Студенттер Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында кәсіби тәжірибеден өтті

Ақсу–Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында студенттер үшін ұйымдастырылған кәсіби тәжірибе жұмыстары табысты өтті. Бұл тәжірибе жас мамандардың теориялық білімдерін нақты табиғи ортада қолданып, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік берді. Нақтырақ айтар болсақ, Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің  «Қонақ үй» мамандығы бойынша 2-курс топ студенттері бөлімше қызметінің бағыты бойынша бизнес-жоспар құру мен оны орындау дағдыларын қалыптастыру және экологиялық туризмнің басымдылықтарымен танысу мақсатында тәжірбие алмасты.

Қазақстандағы ең көне қорықтардың бірі саналатын Ақсу–Жабағылы табиғи байлығы мол, биологиялық алуантүрлілігі жоғары аймақ. Осындай құнды табиғи мекенде тәжірибеден өту студенттер үшін ерекше мектеп болды. Қорық қызметкерлері жастарға қорықтың құрылу тарихы, қорғалатын аумақтың ерекшелігі, ондағы жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы кеңінен түсіндіріп, ғылыми-танымдық ақпараттармен бөлісті.

Тәжірибе барысында студенттер табиғатты қорғау жұмыстарына қатысып, экожүйенің сақталу маңызын түсінді. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін бақылау, дерек жинау, талдау жасау әдістерін де меңгерді. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу бағытындағы бастапқы жұмыстарды тәжірибеде көріп, практикалық дағдыларын арттырып, экологиялық мәдениет пен табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдысын нығайтты.

Сонымен қатар жастар қорықтың ерекше қорғалатын аумақ ретіндегі мәртебесімен, табиғатты қорғау жөніндегі заң талаптарымен танысты. Әсіресе қызыл кітапқа енген сирек жануарлар мен өсімдіктерді сақтау мәселесінің маңызына ерекше көңіл бөлінді. Табиғат аясында жүргізілген тәжірибелік сабақтар студенттердің қызығушылығын арттырып, таңдаған мамандықтарына деген сенімін күшейтті.

Сондай-ақ студенттер экотуризм саласында бизнес–жоспар жасау және  табысты жобаның негізгі қадамдарын меңгеру бойынша да дәрістер алды. Табиғатты сақтай отырып, туристерге сапалы демалыс ұсыну – қазіргі заман талабы. Бұл сала бір жағынан табыс әкелсе, екінші жағынан табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, экологиялық мәдениетті нығайтуға үлкен үлес қосады. Сондықтан болашақ мамандарға экотуризм саласында кәсіп ашамын деген кәсіпкерлер үшін ең бірінші қажет құжат – нақты әрі жүйелі бизнес–жоспар екені айтылды.

«- Бизнес–жоспар – кез келген жобаның жол картасы. Ол кәсіптің мақсаттарын айқындап, қаржылық есеп жүргізуге, тәуекелдерді анықтауға және жобаның тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Экотуризм саласында бизнес–жоспар, бұл табиғи аумақтарды тиімді пайдалануды жоспарлау және инфрақұрылымды дұрыс орналастыру. Туристік ағынды болжау мен экологиялық талаптарды сақтау және инвесторлар мен мемлекеттік қолдауды игере білу де маңызды. Экотуризм бойынша бизнес–жоспар жасаудың алғашқы қадамы – нарықты зерттеу. Ол үшін бірінші аймақтағы экотуризм нысандарын талдау қажет және оған келушілер санын білу маңызды. Сондай-ақ бәсекелестікті ұмытпаған жөн.  Жалпы келушілерді не қызықтырады деген сауал арқылы туристердің қажеттілігін анықтау, ішкі және сыртқы туризмнің сұранысын бағалау қажет.

Экотуризм бизнесі әртүрлі бағытта дамуы мүмкін. Бизнес–жоспарда жоба форматы анық көрсетілуі керек. Мысалы: экологиялық демалыс базасы; эко–лагерь, глэмпинг немесе этноауыл; тау–серуен бағыты; ұлттық парк аумағындағы экскурсиялық қызмет; экологиялық білім беру орталығы болуы мүмкін. Экобизнес үшін ең маңызды фактор – табиғи орта. Сондықтан жер таңдағанда табиғи объектілердің тартымдылығы мен қолжетімділік айқындап алыңыздар.Сонымен қатар бұл бағытта кәсіп бастау үшін табиғатты қорғау нормаларын қатаң сақтау қажет. Бұл талаптарды сақтау – жобаның заңдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Экотуризмдегі табыстың негізгі бөлігі турист санымен байланысты. Сондықтан маркетингтік жоспар міндетті түрде болуы керек.Экотуризм саласында бизнес–жоспар құру жауапкершілікті, кәсіби талдау мен жүйелі жоспарлауды талап етеді. Бұл бағыт – болашақтың экономикасы. Табиғатты қорғап, халыққа пайдалы, экологияны сақтайтын бизнес жүргізу – бүгінгі уақыт талабы.» – деді дәріс берушілер.

 

Негізі практика – студенттердің теориялық білімін нақты өмірмен ұштастыратын маңызды кезең. Өндірістік және оқу тәжірибесі барысында студенттер алған білімдерін іс жүзінде қолданып, өз мамандығының жауапкершілігін терең түсінді.Сонымен қатар ұжыммен жұмыс істеу, уақытты тиімді пайдалану, тапсырманы дер кезінде орындау, жауапкершілік пен тәртіп сияқты маңызды қабілеттерді дамытты. Бұл бастама студенттердің тәжірибе жинақтауына, кәсіби шеберлігін арттыруына, болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етті. Ең бастысы – олар өз саласына деген қызығушылығын күшейтіп, таңдаған мамандықтарына деген сенімін нығайтты.

Ақсу–Жабағылы қорығында өткен бұл кәсіби тәжірибе студенттердің білімін толықтырып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтті, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырды. Мұндай мүмкіндік болашақ мамандардың білікті, білімді және экологиялық жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына үлкен серпін берері сөзсіз.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*