқынының алдын-алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізу міндеттелді. «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасы аясындағы оқу курстарына шалғай елді-мекендер тұрғындарын белсене тарту қажетті ұсынылды.