Жартытөбенің жетістіктері мен игі жобалары артып келеді

Созақ ауданы әкімінің халықпен кездесуі жалғасын тауып жатыр. Жиында аудан басшысы атқарылған жұмыстар мен атқарылатын жобалар туралы баяндап, әр ауылдың өзекті мәселелеріне назар аударуда. Мұхит Тұрысбековтің кезекті жиында Жартытөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, аудан көлемінде атқарылар жұмыстарды баяндап берді. Сондай-ақ, ауылдық округте жүзеге асырылған жобаларды қамтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

 

-«Бұған дейін айтылған ұсыныстарыңыз бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Талап-тілектеріңізді ескере отырып, бірнеше жобаларды қолға алдық. Кездесу алдында ауылдық округтегі әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысын қарап шықтым. Бүгінде Бабата ауылында демеушілер есбінен жарықшамдар орнатылып, жеке инвестор арқылы 50 орындық балабақшаның құрылысы жүруде. Бұл балабақша заманауи талаптарға сай жабдықталып, бүлдіршіндеріміздің қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. 10-нан астам азаматтар жұмыспен қамтылады. Бұл жоба ауылдағы әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға септігін тигізеді. Біз әруақытта бірге жұмыс істей отырып, ауылымыздың даму жолында ілгерілеуіміз керек. Елді мекендердегі жағдайды жақсартуға бағытталған жұмыстарымызды одан әрі жандандырып, бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Тұрғындарымыздың мүддесі біз үшін маңызды, және біз оларға барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Сондықтан, жауаптыларға әрбір істі жіті бақылап, жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырдым. Бізге көрсетілген қолдау мен сенімді ақтап, ауданымызды дамытуды жалғастыруымыз керек. Бәріміз бірлесіп, ауылымыздың болашағын жарқын ету үшін еңбек етуіміз қажет. Қосымша ұсыныстарыңыз болса тыңдап, нақты жоспарға сәйкес жұмыс жүргіземіз»,- деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Жиын соңында ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарды жоғары бағалап, алғыстарын жеткізді. Бірқатар азаматтар жеке мәселелері бойынша жүгінді. Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, шешу үшін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Сонымен қатар, Жартытөбе ауылдық округінде демеушілер тарапынан атқарылған жұмыстар бақылауға алынып, келелі міндеттер нақтыланды. Бүгінгі таңда Созақ ауданы әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ әлеуметтік жобаларды қолдау аясында бірлескен жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. Осы уақытқа дейін ауданның ауылдық округтер мен кенттерінде «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қарасты кәсіпорындары бірнеше балалар ойын алаңдары мен әлеуметтік нысандар салып, сондай-ақ көше жарықшамдарын орнатуда. Бұл бағыттағы жұмыстар Жартытөбе ауылдық округінде жалғасын тауып жатыр.

 

Осы ретте, Жартытөбе ауылдық округіне жұмыс сапарымен барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков демеушілер арқылы атқарылған жұмыстарды бақылауына алды. Сапар аясында Бабата ауылына барып, «Орталық» ӨК» ЖШС-нің демеушілігімен жүргізілген бір шақырымдық ішкі көшеге орнатылған жарықшамдарды көрді. Сондай-ақ, тұрғындардың талап-тілектері негізінде жеке инвестор арқылы салынып жатқан 50 орындық балабақшаның жай-күйімен танысты. 350 шаршы метр аумақты алып жатқан балабақшаны жеке кәсіпкер Нұрман Назаров салуда. Ғимарат заман талабына сай жабдықталып, бүлдіршіндердің жас ерекшелігіне сай асхана, ойын бөлмесі, жатын бөлме, медициналық кабинетпен қамтылатын болады. Балабақшада 10-нан астам адам жұмыспен қамтылады. Жаңа нысанның құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталады.

Сонымен қатар, аудан әкімі ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді өткізулеріне мүмкіндік беретін жобаларды да назардан тыс қалдырмады. «Орталық» ӨК» ЖШС-нің демеушілігімен ауылдық спорт клубына гандбол, бокс және күрес сияқты спорт түрлерімен шұғылдануға арналып алынған спорт жабдықтарын көріп, онда спортпен шұғылданып жатқан балдармен ашық әңгімелесті. Жаттықтырушылар қуаныштарымен бөлісіп, алғыстарын жеткізді.

Сондай-ақ, Созақ ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасып, игі іс Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бабата елді мекенінде жүзеге асты. Аз қамтылған отбасына «Қазфосфат» ЖШС-нің демеушілігімен алынған үй табысталды. Ауылға арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа баспананың кілтін табыстап, үй иесін қоныс тойымен құттықтады.

-«Бүгінгі қуаныш – тек сіздер үшін ғана емес, барша ауыл тұрғындары үшін де маңызды. Әрбір адам өзінің шаңырағында бақытты болуы тиіс. Жаңа үй – жаңа мүмкіндіктер, жаңа бастама. Біз тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, қоғамымыздың дамуына барынша қолдау көрсетеміз. Осылайша, біз бірлігімізді нығайтып, еліміздің болашағын бірге қалыптастырамыз», – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

«Қазфосфат» ЖШС бас директорының әлеуметтік даму және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі орынбасары Ерсін Берікұлына өз кезегінде баспана иесінің отбасына береке, бақыт және табыс тілеп, жаңа үй алдағы өмірлеріне қуаныш сыйлайтынына сенім білдірді.

-«Біздің ауылымыздың болашағы осындай қамқорлықпен жарқын болмақ. Бұл қоғамымыздың дамуына және әлеуметтік теңдіктің орнауына және ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге үлкен ықпал ететіні сөзсіз», – деген ауыл ақсақалдары мен тұрғындар да игі іске арқау болған барша азаматтарға ізгі тілектерін арнап, баспана иесінің қуанышын бірге бөлісті.

Айта кетейік, Бабата елді мекенінен берілген 5 бөлмелі баспанада су, жылу сынды коммуналдық қызметтері үшін жеке бөлмелер қарастырылып, жылу жүйелері толықтай орнатылған. 20 сотықтан астам жер учаскелері арнайы шарбақпен қоршалған. Ол қосалқы шаруашылықты дамытуға және бау-бақша дақылдарын өсіруге мүмкіндік береді.

Міне осындай игі істері мен нақты көрсеткіштері бар Жартытөбе ауылдық округі, биыл ауыл шаруашылығы бойынша 2024 жылдың қортындысымен 1-орынды жеңіп алғандығын айта кету керек. Яғни, ауыл шаруашылық қызметкерлері мерекесіне орай Созақ ауданы бойынша ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің «Алтын Күз»-2024 жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Шара барысында 2024 жылы ауыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие арқылы алынған техникалардың көрмесі ұйымдастырылып, шаруалардың тауарлары төмендетілген бағамен сатылымға шығарылды. Биылғы жылы Жартытөбе ауылдық округінің бірқатар шаруалары техникаларын жаңартты. Олар ескі техникаларын «Аманжол Ш» , «Айгерім», «Мұса» шаруа қожалық төрағалары жеңілдетілген несие арқылы алынған DONG FENG 904 маркалы тракторларға жаңартты. Ауыл шаруашылық саласынының техникаларын жаңартуға өз үлестерін қосқаны үшін, «Аманжол Ш» шаруа қожалық төрағасы Ержан Сүлейменов және «Айгерім» шаруа қожалық төрағасы Нұрлыбек Көкенов аудан әкімі М.Тұрысбековтың алғыс хатымен марапатталса, «Ауыл аманаты» халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша берілген 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиенің 1 – бағыты бойынша өсімдік шаруашылығын дамыту үшін 6 млн теңгеге қол жеткізген көп балалы ана Жамал Балагүл Орынбасарқызы жылыжай өнімдері бойынша бір жылда 4,5 тонна өнім алғаны үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. «Сембек-ата» АӨК-і төрағасы Бақбергенов Жарқынбек Сембекұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша техника алып ауылымыздың тазалығына, сонымен қатар ауыл шаруашылық техникаларын жаңартуға үлесін қосқаны үшін марапатталды.

Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы арқылы балық шаруашылығын жолға қойған азаматтардың кәсібі де жандана түскен. Бұған дейін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған Жартытөбе ауылдық округің тұрғыны Әлтеков Нұрлыбектің тоғандық балық шаруашылығымен танысқан болатын. Қазіргі таңда кәсіпкер жаңа жобаның тиімділігін көріп, өз кәсібін өркендетіп жатқан жағдайы бар. Айта кетейік, Әлтеков Нұрлыбек «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8 млн 300 мың теңге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алған. Мамыр айында 10000 дана сазан шабағын қолдан қазылған тоғанға жіберіп, қазіргі уақытта бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер өнімін сатуға кіріскен. Сонымен қатар округте екі азамат жеңілдетілген несие алып, балық шаруашылығымен айналысып отыр. Ал, Майусов Құрманбек термопанель технологиясы бойынша 5 млн теңге несие алып үйдің сыртқы жылу жабындысын өндіріп, аудан көлемінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. «Алтын күз» 2024 жыл ауыл шаруашылық қызметкерлер мерекесінде асыл тұқымды қошқарлардың салмағы бойынша жарыс нәтижесімен жеке кәсіпкер мал шаруашылығының майталманы Бақберген Әбуовтің асыл тұқымды қошқары 136 кг салмақпен 2-орынды иеленді. Осылайша шаруалардың биылғы жылдағы тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде «Алтын күз»- 2024 жыл ауыл шаруашылық қызметкерлер мерекесінің қортындысы бойынша Жартытөбе ауылдық округі 1- орынды иеленді. Сонымен қатар, Түркістан қаласында ауыл шаруашылығының асыл мұрасын дәріптеп, еңбекқор жандардың жетістіктерін атап өтетін «AGROFEST TÚRKISTAN — 2024» салтанатты шарасы өткен болатын. Бұл шара Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылып, еңбеккерлердің қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтудағы рөлін айқындады. Шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін аралап,  қолөнер шеберлерінің туындылары мен мал шаруашылығы көрмесімен де танысқан еді. Тиісінше салтанатты шарада, агроөнеркәсіптік кешендегі жетістіктерімен ерекшеленген аудан және қала әкімдері марапатталды. Ал, Созақ ауданы жыл қорытындысында жылқы шаруашылығын дамытушы озат аудан номинациясын иеленіп, бұл саладағы үздік жетістіктерін еселей түсті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан Мырзағали Жақаевқа “Еңбек ардагері” медалі табысталды. “Бабата-1” АШӨК төрайымы Сәуле Қалдыбекова Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, Әнетов Мақсат “Жылқы шаруашылығын дамытушы” дипломымен ерекшеленді. Міне, Созақ ауданының осындай жетістіктерге жетуіне Жартытөбе ауылдық окугі шаруаларының қосқан үлесі орасан деп айтуға болады.

Жалпы, Жартытөбе ауылдық округі спорттық-мәдени іс-шараларды да жиі ұйымдастырып, жастарға салауатты өмір салтын насихаттау бойынша түрлі жарыстар өткізіп тұрады. Солардың бірі, жақында Жартытөбе ауылдық округінде Көкенов Ғани Лесбекұлын еске алуға арналған жүгіруден аудан аралық марафон және округ жастары арасында кіші футболдан жарыс болып өтті. Жарыстың ұйымдастырушылары ата-анасы, бауырлары. 10 шақырым ұзақтыққа ерлер арасында жүгіруден 20-ға жуық спортшы тіркеліп, барлығы дерлік 10 шақырымды бағындырды. Ең жасы үлкені аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Ермек Өтебаев болса, ең жасы Кемелұлы атындағы мектептің 8 сынып оқушысы болды. Марафон қортындысы бойынша бірінші болып келген Сызған ауылының азаматы Нұрпейісов Еламан Серікұлына арнайы сертификат 100 мың теңге ақшалай ұтысы мен ауылдық округ әкімінің марапатына ие болды. Ал, екінші болып келген Жартытөбе ауылының оқушысы Лесбек Нұрәділ Нұрлыбекұлы 70мың теңге сертификат және құттықтау қағазымен марапатталды. Сонымен қатар, мәре сызығына 3ші болып келген Тастылық ауылының азаматы Зәкіржанов Жандос Қырғызбайұлы дәл осылай 50 мың теңге қаржылай ұтысқа ие болған.

Ең жас марафоншы және ардагер марафоншыларды ынталандыру мақсатында аудандық мәслихат депутаты Р.Сапарбаев пен кәсіпкер, іскер азамат Е.Сүлейменов қаржылай сый-сияпатпен марапаттады. Сондай-ақ ауылдық округ жастар арасынан кіші футболдан Көкенов Ғани Лесбекұлын еске алуға арналған турнирде тартысқа толы, керемет ойын өрнегімен өтті. Таңертең басталған турнир кешкі уақытта аяқталып, аталған турнирге 8 команда қатысқан болатын. Тиісінше, жеңімпаз командалар марапатталып, ойындағы үздіктерге арнайы номинациялар тапсырылған. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Аққолтық-2 командасы жеңіп алып, 100 мың теңге, кубок және арнайы сертификатпен мақтау қағазын ауыл әкімі Д. Жүсіпов табыстаған. Сонымен қатар, 2-орынды жеңіп алғаны үшін Аққолтық-1 командасы арнайы кубокпен, 70 мың теңге қаржылай жүлдемен марапатталды. Ал, 3 орынды- Бабата командасы қанжығасына байлап, кубок пен 50 мың теңге қаржылай жүлде табыс етілді. Сонымен қатар Үздік шабуылшы, Үздік қақпашы, Үздік қорғаушы номинациялары бойынша да спортшылар марапатталып, қаржылай жүлде табыс берілген болатын.  Сондай-ақ, түскі үзіліс кезінде Жартытөбе ауылдық округінің мешіт маңындағы асханада ауыл тұрғындары мен жарысқа қатысушыларға ас беріліп, құран бағышталды. Ұйымдастырушы Көкеновтер әулетіне аудан халқы ризашылықтарын білдіріп, ниеттеріне қабыл айтып, ізгі тілектерін білдірді. Жарыстың жоғары деңгейде өтіп, ауыл спортына қосқан үлес қосқан жастарға да бұл күні алғыс білдірілді.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығынан үздік көрсеткіштер көрсетіп, халықты салауатты өмір салтына бейімдеп, ынтымағы мен бірлігі артып, көркейген келбетімен ерекшеленген Жартытөбе ауылы «Үлгілі ауыл» атанған болатын. Биыл, аудан деңгейінде өткізілген байқауға әрбір ауылдық округтен бір елді мекеннен қатысып, жасыл желекпен көмкерілген Жартытөбе ауылы үздік деп танылған еді. Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілген болатын. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы, кезекте облыстық деңгейде бақ сынауға мүмкіндік алған болатын.

Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылында стандартқа сай жабдықталған білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының сұранысына орай да тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальт және 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылды. Бұған қоса толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген. Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке орауда. Сәні мен салтанаты келіскен ауылдың ажарлана түсуіне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасының да серпін бергені анық.

Сонымен қатар, денсаулыққа зиянды өнімнің бірі болып саналатын алькогольді ішімдікті сатудан бас тартып, өскелең ұрпақты салауатты өмірге қалыптастыруды жөн санаған ауылда 69 алтын құрсақты батыр аналар тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар. Сондай-ақ Округ бойынша 28 азамат “Ауыл аманаты” жобасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылдан өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.