Балық шаруашылығы – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыты (4-бөлім)

Балық шаруашылығын дамыту тек экономикалық пайда үшін ғана емес, табиғи экожүйені сақтаумен қатар жүруі қажет. Су көздерін қорғау, заңсыз балық аулауға жол бермеу, орман-тоғай, су айдындарын таза ұстау – баршаға ортақ міндет. Табиғатқа ұқыпты қарау балық қорының үздіксіз молаюына тікелей әсер етеді. Қорытындылай келе, балық шаруашылығы – өңірдің аграрлық әлеуетін арттыратын, халықтың әл-ауқатын жақсартатын, өңір экономикасына тың серпін беретін стратегиялық маңызды сала. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, қолдау шараларын күшейту арқылы өңірлердің дамуына зор үлес қосуға болады.

Биыл жалпы елімізде 12 мың тоннадан астам балық өсірілді. Балық шаруашылығы – экономикалық өсудің жоғары әлеуеті ретінде агроөнеркәсіптің маңызды салаларының бірі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2021–2030 жылдарға арналған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі индикаторлары: 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін жылына 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін арттыру; ішкі тұтынуды жылына 67 мың тоннадан 134 мың тоннаға дейін ұлғайту; балық ресурстарының табиғи популяциясын 7%-ға арттыру. Бұл жайлы ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтқан болатын.

Оның хабарлауынша, ағымдағы жылдың 11 айында балық өнімдері нарығының көлемі 76,8 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артық.

«Осы кезеңде 38,5 мың тонна балық ауланды, 12,2 мың тонна балық өсірілді. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Сонымен қатар ағымдағы жылы экспорт 7%-ға төмендеп, 12,7 мың тоннаны құрады, ал импорт 5%-ға өсіп, 38,8 мың тоннаға жетті», – деді ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов.

Халықтың жан басына шаққандағы балық тұтынуы 4 келіден 5 келіге өсті, алайда ұсынылатын көлем 14,5 келі болып белгіленген. Кәсіптік балық аулау негізінен Түркістан, Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізіледі. Балық аулаумен 700-ден астам балық шаруашылығы субъектілері айналысады, онда шамамен 12 мың балықшы еңбек етеді.

Елімізде 20 халықаралық және республикалық маңызы бар су айдыны тіркелген. Олар 366 учаскеге бөлінген, оның ішіндегі 271 учаске немесе 75%-ы 139 пайдаланушыға бекітілген. 95 учаске бос тұр. Жергілікті маңызы бар 2997 су айдынының 1578-і 1163 пайдаланушыға бекітілген. Резервтік қорда 1419 су айдыны бар. 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін балық аулауға 63 мың тонна көлемінде квота бөлінді, оның 38,5 мың тоннасы игерілді.

Балықты жылына жалпы қуаты 120 мың тонна болатын 72 кәсіпорын өңдейді, олардың 20-сы ЕО елдеріне балық өнімдерін экспорттауға құқылы. Балықтың 50 түрі әлемнің 21 еліне, яғни Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей, Қытай және тағы басқа мемлекеттерге экспортталады. Жалпы, 2025 жылдың 10 айында балық өңдеу кәсіпорындары 45 мың тоннаға жуық ысталған, мұздатылған дайын өнім өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 мың тоннаға артық.

Ал, қайта өңделген өнім көлемін ұлғайту мақсатында елімізде мынадай шаралар көзделген: олар, балықты өңдеумен айналысатын субъектілер үшін ҚҚС-ты 70%-ға төмендету және қайта өңдеушілер үшін айналым қаражатын толықтыруға 5% жеңілдікпен несие беру. Сондай-ақ, өндірістік қуаттарды жүктеу мақсатында өңделмеген балықты экспорттауға жарты жылға тыйым салынды.

Түркістан облысында «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» шеңберінде тауарлы балық өсіру көлемін арттыруға нақты жоспарлар қабылданды. Мұндай жұмыстар ауыл шаруашылығы саласының жаңа бағыты ретінде қарқынды дамып келеді. 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 000 тоннаға жеткізу жоспарлануда. Өткен жылы облыс көлемінде 7 000 тонна балық өндіріліп, бұл жоспар толық орындалған.  Бұл көрсеткіш — өңірдің құнарлы су ресурстарын тиімді қолдана отырып, балық шаруашылығын тұрақты дамытып отырғанының белгісі.Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер саны да едәуір өскен. 2025 жылғы мәлімет бойынша Түркістан облысында тауарлы балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлер саны 231-ге жетті.

Бұл көрсеткіш соңғы жылдардағы инвестиция мен мемлекеттің қолдау бағдарламаларының нәтижесі. Қолдау шеңберінде кәсіпкерлерге субсидиялар беріліп, жаңа шаруашылықтар ашылуда. Өңірдегі жасанды көлдерде балық өсірудің негізгі өндірістік базасын қалыптастырады.Осы су айдындарында түрлі балық түрлері өсірілуде, мысалы, көмеш балық, карась, шортан, аҡ балығы және басқа да түрлер шығарылуда. Бір ғана ірі шаруашылықта күз айларында 50–60 тоннадай өнім алынатын жағдайлар бар. Елімізде балық шаруашылығы жалпы өсім тенденциясын көрсетуде. Өткен жылы жылы Қазақстанда жалпы 18 200 тонна балық өсірілген, оның ішінде Түркістан облысының үлесі шамамен 4 400 тонна — бұл республикадағы ең ірі көрсеткіштердің бірі. Бұл облыстың аталған салада көш бастап тұрған аймақтардың бірі екенін көрсетеді.

Балық шаруашылығын дамыту — ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілетті бөлігін қалыптастыруға, тұрғындардың табысын арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған маңызды қадам. Талдау көрсеткендей, өңір балық өсіруден басқа аймақтарға үлгі болатындай нәтижелерге қол жеткізіп отыр.

Балық шаруашылығы – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыты (3-бөлім)

Ордабасы ауданы да осындай жобаларды жүзеге асырудан кенде қалып отырған жоқ. Шұбар ауылының іргесіндегі «Арыс» өзенінің жағасында жұмыс істей бастаған «АҚ ОРДА Б» ЖК-нің өңірде балық өсіру шаруашылығы өркендеп келеді. Жалпы аумағы 4,5 гектар. Оның ішінде 1,3 га жерге тоған қазылып, 20 мың сазан шабағы жіберілген. Жоба құны – 20 млн теңге. Жылына 60 мың тонна сазан шабақтарын өсіріп отырған шұбарлық кәсіпкер Бақытжан Бекбосынов аталған кәсіпке ден қойған. Келесі жылдан бастап өз өнімін нарыққа шығаратын ол жергілікті үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, тәжірибелік тұрғыда және өзге де бағыттарда кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан тиісті деңгейде көмектер ұйымдастырылуда. Бүгінде кәсіпкер тағы 3,0 га жерге тоған қазуды жоспарлауда. Айта кетсек, қазіргі таңда Ордабасы ауданында балық өсіру саласы кең өріс алып келе жатыр.

Келесі кезекте, Келес ауданындағы балық шаруашылығы жайында айта кеткен жөн.Ауданның климаттық жағдайы балық шаруашылығына қолайлы. Бүгінде тұрғындар жаңа технологияларды қолдану арқылы балық өсіру саласында белсенділік танытуда. Ақтөбе ауылдық округіндегі «Бозсу» шаруақожалығы 4,8 гектар аумаққа балық өсіріп, дайын өнімді ішкі нарыққа шығарып жатыр.

«— Бүгінде балықтың аққайран және сазан түрін өсірудеміз. Шабақты Өзбекстаннан және көрші Сарыағаш ауданынан алдық. Жалпы 1 млн дана балық уылдырығын тастадық. Балық салмағы 150 грамм болғанда шаруаларға саудаладық,»– дейді шаруақожалық басшысы.

Айта кетейік, Келес ауданында балық өсірумен айналысатын кәсіпорындар мен фермерлік шаруашылықтар қатары артып, бұл жергілікті экономиканың дамуында маңызды рөл атқаруда. Оған қоса, жергілікті су айдындарында биологиялық теңгерімді сақтау үшін арнайы шаралар қолға алынған. Алдағы уақытта Келес ауданында балық шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында инвестициялар тартылып, заманауи технологияларды қолдану көзделуде.

Бұл бағыттағы тағы бір ауқымды жобалардың бірін айтар болсақ, Түркістан қаласында заманауи балық шаруашылығы кластері құрылады. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Өзбекстан Республикасынан келген инвесторлармен кездесіп, оның нәтижесінде әуежай жанындағы жағажайда заманауи балық шаруашылығы кластерін дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысын талқылаған болатын. Қала әкімі инвесторлармен бірге жобаның жоспарланған аумағына арнайы барып, ондағы инфрақұрылымдық және инвестициялық мүмкіндіктерді де таныстырған.

Аталған жобаға Өзбекстандық инвесторлар тарапынан 5 миллион АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын кешеннің 70 гектары — су қоймаларына, 10 гектары — интенсивті бассейндерге, ал қалған 20 гектары — әкімшілік және өндірістік нысандар мен туристік инфрақұрылымға арналмақ.

Жоба шеңберінде инкубациялық құрылғылар, балық өсіруге арналған интенсивті су айдындары, шабақ және балапан балық өсіретін шаруашылықтар құрылып, сонымен қатар 200 орынға арналған заманауи қонақүй мен мейрамхана салу жоспарлануда. Жоба толық іске қосылған кезде жылына 1000 тонна балық, 50 миллион дана шабақ және 400 мың балапан балық өсіріледі деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру алты кезеңнен тұрады. Толық іске қосылу мерзімі — 2 жыл. Сонымен қатар, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі таңда тараптар арасында өзара ынтымақтастықты бекітуге бағытталған құжаттар дайындалып жатыр. Жоба аясында инвестициялық меморандум жобасы да қаралуда.

Жалпы Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту үшін келесі бағыттарға баса назар аудару маңызды. Яғни су қоймаларын тиімді пайдалану және молайту жұмыстары және балық түрлерін көбейту, сапалы тұқыммен қамтамасыз ету. Одан бөлек заманауи технологияларды енгізу қазіргі заман талабы болып тұр. Ал жергілікті билік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау, жеңілдетілген несие мен инфрақұрылымдық көмек әрқашан көрсетіледі. Кәсіпкерлердің басты міндеті заңды талаптарды сақтап, табиғи тепе-теңдікті бұзбай дамыту болып табылады.

Балық шаруашылығы – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыты (2 – бөлім)

Бұл бағытта Мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалып жатқан қолдаулардың тиімділігі айқын көрініс табады. Кәсіпкер алдағы уақытта балық асырау бассейндерінің аумағын ұлғайтып, мемлекеттен жеңілдетілген несие алуға ниетті екенін жеткізді. Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданда балық өсіруді кәсіп еткендердің саны 10-ға жеткен.

Сондай-ақ, аталған аудандағы Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық деп аталатын шағын ғана ауылда орналасқан «Димаш» шаруа қожалығының төрағасы Сүндет Аблаев жеке қаржысы есебінен 20 млн теңге инвестиция салып, дөңмаңдай (толстолоб), амур, сазан сынды балық түрлерінің 1 млн 300 мың дана шабағын алып келген. Бүгінде ұзындығы 250 метр, ені 180 метрден 3 су бассейнінде өндіріп, өсіріріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 1,5 келі. Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады екен. Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар дейді мамандар. Сонымен қатар, су бассейндерінде үйректердің де бірнеше түрі өсірілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған болатын. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізіп келеді. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. Мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған өңірдің балық тауарын өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып келеді.

Жалпы, Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің саны жыл санап артып келеді. Өңір жасанды көлдерде балық өсіру бойынша көш бастап тұр. Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Оның ішінде 82-сі жергілікті маңызды су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 231 кәсіпкерлік субъектісі айналысады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы жұмысшы топ та құрылған болатын. Осы ретте жұмысшы топ өкілдері Отырар, Ордабасы, Созақ, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандарына арнайы барып, балық шаруашылығымен айналысатын және айналысуға ниетті кәсіпкерлермен кездесіп, шаруаларға мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар мен жеңілдіктер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту саласының әлеуеті жоғары. Акваөсіру бойынша өткен жылы жергілікті бюджеттен 500,0 млн теңге бөлініп, 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, толығымен игерілді. Биыл акваөсіру бойынша 500,0 млн теңге, инвестициялық салымдарды субсидиялауға 120,5 млн теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Өзіндік табиғатымен ерекшеленетін Қазығұрт ауданында да балық өсіру кәсібі өркендеп келеді. Аталған аймақта, Сарапхана ауылдық округінде орналасқан жеке кәсіпкер Мықтыбек Меңлібековтың 1 гектар жерді қамтитын балық өсіру шаруашылығы бар. Мұнда майшабақ, сазан, алабұға, бекіре, жайын, табан, жалпақ, тұқы, шортан және көксерке сияқты балық түрлері өсірілуде. Жобаның жалпы құны — 10 млн теңге. Қазіргі таңда мұнда 1 адам жұмыс істейді. Жылдық өндіріс қуаттылығы — 1 тонна.

Одан бөлек, Қарабау ауыл округіндегі 3 гектар аумақта орналасқан, жалпы құны 50 млн теңге болатын “Ақсылбат-Құс” ЖШС-нің балық өсіру жобасы жұмысын атқарып жатыр. Болашақта бұл шаруашылық қосымша 5 гектар аумақты игеруді көздеп отыр. Кәсіпорын жылына 100 тоннаға дейін балық өсіруді жоспарлауда. Сонымен қатар, Қызылқия ауыл округіндегі ең ірі жобалардың бірі — “KAZYQURT BALYQ” ЖШС. Жалпы құны 250 млн теңге болатын бұл жоба толық іске қосылғанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы — 1000 тонна балық өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, балық өнімдерін қайта өңдеу бағыты да қолға алынбақ. Қазіргі таңда инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, сазан балығының шабақтарын алу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, «Ағанай» балық шаруашылығы қазіргі таңда балық өсіру ісін дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіп жатыр.

Балық шаруашылығы – Қазығұрт аудан үшін де экономикалық тұрғыдан тиімді сала болып саналады. Себебі ол тек қана сапалы өнім өндірумен шектелмейді, қазіргі таңда бұл шаруашылық жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан жергілікті билік өңір кәсіпкерлеріне балық шаруашылығын одан әрі дамыту қажеттігін айтып, бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға шақырып келеді. Сондай-ақ, шаруашылық басшылықтарына өнім түрлерін көбейту, нарыққа шығару әлеуетін арттыру және экспортқа бейімделу бойынша нақты ұсыныстар берілген. Сонымен бірге, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобаларды іске асыруға аудан әкімдігі тарапынан әрқашан қолдау көрсетіледі.

Балық шаруашылығы – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыты

Балық шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ерекше мәні бар салаларының бірі. Ол тек халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге үлкен үлес қосады. Сол себепті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде балық шаруашылығын жүйелі түрде дамыту – уақыт талабы.

Балық шаруашылығының дамуы өңір үшін маңызы бағыттардың бірі. Біріншіден, балық шаруашылығы – экономикалық табыс көзі. Өзен-көлдер мен жасанды тоғандарды тиімді пайдалану арқылы жергілікті бюджетке түсетін кіріс көлемін арттыруға болады. Сонымен қатар, бұл сала жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл халқының табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Көптеген ауылды жерлер үшін балық өсіру шаруашылығы тұрақты табыс көзіне айнала алады. Балық өнімдері – денсаулыққа пайдалы, сұранысы жоғары тағам түрі. Демек, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етумен қатар, экспорт әлеуетін арттыруға да жол ашылады.

Бұл бағытта Түркістан облысында көптеген жобалар іске асырылып, балық шаруашылығына ден қойған кәсіпкерлердің саны артып келеді. Өңірдің аудан-қалаларында аталған кәсіп түрі қарқын алды. Солардың бірі Төлеби ауданы Киелітас ауылдық округінде орналасқан «Fish House» ЖШС. Жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров балық шабақтары жіберілген арнайы бассейндерінде балықтың сазан және форель түрлерін уылдырық арқылы көбейтіп, арнайы жасалған тоғандарда бекіре балығын өсіруді қолға алған. Шаруашылыққа тартылған инвестиция құны – 500 млн теңге. Арнайы жасалған бассейндерге 15 тонна сазан шабағы, 60 тонна форель, 3 тонна бекіре тұқымдас балықтар жіберілген.

Мұнда бүгінде 50-ге жуық ауыл тұрғыны уақытша жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Сонымен қатар қожалық иесінің жеке қаржысы есебінен жол бойына заманауи балалар ойын алаңшасын салып, халыққа пайдалануға берілген. Кәсіпкердің айтуынша, форель балығы салқын кезде арнайы орында өсіріліп, күз мезгілінде ашық бассейнге жіберіледі. Сондай-ақ, ол ауданға келуші туристерге балықтың бірнеше түрін ұсынып, этно стильде дәмхана ғимаратының құрылысын жүргізетінін жеткізді. Бүгінде тоған айналасына ерекше жеміс ағаштарын егіп, абаттандыру жұмыстары да қолға алынған.

Жалпы, Төлебиліктер көбіне форель шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр. Бүгінгі таңда, аудан аумағында осы кәсіпті қолға алған кәсіпкерлер саны 16-ға жетті. Мәселен, былтыр 4 кәсіпкер өз қаржысымен балық шаруашылығын ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Солардың бірі – «Сарсенов Сакен» ЖШС. Киелітас ауылдық округінде 0,14 га жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап, 1500 дана сазан, 500 дана ақ амур және 5000 дана дөңмаңдай балықтарын өсіруде. Кәсіпкер балық шаруашылығынан бөлек демалыс аймағының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Исмаил Абдуллаев иелігіндегі 0,20 га жерге арнайы тоған жасап, 4000 дана сазан және 6000 дана тұқы балығын өндіруде.

Таулы аймақ кәсіпкерлері де балықтың суық суға төзімді форель түрін өсіруді қолға алды. Жеке кәсіпкерлер Жұмағали Қияқов, Олжас Сұлтанқұлов Қаратөбе ауылдық округіндегі жерлеріне 3000 дана және 10 мың дана форель балықтарын өсіріп жатыр. Қызыл балық тұқымдастарға жататын оның бәсі биік, нарықта сұраныс жоғары. Кәсіпкерлер форель шабағын алдырып, арнайы қоректендіреді. Шаруашылық басшылары форельмен алғаш рет айналысып отырса да, әзірге ұсақ шабақтарды өсіруде күрделі мәселе туындамағанын айтады. Одан бөлек, «Шымкентбалық» ЖШС Бірінші Мамыр ауылдық округінде орналасқан 2 га жерде жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап, форель балықтарын өсіріп, жылына 300 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Жетісай ауданында да тауарлы балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылық білдірушілердің саны артып келеді. Соның бірі – Атамекен ауылдық округінің тұрғыны Айман Базарова. Жеке кәсіпкер биылғы жылдың мамыр айында өз қаржысына балықтың дөңмаңдай, амур, сазан сынды түрлерінің 30 мың дана шабағын Шардара ауданынан алып келген. Бүгінде аумағы 3 гектар, тереңдігі 2 метрді құрайтын тоғандарда өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 6 айда 1 келіге жеткен. Саудаға шығарылуы жоспарланған балықтарға қазірдің өзінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан сұраныс бар.