«АнтиПро» профилактикалық іс-шарасы аясында кездесу өтті

«Интернет алаяқтықтың алдын алу» тақырыбында Сарыағаш АПБ ЮПТ инспекторлары — полиция аға лейтенанты Ж. Ешімова және полиция капитаны М. Елемесова Арыстанбаб колледжінің мұғалімдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында интернеттегі алаяқтық түрлері, одан қорғану жолдары және құқықтық жауапкершілік туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ең күрделі әрі көп жасалатын қылмыс түрлері – пәтер ұрлығы мен алаяқтық. Алаяқтық негізінен интернет жүйесі, яғни инстаграм, OLХ секілді қосымшалар арқылы іске асып жатыр дейді мамандар.

«Халық сондай парақшалардағы жалған ақпараттарға сеніп қалады. Алатын затын, басқа нәрселерді қолмен ұстап көрмей тұра, ақшаны алдын ала аударып жібереді. Ақшасынан айырылғанына көзі жеткен соң ғана шағымданып жатады. Алаяқтықтың тағы бір түрі, мысалға, «100 мың теңге жіберсең, екі жүз мың қылып қайтарып аласың» дейтін немесе арзан автокөлікті саудаға шығарып, алдын ала бастапқы сомасын төлеуді ұсыну секілді жалған ақпараттар. Оңай олжаға кенелуді, арзан көлікті иеленіп қалуды көздеген аңқау халық сол кезде қалайша алаяқтың құрбаны болғанын аңдамай қалады, сол себепті де тұрғындарға айтарымыз: оңай жерде ақша болмайды! Ешкім де өзінің мүлкін арзанға бере салмайды! Осыны ойланғандары абзал. Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.

Қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кез келген затты сату немесе алу үшін арнайы сайттарды пайдаланады. Мысалы бір адам өзінің автокөлігін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің көлігіңіз ұнап тұр. Сатып алайын деп едім», – дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», – дейді сатушы. Бірақ, анау: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен Ресейде едім. Сізге барам дегенше 2-3 күн өтеді. Сондықтан, сізге 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын. Сөйтіп, мен алып кеткенше сатпай ұстап тұрсаңыз», – дейді. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған  адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәл уақыттан кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы сандарды маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі», – дейді. Негізі, интернет-банкингті пайдаланатын адамдар біледі, ол жерде түрлі операцияларды орындағанда, банк код жібереді де, астында «Ешкімге бермеңіздер» деп жазып қояды. Бірақ, бұл кісі болса келген кодты айта салып, алаяққа алданып, сан соғып қалды. Өйткені, осы код арқылы әлгі адамның интернет-банкингіне кіріп, оның есеп-шоты бойынша кез келген операцияны жасай беруге болады.» – деді Сарыағаш АПБ ЮПТ инспекторы — полиция аға лейтенанты Ж. Ешімова

Бұдан бөлек, енді төлем картасынан қолма-қол ақшаны алу үшін мобильді телефонның болғаны жеткілікті, мұнда да оған банкоматтан ақша алу үшін банктен код жіберіледі. Бұл қызмет түрі дұрыс қолданған тұтынушылар үшін өте тиімді. Алайда осы қызмет түрі бойынша да екі-үш айдың ішінде қаншама адамдар алаяқтарға алданған екен. Алаяқтар алдымен адамдардың сеніміне кіріп алады да, сосын «келген парольді айтып берсеңіз», дейді. Парольді қолына алған алаяқ оның шотындағы ақшаның бәрін өзіне аударып алады немесе қолма-қол шешіп алады.

«Интернет-дүкендермен байланысты алаяқтықтар да көп кездеседі. Ғаламторда, әлеуметтік желілерде әртүрлі заттар, киім-кешек, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да аз емес.» – деді полиция капитаны М. Елемесова

Еліміздің банктері мен байланыс операторлары алаяқтықтың жаңа түрі туралы мәлімдеме жасап отырады. Интернет алаяқтар қазір елдің ақшасын интернет-мессенджерлер арқылы үптеп кетуге тырысады екен. Қаржы жобаларын ұсынып, өзін брокермін деп таныстыратын алаяқтар да қаптап кеткен. Қазіргі кезде инвестициялық жобаларға қатысты алаяқтық жиілеген. Азаматтар жинаған ақшаларын қаржы жобаларына саламыз деп сан соғып жатады. Одан өзге әлі алмаған тауарына немесе қызметке ақша жіберіп, алданып жатады. Полиция қызметкерлері бұл бағытта жүйелі түрде кездесулер өткізіп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сақ болуға шақырады. Сондықтан, мұндай түсіндірме жұмыстарын жүргізу шаралары азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУДЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді жаңа экономикалық модельге көшіру міндеттерінің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Бұған әділ және бәсекеге қабілетті экономикалық жүйе құру, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңарту, бизнесті қолдау және инвестиция тарту кіреді. Бірнеше жыл ішінде Қазақстан біртіндеп өңдеуші өнеркәсібін дамытуға баса назар аударуда. Президент ұлттық экономиканы дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіптің маңыздылығын белгіледі. Қуатты индустриялық базаны қалыптастыру және еліміздің өңдеуші саласын үдемелі дамыту бойынша басым міндеттерді айқындап берді. Жоғары өңдеу саласын дамытуға баса назар аудару елдің сыртқы тәуекелге осалдығын азайтуға және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта әр облыста жаңа жобалар жүзеге асырылып, өңірлердің әлеуметтік – экономикалық өркендеуі оң көрсеткіштерге де қол жеткізуде.

Ал, Түркістан облысында жалпы құны 130,3 млрд теңгені құрайтын 100-ге жуық инвестициялық жоба индустриалды аймақтарда жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылым жүргізу жұмыстары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Қазіргі таңда жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Нәтижесінде 3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасып, облыс қазынасына 2,1 млрд теңге салық түсті.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлының төрағалығымен өткен мәжілісте «Turkistan» индустриалды аймақтарындағы жобалар мен олардың жүзеге асу барысы жан-жақты қаралды. Жиында әкім индустриалды аймақтарды кеңейту мен жаңадан құрылатын өндірістік алаңдарға инфрақұрылым жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

– Индустриалды аймақтар – аймақтың экономикалық қуатын арттыратын маңызды құрал. Біз әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға толық жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі, нәтижелі жүргізуді талап етемін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Аймақта инфрақұрылым жеткізу жұмыстары басты назарда тұр. Индустриалды аймақтардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті электр, су, газ және жол желілерімен қамту мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Сонымен қатар облыс әкімі индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сай келтіру қажеттігін атап өтті. Бұл – өндіріс орындарында жайлы орта қалыптастырып, инвесторларға тартымды жағдай жасауға жол ашады.

Облыс әкімінің бастамасымен «Даму» өңірлік бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында, сондай-ақ Шардара мен Арыс қалаларында жаңа индустриалды аймақтар құрылды. Қазіргі уақытта тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – әрбір аудан мен қалада өндірістік алаңдарды қамтамасыз етіп, кәсіпкерлікті дамытатын инфрақұрылым құру.

 

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов мәжіліс барысында сала бойынша атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштерді баяндады. Жобалар аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармалар арасында тығыз үйлесімде жүзеге асырылуда. Индустриалды аймақтарда жүзеге асып жатқан жобалардың көпшілігі құрылыс материалдары өндірісі, дайын металл өнімдері, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі бағыттарына бағытталған. 2024 жылы өңірлік үйлестіру кеңесі 18 инвестициялық жобаны мақұлдап, олар тиісті индустриалды аймақтарға енгізілді.

Айта кетейік, жалпы еліміз бойынша 2025 жылы шамамен 1,5 триллион теңгенің 190 индустриялық жобасын іске қосу көзделіп отыр. Бұл 22,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Басымдық берілетін салалар — металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын салалар. Сондай-ақ, жаңа жобаларды жүзеге асыру, өндірісті жергіліктендіруді ынталандыру, экспортқа бағытталған салаларды дамыту басым бағыттардың бірі болмақ. Яғни, өнеркәсіп саласындағы бизнесті ынталандыру үшін мемлекет 800 миллиард теңге бөлуді қарастырды, оның ішіне өнеркәсіп алаңдарын құру жобаларына жеңілдетілген қаржы бөлу де кіреді. Импортты алмастыру бағытында импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі қосылған құн тізбегін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Экспортты дамыту үшін сыртқы нарықтарды кеңейту және қазақстандық өндірушілерді шетелде қолдау шаралары да жүргізіліп жатыр.

ОРДАБАСЫДА ЖЫЛЫНА 14 МЫҢ ТОННА ҰН ӨНІМДЕРІН ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Ордабасы ауданы Бөржар ауылында жылына 14 мың тонна ұн өнімдерін өндіретін кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. TOO «Keruen Products» өндірістік бірлестігі макаронның 10 түрін және тез дайындалатын кеспе түрлерін шығарып, 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Жалпы 5,5 гектар аумақта орналасқан бұл өндірістік жоба іске қосылған соң жергілікті бюджеттің кіріс көлемін арттырады деп күтілуде.

Өңір экономикасына айтарлықтар әсерін тигізетін нысан құрылысымен танысу үшін аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы барып, жұмыстарға оң бағасын берді. Сондай-ақ, Азат Абдіғалиұлы Бадам ауылында бой көтеріп жатқан 250 орындық Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын қадағалады. Сонымен қатар, жауапты мамандармен бірге Ұялыжар ауылындағы Абай көшесіндегі аяқжол салу, Сәтбай Болыс көшесіндегі асфальт төсеу, Қайнар елді мекеніндегі трансформатор орнату мәселелерін зерделеді. Одан бөлек, Ынтымақ ауылындағы 200 орындық мектеп құрылысының барысын бақылап, жұмыс барысындағы бірқатар кемшіліктерге ескертулер жасап, жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада сөйлеген сөзі

Ардақты ағайын!

Қадірлі қауым!

Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз.

Өткен ғасырда Кеңес Одағына қарасты көптеген халық талай қиындықты бастан өткерді. Соның ішінде қазақ елі де зобалаң жылдардың тауқыметін тартты. Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде мал-мүлкінен айырылды. Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болды. Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланды. Мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылды. Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды.

Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері орналасты. «АЛЖИР» де – дәл сондай қасіретті жердің бірі. Мұнда жазықсыз жала жабылған 8 мыңға жуық әйел қамауда отырып шыққан. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды әйгілі тұлғалардың жұбайлары бар. АЛЖИР азабын көрген жандардың ұрпақтары қазір ортамызда отыр.

Саяси қуғын-сүргін – тек қазақ халқының басына түскен зобалаң емес. Мысалы, АЛЖИР-де алпыстан астам этнос өкілдері қамауда болды. Сондықтан сол қасіретті дәуірдің құрбаны болған, зардабын тартқан жұрттың бәрі осы нәубеттерден сабақ алуы керек. Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс. Ал қазіргі тарихи заманда бұл тек өзімізге ғана байланысты. Ұлт жылнамасындағы қаралы кезеңдерді жадымызда жаңғыртудың түпкі мәні осында.

 

Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – ата-бабалардың және кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борышымыз. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшылар мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды. Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды. Бұл – шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс. Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Мұның бәрі – зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мен ел тарихын зерделеуге белсене атсалысқан барша азаматтарға, соның ішінде Комиссия мүшелеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде марапатталады. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жиналған деректерді жүйелеп, бір ізге түсіріп жатыр. Бұл – ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс.

Төл шежіремізді мұқият зерттеуіміз және терең білуіміз қажет. Бұл – аксиома. Ұлтымыздың тарихын білмей, ең бастысы, оны терең түсінбей, қазіргі заманғы түрлі саяси үрдістер туралы дұрыс пайым жасау мүмкін емес. Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ тарихты саясаттың қолшоқпары етіп, популистік идеяларды насихаттайтын, ел ішіне іріткі салатын құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге тиіспіз. Біздің қоғамда жоғары азаматтық жауапкершілік салтанат құруға тиіс. Қуғын-сүргін мен ашаршылықтан ең көп зардап шеккен қазақ халқы болса да, бұл бұрынғы кеңес мемлекетінде өмір сүрген барлық дерлік халықтардың басына түскен қасірет. Сондықтан мұндай нәубеттер ешқашан қайталанбауы үшін одан сабақ алу өте маңызды.

 

Халқымыз ұлы дала өркениетінің бірегей мәдени кодын сақтап келеді. Соның арқасында біз ел тағдыры сынға түскен қатердің бәрін еңсеріп, әрдайым ар-намысымызды биік ұстай білдік. Жұртымыз ең қиын күндердің өзінде ынтымақ, гуманизм, бауырластық сияқты құндылықтардан ажыраған жоқ. Түрлі нәубеттен жапа шеккендердің бәріне көмек қолын созды. Сол себепті өзара қамқорлық, жауапкершілік, төзімділік сияқты қасиеттер ұлттық болмысымыздың сипатына айналды.

Тарихқа деген көзқарас қай кезде де саяси ахуалдың ықпалында кетпеуге тиіс. Бірақ өкінішке қарай, қазір бұл барлық жерде үйреншікті жағдайға айналды. Күні кеше ғана жер-көкке сыйғызбай мадақталған тарихи тұлғалар ғалым-сымақтардың қалауымен жағымсыз адамға айналып сала береді. Керісінше, бір кезде атына қара таңба басылған саяси қайраткерлер түрлі насихатшылардың арқасында танымал болып шыға келеді. Ал қуғын-сүргінді ұйымдастырушылар мен орындаушылар қаһарманға айналып кетті. Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ, олардың туыстары мен жұбайларының есімін ұмытпауымыз керек. Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі.

Қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсерді. Сондықтан, тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет. Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды. Тағы да қайталап айтамын: өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау – дұрыс, демек, біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек.

Біз стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформалар жасап жатырмыз. Үш жыл бұрын жалпыұлттық референдум өткізіп, Ата Заңымызға өзгерістер енгіздік. Сол арқылы еліміздің тұрақты дамуына мызғымас негіз қаладық. Мемлекеттің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртып, Парламенттің құзыретін кеңейттік, Үкіметтің жауапкершілігін күшейттік. Конституциялық Сот құрылды. Азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір артты. Ауыл және аудан әкімдері тікелей сайланатын болды. Бұл қадам қоғамның билікке деген сенімін нығайта түсті. Заң мен тәртіп үстемдігін орнықтыру, әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі реформалар жүзеге асырылды. Осы бағытта Парламент тиісті заңдар қабылдады. Бұл – елімізді жан-жақты жаңғыртуды көздейтін ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Алдымызда қыруар шаруа күтіп тұр. Шын мәнінде реформалардың нәтижесіне ұлтымыздың сана сезімі, тіпті болмысы өзгере бастады.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы – соның айқын дәлелі, халық бұл ұзақмерзімді стратегияны жаппай қолдады. Біз қазір бір ел болып Әділетті мемлекет пен берекелі қоғам құрып жатырмыз. Осы ортақ іске азаматтарымыз белсене қатысуда. Халқымыздың реформаларға деген сенімі зор. Себебі жұртымыз – жасампаз әрі жаңашыл.

Елімізде жаңа саяси және сайлау мәдениеті орнығып келеді. Қоғамда әр алуан пікір болса да, тұтас елдің мақсат-мұраты – бір. Жұртшылық масыл болу, орынсыз сын айтып, мін тағу секілді теріс қасиеттерден жирене бастады. Біз еңбекқор, білімпаз және озық ұлт болуға ұмтылған елміз. «Заң және тәртіп» мемлекетіміздің басты бағдарына айналуда. Елімізде саналы, сапалы қоғам қалыптасуда. Жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты да – осы. Бұл тарихи мағынасы бар жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Біз ұлттық болмысымызды бекемдеп, ынтымақ-бірлігімізді нығайта береміз.

 

Қадірлі қауым!

 

Бүгінгі жиынға жастар да қатысып отыр. Сіздерге айтарым: төл тарихымызды терең білу өте қажет. Бірақ бұл тек өткен күнмен өмір сүру деген сөз емес. Әрбір жас келешекке айқын көзқараспен қарап, нық қадам басуы керек. Қазіргі заман өте күрделі, бұрын болмаған үрдістер пайда болып жатыр. Жасанды интеллектінің бүкіл қоғамдық дамуға қандай ықпалы болмақ екені әлі толығымен зерттелмеген. Адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер аз болмайды. Сондықтан ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болуы керек. Абайша айтқанда, «ғылым таппай мақтанбауы» қажет. Егемен ел болудың қадір-қасиетін түсініп, тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек. Сонда біздің мемлекеттілігіміз – мығым, болашағымыз – баянды болары хақ. Мен отаншыл ұл-қыздарымыздың жасампаз күш-жігеріне сенемін. Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Баршаңызға рақмет!

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – БАРШАҒА ОРТАҚ

Түркістан облысы, Жетісай ауданының білім бөліміне қарасты мектептерінде  «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында «Заң және Тәртіп» құндылығы тақырыбында сынып сағаттары өткізілді. Мақсаты: құқықтық тәртіп ұғымдарын түсіндіру. Жауапкершіліктің, әділдіктің, адалдықтың, құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді арттыру, қоғамдағы құрметтің маңыздылығын талқылау. Бірыңғай сабақтарда құқықбұзушылықпен күресу және тәртіпті сақтаудағы жастардың өзіндік бағдарын анықтауына жол көрсететін тәлім-тәрбие беру жоспарлары жүзеге асырылды. Яғни, құндылықтарды талқылау: Жауапкершілік: Өз ісіне есеп берудің маңыздылығы. Әділдік: Барлығына бірдей әділдікпен қарау. Адалдық: Іс-әрекетте шыншыл және ашық болу. Құрмет:Басқаларды және олардың құқықтарын бағалау.

Осындай іс-шараның бірі Жетісай аудандық білім бөліміне қарасты Максим Горький атындағы 1-ші мектеп гимназиясында ұйымдастырылды. Тәрбие бағдарламасын іске асыру бойынша эссе жазу байқауы 1-4, 5-9, 10-11-ші сыныптарда ережеге сәйкес жүзеге асырылды.

« – Әділетті қоғамды қалыптасыру тәрбиеден бастау алады. Келешек ұрпақтың санасына жауапкершілік пен адалдықтың ұғымын сіңіру арқылы, оларды құқық бұзушылықтардан аулақ болуға үндейміз. “Заң және тәртіп”бағытында: сен қоғамдық тәртіп орнатуға қандай үлес қоса аласың? Заң мен тәртіп сақтау үшін не істеу керек? Заңды орнату қоғамның дамуына қалай әсер етеді?, деген сауалдар қойып, шәкірттердің ой-пікірлерін білеміз. Сондай-ақ, сен үшін адал азамат деген кім?, қоғамның дамуына адалдық қалай әсер етеді?, ар-ождан мен намыс адалдыққа қалай әсер етеді тақырыбында эсселер жаздырдық. Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Сәуле Нүрденованың сабақ беретін сынып оқушылары осы байқауда ерекшеленіп жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда Бақбергенқызы Нұрай-10″д”сынып оқушысы, Қошанбаева К.-9″ә”, Мұратбек Кәусар.Асилхан, Ажар-9″ә”, Абдизакир Айдана-9″ә”сыныбы, Умирзакова Жасмина,Нұржау Сағи,Орынбек Адема-9″д”, Бейсенбек Алтынай,Асанхан Кәусар,Сәрсенбек Сабина-9″е. Сол сияқты қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Ақжарқынның шәкірттері де сыни тұрғыдан ойлау,жазу сауаттылығын басшылыққа ала отырып жүлдегер атанды: Тұрсынбек Балжан.Есен Кәмшат-9″а”сынып, Медет Балауса мен Махамадова Гүлнара 9″б”, Алтай Айару-10″а”сынып оқушысы. Ал қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Айнұр Мұратбеваның оқушылары да бұл байқауда “Жүзден жүйрік “атанды. Олар Холбай Ализат пен Кабулов Султан.» – деді директордың оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Ахметқызы Абилдаева.

Жалпы, қылмыс деген ұсақ құқық бұзушылық пен ортақ тәртіпке бағынбаудан бастау алады.Бүгінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен оларға қатысты жасалатын қылмыстардың көбі ата-ананың перзенттерін қадағалаусыз қалдыруы салдарынан орын алып жатады. Ата-ана бақылауынан тыс қалған бала зиянды әдеттерге әуестеніп, тәртіп бұзуға бейім келеді. Бұл жағдайға рухани қажеттілікті естен шығарып, перзенттерінің болашағын материалдық қажеттіліктермен ғана бағамдайтын кейбір ата-аналар кінәлі екені жасырын емес. Міне, осындай олқылықтардың алдын алу бағыты бойынша Жетісай ауданында оңтайлы жоспарлар жасалып, бүгінде өз нәтижесін беріп жатыр.

Жетісай аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ювиналды полиция тобының инспекторлары мен Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлерінің, Жетісай ауданының Адами әлеуетті дамыту бөлімінің қызметкерлері, оған қарасты жалпы орта мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен ұстаздарының қатысуымен бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес түнгі профилактикалық рейдтік шаралар да ұйымдастырылуда. Кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, түнгі уақыттарда ата-анасынсыз үй-жайынан тыс жерлерде – компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда болуларына тыйым салу, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналарды анықтап, тиісті шаралар көру мақсатындағы кезекті рейдтік шара барысында жеке кәсіпкерлерге түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңды өкілдерінсіз кіргізбеу керектігін ескертіп, оларға мүлдем темекі бұйымдары мен спиртті ішімдіктерді сатуға болмайтындығы, сонымен қатар, елдегі карантиндік ахуалға байланысты енгізілген шектеулер жайында түсіндіру жұмыстары да ұдайы жүргізілуде.

Бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілген әр түнгі рейдтік шара барысында, үй-жайынан тыс жерлерде заңды өкілдерінсіз жүрген жасөспірімдер аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіліп, олардың заңды өкілдеріне хаттамалар толтырылдады. Түсініктемелер алынып, ҚР ӘҚтК-нің 442 бабының 2 тармағына сәйкес жұмыстар жүргізіледі. Айта кетейік, тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 442 баптың 1 бөлігінде қаралып ата-анасына 3 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын ескертеді.  Ал, ойынхана иесіне кәмелетке толмаған тұлғаларды кіргізгені үшін 132 бабының 1 бөлігімен 10 АЕК-тен 120 АЕК-ге дейін айыппұл салынатын болады, дейді полицейлер. Сондықтан Жетісайдың тәртіп сақшылары азаматтарды құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.