ҚР ІІМ орынбасары С.Сәрсенов Түркістан облысы полицейлерінің атқарған жұмысын бақылап, облыс әкімімен кездесті

Ішкі істер министрлігінен Түркістанға арнайы келген Сәкен Сәрсенов департаменттің мәжіліс залында жеке құраммен жедел кеңес өткізді. Жиында 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс полицейлерінің атқарған жұмысы қаралды. Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы М.Қабденов баяндама жасады.

Анықталған кейбір кемшіліктер бойынша сын-ескертпелер беріп, тапсырмалар мен ұсыныстарды дер кезінде орындау керектігін жеткізді. Бірқатар басшы құрамға шара көрілді. Қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеу бағытында жұмысты күшейтуді, заң мен тәртіпті сақтауды тапсырды.

Одан әрі Жедел басқару орталығындағы цифрлық шешімдердің орындалуын тексеріп шықты. Облыстағы бейнекамералардың жұмыстарымен жіті танысты. Департамент қолданысындағы соңғы үлгідегі цифрлық технологиялардың жұмысын бақылады. Мұнда Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек, Цифрландыру бойынша әкімдіктегі басқарма басшысының орынбасары С.Байгутов та қонақта болды.

Сонымен қатар қызметтік іссапар облыс әкімдігінде жалғасты. ҚР ІІМ-нің орынбасары С.Сәрсенов облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесті. Әкімдікте цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер бсқармасының басшысы М. Айнабеков және аппарат басшысы Е.Дауылбаевпен кездесу өткізді.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары: «Цифрландыру – қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан ауқымды реформа. Яғни полицияның күнделікті қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану – Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі»- деп, әкімдікпен бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментің 2025 жылға арналған міндеттері

Департамент 2 бөлімнен тұрады:

1️⃣ Білім беру қызметін лицензиялау бөлімі
* Лицензиялауды электронды түрде жүзеге асыру;
* Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бойынша қызметті бастау/тоқтату туралы хабарламаларды қабылдау;
* Лицензиялар бойынша біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру;
* Құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтыру және сот органдарына жолдау;
* Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау.

2️⃣ Білім сапасын сырттай бағалау бөлімі
* Мемлекеттік аттестаттау (онлайн/офлайн);
* Мектептерге профилактикалық бақылау жүргізу;
* Заңнамалық бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқамалар беру;
* Материалдық-техникалық базаны, педагогтардың құқықтарын қорғау және білім сапасын бақылау.

Департаменттің 2025 жылға негізгі міндеттері:
🔹 Мемлекеттік бақылау және лицензиялау шараларын күшейту;
🔹 Жеке білім ұйымдарының жұмысын ерекше бақылауға алу;
🔹 Ауыл мектептерінің материалдық базасын жақсарту;
🔹 Білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін дамыту;
🔹Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жою мақсатында ауылдарда орналасқан 108 мектепті 5 бағыт бойынша жаңғырту:

Күрделі және ағымдағы жөндеу;
Пәндік кабинеттермен жарақтандыру;
Мектеп жиһаздарын, асханаларды және кітапханаларды жаңарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Егер сұрақтарыңыз немесе шағымдарыңыз болса, төмендегі кураторларға хабарласуыңызға болады:
* С.Пахымбет (Жетісай, Отырар)
* Н.Нұрлыбаев (Төлеби, Мақтаарал)
* А.Жантас (Қазығұрт, Шардара)
* Л.Нұртаева (Арыс, Сарыағаш, Келес)
* Г.Медеубек (Түркістан, Кентау)
* М.Тасқұлова (Түлкібас, Сайрам)
* Н. Ошантаева (Сауран, Созақ)
* С.Борибай (Ордабасы, Бәйдібек).

Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы сарапшылармен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында сарапшылармен жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту мәселесін талқылады.

Мемлекет басшысы ЖИ қазіргі замандағы прогрестің ең басты қозғаушы күштерінің бірі саналатынын әрі экономиканы түбегейлі өзгерте алатынын атап өтті.

– Қазақстанда жасанды интеллектті ілгерілетуге берік негіз қалау үшін маңызды қадамдар жасалып жатыр. Институционалдық орта қалыптастыруға, инфрақұрылым мен адам капиталын дамытуға баса мән беріліп отыр. Институционалдық құрылым аясында Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылады. Оған өзім жетекшілік жасаймын. Бұл кеңес әлемдік деңгейдегі сарапшылармен диалог жүргізіп, пікір алмасатын стратегиялық алаңға айналады. ЖИ саласындағы ұлттық саясатқа қатысты ұсынымдар әзірлеп, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында оның жұмысына инженерлер, зерттеушілер мен кәсіпкерлер кеңінен тартылады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЖИ саласына жоғары санатты маман даярлау және қолдау ісіне айрықша басымдық беріп отырғанына тоқталды. Президенттің айтуынша, ЖИ-дің қолданысқа табысты енуі осындай технологияларды әзірлейтін және пайдаланатын адамдардың біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде AlemAI озық технологиялар орталығы құрылғанын мәлімдеді. Орталық әлемдегі үздік тәжірибелерді игеріп, инновациялық шешімдердің енгізілуіне ықпал етеді. Президент жасанды интеллектке байланысты бастамаларды жүзеге асыратын хабта мектептерге, университеттерге және кәсіби даярлық орталықтарына арналған білім беру бағдарламалары жасақталатынын айтты. Сондай-ақ онда зерттеушілерге, стартаптар мен компанияларға арналған кеңселер, тәжірибе алмасу алаңдары орналасады.

– Біз ЖИ саласындағы адам капиталын дамыту мақсатында AI-Sana деп аталатын инновациялық білім беру бағдарламасын жасадық. Бағдарлама түрлі сала мамандарының пәнаралық даярлығын қамтамасыз етеді және ЖИ-ге қатысты озық шешімдерді әзірлеуге септігін тигізеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Қазақстан жаһандық жасанды интеллект экожүйесінің белсенді мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді. Сонымен қатар кездесуге қатысушыларды ғылыми зерттеуден бастап этикалық стандарттарды бекітуге дейінгі сан салалы жұмысқа атсалысуға шақырды.

Жиынға Polynome компаниясының негізін қалаушы Александр Ханин, G42 компаниясының жасанды интеллект жөніндегі бас директоры Джексон Эндрю, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Дебба Меруан, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам, Core42 компаниясының мемлекет істері және серіктестік жөніндегі директоры Әл Каисси Талал, Мұхаммед бен Заид атындағы Жасанды интеллект университетінің ректоры және профессоры Тимати Болдуин, Saal.ai компаниясының жасанды интеллект бөлімінің жетекшісі Абдулнаби Абрар, Mubadala Investment Company венчурлық жобалар және даму бөлімінің жетекшісі Әл Мазруи Фарис Сухейл қатысып, пікір білдірді.

САУРАНДА ҰЛТТЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР

үркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішов Сауран ауданына іс-сапармен барды.
Мәслихат төрағасы өңір басшысымен бірге аймақтағы маңызды нысандарды аралап, жұмыстарымен танысты. Алғашқы нысан Шорнақ ауылдық округі Аша елді мекенінде салынып жатқан 600 орындық «Жайлы мектеп» жобасы.
Білім ордасы 2023 жылдың қыркүйек айында басталған. Қазіргі таңда мектептің құрылысы аяқтауға жақын. Су, электр, жылу түгелдей жаңартылып, қажетті барлық жағдайлар жасалып жатыр.
“Жайлы мектеп” құрылысына тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы, ал бас мердігері – «Jana KZ Quryrlys» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның аумағы 3 гектарды құрайды, бұл аймақта жаңа білім ошағы үшін жеткілікті орын қарастырылған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мектептің уақытында әрі сапалы аяқталуына ерекше мән берілетінін атап өтті. Себебі, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатқан білім ордасы жергілікті тұрғындардың балаларын сапалы біліммен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан қаласында 2 мың орындық екі «Жайлы мектеп», Сауран ауданында 600 орындық бір «Жайлы мектеп» пайдалануға берілген болатын.

САУРАНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АЙЫНА 100 АДАМҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Сауран аудандағы маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Бұл орталық 2023 жылы пайдалануға беріліп, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытында белсенді қызмет атқарып жатыр.
Орталықтың жалпы алаңы 750 шаршы метрді құрайды және айына 100 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Күнделікті орталықта 25 адамға қызмет көрсетіледі. Бұл мекемеде 20 адам тұрақты жұмыс істеп, тұрғындарға түрлі әлеуметтік қызметтер ұсынады.
Аталған маңызды нысанға Облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов барып, әлеуметтік қызметтердің кешенді болуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті.
Өңір басшысы орталықтың қызметкерлеріне халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстары үшін алғыс айтты. Мұндай әлеуметтік жобалар, әсіресе мұқтаж азаматтарға, зейнеткерлер мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына үлкен көмек көрсетеді.
Орталықтың құрамында бірнеше бөлімше бар: «Белсенді ұзақ өмір» бөлімінде 8 қызметкер жұмыс істесе, «Тең қоғам» бөлімінде де 8 маман, ал «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» бөлімінде 4 қызметкер қызмет етеді.

САУРАНДА ЖИҺАЗ КЛАСТЕРІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Сауран ауданының өндірістік әлеуетімен танысу барысында «EDEM MEBEL» жиһаз фабрикасының жұмысымен танысты. Бұл фабрика корпустық жиһаздар шығару саласында қызмет етуде және аймақтың өнеркәсіптік дамуына маңызды үлес қосып отыр.
Фабриканың директоры Икбол Абишев кәсіпорынның жұмысын таныстырып, фабриканың қазіргі жағдайы мен жетістіктері туралы баяндады. Қазіргі таңда «EDEM MEBEL» фабрикасында 40 тұрақты қызметкер жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы 200 000 теңгені құрайды.
Бұл кәсіпорын өңірдегі еңбек нарығында маңызды рөл атқарып, көптеген отбасы үшін тұрақты жұмыс орны болып табылады.
Жиһаз фабрикасының жылдық қуаттылығы 10 000 дана түрлі жиһазды құрайды, бұл көрсеткіш аймақтық нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Фабрика шығарған өнімдер Шымкент қаласы мен Түркістан, Қызылорда облыстарында сатылымға шығарылады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов фабрика жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ, кәсіпорынның дамуына қажетті қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында барлық қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастық нысанындағы бірлестіктің президенті Инара Намазбаевамен кездесті.
Кездесуде үкіметтік емес ұйымның өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстары талқыланып, алдағы жоспарлары мен маңызды жобалары сараланды. Сонымен қоса, Конститутция күніне орай XII Азаматтық форумын ұйымдастыру және алдағы уақытта жұмыс қарқынын күшейту мәселелері көтерілді.
Облыс әкімінің орынбасары іс-шараларды креативті өткізуді қолға алып, жоғары деңгейде және тұрақты ұйымдастыру қажеттігін айтып, бұл саланы дамыту басты назарда екенін атап өтті. Іс-шараларды есеп үшін емес, қоғамға пайдалы етіп, жастар үлгі алып, ой түйетіндей деңгейде өткізу маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар осы салада креативті ұсыныстарға ашық екендігін жеткізді.

ТҮРКІСТАН: «ҰСТАЗ» ФИЛЬМІНІҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Түркістандық педагогтар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Ұстаз» фильмін тамашалады. Кинотуындының өңірдегі таныстырылымында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, фильм директоры Думан Алтынбекұлы, продюсері Әбіл Әділбек пен басты рөлді сомдаған актерлері сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы беделі жоғары екенін алға тартты.
– Бүгінгі таңда жаңа заманның талабы да күшейіп, әлем елдерімен бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу, білім беру жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Мақтанатын да тұстарымыз жоқ емес. «Ұстаз» фильмі осы ұлы мамандықтың қиындығы мен қызығы мол әр сәтіне терең үңілдіреді. Ұстаз есімінің ең ұлағатты, ең қадірлі мамандық екенін бүгінгі «Ұстаз» фильмі тағы да дәлелдеп өткендей. Шәкірт алдындағы аса жауапкершілік пен оларға білім мен тәрбие беру жолындағы маңызды қадамдардан тұратын мұғалім қызметін айна-қатесіз сипаттаған фильм облыстың барлық аудандарындағы педагогтарға көрсетілуде, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Белгілі журналист Бейсен Құранбектің идеясымен түсірілген фильмнің сценарийін марқұмның жары Гүлмира Зербай жазған. Туындыда өз ауылына қайтып ұстаздық ете бастаған мұғалімнің бастан кешкен оқиғалары баяндалды. Жас маман балалардың білімге деген құштарлығын ояту үшін түрлі тәсіл қолданады. Оқушыларды арман-мақсатқа жетуіне шабыттандырады.
Айта кетейік, фильмнің мақсаты – қоғамдағы педагог мәртебесін көтеру. Толықметражды кино бір айға жуық уақыт ішінде Жетісу облысында түсірілген.