Балық шаруашылығы – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыты (2 – бөлім)

Бұл бағытта Мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалып жатқан қолдаулардың тиімділігі айқын көрініс табады. Кәсіпкер алдағы уақытта балық асырау бассейндерінің аумағын ұлғайтып, мемлекеттен жеңілдетілген несие алуға ниетті екенін жеткізді. Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданда балық өсіруді кәсіп еткендердің саны 10-ға жеткен.

Сондай-ақ, аталған аудандағы Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық деп аталатын шағын ғана ауылда орналасқан «Димаш» шаруа қожалығының төрағасы Сүндет Аблаев жеке қаржысы есебінен 20 млн теңге инвестиция салып, дөңмаңдай (толстолоб), амур, сазан сынды балық түрлерінің 1 млн 300 мың дана шабағын алып келген. Бүгінде ұзындығы 250 метр, ені 180 метрден 3 су бассейнінде өндіріп, өсіріріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 1,5 келі. Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады екен. Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар дейді мамандар. Сонымен қатар, су бассейндерінде үйректердің де бірнеше түрі өсірілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған болатын. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізіп келеді. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. Мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған өңірдің балық тауарын өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып келеді.

Жалпы, Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің саны жыл санап артып келеді. Өңір жасанды көлдерде балық өсіру бойынша көш бастап тұр. Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Оның ішінде 82-сі жергілікті маңызды су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 231 кәсіпкерлік субъектісі айналысады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы жұмысшы топ та құрылған болатын. Осы ретте жұмысшы топ өкілдері Отырар, Ордабасы, Созақ, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандарына арнайы барып, балық шаруашылығымен айналысатын және айналысуға ниетті кәсіпкерлермен кездесіп, шаруаларға мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар мен жеңілдіктер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту саласының әлеуеті жоғары. Акваөсіру бойынша өткен жылы жергілікті бюджеттен 500,0 млн теңге бөлініп, 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, толығымен игерілді. Биыл акваөсіру бойынша 500,0 млн теңге, инвестициялық салымдарды субсидиялауға 120,5 млн теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Өзіндік табиғатымен ерекшеленетін Қазығұрт ауданында да балық өсіру кәсібі өркендеп келеді. Аталған аймақта, Сарапхана ауылдық округінде орналасқан жеке кәсіпкер Мықтыбек Меңлібековтың 1 гектар жерді қамтитын балық өсіру шаруашылығы бар. Мұнда майшабақ, сазан, алабұға, бекіре, жайын, табан, жалпақ, тұқы, шортан және көксерке сияқты балық түрлері өсірілуде. Жобаның жалпы құны — 10 млн теңге. Қазіргі таңда мұнда 1 адам жұмыс істейді. Жылдық өндіріс қуаттылығы — 1 тонна.

Одан бөлек, Қарабау ауыл округіндегі 3 гектар аумақта орналасқан, жалпы құны 50 млн теңге болатын “Ақсылбат-Құс” ЖШС-нің балық өсіру жобасы жұмысын атқарып жатыр. Болашақта бұл шаруашылық қосымша 5 гектар аумақты игеруді көздеп отыр. Кәсіпорын жылына 100 тоннаға дейін балық өсіруді жоспарлауда. Сонымен қатар, Қызылқия ауыл округіндегі ең ірі жобалардың бірі — “KAZYQURT BALYQ” ЖШС. Жалпы құны 250 млн теңге болатын бұл жоба толық іске қосылғанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы — 1000 тонна балық өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, балық өнімдерін қайта өңдеу бағыты да қолға алынбақ. Қазіргі таңда инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, сазан балығының шабақтарын алу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, «Ағанай» балық шаруашылығы қазіргі таңда балық өсіру ісін дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіп жатыр.

Балық шаруашылығы – Қазығұрт аудан үшін де экономикалық тұрғыдан тиімді сала болып саналады. Себебі ол тек қана сапалы өнім өндірумен шектелмейді, қазіргі таңда бұл шаруашылық жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан жергілікті билік өңір кәсіпкерлеріне балық шаруашылығын одан әрі дамыту қажеттігін айтып, бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға шақырып келеді. Сондай-ақ, шаруашылық басшылықтарына өнім түрлерін көбейту, нарыққа шығару әлеуетін арттыру және экспортқа бейімделу бойынша нақты ұсыныстар берілген. Сонымен бірге, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл шаруашылығы саласында жаңа жобаларды іске асыруға аудан әкімдігі тарапынан әрқашан қолдау көрсетіледі.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*